banner-top12

Әдебиет no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 823 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АҚЫН ШЫНДАНСА, ӨЛЕҢ СЫНДАНАДЫ…

 

 

                                      Құл-Керім ЕЛЕМЕС

 

«Өлеңге әркімнің де бар таласы» (Абай). Сөз патшасы болған өлеңге қолынан келсе немесе Аллаһ жазу дарынын берсе кім таласпас. Бұл туралы «Бойдағы бар өнерді іркіп болмас» деген Әсет ақынның да айтқаны жүйелі сөз. Өлең шіркін өз иесін (ақынды) тыншу бермей мазалайтын, жазбасына қоймайтын өктем зат қой. Айы толған бала ана құрсағында жатпайды. Өлең – және сол ақын деген ана құрсағындағы айы толған сәби. Бірақ оның ана туатын сәбиден парқы – сәби ананың құрсағынан туа сала бірден азамат болып іске жарамайды. Ол біртіндеп өседі. Кемелдейді. Азамат болып қалыптасады. Ал, өлең болса ақын-анасынан бірден азамат болып тауылады. Сөйтеді де ел ісіне бірден кіріседі.

Өлеңнің тағы бір ерекшелігі – оның бірден халықтық түс алуы дер едім. Бұл жағынан өлеңнің жақсы-жаманы бірдей. Сондықтан жаман (нәпсуи) өлеңнен сақтанудың мәні зор болмақ.

Қазақтың бір ақыны – Әбдібек Әбдіманапұлы. Бұл есім жұртқа онша мәлім болмаған есім. Оның өзіндік жөні де бар.

Туған жерім ҚХР, Іле-едін-ді.

         Қиып кеткен кеше гөр, түлегіңді.

         Отан деген сезімім билеп кетті,

         Сен деп соққан әуелде жүрегімді?!

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Ұрпағымды ұлтына қоссам деп ем! – деп, ақын өзі айтқандай, ол Ел тәуелсіздігінен кейін тарихи отаны Қазақстанына оралған қандас ақын еді. «Әсеттің әнін шырқап, Абай менен жырларын жаттап өстік Таңжарықтың» деп, өлеңге бала шағынан құштарын білдірген ақын: «Бұйырса Аллаһ, міне, елудемін» деп, «ә» дегенше ер жасы елуге де келіп қойыпты. Жарылған халқының жоғындай болып қазақ әдебиетінде аты елуіне дейін білінбеген қайран ақын «кеш те болса еш болмасын» деген оймен өзекжарды бұл жырларын ер – елуінде «Жыр мұнарасы» деген атпен кітап етіп ұсыныпты.

Халқымнан немді бүгін жасырамын,

Қашан да жақсылыққа асығамын.

Халқымның кірбең түссе қабағына,

Болады орнағандай басыма мұң, – деп бір тоқтаған елжанды ақын халқының басынан өткен арғы-бергі көргендерін сөз ете келіп, оның түзелуі үшін өзі сияқты ақындарға:

Кетпеу үшін мына жұрт бет-бетімен,

Бәрің Абай болмасаң да шетінен,

Ей, ақындар, суырылып біреуің,

Абай болып сөйлеңдерші, өтінем! – зар-күйіне енеді. Қаламдастарынан шындық, азаматтық, абайшылдық іздейді. Дұрыс.

Халқының мұңын тұла бойымен қабылдаған ақын оны кейде «мен» деп, кейде «халқым» деп алма-кезек өрбітеді. Кейде оқыс бұрылып:

(мұнымды)

Құдай естіп жүрмесін,

Деп тағы да қорқамын! – деп ағынан жарылады. Меннің шыны дегеніміз міне осы. Бұл адам-пендедегі ештік, дәрменсіздік, шарасыздық еді. Жалпы өмірде ақын шынданса, өнерде өлең сынданады. Ақын шындану үшін өмірге ақын пенденің көзімен емес, дананың көзімен қарауы лазым. Ақын солай ете алса ғана өлең аз болса да саз, мәнді өнер болып жазылмақ. Әрі ғұмырлы болмақ.

Өмір тұрад қиян-кескі күреспен.

Күрескеннің ауласына гүл өскен.

Қазаныңа ас салмайды ешкім кеп,

Ұсынбайды өзіндегі үлестен.

 

«Қойшы соны – дей салатын – аз ақша»

Көзқарасты тастау керек қазақша.

Байланысты жасамайды бұл күні,

«Қазақ екен» деп сені ешкім қазақша.

Бұл кешегі «Оян, қазақ» (М.Дұлатов) ұстанымының жалғасы емей не? Бізше солай. Әр заман өз міндетін замандасына ала келетінін ескерсек, бұл ой бұнымен де соңғы сөз ретінде тоқырамақ емес. Келесі ғасырларда да өз формасында айтыла бермек. Өйткені, қай уақытта да ояу болу елге парыз. Оны қайталап айтып отыру ақынға, көзі ашықтың бәріне міндет.

Жалпы ел тағдырынан ары қарай ойлайтын ақын, одан бергі қыз-қырқынға «ғашықтық» деп арзан сезімнің итаршысы болмайды. Немесе пенделік біткеннің бәрін сөз етіп антұрмайды. Өйтіп өзін де, өлеңін де бозөкпелетпейді. Мұның дәлелі:

Үміт отын жандырған үзбегенмін.

Көп сұлуға көзімді сүзбегенмін.

Елуінде жасына да, талантына да лайық жыр төккен ақынның ендігі жерде Аллаһ нәсіп етсе, жазатын аталы, нұрлы, Илаһи жырлары көп болсын деген ақ тілек білдіреміз, әмин!

 

 

2010.05.20

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑