Алматының автоХҚО-лары әлі іске қосылған жоқ
Бүгін, 12 қаңтардан бастап елімізде, үш өңірді қоспағанда, автокөлік иелеріне мемлекеттік қызметтер көрсететін мамандандырылған ХҚО-лар жұмыс істей бастайды. Жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін (дүйсенбі-жұма аралығында).
«Әзірге Алматы қаласының автоХҚО-лары жұмыс істемей тұр. Себебі, бүлікшілік әрекеттердің осы өңірде көбірек болғаны мәлім. Сондықтан, Алматыдағы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындауға жұмылдырылып отыр. Автокөлік иелеріне мамандандырылған ХҚКО-ларда қызмет көрсете алмаймыз. Бұл жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Сондай-ақ, автокөлікті Kaspi және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы қайта ресімдеуге болатынын еске саламын. Әзірше осы сервистерді пайдалануға кеңес беремін», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.
Алматыда автоқызметтердің қайта көрсетіле бастағаны туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.