banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Қаңтар 15, 2014 | 630 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ақылды ел азаттық үшін арпалысқан ардағын ардақтайды

Қара құрлықтың азаттығы үшін арпалысқан Нельсон Манделаны елі 15-желтоқсанда жер қойнына шығарып салды. Оны бүкіл жер шарындағылар еске алып, БҰҰ-да бір минуттық еске алу үнсіздігін өткізді. Жерлеуіне әлемнің жетекші ел басшылары қатысты. Жақсының өмірі де, өлімі де үлгі. Н.Манделаның жерлеуі қазақ халқының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуі, біраз ой салады екен. Ал біз, азаттық үшін арпалысқан ата-бабаларымызды Тәуелсіздік күнінде қалай еске алдық? Еске алдық па? Әлде бізде азаттық үшін қан төгіп, жан берген ата-бабаларымыз болған жоқ па? Болса Тәуелсіздік күніне қарсы соларды неге еске алмаймыз, неге жастарға насихаттамаймыз? Әрине бар! Бірақ соларды еске ала алмай жүрген өзіміз.
Сонау, б.ж.с.д. 200 жыл бұрын Хан патшалығынан елін қорғаған Мөде қаған ұрпағының азаттығы үшін күресті. Одан кейінгі заманда Тұмар (Томирис) анамыз, «тәуелсіздігіңнен айырып құл қыламын» деп асқақтаған Құрыш (Кир) патшаның басын алып қанға малды. «… Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қара терімді төктім, қызыл қанымды жүгірттім – түркі елі үшін» – деген Күлтегін, ұрпағының тәуелсіздігі үшін аттан түспеді. Тоныкөк пен Білге қағандар да түркі баласының азаттығы үшін ер жастанып, аттарына ауыздықпен су ішкізді. Керей мен Жәнібектер Қазақ хандығын құрып, қазақты жеке ел етті. 200 жылдай жонғармен жондасқан талай ата-бабаларымыз мерт болды. Абылай ханның тұсында, әлсіресе де жеңіп, қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалды. 300 жылдай Ресейге бодан болғанда, 300-дей бас көтеру болып тәуелсіздік үшін күресін тоқтатқан жоқ. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында күрес тәсілі өзгеріп, Заң арқылы, Ресей Думасы арқылы тәуелсіздік үшін күреске Әлихан Бөкейханов бастаған арыстарымыз шықты. Оларды да отарлаушы ел аяған жоқ. Көздерін жойды. Ізбасарларының ізін өшірді. Кеңес кезінде де қазақ халқы 380-дей көтеріліс жасаған. Соның соңғысының, 1986 жылы бас көтерген жастарымыздың қанын Алматы алаңында суша ағызды.
Тәуелсіздік күні осы бабаларымыздың бірде-біреуінің аты аталып, түсі түстелмеді. Қазақ халқы ешқашан тәуелсіздігі үшін күреспегендей, Кеңес Одағындағы үш славян республикасының басшылары «тарайық» деп келісімге келмегенде қазақтар басы салбырап бодан болып жүре беретіндей әсер қалдырды.
Тәуелсіздігімізді қадірлей алмай, ол үшін күрескен ата-бабаларымызды насихаттай алмағандықтан болар, қазір көптеген жастарымыздың патриоттығы төмен. Алдымен Елін, Жерін, Отанын қорғаудың орнына өз қара бастарын қорғауға бейім. Мүмкіндігі болса ақша жинап шет елге кетіп қалуға ыңғайланып тұрады. «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» дегендей, олар ит сияқты тойған жерінде жүруге арланбайды. Тіпті, өз елінде жүрсе де кейбіреулері тәуелсіздік үшін күрескен, қанын төгіп, жанын берген ата-бабасының атын атауға да намыстанатындай. Мысалы, Алматы қаласында көптеген автобустарда

жүргізуші мен кондукторлар қазақтың қыз-жігіттері. Бірақ солардың көбі аялдаманы ескі аттарымен айтуға әуес. Қабанбай батырды – Калинин, Бөгенбай батырды – Киров, Райымбек батырды – Ташкенская, т.б. деп ескі аттарымен атай салады. Оларда: «Қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен батыр ата-бабаларымыздың атында аталған көшелерді неге басқаның атымен айтуымыз керек» деген намыс жоқ. Намыссыз ұл мен қыз еліне тұтқа бола алмас.
Жастарымыздың тәуелсіздікті қадірлей алмай, намыссыз, ынжық болып өсуіне мемлекет те кінәлі. Басқа ел тәуелсіздік күнін 2-3 ай бұрын насихаттап, ол үшін күрескен арыстарын қастерлеп, БАҚ-тарында үзбей айтып, фильмдер түсіріп, барлық мүмкіндікті пайдаланып, жастардың санасына сіңіреді. Мемлекеттің тарихын есте жоқ ескі заманнан бастап жастарға күнделікті жеткізіп отырады. Ал, біз болсақ тарихы жоқ, өмір бойы бодан болғандай тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымызды ең жоқ дегенде «Тәуелсіздік күні» қарсаңында да дұрыстап айтып, насихаттай алмаймыз. Оның орнына «Христостың туған күні келе жатыр» деп жар саламыз. Тарихымызды дұрыстап насихаттай алмаймыз. Сондықтан да тарихын білмейтін ұрпақ тәуелсіздігін ұлықтай алмай жүр.
Егерде санасыз емес екенімізді, тәуелсіздігімізді басқалар сияқты қадірлей білетін ел екенімізді, жастарымызды патриот, намысты ұлан етіп тәрбиелегіміз келсе желтоқсанда алдымен «Тәуелсіздік күнін» тойлауымыз керек. Тәуелсіздік күнін ең жоқ дегенде 1-қарашадан бастап насихаттап, бұл туралы көшелерге, ғимараттарға, т.б. көрнекті жерлерге ұрандар ілінуі керек. Теледидарлар, БАҚ-тар осы күннен бастап әр түрлі хабарлар беріп, газеттерде жазылып, тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларды таныстырулары керек. Олардың аруағын сыйлап, бас июді насихаттауы керек. Өйтпеген жағдайда жастарымыз мәңгүрт болып, тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларын білмейтін болып өседі.
Тәуелсіздік күнін ысырып қойып, «Жаңа жыл келе жатыр» деп 38 миллион теңгеге шырша құрып құныперен болған, құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен, санасыз ұрпақтарына назаланғаны ма, әлде аруақтардың ескертуі ме, әйтеуір биылғы Жаңа жылға құрылған шыршалардың әлегі аз болмады. Павлодардағы шыршаны қойғанда екі адам құлап мерт болды. Астанадағы шыршаны жел ұшырып құлатты. Алматыдағы шырша өртеніп кетті. Алматыдағы шыршаны «біреулер әдейі өртеді» дегілері келді. Әйтеуір Астанадағы шыршаны «біреулер әдейі үрлеп құлатты» демегендеріне үшкір. Тәуелсіздік үшін қанын төгіп, жанын берген бабаларды ұмытпайық, халайық!
Тәуелсіздік күні өтпей Жаңа жыл туралы ауызға алынып, ешқандай шырша қойылмауы керек. Жаңа жыл туралы 18-желтоқсаннан бастап айтылып, қолға алынса да аштан өліп, көштен қалмаймыз.

Назрахмет ҚАЛИ
зейнеткер. Алматы қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑