banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! d0b6d0b0d0b9d0bbd0b0d183-d0bad0bed180d0bad196

Қосқан уақыты Шілде 17, 2014 | 1  681 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Алтайым – алтын бесігім!

«Әркімнің туған жері – мысыр шаһары», – дегендей,оснау жарық әлеммен қауышқандағы кіндік қаны тамған жерін кім жек көрсін… Ананың алтын құрсағынан кейінгі жер құрсағы – туған жер ғой. Қандай ыстық. Өмірдің есігін алғаш ашқандағы іңгәлаған үніме шаттанып, шарапатын төккен жер, өзің баулыдың. сенің жалпақ төсіңде шыбық талды ат қып мініп, жалаңаяқ жүгіруші едім. Керім самалыңа кекілімді таратып, керіле аққан қыран өзенімен жарысушы едім. Еһ, шіркін, тарғыл таудың боз жусанына кеңсірігімді ашып, кеудемді жылытушы едім.

Ия, бұл күндер, балауса балалық шақтарымда, кіндік кесіп, кір жуған жерімде жырақ қалып қойыпты-ау. Қоңыр жонның етегіне орналасқан шағын ауыл, жұпыны жер үйлерді, жадыраған жарқын жүзді адамдарын сағынып жүрмін. Япырым-ау, сонда, зеңгір аспанға бой созған зәулім қабаттары, қайшалысқан  қара нөпір халқы бар тас қаланың тірлігі тынысымды тарылтып жүргені ме? Мүмкін… жоға ыстық бір сағыныш шығар, тас қаладан  қожыратып отырған.

Жасыл бөрте шәлісін жамылған, ақ балтырлы арудай сыңсыған сұлу қайыңдар, күннің от реңіне малынған көктерек-талдардың сырғалы жапырақтары жалт-жұлт етіп  жанарыңа  әсем сыр  байлары анық. Ал төр жайлауында  баданадай-баданадай қызара бөртіп жатқан, ат тұяғын бояйтын бүлдіргендері, жап-жасыл жапырақтардың ар жағынан қылтыңдап қарап тұрған  алкүрең қызылқаттар мен шегір көзді тошалалары шіркін тіл үйіреді. Тылсым табиғат ананың сыйға тартқан несібесі-ай. Қарлы қапталдың етегі  жасыл төскей ит тұмсығы өтпес жыныс орман, арқырай  ақ көбігін аспанға атқан Ақжал өзен, алаңқылар, жазықта жағалай аунаған ақ боз үйлер,  бәрі-бәрі текеметке басылған өрнектей. Жер ошақтан  көлбей  көтерілген  көкшулан түтіндердің өзі де бозамық самалға елітіп билеп барады. Қара қазанда  қасқа қойдың құйрық майына  пісірілген  төре бауырсақтар, Әжемнің алақанындай  аппақ-аппақ жарма құрттар, қызыл күрең ірімшік, сап- сары май қазақи  дастарқанымыздың  әрі  мен  нәрін  келтіріп  жататын…

Сал серілердің, жыраулардың, ақындардың жырының арқауы болған  осы өңір:

«Жер жаннаты  алтай, алтын  жерім-ай,

Пейілі жомарт  шіркін, жарқын елім-ай»,-деп  ән  боп  әуелеп кететін. Алты алаштан асып, әлемге әйгілі бола бастаған Алтай аймағы аңыз бен абызға бүгіп жатқаны әмәнда. Кезінде жер ұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз: мынау жердің асты да алтын, үсті де алтын, алты ай жаз,  алты ай қысы анық боп жататынның өзі деп атын Алтай  қойыпты. Алтай аймағы – кезіндегі атауы  Сарсүмбе, қазір ҚХР Шинжиаң ұйғұр автономиялы районы, Іле қазақ автоном  облысына  қарайтын  әкімшілік орын. Өзіміздің  Шығыс Қазақстан облысымен, Ресеймен, Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда аймақтарымен шекараласып келеді. Сақтың, Үйсіннің, Түркінің, Керейдің т.б тайпалық  көшпенділердің тарихи  мекені. Кейбір тау аңғарларындағы  жартас  суреттерінен таңба, ою-өрнектің  айшықты образын кездестіріп, мәдениетіміздің мәйегіне сүйсініп қарайтынбыз. Негізгі жан санының 50 пайызынан астамын  қазақтар ұстайды. Қоңыржай белдеулік климатта, табиғаты таңғажайып көркем, табиғи байлығы  мол болған. Кезіндегі  сабылып  алтын іздеушілер де осы өңірге келіп, атбасын тіреп, көңілдерін жай  таптырған  екен.

Сол бір аласапыран  кездер-ай, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама». «ашаршылықта» өткен. Дүниенің төрт  бұрышына, торғайдай тозып шашылған қайран  қазаққа баспана  болған  жерді  кім  қадірлемес. «Су ішкен  құдығына түкірмейтін» текті едік-ау! Бұл күнде сонда тұрып жатқан  қандастарымыз да қаншама? Біле білсек  осы Алтай да бабамыздың байырғы жері емес пе? Қара айдаһардай  қаптаған  қытайдың сұстылығына  тісімізді батыра алмай, сыйға  тартқандай  болдық… Бірақ, қазақтың қанында Көкжалдың бөрілігі, Қыранның өрлігі бар екеніне  көз жұмбаймыз. Жатқа кеудесін бастырғысы келмейтін, айсберг рухын жырлауға тұрарлық де…

Елім деп  еңіреген  талай  боздақтың  қызыл қаны мен ащы дауысы, елдігі мен ерлігі  тарихтың  парақ  беттерінде сақтаулы. Айталық, алғаш рет қасиетті Құран кәрімді қазақшаға аударған Халифа Алтай, қаламгер қажы  Ақыт Үлімжіұлы, Шығыс Түркістан  ұлт-азаттық  көтерілісінің  қаһарманы Оспан Сіләмұлы, ағартушы, қоғам  қайраткері Шәріпхан  Көгедаев, танымал  ақын Таңжарық Жолдыұлы сынды айтулы тұлғалар өткен  құтты  қоныс еді. Тәкең аға бір өлеңінде осы аймақты  тебірене былай  суреттеген  екен:

Тауы- алтын, тасы -күміс, ағашы- жез,

Сулары  еркек  қойдың  сорпасындай.

Рас-ау, ауыз толтырып  айтарлықтай  байлығы мен байтақ өлкесіне  қарап бақытты екеніңді сезінесің. Көрген жанның  көзін тұндырып, көңілін  көкжиектерге көтерген Қанас көлі  саяхат орнының  атағы да жер жарып-ақ тұр. Ал түрлі  ауыру-сырқауға шипа беретін табиғи қасиетті су арасандарынан «Ұшық арасан», «Жүрек арасан», «Қотыр арасан», «Сынап арасан», «Асқазан арасан», «Сүт арасан» сынды емдік арасандары бар. Әй, алтын бесігім-ай, жаннатты жер емшегі, мейлінше, мемлекет экономикасын арттыруда айтарлықтай үлесін қосып, қалаланудағы  мәдениетті  үздік  орындар  қатарында «мен мұндалап» тұр. Баба рухын  байрақ  еткен  салт-дәстүрге бай ұлттық құндылықтарды құшағына қысып жатқан алтын  аймаққа  айтар  алғысымыз  Алатаудай.

Ата-жұртқа оралғаныма да, міне, жылжыған уақыт бес жылдың жиегіне жеткізіп үлгірді-ау, өзімше бір сағыныш арқалап келем.Туған  топырағым болғандығы үшін де сағынуға, ұмытпауға қақым бар. Алайда, ел деп еміреніп, тіл деп тебіреніп, ершігімізді түзеп, елу елдің  қатарына  көсілген  тұста, көк тудың  желбірегеніндей  асқақ сәттерімізді көргісі келіп, Ата қонысына жете алмай жатқан  қандастарымыздың сағынышы  әлдеқайда басым. Олар туған жерінен  жеріді демеңіз. олар бұрымды қызы мен  тұлымды ұлының болашағын  көздеуде. Олар қазақ елінің  қасіреты мен  қуанышына  ортақтаса  алады. Өйткені  қанымыз бір қазақпыз.

…Қара кемердің  аржағында  делік. Халық биі «Қара жорғаға» басқан бір қауым бар. Қара шал мен  қара кемпірдің  қара домалақ ұлы  қаракерін  ойнақшытады. Қара көз айым  шолпысын сыңғырлатып, қара бұлаққа кетіп барады. Қараша үйдің  қара шайы тәтті, қара домбырасы  күмбірлеп, қара шоқпары  күбірлеп  сыр шертеді…

 Қадырсұлтан Нүсіпқан




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑