banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2013 | 603 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Аға буынның айтары көп …

Қысқаша мәлімет:
Шенмүфтихан Қаһарман ұлы 1943 жылы Қ Х Р, Шинжиаңның Батыс оңтүстік өлкесіндегі Шақылық деген жерде дүниеге келген. 1999 жылы атамекеніне оралған.
– Дүние жүзінде үш мыңдай этнос, екі жүздей мемлекет бар десек, соның ішінде қай ұлттың тарихын алып қарасақ та, мейлі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған дәуірде де халық жүрегінде мәңгі сақталып қалған ащы тарихи оқиғалар аз емес. «Елім- ай» деп зарлаған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарының қасіреті сол заманмен біткен жоқ. Араға қаншама жылдар салып, қазақтың көңіл түйіткілін тудыратын ұлттық мәселеге айналып отыр. Осы бір тарихтағы қазақ- қалмақ соғысы деген атпен қалған алсапыран кезде халқымыз жан- жаққа тарыдай шашылып, аяғы жеткен жерге дейін кетіп жатты. Сол алмағайып заманда шет ел асып кеткен айындарымыз енді, міне, туған жер топырағына қайтып оралуда. Құрметті, Мүфтихан ата, жоғарғыдағы сөзімізге тиек еткен қазақтың осы бір тарихы тағдырыңызбен тікелей байланысты. Өзіңізді тақырыбымызға сай сөзге тартуды жөн көрдік. Жалпы, қай заманда, қандай уақытта дүниеге келдіңіз? Көзіңізді ашқаннан көргеніңіз туралы, көргендерден көкейге түйгеніңіз туралы бізбен бөліссеңіз.
– Кеше ғана біздің көз алдымызда өткен оқиғалар бүгінгі тарих. Тарих туралы айту да жазу да оңай. Ал еске түсіру – көкірегіңде бықсып сақталып қалған дүниені қопарумен бірдей. Иә, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары, бері қарай патыша үкіметінің билігі тұсында зорлық пен зомбылыққа, қанауға көнбеген қарапайым халық аңшыдан үріккен аңдай сарыарқадай сары даласын, Көкшетау мен Жетісудай жер жанатын тастап ілгерінді- кейінді жан- жаққа бытырап жатты. ХІХ ғасырдың орта тұсында біздің аталарымыз да Қазақстанның солтүстік аймағынан Қытайдағы Шыңжаңның батыс- оңтүстік бөлігіне қарай жылжыған. Сол жақтағы Шақылық деген жерде 1943 жылы әкем Қаһарманның қара шаңырағындағы көп балалардың бірі боп мен дүниеге келген екенмін. Әкеміздің нағашысы Құсайын тәйжы деген атамыз сол уақыттағы жергілікті үкімет адамдарының қысымына қарсы халық бас көтерулерінің қолбасшысы болған Оспан батырдың жол серігі жолдасы болған кісі екен. Шақылықта көп тұрақтамаған әкеміз сол ағайындарын іздеп Гансу өлкесіндегі Ақсай жеріне келеді.
-Құрметті, Мүфтихан ата! Сонда сіз тарихта аты белгілі Оспан батырды өз көзіңізбен көргендердің бірісіз ғой. Батыр қандай адам болған еді? Сонда бұл тұлғалардың көтеріліске шығып қол бастауына өзіңіз айтқандай, жергілікті үкіметтен көрген қысым себеп болды ма? Әлде жат жұртқа көшіп барған көшпелілердің берекесіздігі ме?!
-Біріншіден, мен сол жылдары небәрі 5-6 жастағы бала болғандықтан көп дүние есімде сақталып қалмапты. Оспан батырды көрмеген болармын, көрсем де білмеген шығармын. Уақыт өте келе ержеткеннен кейін барып әкелеріміздің аузынан батыр туралы әңгімелер көп естідік.Ал, екінші сұраққа келсек, әрине, көтерілістерді мен жат жерге көшіп барған көшпелілердің берекесіздігі деп ешқашан айта алмас едім. Себебі, мен сол заманның тірі куәгерімін. Рас, ол уақытта бордай тозған қазақтар ілгерінді- кейінді бір- бірін іздеп шұбырып келіп жатты. Бұл жағдай сол кездегі жергілікті үкіметтің қарсылығына тап болды. Кеміту- кемсіту, зорлық- зомбылық жасау асқынып кетті. Бұл тарихта аты белгілі азаматардың ашық майданға шығуына себепші болды. Сөйтіп бұл жағдайлар онсызда тозып әрең жеткен қазақтарды басқа жақтан пана іздеуге еріксіз мәжбүрледі. Сансыз оқтан қансырай қашқан халық Гималай тауын асып,Тибет жолы арқылы Үндістанға бет алды.
– Бұл шамамен қай жылдары еді?
-Шамамен 1950 жылдары болса керек. Жол бойы өлгендері өліп, тірі қалғандарымыз Үндістанның Кашмир өлкесіне барып қоныстандық.
-Арып- шаршап әрең жеткен халықты Үндістан мемлекеті қалай қарсы алды? Бұл елде қанша уақыт тұрақтадыңыздар? Қысым болды ма, әлде бауырмандылық көрдіңіздер ме?
-Үндістан да екі жыл ғана тұрдық.Өзінің тұрмыс деңгейі онсызда нашар бұл мемлекетте біз сияқты сырттан келген босқындар бала- шағасымен көшеде қайыр сұрауға дейін барды. Аш- жалаңаш қазақтарға жаңа қоныстың ауарайы жақпады ма, біртіндеп халық арасында оба ауыры тарай бастады. Соның кесірінен көшпен келген бірталай адамнан айырылып қалдық. Осы жайсыз жағдайлардың бәрі көштің қайта жылжуына себеп болды. Сөйтіп, Құсайын тәйжы бастаған халық 1952 жылы көршілес жатқан туысқан жұтымыз Түркияға қарай бет алдық. Құдайға үшкір, Үндістан елі өздерінен көмек бере алмасада, дүние жүзілік «Қызыл крес» қоғамы мен байланысып, біздің шекара асып Түркияға өтуімізге, сол уақыттағы Түркияның азаматтығын алу үшін Үндістанның арнайы қағазы керек болатын. Сол жұмыстардың бәрінде Үндістан мемлекетінің көп көмегін көрдік.
-Неге Түркияға қарай жол тарттыңыздар, шекарасы жақын болды ма? Әлде туысытық жағы ма? Сұрайын дегенім, сіздер дің көштен бұрын Түркияға аяғы тиген қазақ бауырларымыз болды ма? Мүмкін, соларды жақын тартып бардыңыздарма дегенім ғой.
-Жоқ, біздің көшпен барған қазақтар Түркиядағы ең алғашқы диоспора болатын. Ол елде екі туып бір қалғанымыз болмасада, түріктер ежелден келе жатқан өзіміздің бауырман халық қой. Әрі дініміз бір, тіліміз жақын дегендей. Келе салған жылы Стамбуль қаласында тұрдық. Бірақ көп уақыт өтпей жергілікті үкімет қала сыртындағы ауылдардан үй, егістік жер, қаржылай жәрдемақылар беріп етек- жеңімізді жиып алуымызға көмектесті. Біз Қайсары деген жерде тұрдық. Біртіндеп көш қатарына да қосылдық. Артымыз ауылда, алдымыз қаладағы ірі кәсіпкерлерге айналдық. Бәрі төзім мен еңбектің арқасында келді. Еліміз тәуелсіздік алып КСРО- дан бөлінгеннен кейін Қазақстан мен Түркияның бауырман ағайындылық қарым- қатынасы басталды. Сөйтіп шет елдегі қазақтардың атамекеніне оралуына үлкен жол ашылды. Нәтижесінде, біз 1999 жылы отбасымызбен көшіп келдік.
-1954-1999 жылдар аралығында яғни 45 жыл бойы жат жұртта тұрдыңыздар. Елге келген соң не байқадыңыздар? Не көрдіңіздер? Түркиядағы қандастарымыздың арсында ұлттық сана- сезім, тілімізбен мәдениетімізге деген құрмет қаншалықты дәрежеде? Әлде жыл өткен сайын ұлттық рух деген дүние бұлыңғырлана бастады ма?
– Менің бір байқағаным, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз өте орынды айтылған. Ел ішінде жүріп, байыбына барып бағалай бермейтін кейбір дүниелер сыртта жүргенде қаншалықты құнды, ыстық болатынын сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Яғни, елде жайлауда жатып ішкен бір шыны қымыздан, жат жерде жүріп қазақтікі деп ішкен қарасу да бал татитыны белгілі ғой. Әрине, мені қатты ашындыратын бір жағдай бар. Ол жат жұртта өсіп келе жатқан ендігі жастарымыздың тағдыры. Көп қорқытады, терең батырады дегендей,көзін ашқалы көрген жұртпен сіңісіп кетеме деген қорқыныш уақыт өткен сайын жалғыз мені емес бүкіл қазақты ойландыратын мәселеге айналып келеді.
– Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» деген романында қатты ашынған бір кейіпкердің мынандай бір сөзі есіме келіп отырғаны. «Адамның таңдау мүмкіндігі қанша көп болғаныменде, өз халқы мен өзін туған ата- анасын ешқашан таңдай алмайды» – деген еді. Сізбен, сіз сияқты бала- шағаны арқалап тау- тас кезген ата- анаңыздың таңдаусыз келген тағдыры бүкіл халықтың тарихы болып отыр. Осы жолда көз алдыңыздан мәңгі кетпестей боп қалған бір естелігіңізбен бөлісе аласыз ба?
– Мен шамасы 6 жаста болсам керек. Яғни 1949 жылы күздің соңғы айы болатын. Баркөлде тұратын жерімізден қызыл әскерден қашып жолға шыққанымызға екі- үш күндей боп қалған. Әбден тозып шаршаған халық Ноғай өткелінде түнеп жатқан. Түнгі сағат 12-лерден асып кеткен. Кенеттен сатыр- сұтыр аттардың дүрсілі, артынан мылтықтардың дауысы естілді. Жұрт у- шу боп кетті. Сол түні, жасы небәрі 3-8 жас аралығындағы менімен қарайлас 32 бала жау қолына түсті. Әлі көз алдымда. Шырылдап жылаған балалар, ботадай боздаған аналар. Тұтқынға түскен балалардың жартысынан астамы сол түні оққа ұшты. Қызыл әскердің дәл мұндай қатігездігіне шыдай алмаған Оспан батырдың інісі Қапас батыр деген жігіт аз ғана адамдарымен суық қарумен құрсауланған жауға қарсы шығып, тұтқындағы балалардың аман қалғандарын босатып, қарсыластарын бірталай шығынға ұшыратты. Бұл көрністер сонау артта қалған азапты балалық шақтағы естен кетпес бір оқиға еді. Ал өмірімдегі ерекше бір айтарлықтай бақытты сәтім, ол 1999 жылы бала- шағамды алып, Қазақстан шекарасынан аттап, туған жер топырағын басқан сәтіміз еді. Сол жылдан бері Алматыдан 150- дей шақырым жердегі Нұрлы деген ауылда тұрып келеміз. Қазірде ауылымыздың тең жартысынан астамы сырттан көшіп келген ағайындарымыз тұрып жатыр. Құдайға үшкір, ауылымыздың тұрмыс деңгейі жылдан жылға жақсарып келеді.
– Ауылыңыздың ардақты ақсақалы, имамысыз. Жалпы, ауылдағы жастарымыздың дінге деген бет алысы қалай? Енді, бұл сұрақтың өзі жөнсіз сияқты. Себебі, бәріміз білеміз, ауыл жастарының иманды, тәрбиелі, қазақи боп келетіні белгілі ғой. Бірақ дегенімен де естуімізше, ауыл мешіті жанынан медрессе ашылғанына да біраз жыл боп қалған екен.
-Я, мешіт жанында шағын медресе бар.Оның жұмыс істеп келе жатқанына да біраз болды. Медрессеге балаларын жіберіп оқытуға ынталы ата- ана көп, оған үшкір дейміз. Ал, оқытушыларымыз арнайы дінни жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандар.Оларды мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар қаржаландырады. Аулаңда өскен бір тал бұтақ болса да түзу боп өскенін қалайсың ғой. Сол себепті жас ұрпақтың иманды, ұлтжанды азамат болғаны еліне керек. Бүгінгі таңдағы өткір тақырыптардың бірі осы жастар мәселесі боп отыр.
– Өте орынды айттыңыз. Арамызда сіздердей қазыналы қарттарымыз отырса, иманы берік жастарымыздың қатары да көбейетіні анық. Ал, сөз соңында, халқыңызға, жастарыңызға тілегіңіз.
– Елге тыныштық пен береке-бірлік. Ал жастарымызға сабырмен бәрін жеңе білетін, еңбек ете білетін саналы ғұмыр тілеймін. Бәрімізге Алланың өзі жар болсын.
– Тәрбиелі сұхбат бергеніңізге рахмет. Сізге де Алла жар болсын!
Сұхбаттасқан Мерей Қосын

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑