banner-top12

Шетелдегі қазақ диаспорасы no image

Қосқан уақыты Қараша 14, 2013 | 1  103 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АЛМАСТЫ КЕПІРЕШ ДЕП ТАТЫП АЛДЫМ…

Сапарнама

                               Әсет Найманбай ұлының  басына туған жерінің топырағы бұйырды

Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған   шағын экспедиция Құлжа шаһарына  3 шілдеде  жетті. Экспедиция мүшелері  –  Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары, қазақтың белгілі ақыны  Ғалым Жайлыбай, Астана қаласы Алматы аудандық сотының төрағасы, Әсет ақынның тікелей ұрпақтарының бірі Бақытбек Қапаш ұлы  Сыздықов  және  осы сапарнаманың авторы мен. Төртінші кісі қазақтың көрнекті ақыны Серік Ақсұңқар ұлы болуға тиіс еді, дәм тартпады ма, әйтеуір Қытай консулдығынан құжаттары бітпей қалып қойды.

Биліктен маза қашып, соғыс дайындығында  отырғандай  сүркейлі кезеңге тап келдік. Көшелердің көбі жабық, сауда орындары жұмыстарын тоқтатқан, сап-сарыала киінген әскер, тізіліп тұрған  танктер. Осының алдында бір топ  террористер жиырма шақты адамды өлтіріп кетіпті дегенді ғаламтордан оқып  едік, солардың он бесі қашып жүріпті, көше бойы солардың  суреті. Анау жылдары шілденің бесінде ұйғырлардың бір дүрк көтеріліп, қанды қасап жасағаны бар-ды, содан бері жыл сайын осы мезгілде сақтық шаралары өтіп тұрады екен. Оның үстіне ұстатпай жүргендері анау, қалайда бойыңды үрей билейтіні жасырын емес.

Алматыдағы Кеңсай зиратынан топырақ бұйырған Жүмәділ Маман деген ақын ағамыздың үйіне барып, құран оқып шықтық. Жүкеңнің жары, Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі әртісі /біздегі Халық әртісімен тең/, бұлбұл көмей әнші Күлмән апа Шүленбай қызы  Жүкеңнің шаңырағын күзетіп отырғанын айтып, бір жылап алды. Әсет Найманбай ұлының  еңбектерін жинап, өмір-тарихын бір кісідей зерттеген адамның бірі осы Жүмәділ  марқұм болатын, бисмилланы бұл шаңырақтан бастауымыздың себебі  сол. Кешкі дастарқанды Жүкеңнің ұлы Шалқар өзінің жеке мейрамханасында жайды. Әкесінің көзін көрген дос-жарандары мен інілерінің бір шоғырын жинады. Бәрінен де жасы үлкен ақын атамыз Мәди  Әбдірахмановтың әңгімесіне тәнті болдық. 1956-жылы Сәбит Мұқанов келгенде қасында бірге жүргенін тамсана айтты, Қасым Аманжоловтың жырларын жатқа оқыды, Марфуға Айтхожина апамызың хәлін сұрап, «сол қыздың өзін өте  жақсы көремін» деп әзілге бұрды. Қазақтың дархан көңілі көшеде көргендерімізді ұмыттырып, мәре-сәре күй кештік. Ертесі «Көкқамырға»  аттанар болдық.

Жайлы көліктің алдыңғы орындығында Ғалекең. Сабырлы мінезімен жан-жағын  асықпай шолып келеді. «Еренқабырғаны» жондап, тас жолмен  зар желіп келеміз. Осы жолмен, мүмкін онда сүрлеу болар, Сәбеңнің  кетіп бара жатқаны көз алдыма елестеді. Сәбеңнің астындағы атының белі қайысып, қолтығын жаза алмай, тасырқап барады. Сәбең болса әңгіменің тиегін ағытып, кеңк-кеңк күліп барады. Ішінде Мәдиі бар, жас-кәрі Сәбеңнің әңгімесіне құмартып, айналып-үйіріліп келеді, таусылып бітпейтін әңгіме, қыран-топан күлкі… Арада 57 өткенде біздің Сәбең – Ғалекең келеді топ бастап. Айырмасы: бірі атпен, бірі жүрдек көлікпен. Бірі жазушы,бірі ақын. Бұл жолы ортамызда сот бар, онсыз сапардың сәні жоқ. Атамыздың басына туған жерінен топырақ арқалап келе жатқан сотты басқаға қалай айырбастарсың?! Арғын атадан тараған Қаракесек, оның ішінде Қарашоры, одан Қожамберлісі, бір сөзге жинақтасақ, Әсекеңнің тұқымы, Әсеттің жоқтаушысы. Бұған дейін де Әсекеңнің 140,145 жылдығын атап өтуге мұрындық болған үлкен азамат.

Басқа әлем, басқа дүниеге келе жатқанымызды бізден өзге ешкім бағамдай алған  жоқ. Биік жотаға шығып, төңірегімізді түгендедік. Сай-сайда жыпырлаған үй, алыста тіпті қаланың көлеміндей үлкен ауылдар қарауытады. Бәрі де су жаңа, осы бертінде түскені байқалады. Сексен шақырымдық тау жолында сегіз рет тоқтатқан шығар, бізді бастап жүрген табиғатты қорғау инспекторы Әбілтайдың арқасында кідіріссіз келеміз. Бәрі де  оны жазбай  таниды, басқа біреу болса жіберер түрлері жоқ, тәртіп қатаң.

«Көкқамыр»  жайлауы  «мен мұндалап» созылып жатыр. Қадыр ақын жырлаған «жасыл жайлау – түкті кілем, көк  кілемнің» өзі.  «Тура асудың» етегіндеміз. Баяғыда, 1883-жылдары шамасында, Найманның Матайынан тарайтын  Қызай елінің тәйжісі Құдайменде, билері Қуаныш, Боқаш бастаған жиырма шақты рубасылары ішінде 3 мың түтін Іле өңіріне қоныс аударатыны бар.Тарбағатайдан /Бұратала/ шыққан  көш үш бағытпен Ілені бетке алады: Күнестің басы «Қызылаша»; Нылқының тұсы «Көкқамыр»; Іленің тұсы  «Талқы» кезеңі. Сондағы Қуаныш, Сасан бастағандардың көші  асып келіп, бір болыс елге айналатын  «Тура асу» деген жері осы.

Бір қызығы – жайлау иен, жолдың екі жиегін  тікенек сыммен қоршаған, «жерді тынықтырамыз» деген себеп бар. Қыл қысқасы, Үкімет малшыларға  тегін үй салып беріп, жайлауыңды босат дегенге келіпті. Елі  жоқ, малы  жоқ, ақшаңқан үйі жоқ жайлаудың сәні сән бе?! «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғанының» кері. Төменде, «Сатбай»  бұлағының бойында бытырай  қонған киіз үйлерден  өзге елді көрмедік. Саяхатшыларға арналған шап-шағын  ауыл бұл.

Қызыласықтан келетін көк шалғында отырмыз. Оңтүстігімізде «Бескеліншек», «атамыздың бес келіншегі боп жүрмесін» дейміз әзілдеп. Неге, неден қойылған жер аты екенін дәп басып біле алмадық. Баяғыда  осы «Көкқамырда»  мына жатқан «Тура асудың»  етегінде Мейірман Ермектасов деген оқымыстыны алдырып, Жабықбай деген ақалақшы  мектеп ашып,бала оқыттырыпты. 1903-жылдан бастап Іле өңірінде мектеп ашыла бастағанын ескерсек, мұндағы мектептің іргесі шамамен отызыншы жылдары қаланған  болуы керек. Одан да бұрын дәл осы «Тура асуда»  алаш зиялыларының бір тобы бас қосыпты. «Қазақ» газетін насихаттап келсе керек, осындағы көзі ашық, көкірегі ояу Сасан Киікбай ұлы бастаған бес адам  жабылып газетке 600 сом қаржы жинап беріпті. Бұл дегеніңіз  елу-алпыс  мың қойдың құнымен тең қаражат көрінеді. Ал енді Шәуешекте Әсет ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсековтардың бас қосатыны бар, ол – 1918-жылдың көкек айы. Әсетті ол жиынға ән салдырту үшін шақыртады, осы топырақта жүрген кезі. «Ән салып беріңіз» десе аздап кергіпті, домбырасының жоқтығын айтып, тамағының ауыратынын желеу етіпті. Соңынан бәрібір ән салыпты дауылпаз әнші. Кейін мұның  себебін сұрағандарға: «әлгі отырған Ахаң бастатқандардың әр қайсысы шетінен тұңғиық теңіз, мен болсам ағыны қатты тасбұлақ қанамын ғой» деп кішілікпен жауап беріпті. Бұл күнгі басылымдарға беріліп жүрген Әсекеңнің суреті сол жолғы бас қосуда түсірілген суреттен алынып жүр. Мұхаметжан Әбдүлкәрім ұлы Юсүпов деген өзбектің түсірген суреті. Мұхаметжан Шәуешектегі кеңес одағының консулдығында шабарман болып жұмыс істепті. Бүкіл бір аймақтағы жалғыз фотограф, жалғыз болғанда да әуесқой фотограф болса да, осы кісіні жиынға  аттай қалап шақыртыпты.Мұхаметжан фотограф  түсірген  суретінің  бүгінгі күні тарихи құжатқа айналарын сол сәтте сезінбеген  болар. Сезсе де өз есімінің аңыз боп айтыларын болжамаған болар. Біздің сапарымыз бөлек, айтпағымыз да басқа. Мұндағы елдің санасын оятып, алашшылдыққа насихаттаған ұлт зиялыларының ерлікке барабар істері әлі беймәлім күйде келеді. Заман тыныш, екі ел татуда, бүгінгі Алаштанушылардың «Көкқамырда» – «Тура асудың» етегінде Шәуешектегідей бір  бас қосатын күн  туса игі еді деген ой  біздікі…

Манадан бері молланы күтіп отырыппыз. Қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді молланың қасында екі жігіт, біреуі баласымен ілесіп жүрген соң екі көлікке сығылысып отырдық. Біздің көлікке отырған жеті-сегіз жастағы баланы сөзге тарттық қызықтап:

-Атың кім?

– Атым – Ринат.

– Әсет атаңның өлеңін білесің бе?

– Білем .

– Айтшы.

Үйінде Ғаппаридың жатып алдым,

Алмасты кепіреш деп татып алдым.

Ажалды құдай маған бергені жоқ,

Құлжадан  бес теңгеге сатып алдым…

–         Өркенің өссін! Жағың түскенше жамандық көрме! – деп ақ  батамызды беріп жатырмыз. «Осы кепіреш дегені не екен?» деген ой ендігі жерде миымнан бір шықпай қойды.

Сәл құлдилап барып  «Жалғыз қарағайдағы»  «Тасжота»  қорымына жетіп тоқтадық. Ертеректе Әсет атаның басында мәуелі жалғыз қарағай болыпты. Қытайдағы «Мәдени төңкеріс» деген атышулы науқанда шолақ белсенділер әлгі қарағайды түп  тамырымен отап тастапты. Кейінгі  жұрт сол қарағайдың орнына  әр жыл сайын  жаңасын отырғызады, қызығы қарағай қурап-солып  көктемейді. Ғайыптан пайда  болған мұндай құдіретке амалдары таусылған ел қарағай отырғызуды мүлдем доғарады. Алайда бұл жер баяғысынша «Жалғыз қарағай» аталып қала береді. Жердің ежелгі аты –  «Ұланбура», яғни  «Талды»  деседі жергілікті тұрғындар, оған  біздің не бәсіміз болсын, үнсіз келістік.

Беткейде ақшағаладай шаңқиып Әсет бабамыздың қабірі тұр. «Көкқамырдың»  сай-саласына асқақтықпен, өрлікпен қарап баба жатыр. Осы өңірдегі тәж-махалға айырбастағысыз жалғыз мола, мәрмәрдан қапталмаса да, күміспен күптемесе де  көзге ұрып тұрған бірден-бір қасиетті қағба. Іргетасында: «2005-жылы  8-айдың 19-күні» деп жазылыпты. Моланың үшінші рет жаңғыртылған күні  екенін  айтпаса да аңғарып тұрмыз. Осы соңғы жолғысын Ш Ұ А Р – дың екінші хатшысы  болған Асхат Керімбай деген үлкен жүректі азамат өзі бас болып жасатыпты. Асхаттың әкелері Әсетпен үзеңгілес жолдас болыпты, әке достығын сыйлап, перзенттік парыз деп білген Асекең елағасы болған бір тұста атамыздың басын өстіп әспеттеп, аппақ нұрдан қалағандай етіп жаңғыртыпты. Алла разы болсын айтыстық Асекеңе. Ұлы жазушы  Сәбит Мұқанов мұнда келгенінде басында ағаш тақтаға аты-жөні пышақпен ойып  жазылған жәй ғана мола болғанын сапарластары айтып еді. Мынау төбесі көк тіреген зәулім зират  бетіне бүй деп жазыпты:

Әйгілі ақын,әнші, композитор Әсет Найманбаев

1867 – 1923

Қабірдің алдында тізе басып отыра бергенімізде, молдекең құран оқи жөнелді. Құлақ құранда болғанымен, қиял шіркін сан-саққа кетіп жатты. Менің миымнан әлгінде Ринат айтқан өлеңдегі  «кепіреш» деген сөз  кетер емес. Дұға қайырып, бет сипап қозғала бергенде Ринат шықты суырылып: «мен де бір аят оқып жіберейін» деп. «Оқы, айналайын». Оқыды, балаң үнмен мақамдап, жатық оқыды. Алланың нұры жаусын сендей сәбиге!

Ат арытып алыстан келгендегі бұйымтайымыздың ең әсерлі сәті келіп жетті-ау деймін. Жиналған жұртқа жолаушылардың кімнің кім екені  таныстырылды. Бақытбектің Әсет атаның кіндіктес  ұрпағы екендігі айтылды, мың да бірін айт Әсеттің туған, кіндік қаны тамған жерінен бір уыс топырақ әкелгенімізді жеткіздік.

Бақытбек Қызыларайдан әкелген топырақтың орауын жазып:

–         Ата-ау,- деді  дауысы құмығып, – ұрпағың іздеп кеп тұр міне, туған жеріңнің топырағын ала келдік, басыңа жастанып жатарсың… – дегенінде түгел еңіредік. Бақытбек топырақ сеуіп жүр, ебіл-дебіл боздап жүр. Ғалекең тұр өксіп, ауыр денесі солқ-солқ етеді, бейне қабырдың астындағы қара жер қозғалып жатқан секілді… «Жалғыз қарағай» деген поэмасынан үзінді оқып тұрған секілді:

…Ұраны – Қаракесек,

Қарашордан,

Бұл күнде Қарашордың баласы орман.

Әсеттің әндеріндей арындаған

Кезі жоқ ұрпағының аласарған…

 

Ақынның ары болған асыл әні,

Жапырағы сол ағаштың жасыл әлі.

Іленің толқынына күнде ілесіп,

Бір толқын Балқаш көлге асығады…

Жарықтық Сәбең де  осы моланың қасында  мол денесін меңгере алмай  солқылдап  тұрып  жылады ма екен, кім білсін.Тау асып, тас басып Әсеттің басын әдейілеп  іздеп келуі тегіннен тегін емес екенін тек іштей сеземіз. Үлкен-кіші, кәрі-жас бордай езіледі.

Жаратқан құлда жазық жоқ, жаратушы Аллаға мың шүкір! Туған жердің топырағынан ыстық, топырағынан қымбат не бар бұл фаниде?! Қызыларайдың  топырағы Көкқамырда жатқан Әсет бабаға  өзі өмірден өткеннен кейін 90 жылдан соң ақыры  бұйырды. Жарықтық бір аунап түскен болар,тікелей ұрпағының басында тұрғанын сезген шығар, ұлы тұлғаның рухы бәрін де сезеді ғой:

«Жігіттер, амал бар ма бұл ажалға,

Үйге де жете алмадым құлағанда.

Үш жүзге аты мәшһүр қайран Әсет,

Қалдың-ау Ұланбура деген жайда.» деген баба үнін біз де анық естіп тұрдық. Құлаққа бір зарлы жоқтау үздігіп жетті, Әсет атаның мәңгілік жары Тәтежан анамыздың таныс дауысы ғой бұл:

…Қара бір салдым басыма,

Қайғырдым асыл тасыма.

Ажалдың оғы кез болды-ау

Елу алты жасында.

Бағланым сенен айырылып

Қор болған жерім осы ма?!

 

Қасиетті манабым,

Сіздей ешкім табылмас.

Қайғының қалың көрпесін

Мендей ешкім жамылмас.

 

Алатау едім сай болдым,

Арғымақ едім тай болдым.

Алшаңдатқан бұлбұлым,

Бір күніңе зар болдым.

 

Айтайын жұртым зарымды,

Көңілімдегі барымды.

Аманат қойдым Аллаға,

Сүйенген қара нарымды.

Ә деп аузымды ашайын,

Қайғының отын шашайын.

Жылады деп сөкпе жұрт,

Аңырап мауқым басайын!…

Бұл – жоқтаудың бір парасы. Анығында  анамыздың 1958-жылы /ол кісі 1897-жылы туған/ дүниеден қайтқанша қаншама жоқтау айтқанын бір Құдай  ғана біледі. Жалғыз қыздары Сәмегейдің /Шәмшәбәну/ де жоқтауы құлақ түбінен естіліп жатты:

…Қызыл гүл ұшпай тұрар ма

Қазанның қатты желінен.

Қайран елі айырылды,

Қамал бұзған ерінен.

…Елдегі сорлы біз болдық,

Айырылған сондай бегінен.

Алшаңдап өскен басым-ай,

Әкешімнің демімен.

Екіде жетім жас қалды- ау,

Бақытының кемінен.

Ағайын, туған, ғибрат ал,

Біз мұңлықтың сөзінен…

 

Төңіректің бәрі қорым. Жайдақ топырақты малта таспен айналдыра бастырған белгісіз бейттер. Ағаш тақтаға аты-жөні жазылып, қозы-лақ  қамайтын албар сияқты қоршалған төрт-бес бейіт оқшау тұр, осы өңірдің белгілі кісілері болған-ау деп түйдік. Алыс-жақыннан жаяу-жалпылы бір қауым ел жиналып қалды. Көрісіп-қауышып жатырмыз. «Осында жатқан кісіні білесіздер ме?» деп сұраймыз. Ойбай-ау қалай білмесін! «Әулие кісі ғой жарықтық, жұма сайын әдейілеп келіп басына білген құранымызды оқып кетеміз, иманы саламат болсын!» деп жамырасып тұр. Міне, жұрттың құрметі, Әсеттің тікелей  ұрпағы жоқ мұнда, жоқтаушысы жоқ деген күдік ай далада қалды. Бақсақ, осы тұрғанның бәрін Әсеттің әулетіне жатқызуға болады екен-ау, бұ кісілерді ана тұрған Бақытбектен бір кем көруге бола ма құдай-ау деген байламға бекідік.

Жер тізерлей отырып тағы да аят оқыдық. Қойға бата жасап, дәл осы жерде бауыздадық. Бақытбек бабасының қабірінен бір уыс топырақ қазып алды.

«Сатбай»  бұлағы деп аталғанымен арнасы үлкен, ағысы жүрдек кішілеу тау өзені екен. Бұлақ бойында қаз-қатар тізілген киіз үйдің біріне келіп жайғастық. Отағасы – әлгіндегі Ринатымыздың әкесі үйінде қариясы сырқаттанып жатқанын айтып еді,сәлем беріп, көңілін сұрап шықтық. Шәй құйып отырған отанасы Нәзира ашық-жарқын, өжет әйел екен. Қайынатасының сырқаттанып қалып, сегіз келінінің қолына бармай, өз отауына келгенін мақтанышпен айтып отырды. Қанша айтқанмен қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, сұраса келгенде өзімізге белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетханның қарындасы болып шықты. Бұлардың арғы тегі атақты Шілбі Көбек ұлы. Күнесте тұратын Шілбі ақын Әсетке өлеңмен хат жазып кездескісі келетінін айтады. Бұл – 1919-жылдың іші, арада үш-төрт жыл салып  жолыға алмай жүргенде Әсекең дүниеден озады. Сонда  Шілбінің Әсеттің қабірінің басында былай жоқтайтыны бар:

Дидарыңды көруге

Алла нәсіп қылмады.

Азғана берген өмірге

Бұл фәни қарап тұрмады.

Дәм тартпады келуге,

Жібермей Күнес шырмады.

Болмайды жалған сенуге,

Тоқтамай өмір зырлады.

Топырағың  торқа, иманың

Қойныңда болсын ғашығың.

Көрсем деп аңсап келгенде,

Көре алмай сені жасыдым…

Манағы атап сойған малымыздың етіне тәтті-дәмімізді  қосып, үй-үйге таратып бердік, қарияларына батажасар  ырымын жасадық. Әсет атасының бір шумақ өлеңін айтқаны үшін осы отаудың сүт кенжесі Ринат әлдеқашан «шала байып» алған. Біздің де көңіліміз тоғайған, иықтан ауыр жүк түскен. Ертесі Ғалекеңнің де, Бақытбектің де ұйқысы қанып, қунап  тұрды.

Ғаппаридың жұртын – Әсеттің көз жұмған жерін көре  кетіңіздер деп жол бастады жігіттер. Әрине, көре кетеміз. Әсекеңнің кепіреш ішетін жері осы жота, Ғаппаридың үйі. Ғаппаридың азан шақырып қойған аты – Ғабдұлбари екен де, қазақтар Ғаппари атап кетіпті. Ұлты татар, елге сыйлы, үлкен қажы, тақуа кісі болыпты.1858-жылы Лепсі деген жерде туып,1939-жылы намаз оқып отырып Алланың ақ өлімімен дүние салыпты. Жұрттың Ғаппариды Әсетке қастандық жасады деп өсектейтіні бекер екен, Әсетпен сонау Семейде танысып,1914-жылдар  кезінде осында келіп, тіпті де араласып-сыйласып кетіпті. Оның үстіне Ғаппаридың Әбілахат дейтін ұлы Әсекеңнің сүйікті  шәкірттерінің бірі болыпты.

Әбілахат, осы аурудан өлем білем,

Қойнына қара жердің енем білем.

Кеудемнен қоңырала үйрек ұшты,

Байқасам кәрі жолдас – өлең білем, – деген өлеңдегі Әбілахатыңыз  осы. Ендігі жерде ондай ғайбатқа жол бермеу керек! Қастандық емес, ажалға не себеп болды дегенге келер болсақ, оқиға былай өрбиді: Әсекең қайтыс боларынан бірер күн бұрын бір тойда Ғаппариға жолығып қалады да, ауырып тұрғандығын айтыпты. Сонда Ғаппари қажы әзілдеп: «сен бүйтіп қаңғырып жүріп қалың Қызайдың  ішінде арам  өлгенше, біздің үйге барып өлсеңші» депті. Әсет содан Ғаппаридың үйіне тартады. «Үйінде Ғапаридың жатып алатыны» осыдан. Әсекеңнің келгенін естіген жұрт  ән салуға қолқалайды, Әсекең ән саларда  тамағын мүсәтірмен шайып жүреді екен, бұл жолы тамағына суық қатты тигендіктен, Әбілахатқа мүсәтір табуды бұйырады. Әбілахат жүгіріп барып Маса молла  деген қызайға сіңген татар емшіні шақыртыпты. Маса молла Әсекеңнің тамырын ұстап отырып, «тыныс жолыңды ыстық алып қалған» деп диагноз қояды да, 5 мысқал кепіреш пен қажет мүсәтірін береді. «Алмасты кепіреш деп татып алатыны» осы сәт. Өкінішке қарай, мүсәтірдің ішінде алмас ұнтағы араласып кетіпті де, Әсекең мүсәтір сорған сәттен бастап уланады. «Ажалды құдай маған бергені жоқ» дегені сол. Осының алдында  сатып алып жүрген  мүсәтірінің құны бес теңге екен де, «Құлжадан бес теңгеге сатып алдымы» содан қапты. Ем-домы қате жасалып, өмірден күдер үзген шақта  «Жолықтым надан елдің қаққысына, жоқ екен доқтырының жақсысы да…» деп күңіренеді.

Миымнан бір шықпай қойған  «кепіреш» дегеннің не екенін Алматыға оралғанда ақыры таптым-ау. Ғылыми анықтамасы мынау екен:  халық емінде қолданылатын күшті дәрілердің бірі. Смальтаны смальтин атты кобальт пен кепіреш қорытындысынан тұратын ішінара никель аралас рудадан кобальт тұзын ажырату арқылы алады.

                                              «Қазақ әдеби тілінің сөздігі»,7-том,635-бет, Алматы- 2011-жыл.

«Көкқамырдан» аттанып барамыз. Артта Әсет атамыз қол бұлғап қоштасып, өлеңдетіп тұрғандай болды. Ақ сақалы желбіреп, аппақ киіммен, ақ қабірдің қасында тұр. Қолында   домбыра:

Ел –жұртым, аға- іні, көңіл қошым,

Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.

Дауысым сарқылғандай арқыраған

Сыбырым таңдандырар шыққан тосын.

Кешегі дәурендеген қайран Әсет,

Бастайтын шаршы топта әннің көшін.

Барады қарауытып қос жанарым,

Ажалдың білмес адам ерте-кешін.

Сіздермен қоштасуым осы болды,

Бәрібір мейлі дұшпан,мейлі досым.

Артымда тірі қалған үлкен-кіші,

Бәріңе осы ақтық айтқан қошым.

Алдадың, ахау жалған,

Қасықтай қайран тілім балға малған!…

Армансыз кісі болған ба?! Құдайшылығын айтқанда, Әсет бабамыздың үш арманы да орындалды: баспадан том-том болып кітабы шықты, көре алмаған ұрпақтары қара орман ел болды, жете алмаған туған жерінен топырақ бұйырды. Жатқан жерің жарық, иманың саламат болсын, Әсет баба!

 

***

Осы сапарда бірге болып, азаматтық көмектерін көрсеткен  қаламдастарымыз бен қандастарымыз – Бақыт  Мұхамади ұлы, Мақсат Нұрғазин, Білісбек Әбдіразақ, Сіламхат Сейітқамза ұлы, Мұқан Мамытқан ұлы,Нұршат Зейіпханұлы, Шалқар Жүмәділ ұлына және өзге де аты аталмаған қаны қазақ, жүрегі жомарт барлық  азаматтарға мың да бір рахмет айтамын! Әсет аталарыңның әруағы сендерді әрдәйім желеп-жебеп жүрсін!

***

Шекарадан өтіп, ел шетіне ілінгенде Бақытбектің телефонынан маза кетті:

– Әсет бабамның басына барып зиярат етіп қайттық, қабірінің басынан топырақ алып келе жатырмын, сенбесең сұра қасымдағы қос  Ғалымнан, – дейді аңқылдап.

Біз тек куәгерміз, аспанасты еліне бір  өзі барған, бабасының басына тәу еткен, қабірінен бір уыс топырақ қазып алған да, елге қайтқан… Езуі бір жиналмай келеді. Не десе де Бақаң ерлеп тұр. Ендеше, қос Ғалымның  да бұл сапарда ай  қарап жүрмегеніне Бақытбекпен бірге  біраз адамдар куә  деген әзілмен сапарнама тәмәм.

 

Ғалым Қалибек ұлы,

ақын, Халықаралық « Алаш» сыйлығының иегері

Алматы- Құлжа- «Көкқамыр» жайлауы – Құлжа – Алматы.

3-8- шілде 2013- жыл.

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑