banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Қараша 11, 2008 | 909 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ ЗӘРУ ЖАНДАР БОЛМАҒАНЫ ЖАҚСЫ

Алматы облысы Текелі қаласының Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Жеңісбайұлы Әбдәлиев мырзамен  азды-кем сұхбатта болған едік.

 

    – Ерлан мырза, Текелі халқының әл-ауқатымен,  жұмыспен қамтылу жағдайы жайлы не айтар едіңіз?

   – Текелі қаласында 27700 халық тұрады. Соның 50 пайызы жұмысқа жарамсыздар. Көбісі зейнетақымен қамтылатын қарттар. Ал жұмысқа жарамды 12 мың адамның  964-і жұмыссыз. Сондықтан да тұрғындар жағдайы орташа мөлшерде деп айтуға болады.

            – Сіздер тарапынан тұрғындарға қандай көмектер қарастырылған?

       – Мен 2005 жылдан бастап осы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істеп келемін. Бізде, негізінен, әлеуметтік көмектер тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға Қазақстан Республикасында белгіленген (2008ж.) ең төменгі жалақы есебінде 12215 теңге қаржылай көмек береміз және жұмыссыз  адамдарды жұмыспен қамту негізінде  қоғамдық жұмыстарға жібереміз. Ал жұмыс болмаған жағдайда өзімізге тіркеуге алып, ақылы қоғамдық жұмыстар береміз.

          – Текелі қаласында бүгінге дейін келіп қоныстанған қандастарымыз қанша? Олар қай елден келіп қоныстанып жатқандар?

      – Текелі қаласында  қандастарымыз мөлшермен бір жарым мыңдай адам, 900-дей отбасы деуге болады. Көбі Өзбекстаннан, Қытайдан, Моңғолиядан көшіп келгендер.

   – Сіздер тарапынан ауылдарыңызға келіп қоныстанған қандастарымызға қандай көмектер көрсетіледі? Бүгінге дейін оларға қандай көмек көрсете алдыңыздар?

            – Бізге жағдайы бойынша келіп көмек сұраған азаматтарға әрқашанда көмек беруге дайынбыз. Біз бұл жерде тұратын тұрғындарды бөлмейміз. Шеттен келген қандастарымызды да біздің тұрғынымыз есебінде санап, бәріне бірдей көмек көрсетіледі. Көмекке мұқтаж қала тұрғындарының қай-қайсысына да мүмкіндігінше қол ұшымызды беруге әрқашан дайын болып, шамамыз келгенше көмектесеміз. Яғни, оларға атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға көмек және т.б. Сондай-ақ,  жұмыссыздарға техникалық мамандықтар бойынша Текелі қаласындағы кәсіби мектепке мемлекет ақшасынан ақысын төлеп үш ай көлемінде оқуға жібереміз де, міндетті түрде өзіміз оны жұмысқа ұсынамыз.

            Ал қандастарымызға квота беру, жер, баспана мәселесі, біздің құзырымызға жатпайтын болғандықтан, ондай істедік деп айта алмаймын. Біз тек еңбекпен қамту мен жағдайы төмен отбасыларына әлеуметтік жағынан көмектесе аламыз.

Осы жыл ішінде біздің бөлімімізге мөлшермен көмек сұрап келген 20- ға жуық адамның 4-5 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға, он шақты адамды кәсіби даярлауға жібердік. Жалпы әлеуметтік көмек – 100-120 отбасыға берілді.

          – Жұмыспен қамту барысында қандастарымыздың азаматтық және тіркелу жағдайына қарайтын шығарсыздар?

            – Бізде заң бойынша міндетті тұрде осы Текелі қаласында тіркеуде болу керек. Ал тіркеуі басқа аудандарда болса, онда ол азамат сол өзі тіркелген аудан, ауылдарға барып жұмыс сұрауына болады. Сондықтан бізге қоныстанғысы келетін қандастарымыздың міндетті түрде  тұрақты тіркеуі болуы шарт.

            – Алдағы жоспар-жобаларыңыз?

            – Жоспарымыз көп. Қала халқын 2008 -2010 жылға дейінгі жұмыспен қамту Бағдарламасы бойынша жасалған жоспарларымыз бойынша алда талай іс күтіп тұр…

            – Ескі жылымыз жылжып, жаңа жылымыз келе жатыр. Ескі жылда орындалмай қалған  әттеген-айларыңыз бен жаңа жылдан күтер жақсы үміттеріңіз?

            – Өткен жылға өкпе жоқ. Барлығы ойдағыдай деп ойлаймын. Ал жаңа жылда табыстар көбейіп, халқымыз жұмыссыздықтан аулақ, әлеуметтік көмекке зәру жандар болмаса екен. Әркім өз қалауынша еңбектеніп, тұрғындарымыздың әл-ауқаты күннен-күнге жақсара түссе екен деймін. Жаңа жыл бізге құт, береке-бірлік әкесін!

            – Сізге көп рахмет! Алдағы жұмыстарыңыз жемісті болғай!

 

                                               Айжан  БОДАУБАЙҚЫЗЫ

                                               Алматы-Талдықорған-Алматы

2008 жыл

Тэгтер:




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑