Жапонша ақша үнемдеудің пайдасы
Жапон халқы өзінің үнемшілдік қасиетімен танымал. Сауда-саттықпен ерте кезден шұғылданған жапондықтар бұл өнердің қыр-сырын ертеден игерген. Сондай тәсілдердің бірі Какэйбо деп аталады. Бүгінде қалтаңыздағы қаржыны басқаруға көмектесетін көптеген электрондық бағдарламар бар. Бірақ оларды біріміз білсек, көбіміз бейхабармыз. Одан қалды ондағы математикалық есептер жүйкені шаршатып, соңында қол сілтеп кетуге мәжбүрлейді. Ал Какэйбо тәсілі барлық әлеуметтік топтарға арналған қарапайым.
Какэйбо тәсілінің көздегені адамға үнемшілдікті үйрету. Бұл үшін сіз отбасылық бюджетті бақылап, жазатын дәптер арнайсыз. Дәптерге кіріспе ретінде мынадай сұрақтарды жазып қойыңыз:
1. Бір айда табатын табыс мөлшері қанша?
2. Бір айда үнемдегіңіз келетін қаржы мөлшері.
3. Бір айдағы шығындар.
Осы сұрақтарға жауап жазғанда сіздің бір айлық шығындар мен кірістеріңіз көз алдыңызда тұрады. Танымал қаржыгер Фумико Чиба «Какэйбо: Ақша үнемдеудің жапондық тәсілі» атты кітабында: «Бұл тәсіл көпшілікке тым қарабайыр шаруа болып түйілері хақ. Алайда көпшілігіміздің шығындарымыздың басым бөлігі осы көзге ілінбейтін дүниелерде. Мысалыға, 10-15 минуттық жерге таксимен жету, сырттағы арзан жерлерден тамақтану, дүкеннен 2-3 мың теңгелік зат сатып алу және т.б. Бұлардың бәрі түкке тұрғысыз қаржылар. Алайда бір айға есептесек қомақты 10-20 мың теңге шығуы ғажап емес», – дейді.
Мінеки, осындай болмашы шығындар қалтаңызға біраз салмақ салып жүргенін көргенде ойланып қаласыз. Психолог ғалымдар адам шығындарын ойша есептегеннен гөрі көзбен көргенде қатты әсер алады деген пікір білдіреді. Демек, отбасылық кіріс пен шығын дәптерін бүгіннен бастап арнағаныңыз дұрыс.
Бүгінгі уақыт тапшы заманда бәріміз дайын дүниеге қызығатынымыз рас. Әсіресе, жас отбасылар сырттан тамақтануды жиі әдетке айналдырған. Какэйбо тәсіліне сүйенсек, бұл әдеттерді дереу тыю шарт. Жапон елінде жыл сайын жүздеген журналдар мен кітаптар дәл осы әдіс жайлы шығады екен. Әрбір отбасы осы тәсілді ұстануға барынша күш салады. Артып жиналған қаржыға зәулім үй мен қымбат көлік те сатып алмай, шетелдерге саяхаттап демалғанды ұнатады. Ой жүгіртер болсақ аста-төк дастарханды туылған күннен, тойға дейін жайып ысырапшылдыққа жол беретін мына бізге керек-ақ.
Расында, көзіне түскен кез келген нәрсеге қызығып, лездік мауқын басу үшін сатып ала беру – ол кедейшіліктен шыға алмаудың басты себебі. Жалпы бұл ысырапшылыққа жетелері де сөзсіз. Сондықтан, үнемшілдік қашанда әуелі кедейліктен сақтап, сізді байлыққа жеткізеді. Асыл дініміз Исламда үнемшілдік ұғымы Алла Тағала берген нығметті орынды жұмсап, ұқсатып пайдалануға саяды. Осы тұрғыдан келгенде, адам біткен үнемшілдік арқылы кедейліктен құтылары белгілі. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Сабырлылық, үнемділік және қажетсіз ысырапкершілікке жол бермеушілік, пайғамбарлық сипатының жиырма төрт қасиетінің бірі. Ысырапкершілікке жол бермеңіз», – деп қатаң ескертеді.
Дереккөз: Асан Шаңбай, «Президент және Халық» газеті