banner-top12

Шетелдегі ағайындар шығармашылығынан no image

Қосқан уақыты Маусым 5, 2014 | 1  293 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Әбдеш ІҢКӘРБЕКҰЛЫ. Өмір сыйы

«Әке көрген оқ жонар…»
Әкемнің бүркітшілік, аңшылық кәсібі бар-тұғын. Бала кезден ол кісіге қатты еліктеп өстім. Қақпан құруға жүрсе де артынан бір елі қалмай еріп алатынмын. Бір жылы Қосемшек деген жердің Адырқора деген қыстауын қыстадық. Бұл – біздің ақылбек руының қыстаулығы еді. Біздің атамекеніміз – Іле облысы, Нылқы ауданы, Тау-Сұптай деген жер еді. Қосемшекке ел он екі көшіп, малын айдап әрен жететін. Бұл жер Бұратала мұңғұл облысына қарасты Сайрам көлінің күн шығысында болатын. Қосемшек суы күннің шығысына қарай ағып, аяғы Жың ауданының Тақия деген жеріне құяды.
Шіркін, жер-ақ! Бір қасиеті был жерге қыста қар жаумайды, жауса да көп тұрмай еріп кететін. Жусаны мен изені бұрқырап, ақ шөп пен көкқасқа бетеге секілді әртүрлі шөптер шығатын. Шөптің күштілігінен қыстауға болдырып барған жылқы, ел қайта көшкенше жалын бекітіп, құры болып алады. Аталарымыз «Қосемшектің қуборбайы, Іленің ақырда тұрған құр атын болдыртады» деп айтушы еді.
Ол кезде мен тоғыз жаста едім. Бір күні біздің үйге қонаққа келген ауыл ақсақалдары «биыл ит-құс көп болды. Дүйсенбінің өзінен қыс түскелі 18 бас жылқы мен сиырды қасқыр жеп кетіпті» деп әңгіме жасады. Әкем:
– Біздің мал қазірге тыныш, бірақ қасқыр мені де төңіректеп жүр. Сондықтан қақпанды құрдым, – деді.
Ақсақалдар қысқы соғым түстігін жеп, ұзақ отырып әрқайсысы әртүрлі өнегелі әңгімелерін айтысты. Бір жігіт құрт қатқан тары көжені ішіп отырып жартысына келгенде «мына көжені іше алмадым» деп көже құйған саптаяқты шешеме қайтармақшы болып еді, төрде отырған Қияш атам:
– «Жаманан жартыаяқ ас қалады» демекші, сенің бұл қылығың маған ұнамай тұр. Іш, ана көжені қалдыр ма?! – деді. Әлгі жігіт ұялғанынан көжені ішіп зорға тауысты.
– Енді жарадың. Мына отырған Ережеп атаң бір бәсте бір қойдың етін жалғыз жеп, сорпасын ішіп, артынан қайнап жатқан құртқа қозы қарын сарымайды салғызып ішіп алған екен. Артынан «Ережеп өледі» деп бәс берген ауылдың жігіттері аңдыйды. Бұл кісінің қайын жұрты көбес руы екен, бұл оқиға Көбес жазығында болады. Көбес жазығын жарып аққан, Көгіршін тауының бір бұлағына барып, көлшік жасап ішіне жатып алады. Балдыздары іздеп келсе, суда жатқан Ережеп атам ештеме де болмапты. Қанша сағат жатқаны белгісіз, судың бетіне май пышақ сырты болып қатып қалады. Балдыздарына «тағы да құрт-май әкеліңдер» деп орнынан атып тұрыпты. Сол Ережебің міне, тоқсанға келіп отыр, – деп күлді.
Мен бұл әңгімені естіп қатты таңғалдым. Бірақ, мұндай ерекше адамдар ел ішінде болады екен. Олар үнемі етті осындай қомағайланып жей бермейді екен. Бір бәсте, ерегесте осылай болады екен. Сол Ережеп атамыз алып тұлғалы, топ адамның ішінде бойы озып тұратын. Кеудесінде кесенің үлкендігіндей томпағы бар болушы еді. Әлгі томпақ үрлеп, қолмен қойғандай көрінетін. Жылаған балаларын аналары «кеудесінде ұрысы бар ата келе жатыр, құлақтарыңды кесіп томпайған дөңгіршігіне салып алады» деп қорқытушы еді. Аяғында табанының ұзындығы 40 см келетін етігі бар еді. Аң аулағанда сол етіктің табаны таймасын және тас тесіп кетпесін» деп көңкенің (машина) дөңгелігінен резенке кесіп, етігінің табанына тиектеп байлап алатын. Таутекені атып алып өн бойымен құз-қия, шатқалдардан үйіне көтеріп келетін. Талай аюды атып бүкіл ауылды талай таңғалдырған кездері болды. Қасқыр мен түлкіні қақпанмен алып, талай ауқаттыларға сауға етіп, кедейшілік заманда бала-шағасын асыраған алып кісі еді.
Тағы да бір таңғаларлығы, ол кісі ұзақ күн жаяу жүріп аң ауласа да, талай-талай ұлы тауға шығып, талай құз-қиядан асса да, бір ұрттам салқын су ішпеген екен. Қатты шөлдесе, атқан киігінің бүйрек майы мен ішмайын үнемі белінен тастамайтын қара бақырға салып, ертіп ішіп алады екен. Ал үйге келгенде үлкен қара шаугіммен бір шаугім суды қайнатып жалғыз өзі ішетін болған.
Ақсақалдар әңгімесін мергенші, саятшы және қақпаншы туралы айта келіп, Мұқатай деген жігіттің салғыр, шабандығын айта бастады. Ілияс атамыз сөз алып:
– Жігіттер, естеріңізде болсын. «Шабан жігіт» дегенше, «жаман жігіт» деңдер. Не жұмыс істесеңдер де, әрі тез, әрі тындырымды, әрі қайырлы істеңдер, – деп әңгімені түйіндеді.
Ертесі таңертен әкем:
– Кел маған мінгес. Жақын арада қасқырға құрған бір қақпан бар еді. Соны сен көріп ал, – деді. Әкемнің артына жармасып алып, Қарасайдың жалына шығып, солтүстікті жалдай жүріп бір үлкен түйе мойнаққа бардық.
– Мына мойнақтағы анау бір түп ақтаспа қасқырдың саруы. Көріп тұрсың ба? – деді.
– Иә, көріп тұрмын әке.
– Қасқыр осы мойнақтан өткенде сол бұтаға барып сарымай өтпейді. Сол бұтаның түбіне қақпан құрып қойдым, екі күнде бір барып көздеп тұр, – деп көрсеткен соң үйге қайтып келдік.
Екі күн өтті, қақпанды көріп келейін деп қолыма таяғымды алып, сиырдың пұшпағынан бүрмелеп жасаған шақайымды киіз байпақпен киіп, оның табанына көңкенің табанынан жасаған табандықты мықтап тиектеп жүріп кеттім. Еліктей ұшып, Қарасайдың жалындағы түйе мойнаққа да жеттім. Қарасам бұтаның түбі бұзылмапты. Жып-жылмағай болып жатыр. Түйе мойнақтың солтүстік жағындағы биік төбеге шыққым келіп, жүгіріп келе жатырмын. Аңғалдығымнан болар, қақпанан алыс айналып өту деген есіме келмепті. Өте майда болып жатқан жерде қақпанның тоқпағы бар ғой, мұны басып кетсем ештеңе болмас деп, жүгіріп өтіп бара жатқанымда қақпан аяғыма сарт ете түсті. Ақмақ басым «тоқпақты бастым» деп қақпанның өзін басыппын. Әкемнің қақпандары алдымен бір серперін басып, оны білезіктеп қойып, одан кейін екінші серперін басып барып, әрең тиектейтін өте мықты қақпандар еді.
Табанымда тартылған көңкенің тартылған резенке болғандықтан өте қатты білінбеді. Бірақ аяғымның желке жағындағы киіз байпақты қысып бара жатыр. Аяғымды қозғаған сайын қақпан құрғыр жанымды шығарып барады. Айғайладым. Жыладым. Қарасайдың шығыс жақ жалында Қорғансай деген қорада Нұркеш, Бекәлі, Дәулет деген бауырларымымыз анда-санда аң қарап келуші еді, солардан біреу-міреу келіп қалама деп жан-жағыма алақтаймын. Еш бір үміт болмады. Ал, «қақпанға түскен қасқыр ұлиды» деуші еді. Бірақ менің қасқырдың күшігіндей қыңсылауға да шамам келмей қалды. Енді басқа амал қалмады. Қасқырдың тоқпағы да бір метр шамасындағы жеңді білектей жуан ағаш еді. Оны иығыма салып жылжып көрдім. Шылбыр бойы жүргенде қақпан қысып, шыңғырып жата кетемін. Сөйтіп жүріп бар-жоғы күн батқанша жүз метрдей жүріппін. Үйім үш шақырымдай жерде. «Өлген деген осы болар» деп, жылай-жылай сілем қатып, айқайлай-айқайлай үнім бітіп жатқанымда, менің кешіккенімнен алаңдап әкем жетіп келді. Аяғымды қақпаннан шығарғанда көзімнің нұры жарқ етіп, жаным бір сәт тынышталғандай болды. Әкем:
– Ол төбеде нең бар еді. Төбеге барсаң да, қақпаннан алыстап өтпеуші ме едің? – деп ұрсып жатыр, бір жағынан:
– Қасқырдан бұрын өзің түстің, қақпанға енді абайлап жүретін бол. Қақпан өте қатты, білезіктеп әрең басамын. Аяғыңның желкесін кесіп кетті ме? Құдай сақтай көр, көп жүрмегенің жақсы болыпты. Қанша жүрсең, қақпан сонша қысып, аяғыңды кесіп кететін еді, – деп жанашырлықпен ақылын айтып жатыр.
Үйге келдік. Әкем дереу аяғымды шешіп, оттан алыс отырғызды. Ол кезде отты тошаланың ортасына жағатын заман еді. – Тоңсаң да шыда, отқа жақындасаң ыстық алып кетеді, – деді әкем. Аяқтың желкесін кесіп кетпесе де, қақпан бірталай батқан екен. Аяғымның үсті ісіп кетіпті. Аяқтың желкесінің еті, сіңірі көгеріп қалыпты. Абырой болғанда шешемнің күзгі тон-шалбар бояғанынан қалған біраз рауғаштың тамыры бар екен. Соны талқандап суға салып қайнатып, ет күйместей етіп қақпан батқан жерге тарты. Содан соң ауырғаны басылып, жаным тынышталып қалды. Рауғаштың күшімен аяғымның ісігі қайтты. Сөйтсе де бір жеті тұра алмай жаттым.
Ол заманда кездеме де жоқтың қасы. Шешелеріміз қой терісін илеп, рауғаштың тамырымен бояп, тон-шалбар тігіп беруші еді. Отын алсақ та, көтерсек те, қарға аунасақ та, қатты аязда да ештеме білмеуші едік. Содан болар үлкендер үнемі «қыстың қақаған аязында тоғыз қабат торғынан, жаман тоқтының терісі артық» деп айтып отырушы еді.
Аяқ жақсы болды. Әлгі қақпанды ертеңінде әкем орнына апарып құрып қайтыпты. Тоғыз күн дегенде, тағы да қақпан қарауға бардым. Сөйтсем, қақпаным орнында жоқ. Тағы да өткендегідей оқыс жағдай болмасын деп қадағалап қарасам, қақпанның тоқпағының орны шұқырайып қалыпты. Әрі-бері қарап, еш нәрсе көрінбегеннен кейін, үйге құстай ұшып барып әкеме айттым. Ол күні күнде батып, қас қарайып кетті. Ертеңінде азанда әкем іздеп барса, қақпан құрған мойнақтан көп ұзамай тоқпақ ағашты қасқыр тісімен қажап бір қарыс қалғанда шынжырдың түбінен қиып кетіпті. Әкем:
– Енді мына қара жерден оның ізін таба алмаспын. Тездетіп іздеп көрейін, бүгін таба алмасам қасқырдың қақпанға түскен аяғының басы жансызданады да, ауырсынбайтын болады. Содан аяғының басын кеміріп жейді де, қақпаннан құтылып кетеді, – деді.
Ертесі азаннан тұрып таң намазын оқып алып, әкем тағы аттанып кеті. Қас қарая Әлжапардан алған, арқасына қол жетпейтін биік қаракер аттың қанжығасына бөктерген қасқыр аттың екі жағынан салақтап жерге тиуге аз-ақ қалыпты. Ал қасқырдың басы бейне тайыншаның басындай, аузының езуі кере қарыс екен. Әкем кешкедейін іздеп адырдан таба алмай, қақпанның тоқпағы жоқ болғандықтан ізде түспеген. Ақыры түс ауа адырдан өрелеп келе жатса, қақпан құрған мойнақтың, мен шығамын деп қақпанға түскен биік төбенің үстінде шоқшиып отырған қасқырды көреді. Қасқырда әкемді көріп шығыс жағындағы екі жағы керегетас Қарасайға қарай қаша жөнеледі. Әкемнің жасынан бүркіт салып, небір қиын жерден атпен шабатын әдеті бар еді. Қасқыр қашқан тік өзек қызыл қорым таспен әкем де ағызып, салдыр да, гүлдір қорыммен сайға ағып түседі. Аяғында қақпаны бар қасқыр аттан құтыла алмай, қуып жеткенде қасқыр қайырылып әкемнің етегіне асылып ішіктің бір жақ етегін жұлып кетеді. Әкем асылған қасқырды қолындағы сойылмен ұрғанда сойыл бел ортасынан үзіліп кетеді. Ат та тік қарғып, алдыңғы екі аяғымен қасқырды тарпиды. Зорға беті қайтқан қасқыр, сайды құлдап қаша жөнеледі. Қайталап ұруға қолдағы сойылы да жарамай қалады. Ат та алдыңғыдай арынды емес, жасқанып қалады. Содан әкем қасқырға онша жақындамай артынан еріп отырады. Қасқыр сай аузында қойтастар құлап, төбе-төбе болып үйіліп қалған жардың ішіне беттеп, жардың бір қуысына жасырынады. Әкем атын біржерге байлап қойып, қақпанды борқымен жабуға алып, қоржынына жұдырықтай-жұдырықтай тас салып алады да қасқырдың тұсындағы бір қабаққа шығып алып, таспен ұрып әлсіретіп барып қасқырды өлтіреді.
Қасқырдың жайылдығы соншалық, сол жатқан орнынан бір қозғалман. Сай аузында жер қорып отырған қара Мұқаның қалың иттері бар еді. Ол иттердің қыраңдығы соншалық таутеке мен тауешкіні тірі жібермейді. «Разбайдың мылтығынан, Мұқанның иті артық» деп ел әңгіме қылушы еді. Міне, сол иттер қатты екпінмен әкемнің айғайына келіп, қасқырды көргеннен кейін құйрығын бұтына қысып алып, қайта қашыпты. Қасқырдың айбаты недеген десеңізшы.
«Биыл қыстайғы елдің жылқысын қоймаған қасқырдың атаманы осы болар, енді мал аман болар» десті көргендер. Бірақ, үш күннен кейін «көршілес ауылдағы Нөкештің бір биесі мен бір табынын қасқыр жепті» деген хабар естідік. Соның ертеңінде әкем арқарға құрған қақпанын көзегелі Турасуға кетті. Кешкісін қарақоңыр кекілді арқарды бөктеріп үйге оралды. Қыс ортасы болып қалған кез еді. Әлгі арқардың сүбесі екі елі екен. Көршілер «бұл недеген семіз арқар, қыс ортасында да мұндай болады екен-ау!» десіп таңғалысты. Ал, әкем:
– Бұл екі жылғы ту арқар екен. Ту қалған арқар осындай қоңырға айланып, кекіл жүні өсіп кетеді. Бүгін Турасудың өзенінде қасқырлар бір текені жеп кетіпті. Сол текенің жемтігіне қақпан құрып келдім, – деді.
Үшінші күні таңертен әкем тағы кетті. Кас қарайып, қой қоралай бергенде әкем тағы да бір қасқырды салақтатып алып келді. Бұл қасқыр алдыңғы қасқырдай емес, кішірек, жүні тақырлау келген, түсі сарғыштау екен. Бір қызығы құйрығы бір тұтам. Әкемнің айтуынша бұл қасқырдың сыртаны екен. Сыртан қасқыр осындай таңғыт, құйрығы қысқа болады екен.
– Өзі қаншық қасқыр болғанымен, айбары алдыңғы төбет қасқырдан қиын. Нағыз қырғындап жүрген осы. Егер талға оралмаған болса адамға ұрғызатын түрі жоқ, – деді әкем.
Міне, осыдан тартып мал қыстаудан қайтқанша «бір малды қасқыр жеді» деген сөз естімедік. «Сен болмасаң мына қасқырлар малды қырып болатын еді» деп әкеме малшылар алғысын айтып жүрді.
Қосемшектен ел Ілегедегі көктеулігіне көшті. Біз баққан малымыз Құлжадағы Мамытақын деген бай ұйғырдың малы еді. «Мал арық, жалғыз қойшы малды айдай алмайды» деп мені әкем қойшының қасына қосып берді. Жол қиын, күн суық. Аяғыма кигенім сиыр пұшпағынан жасаған шоқай. Көрсай асуына келгенде су кешіп жүрегеннен кейін қас қарайғанша аяғымыз шылқылдаған су болды. Жол жалғызаяқ. Мал тізілген маржандай шуатылып жүреді. Сөйтіп жүріп, он екі күнде малды жаяу айдап көктеуге де жеттік. Елге ел қосылып мәре-сәре болып жатты.
Сол жылы Ілеге қар қалың жауып, аулаға жиылған қар кісі бойы болып қатып қалып қалған. Әлгі қарды балалар сырғанақ қылып ойнадық. Жатар кез болғанда үйге кірсек, Айым деген әкеміздің інісінің баласы екі аяғынан жүре алмай, сал болып жатыр екен. Аурудан тұра алмай іші пысып жатқан әлгі жігіт: «Біз сендердей кезімізде қатты қардың үстінде жалаңаяқ жүгіріп ойнайтын едік. Әбден ойнымыз қанғаннан кейін түннің бір уағында үйге келіп жататынбыз» деп бізді желіктірді. Сол-ақ екен үш бала далаға шыға сала қар үстіне жалаңаяқ ойнақтап, түннің бір уағында қайтып келіп жаттық. Таңертен менің екі қылтам тартылып, орнымнан тұра алмай қалдым. Он екі күн жаяу жүріп, су кешкен аяқтың қылтасын қоңылтаяқ қар үстінде жүгіргенім қосылып алып ұрды. Үлкен кісілер:
– Бұл Ыбырайым оңбайды. Өзі тобанаяқ болғанымен қоймай, мына баланы да тобанаяқ жасайын деген екен. Бұл өзі шоқайды өкшесінен басып табанынан суық өткізген. Ей, ана шоқайды өкшеңе жеткізіп кисеңші! – десе, өгей шешем:
– «Көрсайдан асқанша өкшесін басамын, ары еңкейгенде басын басамын» деп бой бермейтін. Міне, бүгін сал болып жатқаны мынау, – деп бұрқылдап ұрсып жатыр.
Менің аяғыма уқорғасынды қаратасқа езіп, екі табанымнан жағып, одан да басқа емдерді істеткеннің арқасыында үш күнде орнымнан әрең түрдым. Құдайға шүкір, ептеп жүре алатын болдым. Үлкендер ылғый «табаныңнан өткен суық, төбеңнен бір-ақ шығады. Сондықтан екі аяғыңның жер басарын қорға» деп айтушы еді. Сол ақылды кеш түсініп, ескермегендіктен жас ұлғайған сайын екі аяқтан жүре алмайтын болдық.
Жазда келді. Ел жайлауға көшті. Біз Көкшоқы тауының орта жайлауы Көкқоныс деген жерге барып отырдық. Әкем тағы да мені ертіп, Қазыналысайдың ортасынан ағып түскен көкөзек, екі жағы жалама жартас, өзектің ортан беліне келгенде оңтүстік жағы Тектұр мойнақ болып, мойнақтың тегістеу жері қалың көктерек, арасына балауса шалғын шөп шығыпты. Аяқ жағы және құзар жалама тас екен. Суға түскен тауешкілер сол мойнаққа бір тыныстап, өрге-төмен жалғызаяқ жолменен жүреді екен.
– Балам, мына жолға қақпанды құрамыз. Өткендегідей тағы да өзің түсіп қалып жүр ме? Бұл қақпанның үстіне мына құрдан тұзақ салып, оны ана бұтағы көп ағаштан байлаймыз. Өйткені, аңның аяғы сыпырық болады да, қақпан орныққанша аяғы шығып кетуі мүмкін. Сондықтан мына тұзақ қосылып тартқаннан кейін аяғы шықпайды. Сол үшін қақпан үстіне тұзақ салып құрамыз, – деді әкем.
Үш күннен кейін қақпанды көрейін деп қолыма таяғымды алып, жаяулап қақпанға келдім. Аяғынан өрлеп, иекартпадан шыға келсем, бір таутеке түскен екен. Менен үркіп қарғығанда әлгі тұзақ байлаған ағашты сындырып кетті. Мен де барып ағашқа жармаса кеттім. Бірақ оны тартып тоқтатарлықтай шама жоқ. Таутеке аяқ жақтағы жалама тасқа беттеді. Ағашты қоябере салдым. Сөйтсе де мені сүйреп бара жатыр. Қарасам шапанымның етегі әлгі тұзақ салған ағаштың бір бұтағына ілініп қалыпты. «Енді өлдім ғой» деп бір теректі құшақтай алдым. Құдай сақтағанда, шапанның етегі жұлынып ағаш пен бірге кетті. Мен таутекеден ажырап қалдым. Аңғалдығым осы емес пе, үрккен таутеке мен ұстамасамда тастан ұшып мойны үзіліп кеттіпті. Егер де шапанымның етегі жұлынбаса мен де таутекемен бірге құлап кеткендей екенмін. Құдай сақтады. Есімді жиып, үйге барып көршілерді ертіп келіп таутекені алып кеттік. Тауекені көршілер мүшелеп бөліп алды. Бұл жағдайдан хабар тапқан әкем:
– Тағы да бір ажалдан қалдыпсың. Тік беттегі қақпанға түскен аң тоқпақ ағашты сүйреп қайда барады дейсің. Сенен үркіп өзі де сайға түседі. Бір бұтаға оралып қалар еді. Содан барып ұстап алу оңай болар еді, – деп ұрсып жатыр.
«Аға – бор, іні – тас»
Уақыт зырлап өтіп жатты. Аңның қыры мен сырын әбден білетін, бір үйлі жанды асырап жүрген әкеміз де бұл дүниеден қайтты. Өгей шешеміз басқа байға тиіп кетті. Мен және кіші шешемізден туған Көшкенбек деген інім екеуіміз Көбен деген ағамыздың қолына кірдік. Жиналыста әкемізге қалдырған коммунаның бір ат, бір бұзаулы сиырын берді. Бимұхаммед деген немере ағамыз қыстақ бастығы еді, сол адам «ағамыздың мінген аты еді ғой. Бәрібір сендер бұл атты міне алмайсыңдар, мен алайын. Екі жүз юань ақша, бір тай берейін» деп қолқа салды. Ағамыз Көбен көп ойланбай-ақ: «Берсек берейік» деді. Ол кезде екі жүз юань ақша өте құнды еді.
– Ақшаны мен алайын, балаларға киім-кешек сатып аламын. Сен тайды мін, – деді маған Көбен ағам. Ал мен:
– Әбеу деген кембағал жұрында (бригадир) бір құла тай бар екен. Сол тайды аламын, – деп тұрып алдым. Ол ол кісі: «Өзім ат қып мінеиін деп таңдап алып едім» деп бергісі келмеді. Сөйтсек, ол кісінің де көздегені бар екен. Қыстақ бастығы Бимұхаммедке:
– Жылқышыларда бір кері бие бар, ата малым еді. Соны алып берсеңіз берейін, – деді. Ол ағамыз дереу мақыл болып кері биені Әбеуге берді де, маған құла тайды алып берді. Жанымдай аялап бағып, қысында апайымның қолына қойшылыққа кеттім.
Келер жылдың күзінде құла құнанды мініп, біреудің жаман мылтығын сұрап алып да азырақ жинаған оқ-дәрім мен жеңгем салып берген азық-түлікті алып «жалғыз аң қараймын» деп Тоқандаба деген жерге жүріп кеттім. Тоқандабаның «Сулы-Теректі» деген жерінде жам ағайын туысымыз Ахмет деген кісі коммунаның қыстауын қорып, аздап егін салатын еді. Ол кісінің баласы Нұран менімен құрдас болатын. Сол үйге екі күн суыт жүріп, құла құнанмен әзер жеттім. Бір күн тыныққанан кейін, Нұран екеуіміз әлгі апарған мылтықпен аң қарап, жар-жарға нысана атып, үш күн қаңғырып ойнадық.
Менің жеті жас кезімде Қосемшектегі қыстаудан Ілеге көшіп келе жатып, осы Жарқораға қонған едік. Көз байлана бере, сайды құлдап келе жатқан ат дүбірі естілді. Иттер үріп алдынан жүгірді. Менің аяқкимім жыртылып, Қасен аға жамап жатыр еді. Көшкен ел, басын буған қара қос. Алдында ғана Қадиша апай: «Іңкәр ағам шам намазын қамшысын қолына ұстап алып оқып тұр. Ой, Алла не болды екен!» деп отырды. Көп өтпей ат дүбірі де басылды. Бірге көшкен үш-төрт үйдің адамы жиналып абыр-сабыр бола бастады. Қадиша апай басын буған қостың ортасына жаққан отты есіктен шашып жіберді. Ойбай да, у-шу болып кетті. Жүгіріп далаға шықсам, әкем есік алдындағы дөңде екпеттеп жатыр екен. Бір уақытта әкемнің «Төкешім, қайран Төкешім, енді не болдым!» деген дауысын естідім. Сонда барып ел күбірлесе бастады. «Іңкәр ағамның ойда оқуда қалған Төкеш деген баласы «биыл бір қыста бірінші сыныптан үшінші сыныпқа секіріп оқыды»деп еді. Сол бала «ауырмай-сырқамай қайтыс болды» дейді. Келген қабаршы «тіл болып кетіпті» депті. Әйтеуір ел-жұрт болып әкемді уатып, қасына бір жолдас қосып беріп, қос атпен Ілеге аттандырды. «Әлі екі күншілік жол бар. Күнді-түні жүріп, қайтып шыдар екен. Бұл кісінің көп баласы өлді, баласының қайғысымен ерте қартайып кеті ғой» десті жиылған жұрт.
Бағанағы айтқан ағамыз Көбен әкемнің інісінің баласы екен. Әкем бағып-қағып өсіріпті. Ал әкеміз төрт әйел алған екен. Сол төр әйелден 21 бала болып, соңында жалғыз қалған мен екенмін. Осыны туыс-туғаныма айтып, Жарқорадағы суық хабар есіме түсіп, «сол ағам болса мен өстіп жүрермедім» деп өксігімді тия алмай қатты жылаппын. Ахмет аға бізді сырттай байқап қалып:
– Не болды сендерге? – деп қасымызға келді. Нұран жағдайды түсіндіріп еді, ол кісі маған:
– Әлі-ақ адам болып кетесің, қайғыр ма? Әкең де сол балаларының қайғысынан ауырушаң болып, ерте өмірден өтті ғой. Ол кісінің оты сөнген жоқ, артында қалған тұяғы сен барсың. Ер азамат жылай ма екен? Бұдан кейін көз жасыңды көрсет пе?! – деп басу айттып, тереңнен бір күрсініп алды да:
– Ең жақсысы сен енді аң қарағанды қой. Үйіңе қайтып кет. Ағаң алаңдап жатқан шығар, – деді.
Ертесі қайтып Салдыр асуының аузында жер қорыған бір аңшы бар дегенді Нұраннан естіген едім. Сол есіме түсіп кетіп, әлгі аңшының үйіне тарттым. Сөйтсем ол кісі Салдыр асуының Қасқырбастау деген жерінде отырады екен. Қиналмай тауып алдым. Хамит мылтығымды көріп отырып:
– Жақсы мылтық екен, анау тасты атып көрші, – деді.
Атып едім, оғым жетпей қалғандай болды. Ол:
– Көтеріңкіреп атсаң болады екен, – деді. Тағы атам ба деп бір оқты оқтаған едім. Бірақ атылмай қалды. Хамит малын қарауға кетті. Үйдің өржағындағы аш кезеңге бір үлкен қоңыр өгіз келіп тұра қалды. «Шіркін таутеке өстіп тұра қалсашы» деп армандап, мылтықтың түтігін өгізге қаратып сығалап отырып, түртпені басып қалдым. Мылтығым тарс ете түсті. Сонда барып, ішіне оқ салып қойып ұмытып кеткенім есіме түсті. Өзім қатты шошып кеттім. Өгізге қарасам, өгіз жығылмай жайбырақат жайылып жатыр. Сөйтсем оғым өгізге жетпей бер жағына түсіпті. «Аң атамын» деп жүрген мен де ақмақпын. Абырой болғанда өгізге оқтың тимей қалғаны қандай жақсы болды. Оқ тиіп өгіз өлім қалса масқараның көкесі сонда болар еді. Өйткені, бұл маған, менің ұрпағыма таңба болар еді. Бір жақсысы Хамиттің үйіндегілер бұл жайды білмей қалды. Сол күні Хамиттің үйіне қонып, ертесі екеуіміз аңға шықтық.
– Сен Қасқыр бастаудың арғы қарысындағы қара жартастың сыртынан айналып келсең сол жерде тауешкілер бар. Аңдып барып аяқ жағынан атсаң маған қарай қашады. Мен осы арада отырып, итті жіберемін. Ит қамаған соң, атып аламыз, – деді ол. Мен жүгіре-жүгіре айтқан жерге жеттім. Сары өзектің ішінде жиырмадай тауешкі жайылып тұр екен. Мылтығымның төмендеп тиетінін де ұмытып кетіптім. Әйтеуір аңдып барып бір аттым, ешкілер Хамитқа қарай қашты. Артынан жүгіріп мен де келемін. Бір кезде қарысыдағы керегетастан иттер үрді, бір уақытта мылтық даусы да шықты. Мен де жеттім. Жетсем, бір тауешкінің лағын қамаған екен. Соны атып алыпты. Хамит иттерінің ішіндегі салпаң құлақ көкала итін өлердей мақтайды. Атып алған лағымыз жетім қалған лақ секілді, өйткені өте арық екен. Лақты көтеріп үйге келдік. Сол күні Хамиттің үйінде болып, апарған оқ-дәрімді сол кісіге бердім де, атып алған лақтың еті мен бір текенің терісін сұрап алып үйге қайуға қандандым. Хамит:
– Мынау көрінген Салдыр тауы, ана сайды өрлесең «Кіндіктас» деп аталады. Одан ары өрлеп жүрсең сары доңғалға шығасың. Күн батыс жағыңда аршаның желкесінде тастан қалаған оба тұр. Обаға барсаң қалың қорымды кесіп өткен ат жол бар. Сол жолмен жүрсең, сары ойпатқа шығасың. Ойпаттың оң жағында зәулім жартас тұр. Түбінде бір үңгір бар. Ауыз жағына жартылай тас қалап қойған, ол жерді «келіншек өлген» деп атайды. Ойпаттан шығып күн батысқа жалдасаң сарышөптен аттың ізі көрінбейді. Тағы да тастан қалаған оба бар. Сол жақ астыңда үлкен мойнақ көрінеді. Сол мойнақтан төмендесең көк қорыммен иректелген жол шығады. Сонымен түссең Ашалы өзеніне жетіп, Қайыңдысайдағы бауырларыңа барасың, – деді. Жолдың ұңғыл-шұңғылына дейін түсіндіріп отырған адамға мен:
– Аға, «Келіншек өлген» деген сөз қалай шыққан? – деп сұрадым.
– 1959-жылдың қысы болса керек. Іледен бір жігіт бір жас келіншекті ертіп Көрсай асуын асып, Ашалы өзенін құлдап жазықпен жүрмей, осы жолды жақын көрді ме екен, әлде елден тасаланып қашқаны ма кім білсін? Кештетіп жүріп осы Салдырдың жотасына шыққанда қатты ақтүтек боран болып, сары ойпатқа келгенде келіншектің жүруге шамасы келмей қалады. Жігіт өзі де өлетін болған соң келіншекті тастап, аяқ жағындағы жолсыз шатқалмен әрең дегенде қыстаудағы ауылға жетеді. Ертесі ауылдан адам ертіп барса, келіншек өліп қалады. Төменге алып түсуге амалдары жоқ. Оның үстіне сол жылы комунаның қысымымен қатты ашаршылық болып, ел аштан өліп жатқан кез еді. Амалсыз әлгі үңгірге келіншекті жерлеп, ауз жағына аң-құс жеп кетпесін деп тас қалап қойған екен. Содан бері ол жер – «Келіншек өлген» атанып кетті. Бұрын «Салдыр бастауы» деуші едік, – деді ол.
Хамит ағай бұл әңгімені айтқанда, «осы тауды аса алмай қалып жүрмеймін бе?» деген біртүрлі қорқыныш менің бойымды билеп кетті. Бірақ оның: «Бұл тауды асып Ашалыға түскенше таутеке, тауешкі көп кездеседі. Жол бойы атқылап барасың», – деген бір сөзі менің бұл қорқынышымды сейілткендей болды. Мергендікке құмар болған сорлы басым соңғы сөзге еліріп, батырлана түстім. Содан соң Хамит ағамен қоштасып, Салдыр тауына қарай жол тарттым.
Бұл таудың аты-затына сай күңгейі мен теріскей беті бірдей құзар жаламатас, қалың көкқорым болады екен. Адам жүрсе де, басқа хайуанаттар жүрсе де, тіпті кейде өздігінен де тастар салдырлап құлап тұрады екен. Сондықтан да ел «Салдыр тауы» деп атаса керек. Бұл тауды асудан қорықсам да, бір жағынан көруге құмарлық жеңіп, жол белгілерін көріп сары ойпатқа да жеттім. Хамит ағаның «Келіншек өлген» деген сөзі мені қатты қызықтырды. Сол жартастың астындағы үңгірге келсем, айтқандай тас қалап қойыпты. Ар жағына үңілуге батылым бармады. «Ойпыр-ай!» деп таңғалдым. Қайта атыма мініп батысқа қарай жүріп едім, алдымнан бір топ тауешкі қаша жөнелді. Оны қуалап, әне атамын, міне атамын деп жүріп, бір үлкен мойнаққа түсіп, еңкейіп қалыппын. Астыңғы жақта Хамит аға айтқан мойнақ тұр. Оның астыңғы жағы көкқорым. Қорымда көлденеңдеген жол сымақтар жатыр. Мен обаны аң қуып жүріп байқамай қалғам екем. «Салдырсай» деген осы екен ғой деп атты жетеліп қорыммен түсіп кеттім. Төмендегенде бір қора бар екен. Одан төмендесем, жалғызаяқ ат жол бар екен. Құнанымды жетелеп келе жатырмын. Әлгі жол жаңағы қыстауға мал апаратын жол болса керек. Әрбір ағындарын су шайып, жолда бұзылыпты. Сай аузына яғыни Ашалының үлкен жолына үш шақырымдай қалған жерде, жол бір жардың басынан өтеді екен. Ол жерден бір кішкене көлденең тастан аттай бергенде, аттың артқы аяғы тайып кетіп шалқалап барып жардан ұшып кетті. Мен де бір жерден жол тауып қасына келдім. Жануар ары-бері бұлқынып орнынан тұра алмады. Алдыңғы екі аяғын көтеріп тұрамын деп ұптылып еді, бірақ артқы жағын көтере алмайды. Амалым не, үстіндегі ертоқымын алып тастадым. Жыладым. Жануар құла құнаның да көзінен жас ағып тұр. Маған мұңын шаққандай болды. Қолдан келер қайран жоқ. Жиырма шақырым жолды жаяу басып, осы құнанды берген ағамыз Қайыңдысай деген жерде күзеп қалған екен. Сол кісінің үйіне ұялсам да, қиналсам да амалым жоқ кешке қарай әрең жеттім. Бұл үйдегі үлкен әжеміз Балқия мені көріп шошып кетті.
– Қарағым саған не болды? Өңің қашып, тозып кетіпсің, – деп құшағын жайды. Үйіне бара қалсам ылғый «Іңкәрбектен қалған жалғыз тұяқ қой» деп басымнан сипап, барын беріп аяушылық білдірушы еді. Құшағына құлай кеттіп, солқылдап жыладым. Өксігімді басқан соң болған жағдайды айтып бердім. Бимұхаммедті «Би аға» деуші едік. Ол кісі бір жаққа қызметпен кеткен екен. Кешке қарай Би аға да келді. Оралқан жеңгем де бір жағынан:
– Өзіңе де обал жоқ, не жаныңа зор келді. Жалғыздан-жалғыз қаңғырып кеткенің не? Өзің өліп қалсаң, біз қайдан іздеп табар едік, – деді. Би аға:
– Болған жайды ұқтым, енді жыла ма, болар іс болды. Қанша жыласаң да орнына келмейді. Құдай қаласы мен тағы да бір тай тауып беремін, – деп жуатты. Балқия апам:
– «Ер сүрінбей ел танымайды, ат сүрінбей жер танымайды» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Жаның аман болсын! Бұдан кейін бүйтіп жалғыз қаңғырушы бол ма?! – деді. Би аға:
– Омарбек екеуің барып, құнанды сойып алып келіңдер. Түнімен арам қатып қалмаса болғаны. Ертең Ілеге адамдар өгіз айдап жүргелі жатыр. Сен солармен бірге үйіңе жетіп ал, – деді. Таң атысымен Омарбек екеуіміз өгіз арбамен құнан қалған жерге барсақ, жануарым тірі жатыр екен. Бұл жерді «Білсай-Теректі» деп атайды екен. Құла құнанның көзінен жас мөлтілдеп ағып тұр. Маған мұңын шаққандай болды. Амал нешік, мен де көзімнің жасын теріс қарап сығымдап алдым. Омарбек аға құнанды бауыздап, сүйегін мүшеледі. Етін әкеліп Қайыңдысайдағы көршілерге біразын таратып бердік. – Қалғанын ағаңның үйіне апар, өзіңнің адал малың ғой, – деп Омарбек ағам жарты етті өгізге артып берді.
Ертеңінде Көрсай асып Сұптайдағы үйге келіп, жүкті Батима шешеме түсіріп бердім. Ол кісі бір жағынан ұрсып, бір жағынан «өзің аман келіпсің, садағаң кетейін!» деп қуанып жатыр. Бір тәуірі ағам үйде жоқ екен. Ол кісіден бір жағы ұялып, бір жағы қорқып онбес күндей туыстардың үйіне қондым. Ағам үйде жоқ кезде жасырын үйге келіп-кетіп жүрдім.
Ақыры ағамды да көрдім. Бұл кісінің қасиеті қандай қиын жағдайда да менің атымды атап ұрсып, янаттаған емес. Қайта менің сөз қайтарып өзін ренжіткен кездерім болған шығар. Өзі кешірсін! «Аға – бор, іні – тас» деген сөз осындайда айтылған болар.
Мылтық атудың, олжалы болудың әдісі
Бір күні Көкшоқы тауындағы жайлауда отырған бауырларға барып, қайтарымда Суансайының басынан түсіп, үлкен су бойында отырған Коммунаның сиырын бағып сүт сауып, май тартып отырған бір топ отбасы бар еді. Солардың ішінде әкеммен замандас әрі туыс Бекқожа имамның үйіне барғым келіп, келе жатырмын. Суансайдың теріскей бетінде шымылдық қарағай, астыңғы жағы биік керегетас еді. Қарсы бетінде ат шалдырып мына керегетастан әкем «қақпан құрып талай таутеке, тауешкі аттым деуші» еді. Анау Суансайдан қиялаған жалғызаяқ жол Теректісай, Шетендісайды керлей өтіп, Шылдыр жалын жалдап үлкен текшеге түсіп кетуші еді. «Осы жолдың мойнақтарындағы қасқырдың, саруына, түлкінің өтер жолына қақпан құрып әкем жарықтық талай қасқыр мен талай түлкі алған еді» деп ойға шомып кетіппін. Бір кезде қарысы бетке қадағылап қарасам, шымылдық қарағайдың астында бір топ текенің рахаттанып жусап, жатқанын көрдім. Атып алатын кісідей «әттең, мылтығым болар ма еді» деп армандап өзіме өзім күбірлеп қоямын.
Атқа міндім де Суансайын құлдап отырып, үлкен судың бойындағы Бекқожа атаның үйіне келіп түстім. Атаға сәлем беріп, амандастым. Әлипа апа:
– Молда жігіттің баласы келіпті ғой, – деп құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. Бекқожа атам:
– Иә, балам, қайдан келесің? – деді.
– Көкшоқыдағы бауырларымды аралап келе жатырмын ата. Суансайының басынан тік түсіп едім, теріскей беттен бір топ текенің жусап жатқанын көрдім, – дедім.
– Па, балам, әкеңе айнымай тартыпсың. Әкең жарықтық талай қияларға бүркітпен бірге ұшып кетуші еді… Ол жолсыз жерден атыңды құлатып алмай аман түсіпсің. Мына, біздің сиыр ферманың топ бастығы Әбдіхамит деген ала жаздай аң қарап, тышқан мұрнын қанатпады. Шекен ағаң Аманбек байдан үкімет тартып алған «жиырма сегігізінші» мылтықты соған алып берді. Әбдіхамитқа көрген текелеріңді көрсетші балам, – деді. Аң десе жаным сүйетін мен сөзге келмей мақұл дедім. Содан соң Бекқожа атам Әлипа апама бұрылып:
– Әбдіхамитті шақыршы, – дедеді.
Әбдіхамит деген кісі орта бойлы, божбиған қарашыбар адам екен. Ел ішінде «көкпар тарсаңдар Әбдіхамише тартыңдар. Сынған аяғын қанжығасына байлап қойып көкпар тартатын» деген сөз бар екен. Бұл сөз қалай шықты десеңіз? Бір реткі көкпар тартыста аты жығылып, аяғы сынып қалған Әбдіхамит, сынған аяғына қарамай көкпарға қайта кірген екен. Бірақ қасындағы жолдастары «көкпардан әкең өліп пе еді?!» деп күштеп оташыға апарыпты. Міне, сол көкпаршы Әбдіхамит мерген болып шықты.
– Әбдіхамит, мына бала теке көріпті. Сен «жаздай іштеме кезіктірмедім» дейсің. Енді барып атсаңшы, – деді Бекқожа ата.
– Онда жақсы болды ғой, мен мылтығымды дайындайын, – деп Әбдіхамит үйіне қарай жүрді. Мен де онымен бірге еріп бардым. Ол:
– Сен қарысы бетке нысана қойып кел, алдымен мылтығымды теңшеп алайын, – деді. Бір парша қара киізді апарып қалқитып қойдым. Үш рет атты, оқ дәл тимесе де маңайлап өтті.
– Жер алыстау болды, мөлшерлі жерге келсе тиіп қалар. Ал енді мылтықтың ішін тазалап алайын, – деп ішін сүртіп жатқанда сүмбі қисық жеріне келіп, мылтықтың ішіне тығылып қалды. Ары алысып, бері алысып сүмбіні шығара алмады. От жағып, темір мосының бір бұтын отқа салып қыздырып, ағаш сүмбіні күйдіріп жүріп күн бешін ауғанда мылтықты тазалап болды. Оның үш дүрегей иті бар екен. Оны байлап алып маған жетелетті. Себелеп жаңбыр жауа бастады. Итін алып жүргені маған ұнамады. «Бұл ит аңды қуалап кетіп, атқызбайды-ау» деп ішімнен ойлап келемін. Аң бар жерге де жеттік.
– Теке жабында жатыр. Қарысы беттен атуға оғыңыз жете қоймас. Итті қосқанмен мына тасқа итіңіздің өзі қамалып қалады. Сіз енді аяңдап, мына өзекпен ана тастың қырына шығып жасырынып отырыңыз. Теке сіздің қарысы алдыңыздағы қарағайдың теріскей бетінде жатыр. Сіз мөлшерлі жерге жетіп, маған белгі берсеңіз мен текенің қарысы бетіне шығып сізге белгі беремін. Сонда теке сіздің алдыңыздағы жартастың қырына шығады. Сонда атып қаласыз, – деп әкемнен көргенімді еске алып, текені қарағайдың арасына байлап қойғандай-ақ сапылдап оған ақыл айтып жатырмын. Ол кісі бұл кеңесіме қарысы болмады.
– Теке қаша жөнелгенде сен иттерді қоя бер, – деді ол. Бір заманда әлгі тастың мойнағына шығып белгі берді. Мен иттерді жетелеп, теке жатқан қарағайдың қарысы бетіне шықтым. Иттердің бір-біріне ырылдап, бір де жетекке жүрмей қыңсылағанынан текелер дыбыс алып қашып кете ме деп іштей мазасызданып келемін. Баспалап қарасам текелер баяғыдай жусап жатыр екен. Бір-екеуі түрегеліпті. Өйткені кешкі жайылыс уақты да болып қалған кез еді.
– Ал кетті, – деп үш итті қоя беріп, айғай салдым. Иттер де текені көріп заулады. Теке де біз болжаған жерден шыға келді. Мылтық та тарс ете түсті. Қалың шөпке оралып әрең дегенде мылтық атылған мөлшерге келсем, Әбдіхамит бір тастың үстінде отыр екен.
– Бір теке жаралы болып қашып кетті, иттер текелерді қуып кетті. Қамаса қазір үреді. Сен анау балашық қарағайды көрдің бе, соның оң жағындағы қалың шөптің арасында бір елік жатып қалды. Сен соған барып үркіт, мен соны атайын, – деді ол.
Жүгіріп отырып, Әбдіхамит айтқан мөлшерлі жерге барып басбағып қарасам, әлгі еліктің құлағы көрініп жатыр екен. Мыны қатты үркітсем ата алмай қалар деп ойладым да, ақырын шөптің арасымен сырғып келіп, еліктің тұсына келгенде басымды бір көтеріп, шалқамнан құлап түсіл едім елік орнынан қарғып тұрып, дыбыстың қай жағынан шыққанын білмей аңырып тұрып қалды. Мылтық та тарс ете қалды. Елікте құлады. Мен де жүгірдім. Оқ еліктің белін үзіп кетіпті. Алдыңғы аяғымен кейде жығылып қалып, кейде басын көтеріп бел жағын сүйретіп барады. Елікті қуып жетіп жанымдағы жаман бәкіммен бауыздайын деп едім, Әбдіхамит та жетіп келіп:
– Елікті бауызда ма! – деді. Мен еліктің сирағынан ұстап отырып қалдым. Содан соң өзі бауыздады. «Бұл мерген аққан аңын бөгде адамға бауыздатпайтын ырымы бар-ау» деп ойладым. Елікті сайға сүйреп түсіп, терісін сылып, етін мүшеледік. Маған жалғыз кәріжілігін берді. Соны қолыма ұстап имам атамның үйіне келдім. Ол кісі жағдайды ұққаннан кейін:
– Жаздай аңға шығып тышқан мұрнын қанатқан жоқ еді, мұның пейлінің тарын қарай көр. Біздің сыбағамыз осы кәріжілк пе, өзіне апарып бер, – деп кемпірінен беріп жіберді.
Мен ертеңінде ағамның үйіне қайтып келсем, Коммунаның еңбегі де басталған екен. Келген күннің ертесі беде (жонышқа) баулауға шықтым. Бірнеше күн өткен соң кеніттің бастығы Әбеусыдық келіп:
– Әбдеш, екеуіміз аңға шығып келейік. Менің ағам Әбеусейтті білесің ғой, сол үйдегі жеңгемнің сырқаты ауыр. Тамыршылар «киіктің терісіне сал» депті. Сен мына тауда өстің, азда болса ұңғыл-шұңғылын жақсы білесің. Мен бұл тауға шығып көрген емеспін, сен менің мына мылтығымды ұста. Мен қыстақтың Зікірұл деген байдан тартып алған мылтығын ұстайын, – деп мені қызықтырды.
Онысызда аң аулау десе жаным сүйетін маған бұл ұсыныс ұнап кетті. Бір жағынан кеніттің ауыр еңбегінен уақытша болса да босаймын. Осылай келістік те екеуіміз аңға жүріп кеттік. Үйтастың басындағы Бөрібұлақ деген сайға барған соң бұл кісі маған мылтық атуды үйрете бастады.
– Мылтықты теңшегенде, мылтықты нысанаға атқанда тышқанның ініндей тесікке немесе бір бұрам темекі қағазына тигізу керек. Киік деген жанды нәрсе, қозғалып тұрады. Кейде қашып бара жатқанда атуға тура келеді. Сол үшін мылтықты қараға алғанда өте жіңішкелікпен теңшеу керек. Оқ нысанадан төмендеп тисе, қарауылдың алдыңғысын аласартып, артқысын биіктету керек. Егер оқ нысанадан жоғарлап тисе, онда артқы қарауылды аласартып, алдыңғысын биіктету керек. Оғың нысанаға көп жетпей қалса, онда дәрің аз болғаны. Дәріні тығыздауың бос, тіпті жасаған қорғасының олқы болғаны. Мылтық оң жаққа тартса, қарауылды оң жаққа жылжыт. Сол жаққа тартса, қарауылды сол жаққа жылжыт. Егер атқан оғың бір де оңға, бір де солға, бір де төмен, бірде жоғары тисе мылтықтың іші шайылғаны. Онда ол мылтық жарамсыз болғаны. Тағы да көп сырлары бар, оны жүре-жүре үйренесің, – деп Әбеусыдық мылтық пен мергеншіліктің талай сырын құлағыма құйды. Әңгіме арасында, ол:
– Сенің Әлімғазы деген ағаң түңлікті төр пүктеп қойып нысанаға атыпты. Сөйтсе, төрт қабатынан оқ өте беріп, бірнеше атқан соң түңлік шұрық тесік болыпты. Әйелі: «мылтығың да, өзің де құры» деп бақырыпты. Сөйтіп «мылтықты Әлімғазыша атыңдар» деген сөз ел аузына тарап кетті, – деді. Бұл әңгімеге біраз күлдік. Мылтықты бір қатар нысанаға алып теңшеп алған болдық.
– Бөрібұлақтың басындағы көк өзектен елік кезігеді. Сіз атпенен ана мойнаққа шығып алыңыз. Астыңыздан мен жаяулатып шығайын. Қашқан елік болса алдыңызға шығады, – дедім. Бұл кісі тоспаға кетті. Мен аяғынан өрлеп едім, бір елік қашып шықты. Атып едім, алдыңғы аяғын оқ үзіп кетті. Бұл елік төмендеп қалың бұтаға ұрып кетті де, Әбеусыдыққа қарай бармады. Мен одан адасып қалдым. Әдетте мен қарға, сауысқан атқаным болмаса аңға бірінші рет оқ дарытқаным осы болды. Бірақ ала алмадық.
Ол күні бір малшының үйіне қонып, ертесі Жамбұлақ деген жерге
бардық. Бір мойнаққа түсіп аттың ерін алып тастадық. Алдымыздағы керегетасқа Әбеусыдық жүгіріп кетті. Мен аттарды тұсап жатыр едім, ол тастың қырынан басбағып қарады да маған тез кел дегендей қолын бұлғады. Жүгіріп жетіп барып едім.
– Ой, бу, – деп санын бір қақты да, – Мына қара таста бір үлкен теке тұр екен, қазір ғана тастан асып кетті, – деді.
– Неге атпадыңыз? – деп едім, ол:
– Сен екеуіміз қатар атайық деп ойлап едім, – деді. Сондағы оның ниеті мені аңға мылтық атып үйренсін дегені екен.
– Көп мерген өзге елден қызғанып бұрын атуды ойлайды. Текенің қашып кетуі де менің салдырлатып басқан ебдейсіз аяғымнан болар, – деп ол кісден кешірім сұрап, аттың қасына қайтып келдік. Сонда Әбеусыдық:
– Әбдеш, есіңде болсын, аңды ату үшін үлкен ептілік керек. Аяғыңды мысықша басып, сылдырыңды аңға сездірме. Аңды көрген соң желді теңше. Желдің қай жақтан соққанын білу үшін, қолыңа майда топырақты алып шаша лақтырсаң желдің қай жақтан соғып тұрғанын білесің. Жел соққан жақтан аңға жақындауға болмайды. Өйткені, мылтықтың дәрісі өте сасық болады. Адамның өзі де сасық болады. Оны аңдар тез сезеді. Ол да тірі жан иесі ғой, одан сақтанады, – деді.
Бірталай жерді қарап, ештеңе кезікпегеннен кейін қайта атқа қонып, жоғары өрлесек. Алдымыздан үш атты адам жолықты. Біреуі Асу деген кісі екен. Әлгі кісі бір тауешкі атып алыпты. Сол маңдағы бір бұлақтың басына түсіп, дереу от жағып шай қайнатып, жаубүйрек пысырып жеуге кірістік. Асу мен Әбеусыдық құрдас екен. Әбеусыдық Асуға:
– Мына мылтығың өзі тәуір ғой. Кімнің мылтығы – деп еді. Асу:
– Қызылтудың малшысы Зейнелқабылдікі, содан сұрап алдым. Мерген деген атым болғанымен, бір мылтыққа әлі жарымай келемін,– деп кейіді. Олар быраз әңгіме-дүкен құрды.
Ол кісілер өз жолына аттанып кетті. Біз үшінші күнге айналғанда баяғы менің әкем көп қақпан құратын Тұйықсай жалағына (ащы тұз шығып тұратын жарлауыт) келдік. Ол жерде бір үлкен қарағайдың түбінде бір жалақ бар еді, әкем соған қақпан құрып тауешкіні көп алатын. Сол сайдың жалынан келіп қарасақ, қарысы беттегі қарағайда бір топ теке жатыр екен. Әбеусыдық:
– Сен аттарды осында ұстап отыр. Ат тықырын білсе аң қашып кетеді. Мылтық даусы шыққанан кейін барарсың, – деді. Аттарды қалтарысқа байлап қойып, мен де баспалам қарап отырдым. Әбеусыдық қалың жапырақтың арасымен мысықша аңдып барады. Ататын жерге де барды. Арт-артынан мылтық екі рет атылды. Жығылған еш нәрсе байқалмады. Теке, ешкі аралас екен. Оқ шыққан соң текелер бөлініп қашты. Қарысыдағы көкөзектің ортасына барды. Бір жағы жартас, жартастың түбінде бір түп шетен ағаш тас түбінен тасқа қарай жабысып шығыпты. Сол шетеннің түбіне барып бір үлкен теке тұрып қалды. Аңның жартысы Тұйықсайды құлдай қашты. Ал жартысы Суансайына қарай асып кетті. Атты жетелеп сайға түстім. Әбекең де сайға түсіп тұр екен. Қатты ашуллы:
– Енді аң ауламаспын. Соншама жақын жерден оқ тимей кетті. Әй, осы менің жеңгем қатарға қосылмайтын секілді. Міне, үш күн болды біздің сандалғалы. Әлі бір нәрсе қолымызға ілікпеді, – деді ол салымы суға кеткендей бейне танытып.
– Ой аға, не болды сонша таусылып. Оған бола ренжімеңіз, Алла бізге бұйыртпай тұрған шығар. Ана көкөзектегі жартастың түбіндегі жалғыз шетенді паналап бір теке бұғып қалды, соны атыңыз, – деп едім.
– Бармаймын да, атпаймын, – деп жұлқынды.
– Ендеше мен барайын – деп едім.
– Әй, сен үркітіп аласың ғой, сенің көңілің үшін барайын, болмаса көңілім соны қаламай тұр, – деп зорға қимылдап текені атуға кетті. Мен аяқ жағында қарап отырмын. Әлгі кісінің шөптің арасында еңбектегендегі шеберлігіне таңғалдым. Қай жерде кетіп бара жатқанын көре алмадым. Бір уақытта мылтық тарыс ете түсті. Қарасам сары теке аяғында отырған маған қарай құлап келеді екен. Қуанғанымнан текеге қарай тұра ұмтылдым. Жүгірмесем де теке алдыма келер еді. Текенің мүйзінен ұстап отырдым. Бір уақытта Әбекең де жетіп келіп:
– Үй, неғып бауыздамай отырсың, – деді.
– Сіз бірдеңе дейме деп, отырғаным ғой, – дедім.
– Мен недеймін, аңға кім бұрын жетсе, сол бауыздауы керек қой. Әйтпесе, оқ шала тиіп, аң есін жиып қашып кететін жағдайлар жиі болып тұрады, – деді ол.
– Кім білсін, ана кезде Әбдіхамит деген менрген «елікті өзім бауыздаймын» деп маған бауыздатпай қойып еді, – дедім.
– Әбдіхамит былжырапты, ол қызғаншақ ит мерген ғой, – деді.
Текені дереу сойдық. Аңшының жолы бойынша терісі мен төсін атқан адам алады. Бірақ бұл кісі еті мен бүйрегінедейін тең бөліп қоржынға салып беріп:
– Енді тез қайтайық. Мына текенің терісі жеңгемнің ауруына ем болар ма екен, – деді біртүрлі мазасызданып. Аттың айылын тартып, қоржынымызды ыңғайлап салдық та ауылға жүріп кеттік. Жол бойы әңгіме шерттік.
– Ана күні Әбдіхамит ағай елік атқанда жалғыз кәрі жілік беріп еді. сіз текенің жарты етін бір-ақ маған бердіңіз ғой – дедім. Ол:
– Ей, Әбдеш, сен мынаны ұғып ал. Аң қашқан да Құдай мені бұл пәледен құтылдыра көр дейді. Ал аңшы: «Я жаратқан ием, маған бұны бұйырта көр» дейді. Екеуіміз үйден бірге шықтық, маған тілеулес жолдас болдың. Бір жағынан бұл аңды мен аттым, қанын мойныма алдым. Енді өзім алған жарты етті де, көршілеріме үлестіріп беремін. Аң атқан соң қасында он жолдасы болса да, соған түгел бөліп беру керек. Менің мойныма алған қанды жолдастарымның, көршілерімнің немесе кездей соқ кезігіп мүше сұраған адамдардың раздығымен жеңілдетуім керек, – деп тереңнен бір күрсініп алды да сөзін ары сабақтады.
– Аң қарағанда көңіл бөлетін істерім көп. Мәселен, ел арасында «аңды жер атады, ерінбеген ер атады», «алыстан атсаң қан шығады, жақыннан атсаң жан шығады» деген сөз бар. Қасқырды ату үшін қасқырдан да қырағы болу керек. Біреулер «ана алыстан, мына алыстан аттық» деп жүр ғой. Оның бәрі бос сөз. Мергеннің мергені, сегіз жүз метірден атады. Оны «снайпер» деп атайды. Ондай адам жүзден біру ғана шығады. Әдетте атып жүргендер бес жүз метрдің о жақ-бұ жағында ғана. Қазіргі заманда тек дүрбімен алыстан атуға болады. Дегенмен, аңда Құдайдың жаратқан тірі жаны ғой. Көп атуға болмайды. Оның ішінде киелі аңдар да болады. Оған кезігіп жатсаң атпағаның дұрыс. Егер оны атсаң, өзің бір пәлеге ұшырауың әбден мүмкін, – деді.
Әңгімемен үйге де жеткенімізді білмей қалыптық. Біреулер жүгіріп келіп Әбеусыққа:
– Жеңгең қайтыс болды, иманы саламат болсын! – деп көңіл айтты. Ойласақ, дәл сол текені атардан бір сағат бұрын қайтыс болыпты. Алланың құдыретінің керемететін-ай, бұл адамның дертіне бұл аңның терісі бұйырмады. Екі күнен кейін Әбекең әлгі текенің жарты терісін алып келіпті.
– Әбеке, бұныңыз не? Тері мен төс атқан мергенде қалу керек еді ғой, – деп едім. Ол:
– Ол нәпсісі үлкен, пейлі жаман мергендердің тірлігі. Аңның етін өздері алу үшін сондай заң белгілеп алған. Кеше саған «тең бөліп алу керек» деп айтып едім ғой, – деді.
Мен талай мергенді көрдім. Талай мергенмен бірге жүрдім. Бәрін саралай келіп, Әбдіхамит мергеннің жолын ұстамай, Әбеусыдық мергеннің әділ бөліс жолын ұстандым. Одан мылтықты қалай теңшеу мен атудың қыр-сырын үйрендім. Аңды аңдығанда Әбеусыдықтай шебер болмасам да, аңду жолын таныдым, білдім.
Естен кетпес жақсылық
1962-жылдың қысында Төреш деген жездем келіп, – Әбдеш, мен биыл жекенің құрама қойын бақтым. Сен маған көмекші болсаң қайтеді, – деді. Сол жылы 6-шы сыныпты бітіріп, ары қарай оқуға тұрмыс жағдайым болмай оқуымды ары қарай жалғастыра алмай қалдым. Жездемнің қойын бақпасам да, бәрібір кеніттің қара жұмысынан құтыла алмас едім. «Бақсам бағайын» деп мал бағуға кеттім. Жездемнің қойын Ілияс атамның қойына қосып айдадық. Іледен көшіп Көрсай аузындағы Аққора деген жерге барып қондық. Ел жатпай қатты қарлы боран болды. Көшкен елдің қонарға жері болмай амалсыз борандатып малын айдап бара жатты. Біз қоныс тапқанымызбен, хан жолдың жағасы болғандықтан жолдан өткен қойға қойымыз жүгіріп, әбден мазамыз кетті. Екі адам таң атқанша тік тұрып, қойды иіріп тұрдық.
Таң да атты. Кезекпен шай ішіп алып, жолға шықтық. Көрсайдың екі беті қалың қарағай мен жалама жартас болып, қатты сүркейлі еді. Өзек-өзегінен түскен көшкі талай қоралы қойды, бақташысымен қосып басып қалса, кейде көшіп бара жатқан елді көшімен қоса жалмап тұратын. Бас-аяғы бес шақырым сайдың ішінен басқа бұра тартар жол жоқ. Көзге аспаннан басқа еш нәрсе көрінбейді. «Көшкі түсіп кетеді» деп адамдар қатты дауыстаудан қорқады. Осыдан өтіп болғанша шыбын жанымыз мұрнымызға жетіп, Аллалап әрең өтеміз. Сондықтан да бұл жер – «Көрсай» атанған болуы керек.
Аман-есен, Көрсай асуының кезеңіне шықтық. Менің ішімнен бір шәншу бүріп әкетті. Барған сайын ауру күшейе түсіп, бауырымды жаза алмай қалдым. Қасымдағы малшылар: «Бұл жерде арам қатасың ба, қайраттан» деп аттың ертоқымының үстіне бөктеріншектерді қабаттап салып, ердің артына мені мінгізіп, ертоқымға қарай бауырлап жатқызып алды да атты жетелеп жүрді. Аурудың жаныма батқаны соншалық, әйтеуір қыбырлаған жүріспен әрең келемін. Ат кішкене қатты жүрсе, жаным шығып кете жаздайды. Сөйтіп, жиырма шақырымдай жол жүргенде, Ашалы өзенінің жағасындағы Қарауыл бекетіне әрең жеттік.
Енді ат үстінде екпеттеп жатып, ерді құшақтап жүруден де қалып барамын. Денем де жансызданып бара жатқандай болды. Атымның басын жетелеген Төреш басын буған қосқа бұрылып амандаса кетіп еді. Әлгі қостың иесі шағырай ішінде көкжарлы Ақын деген кісі екен. Ол кісі біздің ауылымызда көп жыл жүріп, қайтадан Тосындағы туыстарына кешіп кеткен болатын. Сол Тосынның фермасының малын бағып, Тесікақпанға көшіп бара жатқан кезі екен. Ақын ата Төрешке:
– Ой, сен Төрешпісің. Мына бала кім, оған не болды? – деп сұрап бастырмалатып жатыр. Төреш:
– Бұл бала жолда келе жатып, тұйықсыз аурып, осындай болып қалды. Бізің көштің барып қонған жеріне жете алатын емес. Бұл бала өзіңіз білетін Іңкәрбектің баласы – Әбдеш қой. Сіздің үйде біраз демалса қайтеді, – деп еді.
– Үй, сен не деп тұрсың? Дереу аттан түсір. Жашай бір орын дайында. «Іңкәрбек балаларының дертін көп тартып, аурушаң болып, өмірден ерте өтті» деп естіп едім. Бұл – Іңкәрбектен қалған жалғыз тұяқ қой, қайран Іңкәрбек-ай! – деп ақтарылып жатыр.
Әйелі Жашайға әлде нені дайында деп бұйырды. Уқорғасын ба, әлде илан ба бір нәрселерді болымсыз оттың қызуына қыздырып жағып, ыстық орамалды ішіме басып жатыр.
– Қарағым-ай, қой шетінде тұрып суық өткізіп алғансың ғой, – деп жатыр. Арада екі сағат өтті ме екен кеудемнен ащы запыран келіп, құсқалы тұрдым. Недәуір құсқаннан кейін, өзіме-өзім келіп, есімді жинағандай болдым. Жашай апаға:
– Дереу қойдың майын еріт, – деді Ақын ата. Апа қойдың майын лезде ерітіп, қара шайдай қып алып келіп:
– Асқазаныңдағы ащы запыран түсті. Енді мына майды қайтсең де сімір. Асқазаныңа майдалап өткен суықты қайтарады, – деп зорлап ішкізді.
– Енді Жашай, ыстық шай әкел, – деді Ақын ата.
Сол күні көшіп баражатқан ел істетпеген емдерді істетіп, тамақтарын беріп түнімен бәйек болды. Ауырған жерім біртүрлі күйіп қалғандай сезіліп тұрды. Бірақ ауырғаны басылды. Жарым түн ауғанда жаным рахаттанып, көзім ілініп кетіпті. Ақын ата мен Жашай апа таңға көз ілмепті. Мен:
– Ауырған жерім басылды, – дегеннен кейін барып, көңілдері жай тапқан Ақын аға:
– Бір Алланың өзі жар болып балам, бір өлімнен қалдың. Іңкәрбектен қалған жалғыз тұйяқсың ғой, қайда жүрсең де аман жүр! Алдыңғы жылы «әкеңді қайтыс болды» деп естіп едім. Мына коммуна бізді еркін жүргізбейді ғой. Әкеңе құран оқып бара алмадым. Енді сен жақсы болдың, Аллаға шүкір», – деп Ақын ата әкеміздің жақсылығын көп айтты. «Жаман балаға жақсы әке, қырық жыл азық болады» деген сөз де бекер айтылмаған екен. Сөйтіп, Ақын ата мен Жашай апа қимас сезіммен мені аттандырып салды.
Осыдан 47 жылдан кейін Ақын атаның баласы Сұлтан мені іздеп келіпті. «Ақын ата қайтыс болды» дегенді естіген едім. Апамыз Жашай бар екен. Сұлтанмен сыртай араласып жүруші едім. Бұл жолы сол апасының көзі көрмей қалып Сұлтан: «Әбдеш, сенің балаларың емханада істейді екен. Соған бір көмегің бар ма?» – деп келіпті. 13 жаста ауырған кезімде апа мен атаның маған істеген жақсылығы еш қашан есімнен кеткен емес. Егер ол екі кісі болмаса мен өлген адам едім. Осы Ақын мен Жашай апаның шын пейілінің арқасында аман қалдым. Осының қарымтасын қайтып қайтарам, қайтсем бұл кісіге жақсылық жасаймын деген ой көңілімнен кетпей жүруші еді. «Міне, бүгін Сұлтан көмек сұрап келіпті» деп дереу емханалармен байланыс жасап едік, көз мамандары жоқ болып шықты. Біреуі білімінің толықтыруға кетсе, екіншісі іс-сапармен кетіп қалыпты. Үрімжіге апаруға Сұлтанның жағдайы келмейді. Оның үстіне апасы да «мені әурелемдер» деп қосылмайды екен.
– Америкадан келген Стипан деген орыстан «ұзақ жыл тұрған алойды ұсақтап турап, бөтелкеге салып аузын бекітіп, аузына укол инесін сұғып қазандағы суға бөтелкені тіктеп қойып төрт сағат қайнатып алып, оны күніне үш қасықтан ішсе көзі көрмеген адамның көзі ашылады» дегенді естіп едім. Мамандар келгенше сол амалды істетіп көрсек қайтеді, – дедім. Бұған Сұлтан қосылды. Базардан бір ұзын жылдық алойды сатып әкеліп, жоғарыда айтқан әдіспен қайнаттық. Он бөтелке су шықты. Соны Сұлтан алып кетіп апасына екі ай ішкізіп, екі айдан соң тағы келді. Ол:
– Көзінің көруіне көмегі көп болмады. Бірақ, басқа ауруына көп пайдасы тиді, – деді.
Жұңгоша (қытайша) емдейтін емханада үлкен қызым Айгүл істейтін. Оған «көз дәрігерлерін біліп жүр, жоғарыдан мамандар келіп жатса бізге хабарла» деп тапсырып қойғам. Ел жайлауға шыққалы жатқан мезгіл еді. Бір күні қызым жүгіріп келіпті:
– Әке, Шаңхайдан арнаулы көз ауруын емдейтін маман келді. Әлгі апаға қалай хабар береміз. Оның үстіне Құлжа қаласында тұрақты тіркеуі барларды емдейді екен, – деді.
– Жақсы қызым. Онда Сұлтанға хабар берейік, апасын әкелсін. «Менің туған шешем» деп сен тізімдете бер, – дедім де қала напосын (тіркеуін) басқаратын мекемедегі таныстарыма хабарласып, «қала напосы» дегізіп анықтама алдым. Қалған жұмысты Айгүлге тапсырдық та, мекемеден қырық күндік демалыс алған біз асығыс жайлауға кетіп қалдық. Сұлтан да Қайшы жайлауында бізбен қатар Сары төбенің бауырында отыратын еді. Бұлардан хабар келгенше мен де тағатсызданып, «Жашай апаның көзі қалай болды екен» деп алаңдап жүрдім. Он бес күн дегенде Сұлтан апасын алып келіпті. «Апасының көзі көріпті» деген хабар алдық. Әйелім Науатқан екеуіміз көңілін сұрай бардық. Қуананышында шек жоқ, қойын сойып әбігер болып жатыр. Жашай апаға:
– Көзіңіз қалай болды? – деп едім.
– Көзім бұлай көреді деп ойламаған едім. Ота жасап, көзімді таңып тастады. Бір қызығы ота жасағанда еш жерім ауырмады, ота жасаған сияқты сезілмеді. Бұл көз қайтып көреді деп ойладым. Үшінші күні көзімнің таңуын шешкенде дүние жарқ ете қалды. Көзі көрмеген адам қараңғы қапаста жүргендей болады екен ғой. Шіркін жарық дүние-ай, адамның бар бақыты жарықта екен ғой! – деп рахаттана күліп алды да:
– Құдай тілеуіңді бергір, Құдай бақтарыңды ашқыр, бұл жақсылықтарың Алладан қайтсын! – деп алқап жатыр. Баласы Сұлтан:
– Бұл апам екінші көзіне ота жасатпай қойды, – деді
– Ойбай-ау, оныңыз не? Мұндай орай келе бермейді ғой, – десек, ол кісі:
– Бір басқа бір көзде жетеді ғой. Балалар шығын тартып қала ма деп ойлап едім, – деді. Бәріміз «ой, әттеген-ай» деп өкіндік. Амал не кейін Құлжаға келсек көз дәрігер де Шаңхайға қайтып кетіпті. Бірақ бұл кісінің екінші көзі біраз уақыттан кейін өздігінен көріп кетті. 47 жыл көңілімнен шықпай жүрген арманым орындалып, жаным жай тапқандай болды.
Ерекше атап өтілген достық
1985-жылы ШҰАР тұрақты комитетінің мал фермасын басқарып жүрген кезім еді. Көкқамырдың Қайшы жайлауында шілденің аяқ шені бие байланып, ел жайлауға орныққан кез болатын. Енді ғана той бастаплып, көкпар, қызқуу, ат шабыс, құнан шабыстар қыза бастаған. Дәл осы мезгілге туралап, Нылқы ауданының VIII кезекті ақындар айтыын өткізуді Нылқының Сұптай ауылына жүктеген екен. Ал ауыл әкімі 4-қыстаққа міндеттепті. Ауыл әкімі Тұрсынбек маған «Сен кезінде осы 4-қыстақтың партия хатшысы болған едің. Осы жолы ақындар айтысының жақсы өтуіне қол ұшыңды берерсің» деп елден сәлеп айтып жіберіпті.
Қайшы жайлауының төсіне ақ үйді сәнмен тіктік. Ел болып көмектесті. Мәдениет төңкерісінің ауыздықтауымен ел өлеңді, жырды, жалпы тамашаны сағынып қалыпты. Оның үстіне Қайшы жайлауы Нылқы ауданы, Құлжа ауданы және Бұраталаның Жың ауданының орталығы болғандықтан, ақындар айтысына халық тұзға жабылған қойдай ағыл-тегіл ағылып жатты. Біреуі сабасын артып, біреуі қой-қозысын алып, біреулер ақындарды қонаққа шақырып дегендей абыр-сабыр болып жатты. Ақындай айтысы осылай дүркіреп, көрген түстей өте шықты. Соңында ақын Мүсілімбек пен Дәулетбек бастаған қонақтар біздің үйде қонақт болды. Дастарханның орта шенінде Мүсілімбек Сарқытбайұлы:
– Әбдеш, мен көп ел араладым. Көп адамды көрдім. Алтай, Тарбағатайға дейін ақындар айтысына қатыстым. Сенің менімен дос болуыңды жүрегім қалап тұр. Екеуіміз дос болайық, – деген ұсыныс айтты. Мен де қарысы болмадым. Ел де қолдап «дос болыңдар» деген пікір айтты. Тіпті, «бүгін достықтың салтын өткізейік» дегендер де болды.
Ел ағасы, облыстық соттық бастығы, өлең десе бар ықыласымен қолдайтын ағамыз Құдайберген ақсақал Шөлжота жайлауындағы туысының үйінде демалып жатқан болатын. Бұл айтысқа әрі біздің үйдегі қонақасыға арнаулы шақыртумен келген болатын. Көпті көрген ел ағасы, соттың бастығы Құдайберген ағайға сөз кезегін бердік. Ол кісі:
– Екеуіңнің дос болуыңа қосыламын. «Ауыз дос» болсаңдар қазір өткізейік, егер де «жүрек дос» болсаңдар біраз сабыр сақтаңдар. Достық деген айтуға оңай болғанымен, оның шарттарын орындау өте қиын. Әбдештің бала-шағасы осы жерде болғанымен туысқандары бұл жерде жоқ. Ал Мүсілімбек сіздің бала-шағаңыз да, туыстарыңыз да Нылқыда. Екеуіңізде бауыр-туыстарыңмен және бала-шаларыңмен ақылдасып лайық тапсаңдар, ел жайлаудан түскен соң достасу салтын өткізсеңдер де кеш емес, – деп кеңес берді.
Қонақта отырғандардың барлығы да әрі екі жағымыз да бұл кеңесті лайық деп санап, достасуды ел жайлаудан түскенге қалдырдық. Ел жайлаудан да түсті. Қазан айының басында хабарласып, әр екі жақ бала-шағамызбен, бауыр-туысымызбен ақылдасып, дос болуға бірлікке келдік. Достық салты біздің үйде қазанның 16-жұлдызы өтетін болып бекітілді. Дайындық жасадық. Екі жақтың туыстары, көңіл жетер ағайындары, ауылдың ақсақал-қарасақалдары және ел басқарып жүрген азаматтар болып алпысқа жуық кісі қатысты. Ауыл ақсақалдары «достық» деп айтуға оңай, шынайы достықтың шарттарын орындау өте қиын. Қысқасы біріңнің басыңа іс түскенде екіншің жаныңнан табылып, қайғыға ортақтасу керек. Мал, дос, ақша достан сақтаныңдар. Достық қияметтік болады» деп ақылдарын айтып жатыр.
Ақын Дәулетбек Қаңбақов достықтың бет ашар сөзін сөйледі.
– Құрметті қонақтар, бүгін сәрсенбінің сәтінде, Әбдештің отбасында Мүсілімбек Сарқытбайұлы мен Әбдеш Іңкәрбекұлының достасу салтына куә болып отырсыздар. «Достық» деп аты айтып тұрғандай бүгінгі достықтың қадір-қасиетін әр қашан естен шығармауымыз керек. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан жақсы дәстүр. Әдеттегі жүрдім-бардымда бір шәугім шай, бір жарты арақтың үстіндегі достық болса онда мұның еш мән-мағанасы болмайды. Біз осы салтты көпке жайып, кейінгіге ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Мен осы екі азаматтың достығына арнап жазып келген «Ақсарбас» деген өлеңімді оқып берейін, – деді.
– Қалған дәстүр кім білсін қашанғыдан,
Серт болмапты достықта асар мұнан.
Елге де серт, ерге де серт белгісі
Өзгермейтін екен бір жасаулы заң.

Қазақ салтында бар бастанғы деген,
Көрінеді «достық» деп ашқан беттен.
Ел достығы ауылда ер достығы,
Тарих жатыр шубартып бастан көшкен.

Көтергенде тыңнан бір бастаманы,
Дәстүр-салттың жол беріп басқалары.
Мың жылдыққа баланған құдалықта,
Ақсарбастың қанымен басталады.

Достығына ерлердің айғақ болған,
Күшті белгі болмаған сарбас қойдан.
Ақ жолына досқа-дос жанын тіккен,
Үлгі-өнеге бұдан көп жалғас болған.

Ғазіз жаннан адамға қымбат бар ма,
Берекесіз, бірліксіз шын бақ қайда?!
Міне, достық салтының биік шыңы,
Мал-дүние осыдан тұрмақ па алда?

«Ажыратар дос түбін сүйек» деген,
Ақтарыла адал дос жүрекке мен.
Жүрегімнің жол берем ортасынан,
Ақтарылған адалдық ниетке мен.

Адал-аршыл жеңеді дос түбінде,
Достықпенен қашан да қостық ірге.
Қадірлемес достықты лаңдатар
Қарысы менің жүрегім бос түрбірге.

Бөлінгенді бөрі жер жарылса жау,
Бөлшектеуді салт болған жарылқамау.
Дос – береке, дос – бірлік, ұлы мораль,
Осы гауһар күнде алдан табылсаң-ау! – деп өлеңін оқып болған ақын Д.Қаңбақов:
– Достыққа келді жас-кәрі,
Қосылып бүгін бастары.
Жетпіс алты жастағы
Ауылдың асыл асқары
Бақытындай бастағы
Ақсарбастың батасын
Әсенақын ата бастады, – деп өлеңдетіп ауыл ақсақалы Әсенақыннан ақсарбасқа бата сұрады.
Қойға бата беріліп, ақсарбас қой сойылды. Ел «қайсың достыққа опа қылмасаң, достықтың шартынан шыға алмасаң, ақсарбастың қаны жібермейді» деп жатыр. Екі өкіл екеуімізді ортаға шығарып төстерімізді тигізіп құшақтастырды. Одан соң тағы екі өкіл ортаға шығып құшағымызды ажыратты. Бұлардың бәрі «қиямет күнгі достықтың куәсі» деп жатыр. Екі дос көп алдында «достығымыз мәңгілік, яғни қияметтік» деп серт бердік. Әрі екеуіміздің туыстарымыз, достарымыз лайық көріп өз пікірлерін, тілектерін білдірді. Өлеңдер оқылып, әндер шырқалып, күйлер шертіліп достық салты көңілді өтті. Салт соңында мен:
– Құрметті көпшілік, бүгін сіздер Мүсілімбек екеуіміздің достығымызды құрметтеп келіп отырсыздар. Өзімнің аса бақытты екенімді сезініп отырмын. Мен сіздерге шын жүректен рахмет айтамын! – деп келген ел-жұртқа алғысымды білдірдім. Мүсілімбек те сөз алып:
– Досым Әбдештің көңілкүйі, ізгі арманы, бақыты маған ортақ. Асқар Тияньшан тауындай бабалар, айдын көлдей аналар, атпал ағалар, азамат інілер. Құрметті жеңгелер, қымбатты келіндер, өрімдей балалар мен қыздар ортасында, осындай бір құтты мекенде, қызыр дарыған ел ішінде, аңсаған арманыма жетіп Әбдеш екеуіміз міне, бүгін дос болып отырмыз. Достығымыз мәңгілік болсын! Қымбатты уақыттарыңызды қиып, біздің достығымызға куә болғандарыңызға көп рахмет! – деп, өз ризашылығын ел-жұртқа жеткізді. Соңынан «Достық» деген өлеңін терменің әуеніне салып домбырамен орындап берді.
– Достық деген сөз емес айта салар,
Достық күндік қол емес арта салар.
Достық өмір түсініп сырласумен,
Достық қалжың емес қой айта салар.

Достық биік көз жетпес шыңнандағы,
Достық тұнық тоқтаусыз судандағы.
Достық өзі жүрекпен бір болған соң,
Достық күшті тіректен мыңнандағы.

Достықпенен көгерер көсеге де,
Достық өстіп орнамас көшеде де.
Достық жан дос қашанда нан дос емес,
Достықтарың ондайсыз өтелер ме?

Достық көңіл көл көсір ірге жайған,
Достық тату-тәтті ғой тілден алған.
«Дос есебі көңілде» деген сөз бар,
Достық рахат-жапады бірге болған.

Достық беттің қызықпас қызылына,
Достық орнар пәк жүрек тұнығына.
Достың түбін тек сүйек ажыратар,
Достық өмір жалғасар қалай ғана.

Достық байлық орнамас мәртебеге,
Достықтан адал жүрек барша өнеге.
Достық бірлік, ынтымақ ұйып тұрсын,
Достық үлгі бүгінге, ертеңге белгі,

Достық көңіл көрікті гүлден дағы,
Достық көңіл шуақты күнен дағы.
Достық көңіл шамшырақ жанып тұрған,
Достық түнек түңілсең түнен дағы.

Достық мейір ақ жарқын досың үшін,
Достық тілек, ниеттің асылы үшін.
Достық нағыз қапысыз қайырымды,
Достың досы өтейді ғасыр ісін.

Достық мейір ақ жарқын досың үшін,
Достық тілек, ниеттің асылы үшін
Мүсілімбек дос болып Әбдешпенен,
Шығарған осы өлеңді досы үшін.
Қойға бата берген және құшағымызды ажыратқан адамдарға жол-жора берілді. Достық рәсімі менің үйімде өткендіктен Нылқыдан келген досым Мүсілімбекке ат мінгізіп, арқасына шапан жауып, әйелі мен туыстарына, бірге келген жолдастарына кәде-сый беріп аттандырдық. Ал бізді олар ауылына қонаққа шақырып кетті. Жарты айдан кейін біз де Мүсілімбектің үйіне барып, туыстарын аралап қайттық.
Бірнеше жылдан кейін досым Мүсілімбектің өмірі қысқа болып, өмірден ерте озды. «Достықтың түбін сүйек ажыратады» дейді екен. Өйткені, дос болған адам тіршілігінде бір-біріне қыз беріп, қызалып құда-құдандалы болып немесе туыстарына құда болып силастықпен достықтан ажырасады екен. «Достың түбін сүйек ажыратады» деген осы болар. Біз бұл мақсатқа жете алмадық. Жаның жаннатта болсын, қымбатты досым Мүсілімбек!
«Жеті атасын білмеген, жетімдіктің белгісі»
Бір жылы Тұрдыбек, Тізімбек, Қызырбек деген бегатай руының үш жігітімен бірге жолаушы жүрдім. Бұл сапардың негізгі мақсаты – үкімет жұмысы болғанымен, бір жағы жұрат іздеу болатын. Оған қоса, жол жөнекей саятшылық, аңшылық сапар да болмақ. Менің бұл қыстақтан қызметім ауысып кеткен. Тізімбек қыстақ бастығы, Тұрдымбек адам дәрігер, ал Қызырбек екінші қыстақтың бастығы еді.
Бұраталаның Жың ауданы Тақия ауылының Сары-ой деген жерінде тұратын Тізімбектің құдасы Оқан деген кісінің үйіне қас қарая жеттік. Құдағи Дәриға елге белгілі өлеңші, кісілігі де мықты жан еді. Оқан құда болса мал иесі болған момын адам еді. Дәриға апай «мен есенгелдінің қызымын» деші еді. «Бауырым келіпті ғой» – деп құшақ жая қарысы алды. Құдаларына қарағанда маған деген ылтипаты басымырақ сезілді. Сөйтсек, Тізімбек құдасының әкесімен аздап сөзге келіспей қалған жайы бар екен. Әйткенмен де ішкі жағдайын әр екі жағы да білдірмеуге тырысты. Қойын сойып, барын беріп бәйек болып күтіп жатыр.
Дастарханға көршісі Нүсіп деген өрт тілді ақсақалмен бірге отырдық. Ол кісі Тізімбек ауылынан қыз алған күйеу екен. Бір шеттен жөн сұрай бастады. Мен әкемнің атын айтып едім, айтқан жерден тани кетті.
– Ой жақсы ауылдың баласы екенсің ғой, – деді.
Кезек Қызырбекке келді. Қызырбек одырайып, өзін өр санап отыратын жігіт тұғын. Онысына қарамай, бойында дұрыс ұстамайтын, кимін де дұрыстап кимейтін еді. Бүгін де үстіндегі мешпет ішіктің жағасы жыртылып желкесіне қарай көтеріліп кеткен, киген тұмағы да бір жағына қарай мыжырайып қалыпты.
– Мынауың кім? Үйткен күшік құсаған, – деді Нүсіп ақсақал. Қасындағы екі ағасы да әлгі сөзге намыстанды ма, өзі айтсын дегендей тіс жармады. Әлгі кісге одырая қараған Қызырбек:
– Жұмаділдің баласымын, – деп әкесінің атын айтты да, арғы аталарын таратып айта алмай отырып қалды.
Аралықта көп жерге бардық. Кейін ауылға беттедік. Тұрдыбек пен Тізімбек інісі Қызырбектен ерте құтылғысы келді. Өйткені, барған жеріндегі әперген абройы анау болды. Оның үстіне «мен кіші едім ғой» демейді. Ағаларын жұмсағысы келіп тұрады. Тұрдыбек пен Тізімбекке:
– Ана інілеріңнің атын ерттеп беріңдер, – деп қалжыңдаймын. Ақыры екеуі намыстанып жүріп, «біз Әбекеңмен бірге шағырай Нылқысына барамыз. Сенің атың жарамайды. Ауылға қайт» деген секілді түрлі сылтау айтып жүріп, зорға құтылды. Жасы кіші болған соң үлкенді құрметтеу орынды. Өзіңді өр санасаң соған қарай киген кимің де, келбетің де соған жақындасын. Шынын айтқанда, білімді адам өр кеуделі болмайды. Өр кеуделіктен не пайда, ата тегіңді білмесең?
Үш жолдас ыңғайланып Тақиядан Ашалыға тартып келеміз. Босағаға Көкадырдың етегіне іліндік. «Мына адырда қарақұйрық көп болушы еді мылтықтарды босқа асып жүреміз бе, жолымыз ғой қарақұйрық қарайық» деп адырдың аяғынан өрледік. Ат дүбірінен дыбыс алып, алдымыздан төрт қарақұйрық тұра қашты. Оқ шығаруға келмей қалды, олар бір сайды өрлеп қашып кетті.
– Тоқта, Тізімбек, сары көз атты Тұрдыбекке бер. Бұл қарақұйрықты бастырта қусын. Қалайда сайдың басы қайқаң. Өрге барғанда қаша алмай қалады. Сол кезде атуға болады, – дедім. Тұрдыбек сары көз атты мінді де қолына он бір атар жарты автаматты мылтықты ұстап заулатты. Артынан желе аяңдап келсек, Төкең төрт қарақұйрықты сұлатыпты.
– Тұқымдыққа біреуін қалдырсаң болмай ма? – деп қалжыңдадым.
Қарақұйрықтың бауыр, бүйрегін алып жаубүйрек жасап жеп жатырмыз. Жануардың еті қандай тәтті. Қараңғыда бет-аузымызда қарақожалақ болған сияқты. Оны да байқамаппыз. Қоналқыға Тұрдыбектің апайы Бибәтіш деген кісінің үйіне келіп түстік. Балауыз шамның жарығында аман-сәлем жасап төрге жайғастық. Түрдыбектің жездесі Қанен әйеліне қарап:
– Ей, мына бауырларыңа қарашы, бұларға су дайында, беті-қолын жусын. Түрлері қан жеген қара төбеттей болып кетіпті ғой, – деп күлді. Бір-бірімізге қарасақ, расында да қараңғыда қақтаған жаубүйректің күйесі бетімізге әбден жағылыпты. Мен де қатты ұялып кеттім.
Ертесі түске таяау аттандық. Бекбасардың мойнағынан аса бергенде қойшылардан үріккен бес тауешкі кезіге кетті. Ал Төке дедік. Төкең аттан қарғып түсіп, жүрелей отырып атып үш тау ешкіні баудай түсірді. «Енді тұқым қалсын, атпа» – дедік. Артымызға бұрылып Қаненді ертіп келіп:
– Мына тау ешкілерді алып кетіңіз. Қарақұйрық еті Іледе қасқалдақтың қанындай болғандықтан сізге кеше бермедік. Өзіңіз мергенсіз, атып аларсыз, – деп жүріп кеттік. Ақсайды құлдап, Ашалы өзеніне жақындап қалдық.
– Ал Тұрдыбек, Тізімбек үшеуіміз үнемі осындай жолдас бола бермейміз ғой. Бұл реткі сапарымыз сәтті, тамашалы болып келеді. Бүгін Ашалыға тура тартайық. Шағырай Нылқысында руы шағырай ішінде ақбала руы бар. Сонда Стамшал деген елге қадірлі ағамыз тұрады. Сол кісіге сәлем беріп, сендерге көрмеген жерлерді көрсетіп қайтайын. Ол кісі бүркітші, бірақ ол жерде қарақұйрық деген болмайды. Мына қарақұйрықтың біреуін сол кісіге берейік. Қарақұйрықтың қуырдағын сағынып жүрген шығар, – деп едім. Екеуі бірдей қостап:
– Сен бастасаң, біз соңыңнан ердік, – деді.
Ашалыға қайтатын адам Ашалынының суын кешіп өтіп, тілеуке Қызылсайын өрлеп, Көк кезеңнің асуына қарай өрлеп келеміз. Өте ұзақ сай. Күн еңкейе кезеңге шықтық. Арғы беті көкқорым. Иректелген ұзақ тік. Аттардың айылын жуан қарынан мықтап тартып, еңіске қарай жүріп шағырай Нылқының суына жеттік. Суды аз құлдап, Стамшал ағайдың үйіне келдік.
Ол кісімен бір жылдан артық уақыт болған көріспегелі. Стекең бұрын көзі ауырып біраз көру қуаты азайғандықтан, көзіне көзілдірік іліп жүретін еді. Сонда да зеректігі қалмаған екен, өзі алдымыздан шықты. Менің даусымнан таныған ол:
– Сен Әбдешпісің? Ел-жұртың, бала-шағаң аман ба? Көп болды сені көрмегелі, қай жақтан келесіңдер? Жүріңдер, үйге кіріп әңгімелесейік, – деп жаны қамай қарысы алды. Кемпірі мен қыздары бірдей қимылдап, төрге сырмағын жайып, оның үстіне көрпесін төсеп әбігерленіп жатыр. Отырған үйі бір ауыз болса да кең дастархан, қонақжайлығын танытты. Жайғасып отырғаннан соң келе жатқан жайымызды айта келіп:
– Қиыр жол болса да сізге сәлем бере кетейік деп келдік, – дедім.
– Үй, бәрекелді! Мені силасаңдар, сендерге Алла жар болсын! Бұл жөн білетін адамның тірдігі, – деп рахметін айтты.
Стамшал кезінде қыстақ партком хатшысы болып ел басқарған, еліне инауатты, салауатты басшы еді. Бұл кісінің ер жеткен баласы болмағандықтан қыстақ оған көңіл бөліп, түйе бақтырып қойыпты. Бір де мергендердің, тағы бір де бүркіт салып, тазы жүгірткеннің әңгімесін айтып ет те пісіп қалыпты. Сол жылы бір дөнен түйе сойған екен. Кесек-кесек өркеш май қойылған төре табақ түйе еті алдымызға келді. Қандай тәмді сүрленген, тойғанымызша жедік кеп.
– Түйенің исі болады деуші еді, мына етте ешбір иіс жоқ қой, – десек, ол кісі:
– Ой, жігіттер, бес жастан төменгі түйеде иіс болмайды. Ал кәрі түйелер де иіс болады, онда да барлық түйеде болмайды. Анығын айтқанда оларда да қоламсасы бар адам секілді болады, – деді. – Ондай да болады екен-ау! – дестік біз.
Ертесі жайырақ аттандық.
– Биыл қарақұйрық қарауға бара алмап едім. Мына қарақұйрықтың қуырдағын жеп құмар тарқатайын. Рахмет, аман болыңдар, – деп Стамшал аға бізді аттандырды.
Ол үйден шыға бере, Тізімбек пен Тұрдыбектің әкесімен бірге туысқан Бұқар деген кісінің ұзатқан бір қызы шағырай Нылқының жанындағы Қызылбұлақ деген жерге екен.
– Сол қарындасымыз Нылқы қыстауына мал бағып келеді деп еді. Біздің мұнда келіп кеткенімізді естісе, «маған келмей кетіпті» деп өкпелейді ғой, – деді екеуі.
– Онда барасыңдар ма? – дедім.
– Амал болса, амандасып хал-жағдайын біліп кетейік, – деді.
– Ал оны қалай табамыз? Қыстаған қыстауын білесіңдер ме?
– Білмейміз.
– Қайсы елге бергенін білесіңдер ме?
– Білмейміз.
– Күйеуінің, ең болмаса қайын атасының атын білесіңдер ме?
– Білмейміз.
– Бұл масқара болды ғой. Енді оны қайтіп табамыз?! Адам сенгісіз!
Мен осы екі жігіттің еліне күйеу болған соң, екеуін қинағым келіп, сол жылы жаппай сәукеле қазып (тас дауал) шөп шабатын жерді қоршау басталған. Нылқы өзенді қулап келеміз. Қалың адам топ-топ болып, тас қорық қалап жатыр. Топқа барып:
– Осы елге ұзатылған Бұлбылқан деген қыз бар еді, соны білесіздер ме? – деп сұрадым.
– Ол қайсы елдің қызы? – деді біреуі.
– Қарымбай ішінде Бегетай ауылының қызы.
– Қайсы елге ұзатылған? – деді және біреуі.
– Білмейміз.
– Күйеуінің, атасының аты кім?
– Білмейміз.
– Сіздің неңіз болады?
– Қыз күніндегі сабақтасым еді.
– Ана екі жігіт несі болады?
– Ағалары болады.
– Олар қандай адамдар, қарындасын кімге бергенін білмейтін? – деді біреуі. Ал екінші біреуі:
– Қыздары қашып кеткелі артынан іздеп бармаған ғой, – дейді қағытып. Халық болған соң, бірі атып, бірі қағып әр түрлі сөз айтылып қарқылдаған күлкі бізді масқаралады.
Бұл топтан өтіп, екінші топқа бара жатқанда екеуі мені қуалап келіп, тымағымды тартып әкетті. Сақылдаған қаңтардың сарыаязында құлағым шымырлап тоңып барады. Екінші топқа олар жақын бармай: «Сені құртамыз» – деп айғайлап қалды. Келесі топқа барғанда да сол баяғы бір сұрақ, бір жауап болды. Олар біздің ерсі қылығымызға мәз болып күлді. Үшінші топқа барғанымда Тұрдыбек пен Тізімбек шыдай алмай:
– Ол жынды адам, оның сөзіне сенбеңдер, – деп айғай салды. Мен:
– Сол айғайлап тұрғандардың өздері жынды. Қарындастарын қайсы руға, қай жерге бергенін, не құдасының, не күйеу жігіттің атын да білмейді. Ұят болды. Бірақ сіздер білсеңіздер айтыңыздаршы? – дедім.
– Сен несі боласың?
– Сабақтасы едім. Жиырма шақты адам бір-бірінен «Нылқы ауданы Тау-Сұптай қарымбай руынан, Бегатай ауылынан ұзатылып келген кім бар еді?» деп сұрай бастады. Аласа бойлы сары жігіт:
– Сабақтасыңыздың аты Бұлбылқан ба? Домалақтау келген қара қыз. Оң жақ бетінің кішкентай тыртығы бар, – деді.
– Дәл соның өзі дедім. Көпшілік ду күлді.
– Бұл кісілер қайсы елге бергенін білмей жүрсе, сен бетінің тыртығына дейін біліп айттың, – деді.
– Ол қыздарыңыздың ауылы Қызылбұлақ. Барған жері тілеуке. Әлімбек деген кісінің келіні, Дәуітбек деген жігіттің әйелі. Арттарыңызға қайтып, ана көрінген көздің ұшындағы ақтасқа барасыздар. Оны жұрт «Баяндының ақ тасы» дейді, сол жерде өндіріс атретінің атын бағады, – деді. Басым да тоңып барады. Тағы бір жігіт: «қыз іздейміз деп құлағыңыз үсіп кетпесін» деп қалжыңдап жатыр. Оларға рахметімді айтып, екеуінің қасына қайтып келдім.
– Қарындастарыңды тапқаныма жазықтымын ба? Тымағымды беріңдер! – деп тымағымды алып, басыма басып киіп алып да:
– Ал енді менің артымнан жүріңдер, – дедім.
– Болды бармаймыз, осы масқаралағаның да жетер. Енді қарындасқа барған соң тіпті масқаралайтын шығарсың – деп намыстанған соң елге қайттық.
Еліңнің азаматы болады екенсің, өз еліңнің ішкі-сыртқы жағдайын, ата тегін, ұзатылған қыз, ұзатылып келген келін бәрінің де аты-жөнін, ата-анасын, руын біліп жүргенге не жетсін. Болмаса «қарындас іздесең Тұрдыбек, Тізімбекше ізде» деген сөз ел аузында қалып қойары анық.
Сауап іздесең ағаш отырғыз
Орынсыз жас ағашты кессең болмайды. Өйткені оның да жаны бар, оның да көретін жарығы бар. Ағаш көгеріп өссе табиғатқа пайдалы, уақты жеткенде адамдар игілігіне жаратады. Кейбір адамдар жас өсімдікті қырықсаң, бүлдірсең «көктей орылғыр» деп қарғайды. Бұл сөздің де жаны бар. Ылғи да жас ағашты кесіп пайдаланғандар өмірде ілгері баспайды. Мұны көзімізбен де көрдік.
Ал оның керісінше ағаш ексең, оны көгертсең, жетілгенде ел игілігіне жаратсаң екі жақты алқау аласың. Біріншіден, ағаштың жетілуінен табиғаттың алған үлесі. Екіншіден, ол ағаш жетіліп мерзіміне жеткенде адамдар пайдаланып игілікке жаратып қыжалатынан шықсаң оның да алқауын аласың. Мен өзім еңбек санатына қосылғанан тартып ағаш егуді жаным сүйді.
Бала кезімде, он шақырым жерден өрік көшетін арқалап келіп ауламызға отырғызғаным, ондағы шаршағаным әлі есімде. Қай жерден үй салсам алдымен ағаш ектім. Соңғы кезде, Сұптайдағы үйімді төрт мың юаньға саттым. Ал еккен шынар, көктерек, сөгет ағаштар кейін материалға жарағандықтан сатып алушы он мың юаньға бағалады. Қыстақ партия хатшысы болған кезімде, коммунистер мен комсомол мүшелерін бастап он сегіз жерге ағаш отырғызып, бау-бақша жасаттым. Кейін коммуна тарағанда сол жерге он сегіз отбасы жайғасып, мен отырғызған ағаштан игіліктеніп, маған алғысын айтып жүрді.
Жол жасаумен де көп шұғылдандым. Әкем марқұм жол үстінде бір тал тас жатса ерінбей аттан түсіп, соны жол шетіне алып тастайтын. «Балам, бұл тасқа не мал аяғын ұрады, әйтпесе адам жаза басып жығылады. Жүретін жолды жасау мен жол үстіндегі тасты алып тастау өте сауапты іс» деп айтып отырушы еді. Сол тәрбиенің нәтижесі болар, барған жерімнің бәрінде үлкенді-кішілі жолды жасап, көпірсіз жерге көпір салумен көп айналыстым. Халықтың тарихтан бері иелік етіп келген жерлері аударыспақ заманда басқаларға беріліп кеткен жағдайларды түзетіп, халық бұқарасына жаршы болып, жерлерін өздеріне қайтаруға көп күш жұмсадым. Кейбірін алып та бердім. Қолда жоқ адамдарға, жетім-жесірлерге мүмкіндігінше көмектесіп тұруды әдетіме айналдырдым.
Заманның шырмауынан шыққаннан кейін намазға жығылып бір Аллаға құлшылық ете бастадым. Өмірімде өтірік айтып, кісі ақысын жеген, өсім қорлық істеген, ұрлық қылған, уәдесінде тұрмаған адамдарға разы болмай, оларға шамам келгенше ақыл айтып ескерту беріп отырдым.
Кісіге істеген жақсылығың қайта ма?
1972-жылы малшаруашылық қыстағының кассрлігі мен қожалығын бірге істеп жүрген кезім болатын. Мылтыққа бала жастан құмар болдым. Әркімнің мылтығын ұстап, өзіме меншікті бір жақсы мылтыққа жете алмай жүргенімде «Құлжа ауданының Кебекжүз қыстағында бір дүңген ұста бар, мылтықты өте жақсы жасайды» деген сыбысты естідім. Герман бес атардың бір дана қысқа түтігін сатып алған едім. Сол түтікті қоржынға салып алдым да, әлгі ел айтқан ұстаны іздеп үйіне бардым. Елуді аралап кеткен, оң жақ аяғы тізесінен кесілген адамға кездестім. Әлгі адам кесілген аяғына ағаштан аяқ жалғапты. Аяқтың жер басары дөңгелек болып, табанына резенке шегелепті. Өзі қазақ тілін жаттық, әрі көркем сөйлейді. Кезінде «Іле газетінің» тілшісі болып істеген адам екен. Солайқай саясаттың құйыны іліп әктіп, төменге еңбекпен өзгертуге келіпті. Содан қыстақтың ұсақ-түйек жұмыстарын істеп жүріпті. Аты – Тұрсын. Әкесінің аты – Ашиза. Бұл кісімен танысып, жай сұраса келе 8 баласы барын, оның төрт ұл, төрт қыз екенін, олардың әлі еңбекке жарай қоймағанын, ұлдың үлкені 12 жасқа енді толғанын, әйелінің ауырушаң екенін білдім. Жалпы тұрмыс жайының өте нашар екені көзге ұрып тұр. Сөйтсе де келген бұйымтайымды айтып едім. Ол:
– Келгенің жақсы, мылтығыңды жасап берейін. Бірақ, қару жасалып қолыңа тигеннен соң, аржағына өзің жауапты боласың. Өйткені, мен бұл жұмыспен жасырын айналысамын. Себебі, қазір үкімет ұсақ қолөнер шеберлеріне жол қоймай отыр. Білсе «жер асты зауот құрдың» деп жазалайды. Ал мылтық жасауға келсек, мұны үкімет бір тұтас шектеген. Бұл заңға қайшы нәрсе, бас кетеді. Бірақ та сіз алыстан келіпсіз, бетіңізді қайтармайын. Асықпаңыз, бір айда жасап боламын, сол кезде келіп алып қайтарсыз, – деді. Осылай келістік те, еңбек ақысын бердім. Ол мылтықты опырмалы қып, жарты автоматты мылтықтың жезі түсетін, домалақ қорғасын оқпен атылатын етіп жасайтын болды. Әйелі Раба:
– Әрен-зорға жанымызды бағып жүргенде, заңға қайшы жұмыс істеп, бұл күнімізге де зар болып қалмайық, – деп зарлады.
– Сен қорық па, бұл кісі сенімді адам сияқты, – деп әйеліне басу айтты, ол.
Әттең, «мылтық жасалып болды ма екен?» деп жар құлағым жастыққа тимей, күнде ойлаумен болдым. Бір ай да өте шықты, уәделескен уақыт та толды. Мамыр айының басы, таңғы сағат төртте атқа қонып, Кебекжүзге суыт жүріп кеттім. Астымдағы ақсары атым кейде желіп басып, кейде қаттырақ кетсең жорғалайды кеп. Ол кезде қазіргедей телефон жоқ, алдын ала хабарласып тұратын. Атқа бір күндік жол. Жол бойы «мылтық жасалды ма екен, үйінде болмай қалса қайтем. Тіпті, біреу-мірулер көріп қойып, үкіметке айтып қойса, мылтық тұрмақ басым кетсе қайтемін» деген сан ойлар заулап өтіп жатты. Төте жолмен тартып, алты сағатта аман-есен Тұрсын ұстаның үйіне жетіп бардым. Әйелі Раба үйден шығып мені көрді де, қайта кіріп кетті. Мен ат байлағанша, Тұрсын да сыртқа шығып үлгірді. Бір аяғының кемдігіне қарамай аяғын тік басып алдыма жетіп келді. Аман-сәлем жасасып үйге кірдік. Шайда дайын екен. Қаныт салған қара шайды іше отырмыз. Әредікте ол мылтықты шеберханасынан алып келіп қолыма ұстатты. Мылтықты ары көріп, бері көріп риза болғаным соншалық:
– Аға, зауоттың өзіндей қып жасапсыз, рахмет сізге, – деп қолына және біраз ақша ұстаттым.
– Енді бұл жерде атып көре алмайсыз, үйіңізге барғаннан кейін атып сынап көріңіз. Бір жерінде мініні болса қайтып әкелерсіз, дұрыстап жасап беремін, – деді ол.
Мылтықты екі пүктеп қоржынға салып алдым. Алып жүруге қандай қолайлы!
– Ал аға, енді сізге айтар бұйымтай: сіз енді құрал-саймандарыңызды алып біздің ауылға барыңыз. Біздің қыстақта сіз секілді шебер адам жоқ. Қыстақтың соқа-сайманы бар, елдің тесілген самауырын, шаугімі бар деген секілді жұмыстар көп. Жатын орыныз бен тамағыңыз біздің үйден болады, – дедім. Бұл өтінішіме ол кісі қарысы болмады.
– Егер сіз маған ие болсаңыз, тәшкілден рұқсат сұрап барайын, – деді.
– Көлікті қайтеміз, – деп едім, ол:
– Одан сіз алаңдамаңыз. Есек арбам бар. Соған құрал-саймандарымды артып алып, балам Ділшатқа айдатып барамын, – деді.
Мен ол кісінің бұл сөзіне разы болып, ауылыма қайттым. Араға он күн салып Ділшат деген баласына есек арбасын айдатып, Тұрсын ағам жетіп келді. Айтқан уәде бойынша, жатын орны мен тамағы біздің үйден болды. Коммунаның үйінен ол кісі жұмыс істейтін бір бөлме алып, темір соғатын дүкен құрып бердім. Бұған қыстақ басшылары да риза болды.
– Алғашқы жасап берген мылтығыңызды Айып Сабыр деген кісі көп сұраған соң жақында соған басыбүтін бере салдым. Енді Австралия мылтығының түтігін тауып қойдым. Нұрахмет деген ұстаға замокты қып жасатып едім дұрыс болмады. Бір рет замок жарылып Болатқан деген жігіттің көзін жаралап кетті. Бұған не істеуім керек, – деп едім. Тұрсын ұста түтікті көріп:
– Бұл алдыңғы мылтықтан жақсы шығады, жасап берейін. Мылтық жасаған адам түтіктің болаттан жасалғанын ажырата білу керек. Түтік болат болмаса мылтық жарылады. Сол себепті, мылтыққа істетілетін темір ерекше шыдас беру керек, – деді.
Бір рет алғашқы мылтықты алып Нұрахмет ұстамен бірге аңға шықтық. Нұрахмет алты қырлы ломның ішін қырып, бір мылтық жасап алыпты. Ол мылтықпен атқан аңнан қан ағып жығылмай кетеді. Менің Герман бес атарының түтігінен жасалған мылтықтың бұршақтай оғымен небір үлкен текелер атқан жерден ұшып кетеді. Түтігінің ұзындығы небәрі 35 см ғана.
Осы жолғы аңнан қайтып келе жатқан жолда, Шарбақтың тігіне ілінгенде «аттар шаршады, біраз демалдырып белін көтерейік» деп аттан түсіп, аттың жүгін алып, шөп шалдырдық.
– Бекер отырғанда қайтеміз, мылтықтарымызды сынап көрейік. «Нұрахметтің мылтығы тисе қан шығарады, ал мына тапанша мылтық тисе жан шығады. Мұнда қандай сыр бар?» – деп, алдымен тапаншаны нысанаға атып едік, бірінші оқ – дәл тиді. Екінші оқ – аз үстінен өте шықты. Үшінші оқ – төрт елі үстінен шықты. Сонда зауот түтігінің оғы атқан сайын күшейе түсетіндігі көз жеткіздік. Ал енді алты қырлы ломнан жасалған мылтықты аттық. Бірінші оғымыз нысанаға он сантиметр жетпей қалды. Екінші оқ – бір метр жетпей қалды. Үшінші оқ – шылбыр бойы жетпей қалды. Міне, осындай нақтылы іс-әрекет арқылы Тұрсын ұстаның «мылтық жасау үшін түтіктің болат, болат еместігін ажырата білу керек» деген сөзі дәлелденді. Ал біз Нұрахметке:
– Ұсталық өнеріңе мін таға алмаймыз. Бірақ, болатты ажырату қабілетіңнің жоқтығын мойында, – деп жан-жақтан қағытып, оны біраз қинадық.
Тұрсын ұста менің Австралия мылтығының түтігінен мылтық жасауға кірісіп кетті. Бір күні ол мылтық та дайын болды. Қорғасыны алғашқы мылтықтың оғынан гөрі үлкендеу болды. Оқтың ұшуы да бұрынғы мылтықтан алыстау болды.
Бір күні екеуіміз аңға шығатын болдық. Ерғазы деген мылтық құмар кісінің қара жорға атын Тұрсын мінді. Атқа мініерде:
– Тұрсын аға, бүгін теке атып алсақ сіздің мылтық жасаудағы атағыңыз тағы да артатын болады ғой, – деп қалжыңдадым. Ол кісі де қалыспай:
– Менің атағым әлі ешкімге жете қоймаған ба? – деді күліп. Сөйтіп аңға аттанып кеттік.
Маусым айының соңы еді. Ел әлі жайлауға шыға қоймаған шақ. Жайлау шөбі енді жетіліп келе жатқан кез. Көкшоқыға қарай қайқайып, Лепес жайлауының Қошқар мойнағына іліне бергенде алдымыздан ішінде мүйізі құйрығына жеткен сарыкер текесі бар жеті ұяқ теке қаша жөнелді. Алдымыздан аң кезігеді деп кім ойлаған. Атуға үлгірмедік. Өкініп қалдық.
Қошқар мойнақтан Бекқожа жайлауының астынан кесіп өтіп, Баянбай жайлауына еңкейдік. Төмен жағымыздан екі бағажал теке көрдік. Оны аңдып барып атып едім, оқ тимеді. Мылтықтың сырын игермегенімді мойындап, Баянбай жайлауының Баянбай шұңқырына түсіп, таудың мөлдіреп аққан суының жағасында шай қайнатып ішіп, көк шалғынға аунап рахаттана демалдық.
Енді оқтың неге тимегенін ақылдасып, мылтықты нысанаға атып көрдік. Сөйтсек, оқ төмендеп тиеді екен. Тұрсын ұста екеу-балғасын өзімен бірге алып жүретін. Дереу мылтықты қолына алды да, қарауылын жасауға кірісті. Ары-бері егеумен егеді де: – Ал енді ат, – деп мылтықты қолыма ұстатты. Нысанаға атып қалып едім, қарысы беттегі қарағайдың тамырының алақандай ақтап қойған жерінің дәл ортасын жарып кетті.
– Ал енді мылтық та мін қалмады, ата алмасаң өзің кінәлісің, – деп Түкең маған бір міндет артты. Жалма-жан атқа міндік те, Баянбай шұңқырының ирегімен Тұйықсайға қарай тарттық. Өте тік жол, аттар терлеп, ентігіп Тұйықсай кезеңіне зорға шықтық. Арғы беті Тұяқсайға түсетін көкөзек өте тік, жолсыз жер еді.
– Ал Түке, мен мына қызыл таспен көтерілемін. Сіз мына тіктен бір атты мініп, бір атты жетелеп түсе аласыз ба? – деп едім, ол:
– Қорық па, мен машина жолда жүргендей зулап түсіп кетемін, – деп күлді.
Көңілімде, бір аяғы тізесінен жоқ адам атқа тік еңісте отыра алмай құлап қала ма екен деген ой болды. Олай емес, өзінің шеберлігіне сенген Түкең сонау көрінген сайдан барып тосатын болып түсіп кетті. Мен қызыл тасты кенерлеп келе жатыр едім, бір ешкі арша арасында жатыр екен. Атып қалып едім, ешкі жатқан жерінен тұра алмай қалды. Жүгіріп барып бауыздап едім, лақты ешкі екен. Лағы төмен жағымнан қашып бара жатты. «Амал не, лақты жетім қалдырғаным-ай!» деп іштей өкіндім де, ешкіні сүйрей, сай табанына түсіп кеткен Тұрсын ұстаның қасына келдім. Ол кісі қуанып кетті.
– Енді мұны сою керек. Сіз соя аласыз ба? – дедім.
– Ешкі емес, одан да зорғысын соя аламын, – деп қылжаққа басты ол.
– Онда, сіз мұны сойып қоржынға салыңыз да, төмен құлдаңыз. Бұл сайдың аяғы тұяқ жол. Сондықтан «Тұйықсай» деп аталады. Алдыңыздан оң жақ қабырғаға бұрылатын қия жол кездеседі, сол жерге барғанда мені күтіңіз. Бағанағы жеті теке ана көрінген Тұйықсайдың заңғарына барған болу керек. Мен соны қарап көрейін, – дедім де Тұйықсайдың тік ирегімен шығып, Тұйықсай мен Бүркітсайдың аралығындағы жалмен жалдап Тұйықсай заңғар жаламасының басынан еңкейдім. Ақырындап келемін. Осы жерден кезігер деген мөлшермен жаламаның астына қарай мылтықтың аузында құдита қарасам, дәл астымдағы текұрда бағанағы мүйзі құйрығына жететін саркер теке менің дыбысымды біл қойып, өрге қарай берді. Аңдып тұрған мен «қақ маңдайың» деп шүртпені басып қалдым. Теке заңғардан салдыр-гүлдір құлап кетті. Қалған алтауы заңғар тастың жапсарымен маған көрімбей кетті. Мен де тездетіп, бастыс жақтағы тік өзекпен заңғар тастың астына келсем, сарыкер текем биіктен ұшқан екпінмен Тұйықсайдың табанына бір-ақ түсіпті. Келіп бауыздап қарсам, «маңдайдан тиді» деген оғым, екі мүйіздің ортасынан өтіп, белін үзіп кетіпті. Тұрсын ағам да қия жолдың айырығына келіп тұр екен. Айғай салып едім, атын жетелеп жетіп келді. Екеуіміз қуанышпен текені сойып, отты жағып, жаубүйректі тойғанша жеп үйге қайттық. «Алғашқы алып шыққан күні екі теке аттық, бұл мылтықтың жолы болды» дестік.
Сол мылтықтың түзулігінде шек жоқ, алдынан атқан киік тірі кетпеді. Санасақ бір жылда алпыс тұяқ аң атыптық. Тұрсын ұста сол жылы қазан айына дейін біздің үйде жатып, жаздайғы табысын жинастырып ауылына қайтты. Ол үйіне қайтарында:
– Сіздердің үйде үш жыл жаз тұрдым. Менің басымдағы қиыншылықты шешуге Науатқан екеуің естен шықпастай көмек жасадыңдар. Мен қайтара алмасам, Алладан тілеймін, – деді. Біз:
– Олай демеңіз, біз тек сіздің қиыншылықтан шығуыңызға қол үшымызды создық. Пәлендей көп көмек көрсете алмадық, – деп кішіпейілдік көрсеттік.
«Жақсы кісі езуінен енші береді»
Бала кезімде біздің ауылдағы қарттар жиылып алып, әңгіме дүкенін құрушы еді. Мен сол кісілердің жанына барып, әңгімелерін көп тыңдаушы едім. Жасы 60-қа таяп қалған Мұхаммедқан Шапықұлы деген немере ағам, әңгімесінің арасына «Жақсы кісі езуінен енші береді» деген сөзді қосып қойды. Ақылы жетпеген маған бұл сөз түсініксіздеу болды. «Адамның езуінде ақша болмаса, не мал болмаса, қалай енші бөліп береді екен?» деген сұрақ есейіп-ержеткенше көкейімде жүрді.
Жасым қырыққа таяп қалған уақыт. ШҰАР Тұрақты комитетінің шағын мал фермасын басқару міндеті маған жүктелді. 1985-жылға келгенде Қытай Халық Республикасының жаңа төрағасы Дың Шаупың Қытайша сотциялизм құру саясатының жетелеуінде коммунаны таратып, егістік және шаруашылық мал-мүлікті жекешелендіру реформасы басталды. Сол себепті ШҰАР Тұрақты комитетінің мал фермасы да, жекелеленіп кетті. Ал фермадағы малшылар қай жерден келсе, сол орынға қайтарылды.
Мен мемлекеттік қызметкер болғандықтан ШҰАР Тұрақты комитетінің өзінде қалып жұмыс істеуіме басшылық рұхсат етті. Тіпті, Іле қазақ автономиялы облысының Құлжа қаласындағы әкімдігіне, не болмаса өзімнің атамекенім Іле аймағы, Нылқы ауданының кез-келген мекемесіне қызметке тұрғызуға уәде берді. Жиып айтқанда, қызметті қай жерден бастауды өз еркіме қалдырды. Мен атажұртым Нылқыдағы барып ел-жұртыммен ақылдасуға бел будым.
Сонымен не керек, басшылық ШҰАР Тұрақты комитет кадрларының жиналысын өткізіп: «Әбеке, бізде қызмет жасаған бес жылың нәтижелі болды. Жоқтан бар жасадың, аздан көбейттің, бізге көп пайда жеткіздің» деп, бес жүз юань сыйақыны қолыма ұстатып, ұшақ белетін алып беріп ауылыма аттандырды.
Нылқыдағы қайтып келдім. Балаларым өте жас еді. Ең үлкені Айгүл 15 жаста. Туыстарыммен ақылдасам, олар: «Сен жалғыз адамның айлығымен, қалада қалай күн көресің. Ең жақсысы елмен бірге өмір сүр» деген ақыл айтты. Бізге сүйеу болып жүрген ағамыз Мұратбек Әлиакпарұлы Нылқы ауданының бас әкімі еді. Ол кісі:
– Аудан орталығына кел, аудандағы мекемелердің біреуіне басшы боласың, – деді. Асқанбай деген ақсақал аудандық мекемелерде басшылық қызмет жасап, кейін аудандық үкіметтің ақылшысы болған адам еді. Ол кісі төтесінен:
– Облыста әкеңнің басы бар ма, ауданға кел! – деп біра-ақ кесті.
Құдай қосқан қосағым, балаларымның сүйікті анасы Науатқанмен кеңесіп едім, ол:
– Не болса да, қалаға барайық, балалар оқысын. Ең жақсысы облыс орталығы Құлжа қаласына баруға тырысайық. Айлығың жетпесе, мен де жұмыс істеп саған көмектесермін, – деп белсенділік танытты. Сонымен көп ойланып, көп толғанып Іле облысының әкімі Дияр Құмашұлына жолығуды жөн көрдім. Өйткені ол кісінің жұбайы Шамша ханым ШҰАР Тұрақты комитетінде істейтін. Сол кезде ол кісімен танысып, Дияр ағайдың үйіне барып ол кісімен талай дәмдес болған едім. Шамшия ханым өте ұлт жанды, көпшіл адам екен. Сол кезде-ақ, ол кісі: «Әбдеш, сенің балаларың жас екен, тұрақты комитеттің мал фермасы деп қырда жүре бермей, балаларыңды оқыт, қалаға келуге ұмтыл» деп ақыл-кеңесін айтушы еді. Сол айқан сөздері есімде жүретін.
Дияр Құмашұлының қабылдау бөлмесіне кіріп барсам, хатшысы жігіт:
– Ол кісі бос емес, күтіңіз, – деді. Біраз уақыттан кейін, қабылдаған адамын ұзата шыққан Дияр аға мені көре салып:
– Ой, Әбдеш, сенбісің, қайдан жүрсің? Жүр, ішке кіріп әңгімелеселік, – деп жайдары ашық-жарқын көңілімен қарысы алдды. Бірақ хатшы жігіт маған бір қарап қойып, бойына тоғытпағандай сыңай танытты. Дияр аға бөлмесіне кіргенен кейін де:
– Ал отыр, үй-ішің, бала-шағаң аман ба? Үрімжіден қашан қайтып келдің? Не шаруамен жүрсің? – деп хал-жағдайымды сұрап бәйек болды. Шыны керек, алғашында «облыс әкімі Дияр Құмашұлы мені бұлай қабылдайды» деп ойлаған емеспін. Осылайша Дияр ағаның кішіпейлдігіне, кісілігіне таң-тамаша болдым. Сондай-ақ келген шаруамның бір шешімі болатынына сендім.
– Дияр аға, сізге келген бұйымтайым, ШҰАР тұрақты комитетінің мал фермасы тарап, малшылар алды-алдына кетті. Одан өзіңіздің де хабарыңыз бар шығар. Ал, өзім жаңа қызметімді қай орыннан бастау туралы ақылдасу үшін елге келіп едім. Ел-жұртым әр түрлі кеңес береді. Отбасымда 9 жан бар, әйелім жұмыссыз. Өзімнің айлығым жүз сомнан аспайды. Облысқа келсем жан баға алам ба? Ал Үрімжіге тіптен бара алмаспын. Аудан мен ауылдың біреуінде қаламын ба? Не істерімді білмей сізге келдім, – деп едім. Дияр әкім орнынан қарғып тұрып:
– Әбдеш, ауыл мен аудан өзіңдікі, қашан барсаң да жолың ашық. Ал қалаға келу оңай шаруа емес. Біз бұрынғы солақай саясаттың ықпалымен төменге түсіп кеткен кадрларын облысқа қайтара алмай жатырмыз. Ал сен ШҰАР Тұраққты комитетінің орналастыруымен келгелі отырсың. Сені облыстық органдардың біріне орналастырамын. Автононом райондық тұрақты комитетіне «мені облысқа орналастыр» деп айт, ұқтыруды бізге қаратып жазсын. «Қалада аштан өлді» деген қазақты естігеніміз жоқ. Қорық па. Құлжа қаласына, облысқа кел! – деді.
Дияр ағамның ақылынан күш алып, автоном райондық тұраққты комитетке хабарласып, айтып едім. Талабымды екі етпей, Іле облыстық партия комитеті мен Халық үкіметіне ұқтыру түсіріп, облысқа орналастыруды ұсыныс етті. ШУАР Тұрақты комитет кеңсесінен Ли Жыңхы деген басқарма бастығын жіберіп, арнайы көлікпен отбасымды Құлжаға көшіріп әкелді. Бір жылға дейін біреудің үйін жалға алып, отын-суымды түсіріп, балаларымды мектепке орналастырып қайтты.
Сонымен үйіміз тар, балаларымыз жас болып қиналсақ та қазақтың бөліспеген бір шәугім шайы қалған ба? Дияр аға бастаған облыс бастықтарын қонаққа шақырдым. Дияр әкім: «Балаларың әлі жас, осылай жүре берсең қиналып қаласың. Үкіметтің саған жақын арада бере қояр үйі жоқ. Оның үстіне сен істеп отырған Облыстық тұрақты комитеті де жұмыс басты емес. Амалдап өз алдыңа үй салып алуға тырыс», – деді. Міне, Диярдың осы айтқан екі ауыз ақылымен жеке баспана сатып алып, игілігін көрдік. Балаларымның бәрі оқып, білімді азаматтар болып шықты. Жақсы адамның езуінен берген еншісі таусылмас ырыс, сарқылмас білім екендігіне көз жеткіздім. Бала кезімде «жақсы кісі езуінен енші береді» деп айтқан Мұхаммедқан ағамды сағына еске алдым. Дана ғөй қарттар не айтса да, қалт айтпайтынына имандай сендім.
Іле облысына әр бес жыл сайын алмасатын облыс әкімдерінің ішінде Диярдай қарапайым, ұлт жанды, іскер азаматы өз басым аз кезіктірдім. Ол облыс әкімі болып тұрған кезінде он сегіз мекеменің бастығын қазақтан қойды. Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жастардың көбін ауылына жібермей, қалаға алып қалып отырды. Диар Құмашұлын Құлжа қаласының қазақтануына барынша күш салған басшы деп айтуға толық хақымыз бар.
Қаржы жинағың келсе қаладан жер ал, үй сал…
1985-жылы қараша айында Нылқы ауданы, Сұптай ауылы, Тау-Сұптай 4-кетінідеге атажұртымыздан Құлжа қаласына көшіп келдік. Әбіләкім деген дирменші ұйғырдың ауласындағағы екі ауыз үйін, әкемнің жолдасы болған Мамытақын байдың баласы Мәметюсіп деген кісі сөйлесіп дайындап қойыпты. Ол:
– Әбдеш, сенің балаларың ұсақ, үй тар болғанымен, бірақ мына кісі өте момын адам. Бұдан басқа жерге шыдамайсыңдар. Қазірше ссы кісінің үйінде отыра тұрыңдар, – деді.
Шынында да біз қазақ отырған жерімізді қоқсытпай жүрмейміз ғой. Сауатын сиырымыз бар, оның жейтін жем-шөбі бар және керекті затымызбен ұйғырдың үйіне келіп түстік. Әлгі ұйғырдың қатын-баласы біздің бұл түрімізді көріп шошып кетті.
Бұл үйде бір қыс отырсақ та, бірнеше жылға бара-бар болғандай болды. Өйткені балалар кішкене, кейде дәретханаға бармай жолда дәретке отырып қояды. Оның үстіне сиырымыз жол бойы тышқақтап, ауласын сарала тезек жасайды. Осының бәрі сөз-әңгімеге болады. Кейде «сасық қазақ» деген сөзді де естіп жүрдік. Осылай беймаза күйде жүргенде Дияр Құмашұлының «өз алдыңа үй салып ал» деген езу еншісі маған қатты қозғау салып, жер іздеуге кірістім. Қол ма қол ақша беріп, жер сатып алуға қомақты қаржым жоқ. Кезінде қала әкімі болған Әблез деген кісі Іле облыстық тұрақты комитеттінің Заң басқармасының бастығы болып біздің мекемеге келді. Бұрын талай рет дәмдес болып, сырласқан адам еді. Бұл кісіге де жағдайымды жасырмай айттым. Бақытыма жарай ол – халықшыл, жанашыр, мейірімді адам болып шықты.
– Сенің балаларың ұсақ, отбасыңда қиыншылығыңның бар екенін де жақсы білемін. Мен бір амал жасап, саған бір үйлік жер тауып берейін, – деді. Бір айдың ішінде қаладан шеткерек қыстақтардан алды бір жарым муға дейін үш жер тапты. Бірақ менің балаларым қазақ мектебінде оқитындықтан, ол жердер қазақ мектебіне алыс болды. Бұл жағдайды оған түсіндіріп айтып едім.
– Ендеше, қазақ мектебіне жақын жерден жер іздестір. Егер ақ жер болса маған айт, мен алып беремін, – деді ол.
Осылай ары-бері шапқылап, қиналып жүргенімді әлгі момын қожайыным біліп, оның да жанына қатты батып жүр екен. Өйткені, көршілері: «Сен бұл қазақты қайдан алып келдің. Балалары улап-шулап ойнайды, бізге тыныштық бермейді. Бір жағынан сиыры бар, екінші жағынан күнде үйінен қонақ үзілмейді екен. Дәретханамызды толтырып болатын болды» деген сасық сөздерді айтып құлақетін жеп қойған сияқты. Көршім Әбіләкім бір күні:
– Әбдеш, сенің қиналып жүргеніңді мен жақсы білемін. Менің де жағдайымды көріп тұрсың, саған мен бір жерді айтайын, бірақ мені айтты деме. Сайбойына түссең, Тұрсын Ошыр деген адам бар. Сол адам судың арнасының екі жағын иелеп отыр. Жерінің рұхсаты да жоқ болуы мүмкін. Бір жағындағы шұңқырға мәлі бойынша сыпырынды төгуші еді. Оған да сыпырынды төккізбей балшыққа сабан араластырып, оны домалақтап екі ауызды үй салып қойды. Егер жер басқаруда адамың болса осы жерде бір үміт бар. Балаларыңа, торы атыңа мектеп жақын болады, – деп ескертті.
Оның «торы ат» деп отырғаны үлкен ұлым Әлимұрат еді. Ол ары-бері өткенде жолдан ұстап алып «атың кім?» деп сұрайтын көрінеді. Ол «Менің атым – торы ат» деп жауап береді екен. Содан Әлимұраттың қосымша аты – «торы ат» болатын. Өзі момын, көңілі ақ адамның мына сөзіне қатты қуанып, таңертен ерте Әблез бастыққа бардым. Ол менні көре салып:
– Ой, кел. Ертелетіп келіпсің ғой, – деп жылы жүзбен қарысы алды.
– Әблез батық, жер таптым, – дедім де, ол жердің жағдайын, мекен-жайын толық ұққаннан кейін, Құлжа қалалық жер басқармасының бастығын телефонмен шақырып алып, оған менің жағдайымды толық түсіндіре келіп:
– Осы мекенжайдағы жерді тексеріп-анықтап, мүмкін болса осы адамға әл етіп бер, – деп тапсырды.
Жербасқарудың бастығы оның сөзін бұзбай, құп көріп дереу бір жайлы ететіндігін айтты. Өйткені, Әблез халыққа силы, өте қабылетті адам. Және бір жағынан әлгі жербасқарудың бастығын Әблез қалада жүргенде өз қолымен қойған екен. Оның үстіне бұл кісінің лауазымы өрлеп облыста қызмет істеп отыр. Сондықтан да бұл жұмыс маған өте тез шешілетіндей сезілді.
Ертеңінде азанда Қалалық жер басқару Баратжан деген кадрінің қасына жер өлшейтін екі адам қосып жіберіпті. Олар келді де жерді өлшеп болып:
– Мына жеті пың жерді мына кісіге бересің. Мына ескі үйіңнің ақысын ол төлесін, – деді. Ал Тұрсын:
– Мен бұл жерге көп еңбегім сіңді, кезінде су басып жатқан шұңқыр еді, пәлен машина топырақ төктім, – деп жағдайын айтып зарлады. Жербасқарушының өкілі Баратжан:
– Жер үкіметтікі. Сізге біз «бұл жерге жұмыс жаса» деп орналастырғанымыз жоқ. Сол үшін жерді бересің, – деді. Тұрсын бұған да көнбей:
– Жоғарыға арызданамын, – деді.
Жұмыс келесі күнге қалды. Әблез бастығым мені шақырып алып, шаруаның не болып жатқанын сұрады. Мен болған жағдайды толық айттым. Ол кісі:
– Қорық па, ертең Жер басқарудан тағы адамдар барады. Сөзсіз әлдестіріп береді, – деді.
Айтқандай, ертесі Жер басқармасының бастығы өзі келіпті. Қасында үш қызметкері бар. Олар Тұрсынды шақырып алып:
– Мына жерді, мына кісіге береміз. Мына екі ауыз үйіңнің ақысын берсін, – деді. Бұған Тұрсын қосылмай:
– Бұл жерді бере алмаймын. Өйткені бұл жерді мен жоқтан бар жасадым. Егер бұл жерді алсаңдар, өліп аламын, – деп айғайды салды .
Жер басқармасының бастығы:
– Мына қалқиып тұрған екі ауыз үйің заңсыз салынған. Рұхсаты да жоқ. Ал мұның сыртында, өзіңнің иеленіп отырған жерің бір жарым му екен. Бұл жердің де, саған берілген рұхсаты жоқ. Егер осылай қиғылық сала берсең, екі ауыз үйіңе де ақы төленбейді. Мына заңсыз иеленіп отырған бір жарым му жеріңді де қайтарып аламыз. Ал өлемін десең, өле бер. Талға асыласың ба, үйіңнің белағашына асыласың ба өзің біл, – деп кесіп айтты. Тұрсын содан кейін сабасына түсті.
Облыс әкімі Дияр Құмашұлының «өз алдыма баспаналы болуға тырыс» деген ақылымен төрт жарым пың яғыни үш жүз квадрат жерді осылай алдым. Жалғыз айлық, балалар жас, бұл жерге үй салу үлкен жұмыс болды. Әйелім Науатқан елге барып, туыстар мен жолдас-жораларға жағдайын айтып жүріп, бір машина ағаш-тақтай жинап келді. Ал мен ертелі-кеш әр жердегі құрлыстың төңерегінде қалып қалған кесекті қоларбамен жинай бастадым.
Бізге жақын жерде 1950-ші жылдары салынған № 15-бастауыш мектеп деген мектеп бар еді. Сол мектептің құрлысы ескірген соң оны бұзып, орнына жаңа оқу корпусын салуға орын босатыпты. Сол ескі мектептің іргетасын қаладан, 40 шақырым шалғайдағы Панжім деген жердің күнгейінен жарған тасты, кінәлі болып өзгертуге түскен адамдарға шанамен жаяу тасытып, балшықпен жатқызған екен. Алған жерім су бойында болғандықтан, тұрғызатын үйдің іргетасы мықты болмаса болмайтын болды. Садан амалсыз №15-метептің бұзылған корпусының іргетасын жер астынан қазып алып, шетінен тасый бастадым. Жалғыз адамның шамасы неге жетсін? Жұмыстан тысқы уақытымда бір апта тас тасып әбден қалжырадым. Істеген жұмысым да мандымады. Ағамның баласы Әзімжан, біздің үйде жатып тігіншілік үйреніп жатыр еді. Ағам оны да ауылға алып кетті.
Ауылдағы үйімізді сатуға басқаларға қимай, ағамның үлкен ұлына несиеге беріп едім, о да тамтымдап ақшасын бере алмай қинады. Өстіп жүргенде 12 жылдың алдындағы досым Тұрсын ұста Құлжа маңындағы Ыластай деген ауылға көшіп келіпті дегенді естіп бара алмай жүрген едім. Енді болмады, барып аман-сәлем жасап келейін, «бір көмегі болып қалалар» деген оймен бір жексенбісі Ыластайға баруға бекіндім. Ол кезде екі аралыққа жүретін көлік те жоқ. Велесипет мінуді де білмеймін. Содан он шақырым жолды жаяу басып, Тұрсын ұстаның үйіне бардым. Есіктен кірісіме ол қуана қарысы алды. Құшақтасып амандастық.
– Сені де көретін күн болады екен-ау! Сені «Үрімжіге кетіп қалды» деп естідім. Мұнда сені қай Құдай айдап келді, – деді. Мен оған он екі жылдан бергі өмірді қысқаша айтып, Құлжаға көшіп келгенімді және қазіргі жағдайымды да түсіндіріп үлгірдім.
– Жөн екен, ал Раба шайыңды құй, Құршида қызым дереу тамақ дайарла, – деді де сөзін қайта сабақтады.
– Әбдеш, өздеріңнен үлкен көмек алып, қиыншылық жағдайдан шыққанымды әлі ұмытқаным жоқ. Қазір жағдайымыз жақсарды, балаларымыз ер жетті. Төрт қызымды қияға, екі ұлымды ұяға қондырдым. Енді екі ұлым оқып жатыр. Әр жексенбі күні ат арбаммен үйрек атуға барамын. Раба жеңгең мына шағын дүкенді ашып, шай-тұзын ажыратып жүр. Менің «Іле газеті» редакциясында істеген жұмысым қалпына келіп, айлығымды алып жатырмын. Аллаға шүкір, – деді.
Шай да, буы бұрқыраған сары палау да алдымызға келді. Әңгімелесе отырып, тамақты іштік. Әңгіме арасында Тұрсын:
– Сендердің үйде жүргенде қарным ашса болды, Науатқанның жиған қаймағын ұрлап жеушедім, – деп күлдірді. Сіздің:
«Тұрдым таңертен ертеде,
Ертеде азан айтарға.
Азан айтсам ерте болар сауабы,
Мұсылман баласын оятарға», – деп айтатын өлеңіңіз әлі құлағымда, – деп күліп едім. Раба жеңгей:
– Қыздарға айтатын өлеңі жоқ па еді? – деп қалжыңдады.
– Уақыт та бір жерге барып қалыпты мен қайтайын, – деп едім. Тұрсын ұста:
– Әбдеш, жақсы келіпсің. Әй-шәй, дегенше он екі жыл өте шығыпты, дидарласып бір қуанып қалдық. Енді бұйымтайыңды айт, – деді.
– «Дүние алма кезек» деген осы болар, өткендегі сіздің басыңыздағы қиыншылық маған келген сияқты. Балаларым әлі жас, оның үстіне әйелім жас босанды. Өзім бір жағынан үкіметтің жұмысын істеп, енді бір жағынан үйдің тірлігін істеп, ұйғырдың жалғыз ауыз үйін жалдап әбден қиналдым. Бір кішкентай жер тауып, соған үй салайын деп тірлік қылып жүрмін. Алған жерім жартылай судың арнасы, жартылай ел сыпырында қоқыр-қоқсығын төкен жер екен. Ол жерді иелеп тұрған адам балшықы домалақтап екі ауызды үй салыпты. Бала-шағамызбен сол үйге көшіп кірдік. Айналамызға жиған-терген материалдарымызды үйіп қойдық. Әйтеуір жалдаған тар үйден мың есе артық болды. «Балаң сиіп қойды, сиырың ауланы былғады» деген сөзден құтылдық. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ», сіздерден бір көмек бола ма деп келіп тұрмын, – дедім.
– Онда ертең мен сенің үйіңе барайын. Алған жеріңді көріп, содан кейін қандай көмек керек екені туралы ақылдаса жатармыз, – деп Тұрсын ұста мені аттандырды.
Мамыр айының басы еді. Таңғы сағат алты шамасы болатын. Тор биеге өзі жас аған екі адамдық арбасын жегіп, Раба жеңге мен Тұрсын ұста қатарласып отырып алыпты. Артқы жағында алған заттарын салатын сандығы бар, атқа өте жеңіл, көрер көзге өте әдемі арбаны көшенің балалары қызықтап еріп алыпты. Өйткені, ондай арба ол кезде Құлжа қаласы бойынша ешкімде жоқ еді. Мені көре салып Тұрсын ұста «т-ы-р» деп арбасын тоқтаты.
– Мінеки біздің пикап, Науатқан мен жейтін қаймақ бар ма? Сені келді деген соң Раба апайыңды бірге алып келдім. Мені көргеніңмен Рабаны көрген жоқсың ғой. Екеуің танысыңдар, саған «қонысың құтты болсын айтайын» деп келді. Мен Құлжа ауданының 1-ші мал фермасында тілмаш болып жүргенде «бір үйдің қасына екінші үй көшіп келсе, отырықты үй ерулік береміз» деп әбігер болып жатушы еді. Біз отырықты елміз ғой, сендер жаңа келдіңдер. Сондықтан Раба апайың ерулік алып келді, – деп күлді.
Үйге кіргенде абыр-сабыр болып жатқан балаларды көріп қарқылдап күлген Тұрсын ұста:
– Әбдеш, рас айтыпсың. Он екі жылдың алдындағы біздің өміріміз дәл осындай еді. Әлі-ақ жақсы болып кетесіңдер. Қиыншылықтың барлығы артта қалатын болады. Аз жер болса да саған жетеді. Жақсы болыпты, ертең мен орын-көрпемді алып келіп, жиған материалың орнына қойылып біткенше, осында жатып күзетіп беремін. Маңайыңдағылар материалыңды ұрлауы мүмкін. Ал мына торы биеге Йгемберді пигола (пигола – қытайдың резенке дөңгелекті арбасы) арбаны жегіп, № 15-бастауыштан іргетастын тасиды. Үлкен қызым Арзыгүлдің күйеуі Жамал трактор жүргізеді. Ол трактормен келіп кірпіш, құм, топырақ секілділерді түсіріп береді. Ал үйді салатын адамды өзің тап. Құдай бұйырса, бір айдың ішінде бір жақтылы етеміз, – деп қортынды шығарды.
Сонымен ертесі Тұрсын ұста Йгембердіге пиголаны айдатып, өзінің орын-көрпесін алып, күйеу баласы Жамалдың тракторымен сау ете түсті.
Міне қызық, жұмыс басталып та кетті. Ше Жанмың, Яң Сұпу деген ханзу шеберді әскери орында істейтін бір досым таныстырды. Үйдің іргетасын жерден бір метр жиырма сантыметр көтердік. Айналасы қырық күнде үй бітті. Тұрсын ұста он тиын да ақы алмай, балаларын ертіп үйіне қайтты.
Міне, осы жерге Тұрсын досым үй салып беріп кеткеннен кейін, айналасына бөлме-бөлме үй салабердім. Бірнеше жыл бойы салған үйім мал қора, көмірхана, монша, дүкен және адам отыратын үй болып (кейбіреуі екі қабат) 18 бөлме болды. Бұған жұмсалған қаржы 64 мың доллар болыпты. Ал, монша, дүкен және жалға берген бөлмелерімнің 6 жылдық кірісі 60 мың доллар болыпты. Құрметті оқырманым, қайжағы пайдалы екеніне өзің талдау жасап көр. Ал мен «үш есе артық қайтты ғой» деп ойлаймын. Әне сол Тұрсын ұста болса әлі тірі, жасы жүзге таяп қалды. Балаларының қызығын көріп жатыр.
«Ердің ерлігін білмесең, халықтың бірлігін түсінбейсің»
Тағы да сол баяғы қол қысқалық. Салып жатқан үйімнің төбесіне салатын бойра және қамыс жоқ еді. Базардан сатып алуға ақшам жетпеді. Күнес ауданының Қарабура ауылында «қамыс-бойра арзан» деп естідім. Істеп жүрген мекемемнің жүк көлігі бар еді. Жүргізуші мекеме бастығы Әлиасқардың жеңіл көлігін қосымша айдайтын еді. Көңілімде басқа бөтен ой жоқ, «қазақтың көпті көрген ақсақалы ғой, сүйеу болар» деген ойменен ертелетіп үйіне жетіп бардым. Аман-сәлемнен кейін:
– Әбеке, сізге әдейлеп келіп отырмын, – дегенім сол екен, ол:
– Е, неменеге келдің, – деп жақтырмаған сыңай көрсетті. Соны біле тұра мен оған:
– Бүгін-ертең біржаққа бармасаңыз, жүргізушіңізді беріп тұрыңыз? Жасап жатқан үйіме біраз қамыс-бойра жеткізіп алайн, – дедім. Сол-ақ екен, Әбекең ашуға булығып:
– Кеше келіп, бүгін машина сұрайтын сен кім едің?! Үй салғышын өзінің, қайдан келгенсің өзің? – деп адам естігісіз сөздермен янаттай жөлелді. Үйінен қалай шығып кетерімді біле алмай, сасып қалдым. Артық сөз айтсам көкпеттікке салып, өзімді жұмыстан айдатып жіберуі де мүмкін еді. Алдыммен кіріп, артыммен шегіншектеп әзер шықтым. Не істерімді білмей сенделдім. Бәрінен де, бір ауыз сөзбен қайтаратын болмашы іске, осыншама қаһарлана ашуланғанына таң қалдым. Мен оны білімді, қазақтың ақылшысы деп жүрсем, нағыз топастың өзі екен.
Жолда келе жатып, соттың бастығы Әбиден аға есіме түсе кетіп, сол кісіге бара кетейін деген ойға келдім. Ол кісі ұзақ жыл лауазымды қызметтер атқарған, Нылқы ауданының бас әкімі болып, кейін Іле қазақ облыстық соттың басты болып ауысып келген еді. Барсам, бөлмесінде отыр екен. Аман-сәлемнен кейін:
– Қандай шаруамен келдің, Әбдеш? – деді.
Мен Әлиасқарға барғанымды, ол адамның айтқан сөзін айтып, қатты көңлім қалып мұңайып тұрғанымды байқаттым. Әбиден аға оған қатты ашуланып:
– Берсе үкіметтің жүргізушісін береретін еді ғой. Сен оның жеке меншік нәрсесін сұрап отырған жоқсың. Үкіметтің жүккөлігін сұрасаң не болыпты, сен де үкіметтің бір кадрісің. Сен одан үй сұрап тұрған жоқсың ғой. Қайта өзіңнің күшіңе сүйеніп баспана салып жатқаныңа қуану керек еді. Сонда бұл Әлиасқардың адамгершілігі, кісілігі жоқ болғаны ма?! Болды, оған бола қиналма. Шақыр кеңсенің бастығын, – деп хатшысын жұмсады. Хатшы кеңсе бастығын ертіп келіп еді:
– Мына кісіге жүккөлікті бер, не істейді, қанша күнде келеді өзі біледі. Жолда жүргізушісі анау-мынау деп жүрмесін, – деді де маған:
– Ал Әбдеш, ашуыңды бас та, жұмысыңа кіріс, – деді.
Онысыз да Әбиден аға кей күні жалғыз, кей күні әйелі Несіпқанды ертіп таң азанда үйге жетіп келетін. «Не істеп жатырсыңдар? Үйлеріңнің бітуі қалай болып жатыр? Қандай қиыншылықтарың бар?» деп кешіккенде бір жеті де бір рет жағдайымызды сұрап тұратын. Ол кісінің біздің үйге көп келуі, маңдайымыздағы көше тентектеріне де тосқауыл болды. Балаларға тисуі де азайды. «Бұл қазақтың ағасы соттың бастығы, байқаңдар» дейтін көрінеді. Міне, «жақсыдан тиер шапағат, жаманнан тиер кесепат» деген сөзді атам қазақ бекер айтпапты. Әбиден ағаның шарапатын көп көрдім.
Сонымен әлгі берген жүк көлігімен Шапшалдан қайқайтып бір машина көмірді басып алып, Қарабурадағы жиенім Жамиқаның үйіне бардым. Көмірді біреуге сатып, бір машина қамыс-бойра басып қайтып келіп үйді жаптым. Асып қалғанын сатып едім, алған көмірдің, қамыс-бойраның ақшасынан асып қалды. Енді Әбиден ағаға барып көлік ақысын төлейін десем, – Болды, бар жұмысыңды істе. Оны аузыңа алма, – деді.
Мінеки көрдіңз бе? «Ердің ерлігін білмесең, халықтың бірлігін түсінбейсің» деген тәмсіл осындайда айтылса керек.
Анаңның түсін айырып танымасаң,
Бұл дүниеде таусылмас арман екен.
1946-жылы бір жарым жасымда «шешек» деген аурудан анам қайтыс болыпты. Бір жастан аса бергенде еңбектеп жүріп босағада байлаулы тұрған бүркіттің астына барыптым. Байлауда болып, іші пысып, ашуда отырған бүркіттің томағасысы түсіп қалған ба, мені бүркіт басып қалыпты. Абырой болғанда үстімдегі киімім тері тон екен. Бір аяғы тонымнан, екінші аяғы басымнан ұстап қалыпты. Көргендер «баланы өлтірді» деп шуласып қалғанда анам келіп, бүркіттің мойнын бұрап мені аяғынан шығарып алған деседі. Бүркіт жануар бір нәрсені ұстағанда, аяғын жұлып кетсе де ажыратпайды екен. Тек басын үш қайтара бұрағанда ғана, тұяғын қоябереді екен. Анам бүркіттің сол сырын білгендіктен ғана, мені ажал аузынан құтқарып қалыпты.
Сол оқиғадан кейін, менің жарты басым ріңдеп кетіпті. Іріңдеген жерді кәріжіліктің айдар сүйегін қайрап, сүйектің ұшымен Төреш жездем жарып, іріңді тазалап басымды зорға жазыпты. Соңынан анама шешек шығыды да, соңында сол шешек анамды жұтып тыныпты. Міне, содан жетімдік азабын тартып, өгей шешемнің қолында қалдым. Кисек киімге, ішсек тамаққа жарымай жүре бердік. Бәрінен бұрын таңғы тәтті ұйқы кезінде аяғыңнан тартқылап оятатыны, қарның ашқанда ала көзбен атып, тамақ құйған ыдысты алдыңа қарай итере салғанда өне бойың мұздай болып, көзіңнен жас парлайды. Қайсы бірін айта берейін, әйтеруір ержетіп, етек-жеңімізді жидық қой.
Көкейімдегі арманым – туған анамның жоқтығы. Тым болмаса өң-түрінің қандай екендігін білмегенім де өзек өртер өкініш болды. «Анамның бауыр-туыстарын көрсем, анамды көргендей болар едім» деп армандадым. Ес білгенен тартып, бұл арман көкейден бір кетпеді. Анамның төркінін анықтау үшін сұрау салдым. Анамның төркіні Ұлы жүздің Суан руы болып, оның ішінде Ақша, оның ішінде Сағымбек. Анамның екесі Нұрпейіс, ал әкесінің ағасы Жанпейіс болып ағайынды екі кісінің балалары – Сапарбай, Жапсарбай, Әбілқан деген кісі екендігін үлкендерден сұрап-білдім. Бұл кісілер біздің елден 1948-жылдары Қорғас ауданының Ақсу деген ауылына көшіп кеткен. Мен бір анадан екі ағайынды болып ағам Төкеш 9 жасында тіл тиіп тұйықсыз қайтыс болып кетіпті. Өйткені ол бір жылда екі сыныпты бітірген екен. Біз бір әкеден, үш анадан 21 бала екенбіз. Содан жалғыз мен қалыптым. Басқаларын жер қойнына әкетті. Ағайыннан да, анада да жалғыз қалған қандай қиын десеңші!
Міне, осылайша анамның бауырларын елден сұрай жүріп, Қытайда жоқ екендігін білдім. 1959-жылдан 1963-жыл аралығында Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан республикасына өтіп кеткені анықталды. 1982-жылдан бастап екі ел арасындағы қырғиқабақ кетіп, байланыс орнатылғаннан кейін, Қазақстанан келген елге сұрау салдық. 1990-жылы немерелес туысымыз Мұхаммедқанның қарындасы Күшан апай күйеуі Қожақ екеуі Қытайға өтіп, Құлжадағы біздің үйге түсті. Ол кісілер: «Қайтып барған соң нағашыларыңды сөзсіз іздеп табамыз» деді. Жаман уәдеде тұрады демекші, уәде де тұрған жездеміз Қожақ еліне барған соң әр жерде болған жиын-той, өлім-жітімге келген елге сұрау тастап, іздеу салыпты. Сол арқылы менің нағашы ағамды (анамның інісі) Жапсарбайды танитын біреу бұл хабарды Жапсарбайға жеткізіпті. Міне, осы кісілердің көмегімен мекен-жайын алып, хат-хабар алысып азда болса көңілге медет таптық. 1992-жылы тамызда Нағашым Жапсарбай, нағашы жеңгеміз Әфуза, немере қызы Жанар үшеуі Құлжаға барды. Нағыз анамды көрмесем де, көргендей болып жылаған өксігімді баса алмай өзім жазушы-ақын болмасам да, қуанғанымнан ба, қысылғанымнан ба озандатып жылап тұрып өлеңдеттім:
– Нағашым-ай,
Жиеніңнің бір жұрты жанашырым-ай.
Нағшым-ай,
Анамның бір емшектес панасын-ай.
Алыстағы ұрпағын іздеп келген,
Білдірем нағашыға сағынған жүрегімді-ай.
Нағашы аға, нағашы жеңгей,
Жиеніне жайып келген құлаш атай.
Жиенің ұрпағымен алдыңда тұр,
Мейірлене ұрпағына берші бата-ай?!
Нағашым-ай,
Жиеннің панасы, жанашыры-ай.
Балағы анасыздық қиын екен,
Опасыз, рахымсыз дүние екен.
Балаға ана мейірі қымбат болып,
Дүниеде жетімшілік қиын екен.
Айтайын аз әңгіме мұңымды шағып,
Талай азап тарттым ғой, жетім қалып.
Киім бүтін, тамақ тоқ болғаны сол
Жақсы ғой, жүрсеңдағы ұйқың қанып.
Тұрасың таң бозынан жұлқыланып,
Жұмысың бұта жұлып, отын алу.
Ішпейсің сусын-тамақ мейірің қанып,
Ала көздеп өгей ана зіркілдейді.
Бітірсең де қанша жұмыс өліп-талып.
Киімің кір қожалақ, алым-жұлым,
Аяқ қолың жарылған тілім-тілім.
Жастық күн азаппенен осылайша,
Әр күні жылай жүріп өтті өмірім.
Анамның түсін біліп қалмасам да,
Анамның туыстарын көксеп едім.
Нағашымен міне, бүгін беткөрісіп,
Шалқыды жас төлдей көңлім менің.
Көрген күннен, көрмегенім жақсы болсын,
Нашыларым қуанышпен көңілі толсын.
Нағашы аға, нағашы жеңге барыңмен,
«Жиен» деген мейіріңе бақыт қонсын!
Аман бол, қайда жүрсең ұрпағыңмен,
Өтейді бұйырған күні жиенің борышын.
Аман бол нағашы аға, нағашы апай,
Кешірші жиеніңде болса қате!
«Батамен ел көгерер» деген сөз бар,
Ұрпағыңа мейірлене берші бата?
Сәлемде ол жақтағы нағашы жұртқа,
Барлығы бақытты болып аман болсын!
Өмірде алуан түрлі қызық көріп,
Шарықтап бақытты болып, көңілі толсын!
Менің қуаныштан жылап тұрып өлең айтқанымды көрген 9 жастағы ұлым Үрімбектің сондағы нағашыларыма айтқан өлеңі:
– Келемін көк тайыммен жеткендей боп,
Көңілімде Қазақ елін көргендей боп.
Әкемнің нағашыларын көріп міне,
Қуандым ұлы апамды көргендей боп.
Әкем менің күн сайын жабырқайтын,
Болғанда көңілінде бір уайым.
Көңілдегі арманына жетіп бүгін,
Кезіктірді ұлы нағашымды бір құдайым.
Міне, осылай ардақты анамның бауырларын көріп, анамның өзін көргендей болдым. Нағашы ағамның «жиенім» деп жылаған жасын көріп, анамның жылағанын көргендей мауқымды бастым. Алаңдаған көңілім осылай азда болса жай тапқандай болды.
Соңғы тірлік
1986-жылы Кеңес одағының Қазақстан республикасында «желтоқсан» көтерілісі болып, көптеген қазақ жастары қырғындалыпты, көптеген адамдар түрмеге тоғытылыпты» деген хабар-ошар батыстан соққан суық желдей есіп кетті.
Қаны ыстық қазақпыз ғой, бұл жайсыз хабар іштей қанымызды қайнатып, мазамызды кетіріп жүрді. Өйткені, Қытайдағы қазақтың да көрген күні шамалы еді. «Атамекендегі қазақ қырғындалса, бұл қазаққа жаратылысынан тыныштық болмады-ау» деп күрсініп, іштен тындық. Осы оқиғадан кейін кешікпей Кеңес Одағының ыдырай бастағанын, әрбір республика тәуелсіз ел болып алды-алдына кетіп жатыр деген жақсы хабар тарай бастады. «А құдайлап, Алладан Қазақ еліне бір жәрдем болар-ау!» деп іштей тілеу тілеп жүрдік. Ақыры қалың қазақтың тілеуі Алланың құлағына шалынды ма, Гарбачовтың діліне Алла салып, бейбіт жолмен тәуелсіз Қазақ елі құрылды. Бір Алла өзі жіберген сүйікті пендесі болар, Нұрсылтан Назарбаев Елбасы болып сайланды. Тымағымызды аспанға лақтырып, алақайлап қуандық.
Көп өтпей дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы Алматыда ашылып, президент Н.Назарбаев: «Қазақ халқының жалғыз ғана отаны бар, ол – Тәуелсіз Қазақ елі» деп бүкіл әлемге жар салды. Әлемдегі қазақтарды бір тудың астына жинауға бел шеше кірісті. Осыдан кейін 40 жылға созылған Қытай мен Қазақ елінің шек арасы айқара ашылды. Темір тордың аржақ-бержағында қалып қойып, көруге зар болып жүрген бауыр-туыстар бірін-бірі іздеп тауып қауыша бастады. Алды дүркіретіп той да жасап жатты. Көзі ашық «Отаным, қазағым» деген азаматтар Қазақ еліне жол тартып, алды бір тұтас көшіп келіп орныға бастады. Менің де тынышым кетіп, жүрегім аттай тулап қалай істерімді білмей, мазаландым да қалдым. Тарихи отаным – Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алды, қазақтың баласы патыша болды. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Әйелім Науатқанмен ақылдасып едім ол бірден «кетейік» деді. Сөйтсем бұл ой оны да мазалап жүр екен. Тіпті, ол маған: «Біз ғана емес, ел ауып жатыр ғой. Ең бастысы Қазақстан қазақтың өз отаны ғой», – деп ақыл қосты.
Ұлдың үлкені Әлимұрат Шаңхай Қазына университетінде оқып жатыр еді. Бұл балаға да ақыл салсам, ол: «Қытайдың ішкі саясаты өте күрделі. Сондықтан өз отанымызға кеткеніміз жөн секілді», – деп өз ойын ашық айтты. Осылай ақылдаса келе, 2000-жылы бұл жақтағы нағашыларымның шақыртуы арқылы Қазақстанға туысшылап келдік. Қазақ елінің жер көлемі дүниежүзінде тоғызыншы орында тұрса, жер асты байлығы жетінші орында екен. Әр іске үмітпен қарағанда Қазақстанның болашағы өте зор еді. Оның үстіне президент Н.Назарбаев дүниежүзіндегі қазаққа үндеу тастап, өзі бас болып шақырып отырған жоқ пе?! Бұлай өз қандасына құшақ ашқан мемлекет әлемде үшеу екен. Соның бірі – өзімізддің тәуелсіз Қазақ елі. Міне, мұндай ұлы іс тарихта жиі кездесе бермейтіні ақиқат.
Аз ғана уақытың ішінде Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның шекара сызығын халықаралық деңгейде заңдастырып, халықтың ұйтқысы, мемілекетің тірегі Астананы Солтүстікке көшіріп, ғажайып қаланы тұрғызып әлемге танытты. Қазір Қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Арам мен халалды парықтайтын, кәпір мен мұсылманды ажыратпайтын маңгүрттікті кері қайтарды. Мұсылманшылығымызды тұрақтандырды. Міне, бұл жаратушы иемнің қазақ халқына деген шексіз рахымынан деп ойлаймын.
Енді міне, Қазақстанда тұратын визамыздың уақты да таяп қалды. Бір күні қазақша көп әңгімелесетін адаммен сөйлескім келіп, нағашы ағама:
– Осы жерде Қытайдан келген қазақтар бар ма? – деп сұрадым. Ол кісі:
– Бір жас отбасы бар, анау үйде тұрады. Өздері дүкен ашып, аздап тірлік жасап еді, «көше содырлары дүкенін шағып, заттарын тонап кетіпті» деп естідім. Қазір не істеп жатқанын білмеймін, – деді.
Не болса да барып көрейін деп, үйіне барсам, жасы жиырмаларды аралаған, екі баласы бар, жас келіншек отыр екен. Күйеуі бір жаққа кетіпті. Сәлемдескеннен кейін:
– Қарағым қайдан келдіңдер? – деп жөн сұрадым. Ол:
– Қытайдың Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданынан келдік, ол жақта екеуіміз де банк қызметкері едік, – деді. Мен, оған таңдана қарап:
– Қытайда пошта мен банк қызметкерінің еңбек ақысы ең жоғары ғой. Сондай жақсы орынды тастап кеткендерің қалай?! Оның үстіне өздерің жас отбасы екенсіңдер, – дедім. Жас келіншек іркілместен:
– Ой, аға, біз ол ақшаға өкініп тұрғанымыз жоқ. Қазақ елі тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ көтерді. Бұл Алланың қазақтың маңдайына берген бақыты ғой. Келген орайды бекер өткізбейік, елге тартайық деп ойладық. Біз ғой жас, жанымызды ептеп бағармыз. Кейінгі қазақтың тағдыры не болмақ, соған алаңдаймыз. Уақыт өте келе орын-көрпесін алып келуге де шамалары келмей қала ма деп алаңдаймыз, – деді. Ал, бұл келіншек дүкендерін тонап кетіп, қиыншылыққа тап болып отырғандары туралы тіс жармады. Оған бола еш өкінбейтін көрінеді.
Бұл келіншектің сөзі маған қозғау болып, ел-жұртымды, отбасымды елге оралту бекіміне келдім. Қайтып елге барғанан кейін, елге де үгіт-насихат айта бастадым. Өзім бір жолата Отаныма кету бекіміне келдім. Балаларым жас, қаржы тапшылығы болса да оған шыдап, алдымен үшінші қызым – Нәзигүлді, одан кейін үшінші ұлым – Үрімбекті, артынан екінші ұлым – Бақыт пен кенжем Жеңісті нағашыларыма жібердім. Осы балаларымның барлығына Құлжадан көшіп келген Сламхаттың көмегімен шақырту алдырып, төлқұжаттарын жасатқан едім.
Артынан Науатқан екеуімізде шыдап тұра алмадық. Жұмыс істеген мекеме бастығына денсаулығымның сыр беріп жүргенін айтып, зейнеткерлікке шығу туралы өтініш жаздым. Мекеме бастығы Зақан Омарұлы:
– Сенің зейнеткерлікке шығу стажың да, жасың да толмайды екен. Одан да сенің қызмет дәрежеңді өсірейік. Жақында аудан әкімі дәрежесін алатын боласың, айлығың да өседі, – деп үлкен дәмемен қайтарды.
Екінші күні З.Омарұлына тағы да барып шынайы жағдайымды түсіндіріп, бала-шағамның барлығы Қазақстанға кеткенін, сол себепті өзімнің алаңдап отырған ішкі сырымды жасырмай айттым.
– Енді маған беретін дәрежеңіз бен қамқорлығыңыз сол болсын. Мені ауыру себебімен зейнеткерлікке шығарыңыз, – дедім. «Жақсыға сөздің басын айтсаң, соңын өзі біледі» деген дейін, білімді азамат қой, бір айдың ішінде еңбек ақымды 87 пайызын беретін болып зейнеткерлікке шығарды. Рахметімді айтып, Қазақстанға жол тарттым.
Бұрынғылар «бір көшкен, бір лақты ешкілік шығын» деп айтқан екен. Бір елден, бір елге көшіп қоныс тебу, оңай іс емес қой. Оның үстіне бір балам 30 мың юань ақшасымен рекиттерге тоналып қалып, өзін «өлтіреміз» деп қуғындағандықтан иен далаға қашып барып, біреудің үйінде бір айға жақын тұрыпты. Сонымен оны «жоғалып кетті» деп зар күйге түстік. Аздап жиған ақшамызбен бір үй алдық. Енді балалар жас, жұмыс жоқ. Жанды қалай бағудың қамында қалдық. Бірнеше ай ауырып үйде жатып қалдым. Біраз жақсы болған соң, отбасын асыраудың қамын ойладым. Отбасында «енді қалай жан бағамыз, қайтып Қытайға кетейік» деген әңгіме де айтыла бастады. Сөйтсе де, табандылық көрсетіп, тірлік жасауға кірістім. Қытайдан алып келген бір ертоқымды иыққа салып базар араладым. Дүниеде біреудің алдына бір затыңды сатамын деп алып барсаң, бұдан қиын нәрсе жоқ екен. Ол «манау біреудің ер тоқымын ұрлап алып келді ме, немесе үйіндегі ескісін сатқалы жүр ме» деп олайды екен. Тіпті, біреулер саған ала көзбен қарайды «мынау қайыршы ма» деп. Бұл да рухани азап екен. Ақыры Катализатор мал базарының ішінен бір кантенер алып, тапқан-тергенімді соған апарып салып, алдыма іздеп келген адамға саттым. Содан барып жаным жай тапты.
Бұл да бір жетіскен базар емес екен. Себебі, жексенбі күні үйдегі немесе басқа жерден сатып алған ескі заттарын әкеліп сатады екен. Мұны ел «шайтан базар» деп атайды екен. Өйткені сенбі, жексенбі күні ел қаптап кетеді де, қалған күні жым-жылас жоқ болып кетеді. Сонда да, осы қотыр базардан тірлік бастадық. Басында Қытайдан тасыдық. Кейін Қытайда жасалған ертоқымның сапасы өте нашар болып, сатып алған адамдар разы болмаған соң өзіміз осында жасап саттық. Осылайша уақытша қиыншылықты жеңдік. Балардың әр қайсысы өз алдына жұмыс тауып, кәсіп көзін ашты. Міне, қазір Алматы қаласынан үш үй алдық Гүлдаладан үш үйлік жер алып, үш үй тұрғыздық. Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Қазақстан деген ауылынан тоғыз жүз му жайылым алып мал бақтық. Балалардың бәрінің астында көлік бар, үш балам Ақтөбеде кәсіп істеп, тірліктері жақсы жасап жатыр.
Үш келін түсірдім, немерелі болдық. Артымызда қалған екі қызымды да көшіріп алдым. 2007-жылы Алла жол беріп Науатқан, үлкен ұлым Әлимұрат үшеуіміз қажылық парызымызды өтеп келдік. «Аллланың жар болуымен бір парызымызды өтедік» деп қуандық.
2000-жылы Қазақстанға өзім келіп қайтқаннан тартып, әр күнгі Қытайда қалған ел-жұртыма, қазаққа алаңдап, олар туралы ойланып кезіккеніне, кеңескеніне:
– Мына заман қазақтың маңдайына келген бақыт. Бір күні бұл да өте шығады. Сондықтан орайды, уақытты қолдан бермеңдер. Бір күн кешіксең, бірай кешіккенің, бір ай кешіксең, бір жыл кешіккенің, ал бір жыл кешіксең, он жыл кешікенмен барабар. Егер дүнген мен ұйғырға осындай орай келіп, мемлекеті тәуелсіздік алса бір түнде шекарадан өтіп кетер еді. Біздің қазақтың жай басарлығы қалмайды. Көп іске тәуекел демесең, іс бітпейді. Тірлік істеген адамға барлық жерде алды жарық. Қорқатын дәнеге де жоқ. «У ішсең руыңмен» деген. Сондықтан ұрпақтарыңның келешегін ойлаңдар, – деп үгіт-насихат айтып келемін.
Міне, соның нәтижесі ме, 2012-жылы қазанда менің туыстарым едіге руынан 115 отбасы, 400 жан келіп орналасты. Бүгін міне, тәуелсіз Қазақ елінің өркендеуі мен Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында кеңшілік тұрмыс кешіріп, ішкеніміз алдымыз да, ішпегеніміз артымызда ырғын тұрмыс кешірудеміз.
Шынын айтқанда ұрпағымызды ұйіріне қостық. Енді алаңдамаса деймін. Соңғы тірлігім осы болар. Алланың бұл берген күніне мың да мың шүкір, сансыз сансыз тауба келтіруге тиіспін.
Алған жарың жақсы боласа…
1966-жылы шілденің 16-жұлдызы күні отбасын құрадым. Алған жарым қарымбай руы ішінде бегетай, Нүптебек Әбілұлының қызы Науатқан. Біз өз еркімізбен бір-бірімізді лайық көрдік. Бірімізге -біріміз ақылшы болып өміріміз жақсы өтті. Біріміз ашулансақ, біріміз ашуды бастық. Біріміз теріскей болғанда, екіншіміз күнгей бола білдік. Өкпелетсек кешірім сұрадық, Сөйтіп жүріп Алланың жәрдемімен үш қыз, төрт ұл баланы дүниеге әкелдік. қазір қызды қияға, ұлды ұяға қондырдық.
Науатқан екеуіміз аш қалған күндерде де қиыншылықты бірге тарттық. Тұрмысымыз жақсарған кезде дандайсып кетпедік. Дастарханымыз тарылмады. Ел алдына шығып кетпеді, артында да қалғанымыз жоқ. Ортақал өмір сүрдік. Өзіміздің жасаған өмірімізге шүкірлік етеміз.
Мен бала кезімде жетімдік көріп, жапаны көп тартсамда, үш анадан, 21 баладан жалғыз қалғаным отбасын құрғанан кейін бәрі ұмыт болып кетті. Бұл қымбатты жарым Науатқанның маған жасаған қамқорлығының жемісі деп білемін. Сырттан арып-шаршап келсем де, жоқшылықты тартсам да, үйдегі күтімім жақсы болды. «Ер жігіттің ұш жұрты бар. Олар – өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Әйел алма, қайын ал» деп бекер айтпаған бұрынғылар. Мен әйел алмадым, қайын алдым. Ата-енемнің өз баласындай көріп, бауырына басуының өзі қандай ұлылық, қандай кеңдік. Әсіресе, Анарқан енем мен Уайна енемнің балаларымзды бағып-қағуға көмектесіп, қиыншылық тартқан кезде ақылдарын айтып жанашырлық еткенін қалай ұмытайын. Балдызым Тұрдыбек, Баһардың, Ұрусияның, Тұраштың туған іні-туған қарындасымдай болғаны менің жетімдігімді, бір әкеден жалғыздығымды білдірмеді. Мен қайын ата-енеме өмірімде разы болып өттім.
Жуайым Науатқан жоқшылықта, қиыншылықта маған ауыр шарт қоймай, дос-дұшпанға сырымызды білдірмей табандылық көрсетіп шыдамдылықпен өткізген өмірін ешқашан ұмытпаспын. Науатқан қайсар да, табанды әрі өте шыдамды адам болды. Балаларын тазалықпен баққанына ел таңғалушы еді. Балалар бесікке жатпаған күннің өзінде төсегіне бір тамызбай таза ер жетті. Мұның өзі тазалықтың, күтімділіктің нәтижесі. Көпшіл болды, қонақ жай болды. Бұрынғыларда «қонақ таңдап қонады, ұры басынып алады» деген сөз бар ғой. Ауыл, аудан, облыс, ШҰАР-дан келген силы қонақтар мен ақсақалдар біздің үйге қонушы еді. Кейбір қонақтар «Науатқанның көрпесі жоғары дәрежелі қонақ үйден таза» дейтін. Ал тамаққа келгенде қолы ашық, дастарханы мол болды.
Біздің ата тегімізде осылай кең пейілділік, қонақ жайлылық болған екен. Атамыз Байгөз ел жайлауға көшкенде, өзі елдің соңынан көшетін болған. «Бай еке бұның не?» дегендерге «шөлдегенге сусын боламын, көлігі жоққа көлік боламын» деп айтады екен. Сондағы тірлігі, өз көлігін алдымен туыстарының, көршілерінің жайлауға көшіп алуына көмекке беретін болған. Қыстың күні жиған шөбі таусылып қалса «шөбі жоқ» деп ел қонбайтын болды» деп ренжиді екен. Әр жұмасайын апамызға жеті шелпегін салғызып, елге жұма шайын беріп отырады екен. Біздің елде мешіт жоқта мешіт салдырып, басқа елден молда әкеліп халықтың діни сауатын ашуға бастамашы болған.
Ол заманда ел қысы-жазы кигіз үймен отыратын болған. Сол кезде ол ел ішінде өзі мұрындық болып, бірінші рет тамнан үй салып, елдің отырақтасуына жол ашады. Байгөз әржақтан халыққа бастамашы әрі көпшіл болғандықтан, халқына үлгі-өнеге қалдырғандықтан ол кісіні ел «кемем» деп атап кетіпті. Міне, осылайша, бабалардың үлгісін жалғастырып өмір өткіздік. Өміріміз мәнді де, сәнді өтті деп айта аламын әрі бұған шүкіріршілік етемін.
Өз өмірімде қалап істеген істерім көпшіл болды. Ұрлық жасап өтірік айтуға, кісі ақысын жеуге қарысы болдым. Үкімет жұмысын қоспағанда, мергендік, саятшылыққа құмар болып өмір өткіздім. Ағаш егу, жол салуды, құрлыс салуды, ертоқым жасауды жаным сүйіп істедім. Ендігі қалған аз өмірімде балаларымның жаман күнін, қиналғанын көрмесем деп Алладан тілеймін.
Елім аман болса, заманымыз тыныш болса, Алланың жіберген апатынан, соғыстың өртінен аман болссын! Аллаға разымын, бұл дүниеде ешқандай арманым жоқ. Арманым – Аллаға құлшылық жасап, ақырет күнін ойлап, ол дүниеде Алла алдында өткізген күнәларымыз кешірілсе, таубамыз қабыл болса деген арман. Ұрпағыма: Алла жолында құлшылық жаса, ұрлық қылма, өтірік айтпа, кісі ақысн жеме, ағайынға рахымды бол, жоқ-жікке қарас! деп айтып жүрмін. Олардың әрісте сабырлы болуын Алладан тілеймін!




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑