banner-top12

Ақпараттар ағымы PQj4NVSH

Қосқан уақыты Желтоқсан 5, 2019 | 125 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

85 жылдық тарихы бар киелі қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

        photo_2020-01-16_13-40-38

1934 жылдың 15 қаңтарынан бастап ел мүдесі үшін аянбай қызмет етіп келе жатқан еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Биыл сол қара шаңырақтың құрылғанына 85 жыл толып отыр .

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттердің біріне айналды. Елбасы отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. ҚазҰУ – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны.

Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, ғылым докторлары мен кандидаттары, философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40-тан аса жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. Сондай-ақ заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.

Қара шаңырақ оқу ордасы – бүгінгі заман талабына сай жабдықталған бірден-бір оқу ордаларының бірі. Спорт, мәдениет, қоғамдық шаралар, ғылым, білім беру және инновациялық өндіріс интеграциясы бойынша алдыңғы қатарда десек қателеспейміз.

Соңғы жылдары президенттің тапсырмасын іске асыруда университетте көп жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 207-орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 13-орынға көтерілді. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).

Алатаудың бөктеріндегі ҚазҰУ қалашығында орналасқан филология және әлем тілдері факультетінде студенттердің білім алуына толық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта факультет құрамында алты кафедра болса, соның бесеуі: Қазақ тіл білімі, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті, Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері, Шетел филологиясы және аударма теориясы кафедралары   мамандар дайындау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Шет тілі кафедрасы университет факультеттеріндегі әлем тілдерін сапалы оқытуда. Сонымен қатар, факультет іргелі шығармашылық одақтармен, ғылыми зерттеу институттарымен келісім-шарт негізінде тығыз байланыс жасауда.

Факультетте заман талабына сай халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған. Студенттердің шетел жоғары оқу орындарынан тәжірибе алы, білім деңгейлерін көтеру мақсатында академиялық ұтқырлыққа да ерекше назар аударылып отыр. Факультеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары жыл сайын міндетті түрде мемлекет қаржысымен Стамбул (Түркия), Гумбольдт (Германия), Гранада (Испания), Будапеш (Венгрия), Евразиялық академиясы (Словакия), Пусан шет тілдер (Оңтүстік Корея), Нидерланд (Голландия), Ұлы Витаутас (Литва) университеттеріне тәжірибелік іс-сапарларға жіберіліп отырады.

85 жылдық тарихы бар қара шаңырағымызды мерейлі мерекесімен құттықтап, алдағы мақсат-міндеттерінің орындалуына, әлемдегі ең үздік 100 жоғары оқу орынының қатарына кіруін тілейміз!

Жасай бер, қара шаңырағымыз – ҚазҰУ!

 П.Т. Медетбекова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы тіл білімі және

еуропа тілдері кафедрасының доценті,  ф.ғ.к.

Алдан Ақмарал,

филология және әлем тілдері

 факультетінің  3-курс студенті

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑