banner-top12

Айтарым бар

Уақыты 15 сентября, 2020 | қосқан shalqar | 43 рет оқылды

0

Гриппол: Маңғыстау өңірінде тұмауға қарсы екпе егу басталды

Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева айтты. Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен 331 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 60 млн теңгесіне тұмауға қарсы вакцина сатып алу үшін келісім шарт жасалды. Бастапқы медициналық санитарлық ұйымдарда тұмауға қарсы вакцина егу басталды.

Қазір облыста 70 мың доза вакцина бар. Яғни 70 мың адам тұмауға қарсы тегін егіледі деп жоспарланып отыр. Тұмауға қарсы екпені тегін алатындар тізіміне медицина қызметкерлері, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, сәбилер үйінің балалары, жүрек, қан тамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар жатады.

«Барлық емханаларда 70-ке жуық егу бөлмелері дайындалды. Барлық медициналық қызметкерлер семинарларға қатысып, біліктіліктерін шыңдады. Онлайн режимде оқитын балаларды атап өту керек. Олар үшін арнайы егу кабинеттері ұйымдастырылған. Біз ата-аналардан белсенділік танытып, емханаға барып, учаскелік дәрігермен кеңесіп, егу кабинеттерінде екпе алуды сұраймыз. Биыл мектептер карантинге жабылғанын ескере отырып, мектептерде вакцинация жүргізілмейді», — деді Ләззат Есенғалиева.

Гриппол — бұл ресейлік вакцина. Қазақстанда 4-5 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде теріс реакция байқалмаған. Айта кету керек, алдыңғы егу кезінде қиын реакция көрсеткен азаматтар мен ақуызға аллергиясы бар адамдар бұл вакцинаны алмайды.




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑