banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2013 | 601 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ӘЙЕЛДЕРДІ ТЕК ҚАНА ЖҰМЫС КҮШІ ДЕП ҚАРАМАУ КЕРЕК

Қазіргі уақытта әйелдердің зейнеткерлік жасын 63-ке ұзарту қоғамда ұлкен айтыс туғызуда. Мәжіліс бұл өзгертуді толық қабылдады. Сенаттың бірінші оқылымында 4 қарсы дауыспен қабылданып отыр. Енді Сенаттың 2-ші отырысында да қабылданса Президенттің қол қоюына жолданбақ.
Депутат мырзалар біздегі әйелдердің бәрі жеңіл жұмыс істейді, шалқып өмір сүреді деп ойлайтын болулары керек. Құрылыста, ауыл шаруашылығында, зауыт, фабрикаларда ауыр жұмыстар істеп, 58 жастың өзіне өліп-талып әрең жететінін ескеріп отырған жоқ. Бірен-саран өмір бойы жеңіл жұмыс істеп, 70-ке дейін аттан түспей жүрген әйелдерді мысалға келтіреді. Ондайлардың саны жалпы Қазақстандағы әйелдердің 5 пайызынан аспайды. Сөйтіп 95 пайыз әйелдердің жағдайы ескерусіз қалып отыр.
Бұл жағдайда әйелдердің негізгі зейнетке шығуын 58 жаста қалдырып, егер ол ары қарай жұмыс істегісі келсе өтінішін жазсын да 63-ке дейін жұмысын істей берсін. Тіпті денсаулығы, жағдайы келіп тұрса 70-ке дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Сонда әйелдер зейнет жасын өздері таңдайтын болады. Ол кезде олар ешкімге өкпелемейтін болады. Бұл – өзімізді өзіміз айта беретін, демократиялық әрі зайырлы мемлекетке тән шешім болар еді.
Әйелдердің зейнет жасын 63-ке ұзартудың бір себебі ретінде, үкімет олардың зейнетақы жинақтаушы қорында қажетті мөлшерде ақша жиналмайтынын айтып отыр. Бұл шындық. Бірақ бұдан да шығатын жол бар. Қазір жұмыс орны босанғанға дейін 2 ай, босанғаннан соң 2 ай ғана жалақысын төлейді. Қалған уақытта бала 3 жасқа толғанша ақысыз еңбек демалысы беріледі. Бұл кезде аналардың зейнетақы жинақтаушы қорына бір тиын да түспейді. Осының салдарынан аналардың зейнетақысының аз болып қалатыны шындық. Бұл кемшілікті жою үшін, мемлекет бұған дейінгі ана мен балаға берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақыны сақтай отырып, «Ана қорын» құрып, балалы болған кездегі ақысыз демалыс кезінде баласы 3 жасқа толғанша осы қордан орташа жалақы төленіп, зейнетақы жинақтаушы қорына ақша аударылып тұрса, кейін зейнетақысы да керек мөлшерде жиналар еді.
«Ана қорына» ақшаны қайдан алуға болады? 2009 жылғы 25-ақпандағы ұлттық санақ бойынша Қазақстанда 1 624 000 еш уақытта некелеспеген бойдақтар бар екен. 30 жастан асқанша отбасын құрмағандарға, Кеңес кезіндегі сияқты «бойдақ салығын» салу керек. Осыдан түскен қаржыны «Ана қорына» аударып, декретте отырған әйелдерге беру керек. Егерде отбасын құрып, одан кейін ажырасып кетсе, оларға да бойдақ салығын салған дұрыс. Араларында бала болса, бала кімде қалса соған салық салмаған абзал. Ал екіншісі алиментпен бірге бойдақ салығын төлесін. Сонда ажырасу да азаяр еді. Ескеретін жағдай, қазір не Алланың, не адамның тізімінде жоқ «азаматтық неке» деген шықты. Бұлар ұлтымыздың менталитетіне қарсы, әдет-ғұрпымызға және
шариғатқа да жат. Некесіз туған бала Алланың есебінде жоқ, Құдайдан безген мейрімсіз болады. Батыстың қаңсығын таңсық қылып жүрміз. Азаматтық некедегілерді де бойдақтар ретінде қабылдап, бойдақ салығын салу керек. Отбасын құрғандығының негізгі куәсі ретінде АХАТ органдары берген «Неке қию туралы куәлігі» негізге алынуға тиісті. Тағы да ойластырып көрсе «Ана қорын» қаржыландыратын көздерді табуға болады.
Зейнеткерлікке байланысты қаралып жатқан бұл заң әйелдерді жұмыс күші ретінде ғана қарастырып отыр. Табиғаттың жаратуы бойынша әйел – Ана. Әйел – ұрпақты көбейтер, халықты сақтар негізгі күш. Халықты өсіретін де, өшіретін де – Әйел. Құрып кетпеуді ойлайтын ел, алдымен әйелдерге жағдай жасайды. Ал, біз болсақ келешек ұрпақты ойламай, әйелдерге әрі бала тап, әрі өле-өлгеніңше жұмыс істе деп заң қабылдап жатырмыз. Қазақтың ұрпағы құрыса қазіргі ұланғайыр жерге, ұшантеңіз байлыққа кім ие болады? Межелеп отырған, 2020 жылы Қазақстанның халқы 18,7 миллионға қалай жетпекші? Жеріміз кең, табиғи байлығымыз жеткілікті, халқымыз аз. Өкімет әйелдердің 5 жылдық зейнетақы қорына қарап қалыпты ма? Одан да, аналарды қинағанша, өзімізде және шет елге ұрланып кеткен миллиондар мен миллиардтарды мемлекет қоржынына қайтаруға күш салу керек.
Әйелдерді ұзақ жұмыс істетсек, мүмкін, Қазақстан өркендер, бірақ қазақтың жайы не болмақ?! Өсеміз, өркендейміз десек әйелдерге жағдай жасау керек. Негізгі зейнеткелік жасты 58-ден асырмаған абзал.

Назрахмет ҚАЛИ
зейнеткер, Алматы қаласы
2013 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑