banner-top12

Ақпараттар ағымы 20150902160121

Қосқан уақыты Тамыз 29, 2016 | 1  965 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ӨТЕТІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА ТУРАЛЫ АҚПАРАТТАР

НЕГІЗГІ МӘЛІМЕТТЕР

  • Универсиада Алматы қаласында 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді
  • Алматы қаласындағы қысқы Универсиада жарыстарына әлемнің 55 астам елінен келген 2 мыңға жуық спортшы қатысатын болады
  • Жарыстар 8 спорттық нысанда спорттың 12 түрі бойынша өтеді, 543 медаль ойнатылады
  • Жарыстарды ұйымдастыруға 3 мың ерікті (оның ішіне шетелдік және Қазақстанның өңірлерінен келгендері де) жұмылдырылады
  • Жарыстарды өткізу барысында 30 мың отандық және шетелдік туристтердің келуі күтілуде.
  • Қысқы Универсиада жарыстары телекөрсетілімінің жалпы аудиториясы күн сайын әлемнің 80 елінен 1 млрд. астам телекөрерменді құрайды
  • Универсиаданың жаңа нысандарының құрылысын жүргізудегі қазақстандық мазмұнның үлесі – 60%-ды құрайды, сонымен бірге 4200 жұмыс орны құрылды

СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМА

Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтеді, олар: тау шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (еркектер және әйелдер арасында) және кёрлинг.

Универсиаданы өткізуге 127 халықаралық төреші мен 600-ге жуық ұлттық техникалық мамандар жұмылдырылады. Жарыстарды өткізуге қатысатын барлық төрешілік коллегиясы әрбір спорт түрі бойынша ұлттық және халықаралық федерациялармен бекітіледі.

Жарыстар 8 спорт нысанында өтеді, олар: «Шымбұлақ» таушаңғы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Б. Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, 12 000 көрерменге арналған мұз сарайы, 3 000 көрерменге арналған мұз аренасы.

«Сұңқар» ХШТК, «Алатау» ШБК, «Шымбұлақ» ТШК (тау шаңғы спорты) гомологацияның халықаралық сертификаттарын алды. Қалған нысандар үшін сәйкестік сертификатын трассаларды әзірлегеннен кейін және мұзды нысандарда мұз дайындалғаннан кейін алу жоспарлануда.

Дайындық үдерісін іске асыру үшін үлгілік операциялық жоспарлар әзірленді, онда нысанның барлық операциялары, басқару жүйесі мен барлық қызметтердің жалпылама жұмыс істеуі сипатталған.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін Универсиада нысандарында 4 тестілік іс-шара жоспарланған: Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағц Қазақстан Республикасының шорт трек бойынша чемпионатының II кезеңі, 3000 көрерменге арналған мұз аренасындағц 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден республикалық чемпионат;  12000 көрерменге арналған мұз сарайындағы Қазақстан Республикасының Мәнерлеп сырғанау бойынша ашық чемпионаты, Шаңғы және биатлон стадионындағы Қазақстан Республикасының жыл сайынғы шаңғы жарыстары бойынша кубогы.

 

Қатысушы-елдерді аккредиттеу

Ұйымдастырушы комитет Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) ережелеріне сәйкес 2016 жылдың 29 қаңтарында, Универсиаданың басталуына бір жыл қалғанда, ұлттық студенттік спорт федерацияларына жарыстарға қатысуға шақыру қағаздарын жолдады.

Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша 58 мемлекет ресми түрде қатысу ниетін растады. Қазіргі уақытта атлеттер, жаттықтырушылар, ресми тұлғалар мен халықаралық төрешілерді қоса алғандағы Универсиада қатысушыларының жалпы саны 3374 делегатты, оның ішінде 2243 атлетті құрайды.

 

Ойындарды басқару орталығы

Жарыс күндері «Almaty Towers» бизнес кешенінде Ойындарды басқару орталығы жұмыс істейтін болады. Осы жерде Универсиаданы өткізу барысының тәуліктік онлайн-мониторингі жүзеге асырылатын болады.

Аталған жүйе Халықаралық студенттік спорт федерациясының ұсыныстарына сәйкес әзірленген. Орталық «С4 тұжырымдамасы» (төрт ағылшын сөзінің  аббревиатурасы: команда, бақылау, коммуникация және үйлестіру) деп аталатын Универсиаданың заманауи тұжырымдамалық идеясын қолданумен ұйымдастырылады.

Ойындарды басқару орталығы жұмысының шеңберінде келесі функционалдық орталықтар құрылатын болады:

  • Бас операциялық орталық;
  • Спорттық командалық орталық;
  • Аккредиттеу орталығы;
  • Атлетикалық ауылды басқару орталығы;
  • Технологиялық операциялық орталық;
  • Бас еріктілер орталығы;
  • Халықаралық хабар тарату орталығы;
  • Бас баспасөз орталығы және басқалары.

УНИВЕРСИАДАНЫҢ ЖАҢА НЫСАНДАРЫ

12 мың көрерменге арналған мұз сарайы

Көпфункционалдық Мұз сарайы әлемдік деңгейдегі жаңа арена болып табылады және ол Универсиаданың ашылу салтанаты мен жабылу салтанатын және Универсиада жарыстарын өткізуге арналған. Бұл жерде мәнерлеп сырғанау және керлинг бойынша турнирлер өтеді.

Спорттық кешен белгіленген мерзімді 3 айға оза отырып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта іске қосу және жөндеу жұмыстары мен аймақты көріктендіру жүргізілуде. Қазақстандық қамтудың үлесі 60%-ды құрайды. Кешен толықтай қазақстандық мамандармен жобаланып, құрылысы салынды. Жобалаушысы – «Стройтекс» компаниясы» ЖШС, құрылысын салушы – «Базис-А» компаниясы.

Сәулетшілер кешеннің ғимараты әдеттегі қолданыстағы «ангарлық» типтегі спорттық нысандарына мүлдем ұқсамайтындығын, және қаланың, әсіресе түнгі уақытта ерекше әсем көріктендірушілердің бірі болып табылатындығы сөзсіз деп атап көрсетті.

Сарайдың сәулеттік түпкі ойы әйнек пен бетонда ерекше көрініс тапқан және кереге, көк мұз, мұздағы өрнектер сияқты көркемдік бейнелердің синхрондық үйлесімін бейнелейді:

«Кереге» – киіз үй конструкциясының бөлігі. Көшпенділердің түсінігі бойынша киіз үй төрткіл дүниенің шағын көрінісі болып табылады және халықтың әлемнің барлық құрылымына деген көзқарасын көрсетеді.

«Мұз» – қатып қалған судың динамикасы, рух беріктігі мен ниеттердің мызғымастығын білдіреді.

«Мұздағы өрнектер» – спортшылардың конькилерінен қалған іздер.

Көркемдік бейнелер бірыңғай мәдени-эстетикалық композицияға тұтасып, Мұз аренасы ғимаратының ерекше сәулетін құрайды.

Мұз сарайы 3 блоктан тұрады. «А» блогы – 12 000 көрермен орындарына арналған әмбебап спорттық-көріністік мұз аренасы. «Б» блогы – дене шынықтыру-сауықтандыру кешені бар жаттығу мұз айдыны. «В» блогы – жүзу бассейні.

Мұз сарайының құрылысы 2 жылды қамтып, рекордтық мерзімді көрсетті.

Мұз сарайы – сейсмикалық тұрақтылық жағынан 10 баллға есептелген бірегей құрылым. Ғимараттың іргетасы монолиттік, ешқандай деформациялық жігі жоқ екендігі де осындай сипаттағы нысандар үшін бірегейлігін көрсетеді. Мұз сарайын жобалауға Қазақ сейсмикалық құрылыс ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСҚҒЗИ) мамандары белсенді ат салысып, көмек берді.

Жобалау және жоспарлау кезінде «Айсберг» (Сочи), «Хартвалл арена» (Хельсинки), Жаңа арена (Краков) «О2»(Прага) сияқты атақты заманауи спорттық нысандардың құрылысын салу мен пайдалануға беру тәжірибелері қолданылды.

Нысан ауқымды әлемдік спорттық іс-шараларды барынша қолайлы өткізуге арналған, соның бірі 2017 жылғы қысқы Универсиада болып табылады.

«А» негізгі блогында жаттықтырушылар мен жарыс төрешілеріне арналған жеке аймақтар қарастырылған. Командалар үшін барлық жағдайы жасалған                               14 киім ауыстыратын бөлме бар. Допинг-бақылау сынамаларын тапсыру және сақтауға арналған арнайы бөлмелер бөлінген. Мәнерлеп сырғанау қатысушылары үшін гримдеу бөлмелері қарастырылған. Мұздың жоғары сапасын 4 жоғары өндірістік мұз тазалайтын көліктер қамтамасыз етеді.

Универсиада әлемдік масштабтағы оқиға болып табылады және жалпы саны 1 миллиард адам телекөрерменді құрайтын ондаған мемлекеттерде көрсетілетін болады. Сол себепті кешен журналисттер жұмысына барынша ыңғай жасаудың есебімен жобаланған. Мұз сарайының жанында жылжымалы телевизиялық станцияларға арналған арнайы алаң қарастырылған. Мұз аренасында журналисттерге арналған ложа, комментаторлық кабиналар, баспасөз орталығы және бірнеше микс-аймақтар бар.

Арена кірген беттен-ақ көрермендер үшін барша жайлылықты көздеген. Ғимараттың солтүстік және шығыс жақтарында 2 аялдамалық кешен орналасқан. Көшелік және жерастылық тұрақтары бар (526 көшедегі және 110 жерастылық көлік орындары, оның ішінде 92 орын халықтың қимылы шектеулі тобына арналған). Жеке 1 және 2 қабатқа кіру жолдарының пандустары көрермен легінің спортшылар, журналисттер, төрешілер және қызмет көрсетуші қызметкерлермен қиылыспайтындай етіп жобаланған. Ғимарат қоғамдық тамақтану орындарымен, вендинг-аппараттармен жабдықталған. Соның ішінде, Мұз сарайының қонақтарына қызмет көрсету үшін кешеннің үш қабатында 5 бар, 2 буфет,                                    1 фудкорт және 3 кафе орналасқан.

Көрермен орындары секторларға бөлінген. Олимпиадалық жанұя деп аталатын, яғни Универсиада қатысушыларының отбасы мүшелеріне арналған сектор, FISU және халықаралық спорт федерациялар басшылығының  секторлары, сондай-ақ VIP-сектор бар.

Арена осындай құрылысқа арналған ең жоғарғы стандарт бойынша жабдықталған. Әлемнің ең жақсы өндірушілері жасаған концерттік дыбыс пен концерттік жарық орнатылған. Қауіпсіздік мәселелеріне аса мән берілген. Мұның бәрі көрермендер мен жарысқа қатысушыларға спорттық іс-шаралардан ұмытылмас әсер алуға сенім сыйлайды.

Мұз сарайының басты ерекшелігі болып оның көп функционалдылығы табылады. Арена болашақта мұз үстіндегі жарыстардан басқа да іс-шаралар өткізу болатындай етіп жобаланған. Хоккейлік корт көптеген ойын және жеке спорт түрлеріне (волейбол, баскетбол, футзал, күрес, бокс ж.т.б.) арналған алаңдарға өзгертіле алады. Ол үшін мұз бетінде спорттық жабынның арнайы технологиясы қарастырылған.

Сонымен қатар, кешеннің техникалық жабдықталуы көрнекті концерттік-сауықтандыру іс-шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Кешеннің көз тартарлық ерекшелігі – жүк көлігінің тікелей мұз айдынына кіре алу мүмкіндігі. Осылайша, концерттерді ұйымдастыру үшін орындаушылар өздерінің концерттік арнайы жабдықтарын ешқандай уақыт жоғалтпай және артық шығынсыз әкеліп, монтаждай алады.

Мұз сарайын жобалаушылардың алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – кешенді ары қарай табысты пайдалануға беру есебімен жасау еді. Кешен жыл сайын 600 000 келушілерді тартуға қабілетті. Ол бастапқы кезеңнен-ақ қалаушылардың барлығына, соның ішінде жастарға дене шынықтыруды дамыту және денсаулық мәдениетіне жақын болу мүмкіндігін беруге есептелген.

Кәсіби жаттығушылық үдерісті жоғары деңгейде ұйымдастыру және мұзда көпшілік сырғанауды өткізу үшін кешен жыл сайынғы негізде көпшілік пайдалануға қолжетімді болатын жаттығу айдынымен жабдықталған.

Мұз сарайында тек қана мұз ареналары ғана емес, сондай-ақ заманауи фитнес орталығы да бар. Оған әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған                   7 кең зал және балалар мен ересектерге арналған екі бассейн кіреді.

Алматы қаласының тұрғындары, балалы отбасылар, жастар міндетті түрде өзіне ұнайтын спорт түрін (конькиде сырғанау, хореография, би, бокс, күрес, үстел теннисі, жаттығу залдары, бассейндер, фитнес, СПА және басқалары) өздеріне қолайлы форматта (абонемент, бір рет қатысу, демалыс күнінің отбасылық бағдарламалары, ашық есік күндері, ж.т.б.) және қолжетімді баға бойынша табатындығы сөзсіз.

Өзіндік функциясы мен техникалық жабдықталуы бойынша Мұз сарайы әлемдегі ең кемел құнды ғимараттардың бірі болып табылады. Бұл ретте, әсіресе Алматы қаласы орналасқан климаттық жағдайды, қысқы және жазғы температура деңгейінің үлкен айырмасы мен ауа-райының түрлі құбылыстарын ескеру жөн болады.

Жалпы алғанда, Универсиада аясында жаңа мұз кешендерінің құрылысын салу бірқатар маңызды мәселелерді шешеді:

  • спорттың бірнеше түрі бойынша халықаралық жарыстарды ұйымдастыру үшін ультра озық алаңдарды құру;
  • елімізде спорттағы жоғарғы жетістіктерді дамыту, кәсіби жаттығу процесін жоғарғы деңгейде ұйымдастыру;
  • көпшілік спортты  ілгерілету және дамыту, көпшілік тұтынушының жоғары класс нысандарына қол жеткізуі, халықтың спорт мәдениетін арттыру;
  • халықтың әртүрлі топтары үшін жоғары кластағы демалыс орталықтарын, оның ішінде отбасылық демалыс орындарын құру.

3 мың көрерменге арналған мұз аренасы

3 мың көрерменге арналған мұз аренасы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың басты нысандарының бірі болып табылады. Осында хоккей бойынша жарыстарды өткізу жоспарлануда. Аталған үлкен спорттық кешенді салу 2014 жылдың шілдесінде басталған. Ағымдағы жылдың 1 тамыз жағдайы бойынша, нысанның дайындығы 90%-ды құрайды, қазақстандық қамтудың үлесі – 60%. Құрылысты аяқтау тамыз айының соңына жоспарланған, бұл белгіленген мерзімнен 2 айға озып отыр. Нысанның құрылысын жүргізуші «АрияЖаңаАстана» ЖШС болып табылады.

Мұз аренасы Алматы қаласының Медеу ауданында Күлжін және Талғар жолдарының қиылысында 11 гектар аумақты алып жатыр.

Ғимараттың жобасын «Арх-Синтезпроект» ЖШС жасады. Жобалаушылардың айтуы бойынша, қаланың осы жері «әлсіз» шөкпелі топырақтан тұрады, сондықтан тұрақтылық үшін құрылысшылар 15 метр жоғарғы қабатты көтеріп, арнайы балластпен көмген. Ғимараттың іргетасы монолиттік темірбетоннан, жоғарғы бөлігі металл конструкциядан соғылған. Құрылыс барысында көбіне қазақстандық құрылыс материалдары, оның ішінде энергияны үнемдейтін әйнектер пайдаланылған, тек шатыр ғана Германияда өндірілген арнайы болат кәсіби жабынмен жабылған.

Ғимарат сейсмикалық тұрақты, 9-10 баллға есептелген және барынша дербес. Ғимараттың жеке жылыту үй-жайы, бірінші санаттық трансформаторлық шағын станциясы, су қоймалары бар. Аймақ жас көшеттерді (6 га көгалдандыру) өзіндік жерастық ұңғымадан автоматты түрдегі суғарғышпен жабдықталған.

Мұз аренасы бас, қосалқы және әкімшілік сияқты үш блоктан тұрады. Ғимараттың негізгі ошағы болып шайбалы хоккейге арналған 61х30 метр көлеміндегі басты арена табылады. Қасында үлкен халықаралық жарыстарды өткізу үшін міндетті шарт болып табылатын, өлшемі де сондай қосалқы жаттығу аренасы орналасқан.

Кешенде спортшылардың жарысты табысты өткізулеріне барлық жағдай жасалған. Жалпы алғанда, хоккей командаларына арналған 12 киім ауыстыру бөлмесі бар, әрбір киім ауыстыру бөлмесінде медициналық (массаж) бөлме қарастырылған.

Киім ауыстыру бөлмелерінің жаныңда WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) талаптарына сәйкес допинг-бақылаудың сынамаларын алуға арналған бөлмелер блогы орналасқан. Блок күту бөлмесінен, анализдерді қабылдау бөлмесі және зертханадан тұрады. Жеке төрешілік аймақ, конькилерді ұштауға арналған арнайы орындар, жарысқа қатысушылардың спорттық формаларын кептіруге арналған орындар бар.

Сонымен қатар, спортшыларға арналған қосалқы үй-жайлар кардиожаттығу құрылғылары, күш жаттығу құрылғылары және денені керуге арналған бос аймағы бар жаттығу залынан тұрады. Сондай-ақ екі қабатта арнайы медицина-қалыпқа келу орталығы жабдықталған.

Климат-бақылаудың заманауи жүйесі жайлы 20-22˚С температураны толық қамтамасыз етеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары үшін де барлық қажетті жағдайлар жасалған. Баспасөз орталығы, баспасөз-конференцияларға арналған зал, баспасөз-бар, баспасөзге және фотографтарға арналған жұмыс бөлмелері бар. Арнайы БАҚ-қа арналған аралас микс-аймақ қарастырылған. Онда журналисттер жарыстарға қатысушы-командалар өкілдерімен сұхбаттаса алады. Мұз аренасының залында                4 комментаторлық кабиналар жабдықталған және халықаралық стандарттарға сәйкес телекөрсетілімдер үшін жағдайлар жасалған. Сымдық және сымсыз ғаламтор, бөлінген байланыс арналары бар.

Жобалаушылар көрермендер үшін де барынша жайлылықты қамтамасыз етуге тырысты. Кешен аумағында ыңғайлы 4 кіреберіс бар. Жеке автокөліктер үшін 250 орындық (оның ішінде 40 орын – халықтың қимылы шектеулі тобына арналған) жерүстілік тұрақ бөлінген. Жерастылық тұрақ одан да көп көлік санын қамти алады, онда 330 көлік орындары қарастырылған. 20 автобусқа арналған жеке тұрақ бар. Ғимаратта 160 отырғызу орындары бар кафе және 150 адамды сыйдыратын екі кафе-буфет жұмыс істейді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ерекше жағдайлар жасалған. Оларға аймақтағы кресло-арбаларға бөлінген сызықтар, пандустар, арнайы лифттер мен бас хоккей залындағы жеке орындар және тағы басқалар жатады.

Көрермендер спорт жарыстарының барлық қызықтарын, бейне қайталымдарды, мәтіндік ақпаратты мұз айдынының үстінде орналасқан алып жарық-диодтық бейнелік текше экранынан көре алады. Мұз аренасының залы ең заманауи жарықтық-техникалық және дыбыс жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Жобалау сатысының өзінде осы заманауи спорт құрылымын Универсиададан кейін де пайдалану идеясы қойылған. Кешен өзінің белгілеген мақсаты бойынша көпфункционалды болып табылады. Біріншіден, мұнда хоккейден басқа ауқымды жарыстарды өткізу мүмкіндігі бар. Арена басқа да ойын және жеке спорт түрлеріне қарай өзгертіледі. Екіншіден, ең бастысы спорттық кешен балалық-жасөспірімдік спортты дамытуға, барлық қала тұрғындарын дене шынықтыруға тартуға есептелген (мысалы, қосалқы сырғанақ айдында барша ниет білдірген адамдар үшін көпшілік сырғанауды ұйымдастыру). Сондай-ақ Мұз аренасының көптеген спорттық-жаттығу залдары да өз келушілерін күтеді.

Мұз аренасында мәдени-көріністік іс-шараларды өткізуге қарай өзгеру құбылысы қарастырылған. Жобалаушылар концерттік (жарық және дыбыстық техникалық) жабдықтар үшін орындарды арнайы жоспарлаған.

Жалпы, Мұз аренасы сәулет кешені ретінде жергілікті табиғат көрінісіне сәтті үйлеседі, ол қаланы болашақта дамытудың маңызды ошағы және барлық қалаушылар үшін спортпен айналысу және демалыс орнына айналуы тиіс. Болжамдар бойынша, арена өз аумағына жыл сайын шамамен 150 000 келушіні тарта алады.

5 мың көрерменге арналған атлетикалық ауыл

 

Атлетикалық ауыл Алматы қаласының Алатау ауданында Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында Райымбек даңғылының солтүстік жағында, Мұз сарайынан жанындағы жалпы жер көлемі 21,5 га құрайтын аймақта орналасқан. Ол 5 мың адамды қоныстандыруға есептелген. Тұрғын бөліктің жалпы көлемі шамамен 125 мың шаршы метрді, 1748 пәтерді құрайды. Құрылысты жүргізуші қазақстандық «ЭлитСтрой» компаниясы болып табылады.

1 тамыздағы ақпарат бойынша нысандардың дайындығы 90%-ды құрайды. Қазақстандық қамтудың  үлесі – 60%. Құрылыс жүргізуді аяқтау тамыз айының соңына жоспарланған, бұл белгіленген мерзімнен 2 айға озып отыр.

Тұрғын үй кешені U (Universiade) ағылшын әрпімен орналасқан                               14 ғимараттан және қызмет көрсететін 3 блоктан тұрады. Сәулеттік жоспар бойынша барлық нысандар жартасқа салынған суреттердегі күн адамының бейнесін бейнелейді.

14 қабаттық тұрғын үй ғимараттарының ортасында  «Пирамида» деп аталатын операциялық блок орналасқан. «Пирамидада» Универсиада кезінде FISU ұйымдастырушыларының кеңсесі, 1000 адамға қызмет көрсетуге есептелген асхана және демалыс орны орналасатын болады, интербелсенді технологияларды қолдану арқылы Дәстүрлік музыкалық аспаптар мұражайы ұйымдастырылады. Тамақтандыру блогы тәулігіне шамамен 20 сағат бойы жұмыс істейді.

Дәл осы «Пирамида» жаңадан келген спортшылар мен делегациялар мүшелерінің түсетін орнына айналады. Қатысушылар керекті бағыттарын оңай табу үшін «Пирамиданың» кіреберісінде «Компас» атты әлемнің географиялық бағыттарын көрсететін тас орнатылаьын болады. Аккредиттеуден өткеннен кейін спортшылар күнделікті тұруға қажетті барлық жағдайлары жасалған тұрғын үй корпустарында орналастырылады. Бөлмелер кір жуу машиналары-теледидардан бастап, шаш кептіретін фенге дейін толық жабдықталған.

Кешеннің орталығында «Кездесу алаңы» – «Welcome» атты спорт алаңы орналасқан. Орталық алаңның жан-жағында қызмет көрсету блоктары орналасқан. Онда ойындар барысында Атлетикалық ауыл әкімдігі, ғибадат бөлмелері, дүкендер, сұлулық салондары ж.т.б. орналастырылады. Қонақтарға қызмет көрсетуге арналған әкімшілік-шаруашылық және басқа да үй-жайлардың жалпы көлемі 27,5 мың шаршы метрді құрайды.

Атлетикалық ауылды жоспарлауда қоныстанушылар үшін барынша жайлылық пен қолайлылық қарастырылған. Мысалы, тұрғын үй корпустары орталық алаңнан тұрмыстық блоктармен қоршалған, ғимараттардың өздері алаңға алдыңғы жағымен қарайды. Сол себепті «Welcome» алаңындағы мерекелік акциялар мен шоу спортшылардың демалуына кедергі келтірмейді.

Спортшылар, төрешілер және делегациялар мүшелері Универсиада нысандарына арнайы автобустармен жеткізіледі. Кешен ҮАОАЖ (Үлкен Алматылық орамды автожол) солтүстік-шығыс бөлігіне шығу мүмкіндігі бар, үлкен трассалар қиылысындағы қолайлы орналасу орнына ие. Бұл қатысушыларды жарыс орындарына жылдам және жайлы жеткізуге мүмкіндік береді.

Атлетикалық ауылды Дүниежүзілік студенттік ойындардан кейін пайдалану аса маңызды мәселе болып табылады. «Универсиада мұрасы» тақырыбы жобалау және құрылыс салу сатысында-ақ пысықталған болатын. Сол үшін Спорттық құрылымдар дирекциясы арнайы құрылып, жұмыс жасауда. Аталған мәселе табысты түрде шешімін тапты. Шын мәнінде, Атлетикалық ауыл біртұтас қалалық тұрғындық шағын ауданнан тұрады.

Жоспар бойынша, «Универсиада мұрасы» бағдарламасының шеңберінде Атлетикалық ауыл аумағында келесі нысандар орналастырылады:

  • Полиция бекініс пункті;
  • Алатау ауданының ХҚО;
  • Олимпиадалық дайындық орталығы;
  • Би студиясы, шахмат, театр және фото студиясының функцияларынан, интербелсенді клубтан тұратын, балалар мен жастарға арналған демалыс орталығы;
  • «БанкЦентрКредит» бөлімі;
  • «Open Clinic» клиникасы;
  • «Almaty sport city» фитнес-орталығы;
  • «Best store» супермаркеті;
  • «Қазпошта» бөлімі;
  • Тұрмыстық заттар үйі;
  • «Дисконт» форматындағы аутлет-орталық ж.б.

Атлетикалық ауылды пайдалануға бергеннен кейін, Алматы қаласының Алатау ауданында өзіндік инфрақұрылымы бар жаңа тұрғындық шағын аудан пайда болады. Өз кезегінде, ауылдың қолайлы орналасуы және 12 мың көрерменге арналған мұз сарайының, «Алатау» кино-концерттік залының қасында орналасуы қаланың басқа аудандарының тұрғындары мен қазақстандық мегаполис қонақтарын осы жерге тартатын болады.

 

УНИВЕРСИАДА ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Қатысушыларды қарсы алу мен шығарып салу көлікпен қамтамасыз ету

 

«Алматы халықаралық әуежайы», Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары Универсиада қатысушыларының келу және кету бойынша ресми пункттері болып табылады.

Болжам бойынша, Универсиадаға қатысушылардың 90% Алматы қаласының халықаралық әуежайына тікелей халықаралық әуерейстері арқылы келеді. Өту уақытын үнемдеу үшін төлқұжат бақылаудың жеке кабиналары мен кедендік бақылаудың жеке коридорлары болады. Универсиадаға қатысушылардың жүктері арнайы багаж биркаларымен белгіленеді, ол биркалар қатысушыларға алдын-ала жіберіледі. Арнайы багаж биркасының болуы Универсиада қатысушыларының жүктері үшін артықшылықты қызмет көрсетуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Әуежайға қонған соң, келушілерді құжат тексеру жиегінде арнайы амандасу таяқшаларын ұстаған  дирекция өкілдері қарсы алады.

Алматы қаласының теміржол вокзалдарында Универсиада қатысушыларын қолында амандасу тақтайшалары бар ұйымдастырушы комитеттің қызметкері қарсы алады және оларды вокзал терминалына дейін шығарып салады. Теміржол вокзалдарының терминалдарында ұйымдастыру комитетінің үстелдері орналасқан. Келген Универсиада қатысушыларын үстелде тексергеннен кейін, ұйымдастыру комитетінің қызметкері қатысушыларды көлік құралына жеткізеді. Қатысушылар орналасу орындарына жіберіледі.

Универсиада қатысушыларын орналастыру орындарында ұйымдастыру комитетінің ақпараттық үстелдері орналасатын болады. Ақпараттық үстелдерде кету туралы ақпараттарды ұсыну және жинау, кету кестелері, көлікті ұйымдастыру, әуе компаниялары мен поездтардың рейстері туралы ақпаратты ұсыну, рейске online-тіркеуді ұйымдастыру жүзеге асырылады.

Универсиаданы өткізу уақытында автокөлік құралының 519 бірлігін пайдалану жоспарланып отыр. Бастапқыда автокөлік құралдарын сатып алу жоспарланған болатын. Бюджетке автокөлікті жалға беру пайдасына қарай оңтайландыру жүргізілгеннен кейін, Универсиадаға көліктік қызмет көрсетудің жоспарланған шығындары 4 есе қысқартылды.

Алматы қаласының ІІД бірлесе отырып, Универсиаданың аккредтелген көлік құралдарының негізгі және баламалық қозғалыс бағыттары бекітілді. Барлық көлік құралдары GPS навигатормен жабдықталады, олар автомобильдерге бақылау жүргізу мен пайдалануды астарлықтай тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Универсиадаға дайындалу және өткізу кезінде автокөліктердің жүріс-тұрысын бақылайтын арнайы диспечерлік орталық іске қосылатын болады.

 

Орналасу және тамақтану

Болжамдық мәліметтер бойынша, Алматы қаласындағы Универсиадаға дайындалу және өткізу кезеңінде шамамен 30 мың шетелдік және жергілікті туристер келеді деп күтілуде.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша, мегаполис қонақтарын орналастыру мәселесін шешу үшін 133 нысан (қонақ үйлер, отельдер, мотелдер, хостелдер) өз жұмысын жүзеге асыратын болады, сол нысандарда бір уақыттағы сыйымдылық – 12 696 төсек орны, 7 747 нөмір бар. Барлық санаттағы төсектердің тәуліктің орташа бағасы 12 295 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Алматыда:                       5 жұлдызды – 6 нысан, 4 жұлдызды – 25 нысан, 3 жұлдызды – 26 нысан, санатсыз  – 65 нысан отельдер мен қонақ үйлер, басқа да – 11 нысан орталасқан.

Оңтүстік астана қонақтарының ыңғайлылығы үшін «Recommended by U» анықтама кітабын шығару жоспарланған, ол Алматы қаласының кеңес берілетін орындары – мейрамханалар (кафе, лаунджи ж.с.с.), қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары туралы ақпараттардан тұратын болады.

Универсиада кезінде 2 мыңнан астам спортшы, сондай-ақ спорт делегацияларының мүшелері Атлетикалық ауылда тұратын болады. Сонымен қатар 1000 шамасындағы қонақтарды Алматы қаласының және Алматы облысының қонақ үйлерінде орналастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта барлық санаттағы қонақ үйлермен белсенді жұмыс жасалуда.

Универсиада кезінде спортшылар мен делегаттар, FISU техникалық делегаттары, халықаралық техникалық мамандар (ITO), ұлттық техникалық мамандар (NTOs), еріктілер, БАҚ өкілдері, медицина қызметкерлері, Ұйымдастыру комитетінің қызметкерлері, FISU отбасы және басқалар үшін тамақтандыру ұйымдастырылатын болады.

Универсиада кезінде спортшылар мен делегаттар үшін Атлетикалық ауылда 1000 отыру орындары бар асханалар жұмыс істейтін болады, онда тамақтың               5 түрі ұсынылатын болады:

  • қазақ/ұлттық,
  • еуропалық/ жерорта теңізі,
  • азиялық,
  • вегетариандық,
  • халал.

FISU талабы бойынша атлеттердің күндізі тағамының нормасы  (4000-4500 калорий) анықталды, ол ас мәзірін құру кезінде ескерілетін болады.

Еріктілер үшін тамақтандыру ланч-бокс түрінде ұйымдастырылады. Әр нысанның коммерциялық аймағында көрермендер мен жанкүйерлерге арналған тамақтану ұйымдастырылатын болады.

Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен бірлесе отырып, Тамақтануды бақылауды ұйымдастыру бойынша бірлескен іс-шаралардың жоспарын әзірленді. Осы жоспарды жүзеге асыру Универсиаданың қатысушылары мен қонақтарының санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуден тұрады. Бақылау нысандарының гигиеналық нормативтерді орындауына зертханалық зерттеулер мен аспаптық өлшеудің міндетті жинағымен жүзеге асырылатын болады.

Медициналық қызмет көрсету және допинг-тексеру

Алматыдағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу кезінде медициналық қызмет барлық қатысушыларға: спортшыларға, команда мүшелеріне, жаттықтырушыларға, қолдау көрсетушілерге, көрермендерге, лауазымды тұлғаларға, шақырылған тұлғаларға, FISU делегациясына (FISU отбасына), БАҚ өкілдеріне, қызмет көрсететін қызметкерге, техникалық жұмысшыларға, еріктілерге көрсеткіштер бойынша уақытылы білікті медициналық және психологиялық көмек көрсетуге дайын.

Ойындарды өткізу уақытында Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының, Спорттық медицина және оңалту орталығының, «Катастроф» медицина орталығының, «КазАвиоСпас» оңтүстік аймақтық филиалының медициналық мамандары, сондай-ақ ағылшын тілін білетін еріктілер ретінде медицина уиверситеттерінің студенттері мен түлектері тартылатын болады.

Медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласының 8 стационары жұмылдырылады. Универсиадаға жедел медициналық көмектің 30 бригадасы тартылады.

Атлетикалық ауылда спортшылар мен аккредтелген тұлғаларға  амбулаторлық көмек көрсету үшін медициналық орталық (спорттық дәрігерлер, травматолог-дәрігерлер және басқа мамандар, зертханалық-диагностикалық блок, изолятор, дәріхана) және сауықтыру-оңалту іс-шаралары (физиотерапия, ЛФК, массаж) жұмыс істейтін болады. Шұғыл науқастар үшін Универсиаданың ресми ауруханаларына кедергісіз қабылдау ұйымдастырылатын болады.

Құтқарушы дәрігерлер үшін спорттың қысқы түрлері үшін медициналық көмек көрсету және тау дайындығы бойынша оқыту, сонымен қатар медициналық қызметкерлер үшін спорттық медицина және допингке қарсы кодекс бойынша оқытатын тренинг-семинарлар жүргізілетін болады.

Медициналық көмек көрсету жағдайларын тіркеу ағылшын тілінде арнайы формада (анықтама карточкасы) толтырылуы керек. Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің 130 астам қызметкерлері ағылшын тілін оқиды.

Әрбір спорттыө жарыс нысанында және Атлетикалық ауылда допинг-бақылау станциялары ұйымдастырылатын болады. 2017 жылғы Универсиада дирекциясы FISU медициналық комитетімен бірлесе отырып, Алматы қаласындағы 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың допинг-бақылау рәсімдерін, сондай-ақ спортшыларды тестілеуді бөлудің жоспарын әзірледі. Допинг бақылау рәсімдері тестілеуге арналған Дүниежүзілік допингке қарсы күрес кодекстің және Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

Нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Универсиада нысандарындағы қауіпсіздікті 6,5 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Алматы қаласының Ішкі істер департаменті 2017 жылғы Универсиаданың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тұжырымдамасын әзірледі.

Универсиада нысандарындағы қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменттері және басқа уәкілетті органдар Қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық жоспарды жүзеге асыру мақсатында жұмыс тобын құрды.

Ай сайын Универсиаданың құрылысы салынған нысандарын тексеру жүзеге асырылады, радиациялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізіледі.

 

УНИВЕРСИАДАНЫҢ МӘДЕНИ ШАРАЛАРЫ

Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу кезеңінде Ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары, сонымен қатар Марапаттау салтанаты мен қатысушы-елдерді қарсы алу салтанаттары өтетін болады.

Ашылу салтанаты 2017 жылдың 29 қаңтарында 12 мың көрерменге арналған мұз сарайында өтеді. Ойындарды ресми басталуы Алау тостағанын тұтатудан басталады. Салтанаттың маңызды бөлігі болып арнайы мәдени бағдарламаны көрсетумен бірге, қатысушы-елдердің шеруі табылады.

Жабылу салтанаты 2017 жылдың 8 ақпанында сол 12 мың көрерменге арналған мұз сарайында өтеді. Ойындардың ресми жабылуы FISU белгісін 29-шы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы үйымдастырушы-қала Красноярскке берумен өтеді, атлеттердің жалпы маршы болады.

FISU ережелеріне сәйкес, Ойындардың жеңімпаздарын марапаттаудың дәстүрлі орны қаланың орталығында ұйымдастырылады. «Медал Плаза» Марапаттау салтанатын қала тұрғындары мен қонақтарының, сонымен қатар қатысушы-жеңімпаздардың, ұйымдастырушы комитеттің және FISU өкілдерінің қатысуы арқылы өткізуді көздейді. Алматы қаласында Республика сарайында                     61 марапаттау өткізіледі, онда Ойындардың бойтұмары – Сұңқармен бірге медальдар табысталады.

Сонымен қатар жарыстар басталғанға дейін шетелден келген делегациялар үшін Атлетикалық ауылда Қарсы алу салтанаттары өткізілетіндігін атап өту керек. Дәстүр бойынша қарсы алу салтанатынан кейін Ту аллеясында келген қатысушы-елдердің тулары ілінетін болады.

 

Алау эстафетасы

Алау эстафетасы Олимпиадалық ойындар, Азиялық ойындар және Универсиадалар сияқты көптеген ірі спорттық шаралардың ажырамас бөлігі болып табылады.

Қазақстандағы қысқы Универсиада эстафетасының басталуы 2017 жылдың 25 қаңтарына жоспарлануда.

Қазақстандық эстафета ең үздік дәстүрледен тұрады. Ол – бірінші кезекте алау тасушыларды таңдау. Осы рөлге 17-28 жас аралығындағы ең үздік жас спортшы-студенттер таңдалуы керек. Сондай-ақ студенттер ішінен спорт, ғылым, мәдениет ж.с.с. әртүрлі салаларда өзін көрсеткендері де таңдаатын болады. Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының алауын тасушыларға ресми конкурстық таңдау 2016 жылдың                      1 қыркүйегінде басталады.

Эстафетаға қатысу – қазақстандық студенттер үшін үлкен жастар жобасының бөлігі болу мүмкіндігі. Осындай іс-шаралардың тарихында Қазақстан өзінің ресми тұжырымдамасын ұсынып отыр. Астана қаласында Универсиада алауы Назарбаев Университетінде тұтанады. Алдыңғы кездерде алау әрбір өңірде белгілінген жерде, ауданда тұтанатын болған және елдер мен өңірлерге саяхатқа шығатын. Қазақстандағы алау эстафетасы барлық өңірде, қалада тұтанады, және әрбір қалада Универсиада алауы тұтанады. Әрбір өңірдің студенттеріне өзінің өңірінің алауын ерекше жолмен тұтандырудың өзіндік нұсқасын ұсыну мүмкіндігі туады. Ол студенттік өмірдің орталығы болып табылатын өңірдің алдыңғы қатарлы ЖОО-да жүргізілуі керек.

Алау одан кейін, өңір өкілінің алып жүруімен облыс орталығы бойынша саяхатын аяқтапн Алматыға жеткізілетін болады. Жоспар бойынша барлық                    16 алау Алматыда қосылады және Ашылу салтанатының нақты сәтінде үлкен от шоғына айналады.

алып жүрусындай шаралар қаланың негізгі оқу орындарындарында жүзеге асырылады. Алау эстафетасы жүріп өткеннен кейін, Алматы қаласына келіп жетеді.

 

Телехабар тарату

Универсиада телеаудиториясы әлемнің 80 елінде 1 миллиардтан астам телекөрермендерді құрайды.

Универсиада жарыстарын 400-ден аса қазақстандық және шетелдік БАҚ жарықтандырады деп күтілуде. Журналисттердің ыңғайлы жұмыстарын қамтамасыз ету үшін «Almaty Towers»-те Бас баспасөз орталығының, сонымен қатар Универсиаданың 8 қосалқы баспасөз орталықтарының тәуліктік жұмыстары ұйымдастырылатын болады. БАҚ өкілдеріне арналған аккредиттеу 2016 жылдың қазанында басталады.

Универсиада жарыстары кезінде халықаралық спорт жарыстарын өткізу кезінде қолданылатын «Timing and Scoring» жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйе хронометраж және төрешілік жүйесінің, нәтижелер шығару, ойындарды аккредиттеу және басқару, телевизиялық графиктердің, ақпараттық сервистердің, қажетті ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдың, аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз ету және құрылымдалған кабельдік желілердің жұмыстарын ұйымдастырудан және қамтамасыз етуден тұрады. Жұмыс FISU және спорттың қысқы түрлері федерацияларының талаптарына сәйкес ұйымдастырылатын болады.

 

Билеттендіру

Kүзде Универсиаданың ашылу салтанатының, жабылу салтанатының және жарыстың билеттері сатылымға шығады. Билеттерді онлайн және офлайн жүйеде сату бір уақытта басталады.

Универсиада дирекциясы Қазақстанның барлық қазақстандық билет операторларын Универсиадаға билеттер сатуды ұйымдастыруға қатысуға шақырады. Қазіргі таңда Zakazbiletov.kz, Tiketon.kz, «Меломан» билет агенттігі, Kassir.kz, Kassy.kz компаниялары билеттерді сату бойынша серіктестікке шақыруға ие болды.

 

Маркетингтік бағдарлама

Универсиада дирекциясы қазақстандық компанияларды серіктестікке шақырады. Универсиаданың маркетингтік мүмкіндіктері өз серіктестерін күн сайын (12 жарыс күні ішінде) 1 млрд. телекөрерменге паш етуге мүмкіндік береді. Қазақстан тарихындағы бірде-бір халықаралық оқиға осынша телекөрермен ауқымын қамтыған жоқ.

Осының алдында Алматы қаласының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Универсиадаға дайындалу және өткізу саласындағы өзара қатынас және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында ынтымақтастық Универсиаданы ел аумағында және оның шегінде ақпараттық насихатталу мәселелері бойынша, Универсиадаға дайындалу және өткізуге бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен ықпал ету, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялары тобының Универсиадаға демеушілік және өзге де қаржылық қолдау көрсету арқылы жүргізіледі.

 

Еріктілер

Алдағы Ойындарды ұйымдастыруға қатысу үшін 3 мың еріктіні тарту жоспарлануда. Универсиада кезінде еріктілер қызметтің 30 астам функционалдық бағытары бойынша жүмыс жасайтын және спортшылар, жаттықтырушылар, делегаттар мен Алматы қаласының туристтері үшін барлық қажетті сервисті ұсынатын болады.

Қыркүйек айында ЖОО студентерінің қатарынан еріктілерді іріктеуді бастау жоспарлануда. Іріктеу рәсімі аяқталғаннан кейін, осы жылдың қазаны және 2017 жылдың қаңтары араығында еріктілер үшін оқытатын семинар-тренингтер жүргізілетін болады.

Топтаманы дайындаған Інжу Сағидолла




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑