banner-top12

Айтарым бар

Уақыты 13 ноября, 2020 | қосқан shalqar | 454 рет оқылды

0

Шалағай-шалыс орныққан тәрбиенің өзі зиянға шықпақ….

«Үсте көк Тәңірі,
аста қоңыр жер жасалғанда.
Кісі ұғлының үстінде менің бабаларым
Бұмын қаған, Естеми қаған отырған…»

Бұл – Орхұн мұрасы…. Құнарлы тіл, қуатты әуездің ұстыны. Менің бағдарымда кішкенеден айрықша әйдіптеліп, санамда жатталған, рухани бұрқасыннан өткеріп, жарыққа жетелеген тіркес. Шаңырағымызда оты өшпеген қайран бабаларыма тәу етіп, қайнарынан мият тапқан шырағданның көмескіленбеген сәулесі. Ертеден құлаққа құйылған жүректің демі. Бұл ғана емес, ұлт мүддесі, ұрпақ серті дәргейінде жазушы болуға итермелеген, Абай тілінен қуат алып, көкірекке сәуле құйған –  жезайыр ұран екен. Мағауиннің  «Оқу, тоқу, ізденіс, бағдарындағы ең бір өзекті арна – тіл төңірегінде ғана болуға керек. Көркем әдебиеттің жан жүйесі, қаламгердің мақсат-мұратын жүзеге асыратын ең басты қаруы тіл десек, бұл орайда қазақ жазушысының бабадан қалған еншісі, басына қонған бақыты айрықша» деген  аманат-баяны бұрнадан ғұмырлық жолашарыма айналыпты. Ежіктеуім емес, зор сөзім, анық танымым төңірегінде.  Тегінде, перзентке кеніш көңілді, арысы, төгілген шұрайлы тілді болып қалыптасу мұратында ұлттық сипат ерекше маңыз танытса керек.  Шалағай-шалыс орныққан тәрбиенің өзі зиянға шықпақ. Онсыз да, шектеулі балалықтың  көп бөлігі –  алтын оқалы бедерленген тіл әлейін(ғажайыптарын) меңгерумен өтсе, перзент бойында ұлттық сипат өріс алды дей беріңіңіз. Болжамды емес, сенімді түрде…

Бірде ұлттық арнадағы кезекті бағдарламаға жасы үлкен, көзқарасы қарпымды бір қария келді. Хабардан соң, жүгіре амандасып, бала тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбіттік. Бала ғана емес, ұлттық сана жайлы. Әжімі тереңдеген ақсақал сөз соңында ауыр күрсінді де: — Балам, маңдай мен таңдайға тідің құты қону үшін баланың ұлттық санасын ертеден қалыптау қажет. Қазір өз атасының жазғанын өз немересі ұғына алмайтын қасіретке кезіктік, — деп түйіндеді. Далада жауын жауып тұрған. Себелеп қана. Міне, сол кезден қарияның сөзі – жүрекке наза, жанға қайғы болып таңбаланыпты..

Жоғарыда ұлттық сипаттың басты шыпасы – туған тілің дедік. Бойына еркін қан жүгіртуде, кең тыныстап, жаныңмен сезінуге ықпалды, ең әуелі – әуез бен күй: Байжігіттен бастап  Құрманғазыға, Дәулеткерей,.. Қорқыт-Ықылас, Тәттімбет, Тезек Төре-Сүгір,  қобыз бен шертер, сыбызғы мен сырнай аспаптарында орындалар-ойналар туындылардың барлығы; шығарушысы – халық: шертерде «Жорға аю», сазсырнайда «Кішкентай», Ысқақтың сыбызғы әуендері,.. денін  құлақпен қабылдау, жүрекпен сезіну – зейінге  тілдік әліппе болып бекімек.  Тілі шығып, есі кіргенде ұлттық сезім пернесін оятар: «Ақбаян», «Елім-ай», «Той-Базар», «Дүлдүлді» тану өз алдына, — бәрін, төрт ән мектебі өкілдері туындылары:  Мұхиттан қайырып, Сегіз Серіге, Ақан, Біржан, Әсет, Естай, Мұса, Кенен әндері, Тұрмағанбеттің «Тәлімін», Майра-Шашубай, Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы — «Аққұмын» түйсіну де бала жастағы рухани қажеттілік. «Омалып омандария тоқтап қалмас, алдына көлденең бел тартқанменен!…» — түбінде кесек ойлы Нартайдың сырлы сазбен үндескен тіркестері жансарайыңызды барынша тербегені дұрыс. Ақтан, Көтеш, Бұқар, Үмбетей, Шалкиіз, тағы да басқа жырында жорға шабысты бабаларымның асыл мұратын тану – маңдайға біткен бақ, талайыңа жазылған парыз екенін естен шығармаған дұрыс.  Тәрізі, қисса-дастандармен сусындап, әнбие үлкендердің зердесін таныған тілдік көмбе лықа толған шақта Абайдың «Ғақлиясы», Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелері, Алаш абадандары,.. бара-бара көркем әдебиетке құрық салу – ұрымтал шешім есебінде танылып, парасат мінберіңізге өткелек болып қаланбақ. Өлеңшінің емес, көзі жеткен, көңілі сенгеннің сөзі.  Біздің тілге құрметімізді, Алашқа бәсіре пейілімізді қалыптастырған әдіс, қалыптаған тез. Хош, бесінші ғасырдан тасқа қашалған, ғажайып мұрасы бүгінге дейін сақталған, Фараби-Яссауиға ақыл, қуат берген әлеміш өрнегі тілдің жан-жүрегіміздегі сағдары осылай жасамақ!

Дастан Қастай

 




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑