banner-top12

Оқырман хаты till

Қосқан уақыты Қараша 20, 2014 | 795 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ана тілін шекараны қорғағандай қорғауымыз керек

Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізгі құралы. Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, кор болып қалады. Адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алады. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, адамның жан дүниесі іш қазандай қайнайды. Қысқасы, адамның адам болып қалыптасуының барлығы сол тілдің арқасы.
Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине ол ұлт үшін де өте қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт – дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін ең бірінші тіл керек. Ұлттың тілі кеми бастауы құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмауы керек. Әрбір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, сабырлы мінезі – бәрі де көрініп тұр. Қазағымның сары даласы қандай кең болса – тіліміз де сондай кең, әрі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ.
Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына да қарсы тұруы тиіс. Себебі тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Басқа тілді білсең, әрине мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды. Ең бірінші туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, оны құрметтеуге міндеттісің. Өйткені ана тілі – ар өлшемі. Тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Қазір көптеген жастар өз ана тілін дұрыс білмейді. Ата – бабаларымыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілімізде сөйлеп, айналамыздағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде бөлісуің керек. Себебі, тілден аскан байлық жоқ. Мал-мүлік, алтын күміс, асыл қазыналарыңның барлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Ал халықпен бірге жасайтын тіл байлығы мәңгі тозбайды, ол өзіңмен бірге кететін асыл қазынаң.
Қазақ тілі өзінің даласындай кең пішілген, жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашан да даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, брінші ырысымыз, біз сондықтан «ана тілі» дейміз. Қазақтар «ана тілі» деп тілімізді ерекше құрметтейді. Демек, ана тілін шекараны қорғағандай қорғауымыз керек.
Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш деп өте орынды айтылған. Өткені, ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттың бойына қасиет тана сүтімен кірмейді. Қазіргі таңда ұлттық тіліміздің – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге барлық қазақ ортақ күш салуымыз керек. Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық. Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады.

Қарлығаш Байсейітқызы
Алматы қаласы Түрксіб аудандық
ХҚКО инспекторы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑