banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 17 сентября, 2021 | қосқан shalqar | 89 рет оқылды

0

Алматыда желтоқсаншылар «Патриоттық рух — басты құндылық» Жобасына  атсалысуда

Алматыда «Патриоттық рух — басты құндылық» атты Жоба жүзеге асуда. Осы жоба жайлы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті, Жоба жетекшісі Жаңыл Әпетовадан сұрап білген едік.

 — «Патриоттық рух — басты құндылық» Жобасын жүзеге асырып жатыр екенсіздер, Жоба жайлы, оның мақсаты жайлы айтып өтсеңіз.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жүзеге асып жатқан «Патриоттық рух — басты құндылық» жобасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығына арналып отыр.

Жоба 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, оның тарихи маңызын кеңінен насихаттауға және жастардың бойында ұлтжандылықты нығайтуға бағытталған.  Жобаны жүзеге асыру аясында бірқатар шаралар мен жұмыстар жоспарланған. Жоба шараларын Желтоқсаншы ұйымдармен бірге жүзеге асырудамыз. Олардың қатарында «Желтоқсан ақиқаты»,  «Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы,  «Желтоқсан жұлдыздары», «Желтоқсан көтерілісі»,«Желтоқсан қоғамы», «Желтоқсан зейнеткерлері», «Қайсар Жүрек», «Біртұтас желтоқсан»,   «Өршіл рух» және т.б. қоғамдық ұйымдар бар.

  —  Атап айқанда, қандай шаралар жоспарланған?

— Қаланың көрнекі орындарында «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың, Ербол Сыпатаевтың, Ләззат Асанованың, Сәбира Мұхамеджанованың және Кенжегүл Молданазарованың суреттерін билбордтарға  орнату, LED  экрандарға шығаруға арналған жоғары сападағы эскиздер жобасын әзірлеу, жалпы білім беру мекемелерінде оқушылар арасында Желтоқсан қаһармандарына арналған «Қасиетті домьыра!» атты домбырамен ән айту, күй тарту бойынша шығармашылық байқау ұйымдастыру, студент жастар арасында 1986 жылғы Желтоқсанға қатысушы, Халық Қаһарманы Қ. Рысқұлбеков атындағы бокстан, Е. Сыпатаевтың құрметіне арналған қазақша күрес спорт түрінен қалалық турнир ұйымдастыру, 1986 жылғы Желтоқсан қатысушылары Л.Асанова, С.Мұхамеджанова және К. Молданазарованың құрметіне оқушылар арасында «Қыршын кеткен қарлығаштар!» атты шығармашылық патриоттық іс-шара,  мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің және 1986 жылғы Желтоқсаншылардың қатысуымен «Желтоқсан – тәуелсіздік негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізу, жастар арасында «Тағлым мен Тағзым» атты кездесулер ұйымдастыру, «Мен  Қазақпын!» атты патриоттық әндер кешін ұйымдастыру сынды шаралар бар. Мұнан басқа, желтоқсаншылардың қатысуымен қайырымдылық шараларын ұйымдастыру қарастырылған.

-Қайырымдылық шаралары туралы айтсаңыз?

Желтоқсаншылардың қатысуымен қайырымдылық шаралары аясында қаладағы балалар үйлеріне барып, балаларға тәттілер, киім-кешек, мектеп құралдарын тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар, желтоқсан кезінде және соның салдарынан қаза болған құрбандардың отбасына да қайырымдылық көмек ұйымдастырмақпыз.

 

 

 

— Биыл Түрксіб ауданында «Желтоқсан-1986» саябағы жасалып жатыр. Бүгінгі күні онда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы саябақ жұмысына үлес қосу жайы қалай болуда.

«Желтоқсан-1986» саябағын жастарға танымал етіп, онда желоқсаншылардың ерлігін еске алып, тағзым етіп отыруы үшін, бірқатар көпшілік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мәселен, желтоқсандықтардың қатысуымен саябаққа ағаш отырғызу, жастарды қатыстыра отырып саябақтың тазалағын арттыру мақсатында сенбілік өткізу, Саябақта орналасқан спорт алаңқайларында түрлі минитурнирлер, сайыстар өткізу.

— Патриоттық әндердің концерттік кешін өткізу қалай болмақ?

Патриоттық әндердің концерттік кешін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында, желтоқсан айының басында өткізу жоспарланып отыр. Ол кештің сценарийі театр басшысы Ринат Зайытовтың қолдауымен, барлық желтоқсаншы ұйымдар өкілдерінің ой-пікірлерін ескере отырып өткізу жоспарлануда. Алматы қаласы Мәдениет басқармасы қолдау көрсетеді деп күтілуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығы құрметіне, концерттік бағдарламаға өнер майталмандарының саналы түрде қатысып үлес қосатынына үміт артып отырғанымызды да жасырмаймыз…

— Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑