banner-top12

Өнеге no image

Қосқан уақыты Наурыз 19, 2013 | 972 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ақ жүректі ақын, ісмер, батыр ана

 

 

Батыс Қазақстан обылысының Сырым ауданы,            (бұрынғы Жымпиты) Жосалы ауылынан шыққан ақын, сазгер, ісмер, он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана Дәмелі Құсайын қызын бұл күнде біраз адам біледі деуге болады. Бірнеше өнер бір адамның бойынан табылып жатса, мұны музыка зерттеуші ғалымдар өнердегi «синкреттiлiк» деп атайды. Міне, осындай өнер қонған сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз, он саусағынан өнері тамған шебер, бірнеше кітаптары жарық көрген  ақ  жүректі ақын ана. Жүзінен мейірім мен имандылық төгілген Дәмелі апамыздың  тағы бір ерекше қасиеті, қоғамда болып жатқан барлық жаңалықтарға жанын салып араласып, өлеңмен өріп, өз үлесін қосып отырады.

Бірнеше рет аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық байқаулар мен көрмелерге киіз үй тігіп, жүлделі орындарға ие болған. Махамбет Өтеміс лының 200 жылдық мерейтойына орай «Дала қызықтарына», сахналық қойылымға Махамбет батыр мен оның сарбаздарына арнап батырлардың киімін тіккен шеберлігіне  тәнті боласың.

Елдің тыныштығын, бейбітшілік өмірді тілейтін «Бейбітшілік ұраны» деп аталатын патриоттық  өлеңінің сөзін де, әнін де өзі жазған екен:

Өмір қалай өтіп жатыр байқамадым.

Бақытты елдің бесігінде шайқаламын.

Менің елім қазақ елі екендігін

Бар әлемге мақтанышпен айтамын.

 

 

 

 

Жаршысымын бейбітшілік ұранының,

Көмейімнен жыр тасқыны тұр ағылып.

Біздің елдің  тілейтіні  –   бейбітшілік,

Ұрпағына    үйретері   –     қырағылық .

 

Жаршысымын бейбітшілік хабарының,

Паш ететін бақытты елдің жаңалығын.

Құшағы кең егеменді ел атанған

Қазақстан деген елдің адамымын.

 

Міне, осы әнді 2011 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық  қазақ творчестволық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен, дүниежүзілік балалар фестивалінде Атыраулық жас өнерпаз Тұрғанов Аятолла орындап I-ші жулдеге ие болған еді. Ал, осы әннің авторына «Бейбітшілік әлемі» алтын медалі мен дипломын жоғарыда аталған бірлестіктің президенті, э.ғ.д профессор Әбен Алдаберген ұлы Нұрманов табыстаған болатын. Кейін осы бірлестіктің кітапхана қорына Дәмелі Құсайын  қызы өзінің «Әке», «Мұра», «Өнер өрге өрлетеді», «Өлең өлкесінде», 2010 жыл, «Із», «Жан жарығы» атты кітаптарын тапсырып,  халықаралық кітап көрмелеріне қатысып, Халықаралық жазушылар одағының төс белгісімен және куәлігімен мараппатталды. Өзінің тіккен киіз үйлері және қолөнер бұйымдарымен таныстыратын деректі фильмдерінің бейнетаспасын да, өз қолынан шыққан қолөнер туындыларын да осы қорға табыстап, «халықаралық қолөнер шебері» атағымен марапатталды.

Ақсай қаласының  40 жыл толуына орай өткен мерекелік концертке және Мұхит бабамыздың шөбересі  Әсия Мұхитованың «Сағыныш» атты шығармашылық  кешіне қатысып Мұхит атамыздың әндерін орындаған болатынмын. Дәмелі апайды осы концертте алғаш көрген едім. Сахнаға шығып қошемет көрсетіп, ақ тілегін арнаған апайға риза болдым.

2009 жылы Казақстан республикасының халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жыл толуына арналған «Әнші дауысы» атты жеке концерттік сапарыммен Ақсай қаласына келгенде Дәмелі апайды іздеген едім. Концерттен соң, ерекше ықыласын білдіріп, Ғарекең тіріліп келгендей әсерде болдым және өзің де ән салған кезіңде  әнге айналып  кеткендей екенсің  «Ән болып кеткен Ажар қыз» деген өлең шығардым деп шабыттана оқып берді. Кейін «Із» атты кітабында жарияланды. Ал, Атыраулық сазгер Қ.Р Мәдениет қайраткері Елемес Мағазов ән шығарып, «Ән болып келген дара қыз» деп Қазақстан телеарнасында өткен «Сегіз қырлы» ән сайысы бағдарламасында дәстүрлі әнші Ақкенже Шаужанова орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, үздік әндер қатарына қосылған еді. (Біз естімеген бір ән бірінші орындалды).

Ғарекең бүгін тіріліп келіп ән салды-ай

Ризалықпен, көрермен халқым қарсы алды-ай

Домбырасымен шырқады беу, сал Мұхит,

Әншінің сол сәт дауысын естіп тамсандық.

 

Қайырмасы:

Ән болып келген дара қыз,

Ән-жырсыз өмір ажарсыз.

Шырқай бер жаным, шарықта,

Ғасырға самғап барарсың

 

Отырдым тыңдап, калканың салған дауысын,

Шырқады Мұхит, Ғарифолламен ауысып.

Әншінің дауысы сезімді қозғап толқыдым,

Сал-сері болған бабаларыммен қауышып.

 

Өзінің еңбек жолын да бала тәрбиесіне арнаған  Дәмелі апай жұбайы Шапай Қажығали ұлымен бірге мектепте ұзақ жылдар бірге еңбек етіп, жарасты өмір кешіп, бұл күнде құрметті демалыста немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған ардақты әже.  Шапай ағай өмірден өтсе де, шаңырағында жапырақ жайған ұрпақтарын өсіріп, тыным таппай өлеңдерін жинақтап,  кітаптарын шығарып, халықтың игілігіне асырып жүрген еңбекқор ана. Дәмелі Құсайын қызының 2011 жылы шыққан «Жан жарығы» атты  кітабына сөзін де, әнін де өзі шығарған бірнеше әндері нотаға түсіріліп жарияланды. «Туған жер», «Тағдырым», Бейбітшілік ұраны»,  « Болмасын соғыс»,  «Он қазық», «Сағыныш саздары», «Елбасына» т.б әндері қазақ радиосы мен жергілікті «Ақсай» радиосынан  берілді. Менің репертуарымда осы аталған әндер де бар.

Дәмелі апай өзінің әндерін орындап та береді. Шығармашылық жаңалықтарымен бөлісіп, пікір алмасып тұрғанға не жетсін!

Ғарекеңнің 100  жыл толуына орай өткен концерттен соң, ақын Төлеген Айбергеновтың «Әуен мен Ырғақ» толғауына  ән туды. Алғашқы тыңдаушым да Дәмелі апай болды. 2012 жылы  Алматы қаласында Төлеген Айбергеновтың 75 жылдық мерейтойына орай республикалық композиторлар байқауында II-ші жүлде алып лауреат атандым.

Дәмелі апай біздің жетістігімізге де бірге қуанып, ақ батасын жаудырып отырады. Осынау абзал анаға:

«Көңіліңіз ортаймай, жаныңыз қартаймай, әлі де алар асуларыңызды бағындырып, шалқар шабытпен, толағай табысқа кенеліп, денсаулығыңыз мықты болып, аман-есен немере-шөберелеріңіздің кызығын көруді алла   сізге нәсіп етсін!»  демекпін.

 

Ажар Сейтенова, дәстүрлі әнші,

республикалық байқаулардың лауреаты,

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑