banner-top12

Этнография загруженное (6)

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2014 | 5  643 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Әйел, қызбалаға қатысты қазақ халқының салт-дәстүрлері

 

  Құрсақ тойы (дәстүр). Жас келіншектің екі қабат болғаны белгілі болса, оның абысындары мен қайын сіңілілері сол үйге оңаша құрсақ тойын жасатып, аман-сау босануына тілек білдіреді. Қазақ ғұрпы бойынша бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады.

Қазанжарыс – әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып жарысады. Халық ұғымы бойынша туатын бала «қазан жарысқа қатысып» одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

  Сүйінші. Қуанышты хабар жеткізуші адам сүйінші, сүйінші деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі қалағаныңды ал дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай ерсілігі жоқ .

 Шілдехана. Кей жерлерде шілделік деп те атайды. Жаңа туған нәрестеннің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той. Мұнда «балаңыздың бауы берік болсын» дегендей құтты болсын айтылады, жастар жиналып ән салып, домбыра тартып, өлең, жыр айтады. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Шілдехана өмірге адам келгеннің және оған қуанудың бір белгісі.

Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Бала туғанда, келін түскенде, тағы сол сияқты зор жақсылық, қуанышты күндерде әйелдер құрт-кәмпиттен, күміс тиыннан шашу шашады. Шашылған шашуды тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып, балаларына апарып береді. Шашуды әйелдер ғана шашады.

Қалжа. Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, құрмет, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

Тымаққа салу. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсырген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халыққа әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі.

 Бесікке салу. Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға бесікке салар яғни кәделі сый беріледі.

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіліп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.

 Иткөйлек (ғұрып) – ырымшыл халқымыздың баланы қырқынан шығарғаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, оны иттің мойнына байлап жіберетін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағы ит көйлекті шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.

Қырқынан шығару. Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Әдетте баланы қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр.

Тұлым. Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны тұлым деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады.

 

Тұсаукесер. Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді.

 

Қынаменде  «Қынаменде» (дәстүр). «Қынаменде, жар жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» (Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы. Күйеудің бұл жолы әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер «қалыңдық ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғұс ұрын келді, Қисайтып жаман бөркін қырын келді» (Н.Ахметбеков). Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас жораларымен келеді. Мұны « есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Әрине «ұрын келудің де кәде жоралары аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты. «Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады. Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс туғандары (аға інілері) қазақ әдет ғұрпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді. Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар, т.б.

 

Қыз қашар  «Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.

 Балдыз қалың  Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.

 

Өңір салу  Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.

Келін түскен үй бұлардың күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы).

Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті ақ.

 

Шаңырақ түйе  «Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт « пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.

 

Түйемұрындық  Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

 

Итаяғына салу  Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина,күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

 

Ау жар  Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:

 

Буынғаным беліме кісен бе еді, ау жар ау,

Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау жар ау,

Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау жар ау,

Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау жар ау!

Мінген де атың боз ғана, бике ау,

Күйеуің сенің боз бала, бике ау.

Өксігің сенің басылмас, бике ау,

Әлдилеп бала сүйгенше, бике ау.

 

Мінген де атым жиренше, үкі ау,

Тықыршып тұрар мінгенше, үкі ау,

Қыз көңілі басылмас, үкі ау,

Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі ау!

 

Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа ай ау,

Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа ай ау,

Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай ау,

Көзінің жасын қойнына, төксін апам, ай ау!

 

Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.

 

Сыңсу  Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанр алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.

Базардан келген құйысқан

Тарамай шашым ұйысқан.

Келіп кетіп жүріңдер,

Сағындырмай туысқан

деп өзінің өтінішін де айта жүреді.

Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.

 

Үй көрсету  Үй көрсету (дәстүр). Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге» (шығыс жақ «отқа шақыру» дейді» яғни есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны « ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын яғни әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны да бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.

 

Қоштасу  Қоштасу (салт). Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата анасымен, аға інісімен, сіңлісі, жақын жуықтарымен қоштасу жырын айтады.

әуеден ұшқан бұлдырық,

Құбыладан соққан ызғырық.

Жатқа кетіп барамын

Жаратқан соң қыз қылып,

Атасы жақсы құл болмас,

Анасы жақсы күң болмас.

Оң жақтан кетіп барамын.

Қыз еркелеп ұл болмас,

деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:

Жанымдағы қыным ау,

Сіңлілер мен інім ау.

Жыл айналып келгенше,

Қош аман бол күнім ау,

деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды.

Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:

Жылама, бикем, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама.

Ұл болып тусаң әуелден,

Сені мұндай қыла ма?

Деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.

Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын туыстық қимас сезім, алдағы арман бәрі бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.

 

Қыз ұзату  «Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі.

Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады.

Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады

 

Сәукеле кигізу   Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар жар ау» (жар жар). Өмірде қазақ салт дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Бұған құда құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер етеді.

Сәукеле туралы бірер сөз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән салтанатының, салт дәстүрінің мәдениеі мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс! ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.

 

Жасау  Жасау(салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс аяқ, төсек орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

 

Сүт ақы  Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.

Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.

 

 

Өлі тірі  “Өлі тірі” (дәтүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң өлген күеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.

 

Жолдық  Жолдық (дәстүр). «Қайным, жолдығымды ұмытпа, толымды болсын, деді жеңгесі Қаным күле сөйлеп» (ел аузынан). Алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп өздеріне төсек салып алаңсыз, жайлы жатуына жағдай жасайтын әйел әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен бірге, әзіл қалжыңын араластыра жүріп, алғашқы төсек ләззатының жөн жосығын, әдет ғұрпын түсіндіреді. Ертеңіне келіннің пәктігіне де осы жеңге куәлік береді. Мұндай сәт әдепті, үлгілі, үлкен кіші бірдей сыйлайтын, бала шағалы келіндерге ғана тапсырылады. Бұл күн жұптық, некелік өмірдің ұмытылмас сәттерінің бірі. Сондықтан бұл түнді көңілді әрі жайлы өткізудің орны мүлде бөлек. Бұл күтіп, қайнысының жылы төсектен тұрған сәтін күтіп тұрып, « ерініңді жібіттім, қойыныңды жылыттым, енді жолдығымды бер» деп назданады. Жөн білетін қайнысы жеңгесі риза болатындай «жолдығын» беріп, ерлі зайыптының алғашқы таңын күліп қарсы алады.

«Жолдықтың» жолы бөлек. Сондықтан оған аталатын кәде де толымды әрі бағалы болады.

 

Беташар  Беташар(дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.

Келін келді көріңіз,

Көрімдігін беріңіз.

Анау мынау демеңіз,

Түсін айтып қойыңыз,

деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі. Осы заманғы үлгісі деп Қазақстан Республикасының халық ақыны Қонысбай Әбілевтің Торғай жерінде Жасұлан мен Ұлбосынның үйлену тойындағы беташарын беріп отырмыз.

Құлағың сал көпшілік,

Домбыраны қолға алып.

Тереңінен жүректің,

Тебірене толғанып.

Беташарға қам жасап,

Әсем жырды толғалық,

Қадам басты екі жас

Ақ тілекті жолға анық.

Атасы мен анасы,

Айналады толғанып.

Той тамаша басталды:

Куә соған бол, халық!

Шын көңілден қуанып,

Шаттанға не жетсін,

Ақ көңілден лебізді,

Ақтарғанға не жетсін.

Сыйластығын көңілдің,

Сақтағанға не жетсін.

Той біткен соң риза боп,

Аттанғанға не жетсін.

Келін ойдан шықты деп,

Мақтанғанға не жетсін!

Көпшіліктің үміті,

Ақталғанға не жетсін!

Басқа орманның бағында,

Пістім деме келінжан.

Қай ортаға топ етіп,

Түстім деме келінжан.

Айдынынан айрылған,

Құспын деме, келінжан.

Қай өзеннен енді су,

Іштім деме, келінжан.

Не боларын кім білген,

Істің деме, келінжан.

Ахаң мен Жахаңның,

Елі болған, бұл Торғай.

Әбдіғаппар, Әлидей,

Ері болған – бұл Торғай.

Амангелді, Кейкінің,

Жері болған – бұл Торғай.

Ән мен жырдың қашанда,

Кені болған – бұл Торғай,

Талай-талай тарихқа,

Желі болған – бұл Торғай.

Таңатқан палуан Нұрханның

Төрі болған – бұл Торғай!

Қадіріне елінің

Жете алғайсың, келінжан.

Жаңалыққа бірден-ақ,

Бет алғайсың, келінжан.

Талай сыннан сүрінбей,

Өте алғайсың,келінжан.

Қызуы мол ошақтан

От алғайсың, келінжан.

Жүрегіңнің жылуын,

Қопарғайсың, келінжан.

Ел-жұртыңды ырза ғып,

Бата алғайсың, келінжан.

Жас отаудың бүгінгі,

Тірегі сенде, келінжан.

Атаң менен енеңнің,

Жүрегі сенде, келінжан.

Жиналған мына халқыңның.

Тілегі сенде, келінжан.

Ертеңгі тарар ұрпақтың,

Легі сенде, келінжан.

Артымда әкем қалды деп,

Күйзеліп іштей налыма.

Қинала көрме, келінжан,

Үйіме барып келем деп,

Әкемнің жүзін көрем деп,

Жинала көрме, келінжан.

Қанша жыл білім жинаған

Жазушы, ақын, әрі ұстаз

Таланты бойға сыймаған,

Сегіз қырлы, бір сырлы,

Ортасында сйлы адам,

Алысқа кеткен атағы

Дуалы аузы баталы

Азамат қылып өсірген

Алты бірдей ботаны.

Бар байлығы – баласы,

Дүние артық жимаған.

Сол үшін де халқы оны,

Көтеріп көкке сыйлаған.

Қайын атаң да, әрі әкең

Секеңе жаса бір сәлем.

Артымда анам қалды деп,

Жанарын жасқа малды деп,

Қинала көрме, келінжан,

Үйіме барып келем деп.

Анамды күнде көрем деп,

Жинала көрме, келінжан.

Анаңдай етіп сыйласаң,

Қызына сені тең деген,

Сөздерің шықса бір жерден,

Қиындық қалмас жеңбеген.

Келінді болдың дегенде,

Өз құлағына өзі сенбеген.

Көңілге кірбің түскенде

Ақ пейілмен емдеген,

Қисық тісті түзетіп

Ақылымен жөндеген,

Мінезі жібек, жайдары

Самалды күндей майдағы.

Сабырменен салмақты,

Бітірген ісін ойдағы

Тұрсын сынды енеңе,

Келінжан, жаса бір сәлем!

Қызмет етіп халқына,

Мойнында парыз өтелген.

Керек кезде тайсалмай,

Нардың да жүгін көтерген

Аталы сөз айтуға,

Топқа бір түсіп төселген.

Соңдарынан сеніммен,

Елінің бүкіл көші өрген,

Осында бүгін отырған

Азаматтарға бір сәлем.

Шеттерінен ақ көңіл,

Жүздері гүлдей жайнаған.

Құлақта жалғыз сырғасын,

Көрімдік етіп сыйлаған,

Мінезі қандай биязы,

Көркіне көзі тоймаған,

Жанында тұрған ағайдың

Аяғын басып ойнаған,

Жеңгейлерге бір сәлем!

Жарғақ шалбар борбайда,

Мойынға гитар асынған,

Сұлу көрсе сұқтанып,

Күшіне қуат қосылған.

Жалбырап ұзын шаштары,

Кездесе қалса тосыннан

Сондай бір кезде түрінен,

Көрген бір адам шошынған.

Қайын інілерге бір сәлем!

Ұйқысы қанбай оянбай,

Жұмысқа ерте бармаған.

Той болса бұрын жиналып,

Кешігіп одан қалмаған.

Секіріп-қарғып билесе,

Тұрған жері шаңдаған.

Қолдары босай қалғанда

Өзіне серік таңдаған,

Қайын сіңлілерге бір сәлем!

Қуанышты бөлісіп,

Шаттықтан жайнап түлеген,

Ақ көңілден қашанда

Сендерге бақыт тілеген,

Жақсы болсаңдар қуанып,

Төбесін көкке тіреген,

Жапырағы жайқалған

Тамыры терең бір емен

Көпшілікке бір сәлем!

Манадан бері өзіңе,

Ақылын айтып қақсаған.

Ақталып елдің үміті,

Болсын деп келін жақсы адам.

Не керек, нөсер жырларым

Шашу ғып бүгін шашпаған.

Өзіңнен басқа, келінжан,

Ешкімнің бетін ашпаған,

Маған да жаса бір сәлем!

 

Қыз көші  Қыз көші (салт). Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.

 

 

Жарысқазан Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

 

Жар жар  Жар жар (ғұрып). Ұзатылған қыз тойында қыз жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындқтан «Жар жар» қызықты болып естіледі. Мысалы: «Жар жарды» жігіт былай бастайды:

Алып келген базардан,

Қара насыр, жар жар ау

Қара мақпал сәукеле,

Шашың басар, жар жар ау!

Мұнда әкем қалды деп,

Қам жемеңіз, жар жар ау

Жақсы болса қайны атаң,

Орнын басар, жар жар ау!

Қыз былай деп жауап қайтарады:

Есік алды қара су,

Майдан болсын, жар жар ау.

Ақ жүзімді көргендей,

Айнам болсын жар жар ау.

Қайын атасы бар дейді ау,

Осы қазақ, жар жар ау

Айналайын әкемдей,

Қайдан болсын, жар жар ау!

 

Келін түсіру  Келін түсіру (салт). Біздің халқымыз үшін де дүниедегі қызық пен қуаныштың ең бастысы осы келін түсіру. Бұған бүкіл ауыл болып атсалысады, бірге қуанады, бірге тойлайды, намысы бір қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген бар. Ал келін түсірудің өзі де, «боладысы» да қызық.

Қазақ салты бойынша келінді ауылға көлікпен әкелмейді. Бір қырдың астына жеңгесімен бірге түсіріп кетеді. Ауылдың қыз келіншектері жас келіннің алдынан шығып, ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне кіргізіп әкеледі. Ақ босағаны оң аяқпен аттайды. Шашу шашылады. Құтты болсын айтылады. Келінді шешесі, жеңгесі, сіңлілері ертіп әкеледі. Қуаныш, ырду, дырду, ойын сауық басталады. Шымылдық жиналған сәтте салтанатпен «Беташар» басталады.

 

Дәмету  «Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).

Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

 

  Құрсақ тойы (дәстүр). Жас келіншектің екі қабат болғаны белгілі болса, оның абысындары мен қайын сіңілілері сол үйге оңаша құрсақ тойын жасатып, аман-сау босануына тілек білдіреді. Қазақ ғұрпы бойынша бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады.

 

Қалжа. Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, құрмет, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

 

Жасау. Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік жасау деп аталады.

Қызойнақ. әке-шешелері жоқ кезінде бой жеткен қыздар оңаша қалып, ойын-сауық құрады. Оған жігіттерде қатысады. Бұл мәжіліс құпия өтеді және оны ұйымдастырушылар тек қыздар болғандықтан қызойнақ деп аталған.

 

 Шарғы. Ұзатылған қыз өзіне тетелес сіңілісіне басына тартатын орамалын береді. «Бұл – ендігі кезек сенікі, бағытыңды тап» деген сөз. Мұндай дәстүр шарғы деп аталады.

 

 

Әйелдер дайындайтын сүт тағамдары

 

«Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібе деп білген. Сүтті соншалық қастерлеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқан молшылығын көбейтеді. Малды қай кезде сауу керектігін, сүтін қалай қолдануды жақсы меңгерген. Әр жасаған тағамдарына ат қоя да білген.

    Сүт. Сиыр, қой, ешкі сүттерін сауып алғаннан кейін, жақсылап пісіріп, сол күйінде қолдана береді және ұйытып, айран, қатық, құрт, қаймақ, май, ірімшік жасайды. Түйе сүтінен шұбат, бие сүтінен қымыз жасайды.

Малды сауып болғаннан кейін, сүтті пісіретін ыдысқа сүзіп құяды.

Қатық. Көбінесе қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытқан, аса қою айранды қатық деп атайды. Оны ұйытудың жолы – піскен сүт қанжылым дәрежесіне дейін салқындатылады да, бұрынға айраннан ұйытқы құйып (бір шелек сүтке бір кесе) араластырады. Сонан соң бетін жауып, қымтап қоды. Ұйыған уақытта қатықтың бетін ашып, біраз салқындатады. Жақсы ұйыған қатыққа шанышқан қасық тік тұрады. Оның қатық атауы да осыдан. Қатықты сол күйінде ішеді және суық су қосып, күбіге құйып піседі. Әбден піскен күбіні, шайқап отырып, майын бетіне шығарып, айраннан бөліп алады. Айранын сусын ретінде қолданады. Оны қай жерлерде сұйық айран деп атайды.

Сүзбе. Жақсы ұйыған қатықты қапқа құйып, асып қойып, сорғытып сүзеді. Пісілген, майы алынған, ашыған айранды жинап, қазанға құйып, бір қайнатып, ірітеді. Оны бөз матадан жасалған дорбаға құйып, сүзеді. Сүзбені көжеге қатуға пайдаланады. Тұз қосып араластырып, құрт жаяды. Ет асқанда, сорпасына қатып ішеді.

Айран көже. Бидай, тары, арпа, күріш жармаларынан жасалған көжеге арнайы ашытқы қосып, ашытылады немесе сүт қосып, ұйытылады. Мұндай тағам көбінесе қауырт жұмыстар – егін, пішен жинау кезінде жұмысшыларға сусын ретінде әзірленген. Қазіргі уақытта да жақсы сусындардың бірі болып  саналады. Ашымақ деп те аталады.

Қойыртпақ. Қатыққа, айранға, қымызға, ішетін іркітке сүт немесе су қосып, торсыққа құйып, қанжығаға байлап жүріп далада ішетін ақ, сұйық айран. Қанжығада жүріп, көп шайқалғандықтан, қойыртпақтың ашыған дәмі білінбейді, ішуге дәмді, асқазанға жеңіл болады. Қойыртпақ көбінесе малшыларға, сондай-ақ жолаушыларға өте қолайлы.

Айран-шалап. Айранға суық су қосып, сапырып, шөлдегенде ішетін сусын. Айран-шалап деп, кейде, жалпы ақты да атаған. Оны ыстық күндері сусын ретінде қолданады.

Боза. Тарыдан, қонақтан, жүгеріден, күріштен тағы басқа астықтардан жасалатын ішімдік. Оны сусын ретінде де қолданады. Бозаның құрамына жарма, ашытқы, су қосады. Араластырылған қойыртпақты қайнатады. Ашыған қойыртпаққа су қосып араластырып, сүзіп алынады. Дайын болған бозаның күші дайындау әдісіне байланысты. Бозаны Қырғыз халқы жиі қолданады.

Іркіт. Құрт қайнату, кейде майын алып, іркітін сусынға ішу үшін сабаға, күбіге жинап ашытқан айран-қатық, шикі сүт. Іркіттің басын піскен сүттен ұйытып алып, сабаға құяды, кейде іркітті пісіріп, сапырып, сусын орнына да ішеді. Іркіт өте тоқ сусын. Қойдың іркіті, сиырдың іркіті, пісілген іркіт, пісілмеген іркіт, сабаның іркіті, күбінің іркіті дейтін түрлері бар.

Қаймақ. Бұл тағамның бірнеше түрлері бар: піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ, тағы басқалары. Олар май айыру, шайға қату, талқан былғау және әртүрлі тағамдарға қосу үшін, кейде қаймақ күйінде пайдалану немесе басқа тамақтарға (нанға, бидайға, тарыға және басқа да кондитерлік тағамдарға) жағып жеу үшін әзірленеді. Піскен қаймақ пісірілген сүттің бетінен алынады, ол көбінесе сүтпен бірге шайға қатылып, бидай мен талқанды былғап жейді. Шикі қаймақ шикідей тұндырып қойған сүттің бетінен немесе сепаратор машинасына тартылған сүттен алынады. Сірне немесе шырынды қаймақ деп беті бір рет алынған сүтті пісіргенде тұратын жұқа, майы аз қаймақты айтады. Қатықтың қаймағы деп ұйыған айран, қатықтың бетінде тұрған қаймақтарды атаған.

Уыз. Жаңа төлдеген малдың төлі емгеннен кейінгі алғашқы сүтінен пісіріледі. Өте дәмді ірімшік болады. Төл емгеннен кейінгі сары уыз бүйенге, ішекке құйылып, етпент бірге пісіріледі. Бұл уыз қазақ халқының мал төлдейтін айлардағы сүйсініп жейтін тағамы. Сиыры бұзаулаған адам бірінші уызынан көже жасап, қуанышын көрші әйелдерімен, басқа да туыстарымен бөліседі. Көжені молырақ жасау үшін уызды салқын жерге жинап сақтайды.

Майдың сүті. Қаймақтан сары май айырғанда іркіліп шығатын қышқыл сүт. Оны кейде сол күйінде сусын ретінде ішкен, кейде қайнатып, ірімшік жасаған. Шайқалған майды шынылау үшін, суық суға салып сығымдаған, одан қалған сүтті май сүтінің шалабы деп, кей жерлерде май шалап деп атаған. Нанға да қосып иленеді.

Тұрнияз. Сүтке май, су, ұн, езген құрт, ақтаған тары қосып қайнатқан соң, бұқтырып қойып, жейтін оңтүстік қазақтарының сүйікті асы, ұнды бөлек қуырып алып, тұрнияздың үстіне себелеп те әзірлейді.

Ежегей. Көбінесе қой сүтіне езілген құрт қосқан қойыртпақ, ол адамды тез оңалтады.

Ашытқы. Нан үшін, ұн езіп ашытқан, беті алынбаған сүт. Оны кейде сырқат адамға тез таралу үшін сусын ретінде берген.

Ақірім. Сүр еттің сорпасына айран қосып, қатық немесе қымыз қосып, сапырып ішетін қышқыл сусын. Ол әрі сусын, әрі тамақты бойға жақсы таратады. Әдетте, ертеректе, сүр етке тойғаннан кейін, құр шай ішу немесе ақірім ішу салт болған.

Ірімшік. Жаңа сауылған жылқы сүтін мәндірмен (кей жерлерде мәйек дейді) ұйытып, одан кейін оны сүзіп алып, дорбаға салып, желге, күнге қойып кептіреді. Кепкен ірімшік бұзылмайды, көп сақталады. Қонақ  дастарқанына  қойылатын өте дәмді, сүйікті де, бағалы ас. Кепкен ірімшікті түйіп, жент жасайды, тұш бауырсақтың үстіне себеді, майға қосып жейді. Қызыл ірімшіктің сары суынан шайға тістейтін жақсы тамақ жасалған, ол тәтті болады.

Ақ ірімшік. Сүтке айран қосып, ірітіп қайнату арқылы әзірлейді. Кейде ашып қалған, өздігінен ұйыған сүттің айранын сүзу арқылы да ірімшік жасалады. Ақ ірімшікті қамырға орап, үстіне май салып, табаны қоламтаға қойып пісіру әдісімен, бүркеме нан делінетін сүйікті ас жасалады.

Мәндір (мәйек) –  ірімшік қайнататын сүтті тез, шымыр ұйыту үшін жас төлдердің жұмыршағынан алып, ашытып жасалатын ұйытқы. Жас бұзаудың, қозының ұлтабарына, жұмыршақ қарнына (ішкі жағына) байланған уыздың өңезі. Бауыздалған осындай төлдердің жұмыршағынан әлгі өңезді қырып алады, кейде ұлтабарды, жұмыршақты тұтас алады. Сол қырындыға азырақ айран жағып, ішекке салып, шаңыраққа іліп қойса, біраз күннен кейін ол ашып кебеді. Осы мәндірді жылы сүтке малып, біраз шайқап, бетін жауып қойса, сүт балдырдай болып, ұйып қалады. Сөйтіп одан ірімшік қайнатылады.

Құрт. Сабада жиналып пісілген іркітті, майы алынғаннан кейін, түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып, қайната береді. Құрт қайнап жатқан кезде, оның түбі күйіп кетпес үшін, арнаулы құрт былғауышпен (басында қырғыш темірі болады) әлсін-әлсін қазанның түбін, ернуін қырып, араластырып отырады. Әбден қойылған құртты қапқа құйып, керегеге асып қояды, сонда оның қалған суы тағы ағып, құрғайды. Бұдан кейін қолмен бөлшектеп, тақшаға, шиге, қолмен сықпалап өреге жайып, кептіреді. Көгермей, қызбай, біртегіс кебу үшін, өреде жатқан кезде, оны бірнеше рет аударыстырады. Осындай әдіспен қайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына сақтала береді. Құрт күшті ас, ол әртүрлі тамақа қосылады. Құртпен істелетін немесе құрт қосылатын тағамдардың кейбір түрлерін айта кету керек.

Жас құрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп, бастырма ретінде, шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе бауырсаққа , кепкен құртқа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас болып саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан.

Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер шаштарын жуады, сондай-ақ одан тері илеу үшін малма жасайды.

Көбік.  Қайнап жатқан құрттың қалқып алған беті майлы, кенеуліас ретінде жас балаларға, қарттарға қалқып беру салт болған. Бұрын құрт қайнатқан үйден көбік жалаймыз деп, ауыл балалары келіп жиналатын әдет те болған.

Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып, сапырып ішетін кенеулі ас.  Өкпе ауруына және суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.

Сықпа құрт. Мұның қайнатқан құрттан  айырмашылығы сол ашыған айран қапқа құйып сүзіледі де тұздалып, әр түрлі үлгімен бөлшектеліп тақтайшаға кептіріледі. Сықпа құртты бастырма ретінде пайдаланған. Мұндай құрт жайған әйел, ауыл балаларына арнап, дөңгелек жасап, жіпке тізіп, мойындарына іліп беретін қуанту салты болған.

Малта. Езілген құрттыңтаусыншақ түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналған.Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған.

Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт астауға салып ұнталады, келіге түйіледі немесе қол диірменге тартылады. Езген құрт – ұлттық тағамдардың ең бір сүйкімдісі және кенеулісі.

Ақ малта. Езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

Жент. Түйген қызыл ірімшікке қант, құрт, өрік-миіздердің ұнтағын, сары май немесе шыртылдақ, кейде жаңғақ, өрік дәндерін, бал қосып жасалатын өте дәмді және тәтті тағам. Бейнелеп айтқанда, қазақтың ұлттық шоколады деуге болады. Жент көбінесе сыйлы қонақтың дастарқанына қалаулы табақ ретінде қойылады.

Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең бағалы дастарқан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады.

Жаңа сауылған бие сүтін сүзгіштен өткізіп, жылы кезінде, күбідегі немесе сабадағы саумалдың үстіне құяды. Содан соң оны, міндетті түрде, 30-40 минут пісіп, аузын байлап немесе тығындап ұстаған. Алғаш рет қымыз ашытарда бие сүті сабаға, арнаулы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады. Ашытқыны, көбінесе, сүр жаяның немесе қазының сынық сүйегін езіп әзірлейді. Қор дегеніміз ескі қымыз, ол – жақсы ашыған қымыздың саба түбінде қалатын, арнайы сақталған сарқыны.

Қымыздың түрлері. Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі қымыз, қысқы қымыз деп атаған.

Уыз қымыз. Бұл бие сүтінің уыз дәмі тарамаған кезде ашытылған қою қымыз. Кейде оны май қымызы деп те атаған. Бұл алғашқы қымызды сапыруға ауылдың үлкен-кішісі жиналып, ақ ниетті тілек білдіріп, бөліп ішу халықтық салт болған.

Сары қымыз. Жаз ортасындағы, шөп әбден қызып буыны қатқан кездегі қымыз. Бұл кезде қоныс аудару сияқты көшіп-қонудан қымыз көп шайқалып, көп пісіледі де, ірімтігі жақсы жазылып, ашуы білінбей, қымыздың күші өз бойына сіңген сарғылт болады. Жаңа сабаның иісі, дәнге толған гүл бәйшешек шырындары қымызға ерекше дәм береді. Сары қымызды ішкен адам жадырап, терлегіш, көп ішсе, маужырап, ұйықтағыш келеді. Қазақтардың тәжірибесі бойынша, бұл қымыз өте жұғымды, шипалық қасиеті мол болады.

Түнемел қымыз. Мол қырдың үстіне сүт қышқылы арнаулы торсыққа сақталып, екі тәулік сапырылған, пісуі жеткен қымыз. Түнемел қымыз асықпай отырып, ұзақ мәжіліс-маслихаттарда отырып ішуге даярланады. Оның қыздыратын күші болады. Сондықтан оны көбінесе ет, құрт, май, ірімшікпен ішкен.

Құнан қымыз  үш тәулік бойы ашытылады. Ол саумал ішпейтін адамдарға беріледі. Кейде ол ас пен тойларға апару, қызық отырыстар үшін даярланған.

Дөнен қымыз. Төрт тәулік бойы ашытылған, бес тәулік бойы ашытылған бесті қымыз, одан да күшті асау қымыз деген түрлері бар. Саумал қымыз баяу ашыған немесе ащы қымызға жаңа сауған бие сүтін қосып пісіру арқылы жұмсартылған, қарттар мен балаларға арналған қымыз. Осылайша қымыз түрлене береді. Қысырдың қымызы, бал қымыз, сірге жаяр қымыз, ысталған қымыз, т. с. с.

 

 

ТАБАҚ ТАРТУ

 

   Табақ жасау.  Жиын-тойларда сойылған малды қонақтарға арнайды. Малдың әр мүшесінің атаулары бар. Қонақтарға сол мүшелерден бөлінетін сыбағалары бар. Сыйлы қонақтарына ең жақсы жерін атап салады. Қонақ келсе қазан көтерген қазақ халқы,қазанға еттерін атап салып, табақ жасағанда, аталып жасалып, сый табақтары тартылады.

Табақ бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп төртке бөлінеді. Тағы да төменде беріліп отырған табақтың түрлері бар. Әрқайсысы табақ иелеріне қарай жасалады.

«Құда табаққа» – тоқпан жілік, жамбас, омыртқа салынады. Құдаларға құйрық-бауырды жеке дайындайды.

   «Құдағи табаққа» – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік жатады. Қазақ халқында малдың жағы құдағидың сыбағасына жатады.

   «Жеңге табаққа» – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, қазы-қарта, құйрық, өкпе, ұлтабар салынады. Ұлтабар келіндердің сыбағасы деп есептелген.

   «Беташар табаққа» – сүбе, төс еті, қарын, ащы ішек, құйымшақ, мойын омыртқа кіреді. Мойын омыртқа жас келіннің сыбағасы.

«Күйеу табаққа» – төс, тоқпан жілік, омыртқа еті, қабырға, жылқы қазысы, қарта, жауырын, қой еті кіреді. Төсті қазақта күйеу сыбағасы дейді.

   «Қыз табаққа» – құйымшақ, тоқпан жілік, құйрық, бел омыртқа, қабырға кіреді. Тағы да қыздарға жүрек, тіл, бүйрек салынады.

«Құрдас табаққа» – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық салынады.

«Аяқ табақ» – еттің басқа мүшелерінен жасалады. Бұл табақты ауыл адамдары мен көмекші адамдарына жасайды.

«Бала табаққа» – бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік салынады.

Қазақта сыйлы қонаққа бас тарту – ежелгі ел дәстүрі. «Қойдың басы – құданың басы»деген де бар. Құда-жекжат болып жатқан «Құда шақыру» мен «Үйлену тойларына» сойылған малдың басын бас құдаларға ұсынады. Ол – адам әлемді баспен билейді деген ұғымды білдіреді. Әр қонақтың өзіндік сый-сыяпаты, мүше ұстау рәсімдері бар. Мысалы бас жасы үлкен ақсақалға, алыстан келген ең сыйлы қонаққа ұсынылса, онан кейінгі отырған қонаққа асықты жілік ұстатады. Ал күйеу бала мен келінге төс тартады. Бас ұстаған ақсақал немесе үлкен қонақ, өзі ауыз тиіп, өзгелеріне ұсынбас бұрын, құлағын кесіп немерелеріне немесе балаларға береді, етінен, құйқаларынан кесіп, жанында отырғандарға асатады. Қазақстанның кейбір жерлерінде піскен ет пен қамырды майдалап турап, араластырып, нарын жасап, дастарқанға қояды.

 

 

Әйелдердің бас киімдері

Қазақ әйелдері жасы мен отбасы жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер киген. Олар-дың жазғы, қысқы түрлері болады. Әйелдердің негізгі баскиімдері: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі (жібек, шілтер, оюлы ж.т.б.).

Тақия. Оны қымбат матадан тіккен. Бұл ерлер тақиясынан басты ерекшелігі. Қыздардың тақиясы міндетті түрде үстіндегі қамзолға, бешпентке сәйкес келуге тиісті. Етегі, жоғары бөлігі алтын немесе күміс паршамен оюланып, сәнді жіптермен тақияға зер төгіледі. Қазақтың «үкі-дей үлбіреген», «тотыдай таранған» деп қыздарды әспеттеуі содан шық-қан тәрізді.

Қыздар кепеші. Қабырғасы биік, төбесі дөңгелек, ою-өрнектермен, мон-шақ, асыл тастармен безендірілген сәнді баскиім.

Сораба. Тақия тәріздес. Артында салпыншағы бар. Қыздар тіл-көзден аман болсын деп, оларға ырымдап кигізеді.

Жырға. Асыл тастармен, ақық моншақпен көмкерілген сәнді баскиім.

Бөрік. Аң терісінен тігіледі, жиегіне жұрын жүргізіледі. Жұрындалған терісіне сәйкес бөріктің мынандай түрлері бар: алтай қызыл бөрік, қам-қа бөрік, қазақы бөрік, қарқаралы бөрік, құлын бөрік, құндыз бөрік, құ-райыш бөрік, құс бөрік, мари бөрік, нар өркеш бөрік, ноғай бөрік, оқалы бөрік, сәукеле бөрік, шеркеш бөрік, шоқты бөрік, шоппаш бөрік т.б.

Қарқара. Биік төбелі, милығына айнала құндыз тұтады. Маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үш-кілдеп жырға тігеді. Оған құтанға, тырнаға ұқсас сұңғақ, сымбатты құс – қарқараның қауырсыны қадалады. Бұл қыз баланы пәле-жаладан сақтап жүрсін деген ырым бойынша жасалады.

Кимешек. Жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін дәстүрлі ұлттық баскиім. Ақ матадан, жібек матадан тігіп, әртүрлі әшекеймен безендіріледі. Қазақтың салт-дәтүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады, бет-әлпеті көрінетін жері ойық келеді.

Шылауыш немесе жаулық. Ақ түсті матадан немесе жібектен тігіл-ген жаулықты егде әйелдер басына орап киеді. Жаулық әр руға байланысты әрқилы аталады. Шығыс Қазақстанда матаның көлеміне қарай оны шаршы деп, Жетісу, Алтай өңірінде шылауыш деп атап, аналарды
«ақ жаулықты аналар» деп ардақ-тайды.

Орамал. Ол пішіміне сәйкес шаршы, қиықша болып бөлінеді. Орамалды (парсы, араб, румал) жаулық деп те атаған. Арзанқол матадан да, қымбат матадан да жасайды.

Жібектен шашақтап тоқылғаны – «бөртпе».

Жібектен, матадан шашақталмай, қалыңдау келген түрі – салы.
Торғын тектес, үлпілдек, жұмсақ матадан немесе ешкі түбітінен жа-салған түрі –шәлі.
Түйе, ешкі түбітінен тоқылғаны – бөкебай.
Ақ матадан тігілгені – шаршы шыт.
Қасаба. Ол қыз тақиясының бір түрі. Үшкірлеу төбесіне бір шоқ қау-ырсын қадайды, маңдай тұсына түгелдей алтын, күміс әшекейлер тағады. Қыздар үйлену тойында қасабаны сәукеле орнына да киген. Кү-рең, көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша сияқты маталардан тігеді.

Сәукеле. Қалыңдықтың ұзатылу тойында киетін сәнді баскиімі.

Зере. Өзі ұзын, іші қуыс, сәукеле-мен бірге киетін бас киім. Ертеде бір қабат киім сыртынан киетін сауытты да «Зере» деп атаған.

Баскиім әшекейлері

Жыға – түріктерге парсы тілінен енген сөз. Ол «Баскиімге қадайтын құс қауырсыны немесе әшекей» деген мағынаны білдіреді. Дулығаның артынан (мойынды қылыш кеспес үшін) қаптап қоятын зат, баскиімнің артқы жағы.

Қазақта жыға мынандай үш түрлі мағынада:

1. Құс қауырсыны. 2. Алтынды, асыл тасты баскиім әшекейі. 3. Бас киімнің өзі.
Жырға – 1. Асылтас, моншақтар тізіп, көз салпыншақты етіп жасал-ған әйелдердің баскиімі. 2. Ертедегі қазақ әйелдерінің баскиім әшекейі.
Көз отаға – ер адамның бас киіміне қадайтын меруерт асыл тас. Оны бұрындары лауазымды адамдар ғана таққан.
Қолазы – сал-серілердің бөркіне қадайтын үкі қауырсынын ораған әшкей. Оны қозалы үкі деп те атайды.
Маңдайша – сәукеленің маңдайы-на тағатын асыл тасты күміс әшекей.
Сәукеленің сырғасы – салпын-шағы мол, өзі ұзын да ауыр, салтанатты кездерде ғана байлайтын әше-кей (сырға).
Талмоншақ – тақияға, сырт киімге бірнеше қатар етіп тағылатын моншақ.
Тана – дөңгелек пішінді асыл тасты күмістен не таза күмістің өзінен жасалған түйме тәрізді зат. Оны танакөз деп те атайды. Қыздар тақиясына, бөркіне, омырауына, жағасына тағады.
Төбелдірік – сәукеленің төбесін-дегі тәж тәрізді әшекей бергек.
Былқылдақ – үлкен моншақ, маржан. Оны әйелдердің баскиіміне та-ғады.
Есектас – көз тимесін деп жас ба-лалардың бөркіне тағатын жонынан қырланған көк тас, әшекей.

Шеттік – кимешек жағына қадайтын күміс.
Шоқ – алтын әшекей, асыл тас. Оны баскиімге тағады.
Шырмауық – ілгекті оқа, әше-кей, металл ілгекті баскиім әшекейі.
Шытыра – асыл тасты не тассыз күміс әшекей.
Оны баскиімге, омырауға, аяқ киімге қадайды.

 

Әйелдер кимешегі және оның түрлері (Жинап жүрген авторы материалды дайындап береді)

(Қырық түрлі кимешек түрлері сипатымен, суретімен беріледі)

 

ӘЙЕЛДЕР ҚОЛӨНЕРІ  (Жинап жүрген авторы дайындап береді)

(Төмендегі тараулармен, суретімен беріледі)

 

Жүн. Жүнді пайдалану

Жүн сабауға қолданылатын  жабдықтар

Арқан есу, жіп иіру түрлері

Есу өнері, арқан, жіп, жиек есу.

Арқан, жіп байлау түрлері

Киіз

Киіз басу

Киіз түрлері

Сырмақ түрлері

Сырмақтың жасалуына қарай түрлері

Сырмақтың материалын қарай түрлері

Сырмақтың түр түсіне қарай түрлері

Сырмақтың пішініне қарай түрлері

Желі және  желі түрлері

Жиек және түрлері

Қол тігісі және түрлері

Бояу және бояу жолдары




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑