Алматыда Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты жеке концерті өтті - Шалқар газеті
banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 24 сентября, 2022 | қосқан shalqar | 200 рет оқылды

0

Алматыда Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты жеке концерті өтті

Ерекше дауысымен әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайберген кеше ғана Алматы қаласында алғаш рет жеке концерт берді, — деп хабарлайды халықаралық Shalqar.kz порталы.

«Stranger» атты ғаламат шоу 23 қыркүйек күні Орталық стадионда өтті. Алматыға Димаш Құдайбергеннің концертін көру үшін әлемнің 68 елінен жанкүйерлер жиналды.

«Бұл концертті осындағы ағайынға, жерлестеріме алғаш беріп отырмын. Ол тіпті мен үшін емтихан десем де болады. Сонымен қатар, сіздердің көңілдеріңізден шығып, баталарыңызды алу үшін алғаш рет осында келіп тұрмыз. Жалпы, мен 15 жасымда дәл осындай лық толы стадионда халықпен бірге ән орындасам деп армандайтын едім. Сол арманым сіздердің арқаларыңызда орындалып жатыр»,- деді әнші концерт алдында.

Концертте Димаш Құдайберген бұрыннан айтып жүрген әндерімен қатар, жаңа туындыларды да орындады.
Сонымен қатар Димаш туған інісі Әбілмансұр Құдайбергеннің сөзіне жазылған әнді сахнаға алып шықты.

Концертте халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнерлерін ортаға салды.

Шоуға жиналған халық Димашпен бірлесе әндер орындады. Концертте, сондай-ақ, қобыз, домбыраның тарихынан сыр шертетін бейне роликтер көрсетілді.Шоу барысында Димашты өзінің бэнд-тобы сүйемелдеді.

Фейзбук қолданушысы Гүлмәрия Барманбекова өз парақшасында Димаштың концертінен алған әсерімен бөлісті: «Әншінің — 30 000 халық жиналған стадионға, ал стадионның әншіге айналып кеткенін  көргендеріңіз бар ма? Димаштың концертінде дәл осылай болды!

Дара дарынның құдіретті энергетикасымен рухтанған қалың көпшіліктің «Әлемде бейбіт пен бірлік болсын!» деген тілегі  Алматының барқыт түніне сіңіп кетіп жатты.

Димаш дегенің тұнып тұрған музыка  мен жанып тұрған жалын екен!

Кеше түнде жасыма жас қосылған болар-ау!

О, Жаратқан, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздың ғұмырын ұзақ, бақытын баянды, жолын нұрлы қылғай!»




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑