banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! 022

Қосқан уақыты Қараша 1, 2017 | 383 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АЛҒАШҚЫ КИНО ЖӘНЕ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА

 Қожакент ауылына – 50 жыл

Өнер – білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды…

       Ыбырай Алтынсарин

-Біздің сәбилік, балалық шағымыз қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді, – дейді бүкіл өмірін оқу ағарту мен партия, кәсіподақ саласына жұмсап, көз жұмарының алдында ғана қажылық парызын өтеген абзал азамат Дәумен Шоманұлы, – «Мәдениет» колхозы мен Ақшколдың арасы екі шақырымдай еді. Мамыр айының алғашқы күндері болатын. Түс қайта сабақтан шықтық. Мектеп ауласында өгіз арба айдаған бойы ұзын қараторылау келген, бізден әлдеқайда үлкен жігіт ағасы:

-Балалар көмектесіп жіберіңдер, кешке кино көресіңдер ғой, – деді.

-Кино деген не? – дейміз бейтаныс кісіге. Ол алдымен күліп алды да:

-Киноның қандай өнер екенін көрген соң білесіңдер. Онан да мына аппаратты жерге түсіруге жәрдемге келіңдер, – деп бізге екі-үш темір жәшікті көрсетті. Көмектестік. Ол: – есімім – Оңғарбай, фамилиям – Оразбаев, – деп өзін таныстырды да, киноның күн ұясына қонған соң басталатынын айтты. Өзіміз үшін қызықты болатын жаңалықты жұртқа жеткізуге кірістік.

Ақшкол айнала тораңғылы мол дөңестеу құмның етегінде болатын. Мектеп алдына су себіліпті. Киноны бала, біздер ғана емес, үлкендер де көруге құмар екен. Кешкісін үш ауылдың адамдарының көпшілігі жиналды. Арбадан өзіміз түсіріскен манағы жәшіктер бірінің үстіне бірі қойылған. Мектеп қабырғасына аппақ үлкен мата тұтылыпты. Оңғарбай мұны көпшілікке «экран», – деп түсіндірді де, оқшау тұрған қара жәшіктің жанына барып гүрр еткізді. Айнала жап-жарық болып кетті. Балалар қуанып айқайлап жүрміз. – Электр, – деген осы, бұл ұлы көсеміміз Лениннің есімімен байланысты, – дейді Төлеген, Әбен, Әлім, Әнәпия, Айдарбек ағаларымыз. Жүздеріне қуаныш күлкісі ұялаған олар бір сәтте ашық алаңға шығып билей жөнелді. Сол кезде Оңғарбай: – Тынышталыңдар, кино бастаймыз, – деп ортаға қойылған жәшіктің бүйіріндегі тетікті айналдырды. Лезде жарық сөніп, барлық сәуле манағы қабырғаға тұтылған матаға төртбұрыштанып түсті де кәдімгі адамдар пайда болып, еріндері жыбырлап, бір-бірімен сөйлесе бастады. Бірақ дауыстары естілмейді, үлкендер аң-таң. Бір кезде қолында қылышы бар аттылы адамдар өзара сайыса бастады. Әлден уақытта бір жағы қаша жөнелді. Екінші жағы артынан мылтық атты. Оны біз бұрқ еткен түтінінен көріп отырмыз. Сүт пісірімдей уақытта электр қайта жанды. Қариялар Астағыпир Алласын айтып жатыр.

-Адамдарды қалай жүгіртіп қойған? – аузы жыбырлайды, бірақ сөзі естілмейді.

-Сурет сөйлеуші ме еді, жын, шайтан ғой, – дейді көпшілігі.

-Бұл, – жын да емес, шайтан да емес, бұл – өнер, – деді Оңғарбай киноның табағын ауыстырып жатып қарттарға назарын салып, –Дауысы естілетін кинолар да бар. Ал мынау – мылқау кино.

Кино қайта басталды. Манағыдай емес көпшіліктің көзі үйренді-ау, – деймін, оның үстіне Тасан, Ермахан, Әлеухан деген ағаларымыздың – басында бес жұлдызды шошайма бөркі барлар біздің әскеріміз, басқасы ақтар, – деп түсіндіргені әсер етті ме у-шусыз көрді. Ендігі сәтте қызыл жалау көтерген шошайма бөріктілер жаппай алға ұмтылды. Сол кезде кино да аяқталды.

-Қызыл әскер жеңді. Ол – біздің жеңісіміз, – деді кино басталғалы көз алмай отырған Әбілқасым, Сәпи, Қалқожа, Райхан, Зөрелер. Жарық қайта жанған сәтте біздер Оңғарбай ағаға қайта жабыстық.

-Енді сөйлейтінін әкеліңіз!

-Қашан келесіз?

-Күтеміз аға, – дейміз бәріміз бірімізден кейін біріміз. Келгеніне жарты күн толмаса да Оңғарбайды бірге өсіп, біте қайнасқан туыс-бауырымыздай көріп, ол да ағынан жарылып:

-Келемін, балалар, келемін. Ендігі жолы сөйлейтінін көретін боласыңдар, – дейді. Бұл сөз бәрімізді елеңдетіп, киноға деген құмарлығымызды арттырды.

-Қашан, – дейміз жамырай шулап.

-Асықпаңдар, – дейді Оңғарбай да салмақпен.

Көпке дейін көрген киномызды бір-бірімізге айтып тауыса алмай жүрдік. Ал Оңғарбайдан хабар болмады. Арбалы көрсек жүгіріп жетіп барамыз. Бірақ ол колхоздың шаруашылықта жүрген арбасы болып шығады. Сонда да күдер үзбейміз. Келе жатқан көліктіні де жібермейміз. Сұрайтынымыз: – Кино келе жатқан жоқ па?

Биылғы маусым айы өзіміз үшін тамаша басталды. Бәріміз кластан класқа көшіп, жазғы каникульде алаңсыз ойынға кіріскен күндеріміздің бірінде мектеп жақтан ауылға қарай атпен шауып келе жатқан адамның алдынан шықтық. Жақындағанда ғана таныдық, мұғаліміміз Қашқынов Оразбек екен. Бас киімімізді алып төмен қарап тұра қалдық. Бұл ағайымызға берген сәлеміміз еді. Ол атының басын тежеді де: – Естідіңдер ме, – деді. Ішімізде төрт-бес жас үлкен бозбала жігіт Әлқожаев Айтжан ағамыз бар еді. Сол: – Сөйлейтін киноны әкелуге уәде берген Оңғарбайды күтіп жүр бұлар, –  деді.

Оразбек ағайымыз: – Соғыс басталып, адам өліп, қырғын болып жатқанда киноларың не? – деп ауылға қарай шаба жөнелді. Біз түгіне түсінген жоқпыз, бірақ мұғаліміміздің қатулы қабағынан бір сұмдықтың болғанын білдік те, ойынды тастадық. Ертеңіне түске жақындағанда ауданнан арнайы келген өкіл колхоз адамдарын тегіс жинап фашистік Германиямен еліміздің шекарасында үлкен қан төгіс болып, Отанымыздың басына қауіп төнгенін жасырмай ашық айтып түсіндіріпті. Сөзінің соңында жапон басқыншыларын талқандағандай бұлардың да күл талқанын шығарамыз. Жеңіс біздікі болады, – депті. Балалар мұны түстен кейін Ергеш, Тасан, Мұсатай сияқты еңбек етіп жүрген ағаларынан есітті. Күліп ойнап, қызық-думан десе жанып түсетін ағалардың жүздері содан былай томсарыңқы күйге ауысты. Әзілдесу де жайына қалды. Күн сайын болатын қызықты қуанышымызды тұтқиылдан басталған сұм соғыс тонап кеткендей. Ән де салынбайтын болды. Келіп жатқан хабар да жайсыз. Ұзынқұлақтан жеткен сөз Украина, Белорусь жерлері қанға боялып жатыр. Содан екі аптаға жетпей ауыл азаматтарын әскери комиссариатқа шақыру басталды. Ертеңіне колхоздың белсенді мүшелері Әнуәр, Исатай, Тоқбай, Қоқажан, Әбсаттар, Шәйділләлар жедел аттанды. Бәрі де көп кешікпей аудан орталығынан қайта оралды. Қолдарында «жарамды» деген бір-бір шақыру қағаздары бар. Әскери комиссариат: Ел-жұрт, туған-туыс, бала-шаға, ата-аналарымен қоштасып келуге жіберіпті. – Бұл сұмдық шығар, – деді жасы келіп қалған Бәшім, Омар, Әбдіраман секілді қарттар. Шын сұмдық екі күннен кейін азаматтардың туған топырағымен, ел жұртымен қоштасқанда болды. Көпшіліктің сай сүйегі сырқырады. Әсіресе кемпірлер мен қыз-келіншектердің: – Айналайын, азаматтарым, бізді кімге тастап барасыңдар! Мына қырғыннан аман оралыңдар, қайтып енді көреміз бе, көрмейміз бе, – дейді жан жүйелері босап. Үлкендер жағы сабырға шақырып: –  Бұлар әзір соғысқа кірмейді, төрт-бес ай дайындықтан өтеді, – деп тоқтау айтады. Бірақ өздері де көз жастарына ерік беріп жүр. Мұнан кейін де талай азаматтар аттанды. Колхозшылар арасында жасы жетпегендері болмаса бірде-бір ер азамат қалған жоқ. Барлық жұмысты кемпір-шалдар, қыз-келіншектер, балалар атқарды.

Майданға аттанғандардан жарты жылдай «Аманбыз», – деген хаттар үсті-үстіне келіп тұрды.

Ұзақ жылдар бойы «Жаңа жол» колхозының хат тасушысы болған, өзі жарымжан Ысмайлұлы Мәмбет ақсақал: – Өзімнің ежіктеп оқитын ғана сауатым бар, келген хаттарды үйді-үйге таратып беремін. Кездескен сайын қатарластарым мен қыз-келіншектер хат алса, – Ата жақсы болды. Тағы да хат бар ма? – дейтін болды. Оған менің де көңілім өсіп қалады. Почта Төменарықта. Колхозбен екі ара он километрдей. Атпен, кейде есекпен екі күнде бір барып келемін. Майданға аттанған азаматтардың отбасыларының бәрі мені күтетін секілді. – Не жаңалық, хат бар ма? – дейді тегіс жақсы үмітпен. Әкелген хат-хабар мен газет-журналдарды алдарына тастай саламын. Хат алғаны қуанып, алмағандары: – Енді қашан барасыз, – дейді. Сырттай қарағанда қызық сияқты болғанымен, бұл тіпті олай емес екен.

Күзгі егін-тегін жиналып жатқан кез болатын. Төменарыққа барып әкелген «дүниелерімді» әдеттегідей күріш қырманында жүргендердің ортасына тастай салдым. Бәрі де газет-журналдарға көз жүгіртіп, келген хаттарды тегіс жабылып оқып жатыр. Бір кезде бәрі де жым-жырт бола қалды. Өз басым алғашқыда мән берген жоқпын. Бірақ келіндердің ауыздары жыбырлап, сыбырлап сөйлеуі көбейді.

-Сорлап қалды-ау, байғұс, – деді сәлден соң Бибіажар атты кемпір. Сол сол-ақ екен қырман басында улап-шулап жылағандар көбейіп кетті. Тоқтау деген болмады. Мына жайды көрген колхоз төрағасы Оспан: –  Бұдан былай хат-хабар кеңседе таратылатын болсын, – деген тапсырма берді. Соғыстың аты соғыс онымен өлім тиылған жоқ. Сол күздің өзінде Асанов Төлеген, Әбиев Әбсаттар, Бәйімбетов Әнепиялар жайлы ерлікпен қаза тапты, – деген қаралы хабарлар келді. Бұрын мені көрсе – хат бар ма? – деп алдымнан жүгіріп шығатындар енді мені көрсе теріс айналып қашатын болды. Кемпірім Хадиша шала бүлініп: – Мына жұмысыңды таста, ауылға Төменарықтан өлім арқалап әкеліп жүрсің, – деп құлағымның құрт етін жейтін болды. Өзім де әбден жүйкеледім. Тіпті болмаған соң әкелген сөмке тола газет-журналдарды хат-хабарымен колхоз төрағасының алдына атып ұрдым да, – Әй, Аққұлдың баласы Оспан, – дедім айқайлай сөйлеп, – Жасым алпыстан асқанда жұрттың көз жасына қалдым, жұмысыңды жинап ал!

Төмен қарап түнеріп отырған Оспан маған бейжай қарады да: -Мәке, – деді салмақты мінезге ауысып, – бұл екеумізге ғана емес бүкіл халыққа, елге, керек десеңіз мемлекет басына төнген қауіп. Оны көп болып көтермесек біздің кім болғанымыз, елдігімізге сын емес пе? Ойланыңыз.

Шындығында, ер азаматтар жаумен арпалысып, қанын төгіп жатыр, кеудесінде жаны бар адам колхоз жұмысында жүр. – Сенікі не? – Өзіме-өзім осылай дедім. Бірақ Оспанға тіл қатқаным жоқ. Ол әлден соң: – Мәке, – деді тағы да жұмсақ үнімен – бұдан былай хаттарды тікелей өзіме әкеліп беріңіз. Ал сіз тек газет-журналдарды ғана таратыңыз! Қуанып кеткенім сонша, – мақұл, – дегенімді білмей де қалдым.

Өзім үшін бұл дұрыс болды. Төраға келген хат-хабарларды иелеріне бригадирлер арқылы жеткізіп жүрді. Сол жылы қар қалың жауып, қыс қатты болды. Майданнан келген хаттар да үзілген жоқ. Осы ауылдың түлегі, жоғары білімді азамат Әбдуәлі Эстонияның Вилон қаласының түбінде жараланып, госпитальға түсіп жазылып келе жатқанын, жақында майданға қайтадан аттанатынын жазыпты. Жары Разия: – Өзі аман болса, жарақаты жазылар, – деп қуанды. Исмаханов Бақытжан өзінің комсомол мүшесі ретінде жаудан кек алып жүргенін, бірақ елді сағынғанын, жаудың шегіне бастағанын, өзінің командованиенің тапсырмасын орындағаны үшін командирінен алғыс алғанын жазыпты.

Бір таңқаларлығы, қаралы хабар бірден тыйылды. Ауылдағылар бұған қуанғанымен менің көкейіме күдік ұялады. Өйткені, келген хаттар иелеріне толық жеткізілмейтін еді. Бұл жөнінде Оспанға құлақ қағыс етіп едім, – Жұрттың жылағаны аз ба, одан да колхоздың жұмысы жүрсін, – деді бірден басқа сыр шашпай. Кейін білдім, Осекең қаралы хабарларды өзінде сақтап, науқанды жұмыстар аяқталған соң ғана ауылдың ақсақалдары мен кемпірлерін жинап естіртуге ұйғарым жасаған екен.

1943 жылы күріш егіліп біткеннен кейін жаздың ортасында ауылға Оңғарбай екінші рет кино әкелді. Бұл жолы қасында Мыңбаев Нәжім, – деген жас жігіті бар. Ол арбакеш екен. Соғыс жүріп жатқанда көпшіліктің қызықты думанға ықыласы қайдан болсын. Олар тек жауынгерлерден келген хаттарды жиналып оқып, «Айналайын, ардақты алтын көкем, жауды жеңіп жарқырап келер ме екен»,- деген жаңадан шыққан әнді шырқап, шерлерін тарқатуға машықтанып алған еді. Мектеп жасындағы балалар болмаса, өзгелер еліге қоймады. Оңғарбайдың: – Кино соғыс жайлы, Қызыл Армия жауынгерлерінің жаулармен қалай шайқасып жатқанын көресіңдер, – деген соң, баяғы «Ақшколдың» алаңына үш колхоздың колхозшылары тегіс жиналды. Бәрінің назары қабырғаға тұтылған ақ матаға аударылған. Қас қарая кино басталды. Алдымен мылтық ұстап сап түзеген жауынгерлер көрсетілді. – Қазағы жоқ, бәрі орыс қой, – дейді алда отырғандар декбірсізденіп;

-Тыныш отыр, сөзін есітейік, – дейді тағы бірі. Осы сәтте жер қарс айрылғандай болып қарақошқыл топырақ аспанға көтерілді. Сол көрініс бірінен кейін бірі қайталанды. – Айнала астаң-кестең, мылтықтар толассыз атылып жатыр. Мұндай сұмдықты көрмеген қыз-келіншектер орындарынан қозғала алмай шыңғырып жіберді. Қарттар Астағыпиру Алла, – деп жағасын ұстай бастағанда электр де жанды. Жұрт бір-біріне – амансыңдар ма, – деп халдерін сұрап жатыр.

-Мектебімізді топыраққа айналып кетті ғой деп едім. Ақшколымыздың орнында тұрғанына қайран қалдым. Керемет қой бұл!

-Мұндай болса киносы бар болсын. Жүрегіміз жарылып кете жаздады. Жұрт көргендерін айтып тауыса алмай жатқанда аудан орталығында оқитын Әбдікерімнің Төлегені: – «Бұл Ұлы Отан соғысы жайлы емес Чапаев туралы кино ғой», – деді.

-Не де болса көріп қайтайық, – деген көпшілік орындарына қайта жайғасты. Тағы да қылышын жалаңдатқан атты әскерлер Ақбоз атпен топ бастаған батырдың ерлігі, көргендерді қайран қалдырып жатыр.

-Азамат соғысы бүгінгі соғыстың қасында ойыншық сияқты, – деді жақында ғана майданнан жаралы болып оралған Мұхамеджан, – көктен самолет, жерден танк, оның үстіне гүрсілдеген зеңбірек үні төбе құйқаңды шымырлатады. Ал пулеметі бір минуттың ішінде жүздеген адамыңды жайратып салады.

-Қалай, қалай? – деп отырғанда қаптап келе жатқан ақтың әскерлерінің көбісін Анканың пулеметі жусатып-ақ салды. Жалмауызға да жан керек, – деген рас қой, қалғандары кейін қашты. – Мынау сұмдық екен, – деді Гүлжан, Ұлтуарлар. Мұхамеджан болса қазіргі қару бұрынғыдан он, жүз есе күшейген.

-Онда жауды неге Мәскеуге дейін жақындатып алдық, – дейді колхозшылар.

-Фрицтер алдап соқты, – дейді оларға Мұхамеджан тағы да, – Енді оларға біз де көрсетеміз. Қазірдің өзінде өлекселерін тастап шегініп барады. Осы шегінгені шегінген, өкпесі өшкенше Берлинге дейін тартады, – дейді газет-журналдарды көп оқитын бригадир Бимағанбетұлы. Содан екі-үш күн өтіп, түске жақындағанда төраға ауылдың жүруге жарайтын кемпір-шалдарын жедел жинады. – Бұл не жиын? – десті көлеңкеде өзара әңгімелесіп отырған қарттар:

-Шақырған төраға ғой, содан білерміз, – деп отырғанда ортаға Оспанның өзі келді. Ол алдымен майдан жайлы хабарларға көбірек тоқталып, қазір жаудың бетінің қайтқанын әңгімеледі.

-Бірақ соғыстың аты соғыс, – деп жалғастырды ол сөзін, – соғыс өлімнің ошағы. Болар іс болды ғой, жұмыс ақсамасын, – деп майданнан келген қаралы хабарларды Мәмбет екеуміз құпия ұстап келіп едік. Енді жасыруға болмайды, – қазір бәріміз барып Атақожаұлы Досқожаның, Бәйімбетұлы Әнепияның, Жұмалұлы Ділманның, Дәнікеұлы Сопыбектің, Иманбердіұлы Құдиярдың майданда ерлікпен қаза тапқанын отбасына естіртіп, көңіл айтып шығамыз, – деді. – Япыр-ай, шырағым, Оспай-ай, Алланың ақ өлімін жасыруға бола ма, Мемлекет үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қанын төгіп, жанын қиған бұлардың бәрі шаһид қой, – деді.

Бес азаматтың отбасына бір күнде көңіл айтуды ешкімнің басына бермесін, ел көшкендей бүкіл ауыл азан-қазан болды. Іштей тұншығып жүр екен, майданда азаматы бар отбасылардың бәрі қосыла жылады. Оларға ешкім «қой», – дей алмады. Зарлау, жоқтау үш күнге дейін толастаған жоқ. Ауыл ақсақалдары жаралы жанұяларға қайта-қайта келіп, – Біздерді әулет, –  дейді. Алланың ісі, шырақтарым сабыр сақтаңдар, өлім тағдыр ісі, тірі адам тіршілігін жасағаны жөн, – дейді. Сол қайғылы күндерде колхозшылардың еңбекке деген жігерін қайрап, көңілдерін көтеру үшін атақты Нартайдың бригадасы келе қалды. «Жаңа жол» мен «Мәдениеттің» төрағалары Оспан Аққұлов пен Әуез Мырзаұлы екеуі кешегі қаралы хабардың колхозшыларға оңай тимегенін айтып еді, ақын өзінің «Төңкеріс» пен «Үлгілі» колхозынан аттанған жауынгерлердің он төртінен келген қаралы хабарды бір күнде естірткенін, бәрінің де отбасында болып, көңіл айтқанын әңгімелеп берді де: – Зұлымдық зұлымдыққа жалғаса бермеуі тиіс, жауыз фашистерге де зауал туар, тұмсығы тасқа тиіп, шегіне бастады емес пе? Алдымызда тұрған ендігі міндетіміз: – жауынгерлеріміз тарығып қалмауы үшін еңбек көрігін қыздыра түсуіміз қажет, – деді. Қос төраға ақын сөзін бірден қоштап, – Көмекті өзінен күтетінін, ол үшін күні ертең колхоз мүшелерін Ақшколға жинайтынын білдіре келіп: – Жаралы жүректерге сөзбен де, әнмен де дәру беріңіз, – деді.

Өздерінің күндіз жұмыс басында, кешкісін үйде тынымсыз шырқайтын әні «Алтын көкемді» шығарған ақын келді, – деген соң ауылдың кемпір-шалы, бала-шағаға дейін бірі қалмай «Ақшколға» жиналды.

Көпшілікке сәлемдескен Нартай аудан колхоздарын тегіс аралап шыққаны жайлы хабар беріп: –  «Ынтымағы жарасқан, бірлігі тас түйін елді жау ешқашан алған емес», – деді де, өзінің колхозшылар арасында үнемі айтып жүрген:

Майданда жауды қиратып ,

Жеңсін десең ерлерің,

Көргілерің келсе шын,

Ерлердің есен келгенін.

Тазарсың десең дұшпаннан,

Қасиетті жерлерің.

Аянбай түгел еңбек ет,

Малды көбейт, егін ек, – деген үгіт өлеңін толғады. Одан кейін «Алтын көкем» әні көкке көтерілді де, құлақтың құрышын қандырар әсем әуен «Алтын көкем, жауды жеңіп жайратып келер ме екен, – деп көкте қалықтап тұрып алды. Ақын әнінің өз аузынан естілгендегі көпке еткен әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Тындаушылар күліп отырып жылады, жылап отырып күлді. – Өнер құдіреті осындай-ақ болар, – десті олар таңдайларын қағып. Көпшілік назарын өзіне аударып алған ақын келесі сәтте ел басына күн туған қиын кезеңде азаматтардың орнына кетпен, күрек, айыр ұстаған Жұмакүл Асанова, Бибіш Бәкірова, Мәрия Әпетова, Кенжеқан Елекенова бастаған әйелдерді өлеңмен өрнектеді, трактор руліне отырған Нұрбала, Кәмеш сияқты қыздарды көпке үлгілі етті.

Мәгүлсім Мәмбетова Тақыркөлде,

Асырған сапалы ғып ісін жөнге.

Кәмеш бар колхозында «Жаңа жолдың»,

Жайнатқан озып шығып туын төрге.

Аударған жерді аспанға алыпты күш,

Істеген сондай сұлу сапалы іс.

Сырғытып солқылдатқан жердің бетін,

МТС-те  – Жаңақорған тракторист.

Сәрсенкүл бұған серік қалмайтұғын,

Жарыста алдына жан салмайтұғын.

Нұрбала Әшімменен айдағанда

Трактор дуадақтай самғайтұғын, – деген мақтау марапаттаулар жүдеу жүздерді сәлде болса жадырата түсті. Ертеңіне бүкіл ауыл: – Біздің еңбегіміз жауды жеңуге көмектесетін болса аянарымыз жоқ, – деп кетпен, күрек, тырма, орақтарын алып егін жайға беттеді.

-Ақын алдаспан екен-ау, – деді Оспан Нартайдың әнінің әсеріне риза болып. Есіне бағзы замандардағы бір патшаның көрші мемлекетті жаулап алмақ болып, жансыз жібергені, ол қайтып оралған соң қару-жарағы қандай екен, бағындыра аламыз ба? – деп сұрағаны есіне түсті. Сонда әлгі жансыз – Асып бара жатқан ештеңесін көре алмадым. Бірақ халқына қадірлі жеті ақыны бар екен, – дейді.

-Е…е , – депті сонда хан, соғыс ашу қатерлі болды ғой.

-Неге? – депті жансызы таңданып.

-Ақын деген құдырет – дейді хан, – ол айқайлап ұрандағанда әрқайсысы жетпіс мың адамның намысын оятып, жігерін жаниды. Мұндай алапат күшке қарсы тұрып көр?!

Осы жайларды ой елегінен өткізген төраға ақынмен қоштасарда: – Жиі келіп тұрыңыз! – деді.

-Оспанжан, неге келмеймін келемін ғой, Еркелейтін елім қиналып жатқанда солармен бірге болмасам менің кім болғаным, – деді ақын да.

***

Соғыс жылдарында халықтың бар мүмкіндігі Коммунистік партияның төңірегіне тығыз топтасып, жауды қалайда тұншықтыруға жұмылдырылды. Партия қатары да еңбекте озат, белсенді колхозшылармен толыға түсті. Соғыстың екінші жылының өзінде партияға өткен аудандағы 62 адамның 26-сы әйел болды. Олардың ішінде «Жаңа жол», «Мәдениет», «Еңбек» колхозынан Сайыпжамал Мамырова, Мәйке Бахырамова, Хансеитова Жайдаркүлдер партия қатарына қабылданып, өзгелерге еңбек үлгісін көрсетті. Аудандық партия комитетінің Шура, Зияда есімді қызметкерлері қыз-келіншектермен сұхбаттасып, колхоздардың әр бригадасынан үш адамнан құралған бірнеше топ құруды жүзеге асырды. Оның біреуі топ басы болып есептелінді. Тапсырма орындалмаса топ басыға да, басқаға да еңбек күні жазылмайтын болып келісілді. Мұндай топты «Жаңа жол», «Мәдениет», «Еңбек» колхоздарынан Атақожаева Ұлдан, Мамырова Сайыпжамал, Хансейітова Жайдаркүл, Әбжаппарова Ұлмекен, Ұрләйлар басқарып, көпке үлгі көрсетті. Соның нәтижесінде шаруашылықтар мемлекетке астық тапсырудың жоспарын үнемі орындап отырды. Олардың бәрі де «Бір дән жауға атылған бір оқ», –  девизімен еңбек етті. Әдетте осы қиын да қарбалас кезеңдерде аудандағы мекемелердің жұмысшы-қызметкерлері де колхозшыларға өкіл болып та, жәрдемші болып та көмектесетін. Ал астық тапсырудың мемлекеттік жоспары орындалысымен, «Біздің жұмысымыз бітті» қалғанын өздерің жинап алыңдар, – дейді де жәрдемшілер де, өкілдер де тегіс қайтып кетеді екен. Жоспар орындалған сондай жылдардың бірінде «Жаңа жол» колхозында партия ұйымының хатшысы Жиентай Уәлиханов айтыпты деген әзіл сөз бүгінге дейін сақталған. Хатшының шашы сиректеу, тақыр бас, әзілқой, қу тілділеу адам болса керек, сол кісі қырмандағыларды жинап алып, бас киімін ортаға қойып, күздің құбылмалы екенін, белсене еңбек ету керектігін әңгімелей келіп:

-Ағайын, жұмыстың көбі кетіп азы қалды, өкілдің сауы кетіп тазы қалды, – депті. Бұл да қиын кезеңнен жеткен тарих болса керек.

Жасыратыны жоқ, соғыс жылдарында жасы келіп қалса да, қарттығына қарамай өңі тәуір келіншектерге қырындаушылар да болған. Оның қаншалықты жүзеге асқанын ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ көптің аузымен айтылып бүгінге дейін жеткен өлең жолдары талай-талай құпияларды аңғартады.

Екі көзі алақтап,

Үй қыдырып жалақтап.

Түніменен сандалды,

Өріске шықпай мал қалды.

Жесірлерге көз сүзіп,

Құдай ұрды шалдарды.

– Біздің ауылымызда, – дейді сол қиын кездерді көзімен көрген қарт ұстаз, кейін өз еркімен диқан болып, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі Ордендерімен марапатталған Есқожа Ысқақов: – Әзілқой жеңгелер мен ағалар көп болды. Солардың күлдіргі сөздері мен тапқыр уәждері көпшілікті күлкіге көміп, шаршағандарын ұмыттырып жіберетін. Бидай орылып, жиналып, қырман қызылданып жатқан күндердің бірінде колхоздағы шешен жігіт Умар: – Кір қоңымды жудырып, шашымды алдырып келейін, – деп бригадирден сұранады. Бригадир Ахметжан деген жасы келіп қалған кісі екен: – Екі-үш күн шыда, қырман көтерілсін, – деп рұқсат етпейді. Түннің бір уағына дейін бидай суырып қаптаған Умар таңертең төсегінен тұра қоймайды. – Түнімен ұйықтаған жоқ, аздап тынығып алсын, – деген бригадир түске жақындағанда қосқа келсе Умар әлі тұрмапты, көрпеге оранып алған. Тұр, – дейді бұл, бірақ онда үн жоқ. Тіпті болмаған соң жүгіріп барып бар пәрменімен көрпені тепкен бригадирдің жан дауысы шығып, отырып қалады.

Түн жарымына дейін бидай қаптаған Умар бригадирді қатырайын деген болу керек, нән кеспелтек ағашты орнына жатқызып, үстіне көрпе жабады да түн ортасында үш-төрт шақырымдай жердегі үйіне тартып отырады. Адам сияқты жатқызып, көрпе жауып кеткен кеспелтек ағашты аямай теуіп тобығын шығарып алған бригадирді қырмандағылар күлкіге айналдырған. Ол жөнінде ауыл ақыны Жиенқожа:

Өзіңше бір төбесің,

Түсте қосқа келесің.

Оянсын, – деп ұйқыдан,

Умарға сәлем бересің.

Қимылдамай ол жатыр,

Қымтап алып денесін,

Тұрмаған соң ашумен,

Жүгіріп барып тебесің,

Тепкенің ағаш екенін,

Сонда ғана көресің,

Сабырсыз болсаң басеке,

Ажалыңнан бұрын өлесің, – деген өлең жолдары ауызша тарап бүгінге дейін жеткен. Жиенқожа айтыпты деген әзіл өлеңдер де аз емес. Кетпенмен канал қазып жатқанда ақынға жақын жерден өтіп бара жатқан өзімен замандас келіншек: – Мына кісі кетпенге жалаңаштана тиісіпті ғой, – деген көрінеді. Сонда Жиенқожа әлгі келіншекке:

Мен өзім бұл каналдан күйіп жүрмін,

Тонымды шешіп әр жерге үйіп жүрмін.

Қатар жүрген өкшелес замандасым,

Өздеріңдей бибіні сүйіп жүрмін, – деп өлеңдетіпті.

Оған келіншек те:

Не болды? Сайтан сені өктеді ме?

Бұл жерден кінә бар ма өткеніме?

Тоныңды босқа шешіп әуреленбей,

Алдымен ие болсай кетпеніңе, – деп өлеңмен жауап қайтарады.

Жиенқожа мен келіншек бірінен кейін бірі әзілмен жауаптасады. Кетпеншілер тегіс жиналып кешке дейін қызықтайды. Екеуінің ұзақ айтысынан осы үзінді ғана сақталған. Келіншектің есімі де белгісіз. Оны көпшілік «Ақын келіншек», – деп есімін де естерінде сақтамаған.

Жиентай деген құрдасы үйіндегі әйелінің үстіне әйел әкеле жатыр дегенді естіп, Жиенқожа алдынан шығады да сәлемдескен соң:

Үш жүгіріп, бір шықтым қыр басына,

Алма мойын ақсұңқар тұр қасыңда.

Екі қатын жүрген жер дау болады,

Біреуі жетеді ғой бір басыңа.

Жек көргеніңді берсейші бір досыңа, – депті:

Председатель Жақыптың сарбаласы,

Сайыпжамал ауылымның аруанасы.

Тоң кесекке жабысқан кесірткедей,

Әбдінәби Құдайдың кәрі баласы,  – деген, өлең жолдары да сақталған. Бұл өлеңдегі аталған есімдер Жиенқожаның өзінің замандастары. Әр қайсысының өз тарихы бар. Хат-хабар уақытылы келмейтін, радиосы жоқ ауылда ауызша айтылып, көпті қызықты күлкіге бөлеген мұндай әзілдер өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарында едәуір дамыған секілді. Бірақ қағазға түспегендіктен бәрі ұмытылған.

… 1943 жылдың күзінен бастап совет жауынгерлерінің мерейі үстем болып, барлық майданда фашистік Армияның бас сауғалауы көбейді. Тылдағылар үшін бұл үлкен жетістік еді. Жаудың бір қаладан соң бір қаланы тастап шегінгені баспасөз бен радио арқылы бүкіл елге жеткізіліп жатты. Соған орай жер-жердегі үгітшілер мен өкілдер бүкіл халықты зұлым жауды өз ұясында талқандау үшін әрбір күнді еселі еңбекпен шығарып салуға үндеді. Бұған Жаңақорғандықтар да құлшына кірісті. Жауынгерлерді ет, сүт, нанмен, жылы киімдермен қамтамасыз ету одан әрі кеңінен өріс алды. Солардың ішінде ерекше есте қалғаны ауданның Сунақата каналын қазуды жоспарлағаны болды. Бұл шаруашылық пен түрлі кәсіп орындардың қажетті астығын шешудің тиімді жолы еді. Сондықтан да канал құрылысын 1944 жылдың он бесінші қазанынан бастап үш айдың ішінде, он бесінші қаңтарда аяқтауды жоспарлаған. Оған аудандағы жиырма үш колхоз бен «Горняк» қосалқы шаруашылығын қоса есептегенде бір мың бес жүздей адам қатыспақ. Бәріне жатын орын тамағымен бөлінген. Үш жерден арнайы штаб құрылып, жалпы басшылық Зұлпыхар Мұсахановқа тапсырылады. Күн суық, жұмыс барынша ауыр жағдайда жүргізіледі. Өйткені каналдың ұзындығы 25 километр, табан ені алты метр болатын. Мұның өзі төрт жүз елу мың текшеметр топырақ деген сөз. Жер қазатын техника аз. Негізінен барлығы қолмен атқарылады. Ал тәртіп тіптен қатал. Нормасын орындағандар да, орындамағандар да он күн сайын аудандық «Екпінді» газетінде жарияланып отырылады. Оның үстіне әр штабтың өз қабырға газеті болған. Мұны аудандық газеттің қызметкері жас журналист Тұрсынбай Ахметов басқарыпты.

Канал қазушылардың барлығы қыстың көзі қырауда елуден аса киіз үйде жатып, үш ай бойы жұмыс істеді, олар үшін күндіз-түні медпункт, шаштараз, дүкендер, аяқ киім тігетін орындар ұйымдастарылды. – Сондағы қыз-келіншектердің ерлігіне қайран қаласың, – дейді канал қазушылардың басы-қасында болған Тұрсынбай Ахметов. – Күнімен кетпен шауып, түнімен майданнан келген хаттарды оқып, іштегі мұң-шерлерін әнмен тарқатқан қыз-келіншектер ертеңіне түк болмағандай канал қазуға аттанып бара жатады. Халқымыз: – үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді, –  дейді. Сол негізінде рас-ау, басқа түскен барлық ауырлықтарды арқалап жүріп күндік нормаларын артығымен орындайтынын қайтерсің. Ал, Жаңа жолдық Ибаұлы  Әбдікерім ақсақалдың еңбегі тіптен бөлек-тін, оның салмағы үш килограммдай келетін үлкен кетпенімен атқан топырағы келесі бетке бұрқылдап түсіп жататын. Өзгелердің лақтырған топырағын бір, не екі адам өтелектейтін. Әбдікерім ақсақалдың өзінің айтуы бойынша, 1938 жылы бүкіл облыс болып қолға алған Шиелі каналының жұмысына да қатысыпты. Мұнда да үнемі жүлделі орындарға ие болған. Ұңғысында «1938 жыл» деген жазуы бар нән кетпен комиссия мүшелерінің ұйғарымымен сыйлық ретінде сонда беріліпті. Көп жыл бойы жан серігіне айналған сол қасиетті кетпенмен Сунақата каналының жұмысын да елмен бірге аяқтап шықты. Қазір ұңғысында «1938 жыл»  деген жазуы бар нән кетпен талай тауқыметті жылдардың куәсіндей болып, Әбдікерім ақсақалдың ұрпақтарының қолында киелі зат ретінде сақтаулы тұр.

***

Ауданның барлық күші, мүмкіндігі тиімділікпен жұмылдырылған Төменарық станциясының түстік тұсынан бастау алған Сунақата каналының жұмысы белгіленген мерзімде аяқталып, оның ұзына бойына «Жаңарық» «Елтай», «Екпінді», «Еңбек», «Жаңа жол», «Тақыркөл», «Мәдениет», «Политотдел», «Красная Звезда», «Қандарал» колхоздары мен «Горняк» қосалқы шаруашылығының күріші мен жүгерісі орналастырылып, тың жерден сол жылдың күзінде мол өнім алды. «Екпінді», «Елтай» колхозының төрағасы Бекжұман Сәрсенбаев, Өскенбай Өткелбаевтар: – Соғыс жеңіспен аяқталды, қырмандарда астық тау-тау болып үйіліп жатты. Төменарық астық қабылдау пунктінің директоры Рахманберді Бимұратовқа қайта-қайта барып көлікпен, арбамен әкелген күрішімізді өткізуге сағаттап кешігетінбіз, – дейтін әңгімелесе қалсаңыз.

Тер төксең өнімінің де мол болатынын біле бастаған колхоз диқандарының көкейіне ата қонысы, – Өзгент даласы, Құмиянға дейінгі аймақты игерсек деген арман ұялай бастайды. Тәжірибелі ақсақалдар аудандық су шаруашылығы мекемесіне тыным бермейтін болды. Бұл мәселе ақырында Б.Мергенбаев басқарған аудандық партия комитеті бюросының алдына қойылды. Жұмыс қолы жетіспейді, техника аз, жағдайды сараптаған бірінші хатшы мамандармен келісе отырып «Жаңа жол», «Еңбек», «Жаңарық», «Мәдениет», «Политотдел» колхоздарының төрағаларымен кеңесті. Колхоз басшыларының бәрі де канал сағасын неғұрлым жоғарыдан алмаса болмайтынын нақты мысалдармен дәлелдеді. Бұл пікірді білікті су маманы, тәжірибесі мол Жолдыбайдың Ысқағы да қуаттап, «Көктас» каналын қазуға келісілді. Ол 1946 жылғы күзде басталды. Жоба бойынша канал суы  Өзгент, Қойлақы көлдеріне құйып, одан әрі егістік алқаптарға жетуі керек. Бұған да аудан колхоздары тегіс қатысты.  Жиырма километрге жететін канал жұмысы келер күзде аяқталды. 1950 жылы «Жаңа жол», «Еңбек», «Мәдениет» қосылып ірілендіріп «Октябрь» колхозы атанды да, оған төраға болып Төлеген Әлжанов сайланды.

Отызыншы жылдары ауданға оңтүстік облыстар мен Жызақ өлкесінен төрт түліктің түрлері әкелінген болатын. Содан үш колхозға мыңға жуық қой-ешкі, ондаған ірі қара мен жылқы бөлінген. Сол малдар Төменарық аймағына көшірілгенде, Қызылқұмның бергі етегіндегі жайылымдарда қалған болатын. Колхоздар іріленгенде қой-ешкі он мыңдай басқа, ірі қара мен жылқы 1500 басқа жеткізілгені мәлім болды. Ал канал құрылысы біткен соң көлдерден арық алынып, колхоз алғашқы жылдың өзінде күріш, жүгері, бидай егіп, оның әр гектарынан мол өнімдер жинады. Мемлекетке астық, ет, сүт, жүн тапсырудың көлемі арта түсіп, «Октябрь» колхозы ауданда іргелі шаруашылыққа айнала бастады. Ата қонысқа келіп қайта шаңырақ  көтерген шаруашылықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, экономикасының көтерілуіне лайықты үлес қосқан Төлеген Әлжанов, Оспан Аққұлов, Зәкір Бейбітов, Әнуәр Жақыпов, Жиентай Уәлиханов, Әбілқасым Асқаров, Оразбек Қашқынов, Төлеген Әбдікәрімовтың есімдері бүгінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталып қалған. Олардың ұрпақтары туған топырағында ата-бабалары бастаған жұмысты қазірге дейін жалғастырып келеді.

“Құтты қоныс Қожакент” кітабынан үзінді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑