banner-top12

Поэзия UW1A2244_5_6_7_8_tonemapped

Қосқан уақыты Ақпан 25, 2019 | 388 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АДАМДЫҒЫМ АРЫМДА

ЫНТАЙ ҚАЙСАҰЛЫ

photo_2019-02-25_16-32-59

1974 жылы 10 сәуірде Қытай Халық Республикасының Құмыл аймағы, Баркөл ауданы

Көлбойы ауылында, оқытушы отбасында дүниеге келді. 1996-1999 жылдар аралығында ұстаздық етті. 2000 жылы  Ата жұртына  біржолата қоныс тепті.

 

КЕЙБІРЕУДЕН ЖЕРІГЕМ

Білер бәлкім ағайын, дос, құрдасым,

Құмар едім бала кезден жырға шын.

Өмірімді өлең етіп көрейін,

Көңілімді елеңдетіп  тұрғасын.

 

Айтатұғын асыл жырға алғысын,

Сүйер жүрек, тыңдар құлақ бармысың.

Кейде көңіл тым құлазып тұрғандай,

Бір далада ырғалады тал мүсін.

 

Қыран қонған тауларымның иығы,

Арманымның, үмітімнің биігі.

Тәбиғатпен тарихымның  қиығы,

Туған жердей туған жұрттың ұйығы.

 

Ойлы бойым оқшауланып серіден,

Ізгілікке шерлі көңіл еріген.

Тағдырымды тайғанауға теліген,

Кейбіреуден жерігем…

 

 ҚҰРАҚ – ҚҰРАҚ СЫРЫМДЫ…

Бірде бақыт жолығар,

Бірде көңіл зорығар.

Алқындырар алдымда,

Жортуылдың жолы бар.

 

Жүрегім-ай, аяулы,

Бола көрме қаяулы.

Желе жүріп аулына,

Жеткізейік жаяуды.

 

Өзім сүйген өңірім,

Сүйіп тұр-ау, сені – күн.

Жетусіздің өрі мұң,

Жетелейді мені кім?

 

Бауыр болып бәрімен,

Өмірді сүйдім әнімен.

Бірақ, құрақ сырымды,

Аша алмадым әлі мен…

 

МЕН КЕЛЕМІН БОЛМЫСТАРҒА БОЛЫП ТАҢ

 

Күз бар, қыс бар, көктем біреу, жаз біреу.

Арманымды тоса алмайды бәзбіреу.

Өсек ерер, сөз де ерер жақсыға,

Жақсыларды шалғанына мәз біреу.

 

Адам біткен алаланып жатқасын,

Жақыныма бұрып тұрам ат басын.

Адамдыққа ар ұятқа сын болар,

Ағайыннан алыстаудан сақтасын.

 

Пәтуәсіз пасықтықтан жерігем,

Ізгілікке бойым балқып еріген.

Тағдыр мені адам етіп жаратып,

Уайымға қайғыға да теліген.

 

Талай талай қйындыққа жолыққам,

Жол таба алмас бұндай кезде торыққан.

Оңай олжа дәметпей ақ келемін,

Қиындығы қабаттасқан жорықтан.

 

Түндер қайыр сұрамаған жарықтан,

Қорықпаған бірақ көңіл торыққан.

Жеңген болып, көнген болып бұл күнде,

Мен келемін болмыстарға  болып таң.

 

БАРЛЫҒЫ ДА КӨҢІЛДЕ

Өмір сені өзің болып түсінем,

Сөгісі көп сөзің болып ісінем.

Күншілдерге күліп қарап тұратын,

Сынға келген сыбағалы кісің ем.

 

Дей алмаймын, босалаңдап бос бастым,

Дей аламын талып барып тоқ бастым.

Өмір сенің өрлігіңмен өркендеп,

Талай рет жауыздықпен соттастым.

 

Ұмтылам деп өріңе де, төріңе,

Таяп барып талай қалдым көріңе.

Билігіңе жоламай ақ жүрейін,

Елдік істің арасынан көріне.

 

Сен өмірсің әр қырыңнан көрінген,

Сені жырлай алар ма екен ерінген.

Адалдықсыз, әділетсіз адамдар,

Дәметпесін өмір сенің төріңнен.

 

Сен өмірсің жұмбақ сырдан жаралған,

Сырларымнан жырларым бар нәр алған.

Есе беріп екі сөйлеп жүрмеген,

Ерлер ғана ер азамат саналған.

 

Тұла бойын тат қаптаған темір де,

Темір болып қалады ғой кемінде.

Адам болып, азамат боп жетілу,

Барлығы да сыртыңда емес, көңілде.

Ынтай Қайсаұлы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑