banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2011 | 823 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ағалар жолымен жүру арманым…

 

 

            Ербол Сүлейбекұлы 1975 жылы ШҰАР-ның Қаба ауданы, Ақарал қыстағында дүниеге келген. 1997 жылы Шыңжаң көркемөнер  институтына  жеке  ән салу мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2001 жылы аталмыш өнер ордасын аяқтасымен Алтай аймақтық ән-би үйірмесіне әнші болып жұмысқа орналасады. 2005 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық  консерваториясының аспирантурасына өз мамандығы бойынша оқуға қабылданған.

                       

– Ербол Сүлейбекұлы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының асапирантурасын аяқтап, дипломды қалтаға бастыңыз; алдағы уақытқа қандай мақсат қойып отырсыз, атамекенде қалып ел үшін еңбек етесіз бе, әлде, Қытайға қайтасыз ба?

– Иә, «құдайға шүкір» оқуымды аяқтап, дипломымды алдым. Бұл да болса қазақ мемлекетінің шеттегі қандастарымыздың елге келіп білім алуына жасалып отырған жеңілдіктерінің жемісі, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Енді, алға қойған мақсат туралы айтар болсам, елге оралу, атамекенге келген соң біржолата тамыр тартып қалып қалу шетте жүрген кез-келген қазақ баласының ортақ арманы ғой. Бұл ой менде де болған, алайда, Қытайға қайта тұруыма тура келіп тұр.

– Неге…

–  Мен Қытайда институт бітірген соң Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесінде жеке орындаушы болып төрт жыл тапжылмай жұмыс істедім. 2005 жылы үйірме басшылары мені жоғары білімді маман етіп дайындағылары келетіндіктерін, сол үшін шарт-жағдайымды толық қамтамасыз етіп, шетелге шығарып оқытуды өз іштерінен мақұлдап қойғандарын айтты. Мен қуана-қуана отырып бірден келістім. Және Қазақстаннан оқығым келетінін айттым.  Сөйтіп, олармен арнайы келісімшартқа қол қойысып, Қазақстаннан білім толықтыруға тартып кеткен болатынмын. Олар келісімшарттағы уәделерін орындап, білім алу шарт-жағдайымды толық қамтамасыз етті. Енді кезек маған келді. Мен олардың қаржылай жасаған қамқорлықтарын, өзімдегі өнерім арқылы қайтаруым керек. Сол үшін Қазақстанды қимай-қимай қайтып барам.

– Қамқорлықтың қарымжысын қайтару ұзақ жылға созыла ма?

– Қазақстан үкіметінің жастардың білімін шетелдерде шыңдауына арналған «Болашақ» бағдарламасы сияқты Қытай елінің де жастардың шетелде білім алуына арналған арнайы игі бастамалары бар. Міне, мен сол бағдарлама аясында келіп отырмын. Соған орай, олар менің шетелде алаңсыз білім толықтыруыма түрлі шарт-жағдайлар жасаумен қатар, мен Қазақстанда оқып жатқан мезетте күнделікті жұмысықа келіп жүрген қызметкерлермен тең мәміле жасап, жалақымды толық төлеп отырды. Енді мен онда барғаннан кейін кемінде бес жыл тапжылмай қызмет етуім керек.

– Бүгінгі таңдағы Қазақстандағы көзқарасты алып айтар болсақ, «халық әншілері мен опералық ән орындаушыларға тыңдарманның сұранысы азайып,  көбісі эстрадаға бет бұрып кетті» – дейді. Ал, Қытайда қалай?

Бұл үрдіс Қытайдың Бейжің, Шаңхай сияқты дамыған қалаларында қалай болып жатыр, білмеймін. Ал, аз ұлттар жиі шоғырланған, әсіресе, қазақтар тығыз қоныстанған Шинжиаң өлкесінде тура сіз айтып отырғандай. Ол жақта да халық әншілері мен опералық ән орындаушыларына қарағанда, эстрада әншілерінің тыңдарманы мол. Әрине, оған халық та, әншілер де кінәлі емес. Нарық қоғамының сұранысы солай. Шинжиаңда, әсіресе, опералық әндерге деген сұраныс өте төмен. Ондағы жұртшылық опера дегеннің не екенін түсіне де бермейді. Өйткені,  Шинжиаңның өлке орталығы болып саналатын алып шаһар Үрімжі қаласының өзінде опера театры жоқ. Көрермен талғамы туралы бұдан әрмен айтпаса да түсінікті…

– Академиялық театрлар да жоқ дей көрмессіз…

– Шындық өзі ащы нәрсе. Алайда, ашығын айту айып болмас деп ойлаймын. Шинжиаң көлемінде ұйғыр халқының ұлттық театрлары бар. Алайда, қазақ ұлтының академиялық театры жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаншы жылдары Шинжиаңда қазақ ұлттық академиялық театры ашылады болып, жергілікті өкімет өнер саласында Қазақстанмен тәжірибе алмастыруды желеу етіп, Тілеубек Қожанұлы, Тоқан Смағұлұлы сияқты бір топ әншілер мен актерлерді Алматы қаласына білім толықтыруға арнайы жіберген екен. Кейін сол театр ашу туралы бастама белгілі себептермен жалғасын таппай қалыпты да, жабулы қазан жабулы күйі қала беріпті. Бертінгі жылдары жұрт арасына «Алтай қаласында қазақ ұлттық академиялық театры ашылады екен» деген дақпырт тарап жүрген еді, соңғы уақытта ол да тым-тырыс бола қалды. Демек, ол да ашылмайды деген сөз.

– «Шинжиаң жұртшылығы операны түсінбейді», – дейсіз. Олай болса, сіздің опера әншісі болу арманыз қалайдан қалай оянды?

– Мен Қазақстанмен шекаралас орналасқан Алтай аймағының Қаба ауданында туып, сонда өстім. Кішкентай кезімде таңның атысынан күннің батысына дейін үйіміздегі қара радионың үні құлағымыздан кетпейтін. Таңертең ерте әкем мен шешемнің қай бұрын оянғаны тұра салып радионы қосатын. Біздің үйдегілердің таңғы ұйқысының шырқын бұзып, жастықтан еріксіз басымызды көтерту сол радиомыздың бұлжымай атқаратын міндетіне айналған еді.  Сол кездері радио сағат сайын кәсіби өнерпаздар орындаған ән-күйлерді беретін. Ағайынды біздер ұйқымызды толық ашып алған соң жадырап сала беретінбіз де, радиода ән орындаған өнерпаздарға еліктеп жарыса ән де шырқайтынбыз. Таң сәріден тәтті ұйқымызды бұзғаны үшін ағайынды төрт-бесеуіміз сол каезде қара радиоға жиі өкплегеніміз рас. Алайда, өсе келе құлақ құрышымызды қандырып, ұлттық ән-күймен әлдилеп өсірген сол қара радиоға үнемі алғыс жаудырумен болдық. Себебі, сол радионың көмегі де болған шығар, Елеусіз Сүлейбек, Берік Сүлейбек деген ағаларым әншілік, сазгерлік жолға ерте қадам басты. Іле-шала олар барған өнер майданына мен де барып қосылдым.

– Демек, сізге опералық әнші болу бағытын нұсқаған ағаларыңыз болғаны ғой…

–  Әрине, әншілік жолды таңдауыма ағаларымның айтарлықтай ықпалы болғанын жасыра алмаймын. Ағаларымның жолымен жүргім келгені де шындық. Дейтұрғанмен де, әншілік өз бойымда бар туа бітті талантым. Мен бала күнімнен әртіс болсам деп армандайтынмын.   Осы ынтамның жетегімен мектеп бітірген соң-ақ Үрімжідегі өнер институтына емтихан тапсырып бағымды сынадым. Жолым болып, барған бойда оқуға қабылдандым. Сонымен қатар, үнемі теледидардан көріп талантына тамсанып  жүрген Тоқан Смағұлұлы ағамызға шәкірт болдым. Ол кісінің Қазақстандағы оқуын аяқтап, өнер институтына ұстаз болып орналасқанына да көп болмаған екен. Тұңғыш шәкірті біз  болған соң өзіндегі бар білімін, ақылын бізден аяп қалған жоқ. Мен де Тоқан ағамыздай әнші болып шығу үшін бар күш-жігерімді салып үйрендім. Әншілік жолымдағы бүгінгі нәтижемнің көбін сол ұстазыммен байланыстырамын. Бәрі де тағдырдың маңдайға жазғаны шығар. Менің опера әншісі болуыма бірінші Алла, екнші ұстазым себепкер болды. Мүмкін, алғаш өнер институтына қабылданған кезімде басқа ұстаздың тәрбиесіне түскен болсам опера әншісі болмас па едім, кім біледі.

– Ара-тұра эстрадалық әндерді де орындап қоятын шығарсыз?

– Опералық ән айту әдісін меңгерген әнші үшін эстрада жанры қолайсыздау болып келеді. Бірақ, заман талабы солай болған соң ара-тұра ол бағыттағы әндерді де орындап қоямын. Онымды ән өнеріне қиянат деп емес, керісінше өміршеңдік тынысының кеңейе түсуіне қосқан үлесім деп білемін.

– Бұл сөзіңізді «мен ертеңгі күні Ресейдің белді опера әншісі Н.Басков сияқты эстрада жанрына біржолата бет бұрып кетсем таңданбаңыздар…» дегені деп түсінеміз бе қалай?

– Жоқ. Олай деп түсінбеңіздер. Өзімнің эстрадаға біржолата бет бұрып кетпейтініме толық сенімдімін.

– Қытай елінде өнер байқаулары мен концерттер өткізуде көз бояушылыққа жол жоқ деген рас па?

– Қай елдеболса да түрлі деңгейдегі өнер байқауларының «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермей, әділ өткені нағыз таланттардың шабытына шабыт қосары сөзсіз. Концерттер де жанды дауыспен өткені абзал. Бұл жағынан Қазақстанға қарағанда Қытай өкіметі дұрыс бастаманы жолға қойып отыр. Аспан асты еліндегі конкурстардың көбісінде үздік өнерпазды халық таңдайды. Әсіресе, әншілер байқауының көбі тікелей эфир арқылы миллиондаған көрерменнің  көз алдында өтеді. Сондықтан, әділқазылардың бүйрегінің таныс-тамырына бұрылып кетуіне еш мүмкіндігі болмайды да, шартты түрде әділетті жақтауына тура келеді. Содан да болар, оларда байқау болады екен, кімде жүлдеге лайық талант болса сол жеңімпаз болады. Кей елдердегідей бастықтың, байдың балаларының жүлдені алдын-ала  сатып алуына қатаң тиым салынған. Концерт берушілерге, кеш оздырушыларға да қойылған талап қатаң. Кейде телевидениялардың талабы бойынша болмаса, фонограммамен концерт өткізіп, тыңдармандарды алдағандар қатаң сөгіс алып, айыппұл төлейді. Және жалғасты концерт қоюына тиым салады.

– Мейлі, қай елде жүрсеңіз де қазақ өнеріне әнші ретінде үлес қосатыныңызға сенеміз. Қазақ жұртшылығы сізден тағы не күте алады?

– Мен өзім өнер адамы болған соң қайда жүрсем де қазақ жұртшылығының рухани қазынасының қалыңдауы үшін еңбек етем. Бұдан бұрын демалыстарда Қытайға барған кездерімде шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүретінмін. Алла қаласа, осыдан барған бойда сол бастамамды ары қарай жалғастырмақпын. Алдағы уақытта нағыз таланттарды тауып тәрбиелеп, қазақ өнеріне ұстаздық қырымнан да үлес қоссам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет. Енбегіңіз жемісті болуына тілектеспіз…

 

Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑