banner-top12

Алыстағы ағайын 04eafdb29b6b158f8ed261215cd57606

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2008 | 1  716 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ағайын арасын жалғаған алтын көпір

Ағайын арасын жалғаған алтын көпір – Қауымдастық туралы пікірлер

ЖАНБОЛАТОВ Сұлтан,

Қоғам қайраткері, ғалым,жазушы,

 «Үлес» қатарлы ҚХР сыйлықтарының иегері,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының мүшесі

 

 

Қандастарына қарайласқыш Қауымдастық

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бұл он бес жылда тек Қытайдағы қазақтарға қатысты шаруалардың өзінен де дүниенің ісін тындырды. Бірақ оның бәрін тізбелеу оңай емес. Бірқанша мысалын көрсетсем де жетер.

Елге белгілі өнер адамдарының мүшелтойларын жүргізісті. Мысалы, әйгілі жазушы, ауыз әдебиетінің  аға зерттермені, Таңжарықтанушы ғалым Оразанбай Егеубаевтың жетпіс жылдығын, т.б. Қытайдағы немесе Қытайдан оралған ақын ,жазушылардың еңбектерін қара шаңырақтағы ағайындарына таныстыру үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасы арқылы талай  кітапты кириллше жазумен басып шығарды. Оның ішінде Омарғазы Айтанұлының өлеңдер жинағы, Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы, Сұлтан Жанболатовтың «Үйсін Хикаясы» атты трилогиясының бірінші бөлігі «Елжау Күнби» , Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы, Серік Қапшықбаевтың өлеңдер жинағы, Жақсылық Сәмитұлының шығармалары, Қазымбек Арабиннің өлеңдер жинағы, Айнұр Егеубаеваның «Менің әкем» секілділер бар. Бұлардың бірқатарының (О.Егеубаев, С.Қапшықбаев, С.Жанболатов, т.б.) не оралғандығына, не оралу жұмысына селбескеніне, не Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі тілектестік істеріне орай Президент бекімі бойынша тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған медальмен марапатталуына мүмкіндік жасады.

Қылқалам шеберлерінің де сызба сурет көрмелерін ашты. Оның ішінде Аман Әбзәлбекұлы, Серғазы Байжұмаұлы, Түсіпхан Ұлықпанұлы, Әбдімәжит Ертуғанұлы және Ербол мен Ғалия қатарлылардың еңбектері бар. Түсіпбек Ісләмқұлұлы сияқтылардың фотосурет көрмелерін де жүргізді.

Бірқатар әнші не күйшілердің  арнайы кештерін өткізіп, VCD не DVD дискаларын шығарысты. Мысалы, Бейсенбі Дөненбайұлының «Күй құдіреті», Қ.Тілеубек, Ә.Раушан, С.Айнұр, Б. Бақыт, Ш.Лина, Д.Тұрсынбай, Б.Меруеш, Қ. Риза, Ә.Тоқтабай, Ә.Шаба, Ә. Қабылаш, Б. Гүлзира, З. Ермұрат, Т. Жәннат, М. Майра қатарлылардың орындауындағы  «Атажұртқа жеткен ән» сияқтылар. Әбдірахман Четиннің ұйымдастыруын қолдап, Қытай қазақтарының бір топ өнер иелерін Еуропаға апарып, ондағы диаспора шөлін қазақ өнерімен қандырды .

Құрылтайларға және басқа мерекелерге ұштастыра қазақ диаспорасындағы жазба ақындардың мүшәйраларын талай рет  өткізді.

Қытай қазақтарынан Қазақстанда оқу үшін келген жастардың қордаланған мәселелерін шешуге бел шеше араласты. Кейде (мысалы, 2003-жылы), 1500-ге таяу талапкердің талабының оңды шешілуіне Президент қол ұшының берілуіне себін тигізді.

Қытайдан Қазақстанға келген оралмандардың қиыншылықтарын шешуге жалықпай жардемдесті. Мен бұған сансыз нақты мәселелерді емес, тек Қалдарбек Найманбаев, Талғат Мамашев, Сұлтанәлі Балғабаевтардың БАҚ тілшілеріне берген талай реткі сұхбаттарын ғана мысал етпекпін. Өйткені бұл сұхбаттар толып жатқан тәрбиелік мәнді қамтыды ғана емес,бір қыдыру қате көз қарастарға да пәрменді тойтарыс бере алды.Әсіресе қазақ диаспорасына, оралмандарға кешегі отаршылдардың немесе бүгінгі Қазақстан жауларының ықпалы арылмаған көзбен қарайтын, немесе қара басының қамынан шыға қызғанышпен сөйлейтін, уа яки аз санды оралмандардағы келеңсіздік арқылы оның көбіне топырақ шашатын, жалпы алғанда Елбасы командасының көрегендікпен көтерген келелі саяси байламына қайшы келетін, бүкіл ұлттық мүдде биігінен қарай білмейтін, мемлекеттің және оған субьект (ие ) ұлттың стратегиялық, тактикалық биігінен  назар салуға өресі жетпейтін, тіпті мәңгүртше сөйлейтіндерге иландыру қуатына ие сын бола алды. Бұл кей нақты мәселелерді шешуден де маңызды болатын.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшылары Қытайдағы шараларға да атсалысты. Мысалы, Талғат Мамашев пен Сұлтанәлі Балғабаев Үрімжідегі ҚР виза қызметінің халыққа жайлы болуына, Бейжінде ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығын салтанатты түрде атап өтуге белсене араласты. Мұның өнімі де жақсы болды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан шығатын «Алтын Бесік»,  «Қазақ елі», «Шалқар-2» басылымдары өзінің бағалы мазмұндарымен оқырмандарын баурап, диаспора сусынын қандырды, елдер ара түсіністікті тереңдетті. Бұл басылымдар шетелдегі талай қаламгердің шығармаларын, мақалаларын дамылсыз жариялау арқылы әр елдегі диаспора пікір алмасуға алтын көпір болды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы араласқан жұмыстар толып жатыр. Соның ішінде «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» көп томын кириллше жазумен шығаруға қол қойысып, неше жақтың келісуіне араласу да бар.

Иә,… айта берсең тындырылған іс көп.Шұбыртып алмау үшін сөзімді осылырмен доғарайын.

Сөз аяғында, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылғандығының 15 жылдығын қызу құттықтай отырып, оның бұдан былай да осы беталыстан таймай, бұдан да зор табыстарға қол жеткізуін, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлына, ол кісінің бұл командасына мықты денсеулық, ұзақ ғұмыр, зор табыс, үлкен бақыт және оның нұрлы жолына баяндылық тілеймін !

Үрімжі қаласы

Қинаятұлы Зардыхан,

Тарих ғылымының докторы, профессор,

Моңғолиядан келген оралман

Қазақ пен қазақты  жалғайтын алтын көпір

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қазақ тарихындағы жаңа құбылыс. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жемістерінің бірі. Осыған  дейін шартарапта шашыраған қазақтар бір-бірімен табыса алмай сағынып, сарғаюмен болды. Әсіресе бұрынғы социализм жолында болған елдердің азаматтары батыс елдеріне шыққанда өз қандастарымен кездесуге тыйым салынған болатын. Егер де кездесе қалса «сенімсіз адамдардың» тізіміне ілігетін. Өмірде мұндай оқиғалар көп болған. Мысалы жез таңдай әнші Әміре Қашаубаев Францияға барғанда Мұстафа Шоқайдың үйінде қонақ болғаны үшін не көрмеді. Осылайша қазақ пен қазақтың арасына темірден қамал соғылды.

Қазақ пен қазақты жолықтырмай темір құрсауда ұстаған идеологияның пердесін 1991 жылы келген егемендік пен 1992 жылы шақырылған Дүниежүзі  қазақтарының алғашқы құрылтайы ашып, қазақ тарихында алғаш рет қазақты қазақпен мейірі қанғанша қауыштырды. Құрылтайда  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылуы қазақ өміріне ұлттық серпіліс әкелді. 30 елден жиылған қазақ бір-бірімен құшақ жая қауышып, ұлттық-патриоттық сарында әңгіме-дүкен құрды.

Құрылтайдан соң іле-шала шет елдерден атажұртқа бет бұрған қазақ көші басталып кетті. Бұл да бір қазақтың басына бақыт құсы өзі келіп қонғандай кез еді. Алғашқыда барлығы да осылайша оп-оңай орындала қалатын армандар тоғысы сияқты сезілетін, әлем қазақтарының қаушықан құшақтары енді сірә ажыраса қоймастай көрінетін. Қазақтар тарихи отанына ағылып келіп ыстық құшақтар қауышып мәре-сәре күй кешіп жатты. Тура осы кезде Қауымдастық шетелдегі қазақты атажұртпен жалғайтын алтын көпірге айналды. Шетелдерден келіп жол таба алмай қиналған талай қазақ Қауымдастыққа келіп өз жолын тауып кетіп жатты. Қауымдастықтың «Қазақ куәлігі» талай қазақтың өміріне жолдама болды. Осынау куәлікпен талай қазақ баласы оқуға түсті.

Мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйытқы болған талай шаралардың куәгерімен. Ол ұйымдастырған 6 конференция, 10-нан аса бас қосуға қатысып, қайсы бірінде баяндамалар қойдым. Қазақ тілі мен мәдениеті, Көші-қон мәселелері осы басқосуларға арқау болды:

Қауымдастықтың ұйытқы болуымен шетелдердегі қазақ өнері мен мәдениетінің талай інжу-маржандары сүзіліп, жәдігерлері иелерімен бірге атажұртқа жеткізіліп, көрмелер ұйымдастырды. Шетелдерде тұратын және атажұртқа оралған ақын, жазушылар, әнші, күйші, биші, қолөнер шеберлері Қауымдастық арқылы Қазақстан жұртына танымал болды. Шетелдерде тұратын және өмірден өткен белгілі қазақтардың өмірбаяны мен атқарған ісі Қауымдастықтың назарынан тыс қалып көрген жоқ. «Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы» айдарымен шетелдердегі қазақ авторларының ондаған шығармалары жарық көрді. Бүгіндері сол кітаптар қазақстандық оқырмандар іздеп жүріп оқитын құндылыққа айналды. Мен осы еңбектердің қайсыбірін ағылшын, АҚШ, германиялық зерттеушілерінің қолынан, қайсыбірін өзіміздің ғалымдардың кітапханасынан кездестіріп жүрмін.

Мен жоғарыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қазақ пен қазақтың ара жібін жалғап отырған алтын көпір деп әншейін бір сөз салты қылып айтқаным емес, шын ниетім сол. Қауымдастық талай қазақтың жоғын жоқтап, жоғарыға жеткізе алмай жүрген арыз-арманын жалғастырғанын білемін. Бүгіндері Қауымдастығымыз аяғынан тік тұрып кетті. Қауымдастық тәй-тәй басқан қиын-қыстау кезеңінде күнделікті жұмысының басы-қасында марқұм Қалдарбек Найманбаев болды. Ол шетелдегі қазақ зиялыларының өмірі мен атқарған ісін ата-бабаларына дейін білетін. Қолынан келген жақсылығын аяп көрген емес.

Қауымдастық үшін қиын-қыстау кезеңдер артта қалды. Оны  Қауымдастығымыз аз ғана күшпен абыроймен атқарды. Ел экономикасы өркен жайып, қазақтар арғы-бергісін танып-біліп дүбірлі көштің дәуірі өтіп бара жатқанына байланысты Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарихының жаңа кезеңі басталған сияқты. Ендігі жерде әлемдегі 4,5 миллионға жуық қазақты түгелімен атажұртқа көшіріп алу мүмкін емес. Ендігі жерде шетелдегі қазақтармен арадағы мәдени, рухани қарым-қатынастардың ауқымын кеңейту арқылы шетелдегі қазақтарды қазақ күйінде сақтап қалу жолдарын қарастыруымыз керек. Әрине келемін деушілерге бөгет болмай мүмкіндігімізше көмектесу шарт. Әрине бұл Көші-қонға жауапты ұйымдардың жұмысы. Ал замана ағысы, алда тұрған жаңа мақсаттарға байланысты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәртебесі мен рөлі өсіп тек қоғамдық ұйым емес, қазақтың ұлт саясатына жауапты мемлекеттік құзырлы ұйымға айналады дегенге мен сенгім келеді.

Оразанбай Егеубаев,

Жазушы, профессор, ҚХР-дың мәдениеті  мен өнеріне елеулі үлес қосқан ғалым                  

Қара шаңырақ-қормал шаңырақ

 

Шекара аттағандар ат басын ең алдымен Қауымдастыққа тірейді. «Қара шаңыраққа» сәлем беріп, тағзым етеді. Болашақ тағдырының ақ жолын сол «Қара шаңырақтан» бастау алдырады.

  Мұндай сенім, құрмет, мәртебе қалайдан-қалай, тегінен-тегін орнай қалмақ!?

Қауымдастық құрылудан бұрын қазақтың төрткүл әлемге тарыдай шашылып кеткенін басшы да, қосшы да, оқымысты да білмеген. Қағаз бетіне түспеген. Жұмбақ күйінде келген. Қауымдастық құрыла салысымен өз жұмысын сол жұмбақтың шешуін табудан бастады. Тоз-тозы шығып, ел-елге шашыраған қазақ халқын түгендеуге кірісті. Алыс-жақынға ат сабылтты. 2004 жылға келгенде 44 елде 4 млн 250 мың қазақтың тұрып жатқанын тапты. Оларға ұлтының, атамекенінің тәуелсіздік алғанын, демократиялы, құқықты дербес мемлекет құрғанын, ел Президентінің «Атамекенге келем деушілерге есік ашық, алдарыңнан жарылқасын!» деп ақ тілекті саясат ұстанып, қазақтардың атажұртқа оралуына шын жүректен шақырып отырғанын ағынан ақтарыла жеткізді. Алтын көпір болды. Олардың жай күйін көзбен көрді. Ал, 2007 жылдың бұл күндерінің табалдырығын аттағанда шетелдерде қоныстанып отырған қандастарымыздың табиғи өсімімен 5 миллионнан әлдеқайда асып кеткені дәлелденіп отыр.

Қауымдастық өмірге келгенде Төрағалықты халық қалауы бойынша Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз міндетіне алды. Күнделікті жұмыстарды басқару, Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, талантты қаламгер Қалдарбек Найманбаевқа жүктелді. Ол кісі дүние салған соң (2004 ж қыркүйек) бұған дейін  Алматы қаласы мен облысында комсомол, Кеңес, партия органдарында басшылық қызметтер  атқарған, ҚР Мәдениет министірі қатарлы жауапты міндеттер өтеген, танымал қоғам қайраткері Талғат Мамашев тізгін ұстады. Екі басшының айналасына, қауымдастық әкімшілігіне тұтас ұлттың, тәуелсіз мемлекеттің жарқын болашағына жауапкершілікпен қарайтын Сұлтанәлі Балғабаев, Тілек Дәулетов, Жәркен Бөдешұлы, Ботагөз Уатқан, Сапарғали Мұқашев, Рысжан Жұртшыбаева, Серікжан Қанабеков, Жанна Орынбекова, Гүлназ Қайымқызы, т.б. саналы іскер азамат-азаматшалар топтасты. Қазақтар шоғырлы қоныстанған шетелдерде  түгелге жуық қауымдастық бөлімшелерін құрды. Қазақ мәдени орталықтарын ұйымдастырды. Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия, Австрия, Ұлыбритания, Франция, Голландия, Швеция қатарлы шетелдерде шаңырақ көтерген сол бөлімшелер мен мәдени орталықтармен бірлесіп, жыл құрғатпай өткізіліп келе жатқан кіші құрылтайлар сол елдің қазақтары үшін аса үлкен мерекеге айналды. Ұлттық рухын көтерді. Мерейін тасқындатты. Жоқшы болатын, мүддесін қорғайтын тәуелсіз, әлуетті отаны бар екендігін айғақтады. Тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын келешекте де сақтау, гүлденту мүмкіндіктеріне сенімін оятты.

Ал мемлекеттің ішкі аумағында облыстарда өкілетті жұмыс жүргізетін, жұмысты ауқымдандырып отыратын бөлімшелерін ашты. Алғашында тақыр жерге тігілген Қауымдастық қазіргі күнде Алматы қаласының  Шоқан Уәлиханов көшесінің 43А нөмірлі, маңдайшасына «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының үйі» деп үлкен әріптермен оюланған, төрт қабатты, сәулетті, қордалы мекеме ғимаратын бой көтертті. Аясында «Атажұрт» баспа орталығын құрды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы» деген сериямен шетелдегі арғы-бергі қазақ ақын-жазушы, ғалымдарының таңдаулы 40 шамалы кітабын жарық көрсетті. Осы қатарда Қытайдағы қазақ жаңа жазба әдебиетінің шаңырағын көтерген бірегейлердің бірі – Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының екі томдық толық, «Таңжарық тағылымы» атты зерттеу кітабы, «Көкбөрі» немесе «Тағдыр тәлкегі» атты менің роман-эссем, мен жайлы құрастырылған «Менің әкем» атты альманах оқырмандармен дидарласты. Жазушылар Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс», «Пана» романдары мен Сұлтан Жанболатовтың  «Елжау Күнби», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романдары, әйгілі ақындар Омарғазы Айтанұлының «Тырналар», Қазымбек Арабиннің «Аққулар жүзген ақ айдын» жыр кітаптары және белгілі композитор Мұхаммед Әбдіқадірұлы құрастырған  «Алыстағы әуен» атты Қытайдағы қазақ композиторларының әндер топтамасы ілгерінді-кейін басылып шықты. Апта сайын басылым көретін халқаралық «Қазақ елі», «Шалқар-2» газеттері мен қос айлық «Алтын бесік» атты қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы, көпсалалы жұмыс атқаратын атаулы студиясы бар. Келелі істерді кез-кезінде ақылдасып шешіп отыратын «Ақсақалдар алқасы», «Студенттер орталығын», Өнерпаздар орталығын шаңырақ көтертті. Шетелдегі қазақтардың тарихын, тұрмыс-салтын, күрделі де күрмеулі мәселелерін, мәдениет ауқымын, өнерін зерттейтін Ғылыми орталық ашты. Осылайша 15 жыл бойында керегесін кеңейтуге де, шаңырағын биіктетуге де ерекше назар аударып, нақты жұмыстар істеп  халықаралық және бүкіл Қазақстан шеңберіндегі аты затына сай кемелді де беделді ұйымға айналды.

  Қауымдастықтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған қазақ диаспорасының көкейтесті мәселелерінің сан-салалары бойынша өткізілген  симпозиум, конференция, бас қосу, дөңгелек үстел мәжілістері толас тауып көрген емес.

Қауымдастық шетелдерден көш басын атажұртқа  бұрушыларға мұрындық болды. Мысалы: Ауғанстанмен мемлекеттік байланыс әлі бір жүйеге түспей тұрған кезде ол елде тұратын қазақтарға тікелей шақырту жіберіп, олардың атажұртқа аман-есен оралуына жағдай жасады. Тоқсаныншы жылдардың басында Түркиядан алғашқы көшті қауымдастық ұйымдастырды. Сауд Арабиясынан да бір қыдыру отбасының елге оралуына қол ұшын берді. Осылай басталып өріс алған ұлы көш нәтижесінде бұрын-соңды болмаған үлкен жетістіктерге қол жетті. Атамекенге үкіметтік көшіп-келу квотасы арқылы және олардан әлдеқайда көп, өз күштеріне сүйеніп, көшіп келіп орналасқан қандастарымызды қосқанда, қазір оралмандар санының бір миллионнан асып түскені мәлім. Тек квотамен рәсіми тіркеуге алынып келгендер арасында  60-қа тарта ғылым докторы, 280-дей ғылым кандидаты, 1670-тей шығармашы қаламгер, 990-нан астам дәрігер оралғанын, осыларда Қауымдастықтың да зор үлесі барын ерекше атап айтқым келеді.

Қауымдастық мектеп жасындағы оралман жас ұрпақтың және шетелде әлі іргесі сөгілмей отырған 5 миллионнан астам қазақ жұртының оқу жасындағы ұл-қыздарының Қазақстанда білім алу, білім толықтыру мәселесімен де бел буып, білек сыбана айналысты. Бұл жолда кездесетін, бөгет болатын ішкі-сыртқы қиыншылықтар, күрделіліктер қаншама!? Тығыз байланыс орнатып, соларды кез-кезінде жөнге келтіріп, ұтымды шешіп отырды. Қазақстанның ішкі жағында институт-университет және орта деңгейде білім беру ошақтарында дайындық сыныптарының көптеп ашылуына қузаушы, ұйымдастырушы болды. Оқу іздеп шекара аттаған қазақ жастарының бірде-бірінің оқусыз қалмауына, сынаудан толымды балл алғандары мен үздік оқығандарының грант, стипендиямен қамдалауына шапағатын тигізді. Озып шыққандарына сый-сияпат көрсетті. Қаржы қиыншылығы барларына оқулық, қалам-қарындаш, дәптер, сабақта қолданылатын экран (теледидар), магнитофон тектес техникалық оқу жабдықтарын тегін таратып көмектесті. Ойын-сауық үйірмелерін лайықты шамада сахналық киімдермен, музыкалық аспаптармен қамсыздандырды. Білім, спорт жарыстарын, әдеби, мәдени мерекелік сауық кештерін ұйымдастырып, олардың оқуға деген құштарлығын арттыра түсті, жігерін қайрады. Мұндай шаралар тек Алматы сияқты ірі қалаларда ғана көрініс таппай, бүкіл республика аумағын қамтыған тұстары да болды.

    Алыс-жақын шетелден келіп Қазақстанда Қауымдастықтың қамқорлығында оқыған оқушы-студенттердің  ерекше таланттылары бұл күнде Америка, Германия, Ресей сияқты шетелдерде биіктеп оқыса, бір қыдыруы оқу-орындарын табысты аяқтап атамекенге, кейбірі келген еліне барып, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр.

    Уақыт зымырап өткен сайын Қауымдастықтың келбеті менің көз алдымда, санамда барған сайын биіктей түсті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деп ата-бабаларымыз тектен-тек айтпаған. Осы мақсатпен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шаңырақ көтергеніне 15 жыл толған бүгінгі орайда шетелдегі қазақ жұртшылығына және көшбасын атамекенге бұрған қандастарымызға Қауымдастық тигізген шарапат, жасалған қамқорлықтардың өзім әсерленген кейбір өнегелі болмыстарын қағазға түсірдім. Барлығы да ұлт болып топтасу, мемлекет болып қалыптасудағы игі істер. Бүгін ғана емес болашақта да қазақ тағдырын, ұлт тағдырын зерттегісі, терең түсінгісі келетіндерге бұлар үнемілік үлгі.

Әбдіуақап Қара,

Тарих ғылымының докторы

 

Атамекендегі шам-шырақ

 

Шетел қазақтарының атамекенмен байланыстарын зерттегенде, оларды екіге бөліп қолға алған дұрыс: жақын шетел қазақтары және алыс шетел қазақтары. Жақын шетел қазақтары деп Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан секілді Қазақстанмен шекараласып жатқан елдердегі қазақтарды айтамыз. Ал алыс шетел қазақтары ретінде Қытай, Ауғанстан, Иран, Түркия, Аустрия, Германия, Франция, Моңғолия, Англия, Голландия, Дания, Швеция және Швейцария сияқты елдердегі қазақтарды мегзеп отырмыз.

Ұлттық ерекшеліктерді сақтау, атамекенмен байланыстарды жүйелі жалғастырып тұру тұрғысынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының маңызы іргедегі шетел қазақтарына қарағанда, алыс шетел қазақтары үшін айрықша жоғары. Өйткені олар Қазақстанға шекаралас елдерде өмір сүруде. Ал алыс шетелде – мәселен бүкіл Еуропа мен Түркиядағы барлық қазақтың ұзын саны 20 мыңнан аспайды. Осындай саны аз және көптеген елде шашыранқы орналасқан қазақтардың мәдени-рухани өзегі – мектеп, газет, журнал және радио, теледидар арқылы ұлт тілін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құрал-орындарды ашуы мүмкін емес. Атамекеннен тиісті ақпарат көздерін жүйелі түрде алғызып тұруы да мүмкін болмауда. Болғанның өзінде, Еуропа елдерінде әліпби айырмашылығына байланысты оларды тиімді пайдалана алмауда.

1992 жылы іргетасы қаланған осынау алқалы ұйымның содан бері сырттағы бауырларға ұлттық құндылықтар тұрғысынан ең көп пайдасы тиіп отырған орын осы десек асырып айтқандық бола қоймас. Оның алыс шетел қазақтарына қаншалықты маңызды екені сол бірінші құрылтайдың өзінде Дүниежүзі қазақтары қауымдыстығының құрылтайшылары көрегендікпен байқаған да, оның төралқа мүшелігіне Түркия қазақтарынан Дәлелхан Жаналтай ақсақалды сайлаған. Бұл кейін үрдіске айналып төралқа мүшелері арасында Түркия немесе Еуропа қазақтарынан бір өкілдің болуы ұдайы назарда келеді. Мәселен 2002 жылы Дәлелхан ақсақалдың орнына Германияның Кельн қаласынан Әбдірахман Шетин, өткен жылдан бастап осы орынға Францияның Париж қаласынан Мехмет Зенгин сайланып отыр.

Қауымдастықтың Түркия және Еуропа қазақтарына ұлттық ерекшеліктерін сақтау барысындағы іс-қимылдарын төрт категорияға бөліп қарауға болады.

  1. Кіші құрылтайларды ұйымдастыру.
  2. Тарихи маңызға ие күндер мен рәсімдерді қолдау.
  3. Кітап, мақалалар жариялау.
  4. Атамекенге барған қазақтарға пана болу.

Алыс шетел қазақтары Қауымдастықтың кіші құрылтайларға өткізу тәжірибесіне ерекше тәнті. Сөйтіп байланыс аясы кеңейтілуде. Еуропалық қазақтар жыл сайын жастар арасында футбол сайыстарын өткізу арқылы жан-жақтан жиналып бас қосуды үрдіске айналдырған. Бұл үрдіс 1994 жылдан бастау алған. Сол жылы Мюнхендегі қазақ қоғамы алғаш рет Еуропа қазақ жастары арасында футболдан сайыс өткізді. Мақсат Еуропалық жастардың көбісін қызықтырған футбол спортынан жарыс өткізу арқылы Еуропаның Германия, Франция, Англия, Голландия, Швеция, Швейцария, Дания және Аустрия секілді елдерінде шашыранқы тұратын қазақтардың бас қосуын қамтамасыз ету еді. Алғашқы сайысқа Мюнхен, Париж, Вена, Кельн қалалары қатысты. Ол өте табысты өтті. Мақсат жастардың бір-бірімен танысуы еді. Осы мақсат көп кешікпей алғашқы жемістерін де бере бастады. Өткен сайыста танысқан мюнхендік бір қызымыз бен Кельндік бір жігітіміздің дәм-тұздары жарасып, отау тікті. Осы жерде айта кетерлік бір жәйт, алыс шетел қазақтары сандары аз болса да, күйеу балалары немесе келіндерінің қазақтан болуын қалауда. Спорттық басқосулар тек жастарды ғана емес, сонымен қатар Еуропанын қарбалас жұмысқа толы өмірінен көптеген жылдар бойы бір-бірімен жүздесе алмай жүрген адамдар да шүйіркелесіп, кездесу мүмкіншілігіне ие болды. 1994 жылы сәуір айында Мюнхенде өткен жарыстан журналист Саясат Бейісбай “Егемен Қазақстан” газетінде хабар жариялады. Осыны естіген Қазақстандағы “Намыс” командасының президенті Несіп Жүнісбаев атамекен жастарын футболға көбірек қызықтыру мақсатында, келесі кездесуді 1995 жылы Алматыда дүниежүзі қазақ жастарының футбол сайысын өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс қолдау тауып 1995 жылы мамыр айында Алматыда Германия, Франция, Швеция, Аустрия, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан жастарының қатысуымен спорттық кездесу өткізілді. Осылайша шетел қазақтарының көптеген жастарының табаны атамекенге алғаш рет тиіп, зор әсерге бөленіп тұрған елдеріне қайтты.

Арада екі жыл үзіліс өткеннен кейін 1998 жылдан бастап футбол сайысы Еуропа қазақтары арасында үздіксіз өткізіле бастады. Ол Париж (1998), Кельн (1999), Амстердам (2000), Париж (2001), Кельн (2002), Вестерос (Швеция, 2003), Берлин (2004), Париж (2005) қалаларында өтті. Аталмыш шараға 2002 жылдан бастап Қауымдастық атсалыса бастады. Содан кейін мұның ауқымы кеңейді. Ол тек спорт фестивалі ғана емес, сонымен қатар ұлттық концерттер мен көрмелер болатын, диаспора мәселелері талқыланатын кіші құрылтайға айналды. Мұнда Қауымдастықтың және кіші құрылтай өтетін елдердегі Қазақстан елшіліктерінің орасан зор рөлі болды. Биыл кезекті құрылтай мамыр айында Қауымдастық пен Қазақстанның Германия елшілігінің қолдауымен Мюнхен қаласында өтті.

Қауымдастықтың алыстағы қандастары жөніндегі үлкен қызметінің екіншісі – диаспораның тарихи және маңызды деген күндеріне берген көмек-қолдауы. Мұңың алғашқысы 1995 жылды ЮНЕСКО-ның әлем бойынша Абай жылы етіп белгілеуіне байланысты еді. Стамбулда қазақтар көбірек шоғырланған Зейтінбұрын ауданында бір көшеге Абай атын беру рәсімі болды. Оған Қазақстан Мәдениет министрі Талғат Мамашев және Қауымдастық төрағасынын бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев және өнер қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Ол рәсімді Сапар Селви басқарған Қазақ қоры мен Зейтінбұрын аудан әкімі Әділ Емежан ұйымдастырды. Оған қазіргі Түркия үкімет бастығы, сол кездегі қала әкімі Тайып Ердоған да қатысты. Сөйтіп, Зейтінбұрын ауданындағы Мәрмар теңізі бойынан көлденен созылған әдемі көшеге Абайдың аты берілді. Сол көшенің бойына, арада алты жыл өткендеүлкен бір мектеп салынды. Осы жолдардың авторы тарапынан көшеге қазақ халқының ұлттық ақыны әрі ірі ағартушы Абай атының берілуінің орынды екені ұсыныс етілді. Бұл ұсыныс Стамбул әкімшілігі тарапынан орынды деп табылып, мектепке Абай есімі берілді. Мектептің тұсаукесер рәсіміне 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Мұның өзі Стамбул қазақтарының тарихындағы елеулі оқиға болды және олардың көңіл-күйін аспандатты.

Қауымдастықтың қолдауымен алқалы кездесулердің тағы бірі 1997 жылы Түркияда іске асты. Сол жылы Омар Жігіт басқарған Түркия қазақтары қорының көп қабатты жаңа ғимараты салынып біткен болатын. Соның тұсаукесер рәсімінін ұйымдастырылуына Қауымдастық өзіндік зор үлесін қосып, қуанышты шараны кіші құрылтай өткізумен ұштастырды. Оған Қазақстаннан депутаттар, ғалымдар, өнерпаздар мен журналисттер қатысты. Сонымен қатар Түркиядан қазақтарға қоса жергілікті халықтың да беделді өкілдері араласты. Еуропа қазақтарының өкілдері де осы алқалы жиынға сонау алыстан келіп ат басын тіреді. Түркия қазақтарының тарихында алғаш рет болып отырған кіші құрылтай жұмысының шырқау шегіне жеткен жері көп қабатты жаңа ғимараттың салтанатты ашылу сәті еді. Оған Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі және бас министрдің орынбасары Тансу Чиллер ханым қатысып ғимараттың тұсауын қиды.

2001 жыл Түркия мен Еуропа қазақтарын ерекше тебіренткен жыл болды. Сол жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл толуы атамекенде салтанатпен атап өтілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға және қазақ халқына еңбегі сіңген азаматтарды мерекелік медальмен марапаттады. Елбасының мұндай адамдар қатарында Түркия және Еуропа қазақтарының өкілдерін ескерусіз қалдырмауы алыс шетел қазақтары арасында тебіреніспен және қуанышпен қарсы алынды. Осындай абыройға бөленген азаматтар Дәлелхан Жаналтай (Стамбул), Шеризат Доғры (Стамбул), Шәріп Найман (Мюнхен), Әбдірахман Шетин (Кельн) еді. Стамбулда осы мерекелік медальды Дәлелхан ақсақал мен кәсіпкер Шеризат Доғрыға тапсыру сәтінде кезінде көптеген тауқыметті бастан өткізген қадірменді ақсақал Дәлелхан Жаналтайдың тебіреніп көз жасын тыя алмағанының куәсі болдық. Бұл атамекеннің алыстағы ағайындарға әрқашан қамқоршы екенін сезінудің белгісі еді.

Қазақтардың Түркияға қоныстануына 50 жыл толу мерекесіне де Қауымдастық аталысты. Той қазақ халқының түрік халқына деген алғысын білдіру мақсатында Түркия республикасын құрушы президент Мұстафа Кемал Ататүріктін кесенесіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Анкарадағы бірқатар министрлер мен Қазақстан елшісі Қайрат Сарыбай қазақтардың өкілдерін қабылдады. Стамбулда Қауымдастықтың ұйымдастыруымен келген өнер қайраткерлері ұлттық ән-билерді осы тойға шашу етті. Қазақтардың Түркияға қоныстана бастауының 50 жылдығына арнап Гүнешлі Қазақкентте ескерткіш орнатылды.

Түркия қазақтарының 50 жылдық мерекесі өткен жылы, атап айтқанда 2006 жылдың тамыз айында Анкараның шығысында орналасқан Нигде қаласына қарасты қазақтардың Алтай ауылында да өткізілді. Оған Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев пен Қазақстанның Түркиядағы елшісі Бейбіт Исабаев аталысты. Қазақстаннан келген бірқатар депутаттар, ғалымдар және өнерпаздар өзіндік үлестерін қосты. Осы тойдың шарықтау шегіне жеткен кезі – Нигде қаласының кіре берісіне қазақтың ұлы тарихи тұлғасы Абылай хан ескерткішінің ашылу рәсімі еді. Оған Анкарадан Түркияның мәдениет министрі Атилла Коч арнайы келіп қатысты. Мұның өзі екі туысқан елдің жарасымды достық байланыстарының жемісі.

Қауымдастықтың қолдауымен Түркия елінде орнатылған маңызды ескерткіштің тағы бірі Стамбул қаласындағы Қабанбай ескерткіші. Осы шара Түркия қазақтары қоғамының сол кездегі төрағасы Мансұр Тәйжі мен Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, сондай-ақ Стамбулдағы Бақыркөй аудан әкімі Атеш Үнал Ерзен мырзаның ерекше іс-қимылдарының арқасында жүзеге асты. Қазір сол ескерткіш тұрған парк Қазақстан паркі деп аталуда және ескерткіштің екі жағында Қазақстан мен Түркияның жалаулары желбіреп тұр. Мұны да екі туысқан ел достығының тағы бір белгісі деп айта аламыз.

Шетел қазақтарының атамекенмен байланыстары Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін қалпына келе бастағаны мәлім. Оған дейін әсіресе алыс шетел қазақтарының атажұртпен ешқандай байланыстары жоқ еді. Сол кездегі солақай саясат, атамекенде шетел қазақтары туралы жағымсыз хабар, тұжырымдар таратумен болды. Міне осы саясаттың кесірін азайту барысында Қауымдастық шетел қазақтарының тарихы, мәдениеті және әлеуметтік жағдайлары хақында жазылған кітаптарды жариялаумен келеді. Бұл Қауымдастықтың өте маңызды қызметтерінің бірі болып табылады. Осы орайда, атажұрттан шалғайда жүрген қазақтардың тарихына қатысты Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және Дәлелхан Жаналтайдың «Қилы заман, қиын күндер» деген кітаптары Қауымдастық баспасынан жарық көргенін ерекше атап өткен жөн. Қауымдастық сонымен қатар «Алтын бесік» журналы мен «Қазақ елі», «Шалқар-2» газеттерінде Түркия және Еуропа қазақтары туралы ақпараттарды тұрақты жариялап келеді. Мұның сыртында Қауымдастық шетел қазақтары арасында кіші құрылтайлар және басқа да өтіп жатқан айтулы жиындарға атакемекен журналистері мен тележурналистерінің қатысуын қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында олар туралы шынайы да толыққанды мәліметтердің орын тебуіне жағдай жасауда. Мұның өзі алыс шетел қазақтарының тарихи отандағы бауырларының ажырамас бір бөлігі екені жөніндегі түсініктін қалыптасуына қызмет етіп отырғаны анық.

Бүкіл осы айтылғандар шетел қазақтарының тұрған жерлеріндегі іс-қимылдарына қатысты Қауымдастықтың атқарған қызметтерінің бір парасы. Шетелдегі басқа да  бауырлар тәрізді еуропалық қазақтардың алғаш барар жері Қауымдастық. Өйткені ол алыс-жақын бүкіл шетел қазақтарының қамқоршысы, жылы шыраймен әңгімелесетін, бірін-бірі табатын, қуанышы мен мұңын айтар орны. Оның сыртында алыс шетел қазақтарының атамекеннен мыңдаған шақырым алыстағы алқалы жиындарына ғалымдарды, саясаткерлерді, өнерпаздарды, журналистерді ұйымдастырып кім алып келер еді? Сондықтан, Қауымдастықтың шетел қазақтары үшін мән-маңызы ерекше. Ол алыстағы қандас бауырлардың атамекендегі шам-шырағы.

Стамбул қаласы

Мизамхан  Күнтуғанұлы,

Қауымдастықтың Моңғолиядағы

бөлімшесінің бұрынғы жетекшісі

Қауымдастық туралы естеліктер

Мен өзімді шетелдегі қандастарымыздың ішіндегі бақытты қазақтың бірімен деп есептеймін. Оның себебі тағдырдың тәлкегіне ұшырап, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басын қосқан І, ІІ, ІІІ Құрылтайына, Түркістанның 1500 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық торқалы тойына Моңғолия делегациясын бастап келіп, сөз сөйлеп, ой-пікірімді ортаға салдым.

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы ел астанасы Алматыда бір қуанышты жағдайда өткені есімде. Бұл Құрылтайда Н.Ә.Назарбаевтың маған төрден орын беріп, өз қатарына алғандығына шексіз ризамын. Құрылтай үстінде Моңғолия қазақтары атынан Нұрекеңді Керейдің жағалы елтірі ішік, пұшпақ тымақ, күміс белбеумен киіндіргенімде Нұрекең «Мені лезде Керейге айналдырдың ғой, бауырым» деп әзілдегені есімнен кетпейді.

Осы алғашқы құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, төралқа төрағасы етіп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты бірауыздан сайладық. Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, белгілі қоғам қайраткері марқұм Қалдарбек Найманбаев төрағаның бірінші орынбасары болып сайланды. Міне осы күннен бастап шетелдердегі қазақтар – біздер иелі болып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен күнделікті  жұмыс істей бастадық. ДҚҚ құрылғанға дейін шетелдермен мәдени байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамымен (төрайымы Жібек Әмірханова) байланыс жасайтынбыз. Моңғолия қазақтары үшін бұл қоғам көптеген шаруалар атқарды.

Дүниежүзі Қазақтарының ІІ Құрылтайы 2002 жылы қасиетті Түркістанда өтуі сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсап өткен арман мақсатының жүзеге асуының айқын айғағы болды. Бұған жиналған делегаттар 10 жылдың ішінде Қазақстанның жаңа мыңжылдыққа бекем, нық қадам басқан ел болғанын көріп, жүрек жарды қуанышпен қайтты.

Әлем қазақтарының болашағын бағдарлап, келешегін кеңескен ІІІ Құрылтай әлемге әйгілі болып, жыл сайын асқақтап, айбарлана түскен жаңа ел ордамыз Астанада өтті. Осындай өркенге жетіп отырғанымыз ата-бабаларымыздың ұрпағының болашағы үшін қасықтай қанын төгіп, ұлан байтақ қазақ жерін сақтап қалғанының және Нұрсұлтан Әбішұлындай көреген басшылығының арқасы деп білеміз. Бұл құрылтайдың басқа екі құрылатйдан айырмашылығы іскерлік тұрғыда өтті. Әртүрлі бағдарламалар талқыланып қабылданды. Құрылтайдың дайындық жұмыстарын ДҚҚ Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев мырза жақсы ұйымдастырған еді.

Құрылтайда «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, ДҚҚ бұл бағдарламаның орындалуына ерекше кірісіп кетті.

Құрылтайлардың арасында әр елдегі қазақ мәдени орталықтары, бөлімшелер басшыларын және диаспора өкілдерін Қазақстанға шақырып, ғылыми конференциялардың, семинарлардың, түрлі бас қосулардың, шетелдегі кіші құрылтайлардың жүйелі түрде өткізіп отырғандығы оңды нәтиже беріп келеді.

Қауымдастық жыл сайын шілдеде Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында әдебиет, мәдениет күндерін тұрақты өткізіп, оған Қазақстанның танымал әдебиет пен өнершеберлері, ғалымдар мен тарихшылар қатысып, халықпен кездесіп пікір-талабын тыңдап, Қауымдастықтың әр жылғы жоспарына кіргізіп, іске асыру әдетке айналды. Баян-Өлгий аймағындағы Қауымдастық бөлімшесі ДҚҚ-мен бірлесіп республиканың құзіретті орындарына төмендегі негізгі мәселелерді қойып жүзеге асырды.

Мұнда:

– Атажұртқа оралу көші-қон Моңғолиядан басталып, күні бүгінге дейін квотамен және квотадан тысқары қоныс аударушылар жалғасуда;

– Екі ел үкіметінің қолдауымен Алматы – Баян-Өлгий арасына 1992 жылдан бастап тұрақты ұшақ қатынайтын болды;

– Астана – Баян-Өлгий арасына автобус қатынасы ашылды;

– Шығыс Қазақстан мен Баян-Өлгий аймағының арасында төте автожолдың алғашқы 60 км асфальт төселді.

– Қазақстанның ұлттық телеарналарының бағдарламалары көрсетілетін болды;

– Жыл сайын Моңғолиядағы қазақтың 50 баласын Қазақстан үкіметінің қаржысымен ҚР жоғары оқу орындарында оқытып отыр;

– Моңғолиядағы қазақ тіліндегі орта мектептерді қазақ тіліндегі оқу құралдарымен қамдап келеді;

– Моңғолияның батыс аймақтарымен ҚР-ның белгілі ұйым-мекемелерінің арасында сауда, экономикалық қатынастар жыл сайын өсе түсуде;

– Моңғолияның қазақ мұғалімдері, дәрігерлері, өнер адамдары Қазақстанға келіп мамандықтарын шыңдайды;

– Қазақстанда өтіп жататын білім, мәдениет, спорт, өнер, қол-өнер жарыстарына, олимпиадаларына Моңғолияның қазақ жастары тұрақты қатысып келеді;

– Сондай-ақ Президент Н.Ә. Назарбаев Баян-Өлгий аймағына экономикалық көмек көрсетуді қолға алды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өсіп-өркендеуіне және осы дәрежеге жетуіне марқұм Қалдарбек Найманбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Ботагөз Уатқан, Тілек Дәулетов, Сапарғали Мұқашев сияқты қызметкерлерінің еңбегі орасан зор.

Өткен 15 жылдың ішінде Қауымдастық мақтанып айтарлықтай көп шараларды жүзеге асырды. Қазақ диаспорасының қандай да бір мәселелерін шешуге қол ұшын беріп отырды. Ол шетелдегі қазақтардың қара шаңырағына айналып, қандас бауырлар Қауымдастықты өзінің бірден-бір жоқшысы деп біледі. 15 жылдың ішінде жинақтаған іс тәжірибесіне сүйеніп, шетелде жүрген бауырластарының әр жақты проблемаларының қанағаттандырыла беретініне сенімдіміз.

 

 Тұрсымат Қалбаев,

Өзбекстандағы республикалық

Қазақ ұлттық мәдени орталығының

бұрынғы төрағасы

 

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Бұдан 15 жыл бұрын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, біздің мәдени өмірімізде үлкен серпінді жаңалық болды. Осы Қауымдастықтың іргетасынның қалануына бар мүмкіндігі мен күш-қайратын сарп еткен халқымыздың бір перзенті марқұм Қалдарбек Найманбаев екенін ешқашан ұмыта алмаймыз. Қ.Найманбаев Қауымдастық құрылғанда оның төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бірінші орынбасары болып сайланып, ғұмырының соңына дейін осы ұйымның игілікті істерді атқаруына өзіндік үлесін қосып кетті.

Дүниеге тарыдай шашылып кеткен әлемдегі 40-тан астам елде жасайтын 5 миллион қазақтардың басын біріктіріп, Атамекен қасиетін, қазақ халқының көптеген шешімін таппай келе жатқан түрлі мәселелерін әрдайым ортаға салып, ұлттық мәдениетіміз бен тілімізді, әдет-ғұрпымызды қалпына келтіруде Қауымдастықтың рөлі үлкен. Оның тағы бір атқарып келе жатқан игі ісі – әр елдегі Қазақ мәдени орталықтарымен тығыз байланысы. Бұл орында біздің Өзбекстандағы Республикалық Қазақ Мәдени Орталығымен үздіксіз жасалып отырған түрлі мәселелерге әрдайым көңіл бөліп келуін атап өтпеуге болмайды. Оның дәлеліне келсек, алдымен айтарымыз, Мәдени Орталықтың әр құрылтайына, сөз жоқ өзінің өкілдерін жіберіп мұндағы қандастарының тыныс-тіршілігіне терең бойлап отырады.

Мұнымен қатар республика деңгейіндегі айтыстарымыздың басы-қасында болып тұратыны тағы бар. Өзбекстан Республикалық Қазақ мәдени орталығының республикадағы қазақ тұрғындарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-ағарту, рухани-моральдік салалардағы қажеттілігін өтеудегі істеріне де Қауымдастық әр уақыт көмек қолын созып келеді. Өзбекстандағы қазақтардың (республикадағы 2 миллиондай қазақтар диаспора ұғымына сыймайды) атамекендеріне оралуына да Қауымдастық елшілікпен байланыста бола тұрып, қандастарының атажұртқа қоныс тебуіне септігін тигізуде.

Қауымдастық өзінің өткізіліп келе жатқан көптеген шаралар мен түрлі халықаралық деңгейдегі жиындарында Өзбекстандағы ұлт жандыларды әрдайым қатыстырып келеді.

Қауымдастықтың 1992, 2002, және 2005 жылдардағы дүниежүзі қазақтары құрылтайларын ұйымдастырып, әлем қазақтарының басын қосып, онда көп мәселелерді шешіп отыруының өзі өте игілі іс.

Қауымдастық құрылған 15 жылдың ішіндегі әлемдегі 40-тан астам елдегі 5 миллион қандастарымыздың атамекендегі қара шаңырағы екенін айқын дәледеп берді.

Ташкент қаласы

 

Үзбен Құрманбайұлы,

Моңғолияға еңбек сіңірген байланысшы

Қауымдастық – егеменді елімнің қанаты

 

Жаратқан иеміздің қалауымен өткен жылы күзде мен де қажылық сапармен осы Мекке, Мединеде болдым. Таңғаларлық талай дүниені көрдім. Десе де осы сапарда көңілімді ерекше толқытқан естен кетпес оқиға, басты қуаныш көзімнің тірісінде осы қасиетті орындарға тәу етуім болса, кеудемді шаттықпен кернеген екінші қуанышқа да осында куә болғаным үшін өзімді бақытты сезіндім.

Ол не? десеңіз дүние жүзінің әр түпкірінен жиналған мұсылмандар сапарлас серіктерімізбен сап құрап, пайғамбарымыз мешітінің алдынан өтіп жатқан едік. Әлден уақытта Моңғолиядан барған қажылар қауымы алдынан таныс дауыс, таныс сөздер естілді. О, құдайым-ау! «Ей Алла тағала, хақ пайғамбарымыз-ау, қазақ еліне, Қазақстанға жақсылық бер! Нұрсұлтанымызға нұр-шапағатыңды сыйла!» – дейді. Қандай ғаламат тілек! Иә, бұлар қазақстандық отандастарымыз екен. Мерекелік салтанатты шерулердегі даурықпа ұран емес, құдай алдында қара көзден жас парлап шын жалбарына тілеген ақ тілектер. Мен осыған қуанып тебірендім.

Бүкіл әлем қазақтарының басын қосқан, олардың бақытына арналған Н.Ә.Назарбаев бастаған Қауымдастықтың орны бөлек. Бұл Қауымдастық – барлық қазақ халқының сүйенер бір тірегі, мақтанышы. Сондықтан бұл ұйымды нығайтуға Қазақстан мемлекеті ғана емес, әлемдегі қандастарымыздың атсалысуы абыройлы парыз. Әлем қазақтарының соңғы екі құрылтайына өкіл болып қатысып, Қазақ елінде болдым. Үлкен рух, ғибрат алдым. Осы Құрылтайларды ұйымдастыруда ғана емес, дүние жүзіндегі қазақ атаулының басын қосқан бас орда-орталығына айналған.

Әлем қазақтары қауымдастығының дүниеге келтірген істері менің ойымша өзге ешбір мемлекетте атқарылған жоқ. Қауымдастық біздің ұлттығымызды қорғап дамытуда екі ірі міндетті қажыр-қайратпен жүзеге асырып келеді. Біріншісі – сырт елдердегі қазақ диаспораларын байырғы отанына жинап, жайлы қоныстандыру, оларға баспана, жұмыс орнын беріп, балаларын оқуға алып қамқорлық жасау. Екіншісі – экономикалық мүмкіндіктерге сәйкес әзірге көшіп келуге үлгірмегендердің тіл, дәстүр, салт-сана, рухани құндылықтарымен қатар жай-шамаға сай экономикалық жағынан да қарайласу. Қауымдастық Төралқасы төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев және бірінші орынбасары марқұм Қ.Найманбаев пен ол кісінің мирасқоры Т.Мамашев іскерлігі, ұлтжанды адалдығы үшін Алла риза, ата-бабаларымыздың аруағы да, біз де разымыз. Осы азаматтардың арқасында  шетелдегі бүкіл қандастарымыз Қазақстанды нағыз өз Отаны деп сезіне білді. 1990 жылдар басынан Моңғолиядан басталған ұлы көш әлі де толастаған жоқ. Иә, Қазақ елі егемендігін алған 15 жылда ғасырлық өркениетке жетті, әлденеше ғасыр жемісіне пара-пар жеңіс, жетістікке қол артты.

Мен Қазақстанда, Алматыда 1990 жылдың басында алғаш рет болдым. Көптеген адамдармен танысып, әңгімелестім. «Достық» қоғамының төрайымы Жібек Әмірханова, «Шалқар» газетінің бас редакторы Уақап Қыдырханұлы, Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметұлы және Байланыс министрлігінің басшыларымен бас қосып ұзақ сырластым. Бүкпесіз пікір-лебіздер айтылды. Жүрек тебірентер сөз қозғалды. Ол адамдар жақсы күндер, ұлттық азаматтық таңы келе жатқанын да жасырған жоқ. «Әттең, ондай күн туса шетелде жүрген біз де жетімсіремей жоқтаушылы, паналы болар едік» дедім. Бәлки «Достық» қоғамы  Кеңес елі мен өзге мемлекеттердің байланыс жасайтын ұйымы ғана емес, жер шарына шашыраған қандастарымыздың мүддесін қорғайтын, олардың өз елімен, ұлттық отанымен табыстыратын алтын көпірге айналар еді дестік. Сол азаматтардың біреуі: – Қазақстан тәуелсіздігіне ие болады. Сонда Моңғолиядағы ағайындар, сіздер осы елге көшіп келер ме едіңіздер? – деген сұрақ қойды.

– Әрине, – дедім аузыма құдай салғандай, – қотарыла көшіп келер едік. Киелі өз топырағына жетіп өлген қазақта не арман бар?!

Тілек-ниетімізді Алла қабыл көрді. Қазақ елі егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізді. Әлемнің сан тарабында жүрген қандастарымыздың жүрегі лүпілдей соқты. Бәрінің көкейіндегі сөз: «Иә, сәт, жаса Қазақстан, баянды бол, тәуелсіздік!». Кешікпей Нұрекеңнің «Ағайындарға ақ тілек» сәлемі де қарлығаш қанатымен шарықтап әр елдегі қазақтарға жетті. Толқу, ұлы көш басталды. Елбасы Нұрекең шетелге сапарларын қазақтар тұратын мемлекеттерге бағыттады, олардың атамекенге оралуына кеңшілік жасауға келісті. Шетелдегі мыңдаған қандастарына жолығып, құшақтаса қауышты. Олардың мұң-зарын тыңдап, толқып тебіренген сәттері болды. Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайын шақырып, өзі бас болып Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шаңырағын көтерді.

Осы елді тарихи аса қысқа мерзімде дамытқаны үшін Нұрекеңе Қазақстан Республикасының күллі халқы қаншалықты дән риза болса, байырғы отанына жалғасу, мүддесін биікке көтергені үшін қазақ диаспоралары мен оралмандар өздерін Қауымдастыққа соншалықты қазырдар санайды. Біздің ұрпақтар тіптен разы боларына мен кепіл.

Бұл ұлы көш әлемдегі қазақтардың бірнеше ғасыр өткеннен кейін біртұтас ел болып қайтадан бір шаңырақтың астына бірігуі, егеменді қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап, дамысын аялсыз өрлетудің ықпалды бір күші.

Тамшыдан теңіз құралатыны секілді ұлттық отанымыздың осылайша өркендеп өсе беруіне әркім өз қолынан келгенінше үлес қосса біздің межелеген биіктеріміз жедел жақындай түсер еді.

Осындай ниет-тілекпен құлшыну арқылы Қазақстан мен Моңғолияның бауырластық қарым-қатынасын ұлғайтып, бекемдеу жолындағы елеулі бірнеше істің ұйытқысы болғанымды мақтаныш сезінемін. 1990 жылдың өзінде қазақстандық іс басындағы қайырымды ағайындармен жолығып Қазақстан мен Баян-Өлгий арасындағы телефон қатынасын алғаш рет аштық. Ол тек Алматы мен Өлгий арасындағы тіке қатынас болумен шектелмей Уланбатыр мен Мәскеуге, соқпай-ақ Баян-Өлгийдің әлемдік қатынасқа төтесінен жол ашуы еді. Сондай-ақ үздіксіз іздену, жалықпай соңынан түсу арқылы Қазақстанның әлденеше, Шыңжанның қазақ тіліндегі бір телеарнасын Баян-Өлгийліктердің игілігіне айналдырдым. 1950 жылдардан Баян-Өлгийліктер үзбей тыңдап келген Қазақ радиосының станциясы ғарышқа шығып кеткендіктен үзілгеніне де жиырмаға жуық жыл болған еді. Биыл 20 қаңтардан Өлгий тыңдармандарын осы  радиомен әуе толқынында қайта қауыштырдық. 1930 жылдардан Моңғолия қазақтарына қазақсандық ұстаздар келіп, қазақстандық оқулықтар арқылы көзін ашып, көкірегін оятқан. «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Зерде», «Пионер», «Балдырған», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» қатарлы дүркінді басылымдар Моңғолия қазақтарының ұзақ жыл бойғы жан серігі болған еді. Ана тіліміздің таза сақталып, дамуына бұлар үлкен рөл атқарған. Алайда осы дүркінді басылымдар жиырма жылдай болды бізге келмей қалды. Қайта келтіру жолында атсалысудамыз. Кешікпей бұған да өзгеріс жасайтын мүмкіндікке қол арттық. Әлем қазақтарының қауымдастығы біздің мәдениетімізді, тілімізді байыта беруге қол ұшын беретініне сенеміз және Қауымдастықтың қажырлы қызметі арқасында Баян-Өлгийде қазақ кітаптарының қорын молайту, ұлттық МДТеатрдың іс-қызметін жанжандыру, мәдениет орталығын орнату қатарлы қыруар істердің жүзеге асуы Қауымдастықтың шетелдерде, қазақ диаспоралары ортасында дәйекті жұмыс жүргізіп отырғандығының айғағы. Бұл тұрғыда Қауымдастықта оншақты жыл бойы қызметтеп келе жатқан өкіліміз Уатқанқызы Ботагөз бен Моңғолияда бұрын министрдің орынбасары болып тұрған, қазірде Баян-Өлгийдің Қазақстандағы тұрақты өкілі Төлеубай Нығарбайұлының әрбір қадамы, талпынысы көңілімізге жылы шуақ ұялатуда. Ботагөздің бабасы Тауданбек Қабанұлы Алтайдың алдына жан салмаған атақты ақыны болса, атасы Дәуітбай Тауданбекұлы ақ пен қызыл арасында 1921 жылы Моңғолияда болған шайқастың алғашқы партизаны, Моңғол мемлекетінің парламент мүшесі болған тұңғыш қазақ еді. Осы Тауданбек әулеті ұлы көштің алғы шебінде Алматыға барып қоныс теуіп, бірі дәрігер, бірі мұғалім және суретші дегендей үлгілі оралмандар ретінде танылып, екі елдің дәйнекеріне айналды.

Аллаға шүкір, Моңғолиядан қоныс аударған жерлестеріміз шаруашылық, мәдениет, денсаулық, ағарту, әсіресе баспасөз, ақпарат саласында өрбіп-өсіп, ұлы ғимараттың кірпіші болып қалануда. Мен бұл туралы көкейтесті ой түйіндерімді 2004 жылы Астананың «Аударма» баспасынан басылып шыққан «Оралған бақыт, орындалған арман» атты кітабымда толық баяндаған едім. Моңғолияда тұратын қазақтардың жүріп өткен тарихи кешулерін, екі елдің байланысын қамтыған және бір көлемді тарихи очеркті жазушы Шынай Рахметұлы екеуміз жазып аяқтап, баспаға өткізіп отырмыз. Тарихшы, ғалым Мініс Әбілтайұлы, Сарай Асқанбайұлы, Зардыхан Қиянаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы осы салада әрине ұлан-ғайыр еңбектер жасағаны мәлім. Ал біздің мақсат оларды бекерге шығару емес, тарихымызды байыта, тереңдете түсу болып отыр. Егеменді қазақ елінің тарихын толықтырып, кемелдендіру рухани құндылықтардың құрамдас бөлігі.

Қауымдастық осы мәселеге де жете назар аударып, әлем қазақтарының тарихы мен ата-тек шежірелерін біріктіріп шығарса нұр үстіне нұр. Жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде тарихты білудің маңызы айрықша.

Ол үшін Мемлекет пен Үкімет осы Қауымдастықтың өзіне министрліктен кем емес құқ беріп, жеткілікті дәрежеде қаржыландырса екен деген тілектеміз. Өйткені шетелдерде жатқан диаспоралар да, оралмандар да, Қазақстанға сырттан барып оқып жүрген жастар да – миллиондаған қазақ осы Қауымдастықтың қолына қарайды. Қауымдастық төрағасы Елбасы өзі бас болған осы ұйымға айрықша маңыз беріп, беделін арттыру дегеніміз дәлел тілемейтін қажеттілік.

Қазақстан Республикасының қазіргі ахуалы, қарқыны, оралымды саясаты жан сүйіндіреді. Береке-бірлікті одан әрмен нығайта түсіп, жұдырықтай жұмыла түссе болашағы бүгінгіден зор екендігінде еш шүбә жоқ.

Тек алға, осылайша алға баса берсе екен деген ізгі тілектеміз.

Баян-Өлгий

Мехмет Зенгин,

Еуропадағы қазақ мәдени орталықтары

Үйлестіру кеңесінің төрағасы,

 

Қазақ мемлекеті мәңгі болсын

Құдайға шүкір, сан ғасырлардан бері армандаған егемендікке қол жеткіздік. Өткенде ғана  Қазақстан Республикасының құрылғанының 15 жылын дүниенің қайбір жерінде болсақ та қуанышпен құттықтадық. Бүгінгі күнде Қазақстан мемлекетін танымаған, тұңғыш Президентіміздің жүргізіп келе жатқан бейбіт және сындарлы саясатын дүние жүзінде мойындамаған ел жоқ.

Қазіргі күнде әрбір үш қазақтың біреуі Қазақстаннан тыс алыс-жақын шетелдерде өмір сүреді екен.

Біздер тұрып жатқан Еуропа құрлығының бірқатар мемлекеттерінде қазақ ұлтының өкілдері бар.  Өздерімізді қазақ елінің, қазақ мемлекетінің белсенді бірер елшілері сияқты сезінеміз. Бұл елдердің он шақтысында ата-бабалардан үйренген бірлік-берекені жалғастырып, дінімізді, ана тілімізді ұмытпау, салт-дәстүрімізді жалғастыра беру мақсаттарымен құрылған мәдени орталықтарымыз бар. Айттарымыз бен наурыз сияқты ұлттық мейрамдарымызды үлкен жиын-тойларымызды мүмкіндігімізше бірге атқаруға тырысамыз. Еуропа елдеріндегі ұрпағымыздың қазақ екенін ұмытпау үшін жыл сайын Еуропаның бір елінде жиналып, бас қосып өткізетін спорттық фестивальдерімізді үрдіске айналдырдық. Бұл шара Қауымдастық жыл сайын өткізіп келе жатқан Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы шараларымен ұштастырыла өткізіледі. Жастарымыздан үмітіміз зор.

Қазақстан дербес ел болғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ Елбасымыздың түрткі болуымен шетелдегі қазақтармен мәдени және рухани байланыс орнату негізінде құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен әрқашан жылы араласып тұрамыз. Осы өткен он бес жыл ішінде біз, Еуропадағы қазақтар, Қауымдастық ұйымдастырған үлкенді-кішілі құрылтайларды, мәдени-рухани іс әрекеттерді қуанышпен қарсы алып, қатысып келеміз.

Бүгінгі күні Қауымдастықтың өзіндік салмағы, дәрежесі бар, барша қазақтық бір кеңеске, қоғамдық бір институтқа айналғанын көріп отырмыз. Осы орайда Еуропадағы қазақ мәдени орталықтарының кеңесі және өз атымнан елім, жұртым деп Қауымдастықты ұйымдастырып, алты Алашқа қызмет етіп отырған зиялы ағайлар мен апайларға, Қазақстанға келіп-кеткен сайын соға кететін үлкен үйіміз, қара шаңырағымыз – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында енбек етіп жүрген бауырларымызға алғысымызды айтамыз.

Алтайдан Ақ Жайыққа  дейін созылып жатқан Қазақстанды: біз де бүкіл дүниедегі қазақтың киелі отаны, өз атажұртымыз деп санаймыз. «Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау алады». Ең алдымен  бірлік-береке іштегі сіздер мен сырттағы біздердің ауыз біршілігімізде. Келешектегі тағы да үлкен жақсы белестер алдында сіздер арқылы Еуропадағы қазақтар атынан ел-жұрттағы және дүниенің әр бұрышында өмір сүріп жатқан қазақтарға мың салем айтқым келеді. Ел аман, жұрт тыныш, қазақ мемлекеті мәңгі болсын.

 

Париж қаласы

Әбдірахман Шетин,

Кельн қаласындағы қазақ мәдени орталығының төрағасы

 

Еуропадағы кіші құрылтайлар

Батыс елдерінде жарты ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан қазақтар да, қара шаңырақ Қазақтанның тәуелсіздігінен бері бірқанша кіші құрылтайлар өткізді. Оның біріншісі, 1997 жылдан бас шенінде Түркияның мәдени орталығы Стамбул қаласында қазақ қоры жағынан ұйымдастырылып, оған Түркияның сол кездегі бас министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Тансу Чиллер ханым, Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары марқұм Қалдарбек Найманбаев жетекшілігінде алдағы делегациялар қатынасқан болатын. Одан кейінгі жылдары кіші құрылтайлар Батыс еуропалық елдерде өткізіліп келеді.

Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы, Кельн қазақ мәдени орталығының құрылуының 20 жылдығы, Кельн қазақ футбол клубының құрылуының 5 жылдығы және түркиялық қазақтардың Германияға келуінің 40 жылдығына байланысты 2002 жылдың мамыр айының 18-і күні Германияның Кельн қаласында ірі жиын ұйымдастырылған-ды. Осы кіші құрылтайға Германияның түпкір-түпкіріндегі қазақтармен қатар Франция, Голландия, Швеция, Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Аустрия, Швейцария, Түркия елдерінен, сондай-ақ Қазақстаннан да көптеген қазақтар қатынасты (шамамен 1200 кісі).

Осы құрылтайда алдымен сөзге шыққан Кельн қазақ мәдени орталығының төрағасы Әбдірахман Шетин бас қосудың мән-маңызына тоқталып, аталмыш шараның өткізілуіне көмектескені үшін Берлиндегі Қазақ елшісі Ғизатов мырзаға алғыс айтты.

Елші Елбасы Н.Назарбаевтың Еуропа қазақтарының құрылтайына жолдаған арнайы хатын оқып берді.

Түркиядағы қазақтардың атынан мінбеге шақырылған Дәлелхан Жаналтай ақсақал ізгі ниетін білдіре келіп, күні кешеге дейін әр елде тарыдай шашылып келген қазақтардың бүгінгі балаларының Еуропаның төрінде осындай ірі басқосу ұйымдастырып отырғанына ерекше мадақтанатынын айтты. Ол сонымен қатар Ауғанстан мен Нью-Йорктегі оқиғалардан кейін ислам дініне деген нашар көзқарастардың етек алып бара жатқанын ескертіп, ислам дінінің пәк және қасиетті, сондай-ақ адам баласын жамандыққа емес, қайта жақсылыққа, инабаттылыққа, бейбітшілікке, бірлік-берекеге шақыратын бір ерекше дін екенін атап өтті. Жаналтай ақсақал сөзінде бұзақылық, қылмыстық әрекеттерді, әсіресе лаңкестікті ислам дініне апарып таңуға болмайтынын және бұған ешкімнің де құқығы жоқ екенін білдірді.

 Анкарадан келген қонақ – Ахмет Яссауи атындағы университеттің жауапты қызметкері  Фезуллах Букаттың мүлтісіз қазақ тілінде баяндама жасауы, құрылтайдың ең назар аударарлық сәті болды. Ол, әсіресе, атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін оқып, оған жауап ретінде қазақ тілінде жазған бір өлеңін таныстырып, мұны 80 жылдай кешігіңкіреп қайтарылған жауап деп санайтынын және өзінің бұл міндетті  орындағанына бақытты екенін айтты.

 Қазақстан Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкері Бекболат Тілеухан қазақтың бай мәдениеті мен мұрасына тоқталып, дүниенің шартарабындағы қазақтар бірлік-береке ісінде болған жағдайда талай жетістіктерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Жиналыстың екінші бөлімінде Қазақстаннан келген көрнекті әншілер мен өнерпаздардың ойын-сауық бағдарламалары орындалды. Және қазақтың ұлттық киімдерінің көрмесі көрсетілді. Құрылтайдың екінші және соңғы күні футбол сайыстары өткізілді. Айта өтерлік бір жәйт еуропалық қазақтар арасында 1992 жылынан бері мамыр немесе маусым айларында футбол сайыстарының дағдылы түрде өткізілуі. Ондағы негізгі  мақсат, түрлі еуропалық елдерде өмір сүріп жатқан жас қазақ балалары арасындағы тамыр-таныстық пен бірлік-берекені нығайту, қазақи салт-дәстүрді жалғастыру. Осындай бас қосулардың арқасында көптеген жас отаулар тігіліп, шаңырақтар көтерілді.

2003 жылы кіші құрылтай Швецияның Вестерос қаласында  өткізілді. Марқұм Қ.Найманбаев басшылығында өткізілген жиналыста жоғарыда аталған еуропалық елдердегі қазақ мәдени қоғамдарының басын біріктіретін бір федерация құру ұйғарылып, оның төрағалығына Ә.Шетин бірауыздан сайланды. 9 қоғамның жетекшілері қабылдаған 10 тармақты қарарға сәйкес федерация төрағасы 2 жылға сайланбақ.

Еуропалық қазақтардың 2004 жылғы бас қосуы Германияның астанасы Берлинде болды. Оған да жүздеген еуропалық және түркиялық қазақтармен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Қ.Найманбаев басшылығында ірі делегация қатынасты. Қазақтардың бір туар ұлы марқұм Мұстафа Шоқайдың бейтінің Берлинде болуына байланысты кіші құрылтайда М.Шоқай туралы лекциялар оқылып, оның өмірі мен саяси күресіне баса назар аударылды. Берлинде болсын, Вестероста болсын Қазақстаннан келген өнерпаздар концерттер қойды. Футбол сайыстары өткізілді. Берлиндегі кіші құрылтайдың тағы бір ерекшелігі, тұңғыш рет қазақ күресінің еуропалық қазақтарға таныстырылуы болды.

2006 жылы Франция астанасы Парижде болған фестивальде Қазақстаннан тек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев жетекшілігіндегі бір делегация мен шағын өнерпаздар тобы ғана қатысып, футболшылар әкелінді.

Париждегі кіші құрылтайда Т.Мамашев мырзаның ұсынысы бойынша Еуропа қазақтары ұйымының аты Еуропа қазақ мәдени орталығы үйлестіру кеңесі болып өзгертілді. Жиналыста денсаулығына байланысты Ә.Шетин орталықтың төрағалық қызметінен  босатылды. Бұл қызметке Франциядағы қазақ мәдени қоғамының төрағасы Мехмет Зенгин сайланды.

Қорыта айтқанда, Еуропадағы кіші құрылтайлардың алыс шетелдердегі қазақтармен қара шаңырақ – Қазақстан арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың нығаюына сүбелі үлес қосып келе жатқаны, сондай-ақ осы ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атқарған рөлінің де маңызды екені ақиқат. Бірақ ащы шындық сол – батыстың күн сайын ұлғайып бара жатқан мәдениеті ұлтымыздың келешек ұрпақтарының қазақтың ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдениетін, тілі мен дінін сақтап қалуына тигізер салқыны айтарлықтай екені даусыз. Осы  проблемалар  әрқашан ерекше  назарда болуы керек. Еуропада немесе дүниенің басқа да  бір жерінде туып-өскен қазақтардың ана тілінен жұрдай болуы иісі қазақтың жанын жаралайтын жәйт екені ақиқат.

Германия

                                                                                 Қамбар Піскентбаев,

                                                              Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени

                                                       орталығы төрағасының орынбасары

                        Қазақтың қара шаңырағы  – Қауымдастық

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – бұл басынан талай-талай кезеңдерді өткізген, тағдыр-тәлкегімен, замана-зауалымен, шартарапқа тарыдай шашылып кеткен мың өліп, мың тірілген қазақтың қара шаңырағы. Өз елін, туған жерін, ата-бабаларының қаны тамған қасиетті атамекенін қимай сағынып, аңсап жүрген атамекен, атажұрттан ұзақта жүрген, жүрегі елім деп соққан, тармырында қазақ қаны қайнаған азаматтардың алғаш бас сұғар есігі. Ол аялы алақаны, мейірге толы жанары, қамқоршы ата-анасы, құшақ жайып қарсы алар бауыры іспетті, жоғын жоқтап, жағдайын, хал-ахуалын біліп, сыртынан қызғыштай қорғап, сұраушысы, қорғаны барлығын білдіріп тұратын ағасы сияқты…

Шеттен келген қазақ ең бірінші Қауымдастықты іздейді, Қауымдастықты сұрайды…

Қауымдастық үйіне талай келгенде де осындай сәттердің күәсі болғанмын: Бірде Қытайдан, бірде Еуропадан, бірде Моңғолиядан, тағы да басқа елдерден келген бауырларды кездестіріп, сұхбаттас болғанмын. Олардың бірі оқу іздеп келген болса, көпшілігі атажұртқа көшіп келуді мақсат еткен. Біреулері квота мәселесі, басқалары виза мәселесінде көмек сұрай келген, тағысын тағылар… Ал, Қауымдастық қоғамдық ұйым болғанына қарамастан, мүмкіндігінше есігін қағып келген бауырларын сыртқа теппей, қолынан келгенінше көмегін көрсетіп отыр.

Шеттегі қазақтардың сұраныстарын, өтініш-тілектерін жүзеге асыру үшін «Алтын бесік» журналын, «Қазақ елі», «Шалқар-2» газеттерін шығарып, қазақ диаспорасына жеткізіп беруде.

Өзбекстандағы қазақтарға Қауымдастықтың жасап отырған қамқорлығы ерекше десем, қателеспеймін.

Қауымдастық Өзбекстан ақындарының «Алтын алқа» атты жыр жинағын баспадан шығарып берді, келесі жинағы да дайындалуда.

Қауымдастық Өзбекстанда өткізіліп жатқан көптеген мәдени және ғылыми шараларға атсалысып, демеушілік жасап келеді. Әр жылы Ташкентте өтетін Халықаралық ақындар айтысына Қазақстаннан, Қытайдан, Монғолиядан және басқа елдерден атақты ақындарды алып келіп, республикамыздың аудан және облыстардан болып, төл өнерімізді елге танытып, халықтың мейірін қандырып келеді.

 Қауымдастықтың атқарып келе жатқан үлкен жұмыстарының бір қыры – бұл атажұртта білім алуға ынталы жастарды дайындық бөлімдерінде оқыту оралмандар үшін 2-пайыздық квотаны енгізуге мұрындық болғаны, дайындық бөлімдеріне қабылдауды Өзбекстанда өткізілуіне жағдай жасағаны, дайындық бөлімдерінде оқып жатқан жастардың жағдайын әрқашан бақылап отырып, осы мәселе бойынша көптеген кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіп, олардың шешімдері мен ұсыныстарын билікке, өкіметке жеткізіп отыруы.

Өзбекстаннан соңғы үш жылда 600 ден астам жастар дайындық бөлімдеріне қабылданды.

Қауымдастық Өзбекстанда өткен Құрылтайларға әрдайым қатысып отырады. Ел аралап, халықтың тұрмыс-жағдайымен танысып, сұхбаттар, дөңгелек үстелдер, концерттерді ұйымдастыруды жәрдемдеседі.

Қауымдастық бар қазақтың басын қосып, үш Құрылтай өткізді. Бұл орасан үлкен жұмыс, оны дұрыстай ұйымдастырып, ойдағыдай өткізу үлкен қажырлықты, орасан үлкен күш-жігерді талап етеді.

Осындай жұмыстарды атқарған Қауымдастықтың қазақ тарихында, шетте жүрген қазақтардың жүрегінде алатын орны ерекше деп білемін.

Қауымдастық «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда да елеулі жұмыстар атқаруда.

Қалдарбек Найманбаев (марқұм), Сұлтанәлі Балғабаев, Талғат Мамашев сынды ағалардың атсалысуымен Өзбекстандағы Нұрата ауданында анықталған Әйтеке бидің жатқан жеріне кесене ортану мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Ендігі мәселе осы игі істі соңына дейін жеткізіп, қазақтың атақты билерінің бірі – Әйтеке биге тиесілі сый-құрметін көрсетіп, өшпес із қалдыру…

Қауымдастық қажеттіліктен туып, шетте жүрген қазақтарды қанатының астына алып, «тұмсықтыға шоқытпай, мүйіздіге сүздірмей» қамқорлығына алатын, қоғамдық ұйым болып қалыптасты.

Қауымдастықтың жұмыс аясын кеңейту, құзырын арттыру, мүмкіндіктерін асыру үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс. Сонда қажетті журнал да, газеттер де, кітаптар де, оқулықтар мен жинақтар да жарық көреді. Шеттегі мәдени орталықтарға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік туады.

Қауымдастықтың кіші мерейтойы құтты болсын!

Шаңырағың биік болып, мәртебең асқақтай берсін әз Қара шаңырақ! – Қауымдастық!

Мансұр Тәйжі Хұсайынұлы,

Түркиядан келген оралман

 

 

Түркиядағы қазақтар

 

1952 жылы Өр алтай Шыжаңнан үлкен көшпен шыққан Орта жүздін  керей, найман рулары Түркия Республикасына келді. Енді осы көш жайлы деректерді келтіре отырып жазайын.

1937 жылдың 20 желтоқсанында Үрімжінің шығысында орналасқан Мори, Баркөл, Кабтык, Байтік өңірлерін мекендеген халық елге келген зобалаңнан көшуге мәжбүр болды. Сол кезде көшті бастаған елінің, ұлтының қамын ойлаған, болашағын болжай білген көптеген ардагер, ер азаматтарымыз болды. Бұл күнде тарих беттерінен орын алмаса да, ел жүрегінде сақталған ардақты ағаларымыздың аттарын төменде келтірейін: Елісхан Батыр, Хұсайын Тәйжі, Сұлтаншәріп Т.Зуқаұлы, Айембет, Мукаділ, Сабырбай, Нұрғали, Көкей, Ілияс Даргы, Ракадил, Қойшы Батыр, Мейіртан Хамза Залин, Бексұлтан, Тоқай Қабанбайұлы, Алпыс Доқан Қажыұлы. Осы ел азаматтарының бастауымен шыққан 18000 жан Өр Алтайдың шығыс оңтүстігіндегі Гансу және Шыңқай өлкелеріне келіп, 1938 жылы Дүнген мүсылман халқының Мауфан басқармасына қарасты жерге орналаскан-ды. Бірақ халык жерлесе алмағандықтан, барған 18000 адам төртке бөлінуге тура келеді:

  1. Елісхан Батыр, Зайып Тәйжі бастаған 700 отбасы 1939 жылы Тибет таулары арқылы Оңтүстік Үндістанға кетті.
  2. Сұлтаншәріп Т.Зукаұлы 350 отбасымен Шыңқай өлкесінде қалып, көштің алды-артын жинап, жетім-жесірлерге пана болды.
  3. Хұсайын Тәйжі 100-дей отбасымен Шаңхайдың батысы, Гансудың
    оңтүстігіндегі кең байтақ жер – Гаскөлге жерлесті.
  4. Адубай, Мукаділ, Сабырбай, Нұрғали ағаларымыз бастаған көш 1939-1940 жылдары қайтадан ескі қоныс – Баркөл, Бисан өңірлеріне тұрақтады.

Бұл 1938 жылғы алғашқы көшке қыскаша ғана шолу. Халыққа көрсеткен зобалаңын түсінген Шың Шысай Қытай Үкіметі жібігеннен кейін сол тұрақтаған жерлерінде 1950 жылға деиін отырды.

1949 жылы Шыңжаң, Өр Алтайда Қытай Халық Республикасының құрылуына байланысты мемлекет бағдарламасымен толық таныс емес қазақ қандастарымыз шетелдерге коныс аудару мақсатымен Гаскөлде тұрақтаған Хұсайын Тәйжіның қол астына келіп біріге бастады. Бірінші болып 1949 жылы Қалыбек Һакім, Салис Әміреұлы бастаған 60 отбасы Көклұлұк жері және Лоб көлінен өтіп Гаскөлге келді. Сонан соң 1950 жылдың күзінде Дәлелхан Жанымханұлы, Нұрқожай Батыр, Сұлтаншәріп Тәйжі сияқты қазақтың зиялылары бастаған көш, бұрыннан бірге өсіп, бірге қайнаған бірақ Шың Шысайдың қатал кезінде, зобалаң басталған сонау 1938 жылы бірге көтерілген азаматтар 11 жылдан кейін Хұсайын Тәйжімен Гаскөлде табысты. 1951 жылы елінің қамын ойлаған Тәйжінің баскөтерер жолдастары Дәлелхан Жанымхан, Нұрқожай Батыр, Хасен Батыр, Қалыбек Хакім, Хамза, Омар Байқонақ, Шүкен Омарбай, Рақимолла, Қобдабай, Қабен, Қарамолла, Моллахмет, Нұрмұхаммедтермен қазақ тарихындагы ең ұзын көштің алғашқы аялдамасы Кашмир қаласына келеді. Ел бастаған ағаларымыз сол кезде Біріккен Ұлттар ұйымына шығып, сол арқылы отыруға үй, азды-көпті азық-түлік алдырады. Сол жерде ел есін жиып, болашақ ел қамын ел азаматтары жиналып көп ойласады. Бірақ та болашақта арттарына ерген халыққа жайлы қоныс табу ісі оңайға түспеді. Алдарында бес жоспар болды. Біріншісі, Үндістанға жерлесу; Екіншісі, Тайванға кетіп орналасу; Үшіншісі Америка Құрама Штаттарына барып тұру; Төртіншісі Мұсылман елі Арабстанға қоныс аудару; Бесіншісі қандас түрік халықтарынын бірі Түркия республикасына орнығу болды.

Бірақ та бұл жоспарлардың бәрі де бұлыңғыр болатын. Іске кіріскен зиялы қазақ басшыларының бірі Хұсайын Тәйжі өз бауырымыз деп сол Делидегі Түркия Республикасының елшілігіне «қазақ көшін қабылдау туралы» өтінішімен кірді. Берілген өтініш Түркия Республикасы Министрлер кабинетінде 13.03.1952 жылы қабылданып, қанағаттандырылды. Сонымен Түркия Республикасына алғашқы қазак көшін Хұсайын Тәйжі бастап барды. Оның құрамында 20 отбасы, 102 жан саны болды. Барған қазақ көшін Түркия Республикасы Стамбул қаласында күтіп алып, оларға сегіз ай өз мәдениеті мен дәстүрін, тілін, ділін үйретті. Сол аралықта қазақ қандастарға Түркияның Қайсар облысы, Деуелі, Яхиялы, Ильясты аудандарынан үй, жер бөлініп келгендерді сонда орналастырды.

Ал, артта қалған көш Түркияда орнықкан қазақ бауырлардың жақсы жағдайын хат арқылы біліп, олар да 1953-1954 жылдар арасында бөлім-бөлім болып түріктектес бауырларға келіп қоныстанды. Олар 1 850 жан, 675 отбасы еді.

Жоғарыда Түркия Республикасы бөліп берген төрт облысына жерлескен қазақтардың отбасы саны;

1 . Қайсар облысына 100 отбасы.

  1. Нигде облысына   234отбасы.
  2. Кония облысына   160 отбасы.
  3. Ізмир облысына     160 отбасы

654 отбасы және 21 үйғыр отбасы туысқандармен барлыгы 675 отбасы

орналасты.

Түркия елінің жағдайына, тұрмысына қаныққан қазақ қандастарымыз 5-6 жыл мемлекет бөліп берген жерлерде тұрды-дағы, жағдайларын жақсарту және ел қатарлы өмір сүру мақсатында халық көп шоғырланған, бизнес орталығы Стамбулға келе бастады. Ол жерде қандастарымыз қолөнер, сауда-саттықпен айналысып, ұжымшылдықпен кұрған кішігірім зауыттар мен фабрикалар ашып жергілікті өмірге бейімделу қамын жасады.

Сол кезде Түркия мен Германия арасындағы келісімшарттың негізінде Түркиядан Еуропаға барып жұмыс істеуге жол ашылды. Осыны пайдаланған қазақ жастары да 1963 жылдан бастап қызметке кете бастады.

Содан оң-солдарын таныған қазақтар өздерінің тілін, салт-дәстүрін сақтап болашаққа жеткізу мақсатында өз араларында көптеген коғамдар мен қорлар ашты. Олардың жұмыс істеу жылдары төмендегідей.

1. 1960 жылы Ұйғыр-қазақ бірлестігінде «Шығыс Түркістан» атты қоғам құрылды. Қоғамды 18 жылдай, яғни 1960-1979 жылға дейін Айса Жүсіп Алыптекін мен Хұсман Таштан басқарды. 1979 жылы Айса Жүсіп
Алыптекін қызметтен бас тартқан соң Хұсман Таштан 1984 жылға дейін іс
жүргізді. 1984 жылдан бастап осы күнге дейін Абдуалижанда қызмет
атқаруда.

2. 1986 жылы «Түркия қазақтар қоры» құрылды. Оның төрағасы болып Тоқтарбай Топлы сайланып, ол 1990 жылға дейін қорды басқарып отырды. 1990-1994 жылдары Мұқаммадин Қылыш,  1994-1996 жылдары Пазыл Топлы,  1996 жылы Зафер Селви,  1997-1998 жылдары ӨмірЖігіт, 1998-2004 жылдары Ілияс Сақа,  2005 жылдан бүгінге дейін Дербіш Қылыш басқарып келеді.

3. 1999 жылы Стамбул қаласындағы Қазақ ауылында «Түркия қазақтары әлеуметтік, мәдени колдау қоғамы» құрылды. Оған 1999-2004 жылдары Мансұр Тәйжі төрағалық етті. 2004 жылы қоғам басшылығы Шақмансұр Денизге тапсырылды, ол бүгінгі күні де сол қызметте.

4. 1995 жылы Стамбул қазақ ауылында «Ахмет Яссауи ғылымын жетілдіру қоры» кұрылып, өз қызметін бастады. Бірінші басшысы Ибрайым Мұтлы, екінші төрағасы Ахмет Гуней, үшінші басшысы Әбдірахман Жеуһер бүгінгі күні де қордын төрағасы болып отыр. Бұл медреседе Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен келген жастарымыз діни білімдерін жетілдіреді. Осы оқу орнын бітірген қандастарымыз өз елдеріне келіп, жұмыс бастап та кетгі.

«Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген мақал тегін айтылмаса керек. Шетте жүрсек-дағы ділімізді, тілімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды қастерлеп, оны балаларымыздың да құлағына құйып, ұмытпадық. «Сабыр түбі сары алтын» дегендей енді егеменді ел атанған Қазақстанға қайта қоныс аударып та жатырмыз.

Сол артта калған ұзак жылдарды еске алсақ, 1986 жылғы Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласындағы студент ұл-қыздардың бас көтеруінен кейін, көздері мен құлақтарын түрген шеттегі қазақтардың жүрегінде бір үміт оты жағылғандай болды. Күндіз ойдан, түнде түстен кетпейтін атажұртымызды шын ниетімізбен армандап, ол күннің де алыс емес екеніне көзіміз жетті.

Осы сәттен бастап радио-теледидардағы жаңалықтардан көз алмай, мойын созып, құлақ түрумен болған шеттегі казақтардың да туар күні келді.

Көктемгі жаңбырдан кейінгі бәйшешектей бірінен кейін бірі тәуелсіздіктерін жариялаған Латвия, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия республикаларынан кейін қазақтардын да күні оңынан туды. Сол қуанышты күңді жариялаған күннен бастап Түркия қазақтары бір-бірлерін құттықтап, ақсарбасты атап жатты. Тәуелсіздігімізді алғаш танып, үлкен шарамен құттықтаған сол кездегі Түркия премьер министрі Сүлеймен Демирел болатын.

Тарихы терең, ауқымы кең, байлығы мол казақ елінің тұңғыш президенті
болып алаштың ардақты үлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Осы
күннен бастап тарыдай шашылған қазақтардың рухани жетікшісі, әрі
камқоршысы бола білді. Солай жалғасуда.

Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға келді. Ондағы қазақ бауырларымыз әуежайдан жолына үш ақсарбас құрбан шалып, 2000 қазақ алладан Елбасымызға, елімізге амандық тілеп бірінші рет Президентімізді қарсы алдық. Түркия президенті Тұрғұт Өзалдың қабылдауында болған Президентіміз екі ел арасындағы достыққа дәнекер болды.

Сол жолы Тәуелсіз қазақ елінің президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия қазақтарымен кездесу жасап, алғаш рет шетелдегі қазақтарға қазақ елінің азат болғанын айтып, елге шақырды.

1992 жылы Президентіміздің жарлығымен Әлемге тарыдай шашылып кеткен қазактардың басын азат еліміз Қазақстанда қосып, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізді. Осы Құрылтайда Дүниежүзі казақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Орынбасары Қалдарбек Найманбаев болды.

Осы Қауымдастық арқылы әлемге шашылып кеткен қазақтармен мәдени байланыс орнады. Олардың елге оралуына, жерлесуіне көп көмек көрсетіліп келеді. Қауымдастық жұмысы жылдан-жылға жанданып, өрлеп отыр. Әр мемлекеттегі қазақ бауырларымызбен жеке-жеке сөйлесіп, мәселелерін шешіп отырған ұйымға айналды.

1997 жылы Түркияда Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы болды. Құрылтайға Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолиядан 58 делегат катысты. Делегаттарды Қауымдастық Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастап барды. Кіші құрылтайды ұйымдастырушы «Түркия қазақтары қорынын» қызметкерлері еді. Олар Өмір Жігіт, Мансұр Тәйжі, Фазыл Топлы, Нұрахмет Гунеш, Уақап Қара, Қауым Уналан. Осы құрылтайда Түркиядағы қазақ  қорының алты қабатты ғимаратының ашылу салтанаты да болып өтті. Оны Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі Тансу Чиллер құрылтайға келген қазақ қонақтарымызбен бірлесіп ашты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын 12 жыл басқарған Қалдарбек Найманбаевтың сол жылдар арасында атқарған қызметтері қыруар. Қытай, Моңғолия, Еуропадағы қазақтардың жағдайларымен танысып олармен арадағы қатынасты нығайту жолында көптеген қызметтер атқарды. Марқұм Қалдарбек Найманбаев мырзаньщ жаңы жаннатта болсын деп шеттегі қазақ бауырлардың атынан тілегімізді айтамыз.

2004 жылдың қазан айнынан бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып Талғат Мамашев сайланды.

Талғат Асылұлы Қазақстан мемлекетіне еңбегі сіңген азамат. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жалғастырып, шеттегі қазақ диаспораларымен тығыз байланыстарды одан әрі нығайта түсті.

Қазақта «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген тәмсіл бар. Осы қызметін бастағаннан кейінгі Талғат Мамашевтың алғашқы сапары Стамбул қаласынан басталған-ды. Бұл тарихи қалада Абылай ханның бас сардары, қазақ тарихында орны ерекше Қаракерей Қабанбай батырдың
ескерткішін ашу салтанатына қатынасып, жібек белдікті қиды. Үлкен шараның
құрметті қонағы болды.

Бұл сапардан кейін Париж, Қытай, Моңғолия, Өр Алтайдағы қазақ диаспораларымен дидарласып, кең көлемдегі кездесулер жасады. 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайын Астанада өткізу қызметін атқарды. Және де оралман қандастарымыздың жағдайын жақсарту жолында тер төгіп келеді. 28.08.2006 ж. Түркия Республикасы Нигде қаласы мен Қазақстан Республикасы Шымкент қалаларының туысқан қала жасау рәсіміне Нигде қаласының әкімі Мумин Инан, Шымкент қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлы және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев үлкен делегациямен қатысты.

Осы салтанатты шарада Нигде қаласының қақ төріне екі елдің достығы іспетті Абылай ханның ескерткішінің ашылу рәсімі де болды. Түркияға қоныс аударған қазақ көшінің 50 жылдық тойы да осы ауқымды шараның қатарында тойланды. Келген қонақтар Алтай ауылындағы қазақтардың тұрмыс-жағдайларымен танысып, олармен тығыз байланыс орнатты.

Қадірлі оқырман! Сіздердің назарларыңызға 55 жыл бұрынғы көшті көзіммен көріп, жүрегіммен сезінген мен, қағазға нақ түсіріп ұсынып отырмын. «Өткенге өкінгенше, болашаққа күле қарайық» дегендей қазақтың береке-бірлігіне, еліміздіц тыныштығына жұмыс істеуге атсалысайық.

Бұл барлық қазақ ұлтының міндеті әрі үлкен борышы деп санайық, халайық.

 

 

Дербіш Қылыш,

Қазақ-түрік қоғамының төрағасы

Мереке құтты болсын ағайын

 

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елінің тұңғыш Елбасы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өмірге келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызмет етіп келе жатқанына 15 жыл толып отыр. Түркиядағы қазақтар Қауымдастықтын атқарып жатқан қызметтеріне ризашылығын білдіріп, ыстық лебіздерін жеткізеді. Елбасының парасатты да, сауатты саясатының арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған өркениетті елдер қатарынан орын алып келе жатыр. Экономика жағынан болсын, саяси жағынан болсын Қазақстан басқа елдерге қарағанда көш бойы озық келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды гүлдендіру саясаты арқасында елдегі қазақтардың да тұрмысы жыл санап өрлеп барады. Елім деп, жерім деп сыртта жүрген отандастар мың-мыңдап Қазақстанға оралып жатыр. Осы атқарылып жатқан қызметтерде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының үлесі де көп деп ойлаймыз. Топырағы торқа болғыр марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз қызмет етіп жүрген кездерінде кішіпейілділігімен иісі қазақ баласына деген қамқорлық жасаудан жаңылған емес еді. Елбасының қазақ диаспорасына байланысты саясатын жақсылап түсіндіре  жүріп,  талай-талай игілікті шараларды жүзеге асырды.

Сол кездерде қалыптасқан сырттағы ағайындармен байланыс жасаудағы жақсы дәстүрлерді қазір Талғат Мамашев ағамыз жалғастырып келеді. Бұл азаматты Қазақстанның мәдениет министрі болған кезінен танимыз. Жүрегі қазағым деп соғатын қадірлі ағаларымыздың қатарында жүрген абзал азамат.  Жүрегінде иманы бар ұлтжанды ағаларымыз қызмет атқара берсе кейінгі ұрпақ солардан үлгі алары ақиқат. Алдымызда келе жатқан 15 жылдық мерекеңіз құтты болсын құрметті Қауымдастық! Қызметтеріңіз сәтті, жемісті болсын қадірменді ағайын.

Стамбул

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑