banner-top12

Әдебиет GBeAwn3JcJg

Қосқан уақыты Қаңтар 26, 2015 | 970 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Әдемілік бізге көптік етпейді

 

1999 жылы Тарбағатай орта мектебінің 60 жылдығы қарсаңында, сол мектептен түлеп ұшқан танымал тұлғаларды бірден атап келіп Бәту апайды ауызға алғаным есімде. Сол Бәту апайымыз бұл күнде сексеннің сеңгіріне шығып, жұрт қадір тұтатын, елі сыйлайтын аяулы анаға, дарқан ойлы данаға айналып, төрімізде отыр.
Кейде жазушы өз жан-дүниесін тебірентіп, ерекше әсер еткен мәселелерді өлеңмен өрнектеп қоятын әдеті бар ғой, сондықтан болар, таяуда Зейнолла Сәнік Бәту апайға сәлем бере барып, мынадай өлең арнапты:
Сізді көрсем тарих аунағандай,
Кідірмейді-ау, тау ұлы тауға бармай.
Тарбағатай тарлан тау сонау тұрған –
Сауырынан шежіре саулағандай.

Ұқсатамын сол тауға өзіңізді,
Баба тұлға баурайды көзімізді.
Мына отырған жұртыңыз тыңдаған ғой,
Ақ баталы алтындай сөзіңізді.

Біле ме адам әлемді кезіп келмей,
Дүниені аңғармас сезіп көрмей.
Сізді көрсем боламын Бәту апай,
Домалақ анамен кезіккендей.

Шежірені алдымен бастадыңыз,
Сарнап тұр бір ұзақ жол басқаныңыз.
Аналық асыл ойдың жүлгесімен,
«Дәурен…» дей кітап жазып тастадыңыз.

Балалық бұл күндері данамызға,
Күллі елі қадір тұтқан анамызға.
Сексеннің сеңгірінен секіріп өт,
Жүре бер ақыл беріп арамызда…
Ақ үрпік балапандай бапталып отырған кейуана осы жырларды естіп, қатты толқығаны мәлім. Әйгілі дала жырауы Ли Бай ақын:
Арайдың да, нұрдың шашы ағарды манағы,
Сол ақ шаштар түбінде жылдар жылжып барады… деген екен. Сол ақын бабамыз айтқандай дәуір зымырап, жылдар жылжып барады. Сол жылдар жылжыған сайын самайымыздың қарасынан ағы көбейіп, жүзіміз баршын тартып, балдәуренді «баяғыда» дейтін болдық. Бір «мәдениет төңкерісінің» өзі біздің жастық дәуіріміздің ең қызықты кезін жалмап, оның алапатты жылдары талайымыздың жанын жаһаннамға жіберіп, талайымызды талықсытып, қыздарымызды кемпір, жігіттерімізді жалыны қайтқан шалға айналдырып шығармады ма? Сол дәуірді еске алып кезінде мен:
Өмірдің өтпес мәңгі бары асар бап,
Бақ пен сор барымта іздеп таласар көп.
Сор кешіп жиырма жыл шыға келсек,
Қалыппыз – қыздар кемпір, жігіт – шал боп, ─ деп жазған едім. Қазақта: «Заман екі келмейді, өгіз аттай желмейді» деген бір даналық сөз бар ғой. Толқынды толқын қуып, алдынғы толқын ағалар аттанса, соңғы толқын оның орнын басатыны баршаға мәлім өмір заңдылығы ғой. Сол заңдылық бойынша біз де шал тарттық, әже болдық. Сол себепті, біздің Шинжиаң университетін бітіргендігіміздің 50 жылдығын (2005 жылы) еске алуға байланысты түсірілген бейнетаспаға сабақтастарымыздың талабы бойынша:
Өмір-өзен ағады аялы жоқ,
Дүние, шіркін, сол екен баяны жоқ.
Елу жылда ел жаңа, жер де жаңа,
Жастық дәурен қалыпты – ау, баяғы боп…деп бір шумақ өлең арнап едім. Азаттықтың алтын таңы даламызға шүлен шуағын шашқанына 60 жылдан асып барады. Сонан бері отбасы, ошақ қасынан құтылған қазақ әйелдері арасынан топ-топ ақындар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері мен өнер иелері жетіліп, сан саланың маңызды орындарында жауапты қызметтер өтеп келеді. 2003 жылы Орталық ұлттар баспасы «Жарты әлемнің жарық жұлдыздары» деген атпен бір топ әйел қаламгерлердің еңбектерін жарыққа шығарып, қалың оқырман қауыммен жүздестірген еді. Сонан бері бұл саладағы жұмыстар саябырлап қалғандай сезіле берді. Бұл саладағы сын-пікірлер де жоқтың қасы. Біздің бабаларымыздан шыққан ұлы тұлғалар туралы жазылған романдар, тарихи эсселер баршылық, ал аналар туралы, сол ұлы тұлғаларды өмірге әкелген ұлы аналар туралы пәлендей ұлтанды еңбекті көре алмадық. Бір ғана «Қызай ана» туралы жазылған тарихи эсседен басқа ауыз толтыра айтарлық ешнәрсе жоқ тәрізді. Сонда біздің азаматтарымыз өзінің ана алдындағы перзенттік парызын өтей алмағанына өкінбес пе екен?! Батыстың бір данышпаны: «Әйел заты түгемес кітап, оны ешкім жазып бітіре алмаған, ешкім жырлап жеріне жеткізе алмаған» деген екен. Әйел заты тек махаббаттың, ғашық өмірдің ғана арқауы болмастан, ол, ең әуелі, аналық асыл қасиеттің арқауы, аналық образды сомдаудың басты прототипі болуға тиісті ғой.
Мен – анамын қыз бағып, ұл өсірген,
Бағбанмын бақшада гүл өсірген.
Қарапайым кластан ақын баулып,
Жүрегінен партаның жыр өсіргем…
Әне осылай болғандықтан, Шинжиаң телеарнасы өткізген жыр мүшайраларына ағалап көзге түскен жас ақындарға аналық, әрі ұстаздық жүрегіммен алқау айтып, «Алаулай бер, ақ жалын» атты мақала жазып, олардың жыр сапарына ақ жол тілеп, шабыт бердім. Сол қатарда біздің қатарымыздың кеңейіп, әйел қауымының әр саласындағы жұмыстардан тің тебін, үздік нәтиже жаратып жатқанына да қуанасың. Әдеби аударманың айтулы жүйрігі қазақ қыздары арасынан дүниеге келіп, біздің елді ғана емес, Қазақстан қаламгерлерін де қол соқтырып жатқаны жұртқа мәлім, сол Қайша Тәбәрік қызына арнаған өлеңімде:
Біздің қазақ айналып жүр ай шарын,
Сол жүрістен аңғарылар бай сарын.
Ақындарың қанзуша жыр төгіп жүр,
Өз қыздарың құдыретімен Қайшаның.

Сонау, сонау ғасырларға ой жеткен,
Сол дәуірге оймен бірге бой жеткен.
Ата тарих шахталарын ақтарып,
«Басбайды да» хан тілінде сөйлеткен.

Қыл қаламдар қияласын өмірге,
Асыл жырлар нұрын құйсын көңілге.
Қос қарлығаш аспандай бер қалықтап,
Шарықтап бір қос өнердің көгінде…деген шумақтар бар еді. Иә, Қайшаның жұбайы қазақтың белгілі қыл қалам шебері. Екеуі де жұп жарасқан қос өнердің хас шеберлері. Қайша қызымыздың Серғазы бауырымызға демеуші болу, отбасылық бала тәрбиесі, әрі мектеп ашып ұстаздық істеу сынды әлденеше жұмысты ақсатпай, осынау аударма өнерінің шырқау шыңы мен шыңырау қайнарына қарай қанат қағу жолындағы жігер-қайраты адамды қайран қалдырады. Алдағы жоспары мен болашақ ойларын тыңдасаң, оның ой толғамы, ұлттық сезім серпіні тіпті ғаламат.
Әйел затының мұңы да, жыры да, кешірмелері де ұқсап кетеді ғой. Сол себепті мен ақын сіңілім Заһара Нұраділқызымен көп сырласамын. Сол себепті оның мерейтойына арнаған жыр-толғауымда:
Ұстаз, ана, соған қоса ақындық,
Бәріне де керек екен батылдық.
Үш жүкпенен бірге жүрдік екеуіміз,
Тындырдық па, соған сай іс татырлық?

Кейде үшеуі қабаттасып келеді,
Әйел, шіркін, бәріне де көнеді.
Болашақтың мөлдіреген ұрпағы,
Сол әйелдің құшағынан өреді.

Ас дайындап, жүк жинайтын тағы біз,
Соны айтып тынбай кетеді жағымыз.
Осындайда жақсы жұбай кезігіп,
Ашылды ғой соныменен бағымыз… деген шумақтар бар еді.
Біздің «жыр жазық күйбеңменен күлді – көмеш…» дейтініміз де осындайдан келіп туындаған еді.
Бір кезде ақын Бердібек Құржықаев Үрімжіде өткізілген жыр мүшайрасының төрінде отырып:
Ақындардың көбі жақсы азынан,
Бұл айтқаным емес жай бір базынам.
Бірер ақын жүлделі боп оралса,
Келгендей-ақ болар едім қажыдан ─ деген еді, сол айтқандайын, біз де өз қатарымыздың молая беруін, әйел қаламгерлердің әр саладан көрініп, тобымыздың көбейіп, төбеміздің биіктей беруін шын жүректен тілейміз.
Зүпира Ыбырайқызының «Өмір – өзен » атты тамаша эссесі өз кезінде жұртты бір желпіндіріп тастаған еді. Бұл туралы Нұрзат Зейноллақызы «Адам тәрбиесі және кітап» деген тақырыпта көлемді мақала жариялап, сол кітаптың тәрбиелік рөлі мен өзінің алған әсерлері туралы кеңірек толғаған еді. Сонан кейін баспаға дайындаған «Шарапат» атты кітабын да бір дәуірдің қыры мен сыры кеңінен сөз болатын қомақты шежірелік еңбек деуге болады.
2011 жылы 19 наурыз күні заңгер Қайша Құнапияқызының «Өмір елестері» атты кітабының тұсаукесер салты өткізілді. Сол салтта мен «Қайша апайға…» атты толғау оқып едім. Сонан үзінді келтірейін:
Өмірдің оқыдым мен елестерін,
Заңгердің заңғар биік кеңестерін.
Шертіп тұр бір дәуірдің шежіресін,
Бұл күнде жарты әлемнің теңескенін…

Өмірдің өр мұхитын жүзгеніңіз,
Өрнектеп кестедейін тізгеніңіз.
Жарқырып сары алтындай жатыр, әне,
Жосылған құс жолындай іздеріңіз.

Кеудені кейде кернеп тың дарын бай,
Салиха мен Сәменнің жырларындай.
Қыдыш аға, Қайша апай биіктей бер,
Боғданың қос өркешті шыңдарындай…
Міне, осындай жырға арқау, прозамызға прототип боларлық біздің марттастарымыз аз емес. Айталық, жаратылыстық ғылымының әр саласынан көзге түсіп, көпке мәлім болғандар, қазақ сахнасының өнер саңлақтары Камал апай, Бәтиха Мәлікқызы, Күлман Шүленбайқызы, Рәпила Нұрмұқаметқызы, Тұран Құсайынқызы қатарлы бұлбұлдарымызды қаншалықты жырладық? Олар қазақты бүкіл дүниеге танытып, қазақ әуенін әлем аспанында қалықтатқанына не арнадық? Таяуда Жамиға Дәулетқызының бүкіл Қазақстан елін дүр сілкіндірген ақындық өнерінің өзі де бар дауыспен шырқалатын ән болуға тиісті ғажап дарын емес пе?! Әдебиетте әр тақырыпқа арналған ғылыми талқылар болып жатады, әйелдер тақырыбына арналған сондай бір ғылыми талқы ұйымдастырылып көрді ме?
Ұлы ханзу халқының «хау» деген иероглифі қыз және жігіт деген екі белгіден құралған. Мұның өзі адамзат жаралмышының диалектикалық бірлігі. Осы белгі миллиардтар елін сан ғасырлар бойы «хау, хак лап» келеді. Осы бір қыз бен жігіттің студенттік өмірін нақышына келтіре жырлаған жазушы ғасырға таяу жас жасап, өткен жылы ғана өмірден өткен Әзілхан Нұршайықов еді. Оның «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы кезінде бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндіріп, авторға 10 мыңнан астам оқырманнан хат келіп, оның бір мыңға таяуына автор жауап хат жазып, кезінде бұл роман Қазақстан бойынша ең көп оқылған кітап саналған екен. Бұл роман бұл күндері біздің елдің радиосында екінші рет оқылып жатыр. Кітаптың соншалық тартымды, әрі қызықты болуы – оның бүкіл хикаясының өмірден алғандығында. Онда студенттердің сабақтастық махаббаты, туыстық махаббат, студенттердің мектепке, ұстазға, өмірге, туған жерге, ата-анаға, ғашық жарға деген махаббаты, т.б. бәрі-бәрі өз орнын тауып, мен мұндалап тұр. Ондағы детальдарды, суреттелген өмірді әр адам өз басынан кешкендей сезінеді екен. 2010 жылы сол Әзілхан ағамыз Алматыда біздің отауымыздан дәм татқан еді, сонда ол кісінің тебіреніп отырып айтқаны:
«Махаббат, қызық мол жылдардың» қызуы әлі басылған жоқ, сондағы қыз кейіпкерлерім өздерінің 60, 70, 80 жасқа толған мерейтойларына шақырып, сол бір балдәурен шағын сағына еске алады. Студент қыздар мені «Әзікен» деуші еді. Бір жолы ресторанда отырсам, анадай үстелде тамақтанып отырған бір шар тартқан әйел маған жалтақтап қарай берді, мен де бір жерден көргендей шырамыта бердім, аты есімде жоқ. Бір кезде жаныма келіп «Әзікен» дегенде барып, ол әйелдің студенттік кездегі өмірі есіме орала кетті…Біз қайтадан құшақтасып қауыштық. Біз Қазақстанның жер-жеріне тарап кеткен едік, қазіргі менің жер-жердегі туыстарым солар…
Иә, студенттік дәуір талай адамның басынан өтті, біздің студенттік дәуіріміз тіпті қиын жағдайда, аталмыш «таптық күрестің талқысында» өтті, бейбіт жағдайда берекенің құшағында өткендері де бар. Соларды Әзілхан ағайдай ұқсатып жазған кім бар?
Әзілхан аға өз өмірінің ақырында жазған «Мәңгілік махаббат жыры» атты көлемді романын маған өз қолтаңбасымен ұстатып тұрып: «Халима екеуіміз бір-бірімізге тоғыз жыл ғашық болдық, одан 54 жыл қол ұстасып, ләззатты өмір сүрдік. Дүниеде көп ғашықтардың қолы жетпеген мәңгілік махаббат тәжін басымызға кидік. Махаббат дегеніміз бала махаббат, шала махаббат, мәңгілік махаббат деп бөлінеді ғой. Біздің махаббатымыз мәңгілік махаббат, бұл прозамен жазылған жыр, мұны мен Халимаға арнадым. Кейбіреулер батысқа еліктеп махаббатты анайыландырып барады ғой, нағыз махаббат ондай болмайды. Қазақта «хас жаман қатынын мақтайды» деген сөз бар, өзім жаман аталсам аталайын, бірақ әйелімнің жақсылығын өзімнен жоғары бағалаймын. Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді, ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын әрі жан жарым, әдеби серігім, асыл досым еді, оның маған, балаларына сіңірген еңбегін электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел қарызын, яғни ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес… Сол себепті, оның басына мәрмәрдан күмбез орнаттым, тірі кезіндегі өсиеті бойынша басына барғанда Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін екі рет қайталап барып, жүгінемін…
Нағыз махаббатты жазған, нағыз ана өмірін суреттеп, еліне де, еріне де, ұрпақтарына да үлгі боларлық ана образы осы «Мәңгілік махаббат жыры» деуге әбден болады. Біздің қаламгерлеріміз үшін осыдан артық үлгі-өнеге бола қоймас.
Қазақтың әлемдік ірі жазушыларының бірі Мұхтар Мағауин «Қазақ халқының болашағы бүгінгі қазақ әйелінің құрсағында шешіледі. Бұл баяғы заманнан келе жатқан айнымас шындық. Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне балаған, әлемдегі ең ізгі әйел, қазақ әйелі – бар тірлігін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел. Қазақ әйелі бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Солай болған, солай бола беруге тиіс…» деген екен. Бұл европалық үлгіден мүлде басқаша, қазақтың өз үлгісі, бұл үлгіні қазақтың бұрынғы өткен ұлы тұлғалары – Домалақ ана, Абақ ана, Қызай ана, Мақта ана, т.б. ұлы аналарымыз жаратқан, кейінгі ұрпақ сол үлгіні біздің дәуірімізге жеткізген.
Ұлы Абай өз еңбектерінде «Әйел – анаң, әйел – жарың, әйел – қызың. Бұларсыз еркектің күні жоқ. Оның үстіне әйел – арашашы, ашуды ақылмен жеңдіруші, әйел – ырыс, ханның қаһарынан, жаудың жаласынан, дәудің пәлесінен құтқарып қалушы да – әйел» деген екен. Мұның бәрі тарих дәлелдеген шындық, айдай ақиқат.
Аяулы жардың батыр бабаларымызға құтқарушы, ажалға арашашы болғаны туралы ел ішінде кеңінен тараған мынадай бір аңыз келтіре кетейік:
Бірде батыр Жәнібек өзінің қалың қолымен ұзақ жорыққа аттанбақ болады. Жорыққа аттанар алдында бәйбішесі бал аштырып, жорық жолын болжатады екен. Көңілі елегізген асыл ана өзі пір тұтқан Қабанбай батырдың әйелі Гауһар анамызға келіп, бал аштырыпты. Құдыретше, батыр жорыққа шықса да, шықпаса да бір қатердің төніп тұрғаны мәлім болады. Бұлар дағдарып, қатердің кімнен, қайдан келіп тұрғанын болжай алмай дал ұрады. Батырдың жорық уақыты жақындаған сайын бұлар қысылып, айналаға адақтау жүргізеді. Бұл хабар біртіндеп Қабанбай батырдың қарауыл, жортуыл, тосқауыл, бақыршыларының құлағына шалынады, бұлар да өздері жауаптанған саланы бірден сүзіп, алда келер қауіп-қатердің із-дерегін іздеп, бәрі бірдей сабылады. Өкінішке орай, ондай қатерден ештеңе білінбейді. Сондай бір қысылтаяң сәтте, ерлік жорықты басынан көп өткізген Гауһар анамыз ойламаған жерден Жәнібек батырдың киім-кешек, азық-түлік, қоржын-қолаңын қайтадан тексертеді, ойлағандай Жәнібек батыр азық-түлік салатын қара тұлыптың түбінен жеңді білектей қара жылан шығады. Біреу әдейілеп қастандық жасаған ба, жоқ, азық дайындаушылар білмей үстіне азық салған ба, ол жағы белгісіз, әйтеуір батыр жорыққа аттанса да, аттанбаса да өзіне төніп тұрған қатер ең соңында осы қара жылан болып шығады. «Әйел – жаудың жаласынан, дәудің пәлесінен құтқарушы» деген бұрынғылардың даналығына осы бір тарихи аңыз дәлел болар, ─ деп қараймыз.
Төрт Төлөгетайды өз қолымен өрбіткен Анар анамыз кіші жүз қызы екен, жасынан құс баптау өнерін меңгерген қызды ұзатарда қалауы бойынша Оралдың орауызды атанған әйгілі қыранды бірге аттандырады. Бір күні Арғын Алтай батыр құрбыласы Қытай биді Салбурынға шақырады, құсбегі Анар анамыз: бүгін мына қыранның көзі қанталап, артық тілеп тұр екен, мынау өздеріңе қатер болмасын…деген ескертуіне қарамай сонау Қаратаудың қалың аңына тартады. Ашумен зеңгір көкке жоғалып барып қайтқан қыран әлгі қалың аңға түспей, өз иесіне түсіп, сонан Қытай би не бары 37 жасында өз құсынан қаза табады. Бүкіл ел аяулы жар, әйгілі құсбегі Анар ананың тілін алмағанына опық жеп, зар еңіреп қала береді. Қазақ әйелдерінің даналығына қатысты осындай аңыз-жырлар біздің тарихи шежіреміздің тамаша үлгілері.
Қазақ халқының сұлулық философиясы да өз алдына жатқан үлкен ғылым. Жан сұлулығы, тән сұлулығы, ар сұлулығы туралы айтылатын хикая, аңыз, жыр-дастандар да баршылық. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп қарайтын халық, біздің халқымыз. Өмірге Байжігіт, Жанжігіт атты рулы елді, Қабанбай батыр, Сүлеймен би, Сасан би, Бұтабай би, Жанұзақ ақын, күйші Қайрақбай сияқты ұлы тұлғаларды әкелген ару ана – Мақта апамыз да кезінде дала аруы атанып, сұлулығы мен ақындығы арқылы даңқы шыққан адам екен. Ежелгі эпостардағы Гүлбаршын, Құртқа, Ақжүніс, Гауһар мен Назым, Айша бибі, Қасым ханның анасы – Жақсы бике, Абайдың анасы – Ұлжан ана т.б. ұлы тұлғалардың бәрі де осы жоғарыда айтылған үш сұлулықты өз бойынан әйгілегендігі себепті, сондай ұлы тұлғаларға хандар мен батырларға, билермен шешендерге сүйеніш, арқа тірек бола білген. Қиын-қыстау күндерде соларға құтқарушы, жаралы болғанда арашашы, отбасына ырыс, шаңырағына құт болып қонып, өз құшағынан рулы елді өрбіте білген. Қазақтың ғашықтық жырларын сұлулық жыры деуге де болады. Айтулы азаматтар сол бір қазақ қыздарының бойынан тән сұлулығы, жан сұлулығы, ар сұлулығын танып білгендігі үшін оларды құлай сүйіп, сонан барып ғашықтық жыр-аңыздар дүниеге келген. «Салиха – Сәмен», «Қызжібек – Төлеген», «Қалқаман – Мамыр», «Анар сұлу», «Құралай сұлу», «Күланда», «Күлаш – Шайқан», т.б. бәрі де сұлулық дастандары, әйгілі әнші Хамиттың аяулы жары Жамила «Ойқой, қазақтың келіндері-ай!» деген әнді шырқағанда бүкіл зал сұлулыққа шомғандай толқынды сезім тудырады…
Сұлулық бұрынғылармен кеткен жоқ, қазіргі ұрпақтарымыздан да әлемді сүйсіндірген сұлулар шығып жатыр. Бес жылдың алдында Тайланд елінде өткізілген бүкіл Азия аруларының жарысында Қазақстандық қазақ қызы бас жүлдеге ие болып «Азия аруы» атанды . Өткен 2011 жылы АҚШ- та өткізілген дүниежүзілік арулар жарысында тағы Қазақстандаық тележүргізуші қазақ қызы дүние жүзінің үшінші аруы атанып, әлем халқын қайран қалдырды. Бұлар да жоғарыда аталған үш сұлулықты өз бойынан әйгілей білген қазақ қыздары еді. Осындай қазақ қыздары біздің елде де баршылық, соларды көре де, бағалай да білейік.
Төменде Қазақстандық ақын Жүрсін Ерманның әйелдер туралы толғауын келтірейік:
Қай жерде, мейлі қай елде,
Әлемнің мәні – әйелде.
Мықтымын десең өзіңді –
Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың –
Әйелге болсаң жексұрын.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың –
Әйелден келген ажалы.

Әйелден ыстық от бар ма?
Әйел деп түстік көкбарға.
Қарғағың келсе біреуді –
«Әйелің өлсін» деп қарға…

Әйелмен күнің өлшенер,
Құдайдан кейін сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың –
Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен –
Әйелдер мәңгі жасасын… – деп жырлаған екен.
Өткен жылы ғана өмірден өткен Тұманбай Молдағалиевтың «Бақытым – әйелім, байлығым – балаларым, өмірдегі қызығым – дос-жолдастарым» дегені де көңіл төрімізден орын алған еді. Біз сияқты қарт аналардың бақыты да, сүйген жарлары, отағалары, байлығымыз бен қызығымыз – мына отырған балаларымыз, достарымыз.
Иә, әйелдердің халқаралық 8-наурыз мерекесі орайында барлық мерекелес қауымды ыстық ықыласпен құттықтай отырып, сөзімнің соңын:
– Адамның күні әйелмен –
Әйелдер мәңгі жасасын! – деген жыр жолымен аяқтауды жөн көрдім.

Шәмшабану Қамзақызы
ҚХР-ШҰАР-Үрімжі




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑