banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 20 ноября, 2021 | қосқан shalqar | 202 рет оқылды

0

Алматыда оқушылардың патриоттық ән кеші өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығына орай Алматыда Патриоттық ән кеші өтті. Мұнда қаланың сегіз ауданындағы мектептерде өткен аудандық байқауда жеңімпаз атанып, қалалық байқауға жолдама алған 40-қа жуық жас өрен өзара өнер жарыстырды.

Шара мақсаты — Тәуелсіздік үшін жасалынған құндылықтарды әрі қарай дамыту, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру. Тәуелсіздіктің, оның бастауы болған – желтоқсанның мән-маңызын ұмыттырмау, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру. Еліміздің Президенті Қасым — Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тұжырымдамалық мақаласында бәріміздің мың жылдық тарихымыздың арғы-бергі тереңіне бойлап, азаттық үшін күрестердің бәрін айта келе, желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын атап өтті. Бұл – Желтоқсанның маңызын аша түскендей…

 

Осынау айтулы оқиғаның аясында жастардың өзара өнер жарыстыруы да заңдылық. Жастар отаншылдық рухтағы әндерді шырқап қана қоймай, өз туындыларын да бәйгеге қосты. Қала мектептерінде, ауданда және қала бойынша өткен байқау сахнасында жүздеген ән орындалып, мыңдаған жастың рухын көтерді. Желтоқсаншы ардагерлер ақжарма тілектерін арнап, өнерпаз жастарға ақжол тіледі. Рухтанған жастар патриоттық тақырыптағы өз әндерін дүниеге әкелді… Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса бермек.

Аудандық байқауларда жеңімпаз атанып, қалалық ақтық сынға жолдама алған өнерпаздардың қай қайсысы да болашағынан үміт күттіретін өрендер. Жетісу ауданындағы №148 мектеп-гимназияның «Жұлдыздар» тобы,

Наурызбай ауданындағы  №176 мектеп-лицейдің «Балдәурен’ квартеті, «Мәр-мәр» өнер-білім мектебінің оқушылары Ерсұлтан Ерболұлы, Қасым Едіге, Алмалы ауданындағы №90 мектеп-лицей оқушысы Анна Юденич, Бостандық ауданындағы №40 мектеп оқушысы Тәуекел Айқын патриоттық әндер орындаудағы шеберліктерін танытты.

Өнерпаздар жарысын бағалаған қазылар алқасы, бірінен бірі өткен жеңімпаздарды анықтауда қиналғаны рас. Нәтижесінде орындар санын қос-қостан беруге тура келді.

Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Ең бастысы, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, жастардың өнерін паш етуіне мүмкіндік жасалып, рухтарына рух қосылды.

Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоры ұйымдастырды.




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑