banner-top12

Ислам тағылымы no image

Қосқан уақыты Қыркүйек 30, 2014 | 678 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АЛЛА ТАҒАЛАНЫ тану туралы

 

Ей, перзентiм, бiлгенiң жақсы, Алла Тағаланың бiрлiгiн тану жайлы бiрнеше сөздi саған бұрын да айтқанмын. Бiрiншiден, Алланың бiрлiгiн, барлығын мойындауға ықылас-сенiмiң берiк болсын. Өйткенi көп адамдар оны мойындамау салдарынан көңiлi қараңғыланып азғындайды. Ал көңiлi пәк таза жандар адаспайды.
Ей, перзентiм, бiлiп алғын, Алла Тағаланың барлығы зайырда, жасырында. Оны жердегi, көктегi бар заттардың қадiр-қасиетiнен ажырата бiлу арқылы ақылмен таниды. Алайда Алла Тағаланың ұлылығы мен қасиетiн көрiнген затқа теңеуге болмайды. Алла Тағаланы танығың келсе, алдымен өзiңдi-өзiң таны. Өз хал-қадiрiңнен хабарың болсын. Алдымен, әрбiр жан өзiн өзi тани бiлсе, Алла Тағаланы да таниды. Бұл айтылған сөздiң төркiнi сен бiлмейтiн жерде ол – бiлгiш, сен – бiр өрнек болсаң, ол – өрнекшi. Сен сурет болсаң, ол – суретшi. Ендi өз өрнегiңнiң тарихына талдау жасап, жаратушының шеберлiгi жайлы ойлан. Байқасаң, өрнектi қабылдамайтын затта өрнек болмайды. Мысал ретiнде тасқа балауызбен өрнек салуға болмайтынын айтуға болады. Ал бiрақ балауыз өрнектi оңай қабылдайды. Таста қандай өрнек болса, оны балауызға түсiру оңай. Бiр падиша хаттағы балауызға мөр басса, оны падишаның мөрi дейдi.

Ей, перзентiм, бiлiп алғын, адам менен хайуанның парқы балауыз бен тас сияқты. Алла Тағаланың құдiрет күшi шеберлiгiмен болған өрнектi адамның жаратылысындағы кемел өрнектен байқауға болады. Сондықтан да әрбiр адам ол өрнектi көре бiлiп, жақсылап ойлануы қажет. Өрнектiң түзiлу кереметiне таңдануға болады, күмәнданып күдiк келтiруге болмайды. Ойлы көзбен көре бiлу шарт.

Сақ болғын, қу-зымияндардың айла-шарғысына иланып, айтқандарын жан дүниеңмен ұйып тыңдап, азғындық жолына түсiп кетушi болма. Сенi олар бейтарап жандар қатарында деп ойламасын. Өйткенi бейтараптықты жақтайтын солқылдақ жандар замананың зәйiлiне қарай бейiмделгiш келедi. Олардың ой-пiкiрiн қате деп түсiнгiн. Мәселенiң шындығына жүгiнсек, замана – өзгерiп тұратын құбылыс. Аңдасаң әрбiр нәрсенiң келумен басталып, кетумен аяқталатыны белгiлi. Бұл заңдылықты көңiлi қараңғы адамдар түсiнбейдi.

Ей, перзентiм, дүниеде өмiр барда заман да бар, бұл дүние мәңгiлiк емес екенiн түсiнiп, қапы қалмау керек. Алла Тағаланың барлығын ойлағаның абзал, ал оның заты, тегi, жаратылысы қандай екен деп әуреленбе. Олай ету азғындықтың нышаны болмақ. Бұл жөнiнде Әзiретi Расулаллаһ (с.ғ.с.) өзiнiң үмбеттерiне «Алла Тағаланың жаратушы жақсылығы жайлы ой жiберiп, оның заттық тегi қандай деп ойланбаңыз» дегенi жеткiлiктi.

Ей, перзентiм, жақсылап бiлгенiң жөн. Бiздiң жаратылысымыз бен санамыз Алла Тағаланың нақты сипаты мен тегi-затын суреттеуге шамасы келмейдi. Ендi Алла Тағаланың ұлы тұлғасын көзiммен көрдiм деме, тек өз хал-қадiрiмше көңiлмен ойлап бiлдiм дегiн. Сен ол жұмбақтың шешуiн тапқың келгенiмен, шешуге болмайтын қиын жұмбақ екенiн түсiн. Сенiң дүниеде мәңгi бақи қалмай, оның мәңгiлiк қалуы ақиқат.

Дүниедегi басқа заттарды да өз өрнегiң сияқты танып түсiне бiл. Дүниеге келмектегi мақсат – Алланың жеке-дара екендiгiн тану, тек Алла Тағала ғана жалғыз, басқаның бәрi жұп-жұбымен егiз жаралған. Мәселен, тән мен жан егiз, алыс пен жақын, жиырылу-тарқалу, түс-тұлға – асыл тектiлiк сияқтылардың бәрi жұптылықтың белгiлерi. Тек бiр Алла Тағалаға жалғыздық жарасады. Демек, Алла Тағалаға теңдес еш нәрсе жоқ екенiн жақсылап түйiп алғын.

(«Қабуснама» кiтабынан)




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑