banner-top12

Сұхбат 2014-03-28_111635

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 1  913 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ақыт Алаштың ақыны(Әйгілі ғұлама Ғазез Ақытұлымен сұхбат)

 (Әйгілі ғұлама Ғазез Ақытұлымен сұхбат)

–        Ата, әуелгі әңгімені Ақыттың алғашқы оқуы мен  шығармалары турасынан өрбітсек орынды болада-ау деймін.

–        Ақыттың бала кезгі алған тәрбиесі көбінде анасы Жібектен басталады. Үйткені, Жібек келбетті, сұлу болып қана қалмастан, әдепті, мінезді, салмақты, сауатты, саналы болған адам деседі. Ақыт жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан құран сауатын ашады. Онан соң, сол кездегі ауыл молласы аталған Ғұсыманнан түркі тіліндегі дни кітаптарды оқып, құранның қира-атын түзейді. Яғни, құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сүйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан шағында, сол кездегі молқы руының үкірдайы Жуанған (Жотақажы) ауылында, Бұхарадан келген Мәхбубұлла, жанама аты Мырзабақа дейтін өзібектен араб, парсы, түрк тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фықмы ғылымын да игеріп шығады. Жалғасты оқуға жағдайы келмеген Ақыт арада ауыл жұмысына шегіліп, аңшылықпен шұғылданады. Бірақ зерек те пысық Ақыт Жуанған үкірдай мен Мырзабақа ұстазға бірден ұнайды да, Жуанған үкірдай Ақытты шақырып алып хатшылыққа алады. Ақыт осы орайды пайдаланып Мырзабақадан жалғасты оқи береді. Араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ол осы тілдерде жазылған дни кітаптарды ғана үйреніп қалмастан, оғұз, шағатай тілдерінде жазылған тарихи, әдеби кітаптарды да тауып оқып, солардан нәр алады. Сонымен бірге исілам мәдениеті мен шығыс әдебиетінен белгілі сауатқа ие болады. Дін жағынан «дамоллалық» деңгейге жетеді.

         Жеті жасында алғашқы өлеңін әлпбиден бастаған Ақыт шығармашылығы ғылымға деген құлшыныстан басталады.

Үлімжі біздің атамыз,

Құдайға күптүр қатамыз.

Ғылым нұрын бір төкпей,

Қараңғы қайтып жатамыз,- дейтін шумақтар соның дәлелі.

         Жоғарыда айтқанымыздай ол кезде Моңғол Халық Республикасы қытайдың бір өлкесі болып, моңғол және қазақтар Чиң хандығын Ежен хан деп атайды екен. Ежен ханнан келетін хат-чектер Алтайдан Қобдаға ат почтасы арқылы жеткізілсе, шар Россиядан келетін хат-чектер Қобдадан Алтайға ат почта арқылы келтірілетін болғандықтан сол кездегі жергілікті үкімет Жуанған үкірдайдан почта таситын сауатты, пысық екі жігіт сұрағанда, Жуанған үкірдай Ақыт пен оның құрдасы Қобдабай Тоқтағанұлын береді. Бұл екеуінің де 21-22 жастардағы кезі екен. Ақыт бұл кезде ауыл арасында айтысқа түсіп, бір қыдыру ұсақ өлеңдер жазып жүреді. Моңғолдар почта бекетін «Меден» дейді. Сол «Меден» үйде жатып, Қобда мен Алтайдың арасында почта тасып жүрген Ақыт Қобда бетінде бір сыпыра адамдармен танысады. Және Қазанда түркі және шағатай тілдерінде басылған Фердаусидың, Низамидің, Хожа Хафиздың, Шайхұсағидың, Науайының, Хожа Ахмет Ясауидың, Сүлеймен Бақырғанидың шығармаларымен танысады. Осыдан шабыт алған ақын бір жағынан хат-чек таси жүріп, тағы бір жағынан өзінің тұңғыш дастаны «Жиһаншаны» жирма екі жасында, 1891 жылы Меденде жазып бітіріп, Қазан баспасына ұсынады. Бұл кітап болып 1897 жылы басылып жарияланады. Бір деректерде «Сайпылмәлік» қисасы  мұнан екі жыл бұрын басылғаны айтылады. Сонда Ақыт ақынның алғашқы кітабының басылым көруі 1895 жылға тура келеді. Бұлар қазақ жазба әдебиетінің қорғасын баспада тұңғыш басылуы еді. Осылайша Ақыт есімі бүкіл қазақ даласына жайылады.

         Ақынның қырық жасқа дейінгі өмірінің дені Қобда бетінде, Делутін ауданында өтеді. Лайық қажы, Бардам үкірдай ауылдарында мектеп ашып, бала оқытады. Жуанған әкімге, тағы басқ керей билеріне хатшылық істеп, Қобда шәріде болады. Әкем Ақыт 1890 жылы 22 жасынан 1910 жылы 42 жасына дейін Моңғолияның Қобда өлкесінде (қазіргі Баян-өлгей аймағы) тұрған. «Ғылым сәуле нұр жарық», «Жақсы қатын мен жаман қатын», «Құлтайболат Тұңғышбай» сияқты тілге жеңіл, ойға қонымды өлеңдері, «қобда кеңесі», «Қобдадағы жеті қажы жыры» , «Керей ишаны Мұхаммет мүсімін», «Жиһаншаһ» , «Сәйплмәлік Бәдиғұл Жамал», «Қиямет ахуалы», «Шолақ қол қатын», «Қажы баян», «Тәржімә-и Ақыт вәләд Үлімжі» (Ақыт Үлімжіұлының тәржымахалы) қатарлы дастандары сол жақта тұрғанда жазылып, қолдан-қолға көшіріліп, ауыздан-ауызға тарап кетеді. Мұның ішіндегі басылым көргендері сол жақта тұрғанда баспаға беріледі.

         1908 жылы Моңғолияның Қобда аймағында Бардам үкірдайдың ауылында бала оқытып тұрған кезінде Лайық, Дұңтай, Сайыр, Қанжар, Оразбек, Сүлеймен, Қойбағар қатарлы ел ағаларының ұсынысымен қажылық сапарға жол бастаушы болады. Діни сауатты, араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріне жетік Ақыт Үлімжіұлы, жолдастары қажылық сапарын өтеп қайтқанда өзі жалғыз Меккеде қалады. Ондағы мақсаты озық ғылым-білім, өнеге, тәлім алу еді. Ауыр азапты жолмен Меккеден Мәдинеге жетіп, Мұхаммед пайғампардың «рауза» деп аталатын қасиетті қабырын көзбен көріп, құран оқып, тәуап етеді. Одан Мәдинеден керуен түйемен жолға шығып, қазіргі Сирия мемлекетінің орталығы Шам шаһарына (Дамаски қаласына) барып, көне тарихи мұраларды көзден кешіреді. Яхя, Яғқұб, Дауыт, Зұлкапыл сияқты құранда аты жазылған пайғампарлар мазарларын аралап, тауап етеді. Сол кездегі араб елдерінің мәдениетімен танысып, озық білімдерін үйренеді….қайтар жолда кемеге мініп, Қара теңізден өтіп, Стамбул, Изімир, Одесса қалаларын басып өтеді. Онан поэз арқылы Орал тауын басып, Петропал (Қызылжар), Семей арқылы аман-есен Алтайына оралады… осының барлығы ақынның «Қажыбаян» атты этнографиялық дастанында толық баяндалады.

         Жоғарыда айтқанымыздай 1890 жылдан 1910 жылға дейін жирма жылдай Моңғолияның Байөлке аймағы Делуін  ауданында, Бардам үкірдай, Лайық қажының ауылдарында мектеп ашып, бала оқытып, ақындығымен ағартушылықтың қос тізгінін қатар ұстаған Ақыт Алтайға келісімен, Көктоғай ауданы Шәкүрті жерінен үлкен мешіт салдырып, бала оқытады. Осылайша Ақыт шәкірттері Алтаймен Қобдаға кеңінен тарайды. Ғұлама ақын 1910 жылдар Қобда бетінен туған жері Алтайға келіп, 1912 жылдан қазылық міндет өтеп, қоғамдық қызметке қатысады. әділ би, шешен шешіммен еліне жаққан ақын талай даудың күрмеуін ағытады.

Қадырлы Ғазез ақсақал, әкеңізді өзгеден гөрі өзіңіз жақсы білесіз ғой, Ақыт Үлімжіұлын шын мәнінде кім деп бағалайсыз?

– Бұл сұраққа жоғарғы сөздерімде де жауап бердім-ау деймін. Ақыт Үлімжіұлы ең әуелі қазақтың ішінен шыққан дінни ғұлама деп есептеймін. Мен әдеттегі моллаларды бұлай атамаймын. Өйткені діни ғұлама болу үшін төрт түрлі шарт болуы керек.

1. Дінни ғұлама болған адам Құранкерімді қазақша аударып түсінуі керек.

2. Құран ішінде жазылмаған көп нәрселер бар, сол үшін пайғамбарымыздың хадистерін зерттеу керек.

3. Осы екеуіне негізделіп Ислам ғұламалары жазған том-том кітаптар бар. Осыларды бір-бірімен салыстыра зерттеп түсіну керек.

4. Бұл еңбектердің барлығы Араб тілінде жазылғандықтан Араб тілі грамматикасын жақсы, жеттік білуі шарт.

Міне біздің әкеміз жасынан өз талабының арқасында қажыға барып Мекке Мединені аралаған, ислам шарттарын толық орындаған адам. Ол кісінің Қазанда басылған көптеген кітаптары дінни өлең-дастандар еді. Тікелей дін туралы жазғандары жариаланбаған. Ол кісі қасиетті Құранкарімді қазақша аударып келе жатқанда қолға алынып кетті. Ал одан басқа «Бақшалар кілті» деген бір кітабты аударып болған еді, олда қолды болды. Осылардың барлығына негізделгенде әкем әуелі қазақ даласының Ислам дінін таратушысы, дінни қайраткері.

Сонымен бірге әкеміз қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, әйгілі ақын. Мұның дәлелі, ең алғашқы кітабы Қазан баспасынан 1891жылы жарық көрген «Жиханша» атты кітабі. Алғашқы кітаптары Ақыт Үлімжіұлы, Ақыт Қорамсақов, Ақыт Қорамсақов Алтаиский деген аттармен жариаланған. Ол кісі Араб, Парсы, Түрік, Шағатай тілдерін білуінің арқасында Ислам ғұламаларының еңбектерімен, шығыс әдебиет өкілдерімен сусындаған.

–         Сонда Ақыттң алғашқы кітаптары қай тілде басылған?

–         Негізінен қазақ тілінде ғой, бірақ Шағатай, Араб, Парсы, Татар тілдерінің үлгісі, сөздері көп еңбектерінде ұшырасады. Бұл кезде Қытай қазақтары арасында кітап шығарғанды қойып, баспаның атында білмейтін, ал Абайдың кітабының өзі Ақыттан кейін 7-8 жылдан соң барып шықты.

–         Ақыттың Абаймен қандай байланысы болған?

–         Менің білетінім 1930 жылдар, яғни менің алты жас кезімде Абай қолжазбаларын әкемнің алдынан көретінмін. Кітабын қанша бұрын шығарғанымен, үлкен жақтан әлемнің Абайын ұстаз тұтты деп айтудан намыстанбаймын. Бірақ, екі алыптың әуені, сарыны, ой-мұраты, арманы бір қазақтың тағдыры болғанын ел біледі. Бір айта кететін жәй, қытай қазақтары арасына Абайды алғаш танытып, өлеңдерін үгіттеп таратқан Ақыт екені ақиқат. Бұл туралы өлеңдерінде де айтылады. Ал, Шәкәріммен менің әкем құрдас…..

–         Осы Ақыт қажы еңбектерінің халық арасына кең тарау себебі неде?

–  Әуелі бұл кісі шынайы халықшыл, ұлтшыл адам болды. Әрі солбір қараңғы қоғамда осындай оқымыстылық деңгейге көтерілу өте сирек еді. Ол кісінің еңбектерінің негізгі арқауы дін, Исллам дінін халыққа жеткізу негізінде еді. Бірақ мәдениет төңкерісі кезінде бұл еңбегі өзіне жала болып жабылып, дін қайраткері атағы алынып, еңбектері тәркіленді. Ақыттың ұлы, әрі қоғам қайраткері атағымен соққыға ұшырап, жирма жылдық түрме жазасын өтеп 1979 жылы 6-айда келгеннен кейін, Ақыт Үлімжіұлы туралы тұңғыш рет мақала жаздым. Ал, Моңғолиядағы қазақтар арасында 1898 жылдар Ақыт шығармашылығы туралы мәтериялдар жариялана бастапты. Оның бәрін тізіп жату ыңғайсыз болар.

–       Ақыт шығармаларының жалпы көлемі қанша деп межелейсіз?

–       Қытайда Ақыт Үлімжіұлының екі томы жарық көрген. Ал жарияланбаған қолдағы бар мәтериялдардың өзі екі томнан асады.Оның сыртында халық арасынан да табылады.

–       Сол шығармаларының жарияланбау себебі неде?

–       Мұның басты себебі, сол кездегі баспа ісі саласының тапшылығынан көптеген шығармалары көшіріліп, қолдан-қолға тарап кетеді. Ал өз қолжазбалары әкем ұсталғанда бірге мүсәдірланды. Сол кезде көптеген мәтериялдары жоғалып кетеді….

– Ақыт ақынның тап бермеде тауып айтатын тапқырлығы туралы да ел әңгіме қылады. Осы қаншалық шындыққа жанасады?

–       Әкем жазба ақындықпен ғана шұғылданып қалмастан, жас кезінде қазақтың ауыз әдебиетімен де сусындап, айтысқа түскендігі, замандастарына арнап қолма-қол әзіл өлең құрайтындығы оның төкпе ақындықтан да құр мемес екендігін дәлелдейді ғой.

–       Мысалға бірін айта кетсеңіз?

–        Ел арасына тараған аңыздардарға сенсек, бірде Ақыт ақын бірнеше ақсақалдармен табақтас болып қалады. Ішінде Ақыттан үлкен Бажақ деген адам бар екен. Бас пен жамбас қатар келгенде, «басты сіз алыңыз» деп басты салт бойынша Бажаққа ұсынады. Бажақ басты алмастан, алдымен жамбасты алып турай бастайды. Сонда Ақыт қолма-қол:

Әуелі Бажақ алсын таңдағанын,

Бажақтың мен алайын алмағанын.

Басты қойып, жамбасқа қол салған соң,

Бажақтың сонда білдім аңдағанын,- деген екен.

Тағы бірде  Ақыттың өзімен бірге почташы болған Қобдабай деген балуан құрдасының  басында шашы жоқ, айнабас екен. Бір күні есік алдында бет дәрет алып отырып, Қобдабай Ақытқа «әй, Ақыт, ақын болсаң мына менің басымды қолма-қол өлеңге қос, болмаса мұнан кейін ақын атыңды өшір» деп айна басын көрсетеді. Сонда Ақыт:

Айнабас –ау, айнабас,

Айнабастай қайда бас.

Бит домалап түскендей,

Тайғанақ, тақыр, майда бас.

Қарсы алдымнан өтіңіз,

Көрінсін біздің бетіміз.

Жалаңбас тұрып алдымда,

Аз айалдап кетіңіз.

Басыңа назар салайын,

Айнала бір қарайын.

Бет көрініп тұрғанда,

Мұртымды басып алайын,- дегенде Қобдабай «жә, енді тоқтат! Ақындығыңа мойындадым» дегенін Ақыт ақын қолға алынғаннан кейін, ол кісінің мұны жары Ұлжанға әңгімелеп бергенін өз көзімен көрдім.

–       Ақыт қажының соңғы өмірі туралы не айтасыз?

– Абаққа аты шыққан Ақыт молла,

Тараған жазған хаты оңмен солға.

Басылып европада кітаптары,

Оқылып алды қазақ қолдан-қолға,- деп әйгілі ақын Арғынбек

 Апашбайұлы жырлағандай, ел мен жұрттың құрметіне бөленіп, қормалына айналған ғұлама ақын, ағартушы, ел қамқоры, ұлағатты ұстаз Ақыт Үлімжіұлы Қытай қазақтарының тәуелсіздік жолындағы ұлт азаттық көтерілісінің рухани көсемі болғаны белгілі. Соны білген Шыңсысай үкіметі 1939 жылы 12-айдың 24 –күні жіберген Керім және Лю Шанжың қатарлы жендеттері жағынан қолға алынады. Арада 13 күн өткенде қайта келген белсенділер Ақыттың барлық қолжазбасын, кітаптарын екі түйе, бір атқа артып, тартып алып кетеді. Ақыт қажы бастаған қазақ зиялыларын қолға алғанда, Алтай елі атқа қонып көтеріліске шығады. Халық көтерілісінен сескенген үкімет қазақтардан не талаптарың бар деп сұрағанда, ең алдымен Ақыт қажыны босатуын сұрайдыі. Бұл кезде әкем ауыр азаппен түрмеде өлтіріледі. Үкімет мұны халыққа айтпай, жалған уәдемен халықты алдайды. Арада екі жыл өткенде, 1943 жылы бейбіт жолмен сүйегін қайтарып алып, өзі туған мекеніне жерледік. Әкеміз алты некелі болған адам. Бүгінде ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының 300 ден аса үрім-бұтағы Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Түркия қатарлы елдерде тұрады.

–       Жалпы ел көкейіндегі ендігі бір сауал Ақыт Ақынның суреті

жайлы. Осы күнгі басылымдардағы Ақыт портреті шынайы өз бейнесі ме?

–       1936 жылы күз. Менің 12 жастағы кезім. Көктоғайдың Тұрғын ауылында отырған үйімізге Мәми бейсінің Мәнкейі бастаған бір топ адам келді. Арасында қаңылтақ денелі, көзілдірік таққан аққұбаша ханзу жігіті бар. аудармашы Қаба ауданынан Бәди деген кісі. Бұл ханзу жігітті сол кезде оқыған, санасы ашық ағам Қалманның таныстыруынша, сол тұста оқыған жучүнхұй деген екен. Бұлар әкемнің жинағын басып шығаратын болыпты. Осы кісінің талабы бойынша әкем басына ақ сәлде, үстіне құндызбен жұрындаған жұқа ақ ішігін киіп, үй ішімен қарағай мешітінің алдына барып топтық суретке түсті. Сол кезде әкеммен бірге түскен адамдар: апам-Үкіжан, үлкен ағамыз-Ғабдсамет, онан кейінгі ағаларым-Ақанай, Қошат, әпкеміз-Шәрипа, Ғазез (мен), Мақаш бес жаста жетеуіміз. Кейін айтқандай әкемнің жинағы да баспаға жолданып кетті. Бірақ, жинақ бір жыл жатып басылмай қайтып келді. Сүйтсек, ілешала Жу Чүнхұй қолға алынып кетіпті. Көп өтпей әкемде қолға алынды. Ал әкемізден жоғарыдағыдан басқа сурет қалмады. Ол кісі түрмеде қайтыс болғаннан кейін, 1948 жылы Боғда жаққа-Шонжы ауданына қоныс аударып барғанымызда, Оспан ауылында молдалық істеп жүрген Қапас мүпти (ол суретші екен) деген адамға жоғарыдағы сегіз адамның ішінен әкемнің суретін қиып алып, қарындашпен қайта сыздырдық. Кейін бұл сурет адырақбайлар арқылы аудандық сақшының қолына түсіп, бүктеліп, сынып қалғандықтан, мархұм Қалибек Мәнапұлына екінші рет сыздырғанбыз. Қазіргі кітап-журналдарда пайдаланып жүрген сурет осы.

– Әңгімеңізге рахмет ата!

 

Соз соңы:

Жақын жазылған «Бас» атты толғауымдағы:

Ақытым асқар бел еді,

Шырменен жеткен дерегі.

Абақтың алтын терегі,

Алаштың асыл берені.

Ұлтына ғылым берері,

Құлшына жазам мен оны.

Жиғаны шалқар көл еді,

Иманы мәңгі қорегі.

Қазақтың жарық жұлдызын,

Ата жау артық көреді.

Шың шысай зұлым түрмеге,

Ақсақал ерді бөледі.

Аштықпен қинау астында,

Азаппен Ақыт өледі.

Ұрпаққа тарап өлеңі,

Жалғасып жылдар келеді.

Бабасы зұлым қытайдың,

Баласы есеп береді,- дейтін жолдар осындай күндер кешірген бабамды жоқтаған балалық базынам еді.

         Өздеріңіз танысқандай осы сұқбатымда ақындық қарымы алашқа танылған Ақыт Үлімжіұлының әлеумет аңғара бермеген, әліде болса айтыла бермеген кейбір қырларына тоқталуды жөн көрдім. Бүгінде туылғанына 140 жыл толып отырған, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ғұлама ақын, ағартушы Ақыт Үлімжіұлының есімі қазақ тарихы бетінде мәңгілік қалатыны ақиқат. Алайда қазақ әдебиеті тану ғылымында Ақытқа шетелдегі қазақ әдебиеті өкілі ретінде қаралып, шетке қақпайланып қала беретіні жасырын емес.

      Ақыт тану ғылымы Қытай, Моңғолиядағы қандастарымыз арасында кеңінен жалпыласқанымен, еліміздегі әдебиет танушылар әлі де жалқаулық танытып келеді. Мұның себебі әр қалай. Жүйеден екі алып империя арасындағы қызыл сызық салдарынан Ақыт Үлімжіұлы өмірі мен шығармаларымен танысу қиынға соқты. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да ұлымызды ұлықтап, жоғымызды жоқтап, барымызды бағамдап алсақта болар еді. Өкініші «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткенде Ақыт шығармашылығы жоқтаусыз қалғаны рас. қолдан құдай жасап, алты ауыз өлең жазғанды алып етіп ата қуып кеткен арсыздықтан бір Ақыт емес талай ұлы тұлғаларымызды тот басып қалды. Құдайға шүкір, шеттегі қандастарымыз арасында сөзі қатталып, жыры жатталып, есімі ел аузындағы аңызға айналған Ақыт Үлімжіұлын зерттеп, шығармаларымен танысу тәуелсіз елімізде де қолға алына бастады.  Қазақстандағы қазіргі қазақ әдебиеті тарихына Ақыт есімін қалдыруда– филология ғылымдарының докторы, прафессор Зүфар Сейітжанұлының «Ақыт ақыт» атты еңбегін айырықша атап өтуге болады. Сонымен бірге тарих ғылымдарының докторы, прафессор Нәбижан Мұхаметқанұлы, филология ғылымдарының кандидаты Дүкен Мәсімқанның, жазушы Жәди Шәкенұлының еңбектерінде Ақыт шығармашылығы туралы кеңінен баян етіледі. Жақында Алматыдағы «Қазақ қауымдастығы» баспасынан 2007 жылы жазушы Жәди Шәкенұлы құрастырып шығарған, Ақыт Үлімжіұлының «Жиһаншаһ» атты өлеңдер мен дастандар жинағы ақын шығармашылығының Қазақстанда тұңғыш кітап болып шығуы десек, жоқтан бар деп қанағат сезінгенімізбен Ақыт шығармалары шетел қазақтары үшін, болмаса азғана ру мен ұлыстың үлесі емес, ұлттық мінбе тұрғысынан қарастыратын құнарлы еңбек екенін ойланатын кез келді. Осы орайда айта кетер базына Қазақстанның келешек қара көздеріне шетел әдебиеті, орыс әдебиеті, ТМД әдебиеті т.б. деп оқытып санасына құйып жатқан уақытта Шетел Қазақ Әдебиеті деген арнайы курс ашып оқытса да артық болмас еді. Курстың жүгін кемітпес талай тұлғаларымыз шетелде жатқанын айтудың айыбы не?! Ел болып елеңдеген мәдени мұра бағдарламасы аясында осы мәселені де қарастырса құба –құп болар еді.

Илайім, төрт құбыламыз түгенделер күн болсын ағайын!

 

Талапбек Тынысбекұлы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

2009 жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑