banner-top12

Сұхбат index

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2014 | 1  751 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Әбдімәжіт ЕРТУҒАНҰЛЫ, суретші: «…Өйткені, онда менің қылқаламымның ізі сайрап жатыр»

 

 –     Әбдімәжіт Ертуғанұлы, әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасаңыз?

–              Мен, 1952 жылы Шинжиаң Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Тоғызтарау ауданы, Тікарық ауылының Мойынгізер елдімекенінде дүниеге келдім. Әкем Ертуғанмен, шешем Битыман қарапайым шаруа адамдары. Қыстағымызда облысқа белгілі «Шынар мектебі» деген мектеп болды. Бұл мектеп Тоғызтарау ауданы бойынша түйінді үш мектептің бірі болатын, балалар жан-жақтағы алыс ауылдардан келіп оқитын. Мен осы метепте оқып бітіргеннен кейін, Үрімжідегі Шинжиаң Көркемөнер иниституты Әсемөнер факультетінің сурет курсына түстім. Сурет мамандығын алған соң 1977 жылы жолдамамен Іле  облыстық Бұқаралық мәдениет мекемесіне келіп жұқмысқа тұрдым. Міне, содан бері тынбай осы кәсіппен айналысып келемін. «Шебер қолдар» деген май бояулы суретім, 1982 жылы Бейжіңде өткізілген аз ұлттардың мемлекеттік көрмесіне қатысып, үздік туынды сыйлығын еншіледі. Сол сияқты көптеген көркем туындыларым Шинжиаң автономиялы райондық, облыстық көрмелерге қойылды және сыйланды. Ел ішіндегі газет-журналдарда басылып, көрермендердің жақсы бағасын алды. Төккен төрім бекер кетпеді. Талай жылдан бері Іле облыстық Бұқаралық мәдениет мекемесін басқардым. Қытай суретшілер қоғамының, Шинжиаң суретшілер қоғамының және Іле облыстық әдебиетшілер бірлестігінің мүшесімін. Қазір Іле облыстық әсемөнер қоғамының төрағасы міндетін қосымша өтеймін.

 

–              Сурет салуға әуестігіңіз қай кезден басталды?

–              Менің балалық шағым Қытайды дүр сілкіндірген «мәдениет зор төңкерісі» дәуірлеген шаққа тұспа-тұс келді. Осы кезде үлкен әріппен ұрандар жазып, қыстырма суреттер салу менің міндетім еді. Бұл саясат маған ұнамағанымен, бұл тірлік менің сурет өнері мен хаткерлікке деген қызығушылығымды арттырды. Көркем табиғат пен қым-қуыт қайнаған өмірдің өзі менің алғашқы сурет мектебім болды.

 

–              Атажұрт топырағын алғаш рет басып отырсыз ба?

–              Бұл Қазақ еліне екінші рет келуім. Алғаш рет 2000 жылы Дүниежүзі

қазақтары қауымдастығының шақыртуымен шинжиаңдық делегациямен бірге келіп, Алматыдағы Мемлекеттік мұражайда ашылған көрмеге қатысып қайтқам.

 

–              Ал осы жолы қандай сапармен келдіңіз?

–              Бұл жолы жеңгең екеуіміз жеке сапармен қонаққа келіп отырмыз. Өйткені Шахида деген қызымыз Алматыдағы жоғары оқу орнының бірін бітірген соң осында қалып, тұрмыс құрған еді. Сол қызымыздың артынан іздеп келіп отырған жайымыз бар.

 

–              Біздің естуіміше сіз соңғы жылдары тарихта өткен қазақтың тұлғалары мен ақын-жазушыларының сағым суретін салуға ден қойыпсыз, бұған бет бұруыңызға не себеп болды?

–              Кейінгі кездерде біздің елімізде қазақбаспасөзі мен кітап баспаларында тарихта өткен тұлғалар мен  ақын-жазушыларға қатысты зерттеулер мен олардың еңбектері топтастырылған кітаптар шығару қолға алынған болатын. Осы барыста олардың суреттері кітабына қоса беру үрдіске айналды. Сол себепті баспа орындары маған тапсырыс беріп, олардың сағым суреттерін салдыруды қолға алған болатын. Мәселен, ақын Жүсіпбек қожа Шайхысіләмұлы, өрт тілді ақын Көдек Маралбай, күйші-композитор Қожеке Назарұлы және айтыскер ақын Қойдым Дәрубайқызы секілді әйгілі адамдардың суреттерін мен салдым.

 

–     Енді қазақ әдебиеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан Ж.Шайхысіләмұлы, К.Маралбай, Қ.Назарұлы және Қ. Дәрубайқызының суреттері қалай салынғаны туралы айта кетсеңіз?

–              Жүсіпбек Шайхысіләмұлының суреті 1992 жылы сызылды. Үрімжідегі Шинжиаң автономиялы райондық байырғы шығармалар кеңсесінің сол кездегі бастығы,  жазушы Мағаз Сүлейменұлы маған хат жазыпты. Ол хатында: «біз Ж.Шайхысіләмұлының шығармалар жинағын шығарғалы отырмыз. Осы кітапқа ақынның сағым суреті қажет болды. Текес ауданындағы туыстарының айтуына қарағанда,  Ж.Шайхысіләмнің Құлжа ауданында тұратын Бекқожа деген баласына қатты  ұқсайды екен. Сіз Бекқожаның бетін семіртіңкіреп, сақалын қоюлап салсаңыз әкесінің өзі болады екен» деп жазыпты. Мен М.Сүлейменұлының айтуы бойынша Құлжа ауданына барып, Бекқожа ақсақалды  тауып ол кісімен әңгімелестім. Ол кісі де М.Сүлейменұлының хатта жазған дәйектемесін растады. Содан барып ол кісінің келбетін әрқырынан түсіріп алып, сол негізде Ж.Шайхысіләмұлының сағым суретін салып шықтым. Қазір Қытай қазақтарының баспасөздерінде осы суретті пайдаланып жүр. Сондай-ақ, менің бұл суретімді халық та Ж.Шайхысіләмұлының нақ бейнесі ретінде жылы қабылдады. Бұл  туралы дау айтатындар қазірге дейін жоқ. Бұл бір, екінші ақын Көдек Маралбайдың сағым суретін 2005 жылы салдым. Мұны сыздырған адам Іле облыстық тарихи материалдар бөлімінде істейтін Нұрлан Сәрсенбаев деген ақын жігіт.

 

–              Демек Көдектің қандай адам болғаны туралы деректі де Нұрлан сізге берді ме?

–              Иә, Н.Сәрсенбаев берген. Бірақ мен бұған онша сеніңкіремей Моңғолкүре ауданында тұратын Көдектің ұлы Айтуғанға телефон беріп сөйлестім. Ол кісіден Нұрланның берген мәліметінің қаншалықты шындыққа жақын екенін сұрадым. Айтуған Көдек қайтыс болғанда 9 жаста болыпты да, әкесінің бет-бейнесі онша есінде қалмапты. Бірақ ол маған: «Әбеке, көне көз қарттардың айтуына қарағанда әкем ат жақты, ақ сары келген, қыр мұрынды адам екен. Менің Қазақстандағы Нұрсерік деген баламның өң-тұрқы әкеме ұқсайды екен. Осы баланың суретін негіз етіңіз. Одан кейін 36-37 жас шамасындағы адам болсын. Мұртсыз, ұзын сақалсыз, қырма сақал етіп сызыңыз. Ал киім үлгісіне келгенде басына албан бөрік, үстіне кестелі жаға жейде мен құндыз жағалы тон кисін»  дегенді қадап айтты. Мен сол бойынша сызып шықтым.

 

–              Сурет сызылып болған соң Айтуған Көдекұлына көрсеттіңіз бе?

–              Суретті Айтуғанға Нұрлан апарып көрсеткен. Ол «ұқсапты» деп айтыпты. Сонымен бұл Үрімжіде басылған Көдек Маралбай таңдамалы шығармалары жинағына басылып, кітаптың алғысөзінде бұл суретті менің салғаным жөнінде жазыпты.

 

–              Ж. Шайсіләмұлы мен К. Маралбайұлының суреті ақындардың шығармаларын  басып шығару кезінде салынған екен. Ал, күйші Қожекенің  суреті қалай салынды?

–               Бізде «Мәдениет зерттеу мекемесі» деген мекеме бар. Сол мекеменің  мұрағатында «әйгілі адамдардың суреті сақталу керек» деген қаулыны жоғарыдан  алған екен. Күйші Бейсенбі, Қожеке мен Қайрақбай Шәдекеұлы қатарлы бірнеше адамның сағым суретін аталмыш мекеме маған ұсыныс етіп салдырды. Қожекенің де түпнұсқа суреті жоқ болғандықтан, оны да тапсырыс берушілер бұл кісінің бет келбетін суреттеп жазып берген, сол негізінде салддым. Бұл салынған суреттің түпнұсқасы қазір Іле облыстық «Мәдениет зерттеу мекемесінің» мұрағатында сақтаулы.

 

–              Ал енді, айтыс ақыны Қойдым Дәрубайқызының суреті қалай салынғаны туралы да айта кетсеңіз?

–              Қ.Дәрубайқызының суретін салуға да Н.Сәрсенбаев мұрындық болды. «Ақын Қойдым» деген Шинжиаң «Жастар баспасынан» шыққан өлең кітапқа бұл сурет басылды. Мұңғұлкүре ауданының Қарасу деген жерінде Қойдым ақынға арнап кесене тұрғызылған болатын. Сол кесененің шырақшылары «бұл суретті  сонда мәңгі сақтаймыз» деп  алып кеткен.

 

–      Енді қандай туындылар салумен айналысып жүрсіз?

–              Соңғы жылдары Қытай қазақтарында шежіре жазу үрдіске айналған. Осы барыста көп адамдар мені іздейтін болды. Олар өз руынан шыққан батырлар, шешендер, билер, ақын-жазушылар мен ата-балараының сағым суреттерін маған салдырады. 2005 жылдан бері қарай көбінде осы жұмыспен айналыстым. Қазірге дейін жүзден астам адамның кескіні менің қолыммен сызылды.

 

–              Бұл суреттерді де ұрпақтарының айтуы бойынша сыздыңыз ба?

–              Иә, олар бейнелеп, суреттеп жазып береді не болмаса, өмірде бар ұрпақтарын көрсетіп, осыған ұқсатыңңқырап сызыңыз деп сол адамның суретін қоса әкеліп беретіндер де бар. Сурет сызылып біткеннен кейін өздері көріп ұнатып алып кетеді. Ішінара суреттерге аздап өзгеріс енгізіп, дұрыстатып алатындар да бар.

 

–              Қойдымның әріптесі, ақын Т.Жолдыұлының 40-тан асқан кездегі

портретін салыпсыз. Таңжарық  қандай болған десе, 24-25 жастағы  шляпа киген ақынның бейнесі біздің көз алдымызға келеді. Өткені, бұл сурет баспасөзде  жиі қолданылып жүр. Сіздің мына салған суретіңіз неге негізделіп салынған.  

–              Т.Жолдыұлы жоғарыда айтылған адамдарға қарағанда, фотосуреті бар адам. Оның үстіне оны көрген, бірге жүрген достары таяудағы жылдарға дейін өмір сүрді. Бұл Таңжарықтың елес суреті емес, оның өмірден озардың  алдындағы бейнесіне негізделіп салынған. Мен бұл суретке көркем образ бердім. Көріп тұрсыз ғой, Таңжарықтың басына төніп келе жатқан қара бұлтты. Ал бұл жерде басына төніп келе жатқан қауіп-қатерді елеп-ескеріп тұрған ақын жоқ. Бір бүйірін таянып, шапанын желбегей жамыла қасқайып, нұрлы болашақтың келеріне асқақ сеніммен қарап тұр. Бұл суреттен әділетсіз қоғамға қарсы соғыс ашқан Таңжарық ақынның бет-бейнесін көре аласыз. Арықарай түсіндіріп жатудың өзі артық.

 

–              Басқа қандай айтар тілегіңіз бар ма?

–              Мен салған кейіпкерлер Қазақстанның баспасөздерінде жарияланып жүр екен. Бұл мені қуантты, бірақ суретті салған автордың аты-жөнін жазбағаны мені қынжылтты. Сондықтан баспагерлер мен баспасөз өкілдері осыны ескерсе деген өтінішім бар. Өйткені, онда менің қылқаламымның ізі сайрап жатыр ғой.   Бәрін айт та, бірін айт Қазақ елі аман болсын!

–              Әңгімеңізге рахмет!

 

                                                Сұхбаттасқан Әлімжан ӘШІМҰЛЫ.

 

                                                                   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑