banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! ццц-2

Қосқан уақыты Қараша 1, 2017 | 313 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АҚЫЛШЫ АҒАЛАР ЖӘНЕ ЕРКІНДІГІМІЗ

Қожакент ауылына – 50 жыл

Жақсы адамның қашанда сөзі алтын,

Өз халқының алдында жүзі жарқын.                                                   

Ауыл қарияларының сөзінен

«ХХІІІ партсъезд» совхозының бұрынғы «Октябрь» колхозының негізіне құрылғаны белгілі. Октябрь колхозы болса «Жаңа жол», «Мәдениет», «Еңбек» колхоздарының өзара қосылып ірілендірілгендегі есімі. Сол майда шаруашылықтың жиырма жылға жуық тарихы жатқан жерлерді 1986 жылы күзде жиырма жылдан кейін тағы араладық. Сонау алпысыншы жылдары Құдайберген екеуміз көріп куә болған ескі қоныста тұрмыз. Баяғы жаңбыр шайып, қож-қож болған қабырғалардан тамтық та қалмаған. Орыны да белгісіз, жер кепелер де бұл өңірде болмаған секілді. Бүкіл атырап қуатты техникалармен тегістеліп, егістік алқапқа айналдырылып жіберілген. Бір колхоздың орталығы орналасып, талай мәселелерді шешкен дегенге сенгің де келмейді. Тек өзекшенің жобасы ғана білінеді. Оның да ұлтанына жүгері егілген секілді, қадау-қадау паялары көзге ұрады. Өзекті өрлеп үш колхоздың балалары үшін қақ ортаға салынған «Ақшколдың» орнына тағы да келдік. Биік-биік қалың тораңғылдар қурап отынға ғана жарайтын ағаш болып қалған. Бір жақсы жері, төбені айнала жас тораңғылдар өсіп келеді екен. Мектептің түстік бетінен өтетін баяғы арба жол замана талабына сай салынған үлкен асфальтты жолға айналған. Күндіз-түнгі ағылған машина, басқа да техникалар тыным таппайды. Жолдың батыс жағындағы «Мәдениет» колхозының орналасқан жері де тегістеліп кеткен. Ерсілі-қарсылы тартылған атыз-арық, бергі жиегінде дала академигі, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың бүгінде мәтелге айналып кеткен «Егінші мәрт, жер жомарт», – деген сөзі көрнекі әріптермен жазылып мықты тұғырмен биікке ілініп қойылыпты. Одан әрі көз жетер жерге дейін егістік алқап. Өткендерді бүгінге сабақ десек, Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағылар үшін тонналап астық, ет өндіріп, жауынгерлерді жылы киіммен қамтамасыз етіп отырған аймаққа орналасқан шаруашылықтарда ешқандай белгі қалмағанына көңілің құлазиды. – Япырмай, – деймін өзіме-өзім іштей. – Бағзы заманда өмір сүрген бабаларымыз Күлтегін, Тоныкөк секілді даналарды айтпағанда, қарт Қаратаудың Арыстанды, Шолақтоған дарбазаларындағы қож-қож тастарға салынған белгілер, ондағы жазылған адамның аттары мен жан-жануардың бейнелері талай жайлардан хабар береді емес пе? Олай болса, күре жолдың бойынан арнайы тұғыр жасап, жолаушылар көретіндей етіп: – Бұл жер 1936-1950 жылдар арасында пәлен шаруашылықтың орталығы болған. Кейін қоғам, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген пәленшелер, осындағы бастауыш мектептен қанат қаққандар, сонымен қатар бұл өңір Ұлы Отан соғысына аттанып қайта оралмаған жетпіс жеті боздақтың соңғы басқан ізі қалған қасиетті жер, – деп ардақтаса қайтер еді дейсің.

Рас, кешегі Коммунистік идеология тұсында қасиетті дәстүр – салт, әдет-ғұрыптарымызды ысырып тастап, барлық мүмкіндігімізді жоспар міндеттемелерді орындауға жұмылдырдық та, басқаға мойын бұрмадық. Қазір егемендігіміз өзімізде, қалай шалқысақта көлденең тұрар ешкім жоқ. Жанашыр іздеушісі болмаса кемеңгердің де есімі құмға төгілген су сияқты өшеді деген бар. Солай да шығар. Бірақ, қазіргі Қожакенттіктердің бәрі негізінен «Жаңа жол», «Мәдениет», «Еңбек» колхоздарын ұйымдастырған азаматтардың ұрпақтары. Солардың ішінен шыққан қалталы азаматтар қолға алып, ықылас танытса, болып жатқан дүниелер емес пе? Мұның өзі тек бабалардың ғана емес елдің де тарихы ғой. Құдайберген де бұл пікірді қуаттай түсті.

…Әр кезеңнің өзіне лайық тірлігі болатыны белгілі. Өткен іс өтті. Сол өткендердің куәсі болған аға буынның ұрпақтары мекендеген Қожакент елді-мекенінің бүгінгі ахуалы қалай? Дарияның сол жақ өңіріне орналасқан бұрынғы совхоздарды көктей өтетін асфальт жолмен келе жатып шығысқа қарай бұрылдық. Қасымда Қожакент ауылының елім- жерім жеп соққан жүрегі бар бір топ ақсақалдары. Көпірден өтісімен оқтай түзу асфальтты көше басталды. Екі жағы тал-теректер, сымды бағандар, көп ұзамай сәнді де әсем ғимараттар басталды, басқа бір дүниеге еніп кеткендей әсерге бөленесің. Халық ақыны Манап Көкеновтың сонау жылдары «Осы ма Октябрьдің кеңсесі, Түсіп кеткен еңсесі», –  дейтін қоржын там шеңгел-шарбағы, жыңғыл қоралардың бірі де жоқ. Қай жағыңа қарасаң да еңселі үйлерден көз сүрінеді.

– Мынау, – дейді зейнеткер Темір Исаханов ақсақал көлденең қиылысқан көше бұрышындағы екі қабатты үлкен үйді көрсетіп – 460 орындық он бір жылдық мектебіміз, оның қапталындағы ғимараттардың бірін үш жүз орындық клубымыз, екіншісін төрт жүз орындық тойханамыз, – деп түсіндірді. Бір ұстахана, екі асхана, бір тірек пунктінің, стадионның, екі футбол алаңының жұмыс істейтінін қолмен қойғандай айтып берді. Өзі совхоз тарағанша мамандығы бойынша шаруашылықтың құрылыс саласын басқарыпты. Тұрғын үйлерді салу әрбір аула мен көшенің кеңдігі, орналасуы, олардың сметалық құны, жұмсалған қаржы көлемі бәрі-бәрі есінде сақталыпты, тегіс қолмен қойғандай етіп айтып берді. – Өтіп кеткен тірлік қой, – дейді ол әлденеге ризалық кейіппен – 1977 жылы егін жинау кезінде облыстың басшысы, ауылымыздың азаматы, Исатай Әбдікәрімов келе қалды. Қасында, республика ауылшаруашылығы министрі Моторика және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Жанпейісов бастаған аудан басшылары бар. Егісті аралап көрді. Күріш жақсы біткен. Бірақ, техникалар батпақтан жүре алмай жұмыс барынша сылбыр еді. Мұны көрген Исекең министрге, – Астық бар, кінә техниканың жүре алмауынан болып тұр, – деді.

– Түсіндім, Абдукаримович, – деді министр де. Жағдайды жете түсінген қонақтар дастархан басында да көргендерін одан әрі өрбітіп өзара пәтуаға келгенін білемін. Келер жылдан-ақ қамқорлық бола бастады «Главриссовхозға» өткен «Келінтөбе», «Түгіскен», «ХХІІІ партсъезд», «Задарья» совхоздарының жерін тегістеу жұмыстары жедел қолға алынды. Бұған қаншама ПМК-лар техникаларымен қатысты. Айналдырған 7-8 жылдың көлемінде алты мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Осы мекемелердің күшімен төрт совхоздың орталығы да заман талаптарға сай типтік жобадағы ғимараттармен қамтамасыз етілді. Асфальтты жолдар мен егіс бастарында жұмысшыларға арналған далалық үйлер салынды. Жаңа қырмандар пайдалануға беріліп, ыза суды тартатын қашытқы каналдар да іске қосылды. Атқарылған қыруар жұмыстардың нәтижесі Түгіскен тыңын астықты өлкеге айналдырды. Қаншама еңбек адамдарының абыройы биікке көтерілді. Жаңақорған ауданының даңқы өз күрішімен-ақ бүкіл республикаға әйгіленді. Мұның өзі кешегі ағалар мен бүгінгі замандастарымыздың еңбегі десек те соның түпкі бастауында Зұлпыхар, Ғафур, Исатай ағаларымыздың тұрғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Олар қол көмегін бермегенмен жол көмегін, ақыл кеңесін аяған жоқ. Соның өзі жерлестері үшін жетерлік еді.

– Сол ағаларымыз болмаса, – деді Мұқай Темірдің сөзін толықтыра түскендей. – Біздің мынау құтты мекеніміз бүгінгідей дәрежеге жетер ме еді, жетпеспе еді?! Олай дейтінім, іргесін «ХХІІІ партсъезден» әлденеше жылдар бұрын көтерген теміржолдың тау жақ бетіндегі шаруашылықтардың орталықтары өткен ғасырдың жетпіс-сексенінші жылдардағы көрінісімен кешеге дейін тұрды. Кейбіреулерінің орталықтарында шеңгел, жыңғыл қоралар әлі күнге дейін кездеседі.

Бір отар қойды ай мүйізді ақсерке бастайды дегендей көп нәрсе басшылыққа да байланысты, –  деп екі зейнеткер совхоз директорлары Н.Дайырханов, Н.Айдарбеков, К.Егізбаев, Т.Рамазанов, Ә.Шомановтардың, партком хатшылары Д.Шоманов Ә.Сүлейменов, Ж.Ахатаев, А. Сыздықов, Ж. Төреқожаевтармен бірлесіп шаруашылық пен идеологиялық жұмыстарды қатар өрге бастырған игі істерін айтып, олардың еңбегіне көпшіліктің берген бағасын ортаға салып жатты. Совхоздың алғашқы қазығын қаққан Н.Дайырханов ауыр жағдайда еңбек етіп, көптеген жұмыстар тындырғанымен, Н.Айдарбеков адамға жағдай жасау, әсіресе дала қостарын жаңа деңгейге көшірудегі қажырлы істерімен, К.Егізбаев ғалым агроном ретінде егін мәдениетін көтерудегі, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың есімін құрметтеп, кейінгі ұрпақтарға жеткізудегі өнегелі істерімен, Т.Рамазанов еңбек озаттарына ғана емес жергілікті тұрғындарға жасаған адами қасиетімен ерекшеленіпті. Ал партком хатшылары коммунистердің ролін жоғары деңгейге көтеру арқылы адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекке ынталандыру, айналаны экологиялық тазалықтан сақтау үшін ауылды жасыл желекке бөлеу жұмыстарымен айналысыпты. Елді мекен орталығында қазіргі зеңгір көкпен таласып тұрған саялы тал-теректер бір кездегі сол азаматтардың көпті ұйымдастырып отырғызған көшеттері екен. Қазір олардың бәрі тұрғындар үшін көлеңкелі баққа айналған. Ал директорлардың ішінде ауылдың тумасы жергілікті кадр Әсет Шоманов шаруашылықты басқаруға екі рет келіп, біріншісінде бұрынғы әріптестерінің салған жолымен жүріп, бұрынғы істерді сәтті жалғастырған. Таққа екінші рет отырғанында ондаған жылдар бойы жинаған қыруар машина-тракторлар, басқа да техникалар мен дүние-мүліктер, мыңдаған қой-ешкі, жүздеген жылқы, түйе, ірі қаралар мен қаз-үйректер «Бартер» деген желеумен есебін тапқандардың иелігінде кеткен. Кейін біліп жүргеніміздей, қолда бардың бәрін топтастырып, іскерлік танытқанда директордан ешкім де асып кете алмайды екен. Ал бау-бақшалар саялы тал-теректер бүкіл елді мекенге көрік беріп өткен-кеткеннің назарын аударып, әлі күнге дейін жайқалып тұр. Бұрынғы бабаларымыздың «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзінің астарын енді түсінгендейсің.

Мұхай мен Темірді бар ықыласымен зейін қоя тыңдаған Изатулла Үсенов, Нәрзілда Мырзахметов пен зейнеткер Әнуәр Әсетов: – Қоғам, құрылым, басшылық өзгергенмен жеріміз өзгерген жоқ, адамдарымыз да мектеп, клуб, кітапаханаларымыз да, тіпті электр жарығымыз да орнында. Сол күйінше, – деді де көшенің келесі бетіндегі әсем салынған екі қабатты ғимаратты көрсетті. – Бұл совхозымыздың кеңсесі еді, қазір ауылдық округтің қызметкерлері жайғасқан, өзгерісіміздің бұл бірі ғана. Сонымен қатар мұнда ауылда келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін құрылған қоғамдық ұйым – ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Тұрғындардың қажетін өтеу үшін үш диірмен цехы күріш ақтайды. Қасапхана, ұстаханамыз тағы бар. Совхоз тарап, дүние мүлкін қолы жеткендер пайдаланып кетті дегені болмаса тұрғындардың тұрмыс дәрежесі, әл-ауқаты бұрынғыдан әлденеше есеге өскен. Ең қуаныштысы ортамыздан Алланның үйі – мешіттің бой көтеруі болды.

Коммунистік идеология жетпіс жыл бойы ислам дінін құбыжық көрсетіп келсе де, оның бір де бірін біздің бабаларымыз бен ата-аналарымыз әсте мойындаған емес, ешкімге жария қылмай намазын оқып, оразасын тұтып, Аллаға құлшылығын үзген жоқ. Мемлекет ыдырап, еркіндігіміз тиісімен бірден имандылыққа бет бұрып мешіт салды. Елді мекен орталығындағы ақсақалдар мен мектеп оқушыларына дейін Алланың үйі – құтханада намаз оқиды. Жаратушының бірлігі, құрынның шындығы, пайғамбарымыздың ақтығы жөнінде уағыздар тыңдап біліктілігін жетілдіреді. Бұл мәңгі жалғаса бермек.

Жарты ғасыр ішінді жеке тұрғындардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының мәдениеті мен білім деңгейінің өткен жылдардың қай кезеңімен салыстырсаңызда таң қаларлық дәрежеде өсе түскенін қожакенттіктердің өздері де жасырмайды. – Ата-аналарымыз кеңес өкіметінің қоқан-лоққысын аз көрген жоқ, әсіресе ұйысып отырған сауатты білікті адамдардың тоз-тозын шығарғанын ұмытпайды, ұмыту мүмкін емес, – дейді олар, – қиындықты көрдік, шыңдалдық, оқыдық, білім алдық, Алла тілегімізді қабыл көріп егемендікке қол жеткіздік. Еркіміз өзімізге тиген соң әрекет түбі берекет, – деп кәсіпкерлікті дамытуға кірістік.

Шаруашылық таратылған соң аз уақытқа дағдарып қалғандарын да жасырмайды. Содан алып- сатарлықпен де айналыстық, – дейді бәрі де. «Өмір үйретеді, еңбек ширатады», – деген емес пе? Тасыған дарияның айналасындағы жыра-сай, өзен-көлдерді суға толтырып барып арнасына қайта түсетіні секілді Қожакенттіктер де бұл күндері өз жолын тапқан.

Елге іскерлігімен танылған Үсенов Изатулла, Жұманов Досих, Сейтқасымов Алпысбай, Әбілхайыров Еркін, Тұрсынхожаев Мадияр, Сүлеймнов Батыр, Үсенов Құрбан, Исматуллаев Ерғали, Шынбеков Жанаділ, Көкенов Дәумен, Әбілқасымов Пірәлі, Мырзахметов Нәрзулла, Мадияров Насыр сияқты азаматтар нарық заңына бірден бейімделді де жеке кәсіпкерлікті дамытуға шұғыл кірісіп кетті. Уақыт өте келе олардың да қатары көбейе түсті. Қазір Қожакент елді мекенінде жетпіске жуық кәсіпкерлікпен айналысатын іскер азаматтар бар. Олар ауылдық округтегі мыңдаған адамды құрайтын отбасын қажетті тұтыну заттарымен қамтамасыз етіп отыр. Ауылда астық өнімдері жеткілікті. Жазда бақшалық дақыл, қауын-қарбыз, картоп, пияз егіп, ешкімге алақан жаймайды. Жыл он екі ай бойы мал бордақылап ет, сүт, май, құрт, ірімшік, айран, басқа да өндірген заттарын саудаға шығарады. Ол үшін елді мекенде бірнеше дүкендер мен дүңгіршектер жұмыс істейді.

– Қожакент ауылдық округінде 475 қожалық болса, оның елуден астамы кәсіпкерлікпен айналысады, – дейді ауыл әкімі Айтжанов – бәрінің де әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Өкіметтен көмек те алады, соған орай салығын да төлейді. Сонымен қатар демеушілік жасауды да ұмытпайды. Биыл олар ауылымыздың совхоз болып өз алдына шаңырақ көтергеніне жарты ғасыр толған мерекесін атап өтуге қаржылай да, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етуді міндетіне алып отыр. Мұны Қожакенттіктердің болашақ үшін маңдай терін төккен ата-бабалары мен ағаларының рухына көрсеткен құрметі және бүгінгі жас өскіндер үшін үлгі-өнеге, – деп білген жөн. Қоғамдық орындар, ауылдық округтің мамандары мен ақсақалдар кеңесі де адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен достық-ынтымағы жайлы көптеген жұмыстар тындырып келеді. Бұл ретте округтегі екі мектептің ұстаздар қауымына да нақты тапсырмалар берілген. Олар шәкірттерді ұйымдастырып күзгі, көктемгі мезгілдерде сенбіліктерге қатысып, елді-мекендердегі көшелерді күл-қоқыстан арылтуға қатысады. – Бұл біздің елу жылдан бері атқарып келе жатқан үйреншікті ісіміз. Мемлекет ыдырап, құрылым өзгерді, совхоздар да тарады. Ал білім ордасындағы салт-дәстүріміз өзгерген жоқ, қайта замана ағымына сай толыға түсті, – дейді зейнеткер қарт ұстаз Ыбырахым Баязитов, – Ұстаздар басшылығымен соңғы кездері жас шәкірттер соғыстан оралмай қалған орталықтағы «Боздақтар алаңын» күтімге алыпты. Тоғызыншы мамыр Жеңіс мерекесі қарсаңында құрметті қарауылға тұрып, жас көшеттер отырғызуды дәстүрге айналдырыпты. Енді олар туған жеріне оралмай есімдері тасқа қашалып жазылған боздақтардың майдандағы ерліктері жайлы мәліметтер жинамақшы.

Ия, бабалар жолы ұрпақтар үшін шамшырақ. Мұны Қожакенттіктер атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиетті істер, – деп санайды:

– Біз сол бабалар салған соқпақпен жүріп келеміз, – дейді қожалар әулетінің бүгінгі ұрпақтары, – оның үстіне кешегі кеңес өкіметі еңбек етуді үйретті. Қазір ауылымызда бос жүрген азаматтар жоқ деуге болады. Кеңес өкіметі тұсында белсене еңбек еткен ағаларымыз болмаса құлазып жатқан далаға су келіп, тың совхоздар ашылар ма еді, мыңдаған гектар күріш егілер ме еді? – Жақсылардың шарапаты, олардың бір ауыз сөзі қарапайым халыққа ғұмыр бойы рухани азық болады екен, – дейді бәрі де ақтарыла сөйлеп. – Олай дейтінім, республика басшысы Димаш Ахметұлы Қонаев Жаңақорған жеріне үш рет аяқ басыпты. Бірінші рет 1954 жылы Қазақ ССР ғылым академиясының президенті болып тұрғанда жоғарғы Советке депутаттыққа ұсынылған кезде сайлаушылар мен кездесуге келіпті, екінші рет Жаңақорған мен Шиелі қосылып, оның бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджановтың тұсында 1965 жылы келіпті. Ғафекең сол кезде республика басшысына аудан территориясының өте үлкендігін, әлі де 60 мың гектардан астам жердің игерілмей жатқандығын нақты дәлелдермен жеткізе біліпті. – Өтінішіңізді жағдайға қарай көрейік, – деп аттанған ақсақалдың қамқорлығымен келер 1966 жылдың ақпан айында Шиеліден Жаңақорған өз алдына аудан болып бөлініп шықты. Қыруар қаржымен баяғы «Раушан арықтың» аяғы 100 километрге дейін созылып жаңадан бірнеше совхоз бой көтерді. Осы қамқорлықтардың қалай орындалып жатқанын көргісі келді ме, кім білсін, қасында республикадан бастап облыс, аудан басшыларына дейін бар, 1969 жылдың тамыз айында тағы соқты. «Ақсақал келеді» дегеннен жаңа каналдың арнайы жасалған су тоспасының маңына киіз үйлер тігіліп, бүкіл совхоз тұрғындары жиналды. Бәріміздің мақсатымыз біреу, – ол қызыр ата назарын салған Димаштың қолын алып қалу, – дейді Махметжан Әлжанов – «кейін-кейін тұрыңдар», – деген ауыл белсенділеріне:

– Қызыр назарын салғанын қайдан білесіз, – дейді ерігіп тұрғандар Махаңды әжуалағандай болып.

– Дін апиын, – деп жүрген сендер нені білесіңдер, – дейді ақсақал оларға ренжіп, – Қызыр назарын салмаса бір елдің басшылық тағына отыра ма? Димаш еліміздің патшасы ғой? – Махаңның сөзін біреу естіді, біреу естімеді. Машиналар лезде келіп қалып еді.

Алдыңғы машина тоқтап шаң басылысымен екінші машинадан ұзын бойлы, келісті кісі түсті де көпке сәлем беріп, бірінші қатарда тұрғандардың бәрімен қол алысып амандасты. Манағы улыған-шулығандарда үн жоқ. Тегіс үлкен кісіге тесіле қарап қалыпты. Басында ала тақиясы бар, ағамызбен қол алысқанда – Сіз Ташкенттен келдіңіз бе – деді сыпайы ғана.

– Шуннака әкә! – деді ол. Көпшілік ду күлді.

-Ағайындар рахмет, – деген ақсақал қасындағы нөкерлерімен егістікті аралауға кетті.

-Япыр-ай, Махметжан-ай, сіздің де білмейтініңіз жоқ екен, мына кісі Қызырдың өзі ғой, енді дихангершілігіміз жаман болмас, – деді Қуандық ақсақал Махметжанның қолын қайтадан алып жатып.

Қонақтар егіннің шығымдығына риза болып, дастархан басында еркін сұхбаттасыпты. Аттанар сәтте ақсақал Мұсаханов ағамызға қарап: – Ал Сарбала дегенің болды. Жер бар, су келді. Екеуі құдыреттен болса, еңбек өздеріңнен ғой, еңбек етіңдер, – депті. Біз қонақтарды көргенімізбен сұхбатында болғанымыз жоқ. Мұның бәрін бізге кейін Әнапия Әлжанов, Ергеш Үсенов, Нұрхан Дайырхановтар айтып берді, – дейді бірін-бірі толықтыра түскен Тұрғанбек, Мұқан, Әсет, Мамыт ақсақалдар. – Онда, – деді қарттардың сөзін қайта жалғастырған кәсіпкер Ізәтулла, – елге елу жыл ағалық еткен қасиетті кісінің ізі қалған жерді көрейік.

– Мынау дұрыс болды. Сол кісінің шарапаты ғой  Түгіскен даласының астықты аймаққа айналғаны-деп көпшілік асфальтты үлкен жолға қарай қозғала бергенде, мектептен шыққан оқушылар да Боздақтар алаңына қарай қатарласа беттеп мемлекетіміздің әнұранын екпіндете шырқады. Менің елім, менің жерім, – дейді балғын дауыстар.

-Бәрекелді, – дейді ақсақалдар, – Жердің де, елдің де ендігі иесі сендерсіңдер. Болашақ та өздеріңдікі.

Шәкірттердің бір тобы Боздақтар алаңына келісімен жауынгерлердің есімдері жазылған мәрмәр тастарды шаң-тозаңнан арылта бастаса, екінші тобы айналасын тәртіпке келтіріп, көшеттер отырғызуға кірісті.-

– Өздерінің көктем сайынғы төл істері ғой, оның үстіне жеңіс мерекесі жақындап келеді, – деп сүйсінген ақсақалдар ендігі сәтте талай совхоздың ашылуына себеп болған, бұл күндері Зұлпыхар Мұсахановтың есімімен аталатын үлкен каналдың Қожакент тұсындағы су тоспасына қарай бет алды.

Елу жыл бойы жан-жағындағы елді-мекенді сумен қамтамасыз етіп жан-жануар, өсімдіктеріне дейін нәр берген канал арнасы да көктем лебімен жандана бастапты. Тоспа көпірдің үстіндегі шағын алаңға жиналған ақсақалдар айналаға тамсана көз салды. Өзгент өңірінің табиғаты бүгін тіптен ерекше еді. Биік-биік тал-теректер бүршік жарып, қайта жаңарып көгілжім түске ене бастапты. Тал-теректер ғана емес, қазір бүкіл әлем күннің шұғылалы нұрына шомылып тұрған секілді. Оның үстіне тау беткейден соққан майда леп кәрі жанарларға өзгеше нұр құйып, жасампаз жүректерге тың шабыт бергендей! – Жылы үйден шықпай даланың таза ауасының қадірін ұмыта жаздаппыз ғой, – дейді ақсақалдар.

-Шынында, – дейді бұл сөзді қуаттаған Тұрғанбек, – кіндігіңнің қаны тамған туған жеріңді, жұпар ауасын еш нәрсемен теңестіруге болмайды, оның ішінде Өзгент жері бәрінен де бөлек. Түстігі батысына дейін жалғасқан Түндіксіз үй атанған Қызылқұм, терістігі Ерен қабырғадан басталып Аралға дейін сылаңдап аққан сұлу Сырдария, – жағасындағы орманды алқаптар мен неше түрлі аң-құстар, бәрі-бәрі табиғаттың бізге берген сыйы ғой. Ал негізгі береке – астықты өзіміз өндіреміз. Қонаев ақсақал осыдан елу жыл бұрын дәл осы көпірдің үстінде «Су келді, жер бар, еңбек өздеріңнен», – деген-ді. Бұл сөзді ақсақалдың ақ тілегі, – деп қабылдаған бригадир Әнәпия Әлжанов, Ергеш Үсенов, Қуандық Сейтмұратов, Әбділла Рахмановтардың төртеуі бірдей қарауындағы алпыс жеті күрішшілер мен звено жетекшілеріне жеке-жеке түсіндіре білді. Ал кәнігі дихан Арапбек Әбиев пен Есқожа Ысқақовтар бригадирлерінің ойларын одан әрі өрбітті. Совхоздың бас агрономы Медетбек Сәдірбаев болса күріштің сумен сыланып,күнмен түлеп өсетінін, ол да бала сияқты мәпелеп аялауды қажет ететінін, әсіресе күтіп баптау кезінде жіберілген аз қатенің өзі орны толмас олқылыққа соқтыратынын айтып, әрбір диханға салихалы кеңестер берді. Бұл еңбектің бәрі күзгі нәтижеде айқын көрініс тапты. Совхоз бойынша егілген 500 гектар күріштің әр гектарынан 40 центнерден өнім алынды. Бұл Қожакенттіктер үшін «ақ түйенің қарыны жарылғанмен», –  бірдей болды. Содан былай шаруашылықта астық, әсіресе күріш өсірудің қарқыны бір де бәсеңдемепті. Табысқа табыс жалғасып, совхоз тарағанға дейін жыл сайын инженерлік жүйеге келтірілген жерге 1800-2000 гектарға дейін күріш егіліп, мемлекетке жыл сайын 55-60 мың центнерден астық тапсырылып тұрыпты. Араларынан Арапбек Әбиев, Есқожа Ысқақов, Мамытов Сағындық сияқты 100 центнершіл-механизаторлар шығып, туған жердің тұғырын биікке көтеріпті. Орден, медальдарға ие болып, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып қайтқандары қаншама? – Мұның бәрі, – дейді ақсақалдар өзара кеңесе келіп: – Ең алдымен жаратушы иеміздің, екінші жол көрсетіп мүмкіндік жасаған Республика ақсақалы Димаш Ахметұлы Қонаев бастаған ағаларамыздың шарапаты.

-Мен дүниеге келісімен 1943 жылы әкем соғысқа аттаныпты. Содан оралмаған,- деді замандастарының сөзінен соң Темір Исаханов, – әкесіз өстім, жетім болғаныммен жақсы ағаларымның арқасында қатарларымнан қалғаным жоқ. «Октябрь» колхозының негізін қалаған Оспан Аққұлов, Әлжан Төлегеновтер қамқор қолдарын аяған жоқ. Жақсының аты қашан да жақсы ғой. Кешегі Нұрхан Дайырханов, Нәлібай Айдарбековтер қандай адамдар еді. Солардың ісін бүгінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Кемеңгер атамыз ұлы Абайдың еліндегі Архат тауында Абай шығып билік айтты дейтін төбешікте дөңгелек тас бар екен. Сол тасты Тобықты елі бүгінге дейін құрметтеп келеді. Бүкіл қазақтың маңдайына біткен асыл, ұлы тұлғалы азамат Қонаев ақсақал қамқорлық жасап, ортамызға келіп, ақылын айтып, жол көрсеткен екен. Оны бүгінгі ұрпақ білмейді де. Сондықтан ұлы тұлғаның болған жеріне неге ескерткіш – белгі қоймаймыз?

-Дұрыс айтасын бауырым, өткендерді ұмытсақ біздің кім болғанымыз, – деп Әбжаппаров Абыт, Шайжанов Мұзаффар, Маханов Рысбектер Темірге ризалықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

-Кітапты көп оқитын білім-біліктілігіңді көрсеттің, – деді Мұқай да замандасына шын пейілімен.

-Жер кепеде өсіп, білтелі шаммен оқып, хат таныдық, қазір ше, еңселі үйлер, екі қабатты мектеп, түні де күндізгідей жарық электр шамы, асфальт жол, әрбір үйде жеңіл машина! Ата бабаларымыз осындай заманды армандаған жоқ па? Міне бұл солардың еңбегінің жемісі. Бұрынғы ақсақалдарымызды ұлықтайық, еңбегін ұмытпайық. Мұхай, Темір, Әбілқасым қарақтарым, бәрімізге бас болып, Қожакенттіктер жартығасыр ішінде не істеді, не қойды, қандай биікке қол жеткізді, 50 жыл ішіндегі сол еңбектерді қайта жаңғыртып, кейінгілер үшін естелік кітап шығаруды қолға алыпсыңдар, сапарларың оң болсын. Біздің айтарымыз, еңбегі бар адамдар қалып кетпесін- деді ақсақалдар.

-Сіздердің бүгінгі бас қосуларыңыз сол үшін емес пе? Айтқан өтініштеріңіз орындалады, ағалар, – деді Мұқай мен Темір де ағаларының тілектеріне шын пейілдерімен риза болып.

“Құтты қоныс – Қожакент” кітабынан үзінді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑