banner-top12

Замандас 8M6g1HUgzjfAVJ4o083NKAuEj6pSr8

Қосқан уақыты Қаңтар 26, 2015 | 757 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Аға редактор асқан асулар

Қасымызда жүргендерді білмейміз,
Біреу озса, біреулеріміз күндейміз.
Небір дарын қасиетті мінезді,
Қатар жүріп көзімізге ілмейміз.
Көзге түсіп жатады кей жалғандар,
Көзге ілінбей өтеді-ау тек армандар.
Кейде біле бермейміз-ау қадірін,
Қасымызда қандай абзал жандар бар
– Бір ақыннан.
Үстінде көнетоз көк ішігі, аяғында табандаған ақ пимасы бар, сұңғақ бойлы, ашаң жүзді азамат жүгін көтеріп, сөмкесін ұстап, бүгін тағы да жолаушылар бекетіне беттеп келеді. Бұл жерге бір емес, бірнеше рет келіп, тарығып-талығып тосса да ойға алған жеріне баратын бір қара машинаның табылмауы оны қатты ширықтырды. Өйткені, сол кездегі жағдайдың талабы бойынша шалғайдағы аудандардың табысын тауып, жаңалығын жариялау басшылық жағынан айрықша тапсырылған міндет еді. Сондықтан да ол Көктоғайдан шығып, Шіңгіл ауданына бармақшы болатын. Осы күні оншақты түйе жетелеп, үстіне жүк артқан малшыларға жолыққан жерден-ақ тілші жөн сұрай келіп, олардың Шіңгілге баратындығын білген соң, «Мені ала кет» деп жабысты. Кіреші алғашында «кимің жұқа екен, мына ашулы аязда алып жүре алмаймыз» деп бас шайқады. Бірақ, тілші еркі алдана қоймаған соң, олар ақыры жолда күтпеген бір іс туылып жатса, біз оған жауап бермейміз, мұны басынан келісіп алайық деді. Кесім керуен иесінің айтқанындай болды. Сонымен тілші түйеге артқан теңнің үстіне шығып алғанда, астына арғымақ түскендей қуанды.
Ойы мен қырын қар қымтаған жым-жырт тау жолында шағын керуен ілбіп келеді. Бағана тұтасып келе жатқан күн райы жын соққандай аласұрып, ақ түтекке айналды да кетті. Әудем жерді көру мұң, болмашы жол сорабы да қар астында көрінбей қалды. Қасат қарды бұзып жүруге арық түйелердің хәлі келмеді. Ақыры, бір қолқатқа ықтап, далада түнеуге мәжбүр болды. Әбден қажыған арық түйелер күдір-тайғақ жолда табанын жерге тегіс тигізе алмай теңселіп, жатып алып, кірешілерді одан бетер мезі қылды. Қарысы шыққан бораннан ығысып, арық түйе сүрініп кеткенде, қабырға бетіндегі қалың қардан басын қылтитып тұрған бұта-бүрген тілшінің мұздап тұрған бетіне түз мысығының тұйяғындай шаншыла кетті. Жан қалтасынан шытын алып, тіз ете түскен қанды тоқтатқан болды. Сөйтіп, тілші жолдың қилы-қиян жапасына төзді, барар жеріне жылжи берді. «Аттың жалы, түйенің қомында» келе жатып та қойын дәптерін қолына алып, көрген білгендерін түртіп қойып отырды. Жол-жөнекей қарны ашып қалжырағанда сумкасындағы азығы мен талқанын қарға араластырып қорек етті. Сөйтіп, ол осы сапарында Алтайдың таулы өңірлерінде ауданнан ауданға, отардан отарға, кейде атпен, кейде қойын-қонышына қар боратып шанамен, кейде жүгін көтеріп қарда малтығып жаяу жүрді. Пиманың табаны тесілгенше, етігінің жұлығы ашылғанша жүрді. Еңбекшілермен бірге жер төледе жатты. Қара шамның жарығында хабар-мақала жазды. Көркем хабар, баяндау әдебиеті, естелік және Фелиетон, очерк, әңгіме, повест жазды. Қырық жылдан асырып жазды. Өмірдің қыры мен сырын, дәуірдің тілін дөп басып жазып, заман керуенінің із-бедерін айнытпай салды. Сондағы тілшіміз «Шыңжаң газетінде» қырық жылды бір күндей өткізіп, бұл күнде жоғары құрметке ие болып отырған аға редактор, қарт журналист, танымал жазушы – Қайролла Баянбаев.
Қайролла ақпарат кәсібін балғын шағында-ақ құлай сүйді. Оның тырнақ алды хабар-мақалалары 1953 жылдан бастап-ақ жаряланады. Ол арт-артынан аймақтық, облыстық, өлкелік газеттер жағынан үздік ерікті тілші болып бағаланады. Осы талабы оның «Шыңжаң газетіне» жұмысқа келу толымдылығына жеткізеді. «Шыңжаң газетіне» келгеннен кейін томағасын тартқан қырандай шүйіліп, алғашқы тілшілік сапарында «Майбұлақ», «Жаңарған дала», «Ертіс айдынында», «Үліңгір жағасында», «Саясатшылар», Аға шахтер ашқан жол», «Шопандар шолпаны» қатарлы очерктер, «Білім ұясында», «Биіктен-биікке», «Шіңгіл шыңнан-шыңға шырқауда», «Туған ауылда», «Ұядан ұшқандар», «Қазақ жұмысшылары», «Жалғасқан жүрек, тоғысқан тілек» қатарлы көптеген көркем хабарлар жазып, жаңа дәуір адамдарының таңдаулы қасиетін, қайсарлығын, коллектившілдігін, ұлы мұрат жолындағы ерлік күресін, ақ көңіл, адалдығын, заман рухын жырлады. Туындыларына өмір бояуын өзіндей етіп салғандығы және оны «өткінші» дәуірлік тілмен емес, ұлттық өмірлік қалыптасқан тілімен айшықтағаны үшін оның еңбектері мазмұны көнермей, бояуы өшпей келеді. Кейбіреулері кейінгі жылдардағы әдеби жинақтарға енгізілсе, кейбіреулері орта, орталау мектеп оқулықтарынан орын алып, өміршеңдігін әйгіледі.
– Тілші үшін қиынның қиыны қалам кәсіпкерлерін жазу болар-ау деймін.
Сөйтсе де, газетте 40 жылға таяу уақыт істедіңіз, адамдардың барлығы да өмір кешеді, алайда, дәуірге өшпейтіндей табан мөрін түсіру екінің бірінен кезіге бермейді. Сіз кешкен кезең 1950-ші жылдардағы жапалы тілшілік ізінен сол кездің жарқын образын көргендей болушы едік. Ал қазірге дейін ақпараттың шаңырақ салған қоңыраулы атанындай керуенді бастап келеді деп еңбектеріңізге сүйінеді кәсіптестеріңіз. Сондықтан, газетке сіңірген еңбегіңіз жайлы азырақ аялдауыңызды жөн көріп отырмыз, – деп сөзге тарттым.
– Менің газетте істеген 40 жылға жуық уақтымның көбі редакторлық
істеумен өтті. Редакторлық – аса жапалы әрі даңқты қызмет. Оның саясаттық, кәсіптік сипаты өте күшті, қоғамдық өмірдегі рөлі мен ықпалы өте зор. Редакторлар өздері шығарған газет, журнал, кітаптармен халықты тәрбиелеп, оларға сарқылмас рухани қорек беріп отырады. Бұл жөнінен айтқанда, редакторлар қатардағы адамдардың бірі ғана емес, көш басшылары деуге болады. Редакторлар ең алдымен партия мен үкіметтің уәкілі ретінде істейді. Олардың партия мен халық алдындағы міндеті ауыр, жауапкершілігі күшті. Редакторлықтың тілшіліктен парқы оның газеттің жалпы тұлғасына жауапты болғандығында. Газеттің өз оқырмандарына нендей рухани азық жеткізіп беруін редактор белгілейді. Өйткені, әрқандай басылым редакторсыз жарық көрмейді. Автордың еңбегі қаншалық құнды болса дағы редактордың талғамынан өтпей тұрып оқырмандармен бет көрісе алмайды.
Мен 1960 жылдардан бастап қондырманы негіз еткен 3 беттің жауапты
редакторы, 1970 жылдарда оқу-ағарту, мәдениет тобының бастығы, 1980 жылдарда Қазақ редакция бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1990 жылдарда Тілші-редакторлар бөлімінің меңгерушісі болып міндет өтедім. Осы мезгілдегі еңбегіме нақты сан көрсету қиын, – дейді ол.
Қайролланың әңгімесінен редакторлардың май шам рухын сәулелендіріп, жарықты басқаларға түсіретіндігін, топырақ рухын сәулелендіріп, құнарын өзгеге сарқып беретіндігін, отан үшін, ел үшін жырлап, атсыз қаһарман рөлін атқаратындығын аңғаруға болады. Газет қызметінде меңгеруші болғандар бейне арбаға жегілген көмбіс атпен тең. Сахараның саңлақтары судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін жеп, иесі жағынан бапталып жүргенде, арбаның түбіндегі ат күнге қақталып, табанын тас мүжіп, мойнын қымыт қажап, сіңірі сыртылдап жүргенін көреміз. Біздің қайсы сартабан редакторларымыз дәл арбаның аты сияқты келгенде кекілінен, кеткенде суырынан сипаған иесіне үмітсіздене қарап, көне оқырына алшаң басып кете бермейді дейсіз?! «Бұрынғыны айтпай, бүгінгінің қадірін білуге болмайды» дегендей, қарт редактор Әбділдабек Тершиннің күні-түні кеңседе отырғанын көрген Ғани Саржан: «Әбең ақырғы тынысын кеңседегі үстел үстінде үзер ме екен» деп қалжыңдап, жолдастарын әрі күлдіріп, әрі әсерлендіруші еді. Сол аға буындардың образы Қайроллаға да бап келеді. Күні ертең демалысқа шыққалы тұрған Қайракең ШҰАР-дық 7-ші кезекті саяси маслихат кеңесінің төртінші мәжілісі мен ШҰАР-дық 8-ші кезекті халық құрылтайының төртінші мәжілісіне тілшілік істеп тағы кетеді.
Партия мен халықтың ақпарат ісі жолында ойда бары мен бойда барын сарқа жұмсап, қызмет дегенде іскен асын жерге қойып, бәрін де ұмытатын қасиеті ғойоның. Әйтпесе жылда өткізіліп тұратын осы екі жиналыстың ауыр міндетін арқалаудан Қайролла қажитын болған еді ғой. Соңғы жылдардан бері ашылған әр дәрежелі маңызды жиналыстардың үгіт жұмысына жауапты болып, тілшілерді ұйымдастырып, олардың жазғандарын қарап өткізу, өзі тілшілік міндетімен қатынасып, хабар, шолулар, әдеби таныстырулар жазу Қайролланың қаламынан қағыс қалып көрген бе еді? Шыңжаңда автономиялы аудан, облыс, автономиялы район (ШҰАР) құрылғандығының 20 жылдығы, 30 жылдығы, 40 жылдығы сияқты науқанды үгіт жұмыстары газетті қатты қарбаластыққа салатын шаруа. Соның бәрінде жоспар жасау, жазуға ұйымдастыру, келген хабар-мақалаларды өңдеу сияқты қатарлы жұмыстардың қай-қайсы да Қайролладан қағыс қалған емес. Қайролланың Мори қазақ автономиялы ауданы құрылғандығының 20 жылдығын тойлау кезінде жазған «Торқалы той» атты көркем хабары сол кезде радиода музикаластырып әлде неше рет оқылғанда, көпшілік қауымды желпіндіргені әліге дейін тыңдармандардың есінде болса керек. Қайролла ШҰАР-ға сапарлай келген шетелдік мемлекет басшыларымен, шетелдік көркемөнер үйірмелерімен кездесулерге қаиынасып, тілшілік істеді. Айтвр болсақ, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің төрағасы Қарамановке және қазақстандық көркемөнер үйірмелеріне тілшілік істеп, олардың қимылы жөнінде арнаулы беттер ұйымдастырып шығарды. Сөйтіп, кешегі күні ауыл арасында тілшілік істеген Қйрекең бүгінгі күнде өзінің тілшілік өнерін халықаралық өреде, шетелдік достар алдында әйгіледі.
Мен Қайрекеңнің тілшілік ізіне аздап түскеннен кейін, соңғы 20 неше жылдағы әр күні айналасындағы шикілі-пісілі мақалалар үйіндісінің ортасында редакторлық міндет атқарып жүріп, дарындыларды жазған әдеби таныстыруларының мөлшерін білгім келіп, әңгіме желісін солай қарай тарттым.
– Менің сезуімше, 11-кезекті партия орталық комитетінің үшінші жалпы
мәжілісінен кейін (1978 жылы Дың Шаупің билік тізгінін қолға алғаннан кейін өткізілген жиналыс айтылып отыр. Ред) сіздің қаламыңыз тіпті де тың ізге түсіп, өзгеше бір серпінмен сілтенгендей болды. Мысал үшін ұлтымыздан шыққан әр сала әр кесіптегі еңбегін жырлауға татарлық адамдарды жазуға келгенде сіздің қаламыңыз өте жомарт болды. Тілшілік сезімтал кәсіп, бірақ, сезінгенді сыр-сипаты бойынша жаза білу күшті дарындылықты қажет етеді. Еңбегі мәңгілі мәнге ие неше ондаған қазақ дарындыларын жазып, соңғыларға үлгі, бұрынғыларға тарих орнатқанеңбңгіңіз туралы аялдаудың артықтығы болмас?!
– Жұртқа аян, «Мәдениет төңкерісі» кезінде, әсіресе, зиялылар қауымы
аяусыз соққыға тап болып, адам төзгісіз тауқыметтерді бастан кешірді. «Өлмеген алтын аяқтан су ішеді» орайына ие болғаннан кейін олардың еңбегін жырлап, еңсесін көтеруді партиямыз бен үкіметіміз қолдады. Осы орайда мен 1980 жылдан бастап «Заманымыздың түлектері», «Көктем қарлығаштары», «Өлең және өмір», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сияқты алуан тақырыптар арқылы ұлтымыздан шыққан мойны озық ақын-жазушылардан, жоғары кәсіптік атақ алғандардан, ғылым-техника саласында, дене тәрбие саласында елеулі еңбек сіңіргендерден, т.б. болып 30-ға тарта адамды баспасһз бетінде таныстырдым. Мұнан сырт, түрлі орайлы мезгілдерге туралап, ұлтымыздан шыққан әр сала, әр кәсіптегі дарындыларды газет бетінде таныстыруға тілшілерді, авторларды ұйымдастырып, олардың жазғандарының газетте жарық көруіне күш жұмсап келдім. Сондай-ақ Тілші-редакторлар бөлімі жағынан соңғы жылдарда бірнеше арнаулы беттер мен айдарлар жаңадан ашылып, оның қоғамдық өнімі көрнекті болды. Мысалы, оқырмандардан келген хаттарға мұқият мәміле жасалып, «Оқырмандар үні» деген атпен шығарылған беттің немесе айдарлардың тәрбиелік ролы, мәселені шешу қуаты күшті болды. Айталық, Құмыл қаласына қарасты қазақтар мекендеген екі ауыл, фермада орта мектеп болмағандықтан, орталау мектепті бітірген соң балаларджың оқусыз қалатындығы жөнінде келген хатқа «Шешуге тиісті талап» деген тақырыпта шолу жазып, хатпен бірге жаряладым. Қатысты орындар мұны көрген соң дереу шара қолданып, қазақ балаларының орта мектепке түсіп оқуына орай тудырды. «Әдебиет арнасы», «Шалқар», «Үйрену», «Білім бұлағы», «Басылымдардан терме» қатарлы арнаулы беттерді басқару арқылы мазмұнын байытып, сапасын жоғарлатып, оқырмандар сүйіп оқитын бетке айналдырдым. «Арақкештерге айна» атты арнаулы бетті жұртшылықпен бет көрістірдім. Ол қоғамда жақсы әсер қалдырып, белгілі рол атқарды. Мен ұзақ жыл редакторлық міндет өтедім, менің бұл қызметімнің өресін көрсететін нәтижем, атап айтқанда, барлық зейін-зердемді сарыққа жұмсап, көз майымды тауысып өңдеген хабар-мақалалар, әдеби туындылар, көз тартып, көңіл аударған айшықты беттер, ақпарат туындыларының көзі саналатын тартымды тақырыптар, – дейді.
Бұл ақиқат. Хабар, көркем хабар, репартаж, очерк, баяндау әдебиеті, фелиетон, тілші естелігі, тексеруден баяндама, түрлі шолу, кәсіптік зерттеу мақалаларын жазғанда бақалардың қаламынан қағыс қалып жүрген тақырыптарды тауып жазуға көбірек үңліді. Мәселен, архитекторлық, омарташы, мұнайшы, болатшы, кенші, тоқымашы сиқты қазақ ұлтының экономикалық негізінен, өндірістік тәсілінен, өмір салтынан мығым орын алмаған тақырыптардан таңдаулы туындылар жазды.
Автономиялы район бойынша таңдаулы ақпарат туындыларын тұңғыш басталған 1985 жылы жазғаны, ұйымдастырғаны болып бір жылда үш түр бойынша бәйге алды. Осыдан бастап шолулары мен көркем хабарлары, жобалап шығарған беттері жыл сайын автоном район немесе мекеме жағынан таңдаулы туынды болып бағаланып, силанып отырды. «Қытай Шыңжаң қазақ көркемөнері халықаралық сахнада» көлемді көркем хабары 1993 жылы; «Медицина аспанының бір жұлдызы» атты көркем хабары 1994 жылы; «Адал достық алтыннан да қымбат» атты көркем хабары 1995 жылы мемлекет бойынша бес автономиялы район партия газеттерінің ұлттық таңдаулы ақпарат туындыларын бағалау комитеті жағынан 2-дәрежелі болып бағаланып силанады. Сөйтіп, 1995 жылға дейін 20-ға жуық ақпарттық туындысы мемлекет, автономиялы район және меңгерме дәрежелі таңдаулы туынды болып бағаланып силанады.
– Қазақ тілінде шығатын «Шыңжаң газетінің» ерікті тілшілері аз
болғандықтан, ерікті тілшілер қосынына сүйенуге тура келеді. Төңіректің төрт бұрышынан жазып тұратын, мамандығы сан алуан авторлар мен ерікті тілшілер көп болғанда ғана газет мазмұны бай, тіршілік тынысы кең, ұлттық ерекшелігі көрнекті, информатция қайнары мол, мезгілдік сипаты деркезінде болып, оқырман қауымын өзіне бауырай алатын қоғамдық өнімділікке жете алады. Осы мақсатқа жету үшін, мен ерікті тілшілерді тәрбиелеп, олардың қатарын молықтыруға күш салдым, – дейді ол.
Қайролла айтса айтқандай сыртта ерікті тілшілерді тәрбиелесе, іште жастарды кәсіптік жақта тәрбиелеп жетілдіруді өзінің борышы деп білді. Қазір «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясында біршама толықсыған, белгілі саяси, кәсіптік өреге ие қазақ ақпарат қосыны бар. Осы қосынның жетілуінде Қайролланың да бір кісілік үлесі бар.
Жапалы тілшілік өмірін бастан кешірген, өзі келістіріп жазып көрмеген редактордың меншікті және ерікті тілшілердің, авторлардың жазғандарын дерлік керекке жарата алуы екіталай, сондықтан да түрлі хабар-мақала, түрлі редакторлардың қолында түрліше тағдырға тап болады. Осындай кезде жас редакторларға жанды тәрбие болу үшін, Қайролла кейбір жарақсыз деп қалдырған хабар-мақалаларды құмнан алтын шайқағандай қайта өңдеу арқылы үлгі көрсетіп отыратындығы туралы да аялдады.
Қайролла Баянбаев көпке танымал жазушылардың бірі. Оның «Рекета коммунасында» көркем очергі 1958 жылы «Шұғыла», «Тарым» журналдарында, «Қос жүрек», «Қайыңды» атты әңгімелелері 1960-жылдары «Тияньшан» (қытай әдебиеті журналы) журналында жаряланады. «Саятшы» атты әңгімесі 1961 жылы «Шұғыла» журналында жаряланып, 1981 жылы ШҰАР бойынша таңдаулы тунынды силығына ие болады. Одан кейін қытай тіліне тәржымаланып «Шыңжаң әдебиеті» мен Бейжіңде шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналында жаряланады. Екі рет қоспа жинаққа және орта мектеп әдебиет оқулығына, Қытай әдебиет-көркемөнер баспасы жағынан «Қытай жаңа әдебиет-көркемөнер желісі» атты таңдаулы жинаққа енгізілді. Оның «Дарқан дала» атты әңгімелер жинағы, «Жол», «Есіл Ертіс» атты көлемді повестер жинағы мен «Селкеусіз сезімдер» романы жарық көрді. Ал Қазақстан Жазушылар басқармасы жағынан «Сахара салтанаты» атты әңгіме, повестер жинағы, Дүниежүзі қазақтарының «Ата жұрт» баспасынан «Пәк махаббат» романы баспадан шығу алдында тұр.
«Әдебиет арнасы» атты бет жайлы аялдағанда, Қайролла былай дейді: «Мен 1960 жылдардан бері «Шыңжаң газетінің» «Әдебиет арнасы» бетін жауапты болып басқарып келемін. Содан бері неше жүздеген әдеби туындыларды көріп бекіттім. «Әдебиет арнасы» бетін Шыңжаң қазақ әдебиетінің бір отауы десек, мен осы отаудың шаңырағын көтерушілер әрі осы отаудың жасау-жабдығын толықтырушылар қатарында рол атқардым. Талай-талай ақын-жазушылардың тырнақ алды туындысы «Шыңжаң газетінде» жарық көрді. Осылардың барлығына да мен еңбек сіңіріп, «саятшы» болып бау аштырдым. Демек, қазақ ақын-жазушыларының қатарын молықтыруда, оларды тәрбиелеуде өзімдік үлесімді қостым деп айта аламын».
Қ.Баянбаев ақпарат қызметімен шұғылданған ұзақ жылдық сапарында партия мен халықтың ақпарат істеріндегі таңдаулы дәстүрі мен стиліне мұрагерлік етіп, ақпарт шебінде елеулі еңбек сіңірді. Сондықтан да ол «Шыңжаң газеті» мекемесі жағынан талай рет «Озат қызметкер», «Таңдаулы партия мүшесі», «Таңдаулы меңгеруші», «Таңдаулы ғылым-техника қызметкері» бағаланып құрметке бөленді.
Ол Қытай Жазушылар одағының, Шыңжаң Жазушылар одағының, Шыңжаң ақпаратшылар ғылыми қоғамының, Шыңжаң қазақ мәдениеті қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның есімі мен еңбектері «Қытай қазақ мамандары», «Қытай ақпаратшылар мамандары», «Қазақстан ХХ ғасыр жазушылары» қатарлы энциклопедияларға енгізілген. Қазір Қайрекең зейнет демалысында.

Тұрсын ЖОЛЫМБЕТҚЫЗЫ,
ардагер журналист, ҚХР

2011 жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑