banner-top12

Әлем жаңалықтары

Уақыты 26 января, 2021 | қосқан shalqar | 70 рет оқылды

0

Кітапқұмар қылмыскердің жазасы қысқаруы мүмкін

Бүгінгі таңда білім саласындағы мектептерде оқушылардың бағдарламадан тыс, әдеби кітаптарды көп оқуы үшін күш салып, түрлі жобаларды өткізуді мұғалімнің мойнына жүктеп қойған.  Енді  кітап  оқу үрдісі өмір жолында сүрініп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан азаматтарға да қолданылуда.

Қарағандыда қылмыстық атқару жүйесінің мамандары  темір тордың ар жағындағы тентектерді әдебиетпен түзетуді қолға алыпты. «Әдебиет – ардың ісі» екені сөзсіз, дегенмен қолы қалт етпей, кісі өлтіргендерді кітаппен тәрбиелеу нәтиже бере ме, жоқ па, ол жағы әлі беймәлім. Қарағанды  облысының қылмыстық атқару жүйесі бұл жобаны  Бразилия елінің әдісіне қарап, қолға алғандарын мәлімдеген. Бұл елде түрмеде жүріп кітапты  көп оқығандардың 96 сағат жазасын өтеу мерзімі қысқарады.

Қарағанды облысында «Кітап оқуда шекара жоқ» деген атаумен түрмеде  пилоттық жоба қолға алынған. Бұл үшін мамандар қазақ, орыс және шетел әдебиетінен қырық кітапты таңдап алып, сотталушыларға ұсынған. Жазасын өтеп жүргендер кітаптарды оқып болған соң, комиссияның алдында әдеби шығарма мазмұнын айтып береді әрі сол туындыға қатысты өз пікірлерін білдіріп эссе жазады. Кітап оқу жобасының  талабын мүлтіксіз орындай алған сотталушы ісін сот қысқарту үшін комиссия ұйғарым жазып береді. Мұндай пилоттық жоба бірінші АК 159/7 түзету  мекемесінде жүзеге асырылады. Кейін облыстағы барлық түрмелерде кітап  оқу шарасы жүргізілмекші.  Бұл жоба жақсы нәтиже берсе, кейін елдегі барлық колонияларда іске асырылмақшы.

Жалпы, Қарағанды түрмелерінде жазасын өтеушілерді кітаппен емес, таяқпен тәрбиелеген жайттар да жұртқа жария болып жатады. Жақында құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook-тегі парақшасында АК 159/6 түзету мекемесінде сотталушы Манас Қапылбаевтың өзіне шағымданғанын жазады. Жазасын өтеуші колония қызметкерлерінің өзін ұрып-соғып қысым көрсеткенін және сондағы бір маманның ақша бопсалағанын мәлімдеген. Сондай-ақ  Елена Семенова Иван Верле деген жазасын өтеушіге де қысым көрсетілгенін  айтады.  Алайда қылмыстық атқару жүйесі департаменті бұл ақпаратты негізсіз деп отыр.  Айтуларынша, құқық қорғаушының  мәлімдемесінен кейін арнайы прокуратура түрмеге барып, тексеріс жүргізген әрі ешқандай заңсыздық таппаған.

Дереккөз: https://zhasalash.kz/aimak/kitapqumar-qylmyskerdin-zhazasy-qysqaruy-mumkin-14364.html




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑