banner-top12

Айтарым бар

Уақыты 14 сентября, 2020 | қосқан shalqar | 55 рет оқылды

0

Отбасы — ойрандалуға, қоғам — құлдырауға тиіс емес!

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 1 наурызында «Отбасы күнiн» тағайындау және оны қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде атап өту жөнiнде Жарлыққа қол қойған едi. Міне, содан бері жыл сайын қыркүйек айында Отбасы күні аталып өтеді. Отбасы күні белгіленген мерейлі күні өткізумен шектелмейді. Отбасыңмен аман-есен қауышып, олармен өткізген әрбір бақытты кезді «Отбасы күні» деп алуға болады.

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп, өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.

Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, басқа адамдармен қарым-қатынасын, мәдениетін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан отбасы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан отбасындағы татулық, сыйластық, тәрбие бала жадында сақталады. Ата-ананың тәрбиесін «Қоғамдық тәрбиенің ең тиімді» деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқаруы, бір-бірін құрметтеп, сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе.

Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдықтың бүгінде құлдырауына байланысты қоғамда бірқатар керітартпа әрекеттің пайда бола бастағанын байқауға болады. Оның бірі – қазіргі тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігі. Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шынайылығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің өз отбасына жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультациялық көмекті қамтамасыз ету қажет. Отбасылардың ажырасуы біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге елеулі назар аударуы тиіс», — деп атап өткен еді.

Бірақ ажырасу саны күн санап артпаса, азаяр емес. Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндердің ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. . Отбасын сақтап қалу мақсатында осы тұстарды ескеріп, «Қажет тұстарын өзімізге алған өте дұрыс» деп есептеймін. Біздің қоғамда отбасы – рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, ұрпақтар сабақтастығының жалғастырушысы болып табылатын ұлттық құндылық. «Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер» деп қабылдануы керек. «Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет» деп есептеймін.

Еліміздің өзекті мәселелерінің бірі – жетімдік мәселесі. Балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі. Тағы бір көкейкесті мәселе – қарттар үйі. Ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз үшін бұл орталықтардың қарашаңыраққа айналып бара жатқаны жанымызға батады. Дегенмен жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ арасынан қазір сол жаққа ақсақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын ойланбастан апарып, өткізіп жатқандар да аз емес. Балалары «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген сөзді әсте естен шығарған секілді. бұл – қарияларын құрметтемеген біздерге жат дүние.

Қорыта айтқанда, жоғарыда атап өткен мәселелердің бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, алақанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз қажет. Сонда ғана балаларымыз бізге деген құрметін жоғалтпасы анық. Өйткені «Не ексең, соны орасың» деген даналардың сөзін алсақ, адаспаймыз. Отбасымыздың мығым болуы – еліміздің ертеңі

Дастан Қастай

Кілтсөздер: , , , ,




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑