banner-top12

Жолсапар ankara

Қосқан уақыты Қараша 10, 2014 | 588 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Анкарадағы екі күн.

Алматыдан төте ұшқан “ТУ-116” Анкараға еңкейгенде жергілікті уақыт түскі сағат бір еді (Алматы мен Анкараның уақыт айырмасы үш сағат). Түрік елінің халықаралық ауалаңында (аэропортында) бізді аса салтанатты болмағанымен жүздерінде жаттық жоқ, мейірімді, меймандос адамдар қарсы алды. Бас ғимараттың шыға берісінде бірі зор, бірі шағын екі автобус тұрды.

– Иш адамлары бұрда отырайур, – деп хабарлады тым сымбатты түрік жігіті. Ол – іс адамдары мұнда отырады дегені екенін тәржімесіз түсініп, іскерлер тобы солай бет алды.

– Басынлар (баспагерлер) былай қарай жүріңіздер, – деген ишаратқа ілесіп біз екінші автобусқа кіре бастадық. Бізбен бірге үш жігіт отырды. Сыртқы істер министрлігінің, ақпарат орталығының өкілдері және Анкарадағы совет елшілігінің жас қызметкері.

– Ауалаңның аты Есенбұға деп аталады, – деді ақпарат өкілі. – Бұға – кәдімгі сиырдың бұқасы…

Алғашқы түсіндірме сәл күлкі тудырғанымен әжептеуір әңгімеге арқау болды да Есенбұғаны еске түсірдік.  Біз білетін әйгілі екі Есенбұға бар. Бірі 14 ғасырдың бас кезінде Мәуреннахар мен Моғолстанды тұтас билеп, дала императоры атанған Шағатай ханы, Дува ханының  баһадүр баласы Есенбұға да, екіншісі 15 ғасырдың ортасындағы Моғолстанның әйгілі әміршісі болған Есенбұға. Егер, ол болса, Әз Жәнібек пен Керей қазақты Әбілхайырдан бөліп алып елдік іздегенде Жетісудан қоныс беріп, қазақтың халық болып қалыптасуына қамқор болған хан. Ал бұқа, бұға – қаһармандықтың, даналықтың, батырлықтың баламасы. Түркі халықтарында Білгібұқа, Байбұқа, Белбұға, Кетбұға деген атақты тұлғалар аз болмаған. Бәлкім, түріктердің өздерінде де бір Есенбұға болған шығар. Қалайда, Түркия топырағына табан тигенде естіген есімнің Есенбұға болғаны, халықаралық аэропорттың солай аталуы біздің тарихи тұтастығымызды аңғартқандай әсер етті.

Тегінде, Түркия территориясы жағынан азиялық, европалық болып бөлінетін, бір тарапы теңіздер арқылы Африкамен де астасып жататын, ал шекарасы Азияның төрт, Европаның екі елімен шектесетін, тоғыз жолдың торабы сияқты. Елдің астанасы Анкара оның азиялық бөлегі Анатоли үстіртінің оңтүстігіндегі әйгілі Чебук және Анкара өзендерінің аралығында орналасқан. Алпысыншы жылдары бір миллионға жетер-жетпес қала халқы бүгінде төрт миллионға таяпты. Бірақ, қала төбесінен айнала ұшпасаң қатпар таулар мен ойлы-қырат адырларға орналасқан қаланың шет-шегін барлап-байқай алмайсың. Айналаны адырлар көзден тасалап тұрғандықтан атырапқа алаңдамай, жол бойындағы  ғимарат,  құрылыстардың маңдайларындағы жарнама – жазулардан жақындық тауып, түсінікті тіл теріп, орам сайын көзге түсетін мешіттер жайлы әңгімелесіп келе жаттық. Жол серіктің айтуы бойынша Анкара негізінен әкімшілік орталықтары, мешіт-медреселер, оқу орындары, сауда-саттық аймақтары болып жіктелетін көрінеді. Қала орталығына кірген сайын құрылыстар мен банкілер, мұнаралар мен минараттар зорайып сала береді. Көшелерде көзге бірден шалынатын айқыш-ұйқыш керілген транспоранттар, желбіреген жалаулар. Бұл – Жұмһуриятта жүргізіліп жатқан парламент сайлауы науқанының жарнамалары. Бұйук Анкара отеліне (Анкараның жоғары дәрежелі мейманханасына) орналасып, алғашқы дәмге отырғанымыз сол еді. Ту сыртымыздан саңқылдаған сәлем естілді. Ол – Анкарада тұратын Ұядан Ахай дейтін ағамыз екен. Бұл кісі маған бұрыннан таныс. Бұрнағы жылы Алматыға келіп, , “Қазақстан” қоғамының құрметті қонағы болған. Былтыр осы қоғам ұйымдастырған, қазақтардың туыс іздеген тұңғыш тобын Анкараға әкелгенде үйінде мейман болып, мәз-мейрам сәттерді бірге өткізгенбіз. Содан бері Қабдеш, Қабдырашит атты екі ұлы бірдей Қазақстанға келіп-кетіп жүретін, бір өздері ғана емес, сырттағы ағайындарды атамекенмен жалғастыруға дәнекер болған қауымшыл адамдар.

– Қош келдіңіздер, бауырлар! Қазақ тарихындағы тұңғыш Президентімізді көруге асыққан ағаларыңның алдарыңнан шыққаны осы деп біліңдер. Мынау қарт алақанда сан жылдардың сағынышы жатыр, – дейді. Басқаны қайдам, осы сөзге өзімнің  қарным тоғайып қалды. Содан бастап мейманхана төңірегі қазақтарға тола берді. Бәрі сұхбаттасқысы, сырласқысы, орайы келсе, үйлеріне ертіп кеткілері келеді. Бірақ біз көп едік. Президенттен бір тәулік бұрын барған бұл топта қырық шақты іскерлер мен он алты жазушы-журналист бар-тын.

Түркиямен танысу түстен кейін Анкарадағы Совет елшілігінен басталды. Бас елші ұзақ әңгіме өткізді. Іс адамдары астананың іскерлігімен айналысып кетті де, қаламгерлер қала аралады, баспа орындарына барды. Түннің бір мезгіліне дейін қонақ  үйдің есігін суытпаған, тіпті, сонау Стамбул, Измирден, Европадан телефон шалып жатқан бауырлардың жандүниесін қызыл сөзбен жеткізу қиын.

Елең-алаңда телефон қоңырауымен ояндым. Кәдімгі Халифа Алтай қарттың таныс үні. Түнделете жүріп, Стамбулдан жеткені осы екен. Жүгіріп астына түстім. Қасында өзіміздің Қалтай ағамыз бен Иран қазағы Ислам Жеменей бар. Конияға суыт жүріп бара жатқан жолында бізге соғыпты. Кең құшағына қыса тұрып, Халекеңнің алғаш сұрағаны Қазақстанда басылған Құран тәпсірі. Арнайы ала келген тұңғыш қазақша тәпсірдің мұқабасын сүйіп, маңдайна баса қабылдады да, қолымды қайта қысып құттықтады.

– Иншя-Алла. Бұл – зор табыс, шексіз қуаныш. Жетпіс жыл желкеленген ислам тағлымының қайта таралуына сіңірген еңбегіңнің сауабы Алладан қайтсын.

– Құран Кәрімді тұңғыш аударған қазақ сізсіз. Мұны өз еңбегіңіздің жалғасы деп білгейсіз, – деп жатырмын.

Иман мен ислам жолын бекем тұтынған Түркияға, ондағы қазақ бауырларға апарған менің ең кәделі сыйлығым да осы еді. Мұсылмандықтың бір тұтқасы тәрізді қарт қазаққа таңсәріде тапсырған осы сыйым ол кісіні қатты қуантты.

25-ші қыркүйек. Сәске түс. Есенбұға ауалаңы. Қазір Президент Н. Назарбаев келеді. Ауалаң айналасы әсем. Табалдырықтан трапқа дейін төселген алқызыл кілем. Алаңда салтанатты үш сап тұр. Әскери шеп, кілем төсеген ұзын жолдың бойында қазақша киінген, гүл ұстаған, нан-тұз көтерген бұхаралық шоғыр. Арнайы жабдықталған тағы бір тұста түріктердің ұлттық киімін киген жасөспірімдер тізбесі. Бұхара тобының төр басында тұрған қазақтар да маған таныс болып шықты. Мәжит Жаналтай, Абдулла Апыз, Құланбай Назыр, Мұхамади Қылыш, Фазыл Топлы, Дәуіт Ашықкөз, Талғат Халық, Ғулям Айдар, Шехмансур… жиыны жүз шамалы жан. Сонау Стамбулдан, Измирден, Сәлехлыдан, Кониядан алды кеше, соңы таң ата жеткен жұрағаттар. “Қазақстан Жұмһурбашқаны Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қазақтың  жалғыз көсемі – көсегең көгерсін!” деген сөздер жазылған транспоранттар.

Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшысы Қалдарбек Найманбаев, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Төлен Әбдіков үшеуміз Ұядан Ахай қартпен оңаша сұхбаттың сәтін таптық.

– Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам айып етпеңіздер, – деді ол кісі. – Қазақ Президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі зор қуанышым. Бұған жеткізген Тәңірге мың шүкірлік. Әттең, жаңағы жерде “Истихлал маршынан” (Түркия гимнінен) кейін  қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса, біздің бойымыздағы қан ағысы екі есе ұлғаяр еді-ау…

Әңгімені бір бастап алса, тоқтамайтын әдеті бар ма, қалай, “бұл былай ғой” дегенге ден қоймай, ойындағысын түгел айтып шықты. Мемлекеттік ту – оның түр-түсі, таңбасы қандай болу керек, иманнан алыстап кеткен мұсылмандарға ислам тағлымын қалай дарытқан дұрыс. Қожахмет Яссауидің әлемдік даңқын неге қалпына келтірмейсіңдер. Хан Тәңірі бүкіл түркі халқының қасиетті шыңы емес пе еді. Жұрт жорыққа аттанса, жақсы тілек тілесе, Тәңір тауына тәуап етпеуші ме еді. Сол Хан Тәңірін бүкіл түркі елі жылына бір жиналатын тілек төбесі етсе болмас па еді. Жібек жолына жан бітірген бауырларым-ау, Хан Тәңірінің аруағын оятсаңдаршы…

Әрине, орайдағы ой-жоспарлар жөнінде біз де үн қатпай қалған жоқпыз. Бірақ, Ұйекең соның тез болуына жақсыны бірден жаңғырықтырып жіберуге асығады. Социализм қанша сойқандаса да қазақ топырағының қазынасы қағылған жоқ. Ала білгенге әлі де мың жыл азық болады. Соны сырттың сұғанақтығынан сақтап, түркі халқының игілігі етсек  деген, әрі қанағаты, әрі қызғанышы бар ойларын ұсынады. Былай қарағанда біртүрлі естілгенмен, толғамды адам бұл ниетті де бөтен дей алмақ емес.

–               Елдің атын ер шығарады. Халық – ханымен күшті, – дейді Мәжит Жаналтай жанасалап жүріп сөйлескеннің өзінде. – Ел сілкініп, ер туып, аруақ оянып жатқан дәл бүгінгі қайта өрлеу тұсында Нұрсұлтан інімнің туысы бір Түрік еліне қаламгерін де, саудагерін де, іскер адамдарын да ала келгені тегін емес. Қапысыз жазыңдаршы, баяғы Мағжандай, түркі аруағын жазыңдаршы. Соның ішінде, жүректегі жүктерін жеңілдетіп, сағыныш сарығын басып алуға қаратер болып жүрген біздің жан сезіміміз де жүрсін.

Сол Мәжит бастаған түрік қазақтарының басшы-қосшылары Президенттің өздерімен кездесетін сәтін анықтап алғанша, тәулік бойы топырлап біздің төңіректе жүрді. Қазақ делегациясының  құрметіне берілген концертке қатысқан, түн ортасын аударып тарады. Соның өзін санатқа қосылғандай қуаныш көрді.

26-шы қыркүйек. Ертеңгі сағат 10-да Ата Түрік мовзолейіне зиярат жасалды. Одан соң парламент үйінің мәрмәр сарайында қос президенттің ресми келісімге қол қою салтанаты болып өтті. Сапар бағдарында белгіленген екі ел арасындағы мәдени-экономикалық қарым-қатынас, Азия мен Европаны тұтас жалғастыратын әуе, темір, су жолы, сауда-саттық өндірістік қауымдастық туралы мәселелердің бәрі ресми имзаланды. Өз басым олардың бәрінен дипломатиядан гөрі қан қарындастық,  тіні, тілі, ділі бар туысқандық қайта қауышудың, болашаққа деген бекем сенімнің самалын сезгендей болдым.

Анкара күндері аяқталып қалған еді. Ендігі аз сәт қаланың тарихи орындарын көруге арналған. Амал не, Түркияның баспа-полиграфиясын, оқу-мәдениет орындарын, музейлері мен кітапханаларын аралауға уақыт жетпеді.  Керек десеңіз, Анкараны биіктен барлайтын мұнараның түбіне барып тұрып, басына шыға алмадық.  Бірақ, мұсылмандықты ұмытпадық, имандылыққа қарай ниетіміз ауа берді. Сөйтіп, соңғы сәт Анкараның айтулы мінәжат орны – Қожатөбе жамин (мешітін) көруге пайдаланылды. Ол құрылысы 1967 жылы басталып, 1987 жылы біткен ғимаратында 16 ғасыр үлгісі мен осы заман бедерлері бірігіп жатқан ұлы құрылыс. Жалпы аумағы біздің мөлтек бір ауданымыздың көлемін алып жатқан мешіттің ішінде ғана 24 мың адам намаз оқиды. Күмбезді төбеге ілінген шамдалдың салмағы ғана 701 тонна екен.

Аяқ киімді табалдырыққа тастап, кілем төселген күмбез ішіне кіріп, михрабқа жақындап барып, жапа-тармағай отырыса қалдық. Еріндерінде ептеп жыбыр болғанымен құран сөзіне ұқсайтын күбір естілмейді. Әркім іштей инабат ететін сияқты. Бесін намазының төрт ракағат парызын өтеп жатқан түріктер иірілген отардай қоралана қалған бізге көздерінің астымен қарайтын сияқты. Қасиетті мешіттен үндемей  шығып кетуді күнә көрді білем Шерхан Мұртаза білген аятын оқып болды да маған ишара жасады. Мешітке жұрт негізінен құраннан гөрі намаз оқуға келеді. Елден ерек рукаға иіліп, сәждеге жығылып жатпай “Аятуль-Күрсіні” үн сала оқып, қол жайып бет сипадық. Төңірегімізде отырған түріктер де “Амин” деп үн қосты. Қуақы құрдастар бізге: “Шоқ, шоқ тешаккур”, – деседі.

–         Инша-Алла, – деп бәріміз де ұлы  Жәмиден үлкен қанағатпен шықтық. Ендігі бағыт – Измир.

Уақап Қыдырханұлы, 1991 жыл

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑