Қазақстандықтар 4 пайыздық автонесие шарттарына шағымданып жатыр
Алматылық Марат Асылбеков (аты-жөні кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілген) жарты жылға жуық көлік іздеген. Жылдың басында шенеуніктер жеңілдетілген автонесиені қайта бастағанын мәлімдегеннен кейін, ер адам мүмкіндікті пайдаланбақ болыпты. Алайда ол бағдарламаның басталуын күтіп, сәуірдің соңында қаланың кейбір автосалонына барған. Сол кезде Асылбеков «бағдарламаның «ертегідей» шарттарын бұзбау үшін шенеуніктер айтпайтын» қызық мәліметтер тапқан.
«Ең алдымен автосалонда прайс-лист аласың, онда олар мөр қойып, келген күніңді жазады. Осы қағазбен банк менеджеріне барып, өтініш бересіз, кейін шешімді күтесіз. Өтініште көрсетілген машина автосалонда болуы керек. Бірақ мұндай автомобильдерде қосымша жабдық орнатылған, оны алып тастауға және бұл жабдықсыз сатуға болмайды. Олардың құны 700 мыңнан басталып, шамамен екі миллион теңгеге жетеді.
Қосымша жабдықтар салынбаған көліктер жоқ немесе автокөлік дилерлері осы аксессуарлардан ақша табу үшін жоқ деп әдейі айтады. Осылай алдамақ. Яғни, сатып алушы ойламаған шығындар шыға келеді», — деді Асылбеков.
Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесие қатысушыларын тағы бір жағымсыз тосынсый күтіп тұр. Алматы тұрғыны банктен автонесие алу үшін несиенің барлық мерзіміне КАСКО сақтандыруын төлеуі керегін айтты. Ал ерікті-міндетті сақтандырудың бұл түрі жылына кемінде 200 мың теңге тұрады.
«Егер жеті жылға несие алсаң, онда КАСКО-ны бүкіл кезеңге төлеу керек. Ал бұл 1,4 миллион теңгеден асады. Яғни, жеңілдікпен автонесие берудің мағынасы жоғалады. Өйткені, мысалы, адам автокөлікті бастапқы жарнасыз 10 миллион теңгеге алады. Жылдық төрт пайызбен артық төлемі жеті жылға шамамен 1,5 миллион теңге болады. Бұл сомаға қосымша опцияларға кететін шамамен екі миллион теңге және КАСКО үшін кем дегенде 1,4 миллион теңге қосамыз.
Нәтижесінде, 10 миллион теңге тұратын жаңа көліктің артық төлемі шамамен бес миллион теңге болады. Ал бұл жылына төрт пайыз емес, 12 пайызға дейін жетеді. Мұның қай жері жеңілдетілген несие екені түсініксіз», — деп қосты ол.
Тағы бір алматылық тұрғын Вячеслав Ильин биыл ақпанда өз ақшасына автокөлік сатып алған. Ол ескі көлікті жаңасына ауыстырып, Trade-in бағдарламасына жүгінген. Бұрынғы көлігін автосалонға беріп, жаңа көлік үшін 10 миллион 300 мың теңге берген. Алайда жаңа автокөлікке орнатылған қосымша жабдық үшін тағы 300 мың теңге төлеуіне тура келіпті.