banner-top12

Әдебиет 0

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 915 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Алдар көсе мен сайтандар

Ерте заманда Алдар көсе деген тапқыр, шешен, қу болыпты. Алдар бір күні ерте тұрып сыртқа шықса, көшіп кеткен байдың жұртында екі жаяу адам жайбарақат айналсоқтап жүреді. Олардың жүрісі адамға ұқсамайды. Алдар неде болса көрейін деп жандарына барып, амандасып жөн сұрасады:

– Сіздер кім боласыздар, бұл жерде не істеп жүрсіздер? – дейді Алдар көсе.

– Біз шайтан боламыз, жұртшылап жүрміз, бұл біздің салтымыз, өзің кімсің? – деп жауап береді екі жаяу.

– Мен де сайтанмын жұртшылап келдім.

– Біз көрмеген қайдан келген сайтансың?

– Менің тұрағыма сендер әлі жеткен жоқсыңдар, онда барсаңдар өртеніп өлесіңдер, ол жер Қап тауының арғы жағында, қар қабат  қамысты су деп аталады.

– Онда жолдас болайық.

– Болсақ болайық, менің іздегенім де өздеріңдей жандар.

Үшеуі жол тартып келе жатады. Екі сайтан Алдарға сенбей: “бұл адам болып бізге қастық істеп кете ме” деген ойда кеңесіпті.

– Мұның адам екенін ажырату оңай. Біз судан өтейік, ол біз секілді суды сылдырлатып өте алар ма екен? Егер адам болса иен тауға барғанда көзін жоямыз, – дейді бір сайтан. Алдар мұны сезіп қояды.

Бұлар бір өзеге келіп судан өтеді, екі сайтан алдында суды сылдырлатып бара жатса керек, Алдар да екі уыс құмды суға сеуіп дыбыс шығарған екен, олардың сылдырынан кем соқпапты. Бірақ, сайтандар Алдармен сонда да іштесіп кете қоймайды.

Бұлар бір орманды тауды бетке алып келе жатқанда, сайтандар: “мұның атын сұрап көрейік” деп ақылдасады. Алдар мұны да сезіп қойып, тосаттан:

– Сіздердің аттарыңыз кім болады? – деп сұрайды.

Сонда екі сайтанның бірі:

– Біріміздің атымыз – жалмау, біріміздің атымыз – алдау болады.

– Е, аттарыңыз жақсы екен, – дейді де, Алдар ішінен: “мұның бірі – адам баласына қастас жалмауыз болды да, енді бірі – тірі пендені жолдан аздыратын ғаииар болды, кімнің ұтып, кімнің ұтыларын артынан көреміз” деп ойлайды.

Тау ішіне кірген соң сайтанның бірі:

– Сіздің атыңыз кім? – дейді. Сонда Алдар:

– Менің атым былтыр,

Денем сырты жылтыр.

Жолдас болдық сайтандар,

Өнерің болса ұмтыл! – деп жауап беріпті. Бұлар тау аралап келе жатып, елден түсіп қалды ма, екі сайтандікі ме, әйтеуір жолдан бір дорба алтын тауып алыпты.

Сонан Алдау тұрып:

– Жасымызбен санассақ, мұны ең үлкеніміз көтеріп жүрейік, кейін бөліскенде көп үлесті сол алсын, – дейді. Алдар да бұл сөзге разы болғандай сыңаймен басын изеп:

– Биліктеріңізге құлдық, – дейді. Алдау тағы да:

– Жалмау екеуміз бір жыл туған құрдаспыз, біз туғанда аспанның үлкендігі айнадай, жердің үлкендігі теңгедей екен, ал қазір көз жеткісіз болды, – дейді. Сонда Алдар көз жасы көл болып, сондай аянышты бейнемен бірде өкіріп, бірде солқылдап жылап кеткен екен. Бұнысына таң қалған екі сайтан Алдарды әрең тоқтатып «бұныңыз не?» дегенде:

– Аспан айнадай, жер теңгедей кезінде үлкен ұлым қастандықпен өліп еді, егер тірі болса ол да сендердің құрдастарың емес пе еді?! – деп өксігін баса алмай, онан ары жылайды. Сонда екі сайтан еш амал таба алмай:

– Сіз біздің әкеміздей екенсіз, алтынды сіз көтеріңіз, – деп дорбаны Алдарға көтертеді. Бұлар жүре-жүре бір қалың жыныстың ішіне келген кезде:

– Біз иен жерде айлаға келсе ешбір жанға алдырмаймыз, тұтқыйыл пәледен сақтану үшін керек болар, сіздер неден қорқасыздар? – дейді.

– Біз қызыл тікеннен, сарала қамшыдан, сары мойын пышақтан қорқамыз, өзге еш нәрседен қорықпаймыз, – деп жауап беріпті екі сайтан. Олар Алдардың өзінен:

– Сіз неден қорқасыз?- деп сұрайды.

– Әлемдегі сайтандардың жаратылысы ұқсағанмен, өздері білмейтін ұқсамастықтары болады. Мысалы, мен де қызыл тікен, сарала қамшы, сары мойын пышақтан қорқушы едім, аз жылдардан бері қалай екен, жасым шектен асып кәртайдым ба деймін, қапты құрт, қарынды майдан, тіпті қорқатын болдым, – дейді.

Бұлар өзара ұғысып алғаннан кейін бір өзенді жағалап келе жатқанда Алдардың сайтандардан құтылу орайы келсе керек, қалың қызыл тікеннің тұсынан өте бергенде сып беріп арасына кіріп кетіпті. Сайтандар кірейін десе шаштарын тікен іліп жібермейді, әлгі қорқатын сарала қамшы, сары мойын пышақтарын тастаса, оны жанына жиып алып жатыр, одан болмаған соң қап-қап құрт, қарын-қарын май әкеліп тастайды. Алдар пышақпен құртты шағып, майға батырып жей бастайды. Бұл да болмаған соң:

– Ей Былтыр, сен тікеннен бері шығып, бізбен бір сөйлес, допбадағы алтынды түгел саған берейік, – десе, Алдар:

– Ақыр заман қияметте бір-ақ шығамын, дәл сол кезде осы қызыл тікенге келіп қанша сөздерің болса да айтыңдар! Одан бері жауап жоқ, – депті.

Екі сайтан Былтырдың жын ба, шайтан ба, пері ме, әлде адам ба, қайсысы екеніне көздері жетпей, бастары қатады. Сонда біреуі тұрып:

– Бұл істі патшамызға барып айтайық, мұның не екенін айырып, алтынымызды алып береді, – дейді.

– Біз келгенше кетіп қалмай ма?! – дейді біреуі.

– Ой, заман ақырға дейін жатамын деді ғой, құлағың саңырау ма!? – деп ақырды алдыңғысы. Екі сайтан ерегесе-ерегесе патшасына барып тағзым етіп, амандасып, таласа-тармаса арыз-армандарын айтады.

– Былтыр үшеуміз бір дорба алтын тауып алып, тауға барып бөліп алмақшы едік. Былтыр қызыл тікенге кіріп кетіп, біз кіре алмадық. Сол алтынымызды алып беріңіз деп арыз айтып келіп едік, – дейді. Бұл сөзге патшасы қатты ашуланып:

– Сендер сөздеріңді қайта айтыңдар! Алтынды кім алды?! – десе:

– Алтынымызды Былтыр алған, – дейді олар. Сонда уәзірлері:

– Сендер өзі жынды болғансыңдар ма?! Патшаны өздеріңдей жынды санайсыңдар ма?! Былтырғы сөзді неге жаңа қылып көкисіңдер! – деп тағы ақырады. Ақыры патшалар әлгі екі сайтанды тақтайға бастырып, дүрелетіп жазалайды. Сайтандар патшаларынан жазасын тартып болған соң бұрынғы орында Былтыр бар ма екен деп келсе, Алдар орнында қаперсіз жатыпты. Сонда сайтандар:

– Сен адамзаттың сайтаннан бетер алаяғы екенсің, сені қызылды жасауға қызылды шуда тосамыз, өнеріңді сонда көреміз, бәлем! –  деп кетіп қалады.

Ол кезде Алдардың әйел алмаған кезі екен дейді. Артынан әйел алып, ол екі қабат болған соң Алдар да өз дайындығын көреді. Алдымен лақтың бір санын кептіріп, қулық биенің шуын, тармақтың жұмыртқасын дайындап қояды. Әйелі босанады. Алдар әйелін күзетіп отырып қулық биенің шуын су бүркіп, оттың басына жайып, тармақтың жұмыртқасын қоламтаға көміп қояды. Сайтандар үйге кіріп келіп отты көсеп қалғанда тармақтың жұмыртқасы тарс етіп жарылады. Сайтандар шуға тайып жығылады. Сол сәтте Алдар лақтың кепкен санымен сайтандарды бықпырт тигендей қылып сабайды. Сайтандар Алдар жүрген жермен жүрмеске, алтынды қайтып сұрамасқа ант ішіп, әрең құтылған екен дейді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑