banner-top12

Өнеге 1461065052_l

Қосқан уақыты Қараша 5, 2017 | 357 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АГРЕССИВТІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ

Жайлымысова Г.А.

Қазмемқызпу, аға оқытушы, магистр

 

Агрессия мәселесіне қатысты әдебиеттерге талдау жасау бүгінгі таңда психологияда, оның ішінде психологияның арнасында қалыптасқан әр түрлі бағыттарда (фрейдизм, бихевиоризм және т.б.) агрессия терминіне байланысты бір мәнді түсініктің жоқ екендігін байқауға мүмкіндік береді.

Мысалы, К.Бютнер «агрессия деп партнерді ренжітетін, оны балағаттап, тіл тигізетін, тіпті оны құртуға бағытталған сезімдерді» түсінеді.

А.Басс агрессия мен дұшпандықты бөліп көрсете отырып, олар үнемі үйлесе бермейді және үнемі бір мезетте кездесе де бермейді дейді. Бұл жерде агрессияны сипаттай отырып, А.Басс пен А.Дарки оның шабуыл жасау, ашулану, вербальды және жанама агрессия сияқты көріністеріне сүйенеді. Авторлардың көзқарастары бойынша, дұшпандық өкпешілдік, кінәмшілдік, күмәншілдіктен көрініс табады. Сондай-ақ, «агрессияның анықтамасын таңдау мәселесі өте күрделі, өйткені, агрессия көп қырлы, жан-жақты құбылыс болып табылады. Ғылыми тұрғыда қарастыру үшін бір мәнді анықтама табуға тырыспай, оның осы әр түрлі қырларын және олардың бір-бірімен байланыстарын көре білу қажет» дейтін авторлардың көзқарастары да кездеседі. Көптеген авторлар агрессия қандай түрде көрінетініне қарамастан басқа тіршілік иесіне зиян келтіруге бағытталған мінез-құлық болып табылады деп санайды.

Агрессияның көріністері өте көп.

Мысалы, Э.Фромм агрессияның екі түрі кездеседі дейді:

  1. «Зарарсыз», ол қауіп-қатер төнген сәтте көрінеді және қорғану сипатында болады, қауіп-қатер жоғалған кезде агрессия да жоғалады.
  2. «Қатерлі», бұл қатыгездік болып табылады және спонтанды түрде жүреді.

Генри Паренс  те агрессивті мінез-құлықтың екі түрін бөліп көрсетеді:

1) деструктивті емес, яғни мақсатқа жетуге бағытталған табанды, дұшпандық емес, өзін-өзі қорғау тұрғысындағы мінез-құлық;

  • деструктивті, яғни қоршағандарға зиян келтіретін, ызалы мінез-құлық.

Дж.Лешли, Г.Крайг агрессивті мінез-құлықты көріну әдісіне қарай ажыратады, яғни, физикалық және вербальды.

Додж и Койн «реактивті» және «проактивті» агрессия терминін қолдануды ұсынды. Алғашқысы саналы қоқан-лоққыға жауап ретіндегі жазаны білдіреді, ал екіншісі қандай да бір жағымды нәтиже алуға бағытталған мінез-құлықты туғызады (мысалы, мәжбүрлеу, ықпал ету).

Сондай-ақ, психологияда мақсатты және құралдық агрессияны ажыратуға болады. Алғашқысы агрессияны объектіге зиян, залал келтіру мақсатында алдын-ала жоспарланған акт ретінде жүзеге асыруды білдіреді.

Екіншісі қандай да бір нәтижеге жету құралы ретінде жасалады, ол агрессивті акт болып табылмайды.

Енді агрессивті әрекет пен агрессивті мінез-құлық, агрессивтілік дегеніміз не екенін анықтайық, өйткені, бұл ұғымдарды көбінесе бір мағынаға сыйғызады.

Агрессивті әрекет – бұл ситуативті реакция ретінде агрессивтілік таныту. Егер агрессивті әрекеттер әлсін-әлсін қайталанып тұрса, онда бұл жағдайда агрессивті мінез-құлық жөнінде айту керек.

Ал агрессивтілік агрессивті әрекет кезіндегі немесе тікелей оның алдындағы ситуативті, әлеуметтік, психологиялық күйді білдіреді.

Сондай-ақ, әрбір тұлғада агрессивтіліктің белгілі бір деңгейі болуы тиіс екендігін айта кеткен жөн, өйткені, агрессия адамның белсенділігі мен адаптивтілігінің ажырамас ерекшелігі болып табылады. Бютнер және басқалар агрессивті көріністердің кейбір жағдайларын мазасыздану мен фрустрациядан арылумен байланысты адаптивті қасиет ретінде қарастырады.

Фрустрация күйі – бұл қажеттіліктің қанағаттанбай қалуымен байланысты сипатталатын психикалық күй. Бұл күй әр түрлі жағымсыз сезімдерге, ашуларға, қайғырулараға ұласады.

Сонымен агрессияны тірі қалуға ұмтылу мен бейімделуге мүмкіндік беретін мінез-құлықтың биологиялық мақсатты формасы ретінде қарастыруға болады. Екінші жағынан агрессия ыза, ашу ретінде, адамдардың жағымды мәндеріне қарама-қайшы мінез-құлық ретінде бағаланады.

Сонымен, мінез-құлықтың қандай актілерін агрессивті деп санауға болады?

Агрессивті мінез-құлықтың анықтамасында норма ұғымы шешуші орын алады. Нормалар қандай да бір әрекетті қадағалап отырудың өзіндік бір механизмін қалыптастырады. Норма ұғымы баланың әлеуметтену процесінде қалыптасады. Осы жерде төмендегі екі міндетті шарттың болуы кезіндегі мінез-құлықты агрессивті деп атаймыз:

1) құрбанға зиян келтіретін салдарлар орын алған жағдайда;

2) мінез-құлық нормалары бұзылған жағдайда.

Балалар агрессивтілігінің дамуын түсіндіретін алғашқы әрекеттер психоанализ бағытында жасалды. З.Фрейд, өз әкесінің жыныстық және агрессивті инстинктердің қайшылықтары жөніндегі көзқарастарын қолдай отырып, агрессивтілік дамуының либидо фазаларына сәйкес бірнеше фазаларын бөліп көрсетеді: оральді агрессивтілік, анальді садизм және т.б. Екінші жағынан, балалар психоанализімен айналысқан З.Фрейд агрессияны «Мен» инстанциясының қорғаныс механизмдерінің бірі ретінде қарастырады.

Осыған сәйкес ол агрессия дегеніміз «Меннің» өткенге немесе күтілетін оқиғаларға қатысты басынан кешіретін үрейлері мен қорқыныштарының көрінуі деп санайды. Агрессия баланың «Меніне» нақты немесе минимальды қауіп-қатер төнген жағдайларда туындайды. Агрессияға жүгіне отырып, бала басынан кешіретін үрейлерінің әсеріне берілмей, өзін сабырлы ұстауға тырысады. З. Фрейдтің пікірінше, мұндай мінез-құлықтың механизмі болып «агрессормен теңесу» («агрессорға ұқсау») табылады, оның атрибуттарын қабылдай отырып, бала да өзіне қоқан-лоққы жасаған адамның түріне енеді. Баланың агрессивті ниеттері осылайша үрей туғызатын объектіге қатысты сипатқа ие болады.

Индивидуалды психологияның негізін салушы А.Адлер, балалар агрессиясының себебі мынада дейді: яғни, «балаға өзінің бүкіл даму барысында толымсыздықты, кемістікті сезіну тән».Бала өте ұзақ уақыт бойы тәуелді болу кезеңін бастан кешіреді, өйткені ол мүлде дәрменсіз және өмір сүру үшін ата-аналарының көмегіне жүгінуге тиіс болады. Баланың жетілмеуі, оның өзіне деген сенімсіздігі мен дербес еместігін сезінуі жанұядағы анағұрлым күшті адамдарға бағыныңқы болуды ауыр бастан кешіруіне әкеп соғады. Бұл толымсыздық сезімін туғызады да, ары қарай қоршағандардан басым түсу, артық болу үшін ұзақ күресуге, сондай-ақ, кемелдену мен мінсіз болуға ұмтылуға бастама болады. Нәтижесінде артық болуға деген жалған идея мен мақсатты бағдар пайда болады. Сонымен, А. Адлердің түсінігінде агрессия артық болу мақсатына қол жеткізу тәсілі, кемістік сезімін жою құралы болып табылады.

Балалар агрессиясының негізінде қорқыныш жатады деген идея көптеген психоаналитиктерге тән. К.Бютнер балалық шақтағы агрессияның ең жиі кездесетін екі себебін атап көрсетеді: «Біріншіден, бұл зақымданып қаламын, шабуылға душар боламын, ренжіп қаламын деген қорқыныш. Екіншіден, бұл әлдеқашан бастан кешірген реніш немесе рухани зақымдану, яғни жанның жаралануы немесе шабуылдың өзі». Балалық шақта бейсаналы, агрессивті импульстер тікелей емес, балалардың қиялдарынан, ойындарынан көрініс таба отырып, жанама түрде танылатынын, ал олардың мазмұнына баланың «Мені» жүгінетін қорғаныс механизмдерін анықтау мақсатында талдау жасалатынын айтып кеткен жөн. Э. Эриксонның эпигенетикалық тұжырымдамасында, адамның дұшпандығын өмірдің алғашқы жылдарында қоршаған әлемге деген негізгі сенімнің дұрыс қалыптаспауымен байланыстырады.  Э. Эриксон бойынша, балада басқа адамдар мен қоршаған әлемге деген сенім сезімінің даму дәрежесі оның анасынан алған мейірімнің, яғни ана қамқорлығының сапасына тәуелді. Ерте балалық шақта қалыптасқан базалық сенім сезімі қандай да бір автономия мен өзін-өзі қадағалауға қол жеткізуге, ұят, күдік пен қорлау, кемсіту сезімінен арылуға негіз болады. Инициатива мен кінә арасындағы конфликт – Эриксон «ойын жасы» деп атаған мектепке дейінгі шақ кезеңіндегі соңғы психоәлеуметтік конфликт. Осы кезеңді бастан өткергеннен кейін  балада кінә сезімінен асып түсуге деген инициатива сезімінің болуы айтарлықтай дәрежеде ата-аналарының баланың өз еркін білдіруіне қалай қарайтындығына тәуелді болады. Агрессивті идеалдардың қалыптасуы дәл осы кезеңге, мектепке дейінгі шақта болатын инициатива сатысына қатысты.

Әлеуметтік үйрену теориясында (А.Бандура) балалық шақтағы агрессия меңгерілген, әлеуметтік – негізделген мінез-құлық болып табылады делінеді. Үйрену теориясы саласындағы жетістіктер агрессияның себебін талдауда басты назарды жорамалданған ішкі күштерден ортаның ықпалына ауыстырды (А. Бандураның әлеуметтік үйрену теориясы). Оның пікірінше, адамның жұмыс істеу себептерін мінез-құлықтың, танымдық сфера мен ортаның үздіксіз әсерлері терминдерінен көру қажет. Агрессияның қалыптасу механизмдері ретінде мыналар табылады:

  • басқа адамдар тарапынан агрессивті мінез-құлықтың күшеюі;
  • бақылау арқылы үйрену;
  • өзін-өзі бекіту.

Агрессивті мінез-құлықтың модельдері ретінде өмірдегі шынайы мысалдарды да (ата-аналар, басқа адамдар, құрбы-құрдастар), сондай-ақ, БАҚ арқылы берілетін символдық үлгілерді де (теледидар, жарнама және т.с.с.) келтіруге болады.

«Гуманистік психологияны» 1960 жылдардың басында ең маңызды екі интеллектуалдық ағымдар – психоанализ бен бихевиоризмге икемді альтернатива табу мақсатында А. Маслоудың жетекшілігімен біріккен бірқатар персонологтар тобы құрған болатын.Гуманистік бағыттың ең танымал жақтаушылары Э.Фромм, К.Роджерс, және т.б. болып табылады.Маслоу және т.б.адамдар жеке мақсаттарды іздеу үстінде болады және осы жағдай олардың өмірін мағыналы әрі мазмұнды етеді деп есептейді. Ол адамның барлық қажеттіліктері туа бітеді немесе инстинктивті болады дейді:

  1. Физиологиялық қажеттіліктер.
  2. Қауіпсіздік пен қорғанысқа деген қажеттіліктер.
  3. Махаббатқа деген қажеттіліктер.
  4. Өзін-өзі құрметтеуге деген қажеттіліктер.
  5. Өзін-өзі өзектілеуге (тұлғалық жетілу) деген қажеттіліктер.

Балалар агрессиясына қатысты айтар болсақ, физиологиялық қажеттіліктер мен қауіпсіздік пен қорғанысқа деген қажеттіліктер балаларда махаббатқа деген қажеттіліктер пайда болып, қанағаттандыруды талап етпес бұрын қанағаттандырылуы тиіс. Егер бұлай болмаса, балаларда агрессивті мінез-құлық түрінде қорғаныс реакциясы пайда болады, осының есебінен бала өз қажеттіліктерін, мысалы, көңіл бөлуге және махаббатқа және т.б. деген қажеттіліктерін жарым-жартылай болса да жүзеге асыра алады (аталмыш заңдылық нашар отбасыларда айқын байқалады).

Балалық шақта невроздардың дамуын зерттеуге арналған еңбектерде агрессия қиын ситуацияларға жауап қайтарудың адекватты емес тәсілі ретінде қарастырылады. Тұлғаның невроздық дамуы кезінде агрессивтілік баланы залал келтіретін, оның эмоциялық саулығына қатер төндіретін сезімдерден қорғай отырып, қорғаныс қызметін атқарады.

Балалар агрессивтілігі мәселесін балалар психиатриясы мен патопсихология саласындағы мамандар да сөз етеді. Психикалық бұзылыстар кезінде агрессивтіліктің дамуы тек индивидтің конституционалдық ерекшеліктерімен, тұқымқуалаушылықпен ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік-психологиялық факторлардың ықпалы арқылы да анықталатыны айтылады.

Агрессивті әрекеттерді бала бойынан ерте балалық шақтан-ақ байқауға болады. Өмірдің алғашқы жылдарында агрессия ересектерге бағынбай қыңырлық танытудан, қасарысудан көрінеді. Бұл көбінесе айқайға, тебініп, тыпыршуға, тістеуге, сотқарлыққа ұласатын ашу мен ызадан көрініс табады. Баланың мұндай реакциялары жағымсыз және мадақталмайтынына қарамастан, қалыпты емес деп те саналмайды. Мұндай мінез-құлықтың себебі болып тілектердің блокталуы немесе тәрбие арқылы әсер етуді қолдану нәтижесінде әрекеттердің әдейі жасалған бағдарламасы табылады Сол себепті баланың дискомфорт, фрустрация немесе дәрменсіз болу күйінен туындайтын мінез-құлқы дегеніміздің не екені әбден түсінікті. Мұндай мінез-құлықты агрессивті деп санау да жағдайға байланысты, өйткені, балада қоршағандарға зиян келтіру ниеті жоқ.

Жоғарыда сипатталғандай, бала біздің ересектер әлеміне «проблемалы» мінез-құлықпен келеді, ересектердің көзқарасы бойынша бұл аффективті эмоциялық-ерік сферасының дамымауына, соның салдарынан өз эмоцияларын басқара білмеуге негізделеді.

Бір жағынан, бала барлық жерде дербестік танытады, ал екінші жағынан, оның өзін-өзі реттеуі әлсіз. Сондықтан да, ересектерден, әсіресе ата-аналардан бұл жас кезеңінде өте мұқият болу, яғни, балаға түсіністікпен қарау талап етіледі.

 

Әдебиеттер тізімі.

  1. Ақажанова А.Т. Девиантты мінез-құлықтың кейбір теориялықсипаттамалары. Гум. ғыл. сериясы.2007.№3 (2)Ізденіс. 319 б.
  2. Реан А. Агрессия и агрессивность личности. -СПб. : Питер, 1996.
  3. Бэрон Р., Ричардсон Д. Агрессия. -СПб. : Питер, 1997.
  4. Семенюк Л.М. Психологические особенности агрессивногоповедения подростков и условия еге коррекции. -М., 1996.
  5. Фрейд Введение в психоанализ. Лекции. – М., 1989.
  6. Алворд М., Байкер П.Как работать с агрессивными детьми. -М.: центр

практической психологии «Катарсис», 1998.

  1. Керімов Л.К. Қиын жас өспірімдерді жеке дара қайта тәрбиелеутерориясы. -Алматы, 1991.
  2. Г.Г.Бекмұратова «Қазіргі кезеңдегі мінез-құлқында ауытқуы баржеткіншектер тұлғасының өзіндік сана-сезімдерінің ерекшеліктері».//автореферат. -Алматы, 2008.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑