banner-top12

Ізгілік 37 001

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2014 | 1  703 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АБАЙ  ХАМЗА.    ОЗЫҚ СӨЗДЕР яки  Дәрісхана мәдениеті

( діни эсселер)

  1. Кахвалты

Әр дәрісхананың «таңғы тамағы» бір шағын мерекеге ұқсайды. Дәрісханадағылар оны «кахвалты» дейді. Білетіндердің айтуынша, «кахве алты» деген түрікше «кофе асты» деген мағынада, ашқарында кофе ішуге болмайтындықтан алдымен тамақ жеп ауқаттануды айтса керек. Осы сөздің тікелей мәні болмаса да, оның естілуі құлаққа сондай жылы. Бір інішек бөлменің есігін ашып: «Аға, кахвалты әзір болды!» дегенде-ақ, түкірігіңізді жұтасыз. Осы сөз ілезде тәбетті ашады, ас жеуге деген ықыласты оятады. Оқып отырған кітаптың бетіне белгі қойып, асүйге асығасыз. Қол жууға кетіп бара жатқан сәтте баппен пісірілген кәртөшкелі жұмыртқаның жағымды иісі мен табиғи түрік шайының таңсық иісі мұрыныңызды жарады.

Кахвалты қысқы айларда кең, жарық дәрісхана залында, жазда жап-жарық, күн шуағына малынған терраста дайындалады. Дастархан тап-таза кілемнің үстіне жайылған. Оттағы үлкен тегеште демін жаңа алған жұмыртқалы кәртөшке яки пісірілген жұмыртқалы қызанақ не басқа түрлі аз уақытта дайын болатын тағамның бірі тұрады. Маңайында жаңа туралған қияр мен қызанақ және пехмез (жүзімнен қайнатылған табиғи тосап), кейде балға матырылған сарымай қойылады. Дастархан шетінде ып-ыстық екі қабатты шәугім астынғысында қайнақ су, үстінгісінде әзір демделген шәй. Жайдақ табақта шәйға арналған түбі кең, бүйірі қысыңқы, ернеуі жайдақ (бәлкім шәй тез суымас үшін солай жасалған) ыстақандар жып-жылтыр арнаулы қойғыштарының үстінде, шәй ішетін адамның санымен тізілген. Кіршіксіз жуылған шәй қасықтар мен шанышқылар қатар қойылған.

Біртін-біртін келгендер әдемі дастарханға дөңгелене отырады. Жаяу отыру жанға жайлы. Яки, көбісі оң дізесін төсіне алып, бір дізерлеп сүннет бойынша отырады. Ыстақанға құйылған күрең шәй қайнақ сумен сәл сұйытылып, қол жалғап иесіне жетеді. Шәй іше отырылып желінген татымды таңғы тамақ, кепекті нан батырылған тәтті пехмез, ара-арасында ауызға алынған табиғи қияр-қызанақтар ішіп-жеу нәпсісін, Алланың рахмет кенішінен келген рыздық екеніне мойынсұндырады. Орнынан тұрғанда «әлхамдуллаһ» деп, бет сипап, тамақ әзірлеген кезекшіге «Аллаһ разы болсын!» дейді, ол да «Сізге ас болсын!» деп, ризалық білдіреді.

Осы сәтте таңғы намаздан кейін, әркім дауыстап жағалай оқып шығатын дәрістер, санада жаңғырып, көкіректе күмбірлейді:

«Бисмиллаһ» деген киелі сөз – күллі игіліктің бастау көзі екен. Жаратылғандар да түп-түгел, өз-өз тілімен осы сөзді қайталайды. Бәрі де «Аллаһтың есімімен» деп, жаратылыс міндетіне кіріседі. Жер астындағы өсімдіктің нәзік тамырлары осы сөзді өз халімен айтқанда-ақ, тастай қатты топырақ оған жол ашып, қызметшіге айналады, жібектей жіңішке тамырлар тас-топырақтың арасында ауадағы тал бұтақтардай емін-еркін  қанат жайып, үстіндегі діңіне нәр береді. Аптап күн астындағы  жапырақтар да осы сөзді айтумен, күннің жалын өрті оны күйгізуші емес, оны сүйгізуші тіршілігіне керекті қызметшісі бола қалады. Әр жеміс ағашы, әр дақыл сабақтары да осы сөзді қайталап, адамдарға Аллаһтың рахмет қазынасынан сансыз түрлі жеміс-жидек, дақылдарды жеткізіп береді. Төрт түлік мал түгел, өз-өз ахуал тілімен осы киелі сөзді әрдайым қайталаумен өз төліне, әрі адамдарға ғажайып дәмді, нәрлі сүтті сусын етіп ұсынады. Міне, қараңыз, бүкіл жаратылыста «Бисмиллаһ» демейтін ештеңе де жоқ. Сондықтан, біз адамдар да, әрдайым «Бисмиллаһ» деп, айтуға міндеттіміз. Себебі, бұл киелі сөз, хақ дін Исламның белгісі. Бұл сөзді айтпағандар бұл өмірде рухани жағынан әбден азып-тозады. Осы киелі сөзбен ісін бастағандар, бергенін осы сөзді айтумен ғана беретіндер, алғанын осы сөзді айтып қана алатындар бақытты. Өйткені, олар бүкіл мүліктің де, іс-әрекеттің де хақ иесі жалғыз Жаратушы Аллаһ екенін мойындағандар әрі сол жолдағылар. Яғни, мұсылмандар мынау пәни дүниені адамзат пен жан-жануарлардың тәлім-тәрбие алатын орыны, тән мен жанның сынаққақа түсетін  өтпелі алаңы деп ұғады.

Хақ дінге жүрегімен сенген адам, өлімді жоғалу демейді, қайта, мынау тап-тар, қым-қиғаш, шуылдаққа толы пәни ортадан, шексіз кең, рахатқа толы, мәңгі бақыт әлеміне көшу деп түсінеді.

Ал, дүниеге келуді – әскерлік борышын өтеу секілді белгілі мақсаты бар, мағыналы міндет ретінде бағалайды. Айналасындағы тіршілік иелерін түгел өзі секілді арнайы тапсырманы орындаушы қызметкерлер екенін біледі. Сондықтан, оларды өзінің жақын досы, туысы секілді сезінеді. Олардың дүниеге келуі және дүниеден кетуі кезіндегі әртүрлі дыбыстарын – міндетін атқарар кезіндегі «Аллаһуакбар» деп тәкбір айтуы, жетістікке жеткендегі қуаныштың нышаны болған «Лә иләһә иллаллаһ» деп тәхлил айтуы және мәңгілік демалысқа аттанардағы шүкірлердің естілуі деп, қанағаттанады. Мысалы, шегірткенің шырылы, мысықтың пырылы сондай дыбыстар. Осылайша, иман арқылы жанға жайлы ақиқаттар туындап, көңіл көгінде бүршік жарады.

Яғни, иманда рухани Жаннат ағашы – Тубаның бір дәненгі сақтаулы. Ал, Аллаһқа бет бұрмағандар болса, дүниеге келгендердің бәрін қасірет шегіп, жылап-сықтаған сорлылар деп ойлайды. Айналасындағы тіршілік иелері оған түгел дұшпан болып елестейді. Өлімді – ажалдың тырнағына түсіп паршаланған мәңгі жоғалатын бишаралардың бір аянышты халі деп түсінеді. Имансыздар осылайша, екі дүниеде де бақытсыздар қатарында қалады. Яғни, мұндай кәпірлер болса, Жаһаннамда өсетін қорқынышты Заққұм ағашының улы бір дәнегіне иелік етуші болмақ.

Демек, екі дүние бақыты тек, Ислам дінінде екені айдан анық.

 

  1. Қария талабелер

Дәрісханадағылардың ең құрметті адамдары – қария талабелер. Олардың қазіргі саны оннан аспайды. Жастары сексен мен тоқсанның арасындағылар. Ел тарихындағы өткен дінсіздік қияметін басынан кешкен  қаһармандар. Бұлар дінсіздікке қарсы адамдардың иманын құтқарып қалу үшін жазылған Нұрлы рисалелерді қызыл қолымен көшіріп көпшілікке жеткізуші он мыңдардан қазір тірі қалғандары. Бұлар сондықтан да құрметті.

Қасиетті Құран Кәрімнің сарқылмас қайнарынан туындап шыққан ұзын саны жүз отызға баратын шуақты шығармалардың өмірге келіп, рухани ортаны қалай қалыптастырғанының тірі куәгерлері. Сондықтан да құрметті. Оларды жазуда көшбасшы болған, ұстаз ғұламаның жанкешті мінездерінен тәрбие алып, кітап рухын түгел бойына сіңірген осы заманның тірі абыздары. Сондықтан да, дәрісханадағы  үлкен-кішінің бәрі оларды нағыз тақуалар тұрғысында аса құрмет тұтады. Олармен кейде арнаулы жүздесулер ұйымдастырады. Мәселен, көп кісі шақырылған таңғы хақбалтыда кездесу сәттері. Сондай бір жүздесуге Абдуллаһ Иегин ақсақал келді. Кең танымал «Жәңе Лұғаттың» авторы. Басында түйе жүн тақия, аяқта жұмсақ былғары мәсі, үстіне ылғи таза жүннен тоқылған жеңіл, жылы киімдер киген. Жүзі күнәсіз сәбилік пішінде болса да, кәрі көзі өткір де зерделі. Қарияның әдеті – хақбалтыда болсын, кешкі аста болсын шәйін өте ыстық ішпейді, таза салқын су қосып отырады. Балға батырып қара нан жейді.

Хақбалтыдан соң қария талабе дәрісті бастауға кіріседі. Кітапты кез-келген жерінен ашып еді, 10-сөз шықты. Дәрісхананың жап-жарық залына жиналған елу-алпыс тыңдаушы тым-тырыс, құрметті талабенің аузынан шығатын сөзге ынтық.

Хашир яки қайта тірілу сенімі – адамның жеке өміріне де, қоғамдық өміріне де орасан пайдасы бар. Мәселен, бұл дүниедегі адамзаттың жартысы жасөспірімдер. Олардың бәрі жаннат сеніміне өте зәру. Қазаға ұшырап жатқан құрбылары туралы «Олар енді, Жанннатың құсына айналды. Бұл өмірден әлдеқайда бақытты мәңгі өмірде сайран салуда» деп, сенгенде ғана сәби көңілдері, нәзік жүректері тыныштық табады. Және дүниедегі адамзаттың екінші жартысы қариялар. Олар да ақыретте мәңгі өмірдің жалғасатынына сеніп, бұ дүниедегі азайған өмірін жұбатады. Жақын қалған қабір есігін жоғалу қақпасы емес, бақыт есігі деп біліп, уайымшыл кәрі көкірегінде үміт шамы жанады. Тіпті, дүниені дүр сілкіндіріп, тірішілікті қыздырып жүрген жастардың өзі, жаннаттың қарсысы болған жаһаннамнан қорқу сезімі болмаса, бұл өмірді тас-талқан қылар еді ғой. Бұл өмірде адамға қымбат орта өз отбасы. Онда көңілінің төріндегі ең сүйіктілері – ата- анасы, жар-жұбайы, сүйкімді бала-шағасы бар. Егер ақыреттік сенім болмаса, бұлардан мәңгі айырылудан өткен қасірет бар ма!? Міне, ақырет сенімі осылармен мәңгі өмірде қайта қауыштырады, қартайған, жүзінің әрі тайған жұбайы, мәңгі өмірде хор қызы болып жап-жас қалпында құшағына оралады. Сөйтіп, бұл қысқа өмірдегі жұбайлық сыйластық, адамдықтың нәтижесі жаннаттық сыйластыққа айналады екен. Олай болса, жар қызығы қысқа сәттердегі лаззаттарда емес,  мәңгі таусылмайтын рахатқа арналғаны – адамды хайуандық сезімнен құтқарып, рухани биікке көтереді. Осылайша, қоғамдағы ең зәру мәселелер хаширдың яғни қайта тірілу сенімінің нәтижесінде ғана қалыпты бола алатындығы – Ұлы ақиқаттың бар екендігін дәлелдей түседі. Яғни, қарынның ашуы тағамның бар екендігін дәлелдегеніндей, мәңгі өмірдің сенімі де хаширдың жүзеге асатындығын айқындайтын ақиқат болып табылады…

Тыңдаушыларын еш жалықтырмайтын, ұзақ та емес, қысқа да емес әңгіменің, маңызды мағыналары осылайша, әркімнің көкейінде өз дәрежесінде қалады. Әңгіме барысында, кейбір жастар аппараттарын жасырыңқырай ұстай отырып, қария талабенің сөзін жазып, суретін түсіріп қалуды ойластырады. Бәзбірі, әңгімесі аяқтала бере, қиыла сұрақ қояды: «Ұстаздың ерекше бір мінезін айтпайсыз ба?» Абуллаһ аби: «Мынау кітаптағы айтқандары – ұстаздың нағыз мінезі осы. Бұдан тыс нәрсе айтсақ, ол жаңсақтық, пендешілік болады» деп, сыр алдырмайды. «Қойған сұрағыңа лайықты жауап боларлық араб жұртының бір мақалы бар: «Ілім бір аңға ұқсайды, оны жоғалтпай ұстап тұрудың жолы жазу!» Міне, ұстаз жоғалтуға болмайтындарды түгел жазды, қажетсіздерін еш жаздырмады» деп шегелейді. Мұндай кездесуде, қария талабенің өз мінездері де көрінеді, өзін құрметтейтін жастарға әрдайым есте қаларлық, аз болса да саз сөздер айтады.

Қария талабе көп тыңдаушылардың ішінен сырқаттанып оралған біреуді тап басып таныды: «Тәуір болдың ба? Я, Аллаһ жәрдем берсін! Жақсы сөз бар: «сырқаттың көңілін сұра, себебі ол періштелерге ұқсайды»

Қария талабе екінші дәріс оқуға оны терең түсінетіндерді әрі жақсы түсіндіретіндерді шақырғысы келеді: «Селжук, кел! Мұхаммед Әли, кел!» деп, дауыстайды.

Әдетте, мұндай хақбалтыдан кейін, дәрісхана жігіттері қария талабені зиярет етуге алып жүреді. Қария талабелердің бірін-бірі көруі де бір қуаныш. Көріспегелі талай жыл өткендей құшақтасып көріседі. Белі бүгіле қартайған Салі Өзжан: «Сен біздің биімізсің! Қаншама еңбек Лұғатты жаздың ғой!» деп, Абдуллаһ абиді көтермелейді. Екеуі арғы-бергі өткендерді еске түсіріп, қауқылдаса сөйлесіп, мәз болысып қалады. Аз уақыт жүздесулерінде уақытқа берекет кіргендей өткен шақтағы талай оқиғалар елестеп өтеді. Кетер кезде Абдуллаһ аби: «Сен енді, орныңнан тұрмай-ақ қой! Тұрма, тұрмашы!» деп, белі бүгілген досына шыр-пыр боп, жанашырлық білдіреді.

Қария талебелердің бірі Мұстафа Сұңғыр абидің дәрісханасы өте кең, ескі заманнан бергі бір мұражайға ұқсайды. Екі қария талабе қатар орындыққа отырған соң, сәлем бере келген жастар бір дізерлеп отырып, амандық-саулық сұрасады. Қаншама жыл кітапқа тесілсе де, қария талабелердің көздері таңғаларлық, көрулері әлсіремеген.  Әрине, оның хикметі иманда екені анық. Әр кез: «Аллаһтан кемшілігіміздің кешірілуін тілейміз!» деп дұға жасайды. Зиярет соңында қария талебелер жастардан біраз оңаша қалдыруларын өтінеді. Әрине, өз сырлары да бар. Кетерде өте алыс сапарға аттанардай, қол алысып қоштасады. Яғни, бүгін бар, ертең жоқ ғайып дүние екендігін осылайша еске түсіріседі.

  1. Ақшам асы

Дәрісханада ақшам асы қыста ақшам асынан кейін, жазда ақшам намазынан бұрын болады. Бұл уақыт адам тәбетінің ең артатын кезі. Таңғы ас бойға әбден тарап аяқталып, ас қорыту жүйесі күндізгі уақытта тынығып, ендігі кезекте денеге ауқаттың қажет болған сәті. Міне, дәрісханадағы тамақтану тәртібі осындағы тұрмыс салтына әрі адамның  табиғи болмысына сәйкестірілген. Дәрісханада күні бойы оқудан, келетіндерге дәріс беруден енді жалыға бастаған уақытта «Ақшам асы әзір!» деген кезекшінің дауысы естіледі. Кім кезекші болса, ол өзінің ең жақсы білетін, қолынан келетін тамағын жасайды. Мәселен, Селжук мержімек пен ноқат сорпасын, Білгехан тоқ пеште пісіретін домалақ ет пен сарымсақты, Метин түрік палауын, Шенол кәртөшкелі сорпаны, Мехмет әртүрлі көкөніс қуырдағын, Якуп қызанақты жұмыртқаны тамаша етіп, тіл үйіртіп жасайды. Сонда, дәрісхана тағамы осылайша, әр күні әр түрлі болатындықтан адамдарды жалықтырмайды. Әдетте, ақшам тағамы әртүрлі сорпалар мен пісірілген тамақ түрлері және дайындаған түрлі салаттармен бірге болады. Әрбір тағамнан жей отырып, адам тез тоғаяды. Және таңнан кейін кешкі дастарханда қайта қауышқандықтан әркім қызық пікірлер, қысқа әңгімелер де айтып, кешкі ас әрқашан көңілді болады. Мысалы, кешкі ас үстіне келген студент: «Ұлтшылдық шайтаннан басталды» деді, «Ол, мен – оттан,  адам – топырақтан» деген пікірді алғаш шығарған сол» деді.   Бірі оны жалғастырып әкетті: «Иә, дінсіздер де шайтанның осы ұлтшылдық пікірін дінге қарсы пайдаланып кетті. Мәселен, құдайсыз атеистер билік жүргізген елдің бәрінде ұлтшылдық дерті күшейді. Яғни, атеистер дінсіздіктің бос қалған орнына ұлтшылдықты әдейі енгізетін». Бірі ол әңгімені қорытады: «Шындығында, ұлтшылдық жеке  адам үшін – дерт, иманына бөгет жасайды, халық үшін – өрт, бір халық пен бір халықтың достығын айырып, жауластырады». Тағы бірі тағы бір әңгімені бастайды, арасында әзіл де араласып, кеңкілдеген көңілді күлкі кеуде, қарыныңды қозғап, жеген асың да сіңімді болады.

Дәрісхана әдетінде, ас дайындаушыға әркім «Аллаһ разы болсын!» дейді, не «Қолыңа саулық!» дейді, ас пісіруші де «ауқат сіңімді болсын!» айтады.

Енді, біраз уақытта рухани азық – ақшам дәрісі де басталады: Ұлы Жаратушы өзінің шексіз Құдіретімен, сыры терең хикіметімен әлемге салыстырғанда кіп-кішкентай адамды ғажайып етіп жаратқан. Айналадағыны айнытпай қабылдайтын неше алуан сезім мүшелері бар және ненің бәріне икемді, әр нені жасауға бейім аяқ-қол секілді құралдары бар. Тағы да ақыл-ой, сөз сөйлеу сынды рухани аспаптарды бір-бірімен үйлескендігі сонша, Ұлы Жаратушы осынша нығметін, теңдессіз сыйлығын өзін таныттыру үшін бергені сөзсіз. Яғни, Алла Тағаланың қасиетті мың бір есімінің шұғылалы көріністерін адам өз болмысынан танып, таңғалсын, сонсоң маған табынсын, дегені. Өйткені, осы адам бойындағы сан-салалы сезімдер мен мүшелердің өз-өз қасиеті бар, Жаратушысына жасайтын өз-өзіндік  құлшылығы бар. Осындай болған соң олардың жеке-жеке алатын лаззаты да, тартатын уайым-қайғысы да бар. Мысалы, көз жанарымызға қарайық: Ол айналадағы алуан түр-түсті, сансыз пішінді бейнелерді көріп таңданады, Құдірет Иесінің сырлы дүниесіне өз көзімен куә болады. Осындай көз жаратып берген теңдессіз Ұлы Ұстасына шүкір етеді. Ал, біздің көз арқылы көретін қуанышымыз бен қайғымыз өз алдына әңгіме.

Құлағымыз айнала дүниедегі не түрлі дыбыстың бәрін естиді. Адамның сөзін естіп түсінеді, құстың сазды әуенін тыңдап таңданады. Ұлы Жаратушыны рахмет үні болған желдің суылын, жаңбырдың тысырын, бұлақтың сылдырын, жапырақтың сыбдырын сезініп, рахатқа кенеледі. Осындай нығмет үшін құлақ та Ұлы Ұстасына құлдық ұрады, оның сауабынан да өзіндік үлесін алады.

Мұрынымыздағы иіс сезу болса, айнала дүниедегі Ұлы Жаратушының рахмет жұпары болған аңқыма неше алуан өсімдіктің иісін алып, рахатқа бөленеді. Тағамның татымды иісінен түшіркенеді, харам ортаның жарамсыз иісіне жиренеді. Осындай сезімнің әсерінен адам сүйкімді мен жиіркенішті ажыратып үйренеді. Міне, мұндағы ғажап сыйлығы үшін оны жаратқан Ұлы Ұстасына құлдық ұрады, оның сауабынан да өзіндік үлесін алады. Ал, ауызымыздағы тілдің әр түрлі дәмді сезуі тіпті, таңғаларлық іс. Өмірі татып көрмеген бөтен бір жемістің айрықша дәмділігін ол біле алады. Қанша дәм болса, сонша біле алатын кірпияз сезім, тілдің тырнақтай алаңына сиысқан. Тіл де тәтті-дәмдіден ләззат алып, өзінің Жаратушы Иесіне шүкір етеді. Расында, дәмді тағам мен тәтті жемістер үшінгі шүкірдің жауабы – ақырет дүниесіндегі  Жаннат бақшасында сансыз есе ләззатымен қайта берілетін болады. Яғни, бұл дүниеде тілді үйіретін жеміс жеген соң айтылатын «Әлхамдуллилаһ» сөзі, жаннатта сонша сансыз жемістерге айналады. Бұл пікірлер Құран Кәрім мен сахих хадистерде берік дәлелденген-ді.

Осынша алуан сезімдердің бұл дүниедегі құмарлықтарын тиып, оны құлшылық жолындағы махаббатқа айналдыра білген адамға, дәл сол сезімдердің тілегеніндей жетпіс қабат таңғажайып көйлекке оранған хор қыздары Жаннатта алдынан шығатыны көптеген аяттарда хикметпен суреттелген. Яғни, өтпелі дүниедегі, алып ұшқан жастық сезімдерін, сабыр мен ғибадатқа айналдыра білген әркімге, ақырет дүниесінде мәңгі жастық, таусылмас рахат берілетіні ақиқатпен шүйіншіленген-ді.

 

  1. ТҮНГІ ҚОНАҚ

Кейде, дәрісханаға әбден түнде қонақтар келеді. Алыстан, кез-келген қаладан. Он бес миллион халқы бар, екі құрлыққа теңіз бұғазы арқылы бөлініп жатқан алып шаһардың бір түкпіріндегі дәрісхананы айнытпай тауып келетіндердің көбі – мұнда бірінші келгендер болып шығады. Яғни мұнда көзге көрінбейтін жіп секілді қоғамдық бір жүйе бар болғаны. Мәселен, жаңағы қонақтар келген кез түнгі он жарым болған Құптан намазы өткен уақыт еді.

Келген қонақты қабылдау әдетте, дәрісхана құрылысының сыртындағы қақпадан басталады. Әдіресті біліп келген жолаушы дәрісхана нөмірі жазылған түймені басуы керек. Іштен, радио-микрофон арқылы «Ол кім екен?» деп, дәрісханадағылардың біреуі сұрағанда, келген адам, мұндағы белгілі біреудің  атын атаса, жетіп жатыр, сыртқы есік ашылады, іштегі есік те ашылып қойылады. Қонақтарды күтіп тұрған кісі, келушілерді жылы шыраймен құшақтай қарсы алады. Таныса да, танымаса да бұлар «діндес бауырлар» екені күмәнсіз.  Сырттан кіре, дәлізге сөмкелерін қойып, шешініп, жуынып дәрісхана залына кіріп отырған соң олармен танысу басталады. Әркім өз аты-жөнін атап, қай жерлік екенін айтады. Мәселен, жаңағы келген үш жігіт Ақсарайлықтар болып шықты. Көзәйнектісі «Мен Бүлентпін» деді, боксер пішіндісі  Гөкхан, арық сары Әли есімді болып шықты. Ат аталған соң, жаңа таныстармен тағы да жақындасып қалғандай  боласың. Есімдерінің мағынасын қызықтайсың, мысалы Бүлент, парсыша «ұзын» деген мағынаны білдіреді, Гөкхан кәдімігі «көктің ханы» мағынасында, ескі түркі атауы, тәңірлік сенімнің бір белгісі. Ал, Әли Хазіреті Алидің құрметіне қойылатын  ең кең таралған арабша атау. Дәрісхана әдетінде, ақшам асынан кейін келген қонақтарға арнайы ас әзірлемейді. Олардың ыңғайына қарай тәтті-дәмділермен шәй құйылады, не алма, мәндерин, әпелсин секілді шөлді қандыратын жеміс-мейуе қойылады. Қонақтарға жеміс кесетін арнайы кішкентай пышақтар беріледі. Қалаған жемісін аршып жейді. (жаз, күз мезгілі болса көбінде қарбыз) Шәй ішіліп, жеміс желініп, дастархан басына тоғысқанда ылғи ойда жоқ, маңызды әңгіме басталып кетеді. Бұл жолы әлгі келгеннің бірі пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінезінің өзі мұғжиза деді. Яғни, жәй адамда мінездің екі шегі – асқан қаһармандық пен асқан мейірімділіктің бір мөлшерде болуы мүмкін емес. Ал, осындай мінездің пайғамбарда болуы, әрине мұғжиза. Мұғжиза деген әдеттегі заңдылықтан тыс болу деген сөз. Мәселен, Алла Тағаланың әдеттен тыс, адамзатпен  кәлемуллаһ яки өз тілінде Құран Кәрім сынды хат жіберуі мұғжиза болса, сол хаттағы ізгі сәлемді түгел өз бойына, мінезіне сіңіру де – мұғжиза болып шығады… Кейде, осындай он мүйнөттік әңгіме – он сағаттық дәрістің құнымен теңеседі. Қонақтардың құрметі артып, рухани туыстығы тіптен сезіледі. Олардың да түу шалғайдан іздеп келгені рухани азық – дәрісхана дәрістері. Шәйдан соң дәріс те басталады:

Иманның нұры адам мен Алла тағаланы жалғастыратын ерекше бір байланыс. Яғни, жүректегі иманның жарығы – Ұлы Жаратушының теңдессіз шеберлігі мен оның көркем есімдерінің нақыштарын өн-бойына сіңіріп, өзінің адамдық қасиетін асқақтатады. Күпірлік болса, көкірек қараңғылығы болғандықтан Жаратушы арасындағы байланысты үзіп, адамдықты құрдымға құлдыратады. Ондай имансыз адамның көкірек көзі көр болып, Ұлы Жаратушының шеберлігі  ол үшін мүлде көмескі қалады. Ондайлар дүниені тек заттық көзбен бағалайды. Ал заттық дүние құнсыз. Өтпелі, өзгермелі болғандықтан  хайуанның өміріне тән, мағынасыз. Мұның мысалы, алтыннан жасалған ежелгі заманның өнер туындысы – оның хас шебері атынан мақталып, қол өнер дүкеніне апарылса, аса жоғары бағаға өтетіні анық. Ал, әлгі құнды затты темір-терсек, көр-жер сататын бір дүкенге қоя салса, еш құны жоқ, бір елеусіз нәрсеге айналады. Міне, адам пенде де дәл осындай Ұлы Жаратушының шексіз шеберлігінің кішкентай үлгісі. Яғни, Ұлы Жаратушының көркем есімдері мен шұғылалы сипаттары адам бойына топтастырылған. Оның бойындағы осынау ғажайып мағыналар жүрегіндегі иман нұры арқылы танылады. Мүмин оны өзінің сана-сезімімен оқи алады: «Мен Ұлы Жаратушының шексіз өнерінің, ғажайып туындысымын, соның мүлкімін» Осындай қортындыға келген адам, өзінің Ұлы Ұстасының шеберлігін мойындаумен қатар, өзі де оның айнасы болғандығын түсініп, нағыз бағасы мен мақсатын білетін болады. Өзінің барша жан-жануарлардан биік мәртебе иесі екенін, сондықтан да Алла Тағаланың әмірін тыңдаушы әрі орындаушы ретінде мәңгі ақырет дүниесіндегі Жаннатқа лайық екенін, бұл өтпелі пәни дүниенің қонағы екенін ұғады. Ал, күпірлікке ұшырағандарға болса, Ұлы Ұстаның ғажайып көркем өнері мен шексіз сырға толы нақыштары ашылмай, қапаста қалады. Міне, күпірлік осылайша адамдық асыл қасиетті жойып, бағалы жарқыраған алмасты, еш бағасыз қара көмірге айналдырады.

Сонымен қатар адамның бойындағы иман нұры – өзін ғана оқытып қоймай, айнала жаратылысты да жарқыратады. Яғни, өткен шақ пен болашақты да қараңғылықтан құтқарады. Мысалы, екі асқар таудың ортасындағы жіңішке көпірдің үстінде тұрмын. Дүние тас-түнек. Қалта шамымды жағып едім, оң жағым мазар, сол жағым дауыл, алдымда айдаһар көрінді. Қорқыныштан қалта шамымды жерге бір ұрғанымда, оның шашыраған сынығы электр түймесіне тиіп кеткендей дүние жарқырап сала берді. Тар көпір дегенім кең сахара даңғыл жол екен, мазар деген бау-бақша, дауылды шыңырау дегенім әсем асқар тау баурайындағы демалыста, ән шырқаған көңілді қауым екен. Айдаһар болса, түйе, сиыр секілід пайдалы жануарлар болып шықты.  Иман нұры мені қорқынышты оқиғадан құтқарды: Мысалдағы екі тау дегеніміз – бұл дүние мен қабір әлемінің арасы. Көпір дегеніміз өмір жолы, оң жақ болса өткен шақ, сол жағымыз болашақ екен. Ал, қалта шамы деп атағанымыз – адамның өзінің қысқа ақылы, менмен көңілі болғаны. Онымен бұл дүниеде тек өзінің көз алындағы көргеніне ғана иланады, бәрін баянсыз қорқынышты бейнеде елестетеді. Яғни, имансыз адам дүниеден үмітін үзеді. Егер, тек өз ақылына ғана сенуді тәрк етіп, менмендіктен баз кешіп, Алла Тағаланың Ұлы кітабы Құранға сенген сәтте, көкірек көзі жарқырап, айнала жаратылысты ақиқатпен көре алатын болады. Ондай иманның жарығына қауышқан адам өлімді мәңгілік өмірдің кіріспесі, қабірді мәңгі ақырет есігіне барар жолдың баспалдағы деп таниды.

Мінеки, адастыратын шолақ ақыл, мас болдыратын менмен нәпсіден тек, иманның жарқыраған шұғыласы ғана құтқара алатынына сенбеске амалың қалмайды.

 

  1. ЖАС ШӘКІРТТЕР

Дәрісхана шәкірттерінің жасында шектеу жоқ. Ес кіріп, нәрсе ұғатын, жақсы сөйлейтін бес-алты жастағы баладан бастап, бақуатты жетпіс-сексен жастағы қариялар да дәрісханаға келіп дәріс тыңдайды. Әдетте, өте жас балаларды дәріске құлағы үйір бола берсін деп, әкелері ертіп келетін болса, қарияларды кеш те болса көзі ашылсын деп, балалары ертіп келеді.

Ал бұлардың арасында мектеп жасындағы оқушылардың орны бөлек. Олар да дәрісханамен тұрақты дәріске келетін әкесі не ағалары арқылы танысады.

Оқу маусымдарында дәрісхананың жас шәкірттері әдетте, мектептен тыс күндері сенбі, жексенбіде келеді. Сенбі күні он сағат шамасында есік қоңырауы шақырды. Мұса екен. Қасқа тістері көрініп, үнемі күліп тұратын ап-арық сіріңке қара бала.Үнемі осылай алдымен келеді. Бәріміз оны әзілдеп: «О, Хазіреті Мұса келді!» деп, қуанып қарсы аламыз. Ол басқа балалар келгенше, дәрісхана залындағы дибанда отырып, өзінің бастап оқып жүрген кітабының келген тұсынан ары жалғастырып оқуға кіріседі. Кешікпей есіктің келесі қоңырауы шақырады. Алтыншы сыныпта оқитын Дениз, балалық жеңілтектігі жоқ, үлкендерше байыпты сөйлейтін ерекше мінезі бар. Осылайша бес-он минөт аралығымен оқушылар жиналады.  Ең соңында асығып, ентігіп көзәйнекті толық бала Оспан жетеді. Кейде жанында сыныптас досы Әли де болады. Оспан асығам деп қатты жүріп шөлдеген болу керек, бұрыштағы таза судан біраз жұтып, шөлін қандырып алып салонға жүгіреді. Онда Мехмет аби алты-жеті жас шәкіртке дәрісті бастап та кеткен-ді.

Орта мектепте оқылатын математика, физика, химия, биология, астрономия тағы басқа пәндерді терең түсінген оқушы, оның мазмұнынан Ұлы Жаратушыны тани алады. Мысалы, ғажайып бір дәріхана  бар дейік. Әрбір құтысы тірі, ішіндегі қоймалжың заттар өте дәл өлшеммен салынған. Әрі үнемі өзгеріп ауысса да қасиеті еш өзгермейді.  Мұндай дәріхананың иесі кім болу керек? Әрине, ол аса епті, шексіз нәзік өлшеммен іс істей білетін, асқан дана біреу болу керек қой. Олай десек, жер жүзі осындай ғажайып дәріханаға ұқсайды. Онда тіршілік ететін төрт жүз мыңнан астам түрлі өсімдік пен жануарлардың әр бірі – бір-бір жанды құты тәрізді. Сіздердің оқитын ботаника, биология пәні осылардың ғажайып құрылымдарын танытады. Олай болса, қарапайым бір дәріхананың маман химигі болатыны секілді,  жершары сынды ғажайып дәріхананың да иесі болуы заңды ғой. Ол әлбетте, Ұлы Жаратушы  Алла Тағаладан өзге ешкім де емес.

Немесе, бір үлкен фабрика бар дейік, өте қарапайым заттан неше мыңдаған түрлі маталарды тоқып шығарады. Оның асқан ақылды иесі бар екенін мойындаймыз. Олай болса, қарапайым топырақ пен судан жүз мың түрлі, өңді, түсті сансыз пішінді өсімдіктер дүниесінің жаралуы – қалай иесіз бола алсын!? Осындай, «жержүзі» деп аталатын сансыз тетігі бар, әрбір тетіктің де жүз мыңдаған бөлшегі бар, бір мезет тыным таппай қызмет атқаратын алып мәшине есеп-қисапсыз іс атқаруы мүмкін бе? Оны құрастырыру үшін асқан физик, әрі асқан математик болуы шарт.

Олай болса, мектептен осы екі пәннің қарапайымнан бастап үйретіліп, жоғарғы математика деңгейіне дейін кете беретін шексіз танымдары, сіздерге тағы да шексіз ілім  иесі Алла Тағаланы танытқаны деп, түсіну керек. Өзіміз қолданатын кіп-кішкентай қарапайым автомәшиненің жасаушы иесі болғаны секілді таңғажайып мәшиненің Иесі болмауы ақылға сия ма? «Жершары» деп аталатын осындай алып мәшине, Күн жүйесінде оны асқан жылдамдықпен айналады. Әрі осы айналым кезінде, секундтың миллион үлесіндей қателік болмайды. Онымен қоса жерді өзінің серігі – түнгі шырағы ай да мүлтіксіз дәл есеппен айналып жүреді. Осы керемет ғылымның негізін үйрететін астрономия пәні де, өз кезегінде шексіз кеңістіктің Иесі бар екенін ишарат етеді. Ішінде үш жүз жолаушысы бар бір ұшақтың ұшқышы жоқ десек не басқарушысы жоқ өз бетімен жүр десек, кім сенеді? Олай болса, жершары секілді төрт маусымы мүлтіксіз, үздіксіз ауысатын, үстіндегі миллиярдтаған тіршілік иелеріне мың бір түрлі азық-түлікті бір сәт кешіктірмей жеткізіп, үстіне салып алып, шексіз қашықтықтағы саяхаттта кетіп ара жатқан таңғажайып кеменің иесі жоқ деу, есі жоқтың сөзі ғой!

Міне, қазір оқып жүрген, технология деген пәндерің жермен салыстырғанда, кіп-кішкентай өнеркәсіптердің ішкі күрделі жүйелерін қалай таныстырса, онда ол – жердүниенің де  Ұлы Ұстасынан хабар бергені. Тағы бір мысалмен анықтай түссек, төрт жүз мың түрлі нәсілден құралған, жалпы саны триллиондарға кететін тіпті, одан көп, бір қала тұрғыны бар дейік, әрбір нәсілдің тамағы әр басқа, киімі мен қару-жарағы да бір-біріне ұқсамайды, тәлім-тәрбиесі де бір-бірінен мүлде бөлек… осындай осындай күрделі тұрғынның аталған қажеттіліктері ешбір кемшіліксіз, сәт-сәтінде орындалып тұрса, ол қаланың асқан дана бір әкімі бар екенін еріксіз мойындаймыз. Мысалдағы қала, жер мен оның жанды мақұлықтары десек, осынша ғажаптың Ұлы Иесі бар екенін мойындап қана қоймай, оған сүйсінуге, тануға, оның бұйрықтарын орындауға тиіс емеспіз бе!?

Тағы бір мысал, осы жершарымыздан миллион есе үлкен Күннің миллиард жылдан бері бір сөнбей жанып тұрғанын немен түсіндіреміз? Мәселен, күннің осылайша бір күн ғана сөнбей тұруы үшін жержүзінің мұхит суындай жанармай, таулардай көмір яки мыңдаған жер шарындай отын керек екен. Ал Күннен де миллион есе үлкен әлемде сансыз алып жұлдыздар бар екенін ескерсек, әлем атты қаланың жарқыратып тұрған электр жүйесінің Иесі, теңдессіз құдіретті екенін түсіну қиын емес. Олай болса, ендігі оқылатын ядрофизика, электр қуаты секілді мамандық пәнде де Ұлы Жаратушының сипаттарынан  сендерге хабар береді.

Осындай ғылым саласының қазіргі жүздеген пәндері, қайсысы болса да Ұлы Жаратушының мың бір есімдерінің нақыштарының құпиясын ашады, сол арқылы өзін таныттырады.

Олай болса, балалар, ғылым пәндерін қаншалықты терең игерсеңдер, соншалықты Алла Тағаланың уахданиет яки жалғыздық сипатын тани түсесіңдер.

Жас шәкірттерге бұл дәріс өте қызықты болды. Жалықтырмайтын ғана уақытқа созылған дәрістен соң, жас шәкірттер тәтті-дәмді жеп, шәй ішіп, көңілді шуласып үйлеріне қайтады. Енді, түстен кейінгі кезектегілер де келеді.

 

  1. ӨТІНІШ

Бір дәрісханада бірге тұратын адамдар үлкенінен кішісіне қария, бір отбасыдағы аға-бауыр іспетті. Қандай сәтте де кішісі үлкенін аби яки ағатай деп, үлкені кішісін  кардешім яки інішегім деп, шақырады. Өз-өздерін осылай іштарта жақындықпен атау – олардың арасында бір-біріне құрмет әрі дін бауырластығының сүйіспеншілігін қалыптастырады. Дәріханадағы сегіз-тоғыз кісі елдің елдің әр тарапынан келген, жергілікті дәстүрлері басқа-басқа болса да, мінездері түрлі-түрлі болса да, жас айыр машылықтары жас өспірім бозбаладан, жігіт ағасы жасқа дейін болса да олардың арасында тіл табыспаушылық еш көрінбейді. Қайта, соншама тіл табысушылықтың болғанына таңғаласың. Бір-біріне үлкендік жасап бұйырушылық атымен болмайды, тек өтініш жасайды. Дәрісханадағы жәй бір өтініштің күштілігі сонша, тапсырылған іс ың-жыңсыз орындалады. Дін ұмытылған қоғамда, өтініш – жалыну секілді сезім тудыратын төменшілік қатынасы іспетті болса, дінбауырластығы жетілген қоғамда өтініш – құрмет көрсету дәрежесіне дейін биіктеген қатынастың ең әдемі түріне айналған.

Бөлменің есігі ақырын тықылдады. Кітаптан көзімді  алып «иә» деймін. Есік ақырын ашылып, Білгеханның сары шаштары көрінді. «Аби, мен тысқа шығып барамын. Бір қажеттілігіңіз бар ма?» «Иә, бар…» дедім, ол қасыма келді. Иығынан ұстап жүзіне күліп қарадым, «Білге, кеуде сүйегіңе қарасам, сенен тамаша спортшы шығатынға ұқсайды» Ол да күлді. «Алла разы болсын сізге!» «Бірақ, сен математиксің ғой, қайсысы дұрыс?» Ол да әзілдейді: «Аби, сіз білесіз, қайсысы дұрыс айтыңыз?» «Жарайды, жарайды, ол әңгімені кешке жалғастырайық та! Сені жолыңнан қалдырдым… Аллаһ жолыңды ашық етсін!» Білге: «Аби, тапсырарыңыз?..»  «Алла разы болсын! Қажеттілігіңді сұрап тұрған жерде, адамның басқа бір қажеттілігі болуы мүмкін бе?!» Ол да осы ойдың мағынасын түсініп, разы болған сыңайда: «Аби, маған дұға етіңіз!»деп, сыбдырсыз есіктен шықты. Мен де: «Я,  Алла Тағала, осы бауырымды, көшедегі әртүрлі пәле-қаладан, сақтай гөр!» деп, фатиха оқып дұға жасадым. Яғни, дәрісханадағы дін бауырластар қайда жүрсе де бір-бірімен рухани байланыста, тілектес, ниеттес екені көрінеді.

Алдымдағы үзілген дәріске үңілдім: Хазіреті Юнүс пен пайғамбарымыз алейһсаллату уассааламның мінажат дұғалары ең қабыл болғыш дұғалардың үлгісі болып жалғаса береді. Мысалы, Хазіреті Юнүс(а.с.) туралы әйгілі қиссаның мазмұны мынандай: Юнүстің дұшпандары оны кемеден теңізге лақтырады. Осы сәтте оны аңдып тұрғандай бір үлкен балық тірідей жұтып қояды. Ол енді, ешқайда шыға алмастай балықтың қарынына қамалды. Ал, айналасында құтқара қояды-ау дейтін бір де бір жанашыр досы қалмаған.  Астыңғы жағы толқыны аласұрған тұңғиық теңіз. Үсті бұлт бүркеп, дауыл ұйтқыған тас қараңғы түн. Ең қиын кезде де үзілмейтін үміт мұнда толық үзілген. Осы сәтте Юнүстің жалғыз Алла Тағаладан ғана үмітін үзбей, жәрдем тілеген мінәжат дұғасы қабыл болды. Мұндай таңғаларлық мінәжат дұғаның сыры неде!?  Мұндай қиын жағдайда адамның үміт артатын себептерінің еш пайдасы жоқ екені анық. Айналадағы бүкіл жаратылыс бірігіп оған көмекке келсе де ештеңе жасай алмас еді, аз бір жәрдем беруге де жарамас еді. Өйткені, дүлей балық, қорқынышты теңіз, меңіреу түн үшеуі бірігіп алған-ды. Бірінен құтылсаң, бәрібір біріне тұтыласың. Міне, мұндайда осы үшеуіне бірдей, бір сәтте үкімі жүретін Біреудің қажет екені айдан анық. Ол барлық себептерді жаратушы, бәріне үкімін жүргізе алушы Алла Тағала ғана. Мінажаттың қабыл болу сыры осы ақиқатты пащ етеді. Тәухидтің нұры дүлей балықты – қауіп-қатерсіз сүңгуір кемеге айналдырды, толқыны таудай, қорқынышты тұңғиық теңізді құлпырған жазира далаға өзгертті, бұлт басқан меңіреу түнгі аспанды – ай жарығымен нұрланған көңілді мекеннің, көгілдір шатыры етті.

Бұл таңғажайып оқиға Ұлы Жаратушының шексіз құдіретін дәлелдеп, балыққа жұтылған Юнүс теңіз жағалауында, саялы ағаштың көлеңкесінде, сау-сәламат қалпында есін жиды.

Енді, осы қиссаның мәніне назар аударайық. Қиссадағы түн бейнесі біздің болашағымыз. Мынау, тіршілікке алданған ақымақтығымызды ойласақ, біздің болашағымыз Хазіреті Юнүстің  түніне қарағанда жүз есе түнек!  Ал, теңіздің бейнесі болса, бізге бесік болған жершарымыз. Әр толқынындағы мыңдаған өлім кезектері болса, Юнүстің теңізіне қарағанда біздің теңіз мың есе қорқынышты. Балық бейнесі болса, өзіміздің нәпсіміз. Бізді мәңгілік өмірге жеткізбей әрдайым жұтқысы келеді. Олай болса, қиссадағы балықтан біздікі мың есе қорқынышты. Ол балық біреудің жүз жылдық өмірін ғана жұтып жоқ етсе, біздің нәпсі-балығымыз – мәңгілік миллиярдтаған жыл өмірді түгел жоюға, аузын арандай ашып төніп тұр!

Осыны түсіне алсақ, барлық себептерге ауып кеткен көңілімізді тазартып, бүкіл себептерді жаратып, оған үкімін жүргізген Алла Тағалаға ғана жалбарынып, соған ғана тәуекел етіп, Соның көрсеткен хақ жолымен жүруді асыл мақсат еткеніміз абзал. Сонда ғана, иманның нұры көңілімізді жарқыратып, Құранның шұғыласы жолымызды айдындатып, болашағымызға адаспай бара аламыз, иншалла.

 

7. ӘР  СӨЗДЕ  САУАП

Дәрісхана өмірін қазіргі кездегі мұсылмандық қарым-қатынастың үлгісі деуге болады. Дінсіздік ағымында ұмытылған сүннет әдептері осында жанданып, адамдардың бойына сіңіріледі. Солардың ішінде, тек біраз ілтипат сөздерді ғана еске түсірейік. Дәрісханаға қай кезде болса да, кім болса да, танитын-танымйтын әркім келсе, оны жылы жүзбен, көңілді пішінмен қарсы алады. «Хош келдіңіз!» сөзі дәсүрлі түрде айтылады. Осы сөз келген адамның көңілін жылытады. Арықарай, емін-еркін танысудың жолын ашады. Танысушылар бір-бірімен танысқандығына қуанышты екендерін айтысады. «Сізбен танысқаныма қуаныштымын!» Осы ілтипат сөзде жаңа жолығушыларды жақындастыратын бір көзге көрінбейтін нәзік көңіл жібі бар. Жүзің сәл кірбің тартса, жағдайыңды сұрасады. «Сәл, басым ауырып, ештеңе емес…» десең де, шын ықыласымен «Тез сауығуыңды тілеймін!» дейді.  Тазаланыпғ қырынған сәтіңде: «Саулыққа кенеліңіз!» десе, осы тілектің де бір ыстық қуаты бойыңа күш беріп, құлшындырғандай сезінесің. Сыртқа шығып бара жатсаң: «Жолыңыз ашық болсын!» Осы сөз қолыңа сүйенетін таяқ ұстатқандай. Ас пісіріп алдына қойсаңыз: «Қолыңыз берекетті болсын!»  деген ықыласын айтады. Кітапты қолыңызға алып, біраз дәріс оқып берсеңіз: «Алланың разылығына бөленіңіз!» деген алғыс аласың. Міне, сол үшін де тағы бір дәрісті бастаймыз:

Исламдағы иман негіздерінің бірі «тағдырға сену» деп, аталады. Тағдырға нық сенген адам, сырқатқа шалдығып қиналса да, тауқымет шегіп қысылса да, нендей жағдайда да Алла Тағалаға кінә артқандай шағымдануға хақысы жоқ.

Неге? Ұлы Жаратушы адам-пендесіне кигізген тағдыр атты көйлегін, өзінің құдіретімен сан құбылтады. Оны кесіп-пішеді, ауыспішеді, ауыстырады, өзгертеді. Сол арқылы қасиетті мың бір есімдерін жеке-жеке шағылыстырып көрсетеді. Мысалы, Аллаһтың Шәфи есімі адамды кеселмен, Рәззақ есімі аштықпен сынап көреді. Бейне бір, ұстаның темірді от пен суға салып  шыңағаны секілді пәни өмір де бізге қилы қиыншылықтарымен, түрлі сырқаттарымен шыңдай түседі. Сол арқылы рухани тазару басталады, тазару арқылы рухани жетілу басталады, жетілу адамды кемелдендіреді. Кемелденген адам ғана, келешек үшін яғни ақырет үшін жеміс бере алады. Әйтпесе, бір қалыпты рахат өмір, оны іштей ірітіп, тіршілігінің мәнін жояр еді.

Ал, нағыз ақиқатына жүгінсек, бұл дүние өмірі адамзат үшін бір сынақ алаңы, амал етіп, қызмет жасайтын орын ғана. Әйтпесе, рахатқа кенеліп, сый-сияпат көретін жері емес. Осыны түсінген жағдайда, адам пенденің қай-қайсысы ұшырайтын сырқат пен қиыншылықтарға дін ұстанымы бойынша, сабыр сақтауға, шүкір етуге тиіс. Осы шарт орындалған жағдайда әрбір қиын сәттегі сабыр, бір күндік құлшылық жасағанмен тең сауапқа айналады. Кейде, қиыншылықтың ауыр салмағына қарай бір минөттің өзі бір күндік құлшылыққа тең келуі мүмкін.  Өйткені, сырқатқа шалдығып пұшайман болған адам, өзінің шын әлсіздігін терең сезініп, Рахим Иесіне бар ықыласымен жалбарынады, әдеттегідей немқұрайлылық болмайды. Қиыншылық пен қайғылы сәттер қанша ұзақ көрінсе де, ол ұзақ өмір секілді пайда беретіндіктен оған ренжімеу керек, қайта қуану қажет.

Расында, адам-пенде өзіне берілген сабырды, уайымға салынып шашып жібермей, ретімен ұстаса, қандай қиындыққа да төтеп бере алады. Өйткені, пәни дүние мәңгі емес, өтіп кетеді. Сабырдың нәтижесінде, қиыншылықтың күйзелісі кетеді, рахаты орынайды, уайымы жоғалады, орнына сауабы келеді.

Сондықтан, не қиыншылық болса да, шағымданбай шын көңілмен шүкірлік ету керек. Себебі, шүкір ету әрдайым нығметті (Алланың жақсылықтары) арттырады, ал шағымдану болса, уайым-қайғыны тіпті, көбейтеді.

Біз әділдігінде, әлгі құлшылығымыз арқылы әуелгі кезекте, күнәлардан туындаған рухани сырқаттарымызға шипа тілеуге тиіспіз. Құлшылыұ ету қиындап, оған денсаулығымыз келмей қалғанда ғана, құлшылық жасау үшін денсаулық тілеп, жалбарыну өте лайықты болмақ.

Әуелде, Алла Тағаланың Ұлы билігін мойындап, оның әр ісіне разы екенімізді білдірген екенбіз, олай болса, сол билік тарапынан келген не жарлықтар болса да ризашылықпен қабыл алуға тиіспіз ғой.

 

8. ҚАР  КӨБЕЛЕКТЕР

Таң саз бере Станбұлға қар жауа бастды. Қыс маусымы болса да, жап-жасыл қалпы, жып-жылы болып тұрған алып шаһарға қардың жаууы бір тосын оқиға, бір хикмет секілді. Дәрісханадағылар терезенің алдына топтана жиналып, сыртқа таңдана қарасып қалды. Әуеде сансыз ақ көбелектер жеке-жеке  және әр тарапқа топтана ұшып ойнайды. Сан түрлі қызық қимылдар көрсетеді. Қараған сайын қар ұшқындары қар шыбындарға, қар масаларға, қар көбелектерге ұқсап, қала көшелеріндегі бозғыл перделердің бәрі ойын алаңына айналған секілді көрінеді. Тұрғандар таңданып таңдай қағысады: «Моңғолияда, Қазақстанда осындай бола ма?» деп, сұрасады. Бір кезде Якуп: «О, періштелер сайран салуда!» деп, дауыстады. Бәріміз күлдік. Есімізге, «әр жаңбыр тамшысын яки қар түйірін бір-бір періште түсіреді. Ол періштеге келесі кезек келмейді» деген әңгіме есімізге түсті…

Станбұлдың кең аспанында, жұмадан бастап, үш-төрт күн бойы расында, «қар мейрамы» болды. Алғашқы күні қар, жапырақтай-жапырақтай болып, қапалақтап жауа бастаған-ды. Соңғы үш күн бойы, бүртіктеп тынбай борауда. Қар қылаулары, қар түйіршіктері, қар бүртіктері деген бұл сөздердің қай-қайсысы да, оған сәйкес емес, болғандықтан, бейнелерге келтіріп айтсақ, әлдеқайда жақын, дәл болар еді. Яғни, қар-көбелектері, аппақ қар шыбындары, кіп-кішкентай қар құстары, өте әсем қар-гүл шешектері… сөз жетпес бір жанды заттар аспанда тыбай ойнаумен болды. Қызықтап қарасаң, қарай бергің келеді. Соншама, шексіз көп қар-ойыншылары  аспаннан бір мезетте қабаттаса зымырап келе жатса да ешқашан бір-бірімен соғыспайды, жоғары-төмен, оңға-солға, айнала-дөңгелене, шырайнала-шеңберлене ойын салса да, бір-біріне килікпейді. Бәрі бір-бірімен бір бағытқа жарысып келе жатқандай, не бір-бірін қуып келе жатқандай яғни бірінен-бірі қашып келе жатқанға да ұқсайды. Ең ғажабы – осынша көп «қар ойыншылардың» бір де бірі біз бақылап тұрған үлкен терезенің әйнегіне келіп соғылмауы. Көбі терезе түбіне жиналған қар-ойыншылардың  үстіне қабаттаса келіп қонады яғни осы жерде өмірі бітеді, енді мұзға, онан соң суға айналады.

Мұстафа бізге қалта телефонынан қар-гүлшешектерінің суретін көрсетті. Ғажап! Неше жүз мыңы болса да бір-біріне еш ұқсамайды. Ұлы Жаратушы өз шеберлігін қар түйіршігі арқылы да көрсеткен. Әлем Кітаптың «қар» бір ғана сөзінің ішіне сонша, сансыз, құпия сөздерді де жаза білген. Бізге оқысын, дегені. Неше күнге созылған «қар мейрамының» соңғы күнінде алып жасыл қаланың көшелері жіліншіктен келетін көбікқарға сіресіп қалды. Осы күні дәрісханаға дәріске жиналатындардың шамамен төрттен бірі келе алмады.  Келгендерге сауап, келмегендерге қар бір сынақ болды. Ақшам дәрісі қысқа да, нұсқа болды. Адамдардан мынандай сұрақтар туады. Құран аяттарын, әсіресе Фатиха мен Ясин сынды қасиетті сүрелерді рухтарға яғни рухтар атынан оқиды. Сонда, ол көптеген жандарға жетуі мүмкін бе, дейді.

Оңай мысалдан бастайық, Ұлы Жаратушы ауыздан шыққан сөздің найзағайдай жылдам, әрі жан-жаққа түгел тарауына ауаны егістік секілді әзірлеген яғни ауа атомдарын сөзді таситын құралға айналдырған. Радио-хабарды мысалға алсақ, бір нүктеден айтылған сөз, өз ауқымында мыңдаған, бәлкім миллиондаған қабылдағыштарда бір мезетте естіліп жатады. Дәл осы секілді, оқылған фатиха да иманды болған барлық рухтарға жететіндей етіп, Алла Тағала өзінің теңдессіз Құдіретімен, шексіз даналығымен рухани әлемде ерекше рухани ауа, рухани электр, рухани радио сынды таңғажайып құралдарын жайып тастаған. Иманды рухтардың өзіндік қабылдағыштары, сол мезетте-ақ, өз-өзімен жеке-жеке оқылып жатқан сүрелерді рухани күйде естіп, рахатқа кенеледі. Тағы, қарапайым мысал айтсақ, мыңдаған айнаның алдында, жанып тұрған жалғыз шам, әр бір айнада айна қатесіз көріне алады яғни рухани тұрғыда көбейе алады. Дәл сол мағынада, оқылған бір Ясин Шариф, миллиондаған рухтарға бағышталса да, әр біріне жеке бір Ясин Шариф бара алады.

 

9.КӨРШІ  РЕНЖІМЕСІН

Жоғарыға жәй басқыштармен көтерілетін құрылыстардың ең үстінде дәрісханалар болуы мүмкін. Ондай жағдайда, дәрісханадағылардың түсіп-шығу кезіде, төмендегі әлде-неше көршінің тыныштық мәселесі назарда болу керек. Сол үшін, дәрісхананың шығаберіс дәлізіне әдетте, ескерту жазылып қойылады: «Сізден өтінеміз! Көршілердің тыныштығын еш ұмытпаңыз!» деген. Осы өтініш қалтықсыз орындалады. Дәріске келіп –кететін, үлкен-кіші, бала-шаға кейде бір кезекте келетін алпыстан астам кісінің кіріп-шығуы кезінде, тіпті, алты адамның өлшеріндегі еш у-шу, тысыр-тықыр шықпайды. Яғни, сүннеттегі көрші хақына сақ болу мұнда әдеттке айналған, әдет қана емес, қанына сіңген. Сырт адамдары осыны байқамаймыз екен. Бірде Мехметпен бірге, сыртқы дуалдың есігінен ішке кірдік. Темір қақпаны бос жібере салып едім, есік қатты сарт ете түсті. Мехмет тіксініп қалды. «А, бұл дыбыс бүкіл көршілерді селк еткізуі мүмкін» деді, «Ақырын, өте ақырын жабу дұрыс!»

Бірде шетелдік бір қонақ дәрісханаға келді. Ол шығар есіктің алдында көңілдене сөйлеп, қаттырақ күлді. Оны шығарып салушы дәрісханалықтардың бірі: «Өтінем! Көршілер!» деп, қалып еді, осы сөздің оған қатты әсер еткені сонша, ол көзі бақырайып, алақанымен аузын баса қалды. Ал дәрісханалықтар үшін бөлмеден шығарда, сатыдан түсерде дыбыс шығармау, дәлізде саңғырлап сөйлемеу, тысыры бар нәрселерді өте ақырын шығару, бәрі болмысына сіңген жәйт. Яғни, көрші хақына қатты назар аударудың Исламда маңызы зор. Көрші ренжісе, ол көрші – көршісіне жасайтын жақсы дұғасын азайтуы ықтимал ғой. Кейде, көршілердің өз арасында үнемі ренішті жағдайда болуы,  бірін-бірі еріксіз ғайбаттауға мәжбүр етуі мүмкін, бұл, әрине, екі көршіге  де, зиян болғаны…

Сонымен, тағы бір мәнді дәріске назар аударайық: Пәни дүниедегі нәрселердің жоғалуы яки аяқталуының көріністері өте әр алуан. Себебі, айналадағы дүниелер, бірін-бірі қоршаған шеңберге ұқсағандықтан, жоғалу уақыты да соған сай болмақ. Яғни, сағаттың секөнттен басталатын көрсеткіштері сырттай бір-біріне ұқсас болса да,  жылдамдықтары мүлде қарама-қайшы. Дәл сондай, адамның дән-денесі, нәпсі-қалауы, жүрек-сезімі, ақыл-ой шеңберлері де бір-бірінен өзгеше. Мәселен, адамның тән-денесінің тірлігі мен болмысы бір күн ғана, тіпті, бір сағат деуге де болады. Ал, тән-дененің өткен шағы да, болашағы да жоқ. Жүрек-сезімінің дәл қазіргі уақыттан көп күндер бұрын, көп күндер болашаққа дейінгі – уақыт аралығындағы өмір мен болмыс шеңбері өте кең. Ал, ақыл-ойда болса, дәл қазіргі уақыттан көп жылдар өткенге, көп жылдар келешекке дейінгі заман аралығын қамти алатын өмір мен болмыстың алып шеңбері бар. Міне, осындай ерекше қабілетіне қарай жүрек-сезімі мен ақыл-ой Аллаһты тану, Аллаһты сүю, Аллаһқа құлшылық ету, Аллаһтың ризалығына қауышу секілді маңызды мақсатымен бұл дүниедегі пәни өмірді, ақыреттегі мәңгілік өмірге айналдыра алады. Иә, Бақиы-Хақиқиды  яки мәңгілік Хақ Тағаланы тану, оны сүю, оның ризалығына ие болу сәтіндегі бір секөнттің өзі, асылында бір жылмен пара-пар. Расында, Хақ жолында болмаған пәни өмірдің бір жылы – бір секөнттей ғана бірдеңе.

Яғни, Хақ жолындағылардың бір секөнті өшпес жылдар секілді болса, адасқандардың – Хақты танымағандардың жүз жылының өзі бір секөнттей жылдам да мәсіз.

Осы бір құбылысты нақты байқаған адамдар былай деп, айтқан екен: «Қоштасу сәтінің бір секөнті бір жыл секілді ұзақ та, қауышудың бір жылы бір секөнттей жылдам» деп. Асылына келсек, бұл олай емес. Бақи Алла Тағаланың ризалығы аясындағы бір секөнт қауышу сәті, тіпті, бір жылдық қана емес, мәңгілік қауышудың есігін ашады емес пе?! Ал, адасқандар мен Хақты танымағандардың бір жылы ғана емес, тіпті, мың жылының өзі бір секөнттей жып етіп, жылдам жоғалады. Оны нақты растайтын, мынадай әйгі сөз бар: «Пәни жаратылыстың қауышуы да пәни – өткінші, қанша ұзақ болғанмен қысқа, жылы жып етіп өтетін қас қағымдай өтпелі, орнында өкініш пен жалт еткен бір қиял ғана қалады. Мәңгілікті аңсаған адам сезімі бір жыл бойғы қауышудан бір секөнттік қана қуанышты сезінеді. Қоштасу болса, бір секөнті бір жыл емес, жылдарға созылады, өйткені, қоштасудың шеңбері өте кең. Мәңгілікті аңсаған адам, қоштасудың бір секөнт сәтінде жылдар өткендей ащы өкінішті татады. Өткені, ол шексіз қоштасу секілді сезіледі».

Яғни, дүниешілікке байланған, баянсыз махаббаттар үшін өткені мен келешегі өткінші айырылысуларға толы. Өйтсе, бұл мәселеге сәйкес, былай дегіміз келеді: «Ей, адам-пенделер! Өтпелі, қысқа, пайдасыз өміріңді өшпейтін ұзын әрі жемісті өмірге айналдырғың келе ме?  Әрине, әр адамның нағыз арманы сол – мәңгі өмір емес пе! Әлбетте, адамдық сипатынан айырылмаған адам, тек осы мақсатты іске асыруға тырысады. Міне, осы шараның негізі мынау: Не істесең де Аллаһ үшін істе! Кіммен кезіксең де Аллаһ үшін кезік! Сондай, ізгі істің бәрінде өмірдің әр минөті бір жылға пара-пар болады. Ол болса, мәңгі бітпейтін өмірдің бастамасы.

 

 

 

10.ЖӘРДЕМШІЛІК

Дәрісханадағылар бір-біріне өте жәрдемшіл. Жәрдем көрсетуде, мынау болымсыз кішкентай іс, мынау ауыр демейді. Таңғы дәрісте сөредегі кітаптардан бірі қолыңа кітап жеткізіп берсе де, шәй кесеңді жалғап шәй құйғызып әкелсе де, кір киіміңді жуа салса да т.т. тірішілік қарекетінде бір-біріне қол ұшын беріп қалуға әзір тұрады. Сырқаттанып қалсаң сусын әкеліп, дәрі жеткізіп зыр жүгіреді. Жолда салмақты жүгің болса, сенен алып ауырлықты өзі көтеруді артық санайды. Олар жәрдемнің үлкен-кішісі жоқ екенін жақсы біледі. Өйткені, үлкен-кіші жәрдемнің бәріне айтылатын бір разылық: «Аллаһ сізден разы болсын!» Яғни, нені де Жаратушының  жарылқауы үшін жасайды.

Көзәйнегімнің бір құлағы таңғаларлық жағдайда сынды. Хазіреті Әюүп пайғамбардың(а.с.) шипалы суымен бетімді жуып, көзәйнегімді қайта киген сәтімде бір құлағы оп-оңай үзіліп қолыма келген-ді. Әлде-неше күн өткен кезде, Селжүк бір құлақсыз көзәйнек киіп жүргенімді байқап қалған-ды: «Мынау, бұрыннан бір құлақсыз ба?» «Жоқ, жуықта сынып қалды» Ертеңінде, Селжүк: «Аға, түстен кейін бір жаққа барамыз, уақытыңыз қалай?» деді, «Иә, оқылатын беттер таяды, уақыт болып қалар…» дедім. Айтқан уақытта Ережеп інішек те жетіп келді. Наурыздың соңғы күндері болса да күн салқындау, алайда, алып қаланың атырабы жап-жасыл. Рөлдегі Ережептің шүйдесіне көзім түсті, дөп-дөңгелекшәшсіз ақтаңдақ. Нені байқағанымды, қалай сезді білмеймін, ол жалт етіп артқа бұрылды да: «Аға, көрдіңіз бе, қан алдырдық, бұл сүннет» деді. Сонда, түсіндім қан алатын лонқаны қою үшін, шәшті тақырлап қырған екен.

Дәрісханадан он шақты шақырымдай қашықтықтағы бір махаллеге келдік. Алдымызда көрінген биік құрылыстың маңдайшасында үлкен көзәйнектің суреті тұр. Ішке кіргенімізде ондағы екі жігіт бізді қуана қарсы алды. Өзін Мұратпын деп, таныстырған оптик жігіт, ескі таныстай-ақ, салдырлап сөйлеп кетті. Арғы тегім, түрікмен дейді. Ежелгі бабаларымның ескі мекені – Моңғолияны көргім келеді, жері қандай, таулы ма, жазық па, дейді. Ежелгі  түркілердің көп тас ескерткіштері жақсы сақталып қалған, Уланбатыр маңайы аласа таулы, самырсын орманды, мөлдір өзендерге толы, кең жазиралы таза мекен, дедім. Мұрат: «Иә, менің нақ көкейімдегі жерге ұқсайды» деп, қуанды. Моңғолдардың бізге ұқсас сөздері бар ма, деп сұрады. «Иә, бар олар малды, мал дейді. Түйені(түрікше дебе), теме, дейді».

Екінші, Иегин деген жігіт, бір құлағы сынған көзәйнегімді дәнкерлеп әкелді, тап-тинақтай, мін көрінбейді өте шебер. Мұрат, жиырма бес жылдан бері осындай көзәйнек жасаушылық кәсіппен айналысады екен. Маған жаңа көзәйнектерді кигізіп көре бастады. Бірінен бірі жақсы. Осы әдемі жарасып тұрған секілді деп, бірін көзіме салып берді. Иегин оның арнайы қапшығын қолыма ұстатты.

Көзәйнек жасайтын салон өте зәулім екен, екі жағындағы қабырғада көзәйнек таққан бикештердің суреті. Төмендегі сөреде нетүрлі көзәйнектер самсап тұр. Мұрат бізді төргі бөлмеге шақырды. Намаз оқып, шәй ішетін шағын бөлме. Алдымызға бөрек, деп аталатын бір дайын тағам, қатық, зәйтүн қойды. Ыстық күрең шәйді дәмін ала отырып іше бастадық…

Пайғамбарымыздың(с.а.у.) бір хадисінде: «Үмметім бұзылған заманда, кімде-кім менің сүннетімді ұстанса, жүз шәйіттің сауабын алады» депті. Міне, сүннет ұстанудың қаншалықты сауапты екенін, қандай керемет қып айтқан.  Хақ шариғатты бұрмалаушылық көбейген кезде, аз ғана сүннетті орындаудың өзі асқан тақуалық болады екен. Мұндай бұзғын заманда сүннетке шын көңілмен мойынсұнудан пайғамбарымызды көкірек көзімен көргендей рухани хал пайда болады. Ол адамды Илаһи құзырға шығарады. Яғни, пенде өзін Алла Тағаланың алдында тұрғандай сезінеді. Мұндай күй кешкен адам, күнделікті тіршіліктегі амалдарын сүннетке сәйкес орындауға тырысатындықтан, жәй әрекеттің өзі сауапты ғибадат болып есептеледі. Өйткені, ол адам әдеттегі әрекетін, пайғамбар үлгісімен орындағанын түсінгендіктен, шариғаттың өзі өте әдепті іс екенін мойындайды. Ал, нағыз шариғаттың иесі Аллаһ Тағала екенін білгендіктен, орындап жүрген жәй амалдары, әрине, құлшылық болып есептеледі. Міне, сүннетке сәйкес өмір сүруді әдетке айналдырған адамның өмірі түгел ғибадат болатындықтан, әр сәтінде сауапқа кенелетіні сөзсіз. Расында, сүннетті өмірінің мақсаты етіп ұстанған адам, Аллаһқа шын мойынсұнған пенде ретінде, оның құзырындағы сүйікті құлы бола алады.

Адамның нәпсісінің тәкаппарлығы – оның ақылы мен жүрегін хақ жолдан тайдыру үшін арпалысады. Осындай қиын кезде, сүннеттің  ең қарапайымының өзі адамды адасудан құтқарып қалады. Қараңғыдағы құбылнама секілді жол көрсетеді. Яғни, адам өз іс-әрекетіне күмәнданған кезде, оның сүннетте қандай екенін еске түсіріп, әр кез дұрыс жолын табады.

Бұл мағына қасиетті Құран Кәрімде анық ескертілген: «Егер жүректе Аллаһа деген махаббат болса, оның пайғамбарына мойынсұну керек. Ал, оған мойынсұнбаса, онда Аллаһқа деген махаббаттың да болмағаны». Иә, Алла тағалаға иман еткен адам оның бұйрығын орындайды. Оның бұйрығын ең дұрыс орындаудың ең турасы да, ең шүбәсізі де пайғамбарымыздың бізге үлгі етіп көрсетіп кеткен жолы.

Бұл әлемді мұнша ғажайып өнермен безендірген, шексіз шебер Ұлы Жаратушы осы өнерінің ішінен ең ұлығы етіп жаратқан, саналы жандардың ішінен де ерекше біреуін, аса сүйген біреуін өзіне тыңдаушы, тілмаш, әмірлерін басқа құлдарына жеткізуші етіп тағайындағаны анық. Олай болса, Аллаһқа деген толық мойынсұну, пайғамбарымыздың(с.а.у.) сүннетіне мойынсұнуды талап етеді, тек сол жолмен сау-сәламат жүруді қалайды.

 

11. ДӘРІСХАНА  МӘДЕНИЕТІ

 

Жаһандану үрдісінен үлкен-кіші барлық халықтар қорқуда. Өз ұлттық келбетімізден айырады деп, сақтануда. Расында, оған тосқауыл жоқ, дүниешілдік жағынан ол, қазіргі кезде де үсемдікке жетіп қойды. Тек, енді, оның рухани әсерінен қорғану жолын қарастыратын амалдар іздестіріліп, әртүрлі тәсілдер ұсынылуда.

Бірақ, бәрінен де ұтымды жол – хақ дінді ұстану екендігін адамзат мойындай бастады. Жаһанданудың бір қатері – дінсіздік үрдісін жаю десек, оны ұзақтан байқаған Ислам ғұламалары, одан сақтанудың ең сенімді жолы – хақ жолмен жүру тәрбиесін беретін дәрісхана қоғамын құру деп, білді. Оның іске асқанына қазір жарты ғасырдан да асып кетті. Жорамал есеп бойынша бұл күндері, миллондаған жастар, мыңдаған дәрісханаларда заманауи мамандықтарды игерумен қатар, хақ діннің жолымен қалай адаспай жүрудің дәрістерін тыңдап, бойларына сіңіруде. Яғни, қазір дәрісхана мәдениетінің сандық деңгейі тамаша өсті деуге негіз бар. Енді, сапалық деңгей талап етілуде. Әр жүз дәрісхана шәкіртерінен бір үздікті шығаруды мақсат болдырса, мыңнан он, он мыңнан жүз, жүз мыңнан бір мың асқан білімпаз шығуы ықтимал. Бүтін адамзат қоғамына ересен рухани, оңды өзгеріс әкелетіндер де осы рухани білімпаздар екені даусыз. Дін қауымының құтқарушы рухани мақти деп күтіп жүргені де осылар болуы ғажап емес. Халқымыздың «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мәтелінің мағынасы да осы. Дәрісханадағылар да осындай ізгі мақсат қоймаса, сапалық деңгейсіз тек, сандық деңгей ағымға айналуы ықтимал. Сапа мен сан қатар жүрмесе, қашанда қарсы күштің алдында қауқарсыз болу осыдан.

Адамзат, расында, бүкіл әлемдерді Жаратушы Алла Тағаланы танып, оған оған сүйіспеншілігін білдіру үшін жаратылған. Ол сүйіспеншілік адам-пенденің табиғи қабілетіне қарай, жәй сүюден ғашықтық шыңына дейін жете алады. Өйткені, әлеммен салыстырғанда кіп-кішкентай адамның, жұмырықтай жүрегіне орасан ғашықтық сиятындай ғажайып сезім нүктесі сидырылған. Яғни, жүректің тарыдай ғана сандықшасы, есте сақтау қабілетінің де сондай кішкене сандықшасына бүтін кітапхана сиып кететіндей, адамның жүрегі әлемнің жаратушысына деген махаббатын сиғыза алады.

Міне, осындай рухани сезімнің арқасында, Алла Тағаланың бүкіл адамзатқа ортақ сыйлық беретіндігін өз жүрегімен ұға алады. Менің Жаратушым, мені тастүнек жоқтық қараңғылығынан, жарық дүниеге келтіріп өмір сыйлады. Енді, ажалым жеткен кезде де, мәңгі жоғалудан құтқарып, мәңгі таусылмайтын тамаша ақырет өмірін сыйлайтын болады. Сол сан-қилы әсемдіктерін пайдалануым үшін маған ішкі, сыртқы сезімтал мүшелерді де сыйлайтыны анық. Және, менің өзімді ғана емес, менімен байланыста болған сүйікті жандарымның бәріне де дәл сондай сан-алуан сыйлықтарын беретін болады. Оның өзі де маған жасалған сияпат секілді сезіледі.  Қасиетті Құран Кәрімнің анық хабарлауы бойынша, Алла Тағаланың шексіз сүйіспеншілігіне бөлену үшін, тек қана пайғамбарымыздың(с.а.у.) сүннетіне ұю, оны орындау арқылы ғана болады.

Сүннеттің үш түрлі қайнаркөзі бар: Айтқан сөздері, істеген істері және хал-күйлері. Ал, бұл үшеуіде өз-өз ішінен үшке бөлінеді. Парыздар, нәпілдер, жақсы әдеттер деп. Парыз бен уәжіп терін әркім орындауға міндетті. Нәпілді істесе мол сауапқа кенеледі. Ал, жақсы әдеттерін орындаудың өзі – қоғамдық өмірде көптеген пайдалы әсерлерді қалыптастырады. Оның нәтижелері іс жүзінде дәлелденді. Адамзат тарихынан бері, оның ізіне ерудің нәтижесінде милллиондаған кемел адамдар әулиеліктің шыңына жетті, екі дүние бақытына қол жеткізді. Олай болса, осы аталған сүннетті, орындау жолында көп амал жасап жүрген жандар, түгел бақытты.Ал, сүннетті жалқаулықпен орындамай жүргендер болса, өмірде көп зиян шегіп жүр. Менсінбей, жүргендер болса, үлкен қылмыс жасап жүр. Егер, оны әртүрлі жағынан мінеп-сынап жүргендер болса, ол адасқан пенде, алдында азап күтіп ең бишара болғаны. Өйткені, пайғамбарымыздың(с.а.у.) іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, барлық өлшемдерге нақты сәйкес айнымайтын тура бағытта. Әрбір іс-қимылы тура жолда болса, бір нәрседен кем не артық кетуден ада. Ашу-ыза сезімін жеңе білген, қорқақтық пен соқыр батырлықты бойына дарытпаған. Және қызыққұмарлыққа бой алдырмай, селқостықтан да, көрсеқызарлықтан да таза болған. Сөйлегенде де, ішіп-жегенде де, үнемшілдікті сақтап, ысырапшылдық жасамаған.

 

 

12.АҚЫЛДЫ  БАЛА

Ертеде қазақ ауылдарына арнайы шақырумен бір имамдар келеді екен. Оны әдетте, қожа, молда деп атаса да, құрмет үшін Ноғай молда, Ақ молда… деген секілді айырықша ат та таққан. Ондай кісілер бірнеше жылда ауылдың балаларының діни сауатын ашып,үлкендеріне шариғат жөнінде талай мағлұмат беретін-ді.

Дәрісханаларда оқылатын Құранның мағнауи тәпсірі болған бұл кітаптарда дәл сондай имамдық міндетінде.

Дәрісханаға он үш жастағы Бұрхан деген бала келді. Келе дауыстап кітаптарды оқи бастады. Түске қарай кең балконға шәй ішуге келді. Айналасына таңғала қарайды. Балконның төбесіне шығатын көкептердің сүйкімді құрқылына құлақ түрді. Қарсы терезеге таяу электр бағынасының басына келіп, іштегі кісілерге үңілген секілді ұзақ уақыт қарап отыратын, бізге әбден таныс болып кеткен бәбісек құсқа да көзі түсті. Көзәйнегінің шынысынан көзі тіпті, үлкейіп көрінді. Көзінің көру шамасын сұрап едік, оң жағы үш, сол жағы төрт, деді. Өзі әңгімешіл екен. Он сегіз жаста ағайым бар, дейді. Енді, Шенол ағаға шәкірт болып, кітаптың бәрін оқып шығамын, дейді. Кітаптан түсінген әңгімелерін айта бастады. Бір пайғамбар, дүниеге екі рет келді, депті.  «Ол кім деген пайғамбар?» деп сұрады. Отырғандардың бірі: «Олай емес, Хазіреті Иса болуы керек, ол екі рет тумайды, екінші рет дүниеге келеді. Яғни, Алла Тағала оны көкке өзінің денесімен көтеріп әкетті. Яхудилер оны, өлтірдік деп, ұқсас біреуді өлтірген. Ол қазір ерекше бір өмірде. Әлем дүниесінде, бес қатпарлы өмір бар: Біріншісі, осы біздің сүріп отырған пәни өмір; екіншісі, Қызыр секілді әулиелердің төтенше өмірі; үшіншісі, Хазіреті Исаның өмірі; төртіншісі, шәйттердің өмірі, олар өздерін өлдім деп, ойламайды, басқа бір әлемге өтіп кеткендей сезінеді. Бесінші өмір, берзақ дүниесі яғни қабірдегілер олардың жақсылары, жаннат бақшасында жүргендей күйде, оңбағандары жаһаннам шұңқырында қалғандай азапты бір халде». Мына қызық кеңес, Бұрхан балаға қатты ұнағандай, көңілденіп, өзінің өлең жазатынын да айтып жіберді. Бәріміз де, қызықтап кәне, оқып жіберші, дедік.

Жазған өлеңімнің тақырыбы «Азан» деді. Мағынасы мынандай екен: «Мешітте азан шақырғанда, ағаш та, жел де, су да, құс та оны тыңдайды. Ал ұйқы бір жаққа қашып кетеді». Мәз болдық, қызық екен. Шәйдан соң дәріс оқу басталды:

Дүниедегі өте алуан түрлі, саны соншама көп жан-жануарлардың, сан-қилы қажеттіліктері  мен мұқтаждары ойламаған жерден, ыңғайлы түрде, толық қамтамасыз етіліп тұрады. Осы қажеттіліктің  ең кішкентайына әлгі мұқтаждардың өз күшімен шамасы жетпесі анық. Соның бәрін бір Құдірет Иесі келтіріп тұрғаны анық көрінеді.  Яғни, сол тіршілік иелерінің әрқайсысы, жеке-жеке түрде болмысы шарт болған Алла Тағаланың бар екеніне куәлік етеді, оның жалғыз екеніне ишара қылады. Ал, барлығы жиналып, тұтас түрде Күннің жарығы күннің бар екенін көрсеткені секілді, ғайып пердесінің артындағы Ұлы Жаратушының бастаусыз, соңсыз, ұқсассыз, құдіретті ерекше сипаттарын адамның ақылына көрсетеді.

Кез-келген жаратылыс, өзіне сәйкес түрге енерде шексіз мүмкіндіктермен қатар қилы-қилы жолдардан өтеді. Басталарда ешбір пішіні жоқ беймәлім күйден, өте ретті, белгілі бір бейнеге ене бастайды. Мәселен, адамның келбетіне қарайық, басқалардан ажыратылатын бір ерекше белгілері бар, алайда, адам баласы бір-біріне ұқсас және ерекше ортақ белгілері және бар. Осының өзі шексіз шебер Ұлы Жаратушыға куәлік етеді. Әрі оның жалғыз екеніне, осы жаратылғандарға қойған бір текті мөрі, айнымас таңбасы айғақ болады. (Мәселен, бір текті, «көз» деген мөр әралуан жаратылыста тек көз атымен болса да, өз-өз ерекшелігімен болатыны осыған дәлел).

Рас, мұндай таңбаны басу – шексіз құдірет, мұхит ілім, соңсыз хикмет иесінен басқа,  ешкімнің қолынан келмесі анық. Бұған өзге бір күш араласады деп, ойлау өте әбес. Себебі, мұнша, алуан-түрлі, саны қисапсыз тіршілік қауымын жаппай басқаратын, толық билейтін біреу болмаса, іске асуы, еш бөгетсіз салтанат құруы еш мүмкін емес. Осынша, ақыл жетпес тірішілік дүниесінде ешқандай бүлінген нәрсе болмайды, ақау түсу, тәртіпсіздік деген еш кезікпейді. Демек, оның Бір Иесінен өзге көлденең біреудің ешқандай әсері жоқ, ондай сәл нәрсе болса, бәрі шатасар еді.

Осынша, алуан түрлі, саны қисапсыз тіршілік дүниесі өз-өз қабілетімен Жаратушысына жалбарынады. Өсімдіктің дән-тұқымдары хал тілімен, хайуандар мұқтаждық тілімен, ал қиын жағдайдағылар шарасыздық тілімен жасаған дұғалары қабыл болып жатады. Міне, осындай шексіз дұғалардың көз алдымызда қабыл болуы, әрқайсысы жеке-жеке Ұлы Жаратушысының бар, әрі бір екеніне куәлік етеді.

 

13. ИМАНДЫ  ҚҰТҚАРУ

Шұғылалы кітаптар оқылатын дәрісханаларда, күнделікті тіршіліктің бір-біріне ұқсас бітпейтін қысыр кеңестері  көп айтылмайды. Бүтін сөтке дәріс оқумен өтеді. Дәріс үйретуден босай қалған, тыным алып, жеңіл шәй ішіп, жеміс-жидек жейтін сәттерде ылғи ойда жоқ, тосын әңгімені біреуі бастайды. Соның біреуі мынау еді:

Қазіргі заманның басты мәселесі «Қалай тірішілік құру?» яғни «Қалай тамақ табу?» мәселесі секілді. Сол үшін жүздеген үкіметтер, халықаралық ұйымдар бас қатырып жатқан сыңайда. Алға шығып дамып кеттік деген елдер болса, «Ары қарай қалай баю керек?» деген мәселемен айналысып кеткен. Бәрін шешіп қойдық дейтін бірнеше супер елдер болса, алыста аспанда яки айда, марста тіршілік жалғастыру мүмкіндігін іздестіруге ақшаларын сарп етіп жатқанға ұқсайды. Демек, жердің байлығы бітсе, солай көшіп не қашып кетпек. Күлкілі секілді. Қанша данышпан ғалым туса да, бұл адамзаттың оңай шеше салатын нәрсесі емес, бір адасушылықтағы қиял. Тарихтан бергі адамзат өмірі соны көрсетіп келеді. Дамыдық деген сайын, рухани дағдарысқа түсуде. Бұл дүние тепе-теңдіктегі, бейбіт өмір де тек, хақ Ислам заңдарымен іске асатыны, ал мәңгі өмірдегі бақытқа жету де тек, хақ жолды ұстанған жеке адамның тақуалығына қатысты болатыны дәлелденуде. ОЛай болса, бүкіл адам бір адамдай ақырет әлеміндегі, мәңгілік бақытқа жету мәселесіне мән беретін дәуірдің алдында тұр.Осыны ұққан жағдайда, адамзаттың басты мәселесі тіпті де, «Қалай тамақ табу, қалай баю емес» «Мәңгілік жаһаннамнан қалай құтыламыз?» болу керек емес пе?! Яғни, иманды құтқару мәселесі, бәрінен бұрын өзінен-өзі алға шығады.

Құран Кәрімнің таусылмас теңізінен бастау алған дәрісханада оқылатын шұғылалы кітаптардың да айтары тек, осы мәселелер. Ол бастаудан қанып ішкен кім болса да, хақ жолды таңдаудан басқа жол жоқ екеніне, көзі жете түседі. Дәрістер де тек, осы ізгі мақсатта ғана оқылады. Жиырмасыншы ғасырда дінсіздік яки атеистік көзқарас қайта күш алды. Оның өршігені сонша, имандылар да оның құйтырқы пікірлеріне алдана бастады.Сол қауіптің ең қатерлі үш түрі мынау: Бірінші пікір дүниені себептер жаратты, дейді. Екіншісі, дүние өз-өзінен пайда болды, дейді. Үшіншісі, табиғаттың өз қажеттілігінен жаралды, дегендер. Мұндай пікірдің қарсысында тұрғанда, дүние-әлемнің бар екенін, әуелі мойындауымыз шарт. Онан соң, айналамыздағы, көзге көрінетін әрбір затқа, денеге назар аударайық. Бәрі де таңғаларлық түрде, белгілі бір мақсатпен, пайдаға асатындай жаратылған. Және де, нақтылып бақыласақ бәрі де жәңеден яғни жоқтан жасалуда. Олай болса мынау тұрған хайуанды әртүрлі себептер жаратты, не болмаса өзінен өзі пайда болса салды, не табиғаттың кездейсоқ, есалаң әсерінен жаралды яки Ұлы Жаратушының құдіретімен жаратылды деген пікірдің біреуіне тоқтау керек. Егер алдыңғы үш жолдың еш қисынсыз екені дәлелденсе, онда Ұлы Жаратушы ұғымы өз-өзінен күмәнсіз, анық екені белгілі болады.

Біріншідегі, «себептер жаратты» дегеннің жөнсіз жақтары өте көп. Мәселен дәріхана сөресінде дәрі-дәрмек жасауға қажетті жүздеген құтылар тұр деп есептейік. Осылардан, өте дәл, нәзік мөлшерде, әрбірінен  бір сәтте, мысқалдап алып бір құтыға араластырғанда, ғажайып тірі қоймалжың зат шығады. Егер сан түрлі дәрінің біреуі өте аз мөлшерде өлшемінен қателік кетсе, онда тірі қоймалжың әсте бола алмайды. Олай болса, шексіз дана, теңдессіз шебер біреу ғана осылай жасай алады. Енді, осы сан-алуан зат сақталған дәріхана дауылға ұшырап, құтылар сынып-қирап, сан түрлі дәрілер біріне-бірі қосылғаннан әлгі тірі қоймалжың зат пайда бола қалыпты, десек бұл ең ақымақ адамның да ақылына симас, ешкім де оған сенбес. Себептер жаратты деу, дәл осы мысалға ұқсайды. Мұны қисынсыз деу аз, асқан есалаңдық пікір бұл. Мұндағы тірі қоймалжың деп, тұрғанымыз жанды жәндіктер. Ең қарпайым тіршілік иесі болып есептелетін микробтың өзі, ондай себептен жаратылмайтыны сан түрлі ғылыми тәжірибелерде дәлелденген-ді. Екінші, «өз-өзінен жаратылды» десе, онда ең кішкене жәндік шыбынның денесіндегі қоспалар саны қанша болса, соны дайындайтын сонша қалыптар, үлгілер қажет. Ондайлардың саны мың-мыңнан асуы мүмкін, сонда олар бір-бірімен қалай байланыса алады? Олардың ішінде, міндетті түрде бір басқарушы болуы керек қой. Ол мүмкін емес, ол дәлелденген де емес. Үшінші, «табиғат жаратты» деген пікірге келісер болсақ, ол кезде табиғат, барлық нәрселерге өзінің сансыз мәшинелерін, баспаханаларын, мүлтіксіз жасалған жоспар-бағдарламаларын орналастыруы шарт.  Қарапайым тіршілік бастауы болған дәнекте ондай ештеңе де табылған жоқ. Дәнекте басқа ұрық пен жұмыртқада болатын сутегі, оттегі, көміртегі және азот  элементтерінің жүйелі қоспалары ғана бар. Енді осы дәнектен ерекше пішінді, ғажайып реңкілі, керемет иісі бар гүл өсіп шығады. Көзге көрінбейтін мәшинелер, аппараттар оған қайдан келе қалды? Міне, «табиғат жаратушы» дейтіндер осы негізгі сұраққа ешқашан жауап бере алған жоқ. Олай болса, ғажайып әлемді шексіз шебер, теңдессіз құдіретті Алла Тағала жаратты, әр сәт жаратуда деген пікірге еріксіз тоқтайсыз.

14. «МҮБАРАК  БОЛСЫН!»

Әдетте, дәрісхана дәрісіне келетін азаматтар өз үйінде де шағын көлемді дәріс өткізуді жақсы көреді. Ондай кезек жиі тие бермейтіндіктен, бір жақсы сылтау табады. Нәрестелі болса яки ұлын сүндетке отырғызған болса, соның құрметіне дастархан жаяды, аузы дуалы дін туысқандарының батасын алады яғни өз отбасында есте қаларлық бір рухани кеш өткізеді.

Ақшам намазына дейін үлгеру үшін сондай бір үй дәрісіне шықтық. Кешқұрымғы Станбұл көшелері. Бұл елдегі үй құрылысының өзіндік өрнегі болған қызыл қыш шатырлар кешкі күн сәулесін шағылыстырғанда, шаһар бүтіндей күрең сәулеге шомылып, ерекше реңкке енеді. Жасыл жазира төбелер мен тымық теңіздің аралығында еркін көсіліп жатқан алып қаланың аспаны да тап-таза, екінті уақытының соңғы мезетіндегі, сарғыш-қызыл арай көк жүзін тіпті, сәндендіріп, өмірдің ең ақырғы қимас кезеңдерін еске салғандай… Әрі ұқсас, әрі алуан бедерлі қала көшелері сапырылысқан адамға толы. Көшенің өзі үй ішіне ұқсап кеткен – таза, ұядай, кез-келген қажетіңіз әр қадамда алдыңызда дайын.

Рөлде Шенол, сондай ұқсас біраз көшелерден бөгетсіз өтіп, Мұстафа бауырымыздың үйіне жеттік. Өзі есіктен қарсы алды, қуанышты жүзбен: «Хош келдіңіз!» деп, әрқайсымызбен төс қағыстырды. Төргі бөлмеге өттік, толы үй жиһаздары, бұрыштағы шкафтың үстінде үлкен желкенді кеменің үлгісі қойылған. Кімнің кемесі? Станбұлды алған атақты Фатих сұлтандікі ме? Биік үстелде, әдемі құмыра, ішіне гүл толтырылған, жанында табақ, табаққа тасфих тастары салынған. Кешкі ас әзір болған секілді, ашылған есіктен дәмдеп пісірілген тағамдардың иісі келеді. Үй иесі жайылған дастарханға әзірлеген тағамдарды таси бастады. Әйелі еш көзге түспейді, шамасы асүйдегі үстелге дайындап, күйеуіне сол арадан кезек-кезек жүргізіп тұрған сыңайда. Дастархан тағамға толды: әңгек-палау, етті самса, салттар, дақылдан жасалатын қоймлжың сорпа әр адамға жеке табаққа құйылды. Дүкендегі ыдысымен қатық және қаймақ та қойылды. Дастарханға жағалай жәңе нан жайғастылылған. Ыстық сорпаны қасықтап іше отырып, дәмді палаудан жеп, артынан тәп-тәтті қатықты қасықтап жұтқанда асқазанның тәбеті артып, ас сол сәтте бойға дереу сіңіп жатқандай адам жайлы сезімге бөленеді. Алты адамға осы тағамдар артығымен жетті, былай қарасаң аспа-төк көп емес, яки мол берекетті екені көрінеді. Мұстафа тамақтан кейін, басқа бөлмеден бес айлық ұлын алып келді. Тұңғыштары екен, денесі өте кішкентай. Бір-бірден қолымызға алдық. Бөтен адамды сезеді, жылтыраған көзімен біраз барлап қарап, кейбірімізге аузын аша, мәз болып күледі. «Мүбәрәк болсын!» деп, дұға жасап жатырмыз. Біреуі: «Дүниеден еш хабарсыз, пәк» деп, жатыр. Жоқ, расында айнала дүниені тап-таза қалпында қабылдап, қуана күліп тұрған кішкентай адам осы шығар. Астан кейін, ыстық шәйді баптап іше отырып, бір бөлім дәріс оқуға кірістік:

Адамның жастық шағы жалт етіп өтеді. Оның өтіп кеткенін де адамдар өткен соң түсінеді. Жаздың күзге ауысқаны, күндіздің түнге ауысқанындай сездірмей, сездірмей жетіп келетін қарттық, онан соң еш қайда бұлтармай тосып тұратын өлім, өзгеріссіз ақиқат. Мұны бәрі біледі, алайда, оны мәңгілік етудің, өкінішсіз болдырудың жолын ойластырмайды. Мәселен, әркім жастық шағын тура жолда яғни хақ істерді орындау шеңберінде өткізсе, мәңгілік жастыққа қауышатыны жайлы сәмәуи яки Жаратушыдан келген хабардың бәрі де шүйіншілеуде. Егер жастық шағын азғындық жолдарда өткізсе, бір сәттік өшпенділіктен кісі өлтіріп миллиондаға минөт түрме азабын шегетіні секілді, шариғатқа қайшы істері үшін, өлімнен соң қабір азабын шегетін болады. Және ақыретте де ауыр сұрақтар алынан тосатын болады. Өйткені, заңсыз, харам сүюлерде қызғаныш немесе айырылысу қайғысы бар. Яғни, кішкене бір ләззат улы бір бал түріне айналады. Және, осы жастық шақтың жөнсіз жолға жұмсалғанынан ауруханаларға, түрмелерге, сыраханаларға ең соңында қабірстанға жөнелетін, тек осындай қасіретті жолдардан өтетінін нақтылы деректер дәлелдеп беруде. Расында, хақ жолдың шеңберінен шықпаған болса, жастық шақ деген Ұлы Жаратушының бір  сыйлығы екендігі, әрі нағыз жақсылықтарға жетудің бір құралы болатындығы, ақырет дүниесінде мәңгілік жастықтың қайта берілетіндігі жайлы Құран Кәрімде көптеген аяттардың сүйіншілеуі бар. Шындық осындай. Яғни, халал шеңбердегі сүю, толық рахат, ләззат алуға жететіндігі, ол харам сүюлердің бір минөт, не бір сағат ләззаты ондаған жыл түрме азаптарына ұшырататыны анықталды.

Олай болса, әркім жастық шақ деген сыйлықты, тек таза әдептіліктер мен хақ жолға арнау керектігі жеріне жеткізе сөз етілді.

 

15. ДӘРІСХАНА  ТИЫМДАРЫ

Ең үлкен жиһад яғни ең қиын соғыс өз нәпсіңмен болатын соғыс деген мағынадағы хадистің даналығы үнемі алдымыздан шығуда.

Нәпсінің иманның жауы екенін жақсы дінсіздер, нәпсіні зорайтудың жолын, тәсілін, амаалын көптеп тапты. «Еуропа мәдениеті» деп, аталатын алдамшы мәдениеттің негізі – нәпсіні құтыртудың неалуан түрлері еді. Жеке адамның рахаттану деп аталатын жағдайының көбі – осы нәпсінің тұзақтары. Ылғи, тәтті-дәмдіні жеу, ұйқы қандыру, неқилы ойынның түрлері, тек өзіне ұнайтын пікірлерге үйір болу, бос басбұзар сөздер, мән-мағынасыз әңгімелер, таусылмайтын той-томалақтар түгел нәпсіні тойдырудың амалдары. Бірақ, нәпсіде еш тойым жоқ. Тойдырған сайын сұрайды. Берген сайын дәніге түседі. Міне, нәпсінің құлына айналу деген осы. «Еуропа мәдениеті» – нәпсінің осындай қорқынышты, қорқау кейпін, әдемілеп киіндіріп, адамның көзіне әсем, ұнасымды, ілтипатты, ізетті секілді етіп көрсетететін тәсілдерді «игерді». Роман – мылжың сөздің мәдениеттенген көрінісі, театр – баланың ойынының «ақылдандырылған» бейнесі, жартылай жалаңаш әйелдердің билері немесе балета – көз зинасының емін-еркін мүмкіндігі, ресторан тамақсаулықтың «ілтипаттандырылған» тәсілі…

Осылай, нәпсіні қоздыратын «мәдениет вирустары» иманды дерттендіріп, Хақ діннің таусылмас нәрінен қуат алудың барлық көздерін сырқаттандырады. Ислам Осман үлкен елінің соңғы жылдары хақ діннің жаттандылыққа ұшырап, дүниеуи және рухани сәулеттенудің, дамудың жолы тұйықталған, иманның әлсіреген, ең кедейленген кезі еді. Осман Ислам елі қалай құлады, солай ол елге «мәдениет вирусы» лап қойды. Алты жүз жыл бойы Исламның бесігі болған, адамзаттың иман байрағы болған  елдегі пенделердің иманы бас-аяғы бес-он жылда, бұрын еш дін көрмегеней надандыққа ауысып, дінсіздік өрттей қаулап, аз уақытта қауымның есін алып қойды.

Міне, қасиетті Құран Кәрімнің түгесілмейтін ілім нұрының, жаңа бастаукөзінің ашылуы – дәл осы қаралы жылдарға дөп келеді. Енді, «мәдениет вирусы», «коммунизм тажалы» кейпіндегі қорқынышты эпидемияға ұласқан кезде, осы бір рухани жұқпалы дерттің диогназы мен сауықтырудың емі және сақтандырудың вакцинін Құраннан тапқан, жиырмасыншы ғасырда Бадүззаман деген атпен әйгілі болған Ислам ғұламасы еді. Рухани шипаның аты – шұғылалы кітаптар деп, аталған-ды.

Міне, дәрісханалардың өмірге келуінің ең қысқа тарихы осылай. Оның қазіргі міндеті де адамды рухани сауықтыру. Яғни, үрейлі «коммунизм тажалының»  үні өшсе де, оның өңін өзгерткен қалдықтары адамдардың иманын зақымдауды жалғастыра түсуде. Бұл, әрине, сынақ дүниесінің заңы да. Одан сақтанудың сенімді жолы да, осы шұғылалы кітаптардың шуақты мағыналарында. Мұндағы ұстанымның ұлағаттылығы сонда,дәрісхана дәрісіне қатысушылар жоғарыдағы аталған «мәдениет вирустарынан» – театрдан, балеттерден, ресторандардан саналы түрде бастартады. Осыларды емін-еркін насихаттайтын теледидарды дәрісханаға қоюды рұқсат етпейді. Әңгіме, мына дәрістен айқын көрінеді:

Екінші дүние соғысының өрті шығып, бүкіл дүние тек, соған құлақ түрген, тек соны сөз еткен, ақыл-ой аласапыранға түскен кезеңде де, шұғылалы кітапшаларды жазушы ғалым, еш алаңсыз ісін жалғастыра береді. Тіпті, соғыстың басталғанын білсе де, оған еш мән бермеді. Осының мәнісін сұраған жанындағы жақын достарына мынандай жауап берген екен: «Өмір онша ұзақ емес, ал атқарылуға тиіс қызметтер ұшан-теңіз. Адам-пенде осы кеңістікте үлкен-кіші шеңбер пішінінде көрінеді. Мәселен, әлгі шеңберлер – әр адамның асқазан-нәпсі шеңберінен басталып, көңіл-күй шеңбері, өз денесінің шеңбері, от-басы шеңбері, әулет, туған-туыс шеңбері, туған мекен, қаласының шеңбері, жершары яки адамзат шеңбері, тіпті бүкіл тіршілік иелері шеңберінен әлем шеңберіне дейін осылай ұлғайып кете береді. Осы әр шеңберде адамның әртүрлі міндеттері болуы заңды. Алайда, ең кішкене шеңберде яки адамның нәпсісінің шеңберінде – ең үлкен әрі ең маңызды, әрі мәңгі жалғаса беретін міндет бар. Ал, үлкен шеңберлерде яғни қоғам шеңберінде ең кішкене, әрі өткінші бір міндеттер ғана болады. Бірақ, үлкен шеңбер сырттай қарағанда маңызды болып көрініп, ылғи өзіне тартып, кішкене шеңбердегі атқарылуға тиіс өте маңызды қызметтерді тастаттырып, өзіне тартады, ұмыттырады. Осылайша, өмірдің аса қымбат міндеттерін түкке керексіз бос істерге жоғалтады. Міне, қазіргі соғыс жағдайы дәл осылай. Әрі осы соғыстың қайткенде бір жағына тараптарлық жасайтындықтан бір зұлымға жақтас болу  адамның кәміл иманына қатер төндіреді. Өз кішкене шеңберінде жүріліп жатқан, иман мен нәпсі соғысы иесіз қалады. Яғни, мәңгілік жеңіске жеткізетін, иманды күшейтіп, нәпсіні бағындыру үшінгі, соғысқа бар уақытымызды сарп етуіміздің сыры осында. Ал, адамзат қоғамында болып жатқан, бұл соғыс қанша созылса да уақытша,  оның жеңісі не жеңілісі жеке адамның нәпсісінің жеңіліс не жеңісіне еш әсері жоқ».

Расында, қазір сол бүкіл адамзатты елеңдеткен екінші соғыс дүрбелеңі естен шыққалы қашан, оған қатысқандардың да дүниеден көшіп із-тозсыз ұмытылып жатқаны оның өтпелі бір кезең екенін дәлелдей түседі.

16.ҮШ  КІТАП

Ежелгі Османлы Ислам  сұлтанатының қара шаңырағына ие болып  қалған Анадолы елінің мыңдаған мешіттерінде естілетін көк жаңғыртқан азан үні – иманның тілі іспетті, «Мен мұсылман елімін!» деп, бес уақыт жария етіп тұрғандай. Ал, дәрісханалар болса, осы  елдің жүрегі мен қантамырларына ұқсайды.

Хазіреті Әюүп пайғамбар(а.с.) бүкіл денесін құрт басып, ауыр сырқатқа ұшырап жатқанда: «Зікір айтатын тілімді, иманымды сақтайтын жүрегімді аман қалдыр!» деп, Алла Тағалаға жалбарынып, иманының кәміл екенін Жаратушысына танытқан екен. Иманның сөзі тілмен айтылып, жүректе болмаса, ол иман емес, жәй бір сөз болғаны. Ал иман жүректе болып, тілмен айтылмаса да, ондағы иманды Аллаһ біледі.

Дәрісханалар негізінде үш ұлы кітапты оқып танудың әліппесін үйретеді. Яғни, осы үш кітапты оқып тану – Ұлы Жаратушыны яки мағрифатуллаһты игерудің негізгі жолы. Әрі адамзаттың бұл дүниеге келуінің басты мақсаты да осы. Ұлы Әлем кітабы – көзге көрінбейтін бөлшектерден, көзге көрініп тұрған ағаштан бастап, аспандағы сансыз жұлдыздар дүниесін қамтиды. Екіншісі, Ұлы Әлемнің кішкене үлгісі болған Адам Кітабының нәзік өрнектерін тану. Үшіншісі, осы кітаптардың мағынасын адамның ақылына сай түсіндіретін Ұлы Жаратушының сөзі – кәламуллаһ болған қасиетті Құранды оқып үйрену болмақ.

Дүниеге келген әр адам, өз бетінше Әлем кітабын және Адам кітабын оқуға талпынады. Біраз мағынасын оқиды да. Мәселен, ағаш десек – жапырағы, жемісі, бұтағы деп, таниды. Жас бала да, жәй сауатсыз адам да. Арықарай пән ғылымы бойынша, біршама тереңдейді, мәселен, жапырақтың ішінде жасуша тін бар, оның ішінде күн сәулесін қабылдайтын хлорофил дейтін ерекше зат бар, ол ауадағы көмірқышқылын сіңіріп, оттегін өндіреді… дегендей. Алайда, ағаштың тырнақтай ғана дәнектен қалай ұлғаятынын, не үшін ұлғаятынын, ағаштың не мақсатта өсетініне ойы жетпейді. Яғни, шамасы жеткен, ішкі-сыртқы біраз мағынасын түсінгенмен, оның өте терең мәнін және әлеммен байланысын т.б. түсінуге ақылы жетпейді. Адам кітабын оқыса да осындай ғана дәрежеден аса алмайды.

Міне, осы кезде оның нағыз мәнін ашатын – үшінші ғажайып кітап Құран Кәрім көмекке келеді. Яғни, Алла Тағала осы кітаптарды оқыту арқылы – өзін жаратылыстарға танытуды мақсат етті. Жаратылыстың ішіндегі  ең саналысы адамды да тек, осы ұлы мақсат үшін жаратты. Адамзатқа өзін таныту, сол арқылы өзіне құлшылық еткізу, сөйтіп оны ең биік кемелдікке шығаруды мақсат етті.

Осы жолда Адам Атадан бері, адамдардың өз ішінен пайғамбарлар тағайындап, ең кемел дәрежеге жетуге дейін, ұзақ жолдардан өткізді, алуан-алуан заман сынақтарымен сыналтты. Ең соңында, ең кемел тұлға Мұхаммед Мұстафа с.а.у. арқылы қасиетті Құранды бүкіл адамзатқа және күллі жаратылысқа тарту етті. Құранның бүкіл мақсатын ақырғы пайғабар арқылы адамдарға үлгі етіп, сүннет жолы деп, қиямет қайымға дейін аманат етіп қалдырды. Осы асыл үлгіні Ислам ғұламаларының алтын тізбегі адамзат қоғамына жалғастырып келеді. Әйтпегенде, Құранның терең мағынасын жеке адам да өз бетімен оқи алмас еді. Тек, ашық көрінекті мағынасын ғана түсінуге шамасы келер еді.Сол үшін де, әр ғасырда Исламның аса дарынды, шынайы ғұламалары адамзат қоғамына келіп отырған. Міне, жиырмасыншы ғасырдағы, Құран нұрынан бастау алатын шұғылалы кітаптар да соның бір дәлелі. Мәселен, сол кітаптарда баяндалатын Құранның мұғжизалығы деген дәріске назар аударайық:

Құран Кәрімнің теңдессіз шешендігі бар. Араб жазирасында шешендік өнері шыңға шыққан еді. Ақындардың төрт жол өлеңі соғысты тоқтата алатын, зерделі халқы сөзге тоқтайтын, сөз қадірін білетін, сөздің ең болымсыз ишаратына дейін аңдай алтындай терең тәрбие болмыстарына сіңген ел еді. Осындай қауымда, Құран Кәрімнің ең қысқа аятының шешендігіне тең келетін сөз таба алмаған дін дұшпандары, сүремен бәсекелесуге шамалары жетрейтіндігін мойындай отырып, мал мен жанына қатерлі соғыс жолына шыққан-ды. Өйткені, Құран аятының шешендігі адам ақылы жетпейтіндей шексіз еді. Көзге көрінер ұйқастарының өзінде ғажайып үйлесім бар-ды. Әр әрпінің үйлесімін қойып, бір аяты басқа бір аятты көретін көзі, бағатын жүзі бар іспетте, жаңа-жаңа мағыналарға жол ашатын. Ал, мағынасындағы шешендігі де, тіл жеткісіз таңғаларлық. Жержүзін жүзіңізге ұрып, жұлдыздарды доп секілді үстіңізге жаудырады, деген сынды қуатты аяттарға адам қиялы да жетпес. Құранның үлгі-стиліндегі ерекшелігі де не ештеңеден үлгі етіп алынбаған, не ештеңе де оны үлгі етіп ала-алмайтындай ғажайып шыңынан көз тартады. Мәселен, топан су қаптаған әлемдік бір оқиғаны ақиқат көрінісімен, нәтижесімен, бір-неше аятта жан-жақты, кең мағынада әрі түйінді түрде баяндап бере алады.

Мына бір хикаяда араб шөлінің бәдәуиі шағын аятты ести сала, сәжде жасады, дейді. Одан, мұсылман болдың ба, деп сұрағанда «Жоқ, мен мынау сөздің керемет шешендігі үшін сәжде еттім!» депті.

Құранның астарлы сөзді шешендігінің құпиясына да ақыл жетпейді. Төгілме сөзді, түсіндіргіш тілді, зердеге құйылар ілімді, дәлел мен деректерді көкей көзіне көрсетер ағынмен оқылатын аяттар адамды еш жалықтырмайды. Мың қайталаса да жап-жаңа естігендей адамды тыңдауға ынталандыра түседі, жанға ләззат береді. Тіпті, Құран Кәрімді өлердей жаны сүймейтін, қасарысқан кәпірлердің өзі «Бұл ешбір сөзге ұқсмайды. Бәлкім сиқыр шығар!» деп,қайран қалатын. Расында, «Әлхамдулиллаһ» сөзі оқылған сәтте таудың алып құлағы тәрізді жаңғырықты қалай толтыра алса, шыбынның кіп-кішкентай құлағына да, дәл солайша сия алар еді.Олай болса, Құранның терең мағналары, тау секілді алып құлақтарға да, шыбын секілді кішкене құлақтарға да өз дәрежесінде тәлім береді екен. Өйткені, Құран бүкіл адамзатты да, жындардың бүкіл қауымдарын да, иманға шақырады. Бәріне бірдей иманның ақиқатын дәлелдеп беруде. Осылайша, бкіл қауымның ең сауатсызынан тартып, саналы сауаттыларына дейін, қатар отырып, дізе қосып Құранды таңдана тыңдап, одан өз-өз пайдасын алады.

Құран Кәрім заман қанша қартайса, сонша жасарады. Уақыт озған сайын, оның қажеттілікке сай жаңа-жаңа сырлары ашылып, адамзаттың сауалдарына жауап береді. Оның келгеніне қанша жыл өтсе де, жап-жаңа дүниеге келгендей адамдарды таңдандырады. Осындай, сансыз қасиеттеріне қарап, бұл бір киелі кітап қана емес, мұғжиза екені пайғамбарымыздың(с.а.у.) өтіп кеткен барлық сан-салалы мұғжизаларының ішіндегі ең таңғажайып тұрақты қалған, қияметке дейін жалғаса беретін жалғыз мұғжиза екендігі анық.

17. ДҮНИЕШІЛІКТЕН  АДА

Елде қанша дәрісхана болса, сонша өзгешелігі бар. Кейбірі тіпті, алты қабатты алып құрылыста, бүтіндей дәрісханалықтар тұратын, жиын залына мыңға тарта адам еркін сиятын болса, бәзбірі, шағын бөлмелерінде бес-алты адамы бар, дәріске жиырма-отыз кісі қатыса алатын шағындау дәрісханалар да көп, мансарларын жиынға арнап жөндеген, өздері басқа қабатта тұра беретін қолайластырылғандары да жетерлік. Яғни, әр дәрісхананың өз мінезі, өзіндік келбеті бар жеке адамға ұқсас, бәрін араласаңда жалықтырмайтын жақтары көп. Дегенмен барлық дәрісханалардың ортақ бір келбеті бар. Өзгешеліктері бір-бірінде жоқ болса, ұқсастықтары, қайткенде бір-бірінде болуға тиіс. Мәселен, дәріс өтетін салонның көрінекті жеріндесандары анық, көрсеткіш тілі кескінді үлкен сағаттар ілулі тұрады. Намаз уақыттарын, дәріс мезеттерін, ораза шақтарын дәл қадағалау үшін қажет. Келесіде, дәріс кітаптарына арналған шкаф-сөрелер болу керек, оның суырмаларында намаз оқуға пайдаланылатын тақиялар, сәлделер, желең-шапандар сақталады. Намаздан кейін әркім ұқыптап бүктеп, өз-өз орынына қою әдетке айналған. Бөлмелерде оқушы-шәкірттерге өте лайықты етіп, әдемі қабат ағаш төсектер қойылады, дәл жанына сабақ оқуға қолайлы үстел мен кітап сөресі бірлестіре жасалған. Ешкім оған бөгет жасамайтындай, ол да біреуге бөгет болмайтындай ойластырылған. Жеке жарығы, басқа керек-жарағы түгел бір адамға тән. Әр дәрісхананың кіреберіс дәлізінде аяқкиім қоятын төмпешкелер жетісінше қойылады. Ал, дәлізде қаншама киім іліп қоюға жететін ілгіштер көз тартады. Келген қонақ яки жолаушы дәрет алу, ғұсыл алу үшінгі тазалық бөлімдері тап-тинқтай реттелген. Тазалық заттары әр кез дайын, әрі жетімді. Адамдар күтіп қалмау үшін яки қысылтаяңға түспеу үшін мұндай дәретке арналған бөлімде екіден кем болмау қадағаланған. Дәрісханада дәрет алуға аса көңіл бөлінетіні осыдан-ақ, анық көрінеді.

Дәрісханада ас әзірлеу құралдары мен ыдыс-аяқ өте ықтиятты орналастырылған. Әр зат өз-өз орнында болу қадағаланады: шәй ішетін ыстақандардың сөресіне аяқ-табақтар қойылмайды, пышақтар тұратын суырмаға шанышқылар салынбайды, қант қораптың орнына шәй қорапты қою дұрыс емес…т.б. Мұндай реттілік дәрісханада уақыт үнемдеуге, кез-келген дәрісханалық бірдеңенің қайда екенін іздеп басын қатырып жүрмеуге орайластырылған. Сырттан келген кім болса да, асүйде бір рет ас әзірлескен соң, бұрыннан сонда жүргендей, ненің қайда екенін біліп, әр нәрсені тез қолына алып, емін-еркін іске кірісіп кете алады. Дәрісханада киім-кешекті жуып-шаю, реттеп қою да дәл осындай барлық жабдықтары сай, керек-жарағы түгел.

Қонақ, жолаушы қабылдау әзірлігі де дәл осындай тәртіпке келген: әлде-неше дибанның астында тап-таза жаймалар, жамылғылар сақтаулы, келген уақытта қонақты жайлы төсекке жатқызуға мүмкіндік толық. Міне, бұған қарағанда дәрісханада тек, қажетіліктер ғана болады, ешқандай басы артық дүниешілік жиналмайды. Дәрісхананың ішіндегі бүкіл дүниесі де әр кез дәріске ғана әзір тұрғандай көрінеді:

Он сегіз мың ғалам өзі бір бүтін ӘЛЕМ деген ағашқа ұқсайды. Сондықтан, оны «Әлем ағашы» деп, атау қалыптасқан. Себебі, кәдімгі ағашта нелер болса, онда әлем ағашында да соның бәрі бар. Олай десек, Адам – осы әлем ағаштың ең ғажайып жемісі. Әрі, ӘЛЕМ АҒАШТЫҢ  Мұхаммедие алейһссалату уәссалам жағынан алғашқы тұқымы. Әлем Құранның яғни Әлем Кітабының ең ұлық аяты, Ұлық есімдерді танытушы аятүл күрсийі, әлем атты сарайдың ең құрметті қонағы, сол сарайдың басқа тұрғындарын жұмсайтын хақысы бар ерекше қызметкері, әлем шаһарының жер атты бақшасының егіс алқабын қадағалайтын пайда-зиянын анықтайтын бір бақылаушысы, жүздеген пән ғылымы мен жүздеген өнермен айналысу мойнына жүктелген тынымсыз бір жұмыскері, әлем аймағының жер атты өлкенсінің Әзел ия Әбәд Иенің қадағалау аясындағы зерделі зерттешісі әрі иегері, жеке ісі де жалпы әрекеті де түгел есепк алынатын бір жауапкері, аспан да жер де мойынына алудан  бас тартқан Ұлық бір аманатты өзіне жүктеп алушы. Сондайақ, алдынан – оның біріне саналылардың ең бақытсызы, екіншісіне ең бақыттысы екі ғажайып жол ашылған, ауқымды құлшылық жасауға аса қабілетті бір адал құл, әлемдердің Ұлы Иесінің ұлық есімдерін бойына жинақтаған әрі бүтін есімдердің жарқыраған айнасы бола білген, илаһи сөздер мен сөйлемдерді ең кемел түсінетін әрі тамаша сөйлей білуші тамаша бір пенде. Сөйте тұра тіршілік иелерінің ішіндегі ең мұқтажы, өте әлсізі, әсіресе жарлы бола тұра мақсаты биік, тілектері тіпті көп, оның үстіне дұшпандары да жетерлік, әрі үнемі көңілін қалдыратындардан әбден мезі болған бишара біреу. Алайда, қабілет-қарымы жағынан ең байы, тіршіліктің тәттілігін сезінуден алдына жан салмайтын сол үшін ең көп уайымға берілетіні, өмір ләззаты мен қайғысы араласып, кеткендіктен мәңгілік үшін ең көп алаңдайтын тек сол мәңгілікті аңсайтынтындықтан соған ең бір лайығы. Әрі мәңгі өмірдің жалғасуын және бітпес бақытқа қауышуды әр дұғасында сұрап, жалына-жалбарынған, пәни дүниенің бүкіл қызығы бір өзіне берілсе де оны мәңгілікке ешқашан айырбастағысы келмейтін, өзіне осынша сыйлықтар берген Ұлы Иесін жан-тәнімен сүйе білетін, өзін де Оған солайша сүйгізген Құдіретті Алланың таңданарлық бір мұғжизасы, тамаша бір жаратылысы, бүкіл әлемді өз ішіне сиғызған, өзінің мәңгі дүниеге арналғандығына бүтін дене-бітімі куәлік берген, міне, осындай ап-анық жиырма шындықтар арқылы Ұлы Жаратушысының хақ есімімен қауышқан, Адам-пендесі иесіз қалуы мүмкін бе!? Тіпті ең кішкене бір жәндіктің өте  бір болымсыз тілегіне де арнайы жауап беретін Хақ Тағала, өз Хафиз есімімен бүкіл амалдарын тіркеген әрі бүтін әлеммен берік байланыстағы, әрі бәрінен артық бейнеде лайық болған адамзаттың қайта тірілуі, ақырет әлемінде мәңгілік жасауы еш күмәнсіз ақиқат. Өйткені, әркім мынау дүниедегі жақсы ісінің сыйлығын, қате ісінің де жазасын алуға тиіс екені ең қарапайым бір дәлел. Ақыретте болатын осындай бір ұлы оқиға, Аллаһтың Хафиз есімімен тіркеуге алынған, үлкен-кіші әр амалының таразыға тартылуымен нағыз әділетті көретін болады. Сөйтіп, Ұлы соттың Ұлық шешімімен әр адамның алдынан мәңгі бақытпен шырайланған Жәннат бақшалары және мәңгілік түнекпен тұнжыраған Жаһаннам түрмелері ашылатын болады.

Мінеки, бұл жарық дүниеде талай қауымға басшылық етіп, олармен сыбайлас болған, кейде бәрін бір-бірімен сыбайластырып жіберген бір басшының осы істерінен еш сұралмай, оған жауап бермей топыраққа сіңіп оп-оңай жоғалып кетуі еш мүмкін емес, мүмкін де болмас! Солай, біздің бұл дүниеде хақ әрі шындық болғанымыз қандай анық болса, және осыған куәлік еткен айнала жаратылыстың да ап-анық екені секілді, қайта тірілу арқылы мәңгілік өмір жалғасатын болады. Бұл иманның ең ғажайып жемісі екені есте болсын!

18. ДӘРІСТІ  ҚОНАҚ

Дәрісханаға үнемі келіп-кететін, әр келген сайын бес-он минөт болса да дәріс тыңдайтын, болмаса өзі де бір-жарым сағат дәріс кітаптарын оқып қайтатын адамдар, дәрісхананың бір жақын туысы секілді болып кетеді. Олар келсе, дәрісханадағылар ду етіп қуанып қалады, жайлы жаңалықтар, біраз көңілді әңгімелер, күлкілі әзілдер де айтылады. Кейде, олар біраз уақыт келмей кетсе, «Сәлімді көрмегелі бір ай болды, Акын да көптен бері көрінбей жүр, Али аби хабарсыз қайда кетті, Мұстафа біраздан бері мұрсасыз жүрген сыңайда…» деп, алаңдап, іздеп, сағынып жоқтап отырады. Кейде, іздеп сөз етіп отырған кісі сол сәтте жетіп келетіні де болады. Дәл осындай тосын жағдайға өз басым дәрісханада көп куә болдым. Бұл бір кездейсоқ тегін жағдай емес, дәрісханалық мұсылман бауырлардың бір-бірімен терең рухани байланыста болатындығын, әркез бір-біріне жақсы дұға етіп, игі тілек тілеп жүретіндігіне осындай оқиғаларды бір дәлел десе, дұрыстық жағы басым болар.

Осындай, сырттағы дәрісхана достары, кейде үйіне дәріс өткізу үшін яки «дәрісті қонақ» шақыратын кездері де бар. Ақшам намазынан кейін Салахаддиннің үйіне қонаққа кеттік. Биіктеу төбенің басындағы, бес-алты қабат құрылыстың ең үстіне шықтық. Алдымызда, біз «Аше бір» деп әзілдейтін Салахаддиннің өзі және «кішкентай Ашелер» делінтін он және бес жасар екі ұлы күтіп тұр екен. (фамилиялары осындай ағайынды жігіттер бар. Кәсіптері дүкен саудагерлігі) Қол алысып, төс түйістіріп амандастық. Екі мәшинемен он кісі келгенбіз. Залдағы кресло-дибандарға жайғастық. Дәрісханадан өзімізбен бірге ала келген дәріс кітаптарынан бір-біреуін қолымызға алдық. Кез-келген жерінен ашып, Шенол ініміз оқи бастады, кейбір жеріне арнайы бөгеліп, екі-үш қайтара анықтап оқиды. Расында, дәл сол сөйлемдегі терең ой қайталанған сайын, әлі де ойлан деп, тұрғандай сезіледі. Бұлайша жағалата кітап оқу үрдісі, әдетте, оңнан солға қарай айналады. Дәріс кітабының тоқтаған тұсынан келесі кісі жалғастырып әкетеді. Әркім өз қалауынша бестен-он минөт көлемінде оқиды, басқалары өз-өз кітаптарынан ілесе қадағалап отырады. Кейде, сөз қате оқыла қалса біреуі дереу дұрыстап оқып ескертеді. Осылайша оқу қызықты әрі түсінікті болады. Салахаддиннің үйінде де дәріс дәл солайша сәтті өтуде. Өзіне кезек келгенде, егделеу жастағы Исмайл аби кітапты алмады, өзінің қалта телефонындағы мәтіннен үңіліп оқи бастады. Бөгелмей оқығанына қарап көзі қандай өткір дерсің бәлкім мәтінді жатқа білетін болуы да мүмкін:

Неліктен иман ақиқатының біріне ғана қарсы келген адам кәпір атанады яки қабыл етпеуші мұсылман бола алмайды? Расында, Аллаһ пен ақырет дүниесіне деген иман, бүкіл қараңғылыұты күн секілді жарыққа бөлеуге тиіс еді ғой. Және де, неліктен иманның бір шарты мен ақиқатын жоққа шығарушы нағыз күпірлік етуші делінеді, ал қабыл етпеген болса, неге исамиеттен шығады? Расында, иманның басқа негіздерін мойындаған адамды, сол мойындаған сенімдері күпірліктен құтқаруы тиіс еді ғой? Бірақ, асылында мүлде, олай емес!

Себебі, иманның негіздері алты шарттан құралған, біртұтас сенім, бөлшектеп қарауды көтермейді. Әрі жалпы болғандықтан жеке-жеке қабылдауға тіпті, негіз де жоқ. Өйткені, иманның әрбір шарты өзінің дәлелімен қатар, басқа шарттарды да қоса дәлелдейді. Сөйтіп, әрбірі бір-біріне өте қуатты, бүтін бір дәлел бола алады. Олай болса, бүтін иман негіздерін, оның бүтін дәлелдерімен қоса, біреуін ғана қабыл етпеумен, өзгесін қабылдаймын деу еш ақылға симайды. Яғни, біреуіне қарсы болуымен өзгесіне де өзінен өзі қарсылық туындайтыны күмәнсіз. Бәлкім, нәпсісіндегі қабылдамау деген қараңғылыққа қамалып, тек өз көзін жұму арқылы ақиқат жарығын көре алмасын, дейік. Алайда, ол сөйте-сөйте басқа негіздерге де қарсы келіп, мүлде кәпірлікке бет бұруы сөзсіз ғой. Сөйтіп, ондай қырсық пенде, ақыры дүниеуи де, мағнауи де жаһаннам құрдымына кетеді. Мәселен, иманның алты шартының бірі  болған ақыретте қайта тірілудің дәлелдері, басқа шарттарды да қоса дәлелдейтініне көз жеткізгеміз. Яғни, бір Аллаһ Тағалаға сенудің шарты, көптеген дәлелдермен басқа шарттарды да, ақыретті де анық дәлелдейді. Расында, бұл шексіз әлем сарайын, бір мемлекет секілді етіп, барша керек-жарағымен, бір тәртіппен, бір заң шеңберінде шыр айналдырып, бір кішкентай атом мен бір алып планетаны да, бір шыбын мен бүкіл жұлдыздарды бір қосын әскер секілді өте оңай басқарған Ұлы Жаратушы, өзінің уәде еткен, мәңгілік билігінде қалатын ақырет әлемін неге жаратпасын!? Аллаһқа деген сенім ақыреттсіз болмайтыны секілді, пайғамбарларға деген сенім де олардың адамзатқа жеткізген қасиетті парақтары мен киелі кітаптарынсыз болуы еш мүмкін бе?! Киелі кітаптар мен пайғамбарлар бір-біріне байланысты сенімдер, бөліп қарау еш мүмкін емес!

Яғни, дүниені шексіз мағыналы нақыштарымен рахмани мешіт суіретінде жаратқан бір Алла, сол алып кітаптың мағыналарын түсіндіретін елшілерін ешбір қауымды құр қалдырмай жіберді.Ақырғы пайғамбарымызды(с.а.у.) бүкіл адамзат баласына ортақ, ұлық елші етті. Әлемді сілкіндірген Құран ақиқаты өткенді де, қазірді де, келешекті де шексіз нұрымен жарқыратты. Демек, Аллаһқа иман Құранның Ұлы Жаратушының сөзі екендігін осылайша дәлелдейді. Бүкіл әлемді бір алып кітап түрінде жаратқан, әрбір ағаштың бүтін өмірін бір түйір дәнекке сиғызған Алла Тағала, сүйіп жаратқн адам-пендесінің тағдыр-талайын да түп-түгел Лаһул-Махфузға жазып қойғаны, әр адамның ғұмыр бойғы бүкіл амалын Кәтибин періштелердің жазып тұратындығы сансыз дәлелдермен сипатталған-ды.

Демек, Аллаһ Тағалаға деген иманның шарты – әрі періштеге, әрі тағдырға деген иманның шарттарымен біртұтас екені, осылайша дәлелденеді…

Дәріс аяқтады. Бұрышта тұрған бір-біріне кигізілген кішкентай үстелдерді екі кішкентай ұл біздің алдымызға әкеліп қойды. Жігіттер ыстық шәй, қант, лимон түйірлерін алдымызға әкелді. Дәріс соңынан шәй ішу бір рахат. Әлгі екі кішкентай ұл бізге қызмет көрсетумен жарыса жүгіріп жүр, алдымызға тағы да тәттілік пешенелер, дәнек-шекірдек түрлерін бір-бірлеп жеткізісіп алдымыздағы үстелдің бетін толтырды. Міне, дәріспен қосылған жеңіл қонақасы да дәмді, татымды әрі берекетті де.

19.ҮЙРЕТМЕНДЕР   ҮЛГІСІ

Жержүзіне әйгілі болған Осман Ислам сұлтанаты ыдыраған соң, оның орнына шаңырағына ие болып қалған ел осыдан сексен жыл бұрын, мемлекеттік тілге үлкен өзгеріс жасаған екен. Шамамен мың жылға тарта, нақтырағы алты-жеті жүз жыл бойы қалыптасқан қуатты тілдің осылайша аясын тарайтқан. Ол осман-түркі тілі деп аталатын. Яғни, еуразия кеңістігін түгел иеленіп жатқан бүкіл түркі халықтарының басын қосқан Тұранның ортақ тілі болған шағатай-түркі тілің ерекше бір тармағы еді. Яғни, Ислам дінін қабылдаған түркі тілді халықтардың бәрінің тіліне тарихи себептермен біртіндеп сіңісіп, тілді байытқан араб, парсы текті сөздер, жаңа түркі тілінде қолданыстан шығарыла бастаған. Сөйтіп, тілдік қорында таза түркі сөздер ғана болу көзделген. Ол мақсат соңында іске асқан да.

Мәселен, тақырыптағы «үйретмен» сөзі – мектеп мұғалімі мағынасындағы сөз. Осыған сәйкес, шәкірт сөзі де «үйренуші» болып қалытасқан көрінеді. Сондай, мектеп үйретмендерімен дәрісханада көптеп таныс болдық. Олардың көбі, математик, физик, биолог секілді іліми пәндердің мамандары болса да, оқушыларға Ислами білім беруді өте маңызды деп, санайды. Ондайлардың көбі осындай ортақ пікірде болу керек, жылына екі-үш рет үлкен дәріс жиынын өткізуді әдетке айналдырған екен. Ондай жиынға үлкендеу дәрісхана таңдалады. Түске таман яғни он бірлер шамасында сексен-тоқсан шамалы үйретмендер жиналады. Кеңес кешкі төрт-беске дейін жалғасса да, адамдар жалықпайтындай, пікір таласты, жаңа көзқарасты, игі тәжірибелерге толы, тың пікірлі әңгіме-дүкен, уақыттың қалай өткенін де сездірмейді. Яғни, пайдалы әңгіме уақытқа да берекет кіргізеді. Шұғылалы кітаптан үш дәріс оқылып болған соң, шамамен он бес, жиырма адам өз оқу орындары мен сыныптарының әртүрлі мәселелерін айтуға, талқылауға уақыт бөледі. Өзекті мәселе қайда да ортақ: оқушылардың сабаққа ынтасының аздығы, компютер ойынына құнығып кеткендігі, бос уақытында соткімен алысып уақытын зая ететіндігі т.т.-лар. Осындай балаларды тек қана иманның дәрістеріне тұрақты қатыстыру арқылы ғана тәрбиелеуге болатындығын, кейбір үйретмендер нақты тәжірибелерімен айтып береді. Пәленше баланың қазір, зиянды әдеттен тиылғандығын аты-жөнімен атап, дәлелдеп береді. Осындай дәрісте біршама уақыт тұрақты жүрген балалардың намаз оқып, дәріс кітаптарын жақсы түсіне алатын болғандығын нақты дәлел етеді. Ондай балалар да басқа достарына жақсы ықпал ете алатындығын, пайдалы жағынан әсер беретіндігін алға тартады. Кейбір үйретмендер, баланың мұндай тәрбиесін әуелі өз отбасынан бастаса, өте нәтижелі болатындығын әңгіме етуде. Мәселен, бір үйретменнің үш баласы бар екен, 5-сыныпта, 7 жаста және 5 жаста. Ол былай дейді: «Үшеуін де қатар таң намазына тұрғызамыз. Жастары әлі намазға келмесе де, жас басынан намазға тұруды бойына сіңіре берсін, дейміз. Теледидарға қарамауды да жас басынан дағдыландырамыз.Ондай тәртіптегі бала, үйде еш алаңсыз сабағымен, кітабымен ғана айналысатын болады. Басқа қажетсіз нәрселерге көңіл бөлмейді. Баланы дұрыс бағытта ұстаудың тағы бір қолайлы жолы осы». Кеңес кезінде, кейде пән үйретмендері қысқа, қызық пікірлер де көп айтады. Материалистер тірішілікті кездейсоқ басталды, дейді. Сөйте, тұра эволюция заңымен дамыды, дейді. Кездейсоқтықта әрине, заң болмайды, олай болса, кездейсоқтық дегеннің өзі де мүлде жоқ, нәрсе. Материалистер өз өтіріктерін өздері осылайша әшкерелейді…

Әңгіме, әрі қарай ұйымдастыру мәселесіне ұласады. Егер 60 адам бірлесе, бір ортақ пікірге келсе яки бір қатарға тұрса 60 миллион адамның қуатын шығара алады екен. Бұл мәселе, дәріс кітаптарының ішінде «Ықылас рисалесі» деп, аталған-ды. Соның қысқаша мазмұнына үңілейік: Ізгі істің бәрін, тек Алланың ризалығы үшін істе, егер ол разы болса, адамдардың ренішінің зияны жоқ. Хикмет Иесі кейін халыққа өзі мойындатып, оларды да риза етеді. Құран жолында қызмет етіп жүрген үзеңгілес бауырларымызға ешқандай мін тақпаған дұрыс. Мақсат біреу, бағыт бір болған соң ұсақ түйекке мән бермеген абзал. Себебі, адамдардың бір қолы екінші бір қолымен, бір көзі басқа көзімен бәсекелеспейді, бір-біріне жәрдем ғана береді емес пе?!

Міне, Құран қызметіндегі адамдар да осындай, бір адамның ағзасы секілі, бүтін бір тұлға екенін ұмытпасын! Осы аманат сөзді терең түсінген дін бауырластары төрт адам, егер бір мақсатқа, бір бағытқа бірлесе білсе мың бір жүз онбір(1111) адамның қуатын тудыратынын еске алсын! Бұл бір сандардың ғана мысал көрсеткіші емес, рас рухани қуат екені дәлелденген-ді. Мәселе, үш адам өз-өзімен тұрса үш қана, ал ықыласпен бірлессе 111 адам бола алады. Дәл сондай бір сандық құпия төрт жердегі төрт адам, анығында он алты адам екені рас. Алайда, достық ниетпен, мақсат бірлігімен, қызмет ұқсастығымен бір қатарға келіп тұра қалса, арықарай солай жүрсе, онда, осы он алты адам 4444 адамның қуатына ие бола алады. Бұндай жағдайлар тарихи оқиғаларда талай дәлелденген, он алты ержүрек батырдың төрт мың жауды жапыра жеңгенінің сыры осында, яғни, ықылас бірлігіндегі он алтының төрт мың төрт жүз қырық төрт бола алуымен, қарсы жауынан 444 жауынгерімен артық шықты, осы артықшылығымен жеңіске жетті, деген сөз. Мұның сыры ықыласпен бірлескен достар бір-бірінің көзімен көре алады, бір-бірінің де құлағымен ести алады, деген заңдылықты дәлелдегені. Осылайша, шынайы ықыласпен бірлескен он алты достың әрқайсысы отыз екі көзбен қарайды, отыз екі құлақпен естиді, бір өзі отыз екі қолмен қимылдайды, отыз екі аяқпен шаршамай жүре алады  әрі тік тұра алады, сөйтіп осынша артықшылықпен не мақсатқа да жете алады, жеңіске қауышады емес пе! Міне, барлық күш-қуат ықылас пен ақиқатта екені осылай дәлелденеді.

20. МЕНДІКТІҢ  ТӘРБИЕСІ

Исламда «әнәниет» деген ұғым бар. Сөзбе-сөз тәржімеленсе «мендік» деген мағынаға келеді. Яғни, қазақта бұрыннан «менмендік» сөзі бар. Менмендік болса, өзінен басқаны елемейтін, тек өзінікін жөн санайтын, жаман мінезді біреу мағынасындағы мінездің сипаты. Мендік болса, адамның өзін тануы «мен» деуі, өз қалауы бар, саналы мақұлық болғандығын білдіретін ұғым. Діни тұрғыда болғанда Ұлы Жаратушыдан адам-пендеге берілген «еркіндіктің иесі» деген мәнге келеді. Егер, осы мендік болмаса, «адам» деп те аталмас еді яғни өз мендігі арқылы ғана адам «жеке тұлға» саналады.

Сонда мендіктің негізі не? Нәпсі. Адамның иелік ете алтын жалғыз мүлкі. Нәпсінің негізі неде? Жандының бәріне ортақ «түйсік» дәнегінен таралатын ғажап жаратылыс. Адам-пендедегі нәпсі көрінісі – түйсік дәнегінен бастау алып, Сана ағашының сезім, көңіл, ақыл-ой, қиял, ар-ұждан, ұят, иман секілді алуан тал-бұтақтары болып таралады. Ағаштың бәрінің жемісі яки дәнегі болатыны секілді, Сана ағашының да жемісі – ИМАН. Ағаш жемістерінің де тәтті-шырынды және улы-зәрлі болатыны іспетті, сана ағашының да жемісі екі түрлі. Иман жемісі десек, оның бірі Алла Тағалаға иман болса, бірі одан басқаға иман. Аллаға иман – еркіндікті дұрыс пайдалану, ал Одан басқаға иман – еркіндікті бет алды еркіне жіберу. Яғни, нәпсі қалауын өз еркіне ықтырып, ақылға бағындырғандар өз Жаратушысын қабыл етіп, хақ иманға келеді, нәпсінің қалауына ергендер болса, сан түрлі дүниеуи және мағынауи пұттарға табынып адасады.

Дәрісхананың де ең негізгі мақсаты, адам бойындағы осы «мендік» дәнегін тәрбиелеуге бағытталған. Мысалы, дәрісхана жанашыры Салахаддин деген ініміздің екі ұлы бар еді. Бірі тоғызда, бірі бес жаста. Екеуі де дәрісханаға келгіш, үлкендер не істесе соны істейді. Балаша ойнайды, үлкендерше сөйлейді. Әлдебір күні әкесі үлкен ұлын нағашыларының үйіне біраз күнге қонаққа жіберіпті. Бір күн өте сала, әкесіне әлгі ұл телефон соғыпты: «Әке, мені тез алып кет! Бұл үйдегілер күні бойы теледидар көреді екен. Бір де бір дәріс тыңдап, кітап оқымайды! Мен зеріктім…» Міне, қараңыз дәрісхана тәрбиесін көрген кішкентай баланың «мендігі» өз нәпсіне ие екендігін көрсетті. Дәрісхана дәрісі, әр адамның өзіне, жеке басына ғана емес, бала-шағасына да аса қажет, өте пайдалы әрі тәрбиенің ең қолайлы жолы екен. Кәнеки, тағы бір дәріс тыңдап көрелік:

Алла Тағалаға қауыштыратын хақ бағыт, тура жол біреу болса, оның салалары яғни тариқаттары көп. Бәрі де Құраннан алынған. Бірақ, осы тариқаттардың  кейбірі, кейбірінен әлдеқайда төте, әлдеқайда қатерсіз, әлдеқайда көпшілікке ортақ болып келеді. Сол жолдардың ішінен Құранның терең теңізінен тапқан бір жолым «байқұстық пен жарлылық; мейірім мен терең толғаныс» атты, тариқат-жолы. Расында, байқұстық та ғашықтыққа ұқсас өте шынайы сезім бар. Шынайылық қашанда, қатерсіз болады. Шынайылығының арқасында құлшылық жолы, сүйіспеншілік тариқатына ұласады. Жарлылық жолы да Алла Тағаланың «Рахман» есіміне яғни шексіз қамқорлыққа қауыштырады. Мейірімділік болса, ол да ғашықтық секілді кеңдігімен өзгешеленетін тариқ яғни жол. Ол, Алла Тағаланың «Хаким» есіміне яки яғни теңдессіз кемеңгерлігіне баурап әкетеді. Яки, яғни бұл таңдалған жол ақиқат жолы, шариғат ұстанымы деген сөз. Нақтылы мағынасына келсек, адам-пенде өз Жаратушысының алдындағы байқұстығын, жарлылығын мойындай отырып, оған ғана жалбарынып, өз тілегін жеткізу жолы. Әйтпесе, байқұстығы мен жарлылығын қауымның алдында көрсету мақсатында емес. Осы таңдалған төте жолдың қағидасы мынау: Сүннетке толық мойынсұну, парыздарды түгел орындау, үлкен күнәлардан аулақ болу. Әсіресе, намазды мүмкіндігінше, түгел ережелерін сақтай отырып толық оқу. Намаздан соң тасбихатты ұмытпай айту яки яғни Алла Тағаланың ұлық есімдерін еске алып отыруды әдетке айналдыру.

Осы жолдағы бірінші қадам, ешқашан өз нәпсісінің қалауын жақтамау яғни өз кемшілігін ақтамау. Адам өзіне сенеді, өзін ұнатады, нәпсісін жақсы көреді. Тіпті, Аллаһты мақтауға, оны пәктеуге берілген сезімді өз нәпсісін мақтататуға бейім тұрады. Екінші қадамда, өз нәпсісін мүлде ұмытып кетуден сақтану. Мәселен, өлім бар екенін білсе де, оның өзіне келетінінен беймағұлым, басқаға ғана келетіндей бейғам күн кешеді. Оны тәрбиелеудің жолы, қиыншылықта нәпсіні ұмытпау, оған бетпе-бет келтіру, ал рахат сәттерде оны ұмыттырып, оны алыстатып әкету. өлімді нәпсінің есіне үнемі салып отыру. Үшінші қадам, адам пенде жасалған  жақсылықты өз нәпсісінің жемісіндей көретін әдеті бар. Өйтсе, не істесе пенде кемшілікті өзінен көре білуі шарт. Жақсылықтың бәрін Жаратушының сыйлығы деп біліп, мақтану орнына Алла Тағаланы мадақтап, хамд етуі керек. Міне, сонда ғана кемелдену – өз нұқсандығын білуде, байлыққа жету – жарлылығын мойындауда екеніне көзі жетеді. Төртінші қадамда, нәпсінің өзін тәуелсізбін, өзіммен-өзім дейтін түсінігінен бастартқызу. Өйтпесе, ол өзінше, бір дара билікке, үстемдікке жеткісі келеді. Нәпсінің жүгенсіз кетуі, адам-пенденің Құдайын ұмытып шектен шығуы осыдан басталады. Нәпсі өзінің пәни екенін, өтпелі екенін мойындап, мәңгі Хақ Тағаланың алдына есепке баратынын есінен шығармауы шарт.

21. СОҒЫССЫЗ  ҚАҺАРМАНДЫҚ

Кейде дәрісханаға жалындап тұрған жас жігіттер келеді. Шулы көшеден тып-тыныш дәрісханаға келіп біраз таңданып отырады. Жанына қайсысы жағатынын таразылап отырғанға ұқсайды.

Шынында, көшедегі бұл зманғы нелер қызықтарды тастап келу – ол үшін рухани бір қаһармандық. Өз нәпсісімен болған жиһад, яғни соғысында бейне жеңіспен оралған жеңімпаз жас. Әр күні әр бейнеде өзгеріп, жалықтырмай еліктіре беретін нелер оқиғалармен хош айтысып, енді Жаратушыға мінәжат жасап, Исламның теңіздей таусылмас руханиятын үйрену үшін күні-түні кітапқа үңіліп, дәріс тыңдау, әрине жас жігіттің өмірін түбірімен өзгертетіні сөзсіз. Қызық өмірін қиып тастай салу да оңай емес, жау тылынан нәпсісі де кірпік қақпай аңдуда, сәл босаса қағып түспек…

Осындай «асау» жігіттер келген кезде дәрісханадағылар да оларға өте бір сезімталдық, сыпайылық танытады. Бейне бір асау атқа еппен ер салғандай. Расында дәрісханадағы мақсат шеңбері үшеу:

Ең маңыздысы ішкі шеңбер – әркім  өз иманын құтқару. Екіншісі, адамдардың пәни өмірін мәңгі өмірге айналдыру. Үшіншісі, қоғамдағы шариғат өмірін Исламға өзгерту, яғни отбасынан бастап өмір салтын хақ Исламның ұстанымдарымен ұштастыру. Мәселен, адам пенденің иманы кәміл болса, өмірі де мәнді болады. Өмірін мәнді болдырамын деген адам шариғатты да ұстанады. Шариғатты ұстанған қоғам, хақ жол Исламның жолымен жүруді мақсат етпей тұрмайды. Қазіргі адамзат қоғамның басты мәселесі де осы үшеуі. Бұл үшеуі бір-бірінің ішіне берік байланысқан бүтін сақинаға ұқсайды. Жеке тұра алмайтыны секілді, бір-бірінен де кете алмайды.  Мәселен, адам пенденің «бұл өмірге қайдан келгені? Не үшін келгені? Соңында қайда баратыны?» делінетін мәңгілік үш сұрақ та осы үш сақина шеңбер арқылы түсіндіріледі. Дәрісхананың да мақсаты осы үш шеңберді жеке адамдарда әрі қоғамда қалыптастыру үшін құрылған-ды.

Әрбір заттың Алла Тағалаға қарай ашылатын терезелер тәрізді көптеген арналары бар. Өйткені, бүкіл болмыс атаулының сыры, бүкіл жаратылыстың ақиқаты Алла Тағаланың көркем есімдерімен байланысты. Сондықтан, әрбір заттың сырлары бір көркем есімге, яки көптеген есімдерге сүйенеді. Сөйтіп, әр заттың бойындағы ерекше сипаттар мен өнер-нақыштары бір-бір көркем есімнің көрінісі болады.

Мәселен, даналық пәні яғни философия Аллаһтың «Хаким» есіміне, дәрігерлік пәні «Шәфи» есіміне, тағысын тағы куәлік етеді. Дәл осылайша, адамзат қоғамының бүкіл кемелдігі де түп-түгел Иләһи көркем есімдерден бастау алады. «Заттардың нағыз ақиқаты  Аллаһтың есімдері деген сөз. Ал, әлгі заттардың мәні болса, ақиқаттың көлеңкесі ғана»  деген қорытынды пікірді ақиқатқа көзі жеткен көптеген ғұлама әулиелер айтып кеткен. Кейде жанды бір мақұлықтың сыртқы көрінісінен жиырмадан астам Аллаһтың көркем есімдерінің шұғыласын байқауға болады. Мұндай нәзік те терең, өте биік те кең көлемдегі ақиқат сырларын бір мысалмен түсіндіруге тырысамыз: Бір дарынды мүсінші тастан әдемі гүл ұстаған сұлу әйелдің мүсінін мүсіндеу үшін көптеген өлшемдерді, үлкен жобадан ең кішкене гүлдің күлтесіе дейінгі аралықта өте нәзіктікпен жасауға әрекеттенеді. Сөйтіп, ең соңында көз тартарлық, таңғаларлық, сүйсінерлік мүсін жасап шығарады. Мақсаты – мүсінші өзін өзгелерге сүйсіндіре отырып таныту, сол үшін ол өзінде бар бүткіл өнер күшін сарп етеді.

Дәл осы секілді шексіз шебер,  теңдессіз дана Алла Тағала, Жаннат пен дүниені, аспан мен жерді, өсімдіктер мен хайуанатты, жындар мен адамдарды, періштелер мен перілерді, макро және микродүниелерді өзінің сансыз көркем есімдерімен пішіндеп, тәртіптеп, өз-өзіне сай өлшем ерекше нақыштар берген. Сол ерекше белгілері арқылы  «Муқаддир», «Муназзим», «Муссауир» есімдерін оқытуда. Жалпы пішіндердің ғажаптығы «Алим», «Хаким» есімдерін танытады.

Дүниеден де асырып жаннат бақтарын, ондағы хор қыздарын әшекейлеуші түр түстер береді. Өнер туындысы жомарттыққа айналып, «Латиф» және «Кәрим» есімдерін  еске салады. Ештеңеге мұқтаж емес, Аллаһтың «Ханнан» мен «Рахман» есімдерін оқытады, әлбетте,  бұл мейірім мен аяушылықтың көрінісі. Мейірім мен аяудан келген сұлулық «Жәмил» есімін оқытады. Ол болса, сүюге лайықты – солайша жалғаса береді…

Міне, осылайша бүкіл заттардың сырлы ақиқаты Иләһи есімдерге сүйеніп, көп жақтарымен, көптеген хал тілдерімен Жаратушысын мадақтап, пәктеп тұратынын түсінеміз.

 

 

 

22. ЖЕМ  СҰРАЙТЫН  БАЛЫҚТАР

Дәрісханадағылардың киелі мекендерге зиярат етуі рухани бір саяхат іспетті. Олар тек қызықтау үшін емес, ғибрат үшін барады. Қасиетті Құран Кәрімдегі қиссалардың оқиғасы болған тарихи жерлерді көзбен көру адамдарды терең тебіреніске түсіреді.

Анадолы елінің Ақ теңіз жағалауы сондай киелі мекендерге толы. Урфа қаласының шығыс жақ шетінде бір шақырымға таяу созылып жатқан қамал пішінді жартасты төбе кәдімгі қолдан соққан қорғанға ұқсайды. Осы төбенің етегінде Хазіреті Ибраһим пайғамбардың туылған үңгірі, яғни анасының оны жасырып емізген тас үйшігі сақталған. Ақшыл сарғыш түсті гранит жартастың мұздай жып-жылтыр  ойығына үш-төрт адам еркін сиятындай, әдейі жасалған қостан аумайды. Ал, қорғанның төбесінде болса, заманында Хазіреті Ибраһим пайғамбарды пұтқа табынуға қарсы шыққаны үшін отқа лақтырған залым патша Нәмурдтың салтанатты сарайының қабырға қалдықтары алыстан көзге шалынады.

Тас сатылармен жоғары көтеріліп әлгі қорған тәрізді қызыл шыңның үстіне шықтық. Міне, қарсы алдымызда бәйтеректей биік екі тас діңгек тұр. Бұл Хазіреті Ибраһимді төмендегі таудай ғып үйген алауға қапысыз ату үшін сақпан арқан керуге арналған, сол кезде арнайы жасалған тас діңгек екен. Қамал төбе мен төменгі аралық шамамен үш жүз метрден кем емес биік, осындай бас айналатын шыңырау құздан төмендегі алау жалынға лақтырылу қаншалықты қорқынышты екенін жай адам да елестете алар еді. Қиссада осы алау-өртке Хазіреті Ибраһимді лақтырылар сәтте, періштелер кезек-кезегімен келіп, пайғамбарға көмектеспек болады. Бірақ, Хазіреті Ибраһим оларға: «Дос пен достың арасына түспеңдер! Раббым не қаласа мен соған разымын» дейді. Оның осындай теңдессіз ықыласы үшін Алла Тағала: «Ей, от, Ибраһимге салқын бол!» деп бұйырады. Аспандағы ұшқан құстың қанатын күйдірердей алау-өрт сол сәтте гүл бағына айналады. Нәмруд от ішіндегі сап-сау Ибраһимді көргенде таңғалып, соңында өзінің жеңілгенін мойындап (алайда, тәубә етіп иманға келмеген) мыңдаған сиыр құрбан шалыпты. Ол жердің біраз қауымы мынандай мұғжизаны көрген соң, Ибраһимнің тауһид дініне мойынсұнады.

Сол замандағы Алла Тағаланың дінінің жеңіске жеткенін паш еткендей, қазіргі қамал-жартастың аспанында қызыл, жасыл, ақ, түрлі-түсті көгершіндер мерекелік қызық көрсеткендей топ-тобымен сайран салып ұшуда. Осы ғажап көрініске қызықтай қарап тұрып, көкжиекке қарай созылып жатқан қызыл жартасты тақыр төбелерге көз ұшымызды  тіккенде шатырсыз, төп-төртбұрыш там үйлердің Мекке шаһарына қатты ұқсайтындығы еріксіз  таңдандырды.

Қамал төбенің дәл етегінде сол заманғы алау-өрт жанған орында көгілдір көл, гүлжазиралы бау-бақша, жасыл пальма ағаштары көз тартады. Арасында осыны қызықтауға келген арлы-бері шұбырған әртүрлі адамдар жүр.

Қамал жартастың үстіндегі үңгірге кірдік. Кісі бойынан биік тас туннел, тас баспалдақтармен төмен түсуде. Біз сол үңгірмен қаншама жүріп, сыртқа шығып қарағанда қамал жартастың етегінде тұрғанымызды бірақ көрдік. Бұл кезіндегі Нәмруд патшаның сарайынан сыртқа шығатын жасырын есік екен. Осынша ғажайып құрылыс жасатып, салтанат құрған, пұтқа табынушы тәкаппар Нәмруд, мұрнының ішіне кіріп кеткен жалғыз масаның  әуресінен ажал құшыпты.

Жиегі тас сандықшалармен шегенделген көлге таядық. Суға үңіліп тұрған адамдардың алдында сап-сары ауыздарын арандай ашқан көптеген балық шүпір-шүпір етеді. Бақсақ арнайы жем шашқан тұсқа ағылып келген балықтар сығылыса таласып, су бетіне шығып, жемді ауадан қармап қалуға әрекеттенуде екен. Әр-әр жерде осындай қызықты тамашалап тұрған, әртүрлі киімді, алуан тұрпатты адамдар көп-ақ.

Көл жиегіне таясаң болды, мөп-мөлдір суда ап-анық көрініп жүзіп жүрген балықтар анадайдан сені байқап жетіп келіп, судан басын шығарып, аузын аңқита ашып жем сұрайды. Күлкілі әрі таңғаларалық көрініс. Мұндай құбылыс басқа ешбір көлде, ешбір балықтарда болмайды екен. Аңыз бойынша бұл балықтар сондағы алау-өрттің шала жанған ағаштарынан пайда болған деседі, яғни мұғжиза. Оларға тиісуге, аулауға болмайтын киелі дейді.

Қаланың маңайы Османлы заманынан бері жалғасып келе жатқан ежелгі ғимараттардың үлгісіндегі  құрылыстарға толы, әрбірі бір тарихи оқиғаға қатысы бар. Мәселен, Хазіреті Ибраһим пайғамбар туған кезде, анасы жасырып баққан жартас үңгірі де осында, кіре берісіне  тас тақтаға түсініктеме жазылған үй осында. Үйдің түкпірінде ақшыл сары жып-жылтыр граниттен жасалған кең үңгір. Ішіне жарық қойылған, кілем төселген, кірген кезде өткен замандардың тылсым лебі еседі. Міне, тағы да тарихи маңызы бар естелік. Көл жағасында, ерте заманғы биік қақпа тәрізді дуалдың біріне қадаған мәрмәр тақтада былай деген жазу бар:

«Мұнда, Ислам дінінің жиырмасыншы ғасырдағы ең ірі ғұламаларының бірі Бәдиүззаман Саид Нурси жерленген» деп, оның қызметі мен қысқаша өмірбаяны жазылыпты. Мәйіті мұнда болмаса да, дін қайраткерінің құрметі үшін ол орын сақталған…

Хазіреті Әйүп пайғамбардың да ауыр сырқатқа ұшырап, ұзақ жыл жападан-жалғыз жатқан үңгірі де осы маңайда екен. Үңгір сыртына әдемі шағын күмбез жасалған. Маңдайшасына Құран Кәрімдегі осыған қатысты аяттар жазылған. Үңгірге кіру үшін күмбез есігі арқылы төмен түсу керек. Сыртқы жағы кәдімігі қара жер болып көрініп тұрған үңгір іші тағы да жып-жылтыр гранит тас, қолдан жасау мүмкін емес, керемет екендігі  анық білінеді. Мұнда да бір ғибрат аларлық тылсым сырдың бар болғаны ғой. Қызықтап келген адамдар, оған кезекпен кіріп ішіне намаз оқып, хикметті кереметке толғана қарайды. Үңгірден жүз қадамдай жерде Әйүп пайғамбардың дертіне шипа болған су көзі сақталған. Құдықтың қақпағын ашып тереңіне үңіле қарадық. Басымызды көтерген кезде құдық басында бір үнді пішінді жігіт пайда болыпты. Бізге қарап: «Жүрегіңнің түбі таза болса, құдықтың да түбін көре аласың» дейді, әзіл-шыны белгісіз. Ойланып қалдық, «расында, құдықтың түбін көре алдық па, жоқ па?»

Құдықтың шипалы суы түтікшелермен сол маңайға таратылып, шүмектер жасалыпты. Біз беті-қолымызды жуып, ішуге құйып та алдық. Хазіреті Әйүп пайғамбар жөніндегі дәрісті еске түсірдік:

Хазіреті Әйүп асқан сабырлықтың үлгісі. Тұла бойын түгел құрт басып кетсе де, басына түскен сынақтың қайтарымын ойлап, азапқа шыдап баққан. Құтырған құрттар тілі мен жүрегіне тиісе бастағанда: «Я, Алла! Мынау құрттар зікір айтатын тіліме, иманымды сақтайтын жүрегіме тиіспесінші!» деп, тән азабынан құтылу үшін емес, құлшылығын қорғау үшін Аллаһқа жалбарыныпты.

Осындай шынайы тілегі қабыл болып, шипалы судан сау-сәламат сауыққан Әйүпке, Ұлы Жаратушы алдыңғысынан да көп байлық, мықты денсаулық сыйлапты. Осындай сабырлық пен құлшылыққа адалдықтың үлгісін пайымдайтын болсақ, Хазіреті Әйүпті сыртқы тән жарасы қинаса, бізді ішкі рухани жараларымыз азапқа салуда. Егер ішімізді сыртқа айналдырар болсақ, Хазіреті Әйүптен де өткен науқас болып шығарымыз сөзсіз. Оның жарасы пәни өміріне қауіп төндірсе, біздің жарамыз бақи өмірімізге қатер төндіруде. Демек, Хазіреті Әйүптің әлгі тамаша мінәжатына біз одан мың есе мұқтажбыз. Өйткені, біздің рухани денемізді әр алуан мағынауи құрттар жеуде. Олай болса, құрт жыланға айналмай тұрғанда тәубаға келіп, шынайы құлшылықпен жалғыз Жаратушымызға жалбарынудан өзге жол жоқ.

23. ЕЖЕЛГІ  ШАҺАРЛАР

Анадолы елінде ежелден бері сақталып келе жатқан қалалар көп. Соның бірі – Адана. Атының түрікше мағынасы белгісіз, бәлкім византиялықтардан қалған атау болса керек. Қандай бір заңдылық бойынша, жер мен елді мекендердің ескі атаулары өзгермей сақталып қалатыны қызық. (Мәселен, Моңғолиядағы ескі түркі жер атаулары Көпсугөл,  Бұйра, Усу көлдері, Керулен, Тула, Орғын, Тамыр өзендері т.с.с көптеген атаулар мыңдаған жылдан бері сол қалпы өзгермеген; дәл сол сияқты Қазақ еліндегі Қаскелең,Тарбағатай, Сағанбұйын, Кеген, Нарынқол, Баянауыл тағы көптеген моңғол-қалмақ тіліндегі жер атаулары әлі солай аталуда.)  Салтанатты тас сарайлар салып, еңселі қақпаларының алдына не түрлі құдай-пұттардың бейнесін мүсіндеп, мыңдаған жыл бойы бір Жаратушыға шақырған пайғамбарларын тыңдамай тәкаппарлық жасаған қалың қауымның бүгін ізі де жоқ. Солардың орнында қазір күрең тас плиталардан ықтияттап салынған, үлкен мешіттердің күмбездері көз тартады, маңайы демалысқа арналған кең саябақ, саябақтың астында көзкөрім кең автотұрақ. Қиялмен өткен шақтан бері ой жүгіртсең жер беті, түгелдей әр қауымға пәни сынақ үшін келіп-кететін бір уақытша қонақ үй екені осы көріністен анық байқалады. Біз тамашалап отырған Адана да сондай бір өтпелі елді мекен болғаны анық.

Урфа қаласы да осы ескі атауында не мағына білдіретінін қазір ешкім де айта алмайды. Көшелерінде жүргенде үйлердің ескі үлгідегі көрінісі, адамдардың киінісіне қарап бұрынғы Османлы заманына өтіп кеткендей күй кешесің. Тайыр абидың дәрісханасы ақшам асына өздерінің «урфалық» деп аталатын ас-тағамдарын ұсынды. Жұқалап жазылып кептірілген қамырға ащылы-тәтілі бұрыш, аздаған ет түйіршіктері сіңірілген. Осындай көлемдері табақтай-табақтай тағамға енді,  қызанақ, қияр секілді көкөністің түр-түрін салып, үстіне лимон шырынын тамыздықтатып шиыршықтай орап алып, шетінен кертіп жей бастайсың. Бір сәтте тіліңе келетін не түрлі дәм тәбетіңді арттырады. Тойымды әрі өте сіңімді тағам.

Кешкі тамақтан кейін, дәрісханалықтармен бірге ақшам дәрісіне келдік. Теңізасты бор тастарымен салынған ескі османлы заманының еңселі биік ғимаратында дәрістер өткізіледі екен. Жүзден астам кісілер кең сиысып отыр. Дыбыс жаңғырықпайды, сөз анық естіледі. Қанша көп адам, сонша ұзақ отырса да ауа тарылмайды. Үйдің төбесі сонша көз көрім биікте болса да, жарық пен жылылық тепе-теңдігі сақталады. Алты жүз жыл асқан осы көне ғимаратта тозу, ескіруден гөрі өткен мен дәл қазіргі уақытты бірлестіретін жаңғыра жаңаланудың бір тылсымы сезіледі. Бәлкім ежелгі құрылыс шеберлері осы сырдың бәрін терең меңгерген яғни нені де шын жүрегімен Алла ризалығы үшін, илһам инанымымен істегені сөзсіз.

Бірінші дәрісті оқыған Бәкір аби, маған өзінің қызық өмірбаянын айтты. Әкесі төрт досымен бірге 1955-жылы қажылыққа кеткенде төрт ұл қатар туылыпты. Сөйтіп, осы тарихи естелік үшін бәрінің атын да Бәкір қойыпты. Осылайша, аттас әрі түйедей құрдас төрт Бәкір бір сәтте дүниеге келіпті.

Дәрістен тысқа шықтық. Биік үйлі тар көшелердің түнгі аспанынан жұлдыздар анық көрінеді, ауа тап-таза. Дәрісхананың дәл алдында бұтақтары кесілген алып тұт ағашы өсіп тұр. Шығар ауыздағы шеттері шегенделген терең арықта сылдыр-сылдыр етіп, мөп-мөлдір су ағып жатыр.

Таңертеңінде қария талебе Өмер абидің үйіне келдік. Жасы сексеннен асса да алпыстағы адамдай ширақ, үнемі әзіл айтып күлдіреді. Таңғы ас ішудеміз. Жатар орын мен кітаптан өзге басы артық ештеңе қойылмаған,  ұядай жайлы бөлменің ашық тұрған есігінен ауладағы жалғыз лимон ағашына көзіміз түсіп отыр. Қыс мезгілі аяқталмаса да жап-жасыл. Бір таңғаларлығы, жасыл жапырақтардың арасынан сап-сары лимондардың көрініп тұрғандығы. Икрам аби: «Аби, сіздің лимондарыңызға көзіміз түсіп отыр» деп, әзілдеді. Қария қауқалақтап, «Ой, түгел теріп әкетсеңдер де мейілі» деп, лимон әкелуге қолқанат жігітін жұмсады. Бір ғажабы, бұл лимон өткен жаздың жемісі екен, тап-таза, жап-жас күйінде осылайша тұра береді. Қажет кезінде алып керектенеді, келесі жаңа жеміс өскенше осылай ескірмей жаңа қалпында сақталады. Қазір болса, әлі ерте көктем уақыты.

Өмер аби ұстазы туралы қызықты әңгімелер айтуда. Әңгімесін қызыға тыңдаған сайын шабыттанып, «Кетпеңіздер, тағы бірнеше күн болыңыздар!» дейді. Әңгімесінің арасында белдігіне байлаулы көп кілттерін бізге бір сырмен ғана көрсетіп қойды да: «Ұстаздың жерленген жерінің есігінің кілтін үнемі өзгертіп отырамын…» деді. Қария талебенің берік аманат иесі екені – аңқылдаған көкірегі мен нұры таймаған шыншыл көзінен көрінеді.

Антеп қаласы да сондай ежелгі қала, атауының мағынасы тағы да мәлім емес. Бірақ, соңғы заманның  аудан-аудан болдырып салған, биік қабатты, су жаңа құрылыстары көшіп келіп жатқан жаңа мекенді еске салады. Жаңа дәуірдің лебін сездіреді. Жазыққа кең көсіліп жатқан аласа таулар,  төбе-төбенің бәрі самырсын орманды жасыл алқап. Осының ара-арасына тынымсыз салынып жатқан жаңа үйлер, көшесі әлі табиғи қалпында, көктемгі алуан шөптің иісі бұрқырап, салқын самал еседі.

Міне, осындай жаңа үйлерде дәрісханалар ашылып, арзан бағамен жалға отыра береді.  Әр бөлмесіне үш-төрттен студенттер тұратындай етіп, керек-жарағын сай етіп жасақтап қойған. Алаңсыз, қысылып-қымтырылмай оқитын, білім алатын мүмкіндік толық жасалған. Әрі осындай дәрісханаларда жастар рухани тәрбие алатын дәрістер жүргізу ісі де жолға қойылған. Біз келген дәрісхананың ішіндегі ағаш пердені жиып алып еді, бөлініп тұрған екі бөлме бірігіп кәдімгі үлкен залға айналды. Осында ақшам дәрісіне елудей кісі жиналды. Мектеп жасындағы балалар да отыр. Бәлкім, оларды жиындарда сөз тыңдап үйренсін, үлкендерден үлгі ала берсін деп, әкелері өздерімен бірге ала келген болу керек. Осылайша, екі-үш сағат бойы қырық-елу адамның бір ортаға жиылып рухани дәріс тыңдауға өз бетімен келуі, оны әдетке айналдыруы – сөзсіз үлкен жетістік. Дәрістерге оқушыларын ертіп келетін оқытушылар да бар. Осы дәріске қатысып отырған Бүлент деген жігіт, электроник пәнінің мұғалімі екен. Ол секілді өмірлік мақсатын тек, жастардың рухани тәрбиесіне арнаған азаматтар да аз емес. Осы дәріс өтіп жатқан дәрісхананың жетекшісі Мехмет Әмин, бір өзі әлденеше дәрісхананы жауаптанады екен.

Әр күні: «Иман жолдындағы адамдардың бірлігі, өзара жүректерінің де бірлігін қалайды. Бір сенімде болу – қоғамдағы бірлікті де талап етеді. Бір әскери бөлімшедегілер жауға қарсы өздерін бір адамдай сезінетіні рас емес пе? Олай болса, дінсіздікке қарсы имандылық бауырластығы бізге ауадай қажет. Біз бауырластар, кейде бір күндік араздыққа тұрмайтын нәрсеге жыл бойы кек сақтаймыз. Неге? Міне, мына шарттарды ұмытамыз: Біріншіден, ол ренішті жағыдайда тағдырдың да үлесі бар. Соны ажырата біліп, тағдыр мен қазаға мойынсұнып, араздасушыға ризашылық таныту да дұрыс. Яғни, осы тағдыр есебінің құрметінен оны кешіре білу, деген сөз. Екіншіден, жайсыз істе нәпсі мен шайтаның да үлесі бар болғандықтан, қателесуші адамға қысастық емес, қайта оның өз нәпсісінен жеңіліп қалғаны үшін жанашырлық пен шайтанға алданғанына аяушылық танытып, оның өз қатесін түсініп, өкінгенін де күткен жөн. Үшіншіден, қателесушіден анық байқаған кемістікті адам өз бойынан да іздей білуі керек. Егер оны тапқан адам болса, ренжіген адамының қателесуінің мөлшерін де азайта алады. Мұндай саналы сараптау оны толық кешіруге мүмкіндік жасайды. Ал кешіруде ешқандай қатер жоқ, шығын да жоқ, қайта көптеген пайда бар. Әрі қарсыласыңды жеңесің, әрі оның алдағы зиянынан да құтыласың…»

Міне, осындай дәріс тыңдаған жастар кекшіл, жаман болуы әсте мүмкін бе?

24. ХАЗІРЕТІ  ИСАНЫҢ  ХАУАРИЛЕРІ

Рейханлы деп аталатын аудан, бейтаныс бір өлкеге ұқсайды. Жерінің топырағы қара, ауасы ыстық. Мұнда өзіне тән мандарин, лимон, апельсин секілді бүкіл жеміс-жидектің түрлері өседі. Осы маңайдағы бір үлкен таудың беткейінен жер иеленген тұрғындар, кезінде үкіметтен арнайы қарыз алып, зәйтүн ағаштарын отырғызған екен. Қазір әлгі тау жаппай зәйтүн тауына айналған. Бүкіл елге зәйтүн жемісін, қымбат зәйтүн майын шығаратын берекетті мекенге айналған. Сондықтан,  ол жердің халқы «Ағаш бағу мал бағудан оңай» деген мәтелді көп айтады.

Тұрғындардың басым көпшілігі арабтар мен күрдтер. Олардың діндарлығы сондай, отызыншы жылдардың билікке келген дінсіздері мұсылмандарға намаз оқытпау үшін, күнқағар маңдайы бар қалпақ киюді бұйырған екен, сол үшін арнайы «шапка заңы» дегенді шығарған болса керек, сонда, осындағы рейханлылар қалпақ ілінген ағаштың бұтағын «кәпір болды» деп, кесіп тастайтын болған деседі.

Мұндағы үйлердің үлгісі де бөлек. Арабстандағы секілді шатырсыз, биік-биік төртбұрыш тамдар. Міне, осындай берекетті өлкеде, заманында Хазіреті Исаның (а.с) хауариларі яғни жақтастары өмір сүргендігі жөнінде құнды тарихи деректер қалған. Аудан орталығы «Антакя» қаласында «Хабибі Нәджжаз»  яғни «сүйкімді ағаш шебері» деп аталатын көне мешіт бар. Хазіреті Исаның он екі хауариінің екеуі осында шейіт болғандықтан, соларға арнап Милади 638-жылы осы мешіт салынған екен. Мешіт ауласының тап ортасында биік тас бағына және Османлы заманының ерекше естелігі болып саналатын тас тұғырлы таза су шүмектері көрінеді. Мешіттің аула ішіне қараған қабырғасын сүйеп тұрған бес биік тас діңгектің бас жағы бесеуі бес түрлі, ерекше айшықтармен бедерленген. Бұлар осы мешіт басынан кешкен бес дәуірдің, бес мәдениеттің белгісі деп, есептеледі екен. Осынау уақытпен жарысып келе жатқан, мешіттің шығар аузына таяу маңда жер астына түсетін есік көрінеді. Есік алды қара шобыр, көбі шетелдік кескінді адамдар – хауарилердің зиратын қызықтаушылар. Тас баспалдақтармен төрт метрдей төмен түскен кезде екі хауаридің мәйті сақталған, жасыл жабынталы қабір көрінеді. Мәрмәр тақтаға аттары жазылыпты: «Yuhanna ve Pavlus» (Юханна мен Павлус) деп. Сол дәуірден бері миллиондаған адам жер қойнына кіріп, із-түзсіз ұмытылса да, хақ дін үшін шәйіт болған екі адамның ұмытылмауында, құдіреттің хикметі бар екені сөзсіз.

Аудандағы бір қабатты кең дәрісханаға екінші дәріс басталған кезде келіп жеттік. Салонның дәл төрінде, қабырғадағы жарық лампаға таяу үстіне қызыл кітаптар қабаттап қойылған үстелде дәріс беруші бапты, анық, баяу дауыспен дәріс оқуда. Жиылғандардың саны елу шақты. Ең қариялары 70-80, орта жастағылары 40-50, өте жастары 20 жас шамаларында яғни ата, әке, немере  үш буын өкілі де бір мағынадағы дәрісті тыңдауға, ұғуға бірдей құлықты деген сөз. Яки, бұл оқылып жатқан дәрістің ерешелігі жас таңдамайды, кімге де қажетті. Әркім өз қалауымен, өз еркімен дәріске келетіндігіне дәлел. Әйтпесе, 80-дегі қарияның түнде жүруі оңай емес, күндізгі жұмыстан діңкелеген орта жастағы адамдар да кешкі дәріске келмеуге сылтауы бар, дырду-думанды көшені қалдырып жастардың да келе қалуы тегін емес.

Біз сол күні осы дәрісханаға түнедік. Мұнда Алманиядан келіп оқып жатқан жастар да бар екен. Кезінде сол жаққа жұмыс іздеп кеткендердің балалары. Нұреддин есімді Ауғанстаннан келген өзбек оқушы да бар, өзбекшеден гөрі пұштун тілінде артық біледі, арабша да сөйлейді әрі Құранды арабшадан жақсы түсінеді екен.

Дәрісхана абиі Мехмет, таңғы асты өзі әзірлепті. Дастарханда ыстық сүт, жұмыртқамен қуырылған шұжық, балға батырылған сарымай, қолдан пісірілген нан көз жауын алады. Қонақ пен қонақ күтушінің арасындағы әдемі әңгімелермен берекеті артқан таңғы ас Алланың рыздығын бір сәт бүкіл болмысымен сездіргендей рахат бір күй кешесің.

Сирия мен іргелес елді мекенің шекарасы, ауыл арасы секілді  емін-еркін, ашық көрінеді. Орманды жасыл төбелер, егінді жазықтар, ондағы бірен-саран қараңдаған адамдар «әй!» дейтін маңайда жүр. Османлы заманында бір ел болып тұрғандығының белгілері мұнда әлі сақталған секілді. Тікенек сымдар мемлекетті бөлгенмен қарапайым халықты бөлмейтіні яғни адамдардың бәрінің атасы да бір, жері де бір екені – оларды нағыз бауыр ететін хақ дін Ислам тұрғанда ешкім бөле алмайтынын – осындайда әркім жүрегімен сезінеді.

Рейханлының жасыл желекті, май топырақты бай табиғатын қызықтаған көктемнің жалт етпе күні де өте шықты. Біз бүгін «көй дәрісіне» яғни ауыл дәрісіне баратын болдық. Түнгі ауыл көшесі жас шөптің иісі бұрқыраған тап-таза ауа, маужыраған тыныштық. Айсыз аспандағы шыпырлаған жұлдыз, табиғи өмірдің адамға қаншама етене жақын екенін  қоңыр самалымен бетіңнен сипап білдіреді. Әуелі, Дәмірек ауылындағы Махмуд абидің ақсақал әкесінің үйіне сәлем беруге бардық. Сексеннің сеңгіріне таяса да көзі әлі өткір, құлағы біраз қағас болып қалған қария тек әзілдеп сөйлеседі. Өткен қиын өмірі мен бүгінгі бақуатты күніне шүкір етіп отырған мұсылман ақсақалдың кесек мұрыны, таяқ тіренген сіңірлі қолдары – Селжук заманынан бері жалғасқан қайратты ұрпақтың тірі ескерткішіне ұқсайды.

Көрші үйдегі «көй дәрісіне» қатыстық. Бір сәт мойыннан түспейтін тіршілік қамын ұмыттырып, рухани биікке көтеретін дәрістің – ауылдағы қарапайым адамдарға да қатты қажет екені байқалады. Дәріске сырқаты әбден меңдеген, бір орта жастағы адам келіп, жан қиналысын ұмытқандай жүзі жадырап қайтты.

Дәрістегі: «Сырқаттың өзі ақиқатында адамға берген Алланың бір қымбат нығметі. Әр қиналысындағы минөттер – күндер бойы жасаған ғибадаттарға тең келеді, осыған шүкір еткен ауру адам, көп күналарынан тазарады».  Әрине, мұндай қанатты сөз жанның шипасы ғой.

Түнделете Иавуз Сәлімнің дәрісханасына жеттік. Дәріс кітаптары тамаша ұқыптылықпен қапталыпты. «Мынау кітаптарыңыз қанашама қолдан өтсе де отыз жыл бойы ескірмес!» дедім. Бұл да ысырап жасамаудың әдемі көрінісі. Дәрісханадағы жастар Икрам абидің әңгімесіне құлақ түріп қалыпты: «Хазіреті Омар радиаллаһу анһу, былай дейді екен: «Өткен күнімдегі екі нәрсенің біріне жылаймын, біріне де күлемін. Жылайтыным – сәби қыздарымды жерге тірі көмгенім. Күлетінім – қамырдан халуа жасап, оны пұт-тәңір етіп сыйынып, соңыра ашыққанда жеп қоятыным». Ол замандар өтті. Біз үшін қазір бәрі анық, айқындалған. Өткендер үшін, үйреніскен жаман нәрселерін тастау  қанша қиын болса да, иманның қуатымен тап-таза адам болуға қол жеткізуі –  адамға имани қажыр-қайратдың керектін дәлелдейді. Енді, біздің заманда ұрпағымызды жаман әдеттерге бой үйретуден сақтап, оларға жақсыны үйретіп үлгеруіміз шарт. Сол үшін жастарды дәрісханаға баурау, етін үйрету, дәрісті тыңдату – осы жүрген бәріміздің міндетіміз де мақсатымыз да сол болса керек…»

Икрам аби екі жанында бас изеп құптап отырған Жұма аби мен Юнүс абидің иығына қолын салып: «Солай ғой, аркадаш!» деді.

Расында, бұл қариялар осы ізгі іске бүкіл өмірін арнаған адамдар. Енді, олар мынау өздеріне қарап отырған жастарға осы игі істі аманат қылуды ишараттап отыр.

25. ҮҢГІРДЕГІ  ӘУЛИЕЛЕР

Мерсин қаласының өңірі «Жүзімнің отаны» деп аталады екен. Көз көрім алыстағы көк жазықтар тақта-тақта етіліп бөлінген. Жолдың екі жағы да дәл сондай, ешқандай бос жер қалмаған. Осындай ондаған шақырым созылған жеміс плантациялары құнарлы жерді қалай пайдаланудың үлгісі секілді. Бірде жап-жасыл жапырақты, арасында сап-сары жемістері көрінген биіктігі біркелі апельсин бақтары, одан соң көкшіл ұсақ жапырақты, діңі ақшыл түсті зәйтүн бақтары, тағы сондай лимон бақтары кезектесе егілген. Көгілдір жазықты жауып жатқан осынша жеміс, елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, сыртқы елдерге де өткізіледі екен. Ал, жүзім бақтары басқа жемістерден бөлекше. Мұнда бірдей қашықтықта шаршылап орнатылған құрғақ діңгектер – күзеттегі сансыз әскер секілді көзді бұлдыратып сонау алысқа дейін созылып жатыр. Бәлкім, күзде жапырақ жайып жемісі піскен кезде кең жазықты түгел алып жатқан көлеңкелі әскер шатырларына ұқсайтын шығар.

Түс мезгілінде қала ішіндегі дәрісханаға жеттік. Алыс жолдан келе жатқанымызға орай, ілезде түскі ас әзірленді. Зәйтүн майына сарғайта біркелкі қуырылған жұқалап кесілген кәртөшке қуырдағы, қой сүтінің сүтсірнесі, өз жерінің тұздалған зәйтүні, мол етіп қойылған кең дастархан жайылды. Ас үстінде Икрам аби жастарға естелік әңгіме айта бастады: «Ұстаз 1908-жылдар шамасында әйгілі «Әл-Азхар» секілді бір Ислами университетін ашуды ойластырады. Қазынадан қаржы алуға да келіседі. Алайда, бірінші дүние соғысы бөгет болады. Кейін коммунизм пәлекеті келіп килігеді. Сөйтіп игі мақсат кешеуілдейді. Оған жалғаса, Османлы билігі құлады да жаңа өкімет орнайды яғни тағдыр ауаны басқа жаққа бұрылған екен. Өрттей қаулап келген дінсіздік дертінен Ислам қауымын арашалау үшін әрі қасиетті Құран Кәрімнің терең тылсымдарын ашу үшін шұғылалы кітаптар дүниеге келе бастады. Ол шамамен жиырма жылға жуық мерзімде жазылып бітті…»  Әңгіме осы тұсқа келгенде бәріміз араласып, тосын пікірлерімізді де қосып, кеңесті өрістетіп жібердік. Нұр кітаптарының  бүтін жинақтары университет жүгін көтеретіндей салмақты еді, оның ішінде Исламдағы көптеген мәселелер қамтылған. Оның қарапайымдылығы мен тереңдігі пара-пар деуге болады. Оны бес жасар бала да сексен жастағы қария да түсіне алады.

 

Исламның әрбір негіздері мен шартары ең қызықты хикая тәсілдері арқылы түсіндіріледі. Бұл тәсіл ұғуға жеңіл, жалықпай оқуға қызғылықты. Егер осы Нұр жинақтарын университет деп есептесек, үш ай оқып та әр адам өз қабілетіне сай Ислами білім алуына мүмкіндік бар. Жиырма жыл бойы үзбей тереңдеп оқи берсе әрі оған ешкім бөгет бола алмайды, шамасына қарай Құрани ілімнен сусындап, иман қаруымен сақадай сай қаруланған болады. Қандай жаста екеніне қарамай сәті түскен кезінде бастап оқыған кім болса да толыққанды Ислами білім алары сөзсіз. Уақыт пен жағдайға сай жинақтың бір кітабын оқып та, бүтін жинақтағы білімнің дәмін алуға қолайлы етіп құрастырылған. Әрі, осынау Нұр кітаптардың жинақтары – «Нұр» университеті басқа университеттер секілді бір-ақ жерде тұрған жоқ, ол – бүтін дүние көлеміне жайылып кеткен, бүтін елді Ислам университетіне айналдырған ерекше оқу орны десе артық айтқан болмаспыз. Өйткені, кез-келген қала, елді мекендегі дәрісханалар, осы алып университеттің оқу аудиториясына ұқсайды. Ерекшелгі – басқа университеттер секілді тек, күндіз емес кез-келген уақытта яғни түнде де, түн ортасында да, таңда да, түсте де, мейілі қалаған кезіңде дәріс оқушылары да, дәріс кітаптары да алдында дап-дайын. Мұнда басқа университеттегідей таусылып бітпейтін қағазбастылық, әкімгершілік секілді әуірешілік атымен жоқ… Әсіресе, мың жыл бойы қалыптасқан өте бай тіл османлы түрікшесін  ұмыттырмай ұрпаққа жалғастыруға бірден-бір себеп болып келе жатқан ұлт құндылығының жанашыры екенін де ескермей кетуге болмайды.

Түс ауа, Құран Кәрімдегі «Асхаб-ы Кеһф» (үңгір иелері) сүресіндегі қиссаның оқиғасы өткен қасиетті төбеге қарай беттедік. Бұл – «Тарсус» шаһарының жанындағы әйгілі аңыз төбе. Пұтқа табынушы әрі өз патшаларын тәңір деп әспеттеген ежелгі «Дакианус» патшалығы осында болған деседі. Кезінде қойтасты, бұталы болған биік төбенің үстіне дейін мәшине жолы салынған екен. Төбенің басына келдік. Дәл төбеге көз тартарлық мешіт салыныпты. Қабырғасындағы мәрмәр тақтаға: «1967-жылы салынып бітті» деп жазылған. «Асхаб-ы Кеһф» үңгірі аяттағы суреттеулерге өте ұқсайды. Үңгірдің ішіне оң жағынан келген күн сәулесі түсетіндей шаңырақ тәрізді терезе-тесік бар екен. Үңгірдің аузы төменде, ішіне кірген кезде үй орнындай тегіс кеңістікке төбедегі тас ойықтан жарық еркін түсіп тұр. Оңға қарай тар қуыс көрінеді. Ары қарай біраз жүрген кезде, өте төменде тұйық үнгір бар. Сол жерде қос орнындай сарала түсті жып-жылтыр мәрмәр тастан текшелер көрінеді. Міне, «үңгір әулиелері» тап осы жерде Алла Тағаланың құдіретімен үш жүз тоғыз жыл бойы ұйықтап жатқан екен. Аятта «оларды әруақыт оң мен солына аунататын едік», деп баяндайды. Өзін тәңірмін деп, жариялаған патшаның сарайындағы ақсүйек жігіттер, Хазіреті Иса пайғамбардың тәухид дінін жасырын ұстанып жүріп, патшаға тәңір ретінде ант беретін күні «Сен пәни пендесің! Бәріміздің жаратушымыз Бір Аллаһ, біз соған ғана табынамыз!» деп, жандарын пида етіп, қарсы шыққаны үшін қуғындалады. Патшаның азапты зынданынан қашып шығып, осы үңгірге келіп тығылғанда, олармен бірге «қытмир» атты иті бар бір қойшы да қоса жасырынады. Сөйтіп, олар белгілі бір күні оянады. Үстерін қалың шаң басқан, қарындары да әбден ашыққан. Бәрі де бір күн, бір түн бойы ұзақ ұйықтаған шығарымыз, деп ойлайды. Шаһарға тамақ әкелу үшін жасырын барған біреуі, бір күнде дүниенің мүлде өзгергеніне таң-тамаша болады. Кеше ғана тиым салынған Хазіреті Исаның діні ашық салтанат құрыпты. Қазір керісінше, пұтқа табынушылар қуғындалатын болыпты. Сөйтіп, ол өзімен бірге нан алуға әкелген баяғы ақшаның дәлелімен үш жүз жылдан кейін осында тұрғанын біледі. Ол шақта осы тарихи оқиғаға бүтін қала халқы куә болды.

 

Яғни, хақ дінін қорғап, өз жандарын пида еткен керемет ерліктері үшін, Алла Тағала үңгірге жасырынғандарды әулие дәрежесіне көтеріп, келер заманға куә етеді. Ал, дін жолындағы ақыретке сенетіндер мен сенбейтіндерге қайта тірілудің – хашир күнінің болмай қоймайтынын, осылайша бір замандағы қауымның көзіне көрсетеді. Ал, бұл ғажайып оқиға – кейінгі бүкіл адамзатқа да дәлел болып тұру үшін Құран Кәрімде арнайы сүре болуы да, бұл мұғжизаның жалғасуы екені анық. Өзінің қойшы иесіне адал болған қытмир ит те жаннаттық хайуандар санатында делінеді…

Тағы бір дәріс: Қанағатшыл мен ашкөз адамның мінезі мына мысалдан айқын көрінеді. Екі адам өте мәртебелі бір кісінің қонақ үйіне келеді. Біреуі ішінен: «Мені ішке кіргізсе де болды. Тоңбай есік алдында жатсам да жарайды» деп ойлайды. Екіншісі болса, осы жерде ақысы бар адамдай, маған төрден, жайлы жерден орын берілуі керек, деп бұлданады, үйге ашкөздене кіреді. Бірақ, үй иесі оны босағаға отырғыза салады. Ол қонақ үйдің иесіне өшіге қарайды, мұны сезген қожайын да оған жылы шырай таныта қоймайды. Ал, бірінші кірген адам, өте кішпейіл болғандықтан, өз еркімен босағаға отыра кетеді. Қонақ үйдің иесіне оның бұл мінезі өте ұнағандықтан, оны өзі қолынан жетелеп төрдегі орынға отырғызады.

Міне, мынау дүние де дәл сондай Рахманның қонақ үйі, әркім пиғылына жарай несібеге ие болады. Және осы берілген байлықтан Аллаһ ризалығы үшін зекет-садақа беру, бермеуімен де байлығы бар адамдар сыналады. Мәселен, баяғы жылдары мұсылман қауымының ашаршылыққа ұшырауының да бір сыры осында. Алла Тағала сараңдық жасаған қауымнан жиналып қалған зекетін өндіріп алады екен. Міне, сондықтан да мұсылманға ашкөздік пен сараңдық еш жараспайды. Ұлы Жаратушының өз мүлкін өз жолына жұмсаудан өзге ізгілік жоқ.

 

26. ҚОЙЛАР ҚҰРБАН  ҮШІН…

Ақсарай алқабы. Османлы заманында қалыптасқан атау болу керек, мағынасы да кәдімігі түркі тіліндегі «ақ сарай» сөзіне сәйкес. Ақсарайдың шығыс жағында аласа, тақыр, қызыл таулар жалғасады. Батысы тегіс, көз жеткісіз тақтайдай жазық дала. Арғы жағы Тұз көлі көкжиекке сіңіп, сағым тұмшалаған белгісіз өлке. Осынша ұзаққа созылып жатқан, жеміс-жидек егуге қолайсыз даласын да Анадолы елі босқа қалдырмаған секілді. Жолдың екі жағына назар салған сайын, топтана жайылып жүрген қора-қора қойлар көзге шалынады. Әр қорада кемінде екі-үш жүзден кем емес қой түлігі болу керек. Шопандары жаяу не есек мінген, аттылар өте сирек. Ара-арасында желіндері жер сызған сүтті ақбас сиырлар да көп көрінеді. Тек, мәшине жолға жақын маңда осынша мал түліктері болса, мұндай кең алқапта қаншама көп мал бар екені анық. Яғни, Анадолы елінде ет пен сүттің тапшылығы жоқ екендігі осыдан білінеді.

Жол бойында қап-қап жаңғақ пен мейіз сатқан жас жігіттер тұр. Бағасы базардан арзан яғни мұндай иен далада базар бар, мал-жанын баққан қауым бар дегендей рыздық көзі қайда да табылады.

Түнге қарай Ақсарай шаһарына жеттік. Қала көшелері де жерінің кеңдігіне сай өте кең. Наурыз айының салқын желі қалаға қыр тынысын әкелгендей. Дәрісханаға өте кеш келсек те ондағы жеті-сегіз шәкірт жақын туыстары келгендей қуанышпен қарсы алды. Ілезде шай әзірленіп, шәугімнің астында қызыл тілдей жалын шығарып тұрған шағын қыздырғыш кішкентай ошақ секілді қызық көрінеді. Қанша дәрісхана болса, осындай өзіндік бір ерекшелігі болмай қоймайды. Әр үйдің салты басқа дегендей. Алайда, барлық дәрісханалардың бір-біріне ұқсас, ортақ әдеттері де көп. Ол – жұмсақ мінезділілігі, аса қонақжайлылығы, сырт адамдарына тез үйір бола қалатын тіл тапқыштығы, жақсы нәрсеге қызыққыш әдемі әдеттері… Осы дәрісхананың абиі алдын ала хабар беріп қойған болу керек шамасы, Фуат есімді лицей мұғалімі де осында келе қалды. Дәмді шайдан кейін, Селжук аби мәнді бір дәріс оқуды жөн көрді. Кәнігі дәріс оқушының әр сөйлемге мән бере, ойландыра, қайталай сұрақ қоя оқыған дәрісі жаңа таныстарға қатты ұнағандай болды. «Әлі де болса, жалғассын» дегендей тым-тырыс тыңдап, ықылас білдірді.

Бүкіл әлемдегі болмыс атаулының бір-біріне жәрдем етуі, әр бірінің жеке сұрағына, қажетіне жауап берілуінің өзі – барлық жаратылыс бір ғана Мүдәбирдің яғни ұйымдастырушының басқаруымен, бір ғана Мутасаррыфтың яғни билік жүргізушінің жарлығымен қозғалатын Сәйдтің яки қожайынның қызметкерлері екенін көрсетеді. Мәселен Күн, Раббани әмірмен жер бетіндегі жан-жануарлардың тірлігіне қажетті жарық пен жылуды беріп, азық-түлігін өсіріп, пісіреді. Ай болса, уақыт өлшемі үшін, түнгі шырақ міндетін атқарып аспанда өз жолынан аумай жүзеді. Ауа мен су тірішілік атаулының бәріне әр сәт сайын қажеттілігін қамтамасыз етеді. Топырақтағы ұсақ бөлшектердің бәрі өсімдік атаулыға қызмет көрсетеді. Ал, бүкіл өсімдік өз кезегінде үлкен-кіші хайуандарға қорек болу үшін өсіп-өніп, дайын тұрады. Бұның бәрі көзімізге көрініп тұрған ап-ашық Иләһи дәлелдер.Тіпті, біз көре алмайтын дене мүшелерінің өзара жәрдемдесуімен, қоректік заттардың ағзалардағы жасушаларға жеткізілуі, оттегінің мезет сайын үздіксіз қан тамырларындағы қызыл түйіршіктерге жабысып бүкіл бойға таралуы – өзара жәрдем заңының іс жүзіндегі айқын көрінісі. Жансыз, бейсана заттардың жандыларға жомарттық, қомқорлық ережесіне сай, өте хикметті түрде бір-біріне көмектесуі, өз-өз тілінде бір-бірінің шақырған дауысына жауап беруі, жанашырылығы, қуаттауы, олардың ап-анық түрде жалғыз, дара Уахид-і Әхад яғни тек біреудің, Фәрд-і Сәмад яғни ешнәрсеге мұқтажсыз біреудің қызметшілері екенін, тек соның бұйрығымен жүретін әскері әрі жаратылған мақұлықтары екенін көрсетеді.

Міне, ей, қиялы шатасқан пәлсафашы бейшара! Осы бұлтатпас дәлелдерді, өзің ойлап тапқан «кездейсоқтық»  деген ережеңмен дәлелдеп беруге шамаң жете ме? Яки, «кездейсоқтық» деген заңсыздық деген сөз екенінін бәлкім мойындайтын шығарсың… Дәріс бітті.

Түн ауа қонақтарға төсек дайындалды. Диванның үстіне жайлы, жұқа таза киіз төседі. Бұл бәлкім, желді, ызғарлы өлкеге ылайықтап қалыптасқан әдет секілді. Киіз не дымқылдықты, не суықты, не желді өткізбейтін керемет зат екенін көшпенді түркілер жақсы біледі. Отырықшылықа көшкеніне мың жыл өтсе де, өткен әдемі әдеттерін әлі ұмытпаған екен.

Қонған дәрісханамыздағы таңғы асқа ешкінің сүтсірнесі, балға матырылған сарымай, жергілікті жердің ыстық наны қойылды. Таңғы ас кезінде, әдетте еркін әңгімелер айтылып, әркім өзінің қызықты пікірлерін баян етеді. Османлы Ислам мемлекеті еуропалықтардан жеңілсе де, жеңгенмен бірдей тарихи міндетін атқарып кетті. Ол өзіне қарай өрттей қаулап кірген дінсіздік  «мәдениетіне» өз кеудесін тосып тосқауыл қоя білді. Егер олай болмағанда, ол өрт Мекке мен Мәдинаға да ауыз салар еді. Османлы осыған кедергі болды. Әрине, ең ұсақ, қарапайым нәрсенің өзінде Жаратушының хикметі болса, мұндай тарихи оқиғада сөзсіз құдіреттің хикметі болмақ.

 

 

 

27. БАС  ШАҺАРДЫҢ  ДӘРІСХАНАЛАРЫ.

Анадолының бас шаһары Анкараға бет алдық. Бас қала Тұз көлінен ары тағы да жүз шақырым қашық екен. Алыстан бозамықтана сағымданған Тұз көлінің жиегіне де келіп жеттік. Сонау шеті тұманданып көкжиекке сіңіп жатыр. Көл шетіндегі бір тұраққа тоқтадық. Жиектен көлдің ішіне қарай тас төселіп шығанақ жасалыпты. Ішкері жүрген сайын екпендеп жел соғып тұр. Сөйлеп қаласаң болды ауызға тұздың дәмі келеді. Көл маңындағы ауаның өзі тұзға айналған секілді. Таяз сулы көл бетінде балапан толқындар тұзды суды көбіктендіріп жатыр. Судың дәмі, ерінді ойып түсердей ащы. Айналаға қарасақ, аппақ, жалтыр, айдын көл секілді бозамық аспанның арасында жалғыз нүкте боп қалғандаймыз. Торсыққа тұзды су құйып алдық. Себебі, табиғи  болғандықтан тіске, бөртпе бетке шипалығы көп… Келген ізімізбен көл шетіне қайта шыққан кезде тұз тозаңынан бетіміз ағарып, қас пен мұртымыздың «қыраулап» қалғанына бір-бірімізге күлісе қарастық. Киімімізден де тұз шаңы бұрқырайды. Жиектегі шағын дүкендерде неше түрлі шипалы әрі әшекейлік тұз бұйымдары көз тарта тізіліп тұр. Түстері көк, жасыл, ақ, сарғыш, пішіндері де алуан түрлі. Міне, осы елге бұл да бір байлық.

Тұз көлінен елу-алпыс шақырым ұзаған кезде жазық дала, енді біртіндеп жап-жасыл, самырсын жапқан орманды алқапқа айнала бастады. Мәшине жолдары кейбір орманды шатқалдардың ортасына келгенде шыңырау биік көпірлердің үстінен өтеді. Тау өте биіктеген тұстарда, жол әлденеше шақырымға созылған тунелдерден өтеді. Жап-жасыл таудың бүйірінен үлкен үңгірге ұқсаған екі ін қатар көрінеді. Бұл бірі келетін бірі кететін тунелдер… Жол шетіндегі орман ішінде  топ-топ болып қызыл қыш шатырлы үйлер орналасқан. Тұрғындары қарағай шайырының иісі аңқыған, саумал ауада рахаттанып жүргенге ұқсайды.

Түс ауа бас қалаға жеттік. Анкара көшелері кең, таза, ғимараттары болса сәулетті. Жартастай жарқыраған үлкен-үлкен ғимараттағы үкімет үйлері ерекше көзге түседі.

Бас қаланың дәрісханаларында басқаларына ұқсамайтын ерекшеліктер көп екен. Рисалелерді қазақшаға алғаш аударушылардың бірі Захир Абдуллаһпен таныспын деген Седат Бітік пен көзілдірікті жігіт Ахмет тұратын дәрісхананың алды не түрлі ағашқа толып тұр. Осының бәрін Үсен аби еккен дейді. Ол кісі ағаш өсірудің маманы болса керек. Өмер абидің үш қабатты дәрісханасында әр тараптан қонаққа келіп жатқан елу шақты адаммен бірге құптан намазын оқыдық. Ең үсті кең зал, асты үлкен асхана. Шамасы, қанша қонақ келсе де қабылдаймыз дегендей, кең пейіл, ізгі ниетте салынғанға ұқсайды. Осы үлкен дәрісхананы өз күштерімен екі жылда салып бітірген деседі.

Түнгі сағат он кезінде қала ортасындағы бір дәрісхананың сыртына тоқтадық. Аула есігінен тойдан тарқағандай топ-топ адамдар шығып жатыр. Таяп келдік. Көшенің күндізгідей жарығынан адамдардың бет-жүзі айқын көрінеді. Тебіндеген мұртты, шақана шәшті, әр түрлі жасты кісілердің дәрісхана достары екені түрлерінен-ақ танылып тұр. Бір-бірімен құшақтаса қоштасуда. Ішке кіре бастадық. Мұсылман бауырлар бізге қарсы ағылып шығуда. Бетпе-бет келгендердің кейбірі сырт адамдары екенімізді аңдап жылы шыраймен сәлем беруде. Кең биік дәлізге кірдік. Аяқкиім қоятын сөренің өзі бір ұзын қабырғаны түгел алып тұрса да аяқкиімге толы. Өте көп адам жиналған екен. Ішкі жақтан әлі жүздеп шығып жатыр. Жоғарыға көтерілдік. Екінші қабат балкон тәріздес, төменде көрінген кең залдың көлемі орташа мешіттен кем емес. Іші әлі тарқап бітпеген, сабылысқан көп кісі, бір-бірімен қоштасуда, мұнда да кемінде үш-төр жүз адам бар болар. Көзшамамен қарасақ осы жиналғандар мың қаралы бар шығар. Тағы да бір дәлізге өттік. Мұнда да қағаздарды жайып тола аяқкиім қойған. Әрбір дәлізден өтіп келесі қабатқа көтерілдік. Бір бөлмеден шыққан қартаң адам Икрам абимен қатты қуана, құшақтаса көрісті. Бізді ары қарай ертіп әкетті.  Алдыңғы бөлмеден ұзын бойлылау қария қарсы алып, ол да қуана көрісті. Шамасы бәрі де Икрам абидің ескі достары болса керек. Әрбір қабатта, әрбір дәлізде көптеген бөлмелер бар, бәрі де өте кең, биік те сәулетті, тап таза әрі жап-жаңа қалпында. Әуелгі қарсы алған қария бәрімізді бір бөлмеге ертіп әкелді. Ішкі бөлмеден Абдуллаһ Иегин аби шықты. Ол кісінің реңі боз, аппақ жұмсақ сақалды, жүзі пәк. Келгендер жамырай қолын алып сәлемдестік. Бәрімізге жағалай көз салып, көп ішінен мені де танып, жақ сақалымды меңзеп, сонысынан айырықша белгілі дегендей, Селжук абиге жымия қарап қойды. Құрметті ақсақалдың әңгімесінен түсінгеніміз:

Бүгін осы үлкен дәрісханада өте көп адамға дәріс болыпты. Америкадан бір христиан дініндегі адамдар келіп қатысыпты. Оларға бір тілмаш, дәрісті ағылшынша сөзбе-сөз аударып беріпті. Олар дәріс соңында өз пікірлерін былай жеткізген көрінеді: «Мұндай, Рисале-и Нұр дәрістерінің терең мағынасын түсінген сайын келешекте христиандар да Құранға тәуелді болуға тиіс екені анық байқалады. Құранның үкімдері адамды еріксіз өзіне баурап алады екен!»  депті.

Біз келген осы үлкен дәрісханада үш жүз кісі тұрады екен. Көбісі студенттер. Және әр тараптан келіп, осында дәріс өткізу үшін тұрақты қатысушылар да бар. Жаңағы көп адамның Абуллаһ Иегин абидің дәрісі үшін келгенін өзі айтпаса да, сәлем берушілердің көптігінен сәл шаршаған сыңайынан байқадық. Ақсақал қабырғадағы үлкен сағатқа қарап еді, уақыт он бірден асып кеткен екен, бізге жағалай көз салып: «Ертерек ұйықтау да сүннет» деді. Сонсоң бізбен хоштасып өз бөлмесіне демалуға кетті.

Біз үшінші қабатқа келдік. Өте кең төрт бөлме, әр бөлмеде үш төсектен, жабдықтары жап-жаңа қалпында даяр. Бір бөлмеден екі жас жігіт шықты. Дәргерлік мамандықты бітіріп, енді интернатураға дайындалып жүр екен. Бөлмелерінде жазу-оқу құралдары не қажеттің бәрі бар, түгел көз тартып тұр. Бұл дәрісханада да білім алуға, мамандық игеруге барынша көңіл бөлініп, әрі рухани тәрбиеден де өтуге толық мүмкіндік жасалған.

Таңғы бесте дәрісханадағылар екінші қабаттағы кең залға намазға жиналды. Абдуллаһ аби имам болды. Намаздан соң таңғы дәріс оқылды. Қабырғадағы айнала сөрелерде дәріс кітаптары толы тізулі тұр. Әркім қолына кітап алып, оқылып жатқан дәрісті қадағалап отыр:

Адамдардың арасындағы сыйластықты бұзатын не? Шайтанға ерген адам, бір мүмин бауырының жақсы қасиеттерін бірер жағымсыз жағына бола ұмытып кетеді. Не соны ғана сынап жамандайды. Бұл – оған шайтанның үйреткен сұм айласы. Сөйтіп, адамдар арасында реніш туындайды, ол сенбестікке айналады, сенбестіктен сыйластық яғни ауызбірлік түгел бұзылады. Мәселен, бір жақсы мүмин адамның бір ғана айыбын асыра айғайлатып, басқа бүкіл жақсылықтарын жасырады. Шайтанның бұл сұм сөзіне ден қойған ынсапсыз жандар, әлгі мүминді мүлде шетке шығарып тастағысы келеді. Міне, пәни дүниедегі әділетсіздіктер осындай. Алайда, Алла Тағала ақырет күнінде Ұлы Мизан таразысымен адамдардың іс-әрекетін таразылағанда тозаңдай жақсылығы  да есепке алынып, нағыз әділ үкім шығарылатын болады. Себебі, пәни дүниеде жамандық жасау өте оңай, ал, жақсылық жасауға бөгет көп. Сондықтан, бір ғана жақсылық көптеген күнәні жуып кетуі мүмкін. Демек, бұл пәни дүниеде де өз арамызда сол күнгі болатын Алла Тағаланың әділдігін үнемі еске алғанымыз жөн. Олай болса, мұсылман бауырлар бір адамның жасаған жақсылықтары жамандықтарынан сапасы жағынан басым болса, ол адамды құрметтеп, ұсақ кемшіліктеріне кешіріммен қарау ынсаптық болады. Міне, бұл – қоғамдағы ауызбірлікті арттырады. Алайда, адам баласы болмысындағы дұшпандық сезімімен шайтанның арбауына еріп, адмның бір ғана кемшілігіне бола оның жүз сауабын ұмытып кетеді. Бұл ұждансыздық. Бейнелеп айтсақ, кішкентай шыбынның қанаты адамның қарашығын қалқаласа ол алдында тұрған үлкен тауды да көрсетпей тастайды емес пе? Адамдар бір-бірінің кішкентай қателіктерін терумен көз алдындағы таудай жақсылықты көрмей қалады. Нағыз мұсылмандар адамдардың жақсылығын ғана көруге ұмтылса, өзіне де, оған да, қоғамға да өте пайдалы…

28. ЕҢ  КӨП  ТАНЫСТАР

Мектеп ұстаздарының ең көп таныстары болуы мүмкін. Алайда, оның бәрі оқушы балалар ғана. Ал, дәрісханадағы таныстық басқаша. Аптаның әр күні кемінде отыз, көбінде алпыс кісімен екі-үш сағат жүздесесің. Сонда, әр аптада жаңа таныстары бар, ескісі бар, аралас 300-400 адаммен жүздесу болып жатады. Кейбірімен аты-жөнін, туған жерін сұрасып жекелей таныса аласың, ал басқалары түгел жүз танысқа айналады. Әдетте, дәрісханада бір сағат астам жалғасатын дәрістен кейін, шәй ішіп отыз минөттей үзіліс болады. Осы мезетте жаңа келушілер болса, әдейілеп барып сәлемдесіп танысады, бұрынғы ескі таныстарымен жаңалық сұрасып әңгімелесіп қалатын бір әдемі сәт.

Және дәрісхана таныстығында жастың айырмашылығы да көп, алты жастағы Алперден алпыс жастағы Алиге дейін таныс. Қызмет бабында жай жұмысшыдан мемлекет қызметіндегілерге дейін, оқытушыдан оқушыға дейін бәрі бір жиында, бір мақсатта, бір дәрежеде, үлкен-кіші демей нағыз мұсылман бауырластығы ниетінде таныса алады. Мұндай таныстықта жеке бастың мүддесі көзделмейді, таза рухани туыстық мақсатындағы таныстықтар ғана болады. Таныстардың бір-бірінен қашықтық шеңбері де өте кең. Дәрісханаға алысы мың шақырымнан, таяуы жүз шақырымнан тартып, жаяу келетіндей көрші таныстар да қатысады. Сонда, дәрісханадағы таныстық бүтін ел көлемінен бастап жақын көршілерді де түгел қамтиды. Сонымен, дәрісханада дәріске тұрақты қатысқан адам бір айда шамамен 1000-1500 кісімен жүздесе алады, ал бір жылда осындай таныстық, жақын жүздесу, көрісу-пікірлесудегі адам саны он-он бес мың шамасына жетеді. Он жыл бойы дәрісхана өмірінде болған адамның жүз-екі жүз мың алыс-жақын, таныс дос-жарандары бола алады деген сөз. Бұл – Ислам бауырластығындағы бір ғажап көрініс. Әр күнгі, әр жердегі дәрісханадан біраз мысал алсақ:

Көзтөбе дәрісханасына дәріс жаңа басталған кезде келіп жеттік. Дәріс үстелінде Мұстафа аби, екі жағында Ватан дәрісханасындағы студенттер Өмер мен Мұхаммед. Бір тақырыпты екеуі кезектеп бір-бірінен іліп әкетіп оқуда. Арасында ортада отырған аби біраз түсініктеме беріп, тыңдаушыларды пікірге тартып, отырғандарды ойландыратын, толғандыратын мұрсат жасайды. Дәрістің қызғылықтығынан бір сағаттың қалай өткені білінбейді. Үзілісте ескі таныстар Өмер мен Сәлімге кезіктік, басқаларының көбі жүзтаныстар.

 

 

Көп жамағат болып, құптан намазы дәрісханада оқылды. Ережеп абидің дәрісханасында көптен көріспеген, жасы елулердегі ұзын Али абимен кезігіп қалдық. Дәрісханалықтар біраз кезікпесе туыстан бетер сағынысып қалатын әдеті. Дәрістен соң дуілдесе әңгімелесіп, бірін-бірі қимай «дұға жаса!» деп қоштасады. Расында, әр намаздарында шын ықыластарымен бір-біріне жақсы тілек тілеуші, екі дүние бақытын сұраушы нағыз дін туыстар. Осы дәріске қатысқан отыздан астам кісілер әр түрлі кәсіпте, әр түрлі жаста болса да, дәрісханаға келгенде рухани бір мақсатқа ғана жұмылады. Адамзаттың ең көкейтесті мәселесі болған иманды құтқару, ақыретте Раббымыздың рахымына бөлену – мұндағы жалғыз мақсат осы.

Май айының ыстықтау бір күні. Умраниедегі сенбі күнгі дәрістен қалмай қатысатын Исмайл аби, үй дәрісіне шақырды. Исмайл абидің үлкен ұлы 23 жаста, кенжесі 3 жаста екен. Жиналған 13-14 кісі Шұға рисалелерін айнала оқыдық. Өз-өз қолымыздағы кітаптан қадағалап отырдық. Бір сағатта он бес бет оқылыпты. Әдеттегіден жылдам көп бет оқылғандығына таңқалыстық. Дәріс оқылып біткен кезде үлкен ұлы ілезде алдымызға кішкене үстелдерді қойып, табақшаларға торт, кесе кесінділерін жайғастырып, шәугімде дайындалған шәй әкелді. Алдымен ыстақанмен салқын су ұсынды. Жарты сағаттай рахатана шәй ішіліп, дәрістен кейінгі бір көңілдің жайланатын сәтін кешіріп отырдық. Үй дәрісінде отбасы мүшелері көзге көріне бермейді. Мұндай үйлерде дәрісханаға ұқсас барлық нәрселері тап-тұйнақтай болады. Шәй соңында физик Юсүп, «Әмирдағы лахиқасынан» шағын дәріс оқыды. Исмайл аби құптан намазын осында өтеуді өтінді. Өзі адам басына жетерлік қып жағалай жайнамаз жайып шықты. Үстіне ақ тақияларды және сәлделерді де қойды. Тасбих маржандары да дәрісханадағы секілді бір ыдыста толып тұр.

Сөйтіп, дәрісхана таныстығы – мешіттегі намазхандар таныстығынан да етене-жақын таныстықты, рухани туыстықты кемелдендіретін тамаша орта. Таныстықтың ұйытқысы әрқашан да дәріс:

Рамазан айындағы ораза, Ислам дінінің негізіндегі парыздарының бірі. Ораза арқылы пенде Жаратушысының бергеніне шын шүкір етеді. Өйткені, Алла Тағала жер бетін үлкен бір дастархан ретінде жаратқан. Осынша қымбат нығметке кенелген пенде-баласы көбінде оның иесін ұмытып кетеді. Ал ораза кезінде болса, бүкіл мұсылман әскер секілді бір сәтте ақшам уақытында, асыға күткен ауызашарда Алла Тағаланың: «Адал астан дәм татуларыңа ұлықсат!» деген киелі әмірін жүректерінің түбінен естігендей ғажап күй кешеді. Сол мезетте сусынның, тағамның  нағыз қадірін түсінеді. Сөйтіп, оның нағыз Иесін де есіне алады. Есіне ала отырып, Жаратушысына шын көңілмен шүкірлік етеді. Ораза ұстамаған адам, осы кереметті ешқашан сезіне алмайды. Ораза нәпсінің де нағыз тәрбиешісі. Осындай тәрбие болмаса нәпсі өзін билеуші сезініп, иесін құл қылып алудан тайынбайды. Рамазан айындағы ораза – нәпсінің есін кіргізеді. Ол өзінің қожайын емес, ерікті құл екенін мойындап, шүкір айтуға мәжбүр болады. Нәпсі бұрынғыдай өз қалауын емес, хақ жолындағы иесінің қалауын орындауға мойынсұнады.

Рамазан айындағы ораза, адамның мінез-құлқын да жақсарта түседі.  Көргісі келмейтін кемшілігін көріп, оны түзеу керектігін түсінеді. Өзін аса мейірімділкпен тәрбиелеп отырған иесі Раббысын танып, оның бұйрығын орындауға ұмтылады. Өйткені, Ұлы Жаратушының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің де осы рамазан айында түсе бастағаны тегін емес.

 

Олай болса, рамазан айында ұстаған ораза Исламның бүкіл құндылығына құрмет көрсетумен тең бір тамаша құлшылық. Сондықтан да, рамазан айында ораза ұстамағандар, бүкіл мұсылман қауымыының реніші мен жиіркенішін туғызуы заңды.

29. РУХАНИ ТУЫСТАР

Дәрісханадағы туыстық қандас туыстықтан да артық екендігі көрініп тұрады. Қандас туыстықтың саны шектеулі, бір атадан қанша болсаң сонша ғанасың. Ал дәрісхана туыстығының саны қанша болса сонша өсе береді. Сөйтіп, мұнда туыстықтың жаңа бір түрі – рухани туыстық жайқалып өсіп келеді. Көп адам өзі іздеп келіп туыс болады.

Дәрісханаға бірде әскери азамат келді. Аты – Өзжан. Енді ол, екі жылдан кейін зейнеткерлікке шығады екен, дегенмен әлі жас көрінеді. Бес жасар ұлын ерте келіпті. Қол алысып дәрісханадғылардың бәрімен жеке-жеке танысып жүр. Кішкентай ұлы: «Атым – Фатихсұлтан» дейді. Біз «Ұмытылмайтын елеулі есім екен!» дедік. Фатих Сұлтан өз үйіне келгендей, кілемге етпеттей жатып бояулы қарындашпен суреттер сыза бастады. Сызылған ақ бейнелерді қалаған өңімен бояуда. «Мынау не?» «Бұл ешкі» «Оның жанындағы не?» «Ол – төлі» «Оның аты не?» Ұлы: «Балапан…» деді. Әкесі көмектесті: «Теке  емес пе…» дейді, өзі де білмейді екен, «Лақ» дедік. Сонда ғана «Иә, иә лақ!» деп, есіне түсті. Туыстық – бір-біріне не қажетті болса, соны тауып берумен бекемденеді.

Майдың бір шуақты күні, қала шетіне шығып дәрісханалықтар демалғысы келді. Мұстафа жаздық үйінің кілтін берді. Үлкен қала үшін отыз шақырым қашықтық жап-жақын жер болып есептеледі. Орманды шатқалға келдік. Жаздық үй таза ағаштан жасалған. Ауласында тұт, зәйтүн, алма, сары өрік, інжір ағаштары аралас отырғызылған. Жүзімді төртбұрыш керме ағашқа еккен, жазда жапырақ жайған кезде саялы үйшікке айналады.  Оның еденіне тас төселген. Ағаштан жасалған сәкілер демалып отыруға қолайлы. Жаздық үйдің шатырынан жаңбыр жауғанда ағатын суды кең түтікшелермен жинастырып әкеліп өте үлкен бітеу ыдысқа жиналатын етіп қойған. Құрғақшылық күндері мынау жеміс ағаштарын суарып тұру үшін жасалған сақтық. Білгехан, Якуп, Ережептер астына ағаш жағып, үстіндегі шарбақ темірге шоқ тастап, шашылық жасайтын темірдің үстіне тауық еті мен шұжықты, қызанақ пен бітеу сарымсақты баптап пісіруде. Метин, Мехметтер қызанақ, қияр, тәтті бұрыштан салат жасады. Селжүк пен Салахаддин жүзім үйшігіне төсеніш төсеп дастархан жайды. Дөңгелене отырдық. Жаңа нанға орап шоққа піскен ыстық тағамдарды жегенде әртүрлі тағамның бірлескен дәмі тілді үйіреді. Жұтылған тағамның соңынан салқын айранды аз-аздап ішу бір рахат…

Бұл жолы қариялар туралы дәріс болды. Қариялықтың жастық шақтан да қымбат, қызықты, бақытты екендігін өте нәзік талдаумен дәлелдеді. Біздің тамақтанып отырған дәл қазіргі сәттегі көктемнің еңкейген күні,  расында қариялық өмірдің – бір мәңгі өмірге таяғандығымен көңілге бір қуаныш әкелетіндей. Жаздық үйдің ерке хайуандары секілді сүйкімді мысықтар құйрықтарын тіп-тік көтеріп кетіп бара жатқан бізбен «хош айтысып» қалды…

Дәрісхана туыстығы – ауру-сырқау кезде бір-біріне жедел көмек көрсету, әдейілеп барып көңіл сұрау іспетті сүннет амалдармен одан әрі нығая түседі.  Захир Абдуллаһ бауырым екеуміз Махмуд абидің дәрісханасында едік. Аздап қан қысымым көтерілді. Ондай кезде адамдардың жәй сөйлеген сөзінің өзі басыма балғамен ұрғандай қатты әсер етеді.  Өзім сөйлеуге де шамам келмей қалады. Махмуд аби жайсаң мінезді, өте сезімтал адам.  Дастархан үстінде бетіме зерделей қарап: «Абай аби, аузыңнан жарты сөз де шықпайды ғой, а?» деп, әзілдей жымиды. Мен де шамамша қалыпты көрінуге тырысып әзілдедім: «Махмуд аби, сөйлеу үшін де бастың рұқсаты керек қой…» Күлістік.  Біраздан соң, Ватан дәрісханасындағы Ахмет аби, есік алдында мәшинеде күтіп тұрғандығын хабарлап, маған телефон соқты. Сөйтсек, Махмуд аби мені емханаға апарып, тексертуге келісіп те үлгеріпті.

«Күнгөрен» деп, аталатын жекеменшік емханаға келдік. Емхана құрылысы сырқаттардың жағдайына сай, жаңғырық яғни қатты дыбыс шықпайтындай тәсілмен салынған, тып-тыныш. Әрі көп адамның сабылысқан аяғынан ауа тозаңданып ластанбайтындай етіп жасалған едені айнадай тап-таза. Қаралуға келген жан қиналысындағы адамдар, тынығып отыратындай етіп жасалған орындықтары да жап-жайлы. Келген адам қандай дәрігерге, қашан, қалай қаралатынын кіре берістегі отырған анықтамалық бюросы көп күттірмей жедел түсіндіріп беруде. Бір кабинетке кіргенімізде алдымызда  отырған дәрісханалық таныстарымызды көріп мәз-мәйрам болдық. Ватан дәрісханасында танысқан невролог дәрігер Үжел ініміз екен. Жағдайымызды білген соң, қай ағзаны тексеру қажет екенін көмекшісіне айтып, компьютерге жаздырды. Келесі кабинетте лор дәрігері Абдуллаһ танысымыз кезікті. Ол терапепт Фатих ініміздің де осында дәрігерлік істейтінін айтты. Қан қысымымды өлшеп еді, жоғары шықты. Соңында кардиолог маманға жіберді. Ол ЭКГ жазып мұқият қарап шықты. Кеуденің рентген суретін де алды. Сол қолдың тамырынан үш пробиркаға қан алды, үш сағаттан соң барлығының дайын болатындығын айтты. Яғни, қанның барлық құрамын азғана уақытта зерттеп үлгеретін мүмкіндік бар деген сөз. Осындай зерттеулерден өткен соң, тыныш бұрыштағы кабинетте УЗИ-мен құрсақ қуысындағы барлық органдарды да асықпай, мұқият қарап шықты. Міне, бас-аяғы үш-төрт сағатта бүкіл ағзаның қызметі тексеріліп, аурудың себебін анықтайтын жетістік мұнда бар екен. Әуре-сарсаң аз, сырқат адамға реніш тудырмайды. Зерттеу нәтижесін кардиологтан соң Үжел дәрігер өзі зерделей қарап отырып: «Аға! Қан қысымыңыз (гипертония) басқасының бәрі таза!» деп, туыстық пейілмен жанашырлық көрсетті. «Қызметтіңе Алла ризалығы болсын!» деп, алғысымызды жаудырдым. Емхананың сыртына шықтық. Жаңа шыққан жаздың жадыраңқы күні маңдайымыздан сипағандай. Алғаш дәрісханаға келгенде алдымнан тосып алған, Спарта, Барла, Кония ұзақ сапарларында бірге болған Ахмет Зия інім қандай кезде де адамның жағдайын қалт жібермей қадағалап отыратын, өте қамқор, биязы мінезді, тамаша азамат еді. Бетіме жымия қарап: «Аға, асқазаныңыздың боп-бос екені көрініп тұр» деп, әзілдеді. Мен де: «Иә, інім көзің сірә, рентіген ғой!» деп, күлдім. Екеуіміз «Күнгөреннің» алдындағы әйнек қабырғалы асханаға жайлана отырып тамақтанып алдық…

Дәрісханадағы рухани туыстық ел ішінде ғана емес, шет жұрттағы дін бауырластарды да бауырға тартуымен өрісі кеңи түседі. Шевхат абидің дәрісханасына келсек, Мәскеуден екі татар бозбала келіп отыр екен. Үлкенінің аты Саид, ол сондағы дәрісханада екендігін айтты. Татарша біледі, бұрынырақ осында келіп түрікше үйреніп қайтқан. Кішісі ап-арық бозбала, аты – Салауат екен. «Орысша, татарша білемін. Енді жазғы демалыста түрікше үйренуге келдім» дейді. Балконға шығып, тұманданып жатқан теңізге дүрбі тартып қызықтадық…

Дәрісхандағы рухани туыстық аса қажетті заттарды, бір-біріне алу-берумен де беки түседі. Мұмтаз абидің дәрісханасы дәл Мәрмәр теңізінің жиегінде екен.

 

Ашық терезеден теңіздің жайлы, салқын ауасы есіп тұрады. Көгілдір айдындағы көп, әр түрлі кемелер бейне суреттегідей ап-айқын көрінеді. «Бұлар бұғаздан өту үшін кезек күтіп тұрған кемелер ғой», дейді.  Теңіз соншама кең. Арғы жағында таулы аралдар көз тартады. Таулы аралдардың кейбір үлкендерінің баурайына құрылыстар салынған. Кішкене аралдар тұңғиық теңіздің төріндегі көк төбелерге ұқсайды.

Мұмтаз абидің бөлмесінде өте қымбат рамкаларға салынған Құран аяттары, дұғалар бар екен. Бұларды Махмуд аби жаңадан дәрісханаға беріліп жатқан, Османлы заманының медреселерінің қабырғасына іліп қоюға ұсыныс жасап отыр. Мұмтаз аби, «мейлі, ала ғой» дегендей басын изейді. Дәрісханадағы кез-келген іс осылай оп-оңай шәй ішіліп отырып шешіле береді.

Дәрісханадағы туыстық басқа діндегі адамдармен де рухани  байланысты арттыру арқылы адамзат кеңістігіне дейін кеңи беретін кеңпейіл. Икрам абидің дәрісханасының үстінде Ватанның компьютер орталығы бар екен. Жағфар аби осында отыр. Беттеуші-дизайнер Ахмет аби және компьютер маманы Хасан Теміржі. «Бүкіл қасқа бас осында жиналып алыпты ғой!» деп, келген біреуі әзіл тастады. Бастарға қарасып күлісіп алдық. Мұнда, «Жастар шырағының» орысша аудармасы беттеліп дайын болыпты. Оған тәржімешілердің аты-жөнін қай тұсқа жазу мәселесі әңгіме болуда… Міне, дәрісхана туыстығының бір үзік көрінісі осы.

30. ҮШ  ШЕҢБЕР

Отбасының жағдайы қандай болса, бүкіл елдің де жағдайы дәл сондай болады. Отбасының рухани тәрбиесі қандай болса, елдің де рухани деңгейі сондай деген сөз. Ал дәрісхананың отбасына ұқсастығы біраз бар болса да, ерекшелігі өте көп. Яғни, дәрісхана ешқашанда бағзыдан бері келе жатқан отбасының жаттанды үлгісін өзіне қабылдамайды. Қайта келешекте отбасылар дәрісхананың имани тәрбиесін, мұсылмандық өмір сүру үлгісін өзіне қабылдауға мәжбүр болатындай бағытта. Өйткені, дәрісхананың қоғамдық өмірінде алға басу, даму, рухани жетілу, дүниеуи кемелдену айқын көрінуде. Әдеттегі отбасыларға ұқсап қоғамдық тұйықталуға ұшырамайтыны – дәрісхана өмірі басталған елу жылда дәлелдене түсті. Оның бір себебі – дәрісхана болса, қоғамдық өмірдің барлық кеңістігімен жанды байланыста. Мәселен, дәрісхананың өзіндік үш шеңбері бар, ол жәй отбасыларда жоқ.

Біріншісі; ең ішкі шеңбер – шәкірттер шеңбері. Дәрісхананың негізін қалаушылар осылар. Олар дәрісхананың дәріс кітаптарына тікелей қызмет көрсететін адамдар. Олар дәріс кітаптарын үздіксіз, ұзақ жылдар тереңдеп оқиды және оны бастыруға, таратуға, басқа тілдерге тәржімалауға тікелей ат салысатындар. Және өзі тереңдеп оқумен қатар өзгелердің де тереңдеп оқуына ықпал ететін дәріс беруші маман дәрежесіне көтерілгендер, деуге болады. Мұны «талебелер» яки шынайы шәкірттік шеңбері деп, атайды.

Екіншісі; бауырластық шеңбері. Олар дәрісханаға үнемі келіп-кететін тікелей байланыстағылар. Дәріс кітабын тұрақты оқитындар әрі жаңа адамдарды оқуға шақырушылар. Аптаның әр күні өтетін дәрісханадағы үйрету дәрістері осы бауырластар арқылы өтеді. Оның санының көбеюі екінші шеңбердің өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Ал, дәрісханалардың санының өсуі – шәкірттер шеңберінің молаюының көрінісі.

Үшіншісі; достық пиғылдағылар яғни тараптарлық шеңбері. Бұлар дәрісхана ісін қолдайды, жақсы көреді. Сәті түскендері тікелей, бірінші, екінші шеңберге де өтіп отырады. Үшінші шеңбер болса, дәрісхананың толықтырушы қорларына ұқсайды. Дәрісханадағылар да осыларды ішкі шеңберге тарту үшін адамгершілік қызметтер көрсетеді. Мысалы, орта оқу орындарында бір сыныпта өте көп оқушылар оқиды. Ол мұғалімдерге қиындық туғызады, рухани тәрбие беру мүмкіндігі онда өте азайған. Олардың бүгінгі басты мәселесі «Қайтсек оқушыларға жаңаша тәрбие беруге жол ашамыз?» дейді. Дәрісханада бауырластық шеңберінде жүрген мұғалімдер өз оқушыларын достық шеңберіне дайындайды. Дәрісханаға ертіп әкеліп таныстырады, ішкі өміріне үйір болдыра бастайды. Осылайша, өзі тараптар бола бастаған оқушы балаларды, «жаздық оқу бағдарламасына» қамтиды. Бұл әрі демалыс, әрі дәріс.

Міне, Сәлім Паша жаздық оқу бағдарламасы жүрілетін орын, қала шетіндегі тып-тыныш, ауасы таза, табиғи сақталған бір жер. Мұның иесі Ахмет аби екен. Екі қабат етіп салған жаздық дәрісхана, ауыз суы астындағы терең құдықтан шығады, тастай суық, сап таза. Үйдің алды көгал, кең жаздық балконда балалар әрі тамақтанады әрі кітап оқиды. Жаздық дәрісхананың мұндағы ұйымдастырушысы Ережеп аби, ал Али мен Мехмет екеуі бозбалаларға дәріс оқиды әрі олардың өз бетімен де кітап оқуын қадағалайды. Мұнда, бір кезекте 25-тен кем емес балалар жиналады, оларды бейне бала бақшадағы жас балалардай баптап тамақтандырып, жатқызып-тұрғызу, намаз оқыту, әсіресе дәріс кітаптарына баулу оңай жұмыс емес. Дегенмен, жаздық оқу бағдарламасы дәріс үйретуге өте қолайлы.

Жаздық оқу бағдарламасын өткізетін дәрісхананың қажеттіліктерін өзінің дәл жанынан қанымдау жолға қойылған. Дәрісхананың дәл жанында көкөніс бақшасы бар. Төмендегі сайда сиыр фермасы жұмыс істейді, өте мол сүт беретін голанд тұқымдас сауын сиырлар жемделеді екен. Олар жайлы қорада құнарлы шөп пен жүгері талқанын жеп тұр. Сауын автоматты жүйеде, сауылған сүт асты-үсті шыныланған, қораға жалғас салынған аппақ таза бөлмеге орналастырылған екі вакум-қазанға құйылады. Ол әрі тоңазытқыш болғандықтан сауылған сүт бұзылмай сенімді сақталады. Осынша көп сиырды бағушы екі-ақ адам – әкесі мен баласы. Онша қажымай көңілді жұмыс істеп жүргендері көрінеді. Осындағы елу сиырдың сауылған сүтінің зекет пайдасынан дәрісхана қызметі, жаздың үш айында тоқтаусыз жүріледі, талай балалар кезек-кезегімен келіп рухани түлеп, демалып қайтады…

Дәрісхана маңында таза шөптің иісі аңқып, жел есіп тұрды. Көкжиекте жасыл белестер, жақын маңда су ағып жатқан орманды сай бар екен. Онда қаладан келген адамдар пикник жасап демалып қайтуға орайластырған шағын орындар жасалғаны көрінеді. Кешкі тамақтан кейін осындағы жастармен таныстық. Олар өз-өз аттарын атап, қайдан келгендерін айтты. Соңынан, ара-арасында түсіндіріле отырып дәріс оқылды:

Тіршіліктің шын бақыты – үнемі үнемшілдік пиғылмен қанағат етуде. Және адал еңбекке таза көңілмен құлшыныста болуда. Сонда ғана бұқара халық пен басқарушы билік  арсында әділдік, тату-тәттілік қатынасы орнайтын болады. Қазір бұл бұзылды. Себеп – бұрыңғы заманда адамзат үш-төрт нәрсеге ғана мұқтаж еді. Ондай аз қажеттілікті он адамнан бір-екеуі ғана қамтамасыз ете алмайтын. Қазіргі батыстың озбыр мәдениеті болса, игілікті ысырапшылдыққа, қажеттілікті әуестікке, мәнсіз нәрсені аса қажеттілікке айналдырып – оны адамдардың күнделікті үйреншікті нәрсеге айналдырғаны сондай, қазіргі адамдарға аса қажетті төрт заттың орнына керектенбесе тұра алмайтын жиырма нәрсеге мұқтаж етіп қойды.

 

Ондай көп нәрсені таза, адал жолмен табатын адам, он адамнан емес, жиырма адамнан әрең біреу ғана. Қалған он сегізі жетіспеген қалпы, мұқтаж күйі қала береді. Демек, бұл озбыр мәдениет адамдарды жетістіргені сол – мүлдем пақырға айналдырып отыр. Ондай қажетсіз қажеттілік халық арасында ашкөздік пен арампиғылға жол ашты. Сөйтіп, бейшара бұқара халық пен басқарушы билік бір-біріне өшігіп, үнемі реніште болатын ахуал қалыптасты. Құранның Кәрімнің негізгі заңы болған «зекеттің міндетті екендігі, пайыз-өсімқорлықтың тиым салынатындығы» орнындалмай бұзылғандықтан, бұқараның билікке бағынуы, биліктің бұқараға деген мейірімділігі жойылды, ақыры оның кесірі пақырларды көтеріліске, биліктегілерді зұлымдыққа мәжбүр етті.

Ал, бүгінгі өркениеттің таңғажайып жетістігі болса, адамзатқа беріліп тұрған Алла Тағаланың нығмет-игілігі. Сондықтан оны қалың бұқараның игілігіне пайдаланып, шүкір ету қажет еді. Алайда, осы игіліктер бақуат-бай адамдарды жалқаулыққа итермелеп, еңбекке деген ынтасын азайтты. Қолындағы мол игілікті ысырапқа салып, қажетсіз шашқандықтан халал игілікті харамға айналдыруда. Басты себеп – қазіргі батыстың мәдениеті хақ діннің қағидаларына құлақ аспағандықтан, адамзатты пақыр етіп, қажетсіз қажеттіліктің соңына салып, тіршіліктің құлына айналдырды. Сөйтіп, адамның қымбат өмірін азғындыққа бұрып, босқа, пайдасыз өткізетін адасқан жолға салды…

31. АҚЫРЕТ  ДОСТАРЫ

Халқымызда «ақыреттік дос» деген бір киелі сөз бар. Ол – одан жоғары достық жоқ деген мағынаны біліреді. Яғни, ақыретте қайта көрісетініне сенген достар – пәни дүниеде басқаның бәрін қойғанда, бір-бірі үшін жанын қиюға да әзір деген сөз.

Меніңше, дәрісханада өмірін өткізгендер де осындай достарға ұқсайды. Әр ісі, әрбір мақсаты хақ дінді яғни Құран Кәрім мен сүннетті ұрпақ бойына қалыптаструға арналады. Осы жолда бірінің ізгі ісі үшін бірі қуанады, бірін-бірі қолдайды, біріне-бірі жәрдем етеді. Бұлардың арасында пенделік пиғылдағы бақталастық, шенталастық деген атымен жоқ. Әр ісі, жаппай дерлік Алла ризалығы үшін, сауап жолына жасалады. Ал сауаптың ақырет үшін екені белгілі. Олай болса, дәрісханадағылар түгел бір-бірімен ақыреттік достар болғаны. Олардың бәрі мынау қасиетті қағиданы жүректерімен түсінген. Ақырғы пайғамбардың (с.а.у.) хақ дінін көзі тірісінде шар-тарапқа таратқан, соңында асқан адалдықпен жалғастырған сахабалардың саны тіпті, көп болды. Бұл ізгі үлгіні, өнегелі істі өзін хақ мұсылманмын деп, есептеген бұрынғы соңғы өткен барлық адамдар  ұстанып өткен-ді. Міне, дәрісханадағылар да өздерінің басты қызметін – жиырмасыншы ғасырдағы ең ірі Ислам ғұламасы болып танылған Саид Нұрсидің терең мағыналы дәрістері арқылы хақ дінді насихаттау деп, түсінген. Қасиетті Құранның нұрлы бастауларынан нәр алған дәріс кітаптарын үздіксіз оқуды олардың бәрі де ілім үйренудің сүннет жолы деп ұғады.

Өз басым осы дәрісханаларға келгенде мұндағылардың тілін де білмейтін, әдет-салтынынан да хабарсыз болсам да, аз ғана күнде тіпті, аз ғана сағаттарда жолыққандарының өзі бір достық пейіл көрсетпей қоймайтынын, бір шынайы жәрдем етпей тұрмайтынына куә болдым. Ал, дәрісханада апталар, айлар бойы бірге болғанда өзімнің аға-бауырым секілді бауыр басып, бәрі нағыз достарыма айналды.

 

 

Ислам ғұламасы Саид Нұрсидің тікелей шәкірті Абдуллаһ Иегин ақсақалға алғаш жолыққанымда-ақ, 27 665 сөзден құралған «Лұғат» атты сөздік кітабын өз қолымен сыйлап, ісіме сәттілік тіледі. Оспан-түрікшесін тез үйренуіме тілектестігін білдірді, әр кезіккенімде «Бұл қаламгер досымыз кітаптарды моңғолшаға аудару үшін тер төгіп жатыр» деп, көтермелеп қояды. Расында, рисалелерді түсінуге Луғаттың көмегі көп болғаны – о кісінің маған көрсеткен достық пейілінің бір жемісі демекпін.

Махмуд абимен Алматыда алғаш жолыққанымда (ол кезде Захир Абдуллаһ інім бізге қазақша-түрікше аудармашы болып берген-ді, менің қазақша аударылған рисалелерге редактор болғанымды таныстырған-ды) дәрісханаға баруыма ұсыныс жасаған-ды. Жаңадан тіл үйренетін жастан өтіп бара жатқанымды айтсам да, «бәрін жас емес, қабілет шешеді!» деп, достық пиғылмен демеу көрсетіп, жігерлендіріп еді. Махмуд аби сөзінде тұрды. Стамбулдағы өз дәрісханасына шақырды. Егер осындай қолдау болмағанда шыны керек, жаңа бір тіл үйрене қоюға өз басым жүрегім дауаламаған болар еді. Міне, шын достық ниет осылай іспен көрінеді.

Алайда, араб, парсыша сөздермен байытылған оспан-түрікшесін оқып-түсініп кету оп-оңай нәрсе емес екен. Оның үстіне Құран Кәрімнің аяттары терең талданған кітаптарды толық түсіну үшін де діни білім қажет еді. Осындай қиын өткелдерден талмай өтуіме Селжук Демир інімнің біліктілігі мен кісілігі үлкен көмек болды. Ол әуелі қалай оқуда өзінің тәсілін ұсынбады, менің өз тәсілімді сұрады. Сол тәсіл бойынша алға жылжуыма өте ықтиятпен қарады. Алғашқы күндері кітаптың жалғыз бетін ғана ондаған сағат оқуыма тура келді. Осындай «инемен құдық қазғандай» жүйкеге тиетін қиын күндерде, Селжук інім маған кәдімгі бала құсап қарады. Сыйлықтар ұсынады, тәтті-дәмділер де беріп қояды. «Мен бала емеспін ғой» деп ішімнен күлемін. Кейін түсіндім, достық пейілдерде расында, бала көңілі секілді риясыз жәрдем болады екен. Осындай, шуақты көңілдердің жылуында кітапты түсініп оқуым бір күнде бес-он беттен соңында елу бетке дейін алға жылжыған-ды. Ол – бүтін шығарманы түгелдей оқып шығуыма себеп болды. Осылай, Селжук інім менің ұстаз-досыма айналды.

Әрине, дәрісхана өмірі біздің әбден үйренген өмірімізден мүлде бөлек. Оған оңай көндігуіме дәрісханада бірге болған бауырларымның өз-өзінің ерекше орындары бар. Метин абидің қандай кезде де өзгермейтін бір қалыпты мінезі – «Я, Сабур» деген көркем есімді еске салатын, әр кез маған «Сізді Хақ тағала қолдасын!» деп, дұға етіп, оңай жұмыс атқарып жатпағанымды ескертіп, үнемі жанашырлық жағында жүретін. Бірде жеміс-жидек жедік. Соңын ала Шенол келді. Махмуд деген бала еріп келді. Шенол табақта қалған кибиді аршып, жартысын Махмудқа берді, қалған жартысын тағы да кесіп отырғандардың біріне ұсынды. Ол алмады, сонсоң барып өзі жеді. Сөйтіп, жеміс жегендердің де, жемегендердің де алдымен ықыласын алды, сонсоң аз да болса ықыласқа толған жемісті ең соңында өзі жеді. Міне, бұл Шенолдың өзінен бұрын достарының көңілін ойлайтын шын мінезінің көрінісі. Үш мың шақырымдық Урфа, Антептен бергі ұзақ сапарда бірге болған кезімізде ол жүргізуші болып, осындай жайсаң мінезімен шаршау дегенді білдірмей кететін-ді. Мехмет інім маған күнделікті тіршілікті үйретушім болды. «Бүгін ауа-райы қандай?» «Кітаптар үстелдің үстінде», «Жейтін тағам тоңазытқышта тұр»… деген, түрікше сөйлеспе сөздерді ақ қағазға үлкен етіп жазып, алдыма әкеп қоятын-ды. Күнде өзгертеді, аз күнде көп сөздерді оңай жаттап алдым.

Мехмет мені көкөніс базарына ертіп барады. Қызыл, жасыл, сары, көк, қара түсті не түрлі жемістер сейсенбі базарында самсап тұрады. Мехмет: «Аға, мынаны алайық па?» дейді. «Жоқ маған емес саған ұнаса ал!» «Неге?» «Сен дәрісхананың шаруашылық қожайынысың ғой. Солай ғой?» Осылай сөйлесе жүріп жеміс таңдаймыз. Кетер кезде, базардың шығар аузында Мехмет ылғи: «Жаңа жасыл бұршақ алуымыз керек еді…» дейді, бірақ алмайды. Мехмет осылай менің іні досыма айналған, ол менен бозбалалық армандарын да жасырмайды. Осындай сырлас достық – сыйлас достықтан да қымбат. Дәрісханадағы Білгехан бозбала, өзі математик, өзі спортшы. Екеуміз бірге көзді өткірлендіретін үндістердің жаттығуын жасаймыз. Осы арқылы ежелгі үндістердің дүрбісіз-ақ жиырма шақырым қашықтағы орман ішінен өзінің дұшпандарын байқап қалатын қырағылғы жайлы оған айтқам-ды. Білгехан менімен барлық тақырыпта сөйлескісі келеді: «Менің атымның мағынасы не?» «Ежелгі түркілердің атақты хандарының есімі», «Жедел соқыршектің белгілері қандай болады?» «Сап-сау сайрап отырып кенет ауырады, бір рет құсады, оң жағына қарай қисайып жүреді, қолымен ішінің оң жағын қорғаштайды…» «Елді қорғауға каратис болудың керегі бар ма?» «Хазіреті пайғамбарымыз мұсылман қуатты болсын демеді ме, садақ тартуды үйрен деген хадистері бар ғой…» деген сауалдарды көп қояды. Білгехан менің түрікшемді қолма-қол түзетуші, үйретуші іні-досым.

Якуп осындағы орта оқуда оқиды. Әке-шешесі алыста, елдің шығыс шетіндегі атақты Ван көлінің баласы. Ол осы бозбала жасында-ақ, дәріс кітаптарының мағынасын жақсы түсінеді. Рухани ерте есейген. Алайда, ол бала болып ойнағанды жақсы көреді. Якупты мен «Балақан!» деп шақырам, басқалары оған күледі. Ілезде «Не бұйырасыз, аби!» деп жетіп келеді. Әлденеше рет ұзақ көшелерде жүктерімді көтерісті, еш шаршамайды, мүлдем қабақ шытпайды. Онымен тек әзілдесіп сөйлесемін. «Балақан үйіңді сағындың ба?» «Иә, өзімнен кейінгі бауырларымды» «Сен карнабахар жегенің дұрыс» «Неге?» деп, күледі. «Бұлшық еттеріңді дамытуың қажет!» «Не үшін аға?»  «Сені Ван көлінің әулиесі болдырамыз демедік пе!?» «Әулиеге бұлшық еттің керегі бар ма?» «Иә, сен ұшатын әулие боласың! Қолың қанат болады, сол үшін…» Якуп мәз-мәйрам, осындай еркін, әзіл әңгімелер оған өте ұнайды. Якуп менің бала-досым.

Дәрісханадағы Ережеп әркімнің есінде ерекше қалды. Әсіресе, менің. Ол да дәрісханаға кітапты онша оқи алмайтындай келіп, үш айда жақсы сауаттанды. Ережеппен де үнемі әзіл әңгіме болады. Ол тіпті, менің не әзіліме де сене береді. «Сені Кореяға жіберейін деп жатырмыз» «Жалғыз ба?» «Иә, онда барып үйленіп, өзің-ақ, көбейіп кетесің» «Тілдерін білмеймін ғой…» «Онда қайда барғың келеді?» «Моңғолияға»  «Ой, олардың да тілі басқа ғой» «Енді, қайтемін?»  «Жарайды, біраз ақылдасамыз, сен рисалелерді жақсы үйрене бер!» Ережеп бірде мені өте алыстағы ауа қатынасы алаңына жеткізіп салып, өзі қайтып кетті. Кешке менің келгенімді көріп қатты қуанды: «Аға, сені жоғалып кететін шығар деп, қатты қорықтым!» Міне, менің ізгі достарымның бірі осы Ережеп.

Басқа дәрісханадағы осындай достарды түгел атауға әттең, мүмкінкіндік аз. Алайда, ресми істерде жәрдемін еш аямаған Жағфар бауырымның адамгершілік көмектерін, көлігімен талай алып жүрген Өмер інімді, әркез қажеттіктеріме қолұшын беріп жүретін әдемі мінезді Сәлім інімді, кез келген уақытта қызмет көрсетуге әзір жүретін Ережеп інімді, дәрісханада аз уақыт болса да бауырласып кеткен Али, Рамазан, Үміт, Фатихтерді  алыстан іздеп барып тапқан өзімнің жанашыр іні-достарым деп, шүкір етемін.

 

 

 

32. «АСЫЛ, АБЗАЛ ДОСТАРЫМ!»

Алдыңғы барлық тарауларда «дәріс кітаптарынан үзінді» деп, берілген шуақты дәрістердің жалпы атауы «Рисале-и Нұр жинақтары» деп, аталады. Осман-түркі тілінде қалыптасқан бұл атаудың мағынасы «Нұрлы жазбалар» яки «Нұрлы кітапшалар» деген мағынаны білдіреді. Яғни, қасиетті Құран Кәрімнің шексіз нұрынан бастау алған оның мағынауи түсіндірмелері, жаңадан ашылған терең сырларын паш еткен Ислами шығармалардың жинағы еді. Олар «Табиғат рисалесі», «Бауырластық рисалесі», «Қарттар рисалесі», «Сырқаттар рисалесі» т.с.с ұзын саны жүз отыз кітапшаларды қамтиды.

Оның дүниеге келуі батыстан басталған дінсіздік, құдайсыздық өртінің Ислам әлеміне қатер төндіріп, дүниеге кең жайылуымен тұспа-тұс келеді. Тарихи деректерде  Ұлыбританияның отар елдер министрі Гладистонның мынандай пікірі газетте жарияланыпты:

«Мұсылмандардың Құран атты кітабы қолында тұрған кезде біз оларға толық билеуші бола алмаймыз. Не Құранды мүлде жою керек, не мұсылмандарды Құраннан айыру керек» Сол шақта Ислам әлеміне танымал болған Саид Нурси: «Иншаллаһ, Құран Кәрімнің сөнбес әрі сөндірілімес бір нұр екенін әлемге көрсетемін әрі дәлелдеп беремін!» депті.

Міне, дәуірлік оқиға ретінде «Нұрлы жазбалардың» дүниеге келуі – алғаш рет Спарта шаһарына жақын маңдағы үлкен Егирдір көлі мен биік таудың аралығында орналасқан Барла шағын елдімекенінде басталыпты. Тақырыптағы «Асыл, абзал достарым!» сөзі Саид Нұрсидің өз шәкіртеріне жазған жауап хатарының кіріспесі еді. Сондағы Спарта мен Барлада алғаш рет Нұрлы шығармаларды Саид Нұрсидің өз аузынан жазып алып, оны көп еселеп көшіріп қауымға таратуға жанқиярлықпен атсалысқан Хұлуси, Бекир, Сабри, Хұсрев, Зекай, Рефет, Мұстафа, Хафыз Али тағы көптеген талебе-достары жаңа жазылған рисалелердің және кейінгілерінің көңілді, жүректі оятқан керемет әсерін, ақыл-ойды ұштайтын терең мағыналарын таңдана отырып, рахметтерін жаудыра отырып ұстаздарына жүздеген хаттар жазған-ды. Оның барлығын кейін «Барла лакикасы» деген атпен бөлек кітап етіп топтастырды. Ондағы жазылған хаттардың мазмұнынан рисалелердің сол кездегі қауымға аса рухани қажеттілік болғанын, оны дінсіздік ағымынан имандарын құтқаруға қалай қалқан еткендерін анық байқауға болады. Әрі мыңдаған сауатты, сауатсыз, кәрі-жас демей бәрі осы Нұрлы шығармаларды мыңдаған дана етіп қолмен көшіруге қалай қолғабыс еткендерін көрсететін айна іспетті тарихи дәлел және нақты жанды дерек болып қалды. Және де ол хаттардың осы шығармалардың жазылуы кезінде дінсіз өкімет тарапынан үнемі қуғын мен сүргін, қысас пен қастық көрген Саид Нұрсидің өзіне де рухани демеу болғаны көрінеді. Мысалы:

«Асыл, абзал бауырым Рефет бей! Сенің хатың мен кітабыңды қуана қабылдадым. Өте сүйікті бір шәкіртім болған Хұлуси бейдің рухын сізден анық сезіндім. Сөйтіп сені, жаңа емес, Хұлуси секілді ежелгі бір шәкіртім деп, қабылдадым. Ал, шәкірттіктің басты қасиетінің өзі – жазылған «Сөздерді» дәл өзінің шығармасы секілді ие бола білгендігінде ғой!..

 

Алты жылдан бері Спартадан да бір тамаша, шынайы шәкірт шығып қалар деп, дәметуші едім. Аллаһқа шүкір, міне енді сізбен бірге бірнеше шәкірттер көріне бастады. Қандай қуаныш! Өйткені, бір шынайы шәкірт жүз дос-жармен тең түседі ғой. Ал «Сөздер» деп аталған Құран нұрлары болса, ең маңызды құлшылық болып есептелетін ойлану-толғану тарапына маңыз беретін шығарма. Дәл қазіргі кезеңдегі ең маңызды қызметтің өзі, әрине иман мәселесіне қызмет көрсету болмақ! Иман болса, мәңгілік бақытың бірден бір кілті. Бауырың Саид Нұрси»

Яғни, Барла мен Спарта Нұр жазбаларының алғашқы отаны, елге таралған атырабы, оның алғашқы шәкірттерінің тарихи мекені.  Сондықтан, дәрісханалықтар Барла мен Спартаға зиярат етуді, сырттан келген қонақтарды солай сапарлатып қайтуды – құрметті бір әдеп санайды. Расында, Спарта қаласында ең көп дәрісханалар бар. Ақшам дәрісінің үстіне келдік. Ертеңінде Спартадағы қария-талебелерге сәлем беруге бардық. Хасан аби бізді елу жыл бұрынғы ежелгі үйінде қарсы алды. Жасы сексенге шықса да көкшіл көздерінен қайрат ұшқыны шашыраған, қауға сақалы қаһармандық пішін берген, басына сәлдесін сәндеп ораған қария, өткен заманның даңқты уақытын еске түсіріп, адамды рухани бір әсерге бөлейді. Өзіне сәлем беріп келгендердің ішінде алыстағы Қытай мен Моңғолиядан да бауырларың жүр, деген сөзді естігенде, орнынан ұшып тұрып: «Япырай, ұстазым айтып еді, «Шәкірттерім сендер көресіңдер! Бұл нұрлы шығармам ең алыс өлкелердегі мұсылман бауырларға да тарайтын болады» деп. Аллаға шүкір! Міне, мен соған куә болып отырмын!» деп, көзінен жасы тамшылай Бейжінен келген Абдраһман Ниязды құшақтай тебіреніп тұрды. Келген қонақтарын ауылдан келген табиғи балымен сыйлады.

Бәдиззаман Саид Нұрсидің Спартадағы музей үйін тамашаладық. Османлы заманына тән кең-мол үлгідегі киім-кешегі, сәлдесі, қолданған ыдыс-аяғы, шамдалдары – өмірін Ислам дініне сарп еткен ғұлама адамның соншама қарапайым сүннет бойынша ғұмыр кешкенінен хабар беріп тұр. Жатын бөлмесінде кең темір кереует, оның үстіне өз қолтаңбасы бар хаттар мен қолжазбаларының үлгісі қойылыпты. Дәріс жүрілетін бөлменің сөрелерінде Нұр рисалелерінің дүние жүзі тілдерінде тәржімаланған  кітаптары көз тартады. Хақ дінге, Құранға риясыз еткен еңбегінің нақтылы жемістеріне куә болып тұрмыз.

Ертеңінде Құрбан айт мейрамы еді. Кезінде мыңдаған тұрғындары Нұр рисалелерін қолымен көшірген тарихи елді мекен «Ислам көйге» келдік. Жасы сексенге келіп еңсесін көтере алмайтындай болып белі бүгілсе де құлағы мен көзі сап-сау Хасан көке осында екен. Кең ауласындағы жеміс ағашының түбінде отырып бәрімізге көз салып шықты. «Жалаңбас жүру дұрыс емес!» деді. Қарияның сөзіне құрмет көрсету үшін дереу қалтамдағы тақиямды шығарып кидім. Сол ілтипатымды байқап қалды ма, кетер кезде үйіне кіріп, Бәдиззаманның алғаш арабша жазылып атын мәшһүр еткен «Ишарат-үл ижаз» кітабының арабша түпнұсқасын әкеп қолыма берді.

Түс ауа сондағы құрметті ақсақал Али Риза абидің екі-үш қабатты кең дәрісханасына келдік. Ауланың арты жеміс ағашына толы, жап-жасыл тыныш бақша. Суы мөп-мөлдір таза. Алыста орманды аласа таулар көрінген, қоңыр самал ескен, ауасы каусар , жанға жайлы бір ғажап жер екен. Мұнда осы өлкеге алғаш аяқ басқан селжүк түріктерінің ежелгі ғимаратары да сақталып қалған.

 

 

Османлы дәуірінің де бейнелері, белгілері көп. Расында, бұл мекеннің жаңа заманнан гөрі ежелгі уақыттың тынысын сақтап қалғандығы бір таңғаларлық жағдай еді…

Барла тау беткейінде орналасқан ауыл. Қыста да күн шуаққа бөленіп тұратын, жартастары қызыл қыналы күнгейлі бөктер. Ауылға кіреберіс қия беткейде жеміс ағаштарының бақшасы бар екен. Ішіне ендік. Тұт, інжір, құрма, зәйтүн, алма, өрік, алмұрт, шие т.б. өте көп түрлі жеміс түрлері аралас өскен тұнып тұрған миуа бақ екен. Ұстаз Саид Нұрси, Барлаға жер аударылып келген кезде осы бақшаны қызықтап «Жаннат бақшасы» деп, ат берген екен. Таудың қия беткейіндегі тұрғын үйлер шап-шағын. Саид Нұрсидің тұрған үйінің дәл жанына келдік. Суреттен таныс атақты алып шынар ағашы тұр. Бұтақтары жан-жаққа жайылған, сол бұтақтардың үстіне Ислам ғұламасының толғанысты сәттеріне куә болған балконға ұқсас ағаш шарбақ орнатылған. Тау басына қарай сирек орманды жартасты шоқылар, сонау төменде алыстан бұлдырап Егирдір көлінің алқапты айдыны көрінеді.

Дін дұшпандары ғұламаны әдейі осындай бір тұйық, қатынасы аз, зеріктіретін жерге жер аудардық деп ойлаған болу керек, сірә! Асылында, осындай оңаша тылсым табиғат Ислам ғұламасының терең толғаныстар жасауына таптырмайтын мекен болғанын – артында қалдырған керемет кітаптары дәлелдеп берді…

 

 

33. НҰРСИДІҢ  НҰРЛЫ  РИСАЛЕЛЕРІ

Бадиүззаман Саид Нұрси. (1876 -1960) Бұл есім ХІХ-ХХ ғасыр аралығында Ислам әлемінде ғана емес, дүниежүзінің руханиет саласындағы жұртшылыққа кеңінен таныс болған-ды.

«Бадиүззаман» нысыпы да соның бір дәлелі – сырттан берілген лақап аты. «Заманның озығы» деген мағынаны білдіреді. Аса зеректігі, айырықша еске сақтау қабілеттілігі бала кезінен-ақ танылған екен. Алғашқы сауатын шейхтерден, діни ғұламалардан дәріс алу арқылы ашады. Аз уақыт шейх Жалелиддинен негізгі білім алады. Осыны басшылыққа алған бозбала Саид, сол замандағы медресе оқулықтарын түгелдей оқиды, әр күні екі жүз беттен оқи отырып басты деген тоқсан кітаптың мағынасын жатқа білген. Бұл кітаптар болса Ислам әлемінің мәшһүр ғұламаларыныкі еді. Оларды екі-үш ай сайын қайталап отыратын-ды. Осындай ықтиятты еңбектенуінің нәтижесін өзі былай деп қортындылаған: «Білімнің арқасында Құранның тылсым құпиясын түсінетін шамаға жеттім. Сол кезде Құранның әрбір аяты бүкіл әлемді қамтып тұрғанын көрдім. Осыдан кейін Құран мен үшін білімнің қайнар көзі болды да, басқа білім көздерінің қажеттілігі қалмады!»

Осы уақыттарда математика, химия, физика, география, тарих пәндерін де түгел оқып үйренеді. Және сол замандағы ақпараттарды бос жібермей Ислам әлемінің жағдайымен терең танысады. Міне, сөйтіп жас жігіт шағында-ақ, кемеліне келеді. Әрі өз бетімен үйренген арабшасы ана тілінен де артық еді.

 

 

Осы кезде болу керек, Стамбұлға барып, бір қонақ үйдің есігіне «Мұнда барлық сұрақтарға жауап беріледі, алайда ешкімге сұрақ қойылмайды!» деп, жазып қойған. Өзінің қаншалықты білімділігін осылайша сынап көрген. Жер-жерден талай ғұламалар келіп, оның білімділігіне тәнті болады. Дүниеге әйгілі «Әл-Азхар» университетінің бір ірі ғалымы оның заман ағымыны қалай бағалайтынын білу үшін мынандай сауал қояды: «Ислам Осман алып елін еуропалықтар бытыратты, енді не болады?»  Жауап: «Түркия енді, еуропаға жүкті, еуропа болса Исламға жүкті. Уақыты келгенде нәтижесі көрінеді» деген. Мұндай нақты, қысқа әрі терең жауапты ол таңғала құптаған. Міне, Бәдитүззаман аты осы кезге тән.

Ал, Нұрси нысыпы да еш кездейсоқтық емес. Туған ауылының аты да, туған анасының аты да Нұрға байланысты болған. Ал, рисалелердің де Нұрлы аталуында тек, өз атына ғана емес, Құран мен хадистерден көрінген тылсым ишаратардың да әсері мол болғаны нақты дәлелденеді.

Бұл – уақыт Ислам әлемінің басына зұлымат туған кез еді. Түркияға батыстың дінсіздік қаулаған – материализм, коммунизм секілді дүлей дауылы дүркірей қаптап, өкіметі де Исламдық басқару жүйесін тәрк етіп, хақ дінге қатер төнген шақ. Міне, Саид Нұрси осындай ауыр сынақ бетпе-бет келген кезде Қасиетті Құранға адалдығын көрсете білді. Мысалы, ағылшын басқыншыларының Түркия басшылығына қойған алты сұрағына ғалымдар лайықты жауап іздеп сасқалақтағанда, Бәдиүззаман: «Ағылшындардың ондай ақымақ сұрағына түкірік деген жауап лайықты!» деп, қасқая қарады.

Түркияның жаңа үкіметі Саид Нұрсиді қызметке шақырған кезде, парламентариларға бес уақыт намаздың қаншалықты шарт екендігін асқан шешендікпен айтқандығы сондай, бәрі құптай басын иеді. Үкімет басшысы бұған қатты реніш білдіреді: «Біліктілік танытудың орнына қайдағы бір намазды уағыздағаның не?!» дейді. Сонда Саид Нұрси: «Ең ұлы ақиқат – Иман. Оның дәлелі – Намаз. Намаз оқымағандар азғын, азғындар нағыз сатқын» депті.

Орыс-Түрік соғысында тұтқынға түседі. Үлкен лауазымды орыс офицеріне бәрі орнынан тұрып құрмет көрсеткенде Саид Нұрси тұрмайды. Жауапқа тартады. Сонда ол: «Мен мұсылман болғандықтан Алланың алдында ғана тік тұрамын!» деп, жауап беріпті.

Саид Нұрсидің өмірлік мақсаты тек ғылым болғандығы, өтпелі дүниеге еш қызықпағандығы ғұмырының әр сәтінен анық байқалады. Битлис әкімі Омар пашаның үйінде екі жыл тұрғанда, оның үш бойжеткен қызын бір-бірінен айырып тани алмапты. Себебін сұрағандарға: «Ғылымның абыройын сақтау жолында басқа нәрсеге назар аудара алмадым» депті. Сол кезде қаны қайнап тұрған жиырма екі жаста болса керек. Расында, Ислам ғұламасы осы сөзінде тұрды, үйленбеді, бүкіл білімін, жастық жігерін, кісілік міндетін – адамдардың иманын арашалауға арнады. Өтпелі, өткінші уақытқа алтын уақытын сарп етпеді.

Саид Нұрси қырық жастан асқан дер шағында өмір бойы талмай жинаған білімінің жемісі болған – Нұр рисалелерін жазуға бел буып кіріседі. Бұл уақыт – дінсіздікті насихаттаған коммунизм пәлекетінің дүниені жайлай бастаған, атейзмнің қара тұманы адамзатты адасушылық құрдымына топ-тобымен әкетіп жатқан зұлымат кезең еді.

 

Мешіттер құлатылып, медіреселер сауық орнына айналдырылып, еш кінасыз діндарлар топ-тобымен атылып, жан мен иман сынаққа түскен бір алмағайып заман болатын. Міне, дәл осы кезде Саид Нұрси: «Мен алдану ұйқысынан ояндым!» дейді, «Алдымда ашық тұрған қабір есігін көрдім, өз иманымды құтқарудың қамына кірістім» дейді. Ол сырын былайша түсіндіреді: «Мені тіршіліктің әр түрлі алдамшы түстерінен шошытып оятқан Құран Кәрімдегі «Әркім өлімнің дәмін тататын болады» деген аят еді», дейді. Бұл пікір – пәни дүниенің ғана емес, мәңгілік дүниенің де қамын жеудің – қаншалықты маңызды екенін, Құранның өткір нұрлы жарығымен әркімнің есіне салады.

Нұрлы рисалелердің алты мың беттік терең мазмұны осы тура бағыттан ауымай отырып, шұғылалы дәрістерінде Алла Тағаланың хақтығын, Құран Кәрімнің нақтығын, Ақырғы Пайғамбардың (с.а.у.) асқан ұстаздығын дәлелдеп шығады. Ия, дәлелдеп шығады! Ол дәрістерді мейілі, атейст оқысын, мейілі басқа діндегілер оқысын бәрі бір Құран қайнағынан шыққан хақ дәлелдер мен нақ деректемелер адам санасына ілімнің нұрлы жарығын түсірмей қоймайды.

Мәселен, Құран Кәрімді қасиетті кітап деп қана қарамай, оның қиямет қайымға дейін жалғасатын мұғжиза екендігін жан-жақты дәлелдейтін «Құранның мұғжизалық рисалесі» деп аталатын ЖИЫРМА БЕСІНШІ СӨЗДІҢ ғажаптығы, «Қайта тірілу хашир оқиғасы» делінетін ОНЫНШЫ СӨЗДІҢ кереметтігі,  «Аятүл күбра» яғни «Әлем атты ұлық кітап» деп, аталатын рисалелері әрбір табиғат бөлшектерінің  Ұлы Жаратушыға дәлел бола алатындығы, алып жұлдыз да, болымсыз зере-бөлшек те Раббымыздың бұйрығымен қозғалатын мақұлық екендігі, Жаратушы үшін үлкен-кіші, ауыр-жеңіл деген болмайтын, бір гүлді жартауымен бүкіл көктемді жаратуының, бүкіл көктем мен шексіз ақыретті жаратуының айырмашылығы жоқ екендігі секілді Ислам ілімінің сан-салалы  сұрақтарына кең де, терең, түсінікті де тебіренерлік етіп жауаптар беріледі. Яғни, Нұр рисалелері үш Ұлы Кітап – Әлем кітаптың Алланың мың бір есімімен шұғылаланған сансыз құпияларын, Ұлы Әлемнің кішірейтілген үлгісі болған Адам кітаптың тылсым нәзік өрнектерін, Ұлы Жаратушының сөзі Кәламуллаһ болған Қасиетті Құранның нұрлы сырларын оқып түсінуге әліппелік қызметін атқарады.

Бәдиүззаманның өз ұстанымен айтсақ: Нұр рисалелері Құранның терең мағыналы керемет тәфсірі, Саид Нұрси болса, соның тәржімешісі, хатшысы, қызметкері дейді. Өз шәкірттеріне де осы пікірін айтудан танған емес, өзіне асыра құрмет көрсетудің тақуа мұсылмандарға лайықты еместігін – өсиет етіп айтып кеткен.

Міне, бүгін біздің заманымыздың Ислам қаһарманы болған, ғұлама адамның риясыз өсиеті орындалып, миллиондаған мұсылмандар оның аманат етіп қалдырған шұғылалы кітаптарын Құранның дәрісі ретінде, мыңдаған дәрісханаларда оқып, рухани қажеттіктерін қанағаттандыруда.

Біз де, қатардағы бір мұсылман қаламгер ретінде осы Нұр рисалелердің  өмірдегі нақты көрінісі, жемісі болған – мұсылман дәрісханалардың сан-салалы өмірінен азғана сыр шертуді мақсат етіп, өзге де мұсылмандарға мысқалдай болса да пайдасы тисе екен деген ниетте жазған едік. Кемшіліктерінен кешірім тілеймін!

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑