banner-top12

әдебиет

Уақыты 11 января, 2022 | қосқан shalqar | 423 рет оқылды

0

КӘЛИЛӘ МЕН ДИМНӘ

Дүние жүзіне кең тараған үнді хикаяты

(Жалғасы).

Кәлилә тұрып: «Арыстан істің байыбына бара бермейді дегенді сен не нәрсеге сүйеніп айтып отырсың?» — деп сұрады.

Димнә: «Мұны ақылдың тезіне салып болжап білдім. Ақылды жан өз қожасының сырын кейде айтпай таниды, оның кескініне, түріне қарай сырын ұғынады», — деп жауап берді.

Кәлилә: «Сенің патшаға ешбір жақындығың жоқ, патша қызметін, оның қарым-қатынасын, достық ауыс-түйісін мүлде білмейсің, онымен лебіздесуге парасатың да жетпейді, сонда да сен қай бетіңмен арыстаннан жоғары мәртебе алуға үміттенбексің?» — деп сұрады.

Сонда Димнә: «Күші мол, қайратты адамды ауыр жүк қайыстыра алмайды, ал әлсіз жанды әуреге салады. Ақылдыны жалғыздық азаптамас, ақ пейіл әзіз жаннан ешкім сырт айналмас», — дейді.

Кәмилә: «Әкімдердің шапағаты төңірегіндегі игі жақсылардан гөрі, жәмпеңдеп, жақын жүргендерге көбірек тиеді. Әкімдер бұл ретте ағаштың жақсысына емес, жақын тұрғанына ғана орала кететін жүзім шыбығы тәрізді ғой. Оған еш жақындығың жоқ қой, сонда сен қалайша арыстаннан үлкен дәреже күтпексің?», — деп сұрады.

Сонда Димнә: «Сөзіңнің бәрін түсіндім, дұрыс айтасың. Бірақ солардың көбі-ақ зор мәртебеге жете алмапты, ал сырт жүргендерден кейінірек келіп жуықтасқандардың қайсыбірінің мәртебеге қолы жетіпті, міне, мен осыны жақсы білем. Мен солардың мансабына жетуге, орындарын алуға тырысамын, сол себепті әрдайым патшаға жуықтай беруге ұмтылам. Патшаның қомсынуына, қорлауына көніп, ызасын іштей сақтай білген және халайық алдында тік тұрып бәйек болған жан – патша сарайының мәртебелі мансабынан құр қалмайды деген сөз бар ғой», — деді.

Кәлилә: «Мен түсіндім. Ал жарайды, сені арыстанға жуықтады делік, сонда қандай қулықпен мансапқа жетпекшісің?» — деп сұрады.

Сонда Димнә оған: «Егер мен жақындаса алсам, ең әуелі оның мінез құлқын білуге тырысар едім. Содан кейін нені ұнататынын жете ұғып алып, сөйлескенде өте мүләйім болып, не айтса да бәрін мақұлдап, бетіне ешбір қарсы келмес едім. Өзіме ұнарлық іске көңіл шапса, оның мақтауын да жеткізіп, әрі бұлай беттегенін де құптай түсіп, қуанышын арттырып, көңілдендіре берер едім. Ал егер мен сескенетін бір іске кіріспек болса, оны орындамаған жағдайда өзіне келетін пайда мен кірісті жете түсіндірер едім, момақансып, мәймөңкелей сөйлеп, патшаның алдында жорғалап отырар едім. Менің осындай қылықтарымды арыстан ұнатып, басқадан таппағанын менен табар еді. Оқымысты, өткір ойлы адам шынды өтірікке, өтірікті шынға айналдыра алады, сонда оның ісі шебер суретшінің дуалға салған суретіне ұқсайды, сол суреттегі бейне сенің көзіңе әлгі дуалдан шығып келе жатқан тәрізді болып көрінеді, басқа біреулерге ол сурет дуалға кіріп бара жатқан секілденеді, ал, шынында, бұлар шығып та, кіріп те бара жатқан жоқ қой, сөйтіп арыстан менің осы қабілетімді және мендегі бар зеректікті түгел аңғарғанда, ол барынша құрметтеп, ол мені өзіне еріксіз жуықтатар еді», — дейді.

Сонда Кәлилә: «Сенің ниетің мүлде ауып кеткен екен, олай болса патшамен достасудан сақтандырғым келеді, өйткені бұл достық үлкен қатерге итереді. Данышпандардың айтуынша мынадай үш нәрсеге тек есуастар ғана беттейді екен, ал содан бірен-сараны-ақ аман-есен құтылса керек, соның бірі – патшамен достасу, екіншісі — дәмін байқау үшін у ішу, үшіншісі — әйелге сырын айту екен. Даналар патшамен достықты көтерілуге өрі қиын, ойы-қыры мол, асқаралы таумен салыстырады, оның ұшар басында жемістер де көп болады, сонымен қатар бұл жолбарыстың, арыстанның, қасқырдың және басқа да жыртқыш аңдардың паналайтын ұясы екен деседі. Таудың басына шығу ауыр, ал онда қалып қою мүлде қауіпті болса керек», -деді.

Димнә тұрып: «Сенің суреттеуің дұрыс-ақ, ал бірақ қауіпке қарсы шаппаған адам көздеген мұратына жете алмайды. Егер біреу қорқақтық істеп, үнемі қауіптене берсе, сөйтіп, өзінің қолы жетерлік ісінен де бас тартса, ол ұлы жағдайға ие бола алмайды. Үш нәрсені орындап шығу үшін терең ой мен зор тәуекел керек екен, солардың бірі – патшаға қызмет ету, екіншісі – теңізде сауда жүргізу, үшіншісі – жаумен жағаласу. Даналар айтқан екен:  «Қажырлы, қайратты адамға екі-ақ жерде болу орынды: не патшаның мейір шапағатына қарқ болу, немесе тақуалыққа салыну, басқа мекен оған лайық емес», — депті. Тап осы сияқты піл де сәулеттеніп екі орында ғана дәурен сүрсін: бірі құла түзде жүрсін, не патшалар мінетін ер-тоқымның астында болсын»,- деді.

Кәлилә сол арада: «Жарайды, тәңірім, сенің бетіңнен жарылқасын. Ал мен бұл жөнінде сенімен келісе алмаймын», — деп кесіп айтты.

Сонымен Димнә сәлемдесу үшін патшаның алдына барады. Арыстан отырғандардан: «Мынау кім?» — деп сұрайды. Олар: «Бұл пәленше ғой түгеншенің баласы ғой», — дейді.

Арыстан: «Иә, мен мұның әкесін білуші едім, — дейді де өзіне жақынырақ келуге ұрықсат етеді. Сөйтіп: — Сен осы уақытқа дейін қайда болдың?» — деп сұрақ қойғанда, Димнә: «Мен патша қақпасының алдынан кеткенім жоқ, бірде болмаса бірде оған пайдам тиер деп ойладым. Патшаның ісі өте көп қой, бұрын зер салып, көңілін бөлмеген адамның да кейде пайдаға асуы мүмкін деп ұқтым. Қаншалықты мансабы төмен болса да, иненің жасуындай пайдасы тимейтін жан жоқ шығар. Тіпті жерде жатқан сым темірден де пайда келеді. Әлгі сым темір ең құрығанда шіркей шағып қышыған құлақты қасуға жарайды ғой. Пайда мен зиянды ажырата білетін адам хайуанның да қызығын көреді ғой», — деді.

Димнәнің сөзін естігенде арыстан қатты қуанады, ақылды, ниеті адал деп шешті де, өзіне жақын тарта бастады. Сонда ол нөкерлеріне қарап: «ақылды да қажырлы адамның дәрежесі белгісіз, тағдырын көлеңке басқан көмескі болады. Соңынан әлгі қажыры мен ақылы бұған ырық бермей қыстығып сыртқа тебеді, әйгіленіп көрінеді. Сол кезде өшіруге көнбей өршеленіп жанған оттың жалынындай көзге шалынады», — деді.

Өзі туралы арыстанның жоғарғы пікірде тұрғанын сезгенде Димнә тұрып: «Уа, патшам! Қол астыңдағы жұртың мен өзіңді қоршаған нөкерлерің саған ойындағысын ашық айтудан сақтанады, именіп білдірмейді, міне, сондықтан үлкен мансапқа да ие болып жүр. Олар топыраққа көмілген бидайдың немесе арпаның дәні секілді, топырақтың арасында жатқанда оларды ешкім көрмейді, тек өніп-өсіп шыққанда ғана белгілі болады. Әрбір кісінің адал ниетіне, ақыл-парасатына, пайдалылығына, өнегелі ісіне қарай патша оның мансабын өзіне лайықты етіп жоғарлатқаны жөн. Екі нәрсе туралы айтылған мынадай сөз бар: ешкімге, тіпті патшаға да, екі нәрсенің бірін-біріне ауыстыруға болмайды екен, олар – бас киім мен аяқ киім. Егер біреу жақұт пен інжуді қорғасынға малса, одан әлгі жақұт пен інжуді қорғасын жеңбейді, бірақ осылай істеген адамды жұрт ақымақ дейді. Осыған сәйкес мынадай да сөз бар: оң қолы мен сол қолын ажырата алмаған адаммен достаспа деседі. Жұрттың ішінен ең пайдалысын іріктеп алатын тек әкімдер болады, қолбасшы әскерін сұрыптайды, ал ғалымдар мен дін ғұламалары мына діннен немесе оны талқылап уағыздаушылардан өзіне керегін таңдап ала біледі. Үстемдік етушінің жеңілушіден, оқытушының оқушыдан, сөйлеушінің тыңдаушыдан басымдығы, міне, осы үш нәрседе кездесетін артықшылық – ол біріне бірі ұқсас деседі екен. Көмекшінің көп болуы, егер олар бірінен-бірі оқшауланбаса, іске зиян келтірсе керек. Істің жемісті болуы көмекшінің көптігіне емес, жақсылығына байланысты. Мысалы, жақұт тағынған адам сияқты, ұнатып өзіне керек деп таққан соң қаншама көп болғанымен оның салмағы ауырламайды ғой. Дәл осы тәрізді момақандықпен орындалатын іске, тіпті жеңіп шыққан күнде де өрескел әрекет пайда келтірмейді. Мансабы төмендігіне қарамастан, қажырлы адамды әкімнің елемеуі жөн  емес, өйткені бұрын белгісіз адам, кейде ұлы мәртебеге жетіп, қадірі артуы да мүмкін. Бұл шіріген жемтіктен суырып алған тарамыс сияқты болады, оны садаққа да пайдаланады, мықтылығына қарай патшалар да жоғары бағалайды. Ал, тіпті, патшалар мен шонжарлар мінетін ердің де қас, қапталын таспен бекітеді ғой», — деді. Патшадан жоғары мансап алу үшін Димнә осылайша қам істеді. Арыстан оның әкесін білуші еді, бірақ сол арқылы Димнәнің көтеріле алмайтындығы да жұртқа аян. Сондықтан ол тек өзінің қажыры мен санасына сүйеніп табысқа жетуге белін бекем буды. Сөйтіп, Димнә: «Тек әкесімен таныстығы үшін патша біреуді өзіне жақын тартпайды, бұрын білмеуші едім деп оны сыртқа да теппейді. Бірақ дәрежені ол әркімнің пайдалы қасиетіне қарай береді. Адамға өз денесінен жақын нәрсе жоқ, егер оған бір дерт жабысса, онда сол дертін бөгде біреуден алған дәрімен емдейді. Тышқан үйге қоңсы қонады, бірақ зияны тие бастады-ақ ол қуылады. Қаршыға жапан далада еркімен ұшып жүреді, ал оның пайдалы екенін білген соң, ұстап алып үйретеді де, тіпті патшаның өзі қолына қондырып көтеріп жүреді», — деді.

Димнә сөзін бітіргенде, арыстанның шаттануы бұрынғыдан да арта түсті. Арыстан өзіне лайықты жауап беріп, мақтап өтті де жанында отырғандарға бұрылып: «Сүйкімді мінезі бар жанды орынсыз қудалап, ұнатпау әкімге лайық емес екен, игі қасиеті бар адамды сол орасан артық қасиеті үшін зәбірлеуге де болмас, сірә. Ұлық болған кісіге өзінің өткенде істеген қателіктерін жөндеген тиімді, ал егер біреу болмашыға қанағаттанып әкімнің көңілін аулап, ризалығын білдірсе, соны малданып қалу да жөн емес, өйткені адам бұл жөнінде екі түрлі болса керек. Егер біреудің негізгі жаратылысында тік мінезі болса, ол жолында жатқан жыланның құйрығын басып өткен жүргіншіге ұқсайды, бірақ жылан оны шаққан жоқ, сонда да алданбайды, өзіне өшіктірмейді, бөгелмей ілгері тарта береді. Ал жаратылысы жұмсақ адам болса, ол суық сандал ағашына ұқсайды, егер оны қаттырақ ысқыласаң қызынып кетіп зиян келтіреді», — деді.

Арыстанмен әбден достасып алған соң Димнә бір күні оңаша отырып: «Менің байқауымша, осы сіз бір орыннан қозғалмай, ұзақ уақыт қалшиып тұрып қаласыз. Мұның себебі не?» — деп сұрағанда, Арыстан (өзінің қорқынышын Димнәға сездіргісі келмей):

«Мұнда бір айрықша себеп жоқ еді», — дей салды.

Екеуі осылай әңгімелесіп тұрған кезде, бұқаның өкіргені естілді. Арыстан сасқалақтап, Димнәға ойындағысын ақтарды. Сонда ол: «Осы естіліп тұрған дауыстың не екеніне көзім жетпей дал болам. Қалайда мынаның денесі дауысына сай зор шығар, күші де тұлғасына лайық болар, — деп ойлаймын. Егер осы болжауым дұрыс болса, онда бұл жерде енді тұрудың бізге қажеті жоқ-ау, сірә», — дейді.

Димнә: «Патшаны бұл дауыстан басқа еш нәрсе қауіптендірмей ме екен?» — деп сұрағанда, Арыстан: «Осыдан басқа еш нәрседен қауіптеніп тұрғаным жоқ», — деп жауап береді.

Димнә: «Осы дауысқа бола орынын тастап кету патшаға лайық емес қой. Мынадай мәтел бар: «Нашар бөгетті су бұзар, ақыл түбіне менмендік жетер, қаңқу өсектен батырлық та зиян шегер, жүрексіздің зәресін жуан дауыс ұшырар», — депті. Енді бір нақылда дауыстың бәрінен бірдей қорқа беруге болмайды деген екен», — деді.

Сонда арыстан: «Ол қандай нақыл еді?» — деп сұрады.

Димнәнің келтірген мысалы мынау болды: «Баяғыда бір аш түлкі төбенің басына шықса, сондағы ағаштың түбінде барабан жатыр екен. Жел тұрса ағаштың бұтақтары барабанға соғып, дабыл көтерді. Түлкі осы дабылды естіп сол барабанның қасына барыпты. Барабанның қалыңдығын көріп ол: «Әрине, мына қалың дүниенің іші толған ет пен май болу керек», — депті, сөйтіп барабанды бұзбақ боп әуреленіпті. Ақыры, барабанның құр қуыс екенін көргенде ол: «Е, түйсігі аздардың денесі қауқиған зор, дауысы жуан келеді деген рас екен ғой», — депті.

Менің саған бұл нақылды айтып тұрған себебім, егер бізді үрейлендірген осы зор дауысқа жақын барсақ, оның сонша қорқынышты емес екенін көрер едік деймін. Ал егер патша мақұлдаса мені сол дауысқа жіберсін, оған барып хабар алып келгенімше, осы орында күтіп тұрсын, — деді. Арыстан келісім беріп рұқсат етті.

Димнә бұқа жүрген жаққа қарай жөнеп берді. Ол ұзап кеткеннен кейін, арыстан өзінің істеген ісіне опық жеп ойға шомды, Димнәні жұмсап жібергеніне өкінді. Сонда ол өзіне өзі: «Мен Димнәға бекер сендім, өте әбес істедім. Патша қақпасының алдында жүргендердің қасыбірі жазықсыз жәбірленді, сөлекет ісі сезіліп кінәлі болады, кейде дүниеқоңыздығы, ашқарақтығы үшін жазғырылады, жоқшылықтың зардабын шегеді, соның қыспағынан әлі арыла алмай жүреді, бұрын қолы жеткен әкімшіліктен де, байлықтан да жұрдай болады, немесе істеп жүрген қызметінен шетке қағылады, яки оны басқа біреу иеленеді, немесе қылмыс істеп, жазадан қорқып жүреді, немесе жақсылықты сүймейтін жауыз жан болады, не масқаралық іске белшесінен батқан біреу болады, өзіндей кісілерге зақым келтірген адам болады, немесе өзі сияқтылар қатарында сыннан өтпей қалып, ерекшелігі артылып, сый-сыяпатты басқа біреу алып кетеді, бұл құр қалады, немесе әкімшілік дәрежесі және игі қасиеті басым кісі мұның қас дұшпаны болады, немесе діншілдігіне, құмарпаздығына қарай сенім көрсетуге арзымайтын да жан болады, немесе пайдалы нәрсе үнемі зиянына шешілетін де кісі болады немесе кейде патшаның дұшпандарына қолжаулық болып жүретін де кісі болады, міне, осы секілді адамдарға патшаның сенуі дұрыс емес, арты асқынатын асығыстық жасауға да болмас еді. Димнә — әрі зымиян, әрі қу, оның үстіне шетқақпай қалып, қағажу көрген жан. Мүмкін, сондықтан ол қастандық ойлап, мені азап пен қайғыға салып жүрмесе жарар еді. Мүмкін, мына өкірген хайуанат менен гөрі күштірек шығар, менен әкімшілігі де басым болар, ол соның осындай артықшылығына елігіп, оған қосылып маған қарсы шығып, менің осал жағымды айтып қоймаса игі еді», — деп толғанды.

Осы туралы арыстан тынбай ойланып, мазасы кетіп, ілгері-кейінді теңселе берді, бір отырды, бір тұрды, тіпті Димнә жақындап келгенше, жолға үңіліп қараумен болды. Оның жалғыз келе жатқанына көзі жеткенде ғана арыстан қобалжыған жүрегін басты, мынау әлденеден сезіктеніп орынынан кетіп қалған ба деген Димнәнің ойына күдік келмеуі үшін, өзінің орынына қайта келіп тұрды.

(Жалғасы бар).




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑