banner-top12

Ізгілік 1328288120_islam

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 2  017 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

3

Асылдың сынығы

(Ғазез қажы Әмірханов туралы)

1964 жылдың қыркүйегі. Жаңа оқу жылы басталар алдында Торғай өңіріндегі білімнің қарашаңырағы Ыбырай Алтынсарин қазақ орта мектебіне жаңа басшы келді деген хабар тез тарады. Бұл кезде мен Жанкелдин аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарып жүрген кезім еді.

      Басшылыққа келген осы Торғайдың тумасы, аумалы – төкпелі заманда атқарушы биліктің көңілінен шықпай, ұстаздықты Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында бастаған, жаңағындай себептермен 4-5 жыл көлемінде Қостанай облысының Қарасу ауданында ұстаздық еткен Ғазез Әмірханов екен.

      Жас жағынан бізден 10 жастай үлкендігі бар ағамыз еді, бұған дейін жете танып, бірге қызмет атқармағанмен ол кісінің есімі әрбір торғайлыққа етене таныс болатын. Бұл кезеңде 40-50 жылдардың ауыртпалығынан кейін елдің еңсесінің жаңа ғана көтеріліп, әлеуметтік жағдайы бірте – бірте жақсарып келе жатқан. Сол кездегі партия саясатына сәйкес бір әкімшілік аумақта қос басшылықты енгізіп, басшы партия ұйымдарын ауыл шаруашылығы басқармасына бағындырған уақыт еді. Осыған орай ауданда екі басшылық: бірі аудандық партия комитеті, екіншісі — облыстық партия комитетінің ұйымдастырушысы лауазым иелері отырды, бұл екуі де ауыл шаруашылығы басқармасына ресми болмаса да бағынышты еді. Міне, осындай қос үкімет жағдайында директорлыққа келген Ғазекеңе де көп шаруаны тындыру қажет болды. Бірінші күннен жұмысқа қызу кіріскен Ғазекең білім сапалы болу үшін оқу- материалдық базасы мықты мектеп үйі, білікті мұғалім және оқу бағдарламасына сай сапалы оқулықтар қажет деген қағиданы мықты ұстанды…

       Білікті басшы өзінің өрлігін көрсетті, Ыбырай атамыз негізін қалаған мектептің жаңа көкжиектерін ашып, ауданға, облысқа ғана емес, бүкіл республикамызға танымал ұжымға айналдырды.

       Ғазез Әміханов Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебіндегі басшылық және ұстаздық қызметін 1969 жылғы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Указымен «Қазақ ССР- на еңбегі сіңген мұғалім» атағын алуымен аяқтады, одан кейінгі қызметі ауданда білім саласының өсіп өркендеуіне, аудандық білім бөлімін басқаруға арналды.

      … Сәл шегініс жасайық: Ғазез ата тегі жөнінен кім? Біздер ұзақ жылдар бойы ата тегімізді, ата-бабалар тарихын рулық туысқандық деген ұғымдарды білмей өскен ұрпақпыз. Ал соңғы кезде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, шүкір, соның олқысын толтырып келеміз. Бұл жөнінде Ғазекеңнің өз аузыменен сөйлетейік:

– 18 ғасырда Бұхар шаһарында бабамыз Шақшақ Жәнібек қожа Қаши Абы-Есбайұлымен танысып еліне, Торғай қаласына қонаққа алып келеді. Келгеннен кейін өз елін аралатып халқымен, ел ағаларымен таныстырады. Содан бір жылдан кейін ол рұқсат алып еліне қайтады. Қоштасарында Жәкең Қаши Абыздан: «Сізден тәбәрік етіп ұстауға бір балаңызды беріңіз, пір етіп өзіңіздей құрметтеуге сендіремін» — деп, Қаши қожамен төс қағыстырып айырылысады. Қожа Қаши «Алты ұлым бар, соның бірін аманат етемін, жақсы болса пір қыларсың, жаман болса құл қыларсың. Қашан, кім келсе де, осы айтқаным айтқан. Хабар берер адамның Қосым деген қожа сол, балдызыма тапсырамын» деп аттанып кетеді. Содан біраз уақыт өткенде Торғай дуанынан Ташкен Бұқараға кіре тартушыларды бастап баратын Солтан баласы Қожаназар деген ел ағасынан Жәнібек баба әдейі «Бұқарда Қосым қожаға жолығып, Қаши Абыздың бір ұлын алып кел» деп тапсырады. Қожаназар атамыз 17 жастағы Азынаны алып келеді. Сол Азынадан өскен ұрпақтар: оның бәйбішесінен Арқай, кіші шешемізден Малтабар, Шүрек, Малтабардан Өтей, Сүтей, Тобыл, Итемген. Өтейден Досмағанбет, Бекет, Оспан қожа. Оспан қожадан Әмірхан, Мұхмедуали, Хамза. Әмірханнан мен Ғазез қажы туамын, — деп шежірені тарқатып отыратын.

Ғазекеңнің ата-бабаларының тағдыры сондай қиын заманға келген. 1937 жылы қыркүйек айында Торғайда қожа тұқымынан болғандығы үшін әкесі Әмірхан мен оның інісі Хамза ұсталып айдалады. Сол кеткеннен оралмай Хамза 1942 жылы, Әмірхан 1944 жылы аурудан қайтыс болды деген хабар келеді. Соңынан екеуін де Қостанай облысының сот коллегиясы қарап, ақтайды.

«Атам Оспан қожаның немерелерінде менен басқа ер бала болмаған. Біздің шешеміз атамның жүзін көре алмай өтіпті. Ол кісі келе жатқанда тығылып тұрады екен. Атам (Оспан қожа-Е.Ә.) 1928 жылы 12 маусымда қара безгекпен ауырып содан қайтар алдында есі кірер-кірмес жағдайда жанында отырғандарға «Әлгіні алдырыңыздаршы» дей берген соң: «Кім-Кім?» деп сұрағанда мені айтса керек. Мені алдырып кеудесіне шығарып жатқызыпты. Сол жерде мен ұйықтап кетсем керек, атам қысылған соң алайын деп көтере бергенде, «тимеңдер, мен дүниеден өткен соң аласыңдар, жата берсін» деп қозғалтпапты. Ақыры дүние салған соң алса керек. Соны көрген жандар аңыз етіп айтып отыратын. Кешегі Кеңестік дәуірде мен қызмет істеп жүргенде осының өзінен кінәрат іздеп соңымнан қарауылшы тыңшылар қалмай қуғынға түстім. Бір Алланың жәрдемі шығар, аман-сау тәуелсіз егеменді елге де жеттік-ау. Мүмкін, жарықтық Атам менің қажы болатынымды сезген шығар. Елдің егемендік алып, тәуелсіз ел атанып дініміздің қайта келетінін болжаған шығар деген ой келеді. Қажы сапарында оранған, зәмзәм суына малынған ихрамым сандықта сол ораулы күйінде жатыр. Алла нәсіп етіп бұйыртса, кебін етіп оранармын деген ойым бар» дегені бар Ғазекеңнің.

…Иә, Ғазез қажы Әмірханұлы тарихи Торғай еліне келер ұрпақ үшін көз майын тауысып, білім нәрін септі. Зейнеткерлікке шыққан соң мұражай басшысы болды. Мұражай кешеніндегі жәдігерлердің жиналуына, орналасуына және тақырыптық жоспардан ауытқымауына терең мән берді. Мұражай қонақтарына шежірелі сыр айтып, талай кездесулер өткізді. Әрбір жәдігерде, құжаттарда Ахаң мен Жақаң пайдаланған заттарда Ғазекеңнің қолының таңбасы бар сияқты көрінеді де тұрады. Сондықтан да осы абзал азаматқа Торғай жұрты тағзым етіп, рахметін айтады.

Естелік-әңгіменің басында Ғазездің тегі кім дегенде оның ата-бабаларының Бұқар жағынан келген қожа тұқымы екендігін айтқанмын.

Қазақстан тәуелсіздік алардың алдындағы қоғамдық саяси ахуалды сараптаған, заман аңғарын жақсы сезетін қасиет иесі Ғазекең коммунистік қоғамның келмеске кетіп бара жатқандығын ерте аңғарды, сонда да болар ауданда мешіт салу сонау 1989 жылы ұйымдастырылып, қолға алынды. Оны сол кезде К.Кәрбозов бастаған «Еңбек» кеңшарының халқы ерекше қолдады. Басқалар мұның арты бір сойқан болып кетпес пе екен деп аңысын аңдығанда Еңбек пен Қызыләскердің жұрты табандылық көрсетті. Соның нәтижесінде 1990 жылы ауданда мешіт салуды жүргізу ресми басталды. Аудан халқы бұл жауапты істі жүргізуді бір ауыздан Ғазез Әмірханұлына тапсырды. 1990 жылы 7 мамыр күні Торғай қаласындағы Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде халықтық жиын өтіп, онда мешіт салу жөнінде аудан көлеміндегі барлық кеңшарлардан қатысқан өкілдер арнайы шешім қабылдап, мешіт салуды ұйымдастыру тобының құрамын бекітіп, оның төрағалығына Ғазез Әмірханұлын сайлады. Осы жерде сол кездегі аудан басшысы Жақан Қосабаевтың ерекше батылдық көрсеткенін айтпау әділетсіздік болар еді. Бұл кезде Ғазекең мұражайлар кешенінің директоры болатын. Халық ұйғарған соң амалсыз өз еркімен арызын жазып, қызметінен босап кеңшарларды аралап, қаржы жинауға кірісті.Қасына ақылшылдыққа әрі кеңесшілікке М.Иманғалиев пен Ә.Әлімбаевты алып ел жағалап шаңырақ басынан 100 сомнан жинап, аудандағы 5265 үйден 526500 сом түсірді. Осы қаржыны аудан басшыларына заңдастырып өткізді. Сөйтіп 1990 жылы 12 қыркүйек күні Торғай қаласында мешіттің ірге тасы қаланды. Бұл аудан халқы үшін зор мереке еді. Мешітпен бірге кеңшарлар көмек ретінде екі пәтерлік үй қосымша салды. Аудан басшылары да сөзінде тұрды. Сөйтіп халықтың зор өрлеуімен басталған Торғай мешіті 1992 жылдың 20 тамызында аяқталып, 21 тамызда салтанатты ашылуы болды. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы бас мүфтиі Рәтбек қажы мен түркі әлемінің ғұлама ғалымы Халифа Алтай және Т.Әбдікұлы, Ә.Кекілбайұлы, Ә.Сығай секілді қоғам қайраткерлерімен сол кездегі Торғай облысының С.В.Кулагин бастаған Қазақстан жұртшылығы өкілдері қатысты. Көп уақыт өтпей Республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы өзі көріп, құрылысшылар мен облыс, аудан басшыларына зор ризашылығын білдірді, ел алдында рахметін айтты. Ғазекең Торғай халқы атынан ақ бата берді. Содан бері де 14 жыл өтіп, 15 жылға аяқ басыпты. Тарихтан белгілі 1917 жылғы «Қазан» төңкерісінен кейін қазақ халқы имандылығынан ажырап, біраз ел мәңгүрттене бастады. Тек Қазақстан өз егемендігін алған соң ғана еліміз қайтадан ата-баба дәстүріне, дініне орала бастады. Бұған дейін қаншама қазақ зиялылары өз мүфтиятын құруға талпынса да кедергілер көп болды, саясатты Кремль басқарып келді. Орта Азия мұсылмандарының діни орталығын Ташкент өз қолына ұстап отырды. Елімізде халықтың ұмытқан имандылығын еске түсіріп, ізгілікті сезімдерін қайта оятып, бекіту үшін Қазақстанның діни дербестігі қажет болды. Бұған 1990 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы болып, онда халқымыздың тарихында алғаш рет Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылып қол жеткізілді. Әрине, Ислам дінінің дүниеде өзінің нық орнын иелену үшін көп мәселелерді шешу қажет еді. Ал бұл саладағы шаруа бастан асып артылатын.

Аудан көлемінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Ғазез аға мешіт жағынан алқа ұйымдастырып, оған халық алдында беделі бар ардагерлерді тартты. Олар Ғазекеңнің басшылығымен аянбай қызмет етті. Осы кезеңнен бастап ештен кеш жақсы дегендей, халықтың санасы оянып, мұсылмандыққа бет бұра бастады. Алғашқы жылы-ақ мешітте Торғай-Қостанай өңіріне имамдар мен діни қызметкерлер даярлайтын медресе ашылды, онда осы аймақтардан талай балалар келіп оқыды. Оларға Ғазекең мен оның баласы Шоқан дәріс берді. Міне, бас аяғы 12 жылда Торғай мешітінің медресесі өз шәкірттерін Қазақстанның әр қиырына ұшырып, зор еңбек жасап отыр. Қасиетті имам Ғазекеңнен ақ бата алған шәкірттердің көбі үлкен-үлкен діни қызметтер атқаруда.

…Сонымен әулие атасы Оспан қожаның айтқаны айдай келіп Ғазекең  ата дініне он бес жылдай қызмет етті. Атақ-мансап үшін, бас қамы үшін адалдықтан аттамады. Еш уақытта қиянатқа бармады, атасының аманатын орындады. Бауыр еті Шоқандай баласын дін жолына беріп, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» діни университетті бітіргенін, баласының мұсылманның бесінші парызы қажылыққа барып, қажы атанғанын көрді. Адамда арман аз болған ба? Көзінің тірісінде осы мешітке әулие атасы Оспан қожаның атын беру жөнінде қажырлы жұмыс істеп, әр түрлі деңгейдегі басшы орындарға шықса да ұсынысын жеткізе алмай шаршаған кездері де болды. Дегенмен Алла қуанышты күнге де жеткізді. Торғай мешітіне Ғазез қажының атасы Оспан қожа әулиенің аты берілді.

Көнекөз қариялардың және Ғазез қажының айтуы бойынша, аталар аруағы Өтейдің бел баласы Оспан қожаға қонып, Оспан қожаның атақ-даңқы Торғайдан асып шартарапқа жайылады. Оспан қожаның үшкіргені ем, әсіресе есірік, жүйке ауруына шалдыққандар мен жын-перілердің салқыны тигендер дертінен сауығып, Оспан қожаның мәртебесі, дәрежесі, емшілік қасиеті ел аузында аңыз болып айтыла бастайды. Оның Шақшақ Жәнібектің ұрпағы атақты Шеген бидің немересі Қорғанбекті, Қостанайдағы 115 жылдық тарихы бар Ақмешітті салдырған басқа да игі істерімен есімі тарихта қалған Әбдіғали Яушевті емдеп жазғаны белгілі. Жұрт Оспан қожаның аруағына бас иген, керемет әулиелігіне тәнті болған. Ел әулие деп таныған Оспан қожа атамыздың тағы бір кереметі, дүниеден өтерден бір жыл бұрын ел-жұртын аралап, бұл өзінің оларды соңғы көруі екенін, ендігі жолығысуды Алла жазса қияметте көретіндігін, тіршіліктегі артық-кем айтқаны болса кешірім өтінетіндігін айтып қоштасуы. Ақыры бір жылдан соң жұма намазына жиналған жамағатқа:

      Ал, жамағат, алдымызда дінге зауал, халыққа зобалың туғызатын қатерлі бір зұлмат келе жатыр. Мен науқаспын. Алланың алдында азғантайда қадірім болса мен осы дертімнен айықпай дүние салсын деп тілеп, дұғаларыңды беріңдер. Сол зұлматты мен көрмесін десеңдер, осылайша дұға қылыңдар деп, көптен бата сұрайды. Лажсыздан жамағат айтқанын орындайды. Көп тілегі, өз ниеті қабыл болып, дүние салады. Ғазез қажы аталарының өсиетіне сай әр наурызда мал сойып, наурыз көже пісіріп, ел жұртын, көрші-көлемін шақырып аруақтарға дұға бағыштататын. Қай замандада да, қай салада да қызмет істесе де атасының Алланың адал құлы бол, тәңірім өміріңді ұзақ та бақытты ете көрсін деген батасы, келініне қалқам балаңа адал сүт еміз, сенің үлкен аналық парызың осы, қалғанын Алла тағала қатарымен көрсете жатар деген өсиет сөзі Ғазездің бір сәт есінен кеткен жоқ. Өмірдің қандай қиындығын көріп өссе де, ел басына нәубет түсіп, аузы дәмді асқа тимегенде де, іштей бір ұлы күшке сенім, ата-бабалары түскен жолға сенімділік, Ислам дініне иман келтіру бұл әулеттің ер адамының бойындағы қасиеті еді.

     Әрине, бала Ғазездің бойында аталарынан дарыған әулиелік, алдағы болатын оқиғаларды көре білушілік, сәуегейлік, әр түрлі құбылыстың алдын-ала болжау сияқты қасиеттер болды деп айту артық болар, дегенмен кейбір жағдайларда осы қасиеттердің байқалатынын айтып жүрген замандастары, құрдастары, үлкен кісілер куә.

     Бұл орайда мына бір оқиға ойға оралады. Ғазездің Торғай қазақ орта мектебінде директор болып жұмыс істеп жүрген кезі. Сол мектепте бастауыш класта сабақ беретін Доспаев Жұмағұл деген кісінің баласы науқас болып, көрсетпеген емші, қаратпаған дәрігер қалмаған соң, үмітін үзген ата-ана Ғазезге өтініш салып көріп беруін сұрайды. Ол баланы көзбен шолып, тамырын ұстап ата-анасына «Күтім жасай беріңдер, Алла қаласа жазылып кетер» дейді. Артынан «Ғазездің бір ауыз сөзі ем болды ғой» деп отыратын Жүкең. Тағы бір жағдайды айтпай кетуге болмас, 1972 жылы Ақшығанақта мектеп мұғалімі Әждар Өсеров деген азамат қайтыс болып, соның жаназа намазына баруымыз керек болды. Ол кезде мұның өзі нағыз діншілдік деп танылатын, олай істеуге біздің құқымыз да жоқ болатын. Жерлеу ертеңгі күнгі сағат он екі. Біз Торғайдан күні бұрын шықтық, жаңбыр жауған, жер езіліп кеткен. Мінген көлігіміз ескілеу. «Торғай » совхозы аралығында 4-5 ірі жүк көлігі тоқтап тұрған, кабинада отырған Ғазез жүргізушіге жол сілтеп, жолдың қыр жағын ала бірде былай, бірде олай деп бағыттап келе жатқан. Менің жанымда Сарбас, Саламат артқы салонда отырғанбыз. Кенет Саламат «Біздің Ғазекеңнің жол бастаушысы бар, жол сілтеп отырған соның арқасы, амандық болса тоқтамай жетерміз» дегенде мен аң-таң болдым, себебі мұндай жағдайға бірінші рет куә болып отырмын. Ақыры 80 шақырымды елді-мекенге тоқтамай жетіп, Әждардың қазасына қатынасып қайттық. Осындай әңгімелер қозғалғанда, Ғазездің бойында құпия күштердің бар екндігін білетін адамдар әңгіме қылғанда, аппарат қызметкерлерінің жасандау жағы «Қойыңдаршы, осындай әңгімелерге сенесіздер. Бұл заманда жын-шайтандар көшіп, «Әулиелік» ұмытылған ұғым есебінде қалған, онда не бар» дейсің дегенде, Ғазекеңнің құрдасы, соғыс жылдарында педагогикалық класта бірге оқыған Асқада Рәжанқызы: «Азаматтар, артық әңгіме айтпаңдар, осының бәрін Ғазез біліп отырады» деп таң қалдыратын.

       Бұл штрихтар Ғазездің қожа әулетінен шыққанына, текті тұқымға жататынына дәлел болғандай.

…Сөйткен асыл аға да өмірден өтті. Әумин! Ғұмыр үзілді. Дегенмен, артында ұрпағы бар қалған. Замана өз дамуымен жалғасын табады. Десе де асыл ағаға туған ауылынан мектептің, не болмаса көшенің аты берілсе деген тілегіміз бар. Осы бір ауыл азаматтарының көкейінде көптен бері жүрген тілек құзырлы орындағы азаматтардың көңілін аударса, нұр үстіне нұр болар еді.

Еркін Әлмағамбетов




3 Responses to Асылдың сынығы

  1. Эльмира says:

    маған ұнады. Жақсы жазылған екен

  2. Алмагүл says:

    мақала өз деңгейінде керемет жазылған керекті дүние екен. өте керемет

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑