banner-top12

Өнеге oiuorniekkurastyrukazaktynulttyksndikkoldanbalyonieri-10

Қосқан уақыты Желтоқсан 15, 2016 | 545 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ӘР УАҚЫТ ІСІМІЗ ИГІ БОЛСЫН

 

Біздің тәуелсіздігімізді сақтайтын тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз және мәдениетіміз.

Мысалы, 1977 жылдың 17-21 қараша айында Арменияның астанасы Ереванда «Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудегі теория мен тәжрибенің байланысы» тақырыбында бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференцияға баяндамамен қатыстым. Қасымда Севастополь қаласының тұңғыш пионері Бержицкая Валентина Ивановна және Түрікменстанның мектебінен келген биологиядан беретін мұғалім үшеуіміз көшеде келе жаттық. Бір кезде «женщины» деген сөз қайта-қайта естілді. Қарасақ, орыс ұлтының әйелі екен, бізді тоқтатып: «извините, пожалуйста, давайте поговорим по-русский, хотя-бы 5 минут» – деп өтініш жасады.Содан сұрақ-жауаппен таныса келсек, ол Мәскеудің тумасы, армян жігітіне тұрмысқа шыққан екен.Отбасында 4 балалы болады, бұл елде тек өз тілінде ғана сөйлеседі екен, сондықтан да өз орыс тілін ұмытуға жақын қалған. Міне,біз осы кездесуден біріншіден, бейтаныс әйелдің ұмытылып бара жатқан  өз ана тілін соншалықты сағынғанын байқасақ, екіншіден армян халқының өз ана тілін соншалықты сақтағанын байқаймыз. Лайым армян халқының өз ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі бізге де жұғысты болғай!

1968 жыл. Біз қала маңындағы “Жаңадәуір” ауылында тұратынбыз.Мен мектепте мұғалім болып істеймін. Бауырымның асырқатына байланысты  кәсіподақ ұйымынан маған  Грузияның «Боржоми» санаториясына жолдама берілді. Көрсетілген мерзімге жету үшін осы жылдың 31-желтоқсанына Тбилисиге Ташкент қаласы арқылы ұшуға ұшаққа билет алынды. Жолдасым Нұрдин екеуіміз Алматы қаласында тұратын сыныптасымыз Рахмет пен Сұлужанның үйіне тоқтадық. Мені шығарып салу үшін Рахметтің інісі, 6-сынып оқушысы Серік бәріміз Алматы әуежайына келдік. Ұшу мерзімі бойынша сағат 22-де ұшып кеттік. Мен терезе жақтағы орындамын. Жанымда Нэли Омиадзе есімді грузин қызы отыр. Ол Медеу мұз айдынында өткен халықаралық шаңғы жарысына қатысқан екен. 3-орында Нэлидің жетекшісі жігіт отырды. Ұшағымыз қонайын деп жатыр. Мен бұрын Ташкент қаласында болмаған едім, терезеден қарап Нэлиге: «Ташкент әуежайы біздің Алматы әуежайындай екен» дедім. Ол: «Жоқ, олар ұқсамайды» деп, терезеден қарап еді, сөйтсек, шыныменен Алматы әуежайына қонғалы тұр екенбіз. Ташкент тұман болғандықтан қабылдамай, ұшу мерзімі 18 сағатқа жылжытылды. Жаңа жылды әуеде өткізіп, қалаға 1969 жылы 1қаңтарда сағат 3-те келдік. Рахметтікіне келіп, есік қақтым. Бәрі ұйықтап жатыр екен. Есікке Серік келді. «Мен Шәмшиямын» дедім. Серік «Өтірік айтасыз, біз апаны ұшақпен Ташкентке шығарып салғанбыз» деп, есікті ашпады. «Онда ересектердің біреуін оят» дедім. Содан есікке Сұлужан келді. Ол да сенбейді. Онда «мен көше жақтан терезеге барайын, түрімді көріп сенерсіңдер» дедім. Терезеден мені көрген екеуі де әрі қорқып, әрі таңқалғанынан дауыстары да қатты шығып кетті… Бұл бір ертегідегідей  қызық есте қаларлық  жағдай болды.

18 сағатымыз бітіп, Ташкентке де жеттік. Тағы да тұманға байланысты ұшу мерзімі 3-4 сағаттан жылжи берді. Нэлимен терең танысар уақыт келді. «Тіл алмасу» жоспарын құрдық. Екеуміздің қалауымыз бойынша, мен оған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын», ол маған «Суликоны» үйрететін болдық… Әуенімен екеуіміз екі әнді екі тілде «дуэт» болып орындаймыз. Біз үшін «тұман бола берсіннің» кері келді. Ендігі уақытта 60 сөзден «қажетті» деген сөздікті жаттауға кірістік. Уақыт жылжуының ұзын саны 5 күнді әуежай қонақүйінде өткізіп, «тіл алмасу» жоспары да орындалды.

Тбилисиге де келдік. Олар мені Боржомиге әкеліп орналастырды.Өздері Бакурианиде тұрады екен, мені кейін алып кетіп қонақ етті. (1970 жылы олар бізде қонақта болды)…

Санаторияда 2 рет емнен кейін мен ауырып, мені аудандық ауруханаға әртүрлі талдауларға (анализдерге) жіберді.Сондағы талдау қағаздары, мекемелер маңдайшасындағы атаулары т.б. бәрі тек грузин әрпімен, грузин тілінде. Бұл 1969 жыл, яғни бүгінгіден жарты ғасырдай уақыт бұрын. Оларда да Кеңес Одағы кезеңі емес пе? Соның өзінде тілдерін де, әріптерін де өте мықты сақтаған. Лайым грузиндердің де осы істері бізге жұғысты болғай!

Әрине,менің грузин сөзін үйреніп, ол халықпен сол тілде сәлемдесіп, білгенімше сөйлесуімді және «Суликоны» сол санаторий демалушыларының қатысуымен болған концертте орындағанымды олар өздеріне деген құрмет деп қабылдады.

Кеңес Одағы кезінде мектептерде әр сыныпқа әр республика бөлініп, сынып оқушылары сол республика тарихын ғана біліп қоймай, мүмкіндігінше сол елдің  өнерін де орындайтын.Осы орайда мен жұмыс істеген мектептердегі Грузин республикасы бөлінген сынып оқушыларына  «Суликоны» үйретіп, соңында мені «Сулико» апай деп атайтын. Кейін сол кездегі Омаров Болат есімді оқушым 50 жасқа толып, мерейтойына шақырды.Той соңында Болат, келіншегі Раутай, 2 ұлы мен қызы бәрі, мектеп кезін еске түсіріп  «Суликоны» орындап берді. Ұстаз үшін бұдан артық қандай бақыт керек!

1972 жыл. Алматыда жалпы білім беретін қазақ тіліндегі мектеп жалғыз №12 мектеп еді. Басқа мектептердің бәрі түгел орыс мектептері болды. Ал, қазір ше? Тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі таңда Алматыда қазақ мектептерінің көптігі сонша, онда оқитын оқушылар санының көптігі сонша, кейбір мектептерде 3 кезеңмен (сменамен) оқиды. Қуантарлық дерек!

Алматы қаласы, “Жетісу-2″ ықшам ауданында орналасқан №117 орыс тіліндегі мектепте биыл, яғни, 2016 жылы 1-сыныпқа барған оқушылар санының көптігі сонша, сынып саны 12 болған. Зейін салып қарағанда сонша оқушылардың 10 пайызы ғана орыс ұлты, қалғандары біздерден, сол сияқты ұстаздардың да көпшілігі біздерден. Әрине 1-сынып оқушысының орыс, қазақ деп таңдайтыны өте аз. Бұл осыншама оқушылардың ата-аналары орыстанып кеткендігінің белгісі. Қазақстан авторлар қоғамының бас директоры, әнші, актер Байғали Есенәлиевтің «…Мен қазір орыстардан қорықпаймын, орыстанып кеткен қазақтардан қорқамын» дегеніндей, мұндай жағдайдан бәріміз де қорқуымыз керек. Қандай өкінішті!

Менің әкем Әшімов Әбдуәлі 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Ол кезде мен анам Құлымбетова Рәзияның құрсағында 6 айлық екенмін. 1941 жылдың 11 ақпанында мен дүниеге кліппін. Жазда Ұлы Отан соғысы басталды… Менің әкемнен 1943 жылдың қазан айында соңғы хат келеді… Анам жас, жесір қалады. Сырттай оқып, өмірін ұстаздықпен өткізді.1958 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп, мендей жетім қыздар үшін ашылған Қазақтың қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түстім. 1963 жылы бітіріп Алматы қаласы, Іле ауданы, Жаңадәуір мектебінде ұстаздық еттім. Отбасы жағдайымызға байланысты 1972жылы Алматыдағы жалғыз қара шаңырақ №12 мектепке математикадан мұғалім болып орналастым.Мектеп директоры,Социалистік Еңбек Ері Нұртазина Рафика Бекенқызы «Шәмшия, Қызылорданың қызы екенсің, кілем тоқи білесің бе?»-деді.

Әрине, соғыстың кезінде таршылықты да, қысымдықты да, жетімсіздікті де…басынан өткізген әйел заты 1950 жылдардан бастап өз-өзіне келіп, ес жинай бастаған уақыт еді. Соның бір дәлелі, қой, ешкі жүндерінің бір қылын да ысырап етпей, қыздарды төсеніш үшін тақыр кілем мен алаша, тұсқа тұту үшін түкті кілем тоқуға үйретті.Үйрететін шеберлер 6-7 ауылдан 1-2  ғана апалар табылатын.Сол жылдары кілемге есім жазу сәнге айналды. Мен мектепте сызу пәнінен әріптерді шрифтімен жазудан ылғи көрмелерден 1-орын алатынмын.Сондықтан болар, кілем тоқытып жатқан үй есім жазуға мені шақырады. Осылайша анам ұйымдастырған 1956 жылы, 8-сыныпта оқып жүргенде «Шәмшия» деп жазылған, өлшемі 3х2шаршы метр түкті кілем дүниеге келді. Бірақ 99 қатесі бар.

Міне, осылайша Рафика Бекенқызына кілем тоқи білетіндігімді айттым. Мектепте кілем тоқу үйірмесін аштық.1973 жылы қысқы демалыс кезінде мектепке  ССРО  БЛКЖО-ның бірінші хатшысы Новожилова Зоя Григорьевна қонаққа келді.Ол кісі келмес бұрын директор тоқылып жатқан кілемшені қонаққа «қуыс үйден құр шықпас үшін береміз, бітіріңдер» деген. Кілемше сыйлыққа ұсынылды. Бұл көрініс 10 қаңтардағы «Правда» газетіне Б. Ибраевтың «Юным мастерицам» атты мақаласымен шықты.

Көп ұзамай, яғни 19 қаңтарда «Казахстанская правда» газетіне «Истоки прекрасного» мақаласы шықты. Баспа беттеріндегі мәліметтерден кейін оқу министрі Бөлтірікова Балжан мен бірінші орынбасары Есенжолова Роза  келіп: «Еңбек пәнінің сағаттарын берейік, кілем тоқудан бағдарлама жасай аласызба?» деді… Сол кездегі  өнер училищесінің  директоры Акраб Құдайбергенұлы Жұбанов болатын. Сол кісінің нұсқауымен берген кеңесін пайдаланып, бағдарламаны қазақтың қолданбалы өнерінің қыздарға тән түрін қамтып жасадым… Бағдарламаның шығуы мен пән болып енуі министрлікте бекітілді. Жоғарғы сыныптар саны 2-ден, 3-тен еді. Осы кезде неміс тілінің деңгейі түсіп, ағылшын тілі көтеріліп тұрған кезі еді. Директор жоғарғы сыныптардың «А» әріптеріне талантты және ата-анасы жағынан да жан-жақты қолдау болатын оқушыларды іріктеп, еңбек пәні сағатының есебінен ағылшын тіліне бөліп, «Б» мен «В» сыныптарын еңбек пәніне бөлді…

Бүгінгі таңда қалай болып отыр?Қазір еңбек, сурет, сызулардың басын біріктіріп бір пән етіп, бар сағаттар ағылшынға беріліп отыр.Сағат жетпеген соң өз тілімізде өткізілетін кейбір пәндер аптасына 2 не 3реттен ағылшын тілінде өткізілуде. Осы жағдайларды барлық оқушылар меңгере алар ма екен? Сондықтан Нұртазинаның «іріктеу»тәжірибесі тиімді болмас па екен? Әрі менің де еңбек пәнімнің өз сағаты өзінде қалар ма еді деген ой туады.

Елімізде қолөнері дамып жатыр. Өте жақсы, мақтанарлық жағдай. Дегенмен, осы қолданбалы өнер нышандары мектептен басталса нұр үстіне нұр болар еді.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қыдырханов Уахап ағамыздың айтуындай, президентімізді алғаш шақырған Түркия еліне келгендегі үш үлкен қошқардың құрбандыққа шалынғандығын көз алдымызға елестетіп көрейікші. Хадис бойынша келе жатқан жамандық малдың қанымен кетеді делінеді. Шындығында, шүкір, біз Украина еліндегідей емес, үлкен сынақтардан аман келеміз. Ендеше садақа, құрбандықтың да  жеңілдігін ұмытпайық.

Менің есімімді Әшім атам құрандағы «Шамс» сүресіне орайластырып «Шамсия» деп қойыпты. Бұл араб сөзінің қазақша аудармасы «күн» екен. Бір хадисте«Әйелдің төбесін күн шалмасын, кіндігін жел шалмасын» делінген. Өзім ойлаймын, есіміме сай Алланың маған әрі жәрдемі, әрі қорғаны болған болар, көпшілігінде басымнан орамалым түспеді. №12 мектепте істеп жүргенімде бір мұғалім педагогикалық кеңестің төрінен: «орамал тартқан мұғалім оқушыларға қандай тәрбие бермекші» деп те ескерту жасап еді. Ал, қазір, тәуелсіздігіміздің дінді мойындағанының белгісі – орамалға шектеу жоқ.

1978 жылы №12 мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Нұртуғанова Октябрина Мағазовна бақилық болды. Әкесі Мағаз ата сонау солтүстік облыстан келіп, 4-5 қабатты үйлердің бір қуысына тығылып, азын-аулақ ер пенделермен Октябринаның жаназа намазын оқып, шығарып салды. Ол кезде «жаназа» шығармақ тұрмақ, оған қатысудың өзі де сөз болатын.Ал, бүгінгі таңда бәрімізді қуантатын Дін министрлігі құрылып отыр. Бұл -тәуелсіздігімізде дін мәселесінің әділ де, шапшаң шешілетіндігінің нышаны.

1977 жыл. Бұл кезде біздің теледидарда бүкілодақтық бір ғана канал болатын. №12 мектептегі қолөнер пәнінің барысы біраз белгілі болған еді. Оқу министрлігі мемлекеттік теледидар комитетінің басқарушысы Қасенов Хамит ағайдың өтінішімен теледидардан бір жылға айына бір рет, жарты сағаттан қолөнерінен сабақ өткізу туралы мені шақыртты. Канал бүкілодақтық болғандықтан, сабақтың орыс тілінде өтуін қалады,бірақ мен оған келіспедім.Себебі, мен қазақ мектебін бітіргендіктен қолөнер терминдерін аудару және қазақ мектебі оқушыларын орыс тілінде сөйлеуге дайындау қиналатын болдым. Хабардың режиссері Қосанов Төлеу ағай: «сабақта сөзден гөрі, көрсететін іс көп қой, бөтен ұлттың көрермендері көріп-ақ түсінеді» деп, хабар басталып та кетті. Расында да Төлеу ағай айтқандай бір жылға жоспарланған хабар, одақтас ел көрермендерінің хатпен жіберген өтініштері бойынша үш жылға созылды. Ол кездегі талап бойынша жазылып алынған хабар, міндетті түрде комитет мүшелерінің алдынан өтіп, талқыланатын. Нәтижесінде жақсы шыққан хабар тақырыбы қызыл тақтаға, нашар шыққаны қара тақтаға жазылып, қызыл тақтадағыға төлемақы (гонорар) жоғары төленіп, қара тақтадағы хабар эфирге шықпайтын. Біздің сабақ тақырыбы қызыл тақтаға көп жазылғандықтан аз бөлінетін түрлі-түсті хабарды бізге береді екен.

Теледидардың қазіргі жағдайына келсек, не көп, канал көп. Хабардың бәрі тек түрлі-түсті, ал ақ-қара хабарды іздесең таппайсың. Әрине, бұл дағы тәуелсіздігіміздің арқасы. Өкінішке орай, мен не журналист, не жазушы емеспін, жай көрерменмін, қаншама қателердің сорақысы… өтіп жатыр. Соған қарағанда қазіргі теледидарда не қара, не қызыл тақтаға ағаш жоқ-ау!

Мен №12 мектепте «қолданбалы өнерді» пән ретінде өткізуде қатты қиналдым… Кілем тоқу үшін-эскиз керек, эскиз жасау үшін-мазмұн керек. Сол мазмұн үшін күйшілер «Күйші Құрманғазы», «Күйші Дина» т.с.с.тақырыптарды пайдаландым. Бір мысал, Америка қызы Саманта Смидтің өмірбаяны жазылған Юрий Яковлевтің «Саманта» атты кітабынан қажет тақырыптарды оқушыларға үйге тапсырмаға беріп, олар келесі сабақта оқығандарын айтады. Осылайша , «енді кім қай тақырыпқа кілем тоқығысы келеді?» деген сауалға жауап: біреуі «Күйші Құрманғазыны»…, Сәрсенбаева Майгүл «Саманта Смидтті» тоқуды таңдады… Кілем тоқылып біткен соң көрнекілікке ілінді. Келесі оқу жылындағы 7-сынып оқушысы Елубаева Рауан «Апай, мен Самантаға арнап күй шығардым, тыңдап көресіз бе?» деді. Күйдің  өте жақсы шыққандығы сонша, тыңдап отырып, Саманта өмірін еріксіз көз алдыңа елестетесің.

Енді осы күйді тек Қазақстанда ғана тыңдап қоймай, сонау пәлен шақырым жерде отбасында жалғыз, жесір қалған  Самантаның анасына, қайғысын басу ретінде жіберуді ұйымдастыру ойға келді. Кілемнің түсті слайдын жасаттым.Күй нотасын жіберу үшін күй композиторлар Одағынан өтуі керек болды. Мұны Рауанның әкесі педагогика ғылымдарының докторы, ҚызПУ-дің профессоры Елубаев Советбай әртүрлі кедергілерді баса-жоя жасап берді. Америкадағы мекенжайды Орталық кітапхана Мәскеу арқылы тауып берді. Сонымен поштамен  слайдты, Майгүлдің кілемді ұстап тұрған суреті және Рауанның домбырамен күй тартып отырған суреті мен күй нотасын бандерольмен жібердік. Осылайша Майгүл мен Рауанның «Самантасы» біздің елде ғана емес, Америкада да бейбітшіліктің символы ретінде қалсын дедік.

1991 жылы 10 маусымда Американың «Саманта Смидт” орталығынан мені, Майгүл мен Рауанды шақырған хаты келді. Ол кезде менің де, Майгүлдің де, Рауанның да өз қаражатымызбен баруға мүмкіншілігіміз жоқ еді. Ал, қазір ше? Қазір  Тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыздың көпшілігінің  қай жағынан болса да шетелге шығуына еш кедергі жоқ.

Осы қатысып, тыңдап отырған жастар, ағаларың мен апаларыңның «өкінішке қарай», «әттеген-айларын» жөндеу сендерге аманат. Аманатқа- қиянат жасамаңдар,себебі келешек сендердікі.Алла сендерге тәуелсіздіктің 100 жылдықтарын тойлауға нәсіп етсін!

Әбдуәлиева Шәмшия,

этнограф,ардагер ұстаз.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑