Балаларға арнал..." /> Балаларға арналған мүмкіндіктерден хабарыңыз бар ма? - Шалқар газеті

banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 19 мая, 2021 | қосқан shalqar | 102 рет оқылды

0

Балаларға арналған мүмкіндіктерден хабарыңыз бар ма?

Балаларға арналған мүмкіндіктер арта түспек. Мәдениет министрі тың жаңалықтарды жария етті. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, балаларға жасалатын мүмкіндіктер ауқымы кеңейе түседі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі былтыр қыркүйек айында халыққа арнаған жолдауында өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетіне ерекше назар аудару, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашу қажеттігі туралы айтқан болатын.

Соған сәйкес былтыр жыл соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізіліп, соның аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі қосылған.

Ведомство басшысы министрлік алғаш рет мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жұртшылықпен бірлесіп, тиісті нормативтік құқықтық актілерді: жан басына қаржыландыру әдістемесі мен қағидаларын, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру қағидаларын, сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидаларын әзірлеп, қабылдағанын айтады.

«Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жүзеге асыру ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылды, оларды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы, ЖАО мәліметтері бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 22 000 балалар үйірмесі және 126 783 спорт секциясы жұмыс істейді. 2021 жылы мемлекеттік тапсырысты енгізу 4-17 жас аралығындағы 64 105 бала мен жасөспірімге үйірмелерге тегін негізде қосымша қатысуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде 23 566 – үйірмелерге, 40 539 – секцияларға қатыса алады» деді Ақтоты Райымқұлова. 

Сондай-ақ сала басшысы «Бала» цифрлық платформасында artsport.edu.kz мекен-жайы арқылы балаға арналған үйірмеге немесе секцияға өтініш беруге, цифрлық ваучер алуға болатынын да жеткізді.

Ресми деректер бойынша, әкімдіктер 2021 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 2,4 млрд теңге, мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 5 млрд теңге қарастырған.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға президенттің тағы бір тапсырмасын іске асыру – кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қайта бағдарлау әсер етуі тиіс.

«2020 жылы бұл сома 55 млрд теңге көлемінде болды. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты үлкен жұмыс атқарылды, біз шектеу белгіледік, бұл туралы барлық облыстарға жеткізілді. Ол белгілі бір мөлшерден аспауы керек. Мысалы, футбол және хоккей клубтары – 1,2 млрд теңгеден, қалған спорт түрлері – 450 млн теңгеден аспайды. Бұл айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі, босатылған қаражат бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға бағытталатын болады» деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар биыл – «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланып отыр. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, республикалық іс-шаралар жоспары бойынша бірнеше шара өткізілді. Оның ішінде конференциялар, шеберлік-сыныптары, кітапханашыларға арналған семинарлар бар.

«Сондай-ақ «Рухани қазына-2021» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің IV фестивалі аясында биыл бірнеше шеберлік класстар ұйымдастырылады. Жас жазушыларға және балаларға арналған шығармалар жазып жүрген жазушылар арасында байқау жарияланды. Жыл сайын шығарылатын кітаптардың 50 пайыздан астамын балаларға арналған кітаптар құрайды» деді министр өз жауабында.

Бұл ретте Райымқұлова бұл жұмыстың биылғы жылмен шектелмей, алдағы 4-5 жыл арасында жүйелі шараларды жүзеге асырумен жалғасатынын атап өтті.

Министр брифингте мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы тақырыбына да тоқталып өтті. Өйткені қазір қалалар мен алыс ауылдардағы мәдениет қызметкерлерінің болмашы жалақыға жұмыс істеп жүргені жасырын емес. Министрдің айтуынша, соңғы 12 жылда мәдениет саласында, әсіресе облыстық мәдениет мекемелерінде, музейлерде, кітапханаларда еңбекақы мөлшері көтерілмеген.

«Біз осы ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерге үлкен ризашылықпен және құрметпен қараймыз, бұл нағыз патриоттар, өз жұмысына үлкен құрметпен және патриоттық сезіммен қарайтын мамандар. 2020 жылғы қаңтарда мәдениет ұйымдарында, республикалық ұйымдардың мұрағаттарында еңбекақы 50%-ға, жергілікті деңгейде 35%-ға артты. Еңбекақыны көтеру жұмыстары жалғасуда. 2020 және 2021 жылдар қиын болды: пандемияға байланысты бюджет қаражатын қайта бағыттауға тура келеді. Күзде республикалық бюджет комиссиясына берген өтініміміз қолдау табады деп сенемін. Негізінде, үкімет мәдениет және архив ұйымдарында барлық санаттағы қызметкерлердің еңбекақысын арттыру жөніндегі бастамаларымызды қолдайды. Күзде тағы бір өсім болады деп ойлаймын» деді министр.




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑