banner-top12

Таным top-10-most-famous-ancient-greek-writers

Қосқан уақыты Ақпан 25, 2017 | 857 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Афрасиаб (Алып Ер Тоңа) Иран жазбаларында

  Ислам Жеменей, ф.ғ.д.

Түркі халықтарының тарихы, мәдениеті  археологиялық, фольклорлық дүниелер  мен жазба  шығармалар  арқылы зерттеліп келе жатыр. Осы мақсатта жазба деректердің бірі, Иранның көне жәдігері Зәрдөшт (Зоротуштра) дінінің «Авеста» атты кітабы болып табылады. Ғылыми зерттеулердің қорытындысына қарағанда аталған кітаптың түрлі тараулары бірнеше ғасыр аясында жазылыпты. Көне дәуірде шығарманың жалпы көлемі 815 бөлім, жиырма бір кітаптан тұрады екен. Бірақ оның тек қана алты бөлімі қазіргі заманға жеткен. Олар: Гаһан, Иәсна ( Гаттар тағы басқа діни өлеңдерден тұрады), Иәшттер, Вәндидад, Виспорд, шағын Авеста. Алты бөлімнің ретіне көре Гаһан бөлімі әвестаның ең көне жазбасы болған. Ал Гаһанның бір бөлігі Зәрдөштқа аян болып, оның ауызымен жырға айналған.

Авестаның жазылуын заман өлшеміне салғанда ол үш кезеңде жазылыпты. Авестаның алғашқы көне бөлімінің мазмұны Зәрдөшттің өмір сүрген заманынан бұрынырақ шамамен 2800 жыл бұрынғы уақытқа сәйкес келеді. Бірақ Зәрдөшт өлгеннен кейін хатқа түскені байқалады. Бұл бөлім хатқа түсіп жатқан кезде оның көне мазмұнына жаңа ой-пікірлер қосылып, Авестаның бастапқы мазмұнында біраз өзгерістер болғанын байқатады. «Авестаның» екінші Иәсна бөлімінің гаттар тарауы Зәрдөшттің тәңірлік (минуи) әндеріне арналған. Бұл бөлімнің мазмұны Гаһан бөлімінен кейін        жырланған болса да, оның жазылуы Гаһан бөлімінен бұрынырақ хатқа түскені үшін Авестаның ең көне бөлімі болып саналады. Авестаның үшінші бөлімі алдыңғы екі бөлімнен кейінірек жазылып  жаңа Авеста болып табылады.Оның  құрамына: Иәсна, жаңа Иәшттер, Виспорд, Вәндидад және шағын Әвеста енеді. Дегенмен бұл жаңа бөлімдердің ой-пікірлері көне жазбалардан алынған болса да, оның мазмұндары бір-бірімен қатты араласып кеткені үшін көне және жаңа мазмұндарды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Бірақ Әвестаның тілін екі диалектіге бөліп қарауға болады.Біріншісі Зәрдөшттің өз сөзі, ол  Гаһан диалектісі. Екіншісі Авестаның Гаһаннан өзге бөлімдері  жазылған жаңа диалектісі деп аталады.

Түйіндеп айтқанда «Авеста» кітабы б.з. дейінгі V1-V ғасырларда жазылған  ежелгі Иран халқының киелі кітабы болып есептеледі. Сондықтан қазіргі заманның өзінде Иранның әйгілі тарихи шаһары Исфаһанда Зәрдөштті пайғамбар деп оның дінін ұстанғандардың ғибадатханасы һәм отханаларының есігі өз табынушыларына ашық тұр. Онда зәрдөшттер күнделікті ғибадаттарын орындап, Мұғтары (дінбасылары) діни уағыздар айтып, Зәрдөшт дінін түсіндіріп, насихаттап жатады.

«Авестаның» мазмұны жақсылықтың құдайы – Әһурамәза және жамандықтың жаршысы – Әһримән, жаннат-тозақ, адамзаттың бұл әлемде атқаратын міндеттері туралы, сондай-ақ, ұлттық дастандарды қамтиды. «Авестаның» сөзі негізінде «Әуиәснак» сөзінен шыққан, орнықты,берік ірге деген мағнадағы сөз. Ол мағна берік аят, орнықты шариғат деген мағнаны меңзейді. Ғалымдардың пікірінше тағы бір мағынасын білім, таным деп көрсеткен. Сондай-ақ «Авеста» сөзі үнділердің ең көне діни кітабының есімі «веда» сөзімен түбірлес болып келеді. Сондықтан «Авеста» кітабы «Білім кітабы» немесе « Даналық кітабы» деніледі. Тәбәри және одан бұрынғы араб тарихшылары өздері жазып қалдырған тарихнамаларынде «Авеста» сөзін «Истақ», «Әфсқақ» түрінде тіркелген. Парсы дәри тілінде «әвеста, әста, вәст, әст» түрлерімен хатқа түскен. Өйткені ежелгі «Әуиәснак» сөзінің «данак, тәванак» жұрнақтары парсы дәри тілінде алынып тасталады. Оның дұрыс айтылуы ғалымдардың пайымдауынша «Әвиәсна» болу керек. Бірақ ақындар сөздің қисынын келтіру үшін оны қысқартып жырларына «Әвеста» түрінде келтірген. Соның салдарынан «Әвеста» сөзі кеңінен қолданылып кетті.

«Авестаның» жазылу графикасы «Базәнд» деп аталады. Оның тарихи түбіріне көз жүгірткенде «зәнд-azanti» түбірінен алынған рапорт, тәржіма мағнадағы сөз болғаны айтылады. Әвеста кітабы алғаш рет пәһлеви дәуірінде «зәнд» тіліне тәржіма  болған екен. Ал «Базәнд»сөзі «Пат зәнд» сөзінің қысқартылған түрі, қайта рапорт беру, қайталап тәржімалау мағыналарды білдіреді. Зәрдөшттердің діни рауаяттарына қарағанда: «Мысыр тағында отырған римдік Ескендір сорлы кезбе, дінсіз, оңбаған, жаман іс пен сөздің иесі әһримәннің бұйрығымен иран еліне шабуыл жасап Әвеста мен Зәндті алып өртеді. Тәнсер Мазандаран патшасына жазған хатында Ескендір Иран астанасы Естәхр қаласын жаулап алған соң он екі мың сиыр терісінде жазылған әвеста жазбаларын алып, оның ішіндегі медитцина, астрономия, философия сынды ғылыми мәтіндерін грек тіліне аудартып грек еліне жіберді. Ал, түпнұсқалық жазбаларын өртеуге бұйырды». Бұл оқиғаға қарап Ескендір Филипұлы: Македония (291-323) батыс өркениеті өкілі ретінде адамзат өркениетіне орны толмас жамандық жасап тарих жадында қалдырған.

Ескендір Филипұлынан кейін Әшк динатиясының патшасы Вәлхш (51-78) әвеста мәтіндерін жан-жақтан жинақтап, оны қайта құрастырып, ежелгі дінді жаңартты. Вәлхш патша Белаш есімімен аталады. Әшк династиясында бұндай атаумен бес патша болған. Сол үшін ғалымдар арасында Әвеста кітабын қайта жинап, құрастырған қайсысы екендігінде түрлі көзқарас бар. Мәселен Дар Месттер I-Вәлхш патшаға тоқтайды. Өйткені ол діндар адам болған дейді. Ал басқа ғалымдар оның ішінде Артор Кристәнсән оны III-Вәлхш (148-191) деп болжайды. Тарихи деректерге қарағанда I-Вәлхш біздің заманымыздың 51-78 жылдар аралығында билік құрған. Оның патшалық еткен дәуірден пәһлеви графикасымен таңбаланған теңгелер табылғанына қарап ғалымдар сол кезеңде Ескендір әулеттерінің билігі тоқтатылып, Грек графикасының орнына пәһлеви жазуы қолданыла бастады дейді. Сол себептенде Әвеста кітабыда сол дәуірдің еншісі болу ықтималы өте жоғары болып тұр. Сондықтан  қазіргі қолда бар әвеста кітабының нұсқасы Әшк пен Сасани династиясының патшалық еткен дәуірде әр жерде қалған мәтіндері мен ел есінде қалған әңгімелері жинақталғаны анық. «Авеста» кітабының жинақталып, ретке келуі соңғы рет һижри жылнамасы бойынша 5-6 ғасырларда ( шамамен 11-12 милади ғ.ғ) іске асып қазіргі заманғы нұсқасын құрады. Зерттеуші ғалымдар Сасани династиясы дәуірінен 345700 сөзден тұратын  21 кітап жинақталғанын айтады. Бірақ тарих өткелінен аман қалып мұра болып қалғаны 83000 сөзден тұрады. Бұл Әвеста жайында авестатанушы ғалымдардың парсы тіліндегі қортындысы болып табылады. Иран елінде Әвеста кітабын пәһлеви тілінен қазіргі парсы дәри тіліне аударып, түсінік жазған Паризи Бастани мен Жәлел Достха зерттеушілердің орны ерекше екенін айту керек.

Түрік халықтарының өмір сүріп, салтанат құрған ежелгі аумағын «Тұран» деп атап жазған да осы «Авеста». Сол дәуірдегі Тұранды басқарып, иран еліне жорық жасаған, Иранды жеңіп сонда билік еткен Тұран патшасы Афрасиаб есімімен де аталғанын кітаптан кездесеміз. Мәселен, «Әвестаның» мәтіндерінде Афрасиаб (2 рет), тұрандық Афрасиаб (1 рет), жауыз Афрасиаб (1 рет), тұрандық жауыз Афрасиаб (4 рет), аса қайратты Афрасиаб (5 рет) жазылған.

Афрасиаб есімі иран тілінің үш кезеңінде бірінші мыңжылдықта – эвеста тілі, екінші мыңжылдығында – пәхлеви тілі, Х ғасырдан басталатын үшінші кезеңінде парсы дәри тілі түрлі фонетикалық ерекшелігімен жазылып жүрді. Мәселен, «Авеста» кітабында Франграсиан (Frangrasyan), Пәһлеви жазбаларында Фрасиак, Фрасиаб деп жазылса, Әбілқасым Фирдауси (940-1030) «Шаһнамесінде» Афрасиаб түрінде жазылғанын көреміз. Афрасиаб сөзінің лексикалық мағынасын ғалым Юсти: «Үрей тудыратын адам» деп берген. Ирандықтар Тұран патшасын ең мықты  палуан әрі ұлы қолбасшы кейпінде тани отырып, оны Афрасиаб атымен атаған өздері болған.

Афрасиаб тұлғасы иран тарихының аңыз бен ақиқатқа негізделіп жазылған жазбаларында ежелгі кезеңінен аталып келеді. Мәселен, Афрасиаб Тұран  әскерінің ұлы сардары болып, Иран патшасы Мәнучерді әкесі Тұрдың кегін алу мақсатында кескілескен шайқаста күйретіп шегініс жасауға мәжбүр етеді. Кейін Мәнучердің ұлы Наузәрді тағынан тайдырып, оны бірнеше соғыста жеңіліске ұшыратып, өлімінен соң Иран тағына 12 жыл отырады.

Рауаяттарға қарағанда жүз қырық жыл ғұмыр кешкен Афрасиаб Иран патшасы Кейқауыс және оның ұлы Кейхұсрау дәуірінде де Иран-Тұран елдерінің тарихи оқиғаларының дәл ортасында басты кейіпкерлердің бірі болып өзіндік орнын байқатады.

Әбілқасым Фирдауси (941-1030) «Шаһнаме» дастанын жырлаған да Иран елінің Пәһлеви тілінен мұра болып қалған көптеген жазбаларын пайдаланды. Солардың қатарында Афрасиаб туралы да жеткілікті деректер болған.Сол себепті Фирдауси жырының иран еліне қарсы шабуылдар жасаған ең мықты кейіпкері ретінде Афрасиаб тұлғасын таңдаған. Иран-Тұран тіркестерінде Тұранның мәртебелі патшасы, ұлы қолбасшы бейнесінде Афрасиабты көреміз. Сондықтан 981-982 жылдар шамасында жырланған «Шаһнаме» түрік халықтары үшін терең зерттелуге тиіс өте маңызды шығарма екенін айта аламыз.

Афрасиаб жайында «Авеста», «Шаһнаме» туындыларынан және басқа парсы, түркі тілінде жазылған көптеген деректерде хатқа түскенін ескерсек, Афрасиабтың тарихта айтарлықтай айрықша орны бар тұлға екенін сезу қиын емес. Х-ХІ ғасыр Иран мен Түрік халықтары үшін ұлттық болмысқа бет бұрудағы аса маңызды кезең болып табылады. Өйткені ислам дінін қабылдаған парсы мен түркі жұрты араб тілінің қарқынды дамып, заманының әдеби-ғылыми тіліне айналып зор мәнге ие болуына, екінші жағынан, араб халифаларының араб тілінің аясын кеңейтудегі саяси ұстанымдарына байланысты парсы мен түрік тілдерінің жойылып кету қаупі туған еді. Сондай жағдайға түскен тілдері мен ұлттық құндылықтарын ойлай бастаған оқымысты зиялыларының арасынан парсы тілін жандандыруға Әбілқасым Фирдауси шығып, парсы тілінде «Шаһнаме» дастанын жырлады.

Түрік халықтарының ақылман ақын-ғалымдары да елінің ұлттық санасын оятып, ұлттық рухын көтеру мақсатында өз шығармаларын түркі тілінде жазды. Олар түркілік тамырын тарихтың терең тұстарынан іздестірді. Сондықтан түрік халықтары үшін тарихтың жаңа беттері ашылды.

Оған ХІ ғасырда өмір сүрген түрік халықтарының рухани қос жұлдыздары Жүсіп Баласағұнның 1069-1070 жылдар аралығында он сегіз айда жырланған «Құтты Білік» және 1072-1078 жылдарында жазылған Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат-әт-түрік» атты екі ұлы шығармалары дәлел.

Жүсіп Баласағұн түркілік сананың оянуына өлең жолдарын арнап былай өрнектейді:

 

Бұл қара жер мыстай қызыл болғанша,

Жасыл от, гүл, дала тозып оңғанша,

Түркі құты, мың жасасын, кесірсіз,

Көре алмастың көзі отпен тесілсін.

 

Бұл өлең жолдары ақынның саяси даналығы болып есептеледі. Сонымен қатар, Афрасиаб тұлғасын түркінің тарихымен ұштастыра жырлап, түркілердің өз тарихына талғампаздықпен қарауға да үндейді. Өйткені  сол заманда қоғамның тұрмыс-тіршілігінің және саяси ерекшелігі елін қорғай алатын  ерлерін ел ынтымағының негізгі терегі деп білетін. Сондықтан болар елін қорғайтын ерлері барында тіреуі, қазасы қасіреті болып табылатын еді. Сол үшін Жүсіп Баласағұн ғасырлар тозаңынан өшпес алтындай Алып Ер Тоңаны тарих беттеріне жарқырата алып келді. Ол:

 

Назар салсаң, бұл түріктің бектері,

Жаһанның әз бектері, асыл тектері.

Түрік бектері ішінде атын асырған,

Алып Ер Тоңа ер еді, құты тасыған.

Білімі-даңқы ұлы, көптің сарасы,

Білімді, ойлы әрі халық ағасы.

Зерек, дана көңілі сара, сері еді,

Жұтты жалған елге тұтқа ер еді!

Тәжіктер оны Афрасиаб атаған,

Елдерге ол көп ізгілік жасаған.

Қажет білсең білім, ақыл, даналық,

Қолға алуға дүниені қаратып.

Тәжіктер де хатқа мұны түсірген,

Кітапта жоқ болса кімдер түсірген!?

 

Афрасиаб түріктердің Алып Ер Тоңа екендігін Махмұд Қашғарида өз кітабында растайды. Ол Алып Ер Тоңа өлгеннен кейін араға ХVІІ ғасыр салып, халық аузынан жазып алған төрттаған түрінде жырланған «Алып Ер Тоңа жоқтау» жырларының үзінділерін кітабында жариялады. Онда батырын аңсаған халық:

 

Алып Ер Тоңа өлді ме?

Жалған дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар! –

 

деп жоқтау айтқан. Осыған қарап Алып Ер Тоңа (Афрасиаб) өлімі туралы айтылған екі нұсқаның біріншісі тарихи деректер негізінде Афрасиабты ирандықтар соғыс майданында жеңе алмаған соң оны достық пейілмен алдап патша сарайына шақырып, қонақ асы дастарқанында кесесіне у қосып өлтіреді. Екіншісі, Фирдауси «Шаһнамесінде» келтірілген Кейхұсрау патшадан жеңіліп, қашып жүріп қаза табады. Әрине, бұл ұлттың беделін ойлаған ақынның шайырлық түйсігінен аса алмаған қиял деуге болады.

Қорыта айтқанда, Алып Ер Тоңа түркілік тарих бастауындағы басты кейіпкер. Оның бір қыры – саяси тарихымызға бастау болса, екінші қыры – түркі халқының батыр патшасына мұра қалдырған жоқтау өлең жолдары біздің әдебиет тарихымыздың қайнар көзі болмақ.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑