banner-top12

Әдебиет img

Қосқан уақыты Маусым 5, 2017 | 543 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ

«Ана» үш-ақ әріптен құралған осынау бір сөздің астарында қаншама мән жатыр десеңші.Тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің қайнар бұлағы анадан қасиетті, анадан киелі ештеңе жоқ. Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы. Кез-келген адамның әдептілігі мен жан-дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді.

Бесікті – әлемге, әлемді бесікке теңестіріп отырған да  ананың Алладан берілген құдіретті қуаты. Ұлы теңеудің  баламасы да Ана, Отан – Ана, Жер – Ана, Тіл – Ана.

Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,

Келтірген дүниеге нелер дана.

Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,

Өмірдің алтын кілті сонда ғана, – дегендей, тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана.

Сан қилы кезеңді басынан өткерген қазақ халқында аты аңызға айналған абзал аналар аз болмаған.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев атамыздың Ұлжан, Зере есімді аналарының  қандай  кісілер болғандығын шығармалардан білеміз. Ал Абайдың арғы бабасы Олжай батырдың жары Айпара ана жайлы не білеміз? Әрине, ол жайлы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ұлтымыздың ұлы ойшылы Абайға қатысты деректер мені қызықтырушы еді. Абай бабамыздың тегін, қандай ұрпақтан тарап тәлім алғандығын білуге ынтығушы едім. Оралхан Бөкейдің 2010 жылы Алматыда басылып шыққан “Кербұғы” кітабындағы “Айпара ана” әңгімесін оқып қайран қалдым. Айпара анамыздың бойында қаншама қасиеттер тұнған, неткен көркем мінезділік! Абайдың ұлылықпен, Құнанбайдың тектілікпен өсіп, артына із қалдыруы ошақ басындағы ардақты аналарға байланысты шығар деп ой түйдім.  Бұл әңгімеде тағлым-тәрбиенің бәрі бар. Ұлы ақынның  арғы бабаларының өмірінен қысқаша үзінді айтылған. Қысқа болғанымен тәрбиесі теңіздей. Айпара ананың бар төзімі, еріне адалдығы, тазалығы, мейірімділігі, ұстамдылығы, даналығы, көрегендігі, күйеуін құдайындай сыйлап, құрметтеп отыруы нағыз әйелдерге тән қасиет. Әйелдерге қандай қасиет тән десеңіз, соның бәрі Айпара ананың бойынан табылады. Кітапта анамыздың барлық қасиетін жіпке тізгендей жазып шыққан. Бойында бір мін жоқ асыл әйел-ана–жар. Оқыған сайын өзіне тарта түседі, сүйсінісіңіз арта түседі. Ананың әрбір іс-әрекетіне, мінезіне, сөзіне, тапқырлығына, төзімділігіне басыңызды еріксіз иесіз.

Ондай  аналар біздің заманымызда да бар, алайда Айпара анадай бесік жырын айтар, жастарға үлгі-өнеге болар аналар мен әжелердің азайып кеткендігі қынжылтады. Қоғамымыздағы қыздар тарапынан көрініс тауып жатқан келеңсіз құбылыстардың орын алуы, анадан тәрбие алған қыздардың, тәрбие берер аналардың аздығы дер едім. «Ұлтты қыз сақтайды, қызды жұрт сақтайды» деп қыздарына сенім көрсете білген қазақ ата-бабаларымыздың аманатын абыроймен жалғастырып,  Айпара сынды аналарымыздың жолын жалғайық.

Отанының туын нық ұстар ұлдарды,  тектілерді, ұлыларды өмірге алып келер аналарамыз көп болсын.

                                            

    Гүлмарал Ерсұлтанқызы,

                                                                          ҚМУ-дың студенті

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑