Сағыныш: Жыр киесі – қайдасың!
(Ақын Фариза Оңғарсынқызының рухына)
Жарқ етіп, жасындай,
Қызуы басылмай.
Нысанаға дәл тиіп,
Я күйдіріп, я күйіп,
Иілместі иетін.
Ел шетіне жау келсе,
Көк сүңгіні қолға алып,
Махамбетше толғанып,
Исатайша ақырып,
Ата аруағын шақырып,
Ата жауды жапырып,
Өліктерін үйетін, –
Фариза-қыз,
Қайдасың, қазір!
Бір айтқаны салмақты,
Ойланатын жан-жақты,
Іліп алса, қармақты,
Алып жайын болса да,
Азуын жұлып алатын.
Төгіп-төгіп жан жырды,
Сермеп-сермеп қанатын,
Ұшып бұлтқа қонатын,
Жыр киесі – Фариза, –
Қайдасың, қазір!
Шатырлап найзағай,
Ағып түсетін.
Қарсы келсе, Жалмауыз,
Қағып түсетін.
Жарапазан айтып, бас ауыртпайтын,
Денесіне сөз-жебе дарытпайтын,
Бар мен жоқты салмақтап байыптайтын,
Қара бастың қамына – жанықпайтын, –
Ей, Фариза-қыз, қайдасың, қазір!
Сағындым Сізді …
Марат МӘЖИТОВ