banner-top12

Хаттар сөйлейді no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2012 | 1  201 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Әкемді есіме алғанда

 

 

Құстың тілін білетін құсбегі

Әкем ұзын бойлы, сүйегі кесек тұлғасы сымбатты, қимылы аса шапшаң, қағылез кісі еді. Мен әкемнің кенжесі болғандықтан әкем жетпістен асқаннан кейін ғана қыр-сырын біртіндеп біле бастадым.

Әкем жас кезінде бүркітті мырзалықпен ұстаса, кедейлескен кезінде отбасын асырайтын өнер ретінде ұстанған. Шынында бүркіттің тілін біледі десең, артық айтқандық емес еді. Қандай асау, бапшыл бүркітке бір айда түлкі алдырушы еді. Тасбике руы – аңшы, бүркітші ел. Түз бүркітін ұстағандар, бүркіті түлкі алмағандар әкеме бүркіттерін сатушы еді. Сонда алдымен аузын ашып, тілін көретін, тілі қап-қара жылан тіл болуы қажет. Төбесі жалпақ жыланбас, қабағы биік, көзі отты, тұмсығының тесігі кең, езуінің шыбығы жалпақ болуы шарт деуші еді. Желке шудасы жалпақ, ұзын, қауырсыны (жүні) тораңғы жапырақ; иықты кеуделі болуы, балақ шудасы кесек жалпақ болуы қыран құстың сыртқы тұлғасының белгісі дейтін. Жіліктері қысқа, шоқпар сан, саусақтары жуан, бедері кесек, саны көп болуы, кеуде сүйектері де кесек қалың болуы, қыран құстың күштілігінің белгісі дейтін.

Құстың қыраны – “Алтайдың ақиығы” мен “Нарынның саршолағы” деуші еді. Құс үлкен болғанда екі аяғымен екі түлкі ұстамайды, аңды иесін есіркеп алмайды, қандай қыранға да бап керек; құс аңды көріп ұшады, не тілеп ұшады дейтін еді. Әкемді “бүркітті сымсыз ұстайды” деп ел аңыз ететін.

Қалиқазым деген азамат тор құрып бір бүркіт ұстапты. Оны жуасытып баптап, түлкіге салса алмапты. Ол бүркітін әкеме сынатуға әкеліпті. Әкем құсты сынап көріп былай депті: “сен құсты семіздей қатырып ұстапсың, бұл – “Нарынның саршолағы” ілуде бір кезігетін қыран құс. Бір апта қойдың өкпесін жұқалап турап ақ жем бер. Содан соң саятқа алып шық. Бірақ таулы жерге ұшырма, қашып кетеді” – депті. Жазыққа ұшырып, бес күнде 7 түлкі алдырыпты. Бір күні әкемнің айтқаны есінен көтеріліп, бүркітшілермен бірге Көкісін тауына шығыпты. Бүркіттің томағасын алып, тілеген соң қоя беріпті. Бүркіт шырқау көкке көтеріліп айналып ұшып, батысқа қарай зымырап, көзінен ғайып болыпты. Құстың тілін білетін құсбегінің ақылын ұмытқанына қатты  өкінеді екен ол. Әкемнің “жақсы аттың туған жерін аңсағаны сияқты, қыран құс та туған жерін аңсайды,” – деген пайымдауы сонда есіне түсіпті.

 

 

Атбегі

 

Әкем өз өмірінде аты шыққан үш жүйрік ат ұстаған екен. Ел дәмелі аттарын әкеліп әкеме сынатушы еді. Аттың сағағына саусағын жүгіртіп, кеңдігін өлшейтін. Сағасы кең болуы, ой желке, тістері кесек азулы болуы, қабағы биік, көзі отты болуы, танауының тесігі кең, ерінді болу; ешкібас немесе орақбас болуы, жағы етсіз қубас болуы; құлан жал, қазмойын, кеуделі шоқтықты болуы – жүйрік аттың алдының сыны дейтін. Екі алдыңғы аяғының тұяғын бір-біріне тигізіп қойып, шашалығымен тұяғының арасына жұдырығын өткізіп, кеңдігіне өлшейтін. Сіңірін, бақайын ұстап көретін, шашалығымен тұяғының арасы кең, бақайы жуан, сіңірлі болуы шарт дейтін. Құйрығының тұғылын қайырып, сербегіне әкелетін. Құйрығының тұғылы сербегінен асып тұруы қажет екен. Аттың оң-солына, алды-артына шығып қарайтын. Қақпан бел, бауыры жазық, қабырғалы болуы, жүргенде артқы аяғының арасы кең көрінуі, байлағанда селсоқ тұруы, жүргенде секеңдемей салмақты ұмтыла басуы қажет дейтін. “Соңғы аста” бурыл аты алдымен келе жатып, көмбеге таяғанда жер болып кеткен қабырға жығылып, көтеншегі үзіліп өлген екен. Бір немере ұлы азаттықтан кейін өр Алтай жақта қызметпен жүргенде “Қазанқаптың баласымын” десе, “құла ат, бурыл аттың иесі тасбике Қазанқап па?”- дейді екен қарялар.

Әлсізді басынбаған, мықтыға басұрмаған,

Байлыққа тасымаған, кедейлікке жасымаған.

Біздің отбасымыз ертеде бай болып, 1930 жылдан кедейлесе бастаған екен. Әкем 1969 жылы 95 жасында қайтыс болды. «Мәдениет зор төңкерісінде” “Қазанғап тегінде бай, мырза болған. Күреске алу керек” дегенде М… деген қария,  “Қазанқап кедейді қолдап-қуаттамаса, езіп-қанаған жоқ, өздерің сайрай беріңдер”-деп шығып кетіпті. Тағы бір шалдың ұлы сол кезде белсенді болып, жиында әкемнің үстінен әшкерелеуді уағыздағанда, әкесі үндемей отырып, жиыннан шыққан соң үйіне жеткенше ұлын таяғымен желкесіне нұқып, “Қазанқапты мен қанамасам, Қазанқап мені қанаған жоқ. Малын баққаным рас, басыма үй тігіп, бауырыма қазан асып берген” депті. Бір жылы жоғарыдағы қария және бір азамат екеуі таңертең ерте Сауырға қойды көшірмек болып, түйеге қостарын артып жатқанда, әкем бүркітін алып кетіп бара жатады. Сонда әлгі екеуі, “Қажи аға, соғымды қайтеміз”депті, сонда әкем, “мал қолдарыңда емес пе, қажетіңе қарай сойып ала беріңдер”,-деген екен.

Азаматтықтан бұрын Қара күңгейті жайлауында отырғанда ауыл тау бөктерінің биік жағында, көш жолы еңіс жағында екен. Үйде отырғандар жолда кетіп бара жатқандарды көріп отырады. Жол үстінде сол кездегі Сұң бастық бір кедей адамның атын лауға аударып алғанын көріп, әкем бір ұлын шақырып алып, “әнеу мықтының әлсізге көрсеткенін өзіне көрсет”,-депті. Әлгіні атынан аударып тастап, әлсіздің атын алып беріп, мықтының атын үйге алып келіпті. Мықты үйге жаяу келіп, әкемнен кешірім сұрап, жолына түсіпті.

Менің бір ағам айтады: «Біздің отбасымыздың” кедейлескен кезі еді. Күзде Қопа деген жерде отырғанда тасбикенің ішіндегі басқа бір рудың бай адамының бір қойы жоғалыпты. Оны бізден күманданып, жанына сол кездегі бір үкімет адамын ертіп келіп, “үйді тінтеміз” дейді. Әкем, “тінте беріңдер” деді жай ғана. Ол еңгезердей денелі кісі екен. Әкем сол кезде 70 тен асқан болатын. Үйде мен жалғыз едім. Ұрламасақ неге тінте береді деп ойладым . тінтіп болған соң әкем,- “бар ма екен”-деді. Ол “жоқ екен” деді. Сол сәтте әкеміз көз ілеспейтін тездікпен бас жағындағы қамшысын алып, әлгі адамды екпетінен алып соғып, желкесіне мініп, шалбарының бауын үзіп, қамшымен көгала қойдай сабады. Мен қорқып үлкен ағам Әбдірашты шақырып келдім. Ол әрең айырып алды. Кедейді басынып келген байекең құйрығын бұтына қысып безіп берді. Ертіп келген қорғаушысы анау әкемнің астына түскенде-ақ безіп берген.

Жасы әкемнен үлкен жақын туысы тастан қатты Сасық байдың ұлына бір қызын беріп құда болыпты. Бір күні ол туысы амандасып келіпті. Аман-сәлемнен соң әкем оған “бір жерге құда болды деп естідік. Құда құтты болсын. Бірақ баланы малға беруші ме едің, адамға беруші ме едің? Адамгершілігі бар кедей табылмады ма?”- депті. Сонда ол,”жұқарғаннан кейін болды ғой” дейді.

Шешендік, әділдік, көрегендік

Мен 1957 жылы орталау мектепті бітіріп үйге барғанымда, әкем “не кәсіпке баратын болдың” деді. Мен “мұғалімдік кәсіпке баратын болдым”-дедім. Әкем: “инемен құдық қазатын қиын кәсіпке баратын болған екенсің, сапарың сәтті болсын”,-деді.

Мекетеп бітіріп мұғалімдік қызметті бастаған кезімде былай деді: «Оқу толық милы адамды кемеңгертеді, жарты милы адамды толық милы етеді. Бірақ оқу – бір басыңның ісі, қызмет-көптің ісі, жауапкершілігі күшті, өте сақ мұқият бол. Қазанда не болса шөмішке сол ілінеді, біліміңді молайта бер. Сен ақкөңілсің, десе де, қулық екі түрлі: бірі – білімді қу; енді бірі – арамза қу. Егер қу болсаң білімді қу бол. Мәнсапқа қызықпа, халықшыл би – елге  құт, халықсыз би – елге жұт, сондықтан би халықпен би ». Әкемнің жоғарыдағы үш пайымдауы – логика ғылымындағы селлогизмнің әдемі мысалы.

«Мәдениет зор төоңкерісі» кезінде жазғы демалыста үйге барғанымда,”бүгін жақсы адам ертең жаман адам болып жатыр. Қоғамның да табиғат сияқты оңды-солды бораны, жауын-шашыны болады. Заман бұл күйі тұрмайды. Халықпен шығысып қызметіңді жақсы істе, тең жүрсең тоқ жүресің”-деді. «Мәдениет зор төңкерісінде» А…деген ағам күреске алынып, соққы көріпті. Ел жайлауға көшіп бара жатқанда әлгі ағам әкесіне амандаса келіп, ол: “бұл қорлықты көргенше басқа жаққа қашамын”-депті. “Олай істесең артыңды қиратып кетесің, заман түзеледі, әлі-ақ «Айдаш» атанасың”-деген екен. Шынында, заман түзеліп, «Айдаш» атанып, 94 жасында қайтыс болды.

1962 жылы жайлаудағы үйге барып, ертең қайтамын деп қамданып отырғанымда, Гүңшінің бір кәдрі келіп,”орманға өрт кетіпті, көмекке адам жинап жүрміз”- деді. Мен оған,”ертең кеткелі отырмын” дедім. Ол адам кеткен соң әкем маған былай деді: «Өрт-жау, ел шетіне жау тисе, ер азамат отбасында отыра ма? Әлгі айтқаның қате» деді.

Әкем қайтыс болғанда мен басқа аймақта едім. Әкемді бақиға аттандырған ағаларым өсиет сұрағанда әкем былай депті: «Қастық істегенге достық істеңдер».

Әкеме ойым да, бойым да тартпапты. Әкемнің таудай образын тарыдай ізгі істерімен бейнеледім. Алайда, ұлы тау алыстаған сайын биік көрінеді. Сондықтан уақыт өткен сайын әкемді сағына еске аламын, үлгі тұтамын.

 

Дәкей Қазанқап ұлы

Текелі қаласы, Алматы облысы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑