banner-top12

Ізгілік 1000_596759414e

Қосқан уақыты Қаңтар 26, 2015 | 945 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ақ халатты Айгүл – ақ қанатты періште

(Қ Х Р-дағы атақты дәрігер, шебер туытана Айгүлдің апай жайлы үзік сыр)

Өткен жылдың сәуірі. Табиғаттың мінезі ғажап, тосын, түнеріңкі болды ғой. Аспан түбі тесіліп кеткендей жылауық жаңбыр еңіреді де тұрды. Ауырып жүрген аяулы аналары Айгүл “ауырлап қалыпты” дегелі бері балаларында дегбір жоқ, бәрінің ойы алаң, бәрінің көңілі жарым. Табиғатпен туысып, үнін естіп, тілін ұғып өскен қазақ баласына әлгінің бәрі бір нәрсені сездіргендей. Кейде жүрегіне соғылып дір еткізіп, кейде көңіл-күйлерін жалмап жеп, еңселерін көтертпей басып-жаншып кетеді. Жүрек, шіркін, қанша сезімтал болса да көңіл шіркін «жамандыққа» дауаламайды, жору жасағысы келмейді. Бірақ, бірақ… Құдірет өз дегенін қылады екен, тағдыр өз сызығымен болады екен. Қара жер қаншалықты суық болса, дәл сондай суық хабар: «Аналарың дүние салды!», «Айгүл бақиға көшті!». Қандай қасірет, балаларының басына ашық күнде найзағай ойнап, жай түскендей болды. Бәрі де бір-бір үйдің иесі – соқталдай азаматтар, білдей әкелер, білікті шешелер. Бәрінің де көзінде мөлтілдеген жас, жүректерінде мұңлы шер, көңілдерінде ауыр күрсініс, бәрі де жер бауырлап жатып қалған. Бұларды дейсіз ғой, анау тау тұлғалы, еңселі Тәкеңді (Айгүлдың қосағы) айтсайшы. Сұм ажал, суық хабар оның да еңсесін түсіріп, белін бүгілтіп кетті…
Ананың орны өзгеше ғой, егер ол жәй ана емес, талай ажалға шырылдап араша түскен, ақ халатты періште болса, айналасына мейір-шапағатын аямай төгіп жүретін аяулы жан болса, талай ананы қиналыстан құтқарып, талай сәбиге өмір сыйлаған ғажап ана болса. Барлық тума-туыстары, дос-құрбылары, абысын-ажындары, қызметтес серіктері, тіпті, көрші-қолаңдары, айнала жұрт тегіс егіліп, күрсінді. Жақсы адамға мың кісілік орын бар деуші еді. Жақсы адамның қазасының орны да басқаша екен, ауыр екен, қасіреті бөлек екен. Иә, Алладан кейін жарық сыйлаған аяулы анаң о дүниеге кетіп бара жатса, Құдай қосқан қимас қосағың кетіп бара жатса, талай таңды әңгімемен атырған сырлас құрбың кетіп бара жатса, талай күнде көкейіңе ой салып, жігеріңе от беріп жебеген ақылман саптасың кетіп бара жатса, ат жалын тартып мінгеннен иығыңнан қағып ұмтылыс беріп, өмірлік үлкен бұрылыстарыңа себепкер болған ұлағатты ұстазың кетіп бара жатса, о дүниеге-ақтық сапарға аттанып жүре берсе, артына қайрылмаса, неге жыламасқа, неге қайғырмасқа…
Бірақ, «Болмасқа болаттан да берік бол» демеуші ме еді атам қазақ. Қайғырумен, жылаумен өлген тірілмейді екен. Тірілмейтініне анау суп-суық, дықты, зілді көр топырақ сендіреді; Мәңгі толмайтын қаңырап бос қалған орны сендіреді. Сендіреді, сенесің; Көндіреді, көнесің. Бұрынғыларда көнген, сен де, біз де, бәріміз де… Құдай-Тағаланың дарғағына көнбек керек, ақылдың салқын сабыры керек мұндайда. Болаттан да беріктік керек. Былайғы жерде сауапты жұмысқа көшейік: құран бағыштайық, азғана уақыт өз-өзімізге келіп, марқұмды – аяулы Айгүлді, оның жер басып жүрген шақтарын еске алайықшы.
Айгүл алдымен көшелі бәйбіше, аяулы ана еді. Менің айтып отырғаным, ол тапқан балаларының ғана анасы емес, көпке ана болған, ана бола білген адам еді. Үйіне барғаныңда қатал әмірші кіргендей орнынан қарғып тұрып, кәукелектей қарсы алатын, арқа-жарқа ақ пейілін төгіп, мәре-сәре дастарханын жайып, бар пейілін, жылы сөзін үйіп-төгіп, кісі үйінде отырғаныңды ұмыттырып, мейірге шомылдырып жіберетін. Соның куәгерінің бірі өзім десем болады. Танысқаннан кейінгі, түсініскен, құда-жекжат болғаннан кейінгі уақиға емес, бейтаныс кездегіні, күйсіз кездегіні, елеусіз кездегіні айтам. Иә, кісінің кісілігін көретін шақты айтам.
Айгүл өне-бойы, сырт тұлғасының өзі жылы адам болатын. Содан ба екен, әншейін көлденең жанның өзі ол кісінің алдына барғысы, тіл қатқысы, жәй келсе еркелегісі келіп кететін. Адам жайдан-жай өйтпейді ғой. Ол кісінің ұялы үлкен көздерінен, дөңгелек жүздерінен (жарықтық, ол кісі келбетті адам еді ғой) мейір төгіліп кететін. «Айналайын», «Қарғашым» деп өте жылы сөйлейтін, іші-бауырыңды жылытып жібертетін адам еді. Алдында отырғаныңызда оның келбеті анаңыздың бет-бейнесімен алмасып кетіп отыратын. Мейлі шипа іздеп келген сырқат, тосат тап болған құдайы қонақ, жоқ іздеген жоқшы, ақыл сұрай келген қиналысты жан, оқыс кезіккен шалкем-шалыс біреу болсын, Айгүлдің алдынан ренжіп қайтқанын көрген, көрген емес-ау естіген емеспін. Кезіккеннің бәрі де көптен көрмеген анасын көргендей қуанатын. Соның куәсі ретінде Сәжида Айтқазы қызының «Айгүлге арнау» атты өлеңін оқи кетелік:
Айдайсың ана айқабақ,
Қандай мұң сені жайламақ.
Гүлсің сен күннен нұр емген,
Елің де сен деп еміренген;
Мен-дағы талай тебіренгем…

«Киелі» дедім мен сені,
Туған соң айың еңселі.
«Айгүлің келді!» дегенде,
Барлығың* басын иеді.

Умайдай ана сен болдың,
Жас ана, сәби балаға.
Жел жаттап асыл атыңды,
Жеткізді тау мен далаға.

(*Барлық – Шуешектегі жер аты).

Сосын Айгүл кереметтей шипагер, домалақ анадай туытана еді. Дүниеге тіршілік сыйлау, жарық фәниге адам әкелу – зордың зоры. Зор дегенде екі мағына жатыр. Бірі, ондай үлкен ұлы жоқ демек. Екіншісі, онан қиыны, онан зоры жоқ демек. Сосын шығар, біздің дана қазақтың «Екі қабат әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде дейтіні». Сондай, шыбын жаны шырқырап жатқанда Алладан кейін ақ қанатты періште болып келетін ананы да, баланы да құтқарып қалатын Умай-ана, Домалақ-аналар екен. Біз оларды аңыздардан естиміз, бірақ өздерін көргенміз жоқ. Ал, біздің өңірде ондай жанды көргеніміз рас. Ол Айгүл. Айгүлдің осы кәсібіне (мүмкін кәсіп емес, асқан өнер деген жөн шығар), пиғылдылығының, өзгеде жоқ сұңғылалығының, қас шеберлігінің, жан-жақты білімділігінің, көпке ана бола білгендігінің арқасында тірі кезінің өзінде-ақ аңызға айнала бастаған. Ол кісі араласа қалса-ақ қандай шарасыздықтың өзі сәтін тауып, қандай қиындықтың өзі оңайлана бастайтын; «Өгіз өлмесе, арба сынады-ау» деп тұрған қысталаң шақта, ол кісінің қасиетімен ана да сау-саламат, нәресте де аман-есен қалып жататын. Салтанат деген қарындасымыз болушы еді. Хал үстінде жаты. Дәрігерлер де, туытаналар да, екеуін де құтқаруға мүлде шарасыз қалған кезде Айгүл апайды ертіп әкелдік. (Ол кезде Айгүл құяңнан аяғын баса алмай төсек тартып, жатып қалған кезі еді. Сөйте тұра екі сөзге келмей құрақ ұшқанын бөле-жара айтуға болады). Үмітіміз кесілуге шақ қалғанда, сол кісінің ақылы, қолданған шарасының арқасында қарындасым тірі қалды, сәби де аман-есен жарық дүниемен қауышты. Осы күнде сол Қайрат (осы есімді Айгүл апайдың өзі қойған екен) университетті тәмәмдаған, атпал қызметкер. Қытайдағы Күйтүн елі, Шәуешек елі, Алтай-Қаба елі мұндай мысалдардың санын жырдай ғып айтып отырады. Бәрін тізбелей беретін емес, тек басым жағын, туытанаға қатысты жағын ғана сипай қамшыладық. Үшіншіден, Айгүл апай тек өнер иесі – үздік шипагер, қасиетті туытана ғана емес, нағыз ұстаз еді. Ол кісі мединститут, медколледждерге дәріс бермесе де, практика жүзінде ондаған шәкірт жетілдіріп шыққан адам. Ол кісіні жай мұғалім, шебер деген жеткіліксіз, «Ұстаз» деу керек шығар. Ол үшін не керек? Алдымен мол білім керек, одан соң оның шәкіртке ең керегін білетін сұңғылалық керек. Сосын бір қолында дарулы дәрі, бір қолнда шипалы пышақ ұстаған адам, көзқарақты шебер болуы керек. Одан кейін, шәкірт өмірінде бұрылыс, шәкірт білім-шеберлігінде секіріс тудыра алатын қасиет керек. Ең соңғысы және ең маңыздысы, осының бәрі еш қызғанышсыз, еш ренішсіз үйіп-төгіп бере салатын ақшелек сүттілік керек.
Айгүлдің шәкірті, кейінгі қызметтес серігі Шукура апай былай дейді: «осы айтып отырғаныңның бәрі де ол кісіде бар, ал сенің айта алмағаның да ол кісіде бар. Расында да ғажап адам еді. Менің осы күнім, осы шыққан биігім сол кісінің арқасы. Мен дәл сол кісідей қызғанышсыз ақ пейіл, мейірлі, жұғысты адамды ендігі әрі жолықтырмаған екенмін. Қасиеттілік емей не, өз бойындағы бар білімін, өнерін маған көшіріп қоя салған секілді». Шукура апайды білмейтін адам жоқ, ол Айгүлдің орнын басқан, асса өзінен артылып туылған шәкірті. Илануға болады, өзінен асырып шәкірт тәрбиелеп шыққан адамды «Ұстаз!» деуге әбден лайық. Төртіншіден, Айгүл апай ғылымның, зерттеудің адамы еді. Оның медицина ғылымына, туытқа қатысты отызға жуық мақаласы Қытайдағы елеулі газет-журналдарда жарияланды. «Нәрестені қалай асырау керек» атты ғылыми-танымдық кітабы Қытайда жарық көріп, жас аналардың қолынан түспейтін кітабына айналды. «Жел-құз аурулары» хақындағы практикалық құнды тәжірибелерге бай зерттеу сипатты көлемді кітабы басылуды күтіп жатыр. Бесіншіден, Айгүл апай асқан қажыр-қайраттың, төзімділіктің иесі еді. Ол жел-құздан екі аяғын баса алмай қалғанына жиырма неше жыл болғанын көпшілік біледі. Сөйтіп жатып науқас қабылдайтын. Сөйтіп жатқанда оны қиын туыттарда ертіп апарып, нұсқаушылық жасататын. Ол кісінің көмегімен қиын түйіндер шешімін тауып жататын. Ол кісі аурумын деп бұлданған, қабақ шытқан емес. Айналасындағыларды Айгүлдің бұл қыры да таңқалдыратын. Бірде Құмаң жарықтықтың (Құмарбек Сахаринды айтам): «Айгүлді – ауру Айгүлді көріп жүрген адам қазақтың «Ауру кісі ұрысқақ» деген мақалы өтірік пе екен деп қалады ә!»–дегені бар. Міне бұл көптің бағасы емес пе? Жиырма неше жылдық ауруға, салдыққа қабақ шытпай, өзгенің ес-ақылын кетіріп, мазасын алмай төзу, сондай жағдайда да өзгеден көмегін аямау екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Алтыншыдан, жетіншіден… тағы, тағы айта беруге болар еді.
Айгүл апайға ел алғысы бар екен, көп екен. Бірақ үкіметтің, ұйымның марапаты жоқ па? – дерсіздер. Бар, бар. Бар болғанда қандай… Айгүл апайдың тағы бір ерекшелігі сол марапаттарды елеп-ескеріп жатпайтыны. Тап осыған айғақ ретінде келтіре кетейін, Күйтүн қалалық теледидарында істейтін Дауыл Асқапұлы: «мен тілшілік жұмыспен Айгүл апайға барған едім. сыйлық марапаттар жұмысының кезегі келгенде «бірсыпырасы бар еді, кілетте тұр» деп шашылып жатқан марапаттамаларды көрсетті. «Ал, сіз үкімет жағынан медаль алды деп естідік қой», дегенімде, «бір-екеуі бар еді» деп көкөніс қойған сөренің үстінен шаң басқан екі медальді алып шықты деп еске алады. Айгүл апай тек халыққа ғана борыштармын деп есептейтін. Ал, сыйлық-марапатқа онша мән беріп жатпайтын. Бұл да Айгүл апайдың бір қыры. Бірақ, қандай қыры екенін ол кісімен сырдесте адамдар айта жатар.
Иә, Айгүл апай біздің есімізде, шырағының сөнбесіне себеп болған жастың есінде. Көмегі тиген көптің есінде. Алла Тағала алдынан жарылқасын, аумин!
Қалқазат ТӨЛЕУХАНҰЛЫ, ҚХР.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑