banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! photo_101

Қосқан уақыты Қараша 1, 2017 | 352 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

АТА ҚОНЫСҚА ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА

Қожакент ауылына – 50 жыл

       Түн қанша ұзақ болса да таң атады.

Рауанди әл Хорезми

 

Қоғам өзгеріп сауатсыз белсенділердің ылаңы жаңа шаруашылықтарға көп кедергілер келтірген үстіне, су болмай қуаңшылық та болыпты. Колхоздардың Төменарық аймағына көшірілгені содан екен. Ұлы Отан соғысы бүкіл еліміздегідей Өзгенттіктерге де оңай тимеген. Алла жар болып соғыс жеңіспен аяқталды. Үлкен қуанышпен еңбекке алаңсыз бет бұрған кезеңде ата қоныс, – Өзгентке қайта оралыпты. Бұл қоныс аударғандардың көптен күткен арманы еді. Қазақ «үш көшкен үй, бір өртенгенмен бірдей», – дейді. Колхозшылар болса, – Басшылар не айтса да солардың сөзін жөн санады, – дейді «Октябрь» колхозының іргесін қалап, алғашқы қазығын қағып есепшісі болған, бұл күндері тоқсаннан асқан қария Қалила Бәкіров ақсақал:

Рас, бұл күндері іргесі өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдары қаланған «Жаңа жол», «Мәдениет», «Еңбек» колхоздарының Өзгенттегі де, Төменарық аймағындағы да кеңселерінің орындарын ешкімге де дәл көрсетіп бере алмайды. Ол, – ол ма, 1950 жылдары ірілендіріліп қайта шаңырақ көтерген «Октябрь» колхозы басшыларының бас қосатын құтханасының орыны да жер болып кеткен. Бұл жөнінде тек халық ақыны Манап Көкеновтың 1950 жылдардың жазында еңбек адамдарының алдында тұрған партиялық міндеттерді түсіндіру мақсатымен «Октябрь» колхозына барғаны, кеңсе дегені төрт қабырғаның үстін үпелегі мол қамыспен жаба салғаны жөнінде айтқан өлеңі ғана сақталған.

Кеңседе колхоздың бас мамандары өзара әңгімелесіп отырса керек. Ақын мына кемшілікті көре тұра үнсіз кетуді бойына ар санапты да қолындағы домбырасын көлденең ұстап:

Осы ма Октябрьдің кеңсесі,

Түсіп кеткен еңсесі, – деп тақпақтай сөйлеп төрдегілерге қарап:

-Е…е бәсе қамыс үпелегімен,

Толып тұр екен ғой кемсесі, – деп аз кідіріпті. Іштерінде аппақ киімі, ақ басты, ақ қасты адамды бұрын көрмегендері де бар екен, солар таңданып отырғанда әлгі кісі домбырасына қосылып:

-Ата қонысқа келдік, – деп,

Отырсыңдар ма мәз болып.

Ауыспалы табиғат,

Тұра бермес жаз болып.

Көліңнің үсті қуаныш,

Жатыр үйрек, қаз қонып.

Жайнатбақ болсаң жеріңді,

Жақсы басқар еліңді.

Бастық бол жұртқа сенімді,

Ол үшін ең алдымен.

Жөндеп ал кеңсе, төріңді, – деп, есепшотты ары-бері қағып отырған Қалилаға көзі түседі. Содан кейін

Уа, Қалила, Қалила,

Отырсың ғой шот қағып.

Басқалар тұр топтанып,

Істемесе жұмысты.

Бола бермес дұрыс-ты,

Көптің көңілін таппасаң.

Кетесіңдер сотталып, – деп термелей жөнелген.

Манаптың айналасындағылар үнемі әзіл-күлкіге мәз болып жүретін. Айтқанын ұмыту, жадынан шығарып алу ол кісіде болмайтын. Қай кезде сұрасаң да аузынан шыққан әзілдері мен шымшымаларын алдыңа мөлдіретіп сала қоятын.

-Көп жылдан кейін Қалиламен тағы кездестім, – дейді ақын өткендерін есіне алып, – бұл кезде «Октябрь», «Бірлік» совхозының қарамағына өтіп бөлімше атауына ие болып қалған-ды. Сәлемнен соң: – Біздің сотталатынымызды қалай білдіңіз? – дейді ол.

-Сотталғаны несі, – деймін таңданып. Қалила болған жайды түсіндірді. Түрлі арыздар жазылып, соның ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы орындардан арнайы келіп, «Октябрь» колхозының кіріс-шығысын екі аптадай жатып тексеріпті. Қырсығына салғанда арызқойлардың көрсеткендері дәлелді болып, сиыр баспаққа, қой қозыға, жылқы құлынға айналып, мал тегіс майдаланған. Колхозшыларға тізіммен таратылған ақшалардың көбісі иелеріне тимеген болып шыққан. Оның үстіне кассадағы ақша да кем, таратылған қаржыларды растайтын құжаттар да кем. Соның салдарынан ферма басшылары мен бригадир, кассир, есепші мамандардың көбісінің үстінен қылмысты іс қозғалып, тергеуге түстік. Ақырында, екі-үш адам сотты болды.

-Оу, барлық қаржының билігі бухгалтерде емес пе? Сен қалай құтылдың? – деймін таңданып.

-Мен бухгалтер болғандықтан ғана жазаға тартылдым. Әйтпесе, ішіп-жеп, қоғамның мүлкі мен малын жеке пайдама жаратқан жерім болған емес. Соны дәлелдей алмадым.

-Енді қалай бостандықта жүрсің?

-Шешем, Бибіш, шығарды, – деген Қалила орын алған жайларды баяндап кетті.

… Жалғыз ұлының жазықсыз кеткеніне көзі жеткен қарт ана сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Баян Әріпқызына арызбен кіріп, баласының жазықсыз екенін баяндайды да: – Осы жайымды Қазақстан басшыларына жеткіз, – дейді көзінің жасын көлдете отырып.

Әкесі жазықсыздан жазықсыз «Халық жауы» атанып айдауда кеткен жалғыз шешесінің қамқорлығымен еңбек етіп, халық құрметіне бөленген депутат қыз: – Асыра сілтеу қазірде де бар екен-ау, – деген оймен келесі сессияда өтінішпен республика Жоғарғы Кеңесі президиуымының төрағасы Ниязбековтың қабылдауында болып, көмектесуін өтінеді. Депутатты зейін қоя тыңдаған төраға: – Қоғам мүлкіне қол сұқса ешкім маңдайынан сипамайды ғой, – дейді.

-Екі өмірдің ортасында тұрған қарт ана баласына сеніп отыр. Осында бір жалғандық бар секілді.

Баянды тыңдап отырған төраға кенет, – Туысыңыз ба? Неңіз болады? – деді.

-Аға, ешқандай жақындығым жоқ, бірақ мен сол округтен сайланған депутат емеспін бе? Олар маған сеніп отыр ғой, – дейді. Төраға жай ғана күлді де, – бір қауым елдің жүгін арқалап келіп отыр екенсіз. Тексертіп көрейік, – дейді.

Кабинеттен бір міндетін атқарғандай болып қуанып, сессия бітісімен жүрегі алып ұшып ауылға да жеткен. Болған жайды Бибіш апасына толық білдірген. Қарт ана сабырмен тыңдады, сыр берген жоқ. Сенбей отырғаны белгілі еді, хабарды тағатсыздана күтумен арада екі ай өтті, үшінші ай басталғанда, – Айналайын қызым, ер адам атқара алмаған істі сен тындырдың, дүниеде әділдік бар екен, – деп Бибіш кемпір Баянның аяғына келіп жығылады. Депутаттың уәдесіне беріктігіне риза болған ақын: – Кассадағы ақшаның қайда кетіп жатқанын шынымен білмейсің бе? – деді Қалилаға. Бухгалтердің аңдығаны қаржы екенін, қалай жұмсалғанын біліп отыратынын, бірақ негізгі билік төрағада болатынын әңгімелеген бухгалтер күліп алды да: – Егін-тегін жиналып, колхоздың банктегі есебіне ақша түсіп жатқан кез еді. – Бірде чекке қол қойдыруға төрағаға бардым. Ол сәлемдескен соң ауданның бірінші басшысы жазда күріш пен жүгеріні аралағанда шығымына риза болып, – Қожа, жарықтықтар, алғанды білесіңдер де бергенді білмейсіңдер-ау, – деп күлгенін, оған өзінің қолға түскен дүниені орынсыз шашпайтынымыз, ретті жері болмаса бермейтініміз рас, – деп жауап бергенін, хатшының сол сөзді әліге дейін ұмытпағанын әңгімеледі. Содан кейін сөзін қайта жалғады. Жаңақорғанға барғанымда: – Сізді хатшы іздеді, – дегенді есітіп, кабинетіне кірсем жалыз екен.

-Қожа, отыр, – деді алдындағы орындықты нұсқап. Жайғасқан соң: – Дақылдан жақсы өнім жинадыңдар, реті келді ме? – деп күлді.

-Келтіруге болады ғой! – дедім жаздағы сөзі есіме түсіп.

-Онда, – деді хатшы салмақпен, – жақында Алматыда аудан басшыларының қатысуымен республикалық семинар өтеді. Соған жүргелі отырмын.

-Түсіндім, – дедім мен де.

-Ақша қолыңа тиген соң мың сомын хатшыға бер, өзім телефон шалып ескертіп қоямын, – деді төраға.

Түстен кейін бастықтың өтінішімен хатшының алдына барып сәлемдемесін жеткіздім. Ақ қағазға оралған кілең жүз сомдық еді. Алақанына олқы болды ма, әлде көзіне қораш көрінді ме, кейін шегіне берген маған: – Әй, мынауың қанша?! –деді.

-Мың сом!

-Мұны кімнің аузынан тауып аламын, алып кет, – деп дауысын зілдене шығарып, қолындағы ақшаны маған қарай лақтырды. – Мың сом ол кезде семіз төрт ірі қараның пұлы, бәрі еденге шашылып түсті. Еңбектеп жүріп жинаған ақшаны сол күйінде алып шығып төрағаның өзіне тапсырдым да болған жайды айтып бердім. Сөзімді бөлмей үнсіз тыңдаған төраға түнеріп отырып қалды, бірақ үндеген жоқ. Ертеңіне кассирден естігенім, – Тағы да мың сом алыпты! Сол ақшалардың бірде-біріне қатысым жоқ, қол қойған да емеспін. Колхозшылардың алашақтары шаруашылық бригадирлері мен агрономдарға, басқа да мамандарға өткізіліп, иелеріне солар жеткізіп отыратын, мұндай жай бір емес, екі емес, қайталана берген соң, халық арызданбай қайтсін?! Ал мен депутат Баян арқылы әділдікке жетіп, бостандыққа шықтым, басқалар кесікті жазасын өтеді. Түрмеде алты айдай болдым. Сол кездерде: – Көптің көңілін таппасаң «Кетесіңдер сотталып», – деген өлеңіңіз ешқашан есімнен шыққан емес. Дәл айтылса сөздің де үлкен құдырет екенін сонда білдім. Қалила сөзін осылай аяқтады. Ал мен ойға қалдым. Әлгіндегідей өлеңді айтуды сиреттім де, еңбек адамдарын тек мадақтауға көштім, – дейді ақын.

Келінтөбе каналы бітіп, іске қосылған соң түгіскен тыңынан бірнеше совхоз ашылды. Баяғы «Октябрь» колхозы негізінде «ХХІІІ партсъезд» совхозы бой көтерді, мол өнімші, күрішші, жүгерішілер астық молшылығын жасауда аянған жоқ. Солардың ішінде мұғалімдігіне қарамай күріш егіп, әр гекардан жүз центнерден өнім алған Есқожа Ысқақов, жүгері өсірудің майталманы атанған Ергеш Үсеновтердің орден, медальдарға ие болып Мәскеудегі ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып қайтқан кезі-тін. «ХХІІІ партсъезд» совхозына тағы жолым түсті. Бұрынғы жатаған үйлер жоқ, бәрі еңселі, кеңсенің өзі екі қабатты, көшелер асфальттанған. Ауылдың ақсақал-қарасақалдары жиналып келіп: – Шырағым Манап, басымыз қосылмай «қожа жиылып ел болмас», – деген сөзді арқалап жүрген халық едік, ашаршылықты да көрдік, халық жауы да атандық, сотталып та кеттік, міне, бүгін Алла жарылқап елдігімізді көрсетіп отырмыз. Осы жайларды өлеңмен өрнекте, еңбегімізді жырла, – деді. Мен домбырамды қолға алдым да, «Нанның атасы дән, сол туралы айтайын», – дедім.

-Өзің біл, – деді жиналғандар.

Бір түйір дән төккен маңдай теріміз, – деп бастадым да, ары қарай жалғастырып:

Содан байлық басталады сеніңіз,

Масақ қалса, жерде нан да қалады.

Ағайындар мұны абайлап көріңіз,

Бір түйір дән әр жүрекке ұялар,

Түйір дәннен тау-тау қырман құралар.

Дән мерейі құрыш қолды диқанның,

Дән тасқыны ердің атын шығарар.

Бой көтерген совхоздағы ғимарат,

Жүректерге ұялаған инабат.

Дән өндірген диқандардың арқасы,

Мұны айтпасам болып жүрер қиянат, – деп шырқадым.

Жиналғандар дүркірете қол соқты. Кеуделері орден-медальға толы Есқожа мен Ергеш қол алып құттықтады. Екі диқанға қарыздар болып қалмайын, – деп басқа махаммен:

Мұғалім болып арманың,

Жасыңнан өрге самғадың.

Сол кезден-ақ білдің-ау,

Жастық шақтың салмағын.

Талай жыл өтті арада,

Білім де жидың санаңа.

Орындалып ойдағың,

Ұстаз болдың балаға.

Түлегенде Түгіскен,

Алғаш сенсің кіріскен.

Кәнігі диқан атанып,

Тау тұрғыздың күріштен.

Табиғаттың байлығын,

Жүргендейсің тартып ап.

Кетпеніңнен тайсалып,

Басын иді бар қырат.

Еңбегіңнің жемісі,

Төсіңде тұр жарқырап,

– Ой пәлі, – деген үндерден айнала жаңғырды. Аз тыныстап алып Ергешке қарадым да:

Идіріп жүрсің жер төсін,

Жарайсың, інім, Ергешім.

Абыройың асқақтап,

Жылдан жылға өрлесін.

Жүгерімен тілдестің,

Біреу көрсін көрмесін.

Шыны осы ағайын,

Біреу сенсін, сенбесін.

Риза саған басқарма,

Шыға бер шыңға асқарға.

Есімің қалар тарихта,

Үлгі болып жастарға, – деп тоқтадым. Дала академигі

атанған, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың шәкірті Арапбектің еңбегі  ерекше, – деп даурықты тыңдармандар. Көптің тілегін қалдыруға бола ма, тағы да домбыраны қолға алып:

Өтініш түсіп жатыр қалап көптен,

Жырла деп Еңбек Ері Арапбектен.

Ағайын мені әурелеп қайтесіңдер,

Есімі бүкіл елге тарап кеткен, – дедім. Бүкіл одаққа белгілі адам жөнінде арнайы жырлармын, бүгін қолқа салмай-ақ қойыңыздар, – деп көпке уәде бердім. Көптің көңілін таппасаң, кетесіңдер сотталып, – дегенімді естіген қариялар: – Манап, адам жақсы сөз айту керек, періштелер жаманға да, жақсыға да «әмин», – деп тұратын көрінеді. Соттан бір-ақ шығып жүрмейік, – деп еді. Сол өлеңнен соң төрт-бес жыл өтпей-ақ колхоз активтерінің біразы тергеуге алыныпты. Мен үшін бұл ыңғайсыз болды. Сол айыбымды көп жыл өткен соң өлеңмен өтегенім бар. Ақын уәдесінде тұрып кейін Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев жөнінде үлкен етіп өлең, очерк жазды. Ол «Жұлдызды жігіт»  тақырыбымен осы кітапта жарияланып отыр.

Түгіскен тыңын игеріп, ел несібесі – дәннен тау тұрғызып, сәулетті Отанымыздың қамбасын Сыр маржанына толтырған азаматтардың көбісі қазір арамызда жоқ. Балаларының өзі қазір жетпіс пен сексеннің арасында. Ал олардың еңбегімен атқарған істері бүгінгі Қожакент атанған елді мекеннің әрбір көшесінде, адамдарының жүрегінде сайрап жатыр.

***

1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы қырғынында 29 миллион совет жауынгері мерт болды. Сарапшылар мен зерттеушілердің жүргізген есебі бойынша, мұның өзі әр шақырым сайын сегіз жарым мың адам жорық жолында қалды деген сөз. Бұл цифрды уақытпен есептегенде минут сайын он бес адам көз жұмған болып шығады. Солардың ішінде ауданымыздан аттанған бес мыңға жуық жауынгердің екі мың үш жүздейі туған топырағына оралмаған. Солардың ішінде «Жаңа жол», «Мәдениет» пен «Еңбек» колхоздарынан аттанған жүз елуден аса азаматтың жетпіс жетісі майдан даласында көз жұмған. Соғыстан аман оралды дегендердің көпшілігі аяқ, қолынан айрылған немесе жаралы азаматтар еді. Қаншама шаңырақтың оты өшкенін айтпағанда, қаншама ана мен баланың жүрегінде жазылмас жара қалды. Осынау қанды қасап қиындықтарды басынан өткерген халқымыз өз жағдайларына қарамастан, – Партия мен өкіметтің алға қойған міндеттерін орындау борышымыз, – деп, бейбіт күндегі еңбек жолдарын бұрынғыдай жалғастырып кетті.

Неміс фашистері шегінген 1944 жылдың өзінде басталған «Сунақата» каналының жұмысы дер кезінде аяқталды. Бұл іргелі жұмысқа бүкіл аудан колхоздары мен мекемелері ұйымшылдықпен кірісті. Канал суын аймақтағы колхоздар тегіс пайдаланды. Солардың ішінде «Мәдениет», «Еңбек», «Жаңа жол» колхоздары бес жүз гектарға егін егіп, нәтижелі өнімдерге қол жеткізді. Келер жылы егілген дақылдың өнімі де жаман болған жоқ, әр гектардан жоғары өнім алынғанымен, келер жылғы өнімдер бірте-бірте төмендей бастады. Мұны агрономдар мен білікті диқандар жердің құнарсыздығынан деген пікірлер білдірді. Шындығында, ол кездерде ауыспалы егіс жүйесі пайдаланылмайтын. Жыл сайын тың жер табыла бере ме?

«Өзгент» өңірінен қоныс аударған ағайындарға енді ата қоныстарына қайта оралу керек болды да, білікті мамандардың ұсынысымен «Сырдарияның жоғарғы жағы» Бесарық тұсындағы иіннен тікелей «Өзгент», «Қойлақы» көлдеріне құятын су жолы атақты Көктас каналын іске қосуды қолға алуға кірісті.

Соғыстан кейін шаруашылықтар мен мекемелерді басқаратын, саяси идеологиялық жұмыстарды жүргізетін кадрларды белгілеуді Коммунистік партия тікелей өзі қолға алды. Оған жергілікті кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымдары көмекші бола білді. Көктас каналын қазудың тізгініне де аудан иелік етті.

Сунақата каналының бойына егілген күріштен әр гектарынан Елтайлық Әлі Еламанов пен Екпінділік Әлі Исаевтың әрқайсысы 80 центнерден өнім алып, еліміздің ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болғаны тарихтан белгілі. Қос жүйріктің Ордендері мен Алтын жұлдыздарын кеуделеріне таққаннан кейінгі ауылда өткен салтанатты жиынға  қатысқан Қызыл Отау меңгерушісі сол кездегі жас ақын Манап Көкеновтың:

Фрицтер қирап жеңілді,

Жұртым биыл көңілді.

Еңбек етіп, көпшілік,

Бастады жаңа өмірді.

Солардың бірі қос Әлі,

Қоғамға үлес қосады.

Қиындықтан қашпайды,

Жон арқасын тосады.

Болсадағы қаһарлы,

Түлетіп дүлей жапанды.

Қос азамат тер төгіп,

Еңбек Ері атанды.

Бәйгеден озып келгенде,

Аяма сыймен шапанды.

Қарттарым  түгел беріңдер,

Батырға деген батаңды, – деген толғау өлеңі де  замандастарының есінде көпке дейін сақталып қалды. Асылында, «жақсы адамның ісі, өнегелі сөзі елімен, халқымен бірге жасайды, ұмытылмайды», – деген ғой. – Ақын Арапбек жайлы дастан жазса ол да  өзіміздің тарихымыз ғой, – деді көпшілік.

***

Соғыстан кейін аудандағы жиырма төрт колхоздың бар мүмкіндігі «Көктас» каналын қазуға жұмылдырылғаны белгілі. Мұндағы бір артықшылық «Сунақата» каналын қазған қыз-келіншек, кемпір-шалдар болса, «Көктасқа» майданнан жеңіспен оралған азаматтар да қатысты. Кетпеншілер тегіс көңілді еді. – Бұл бейбіт еңбектің майданы, ертеңгі нанымыз, – деген кешегі жауынгерлер әзіл-күлкімен жүріп, келер көктемге дейін бірнеше километр келетін канал құрылысын аяқтап, «Өзгент», «Қойлақы» көлдеріне су құйғызды. 1950 жылдың күзгі егіні жиналып болысымен, бұдан он бес жылдай бұрын Төменарық аймағына қоныс аударған «Жаңа жол», «Мәдениет», «Жаңарық», «Политотдел», «Еңбек» колхоздары дарияның сол жақ өңіріне келіп, тың жерден шаңырақ көтерді. Мақта, күріш, тары, арпа, бидай егу дамытылды. Төрт түлік үшін арнайы фермалар құрылып, оларды сауатты кадрлар басқара бастағанда, жоғарғы орындардың нұсқауымен жер ыңғайына байланысты шағын шаруашылықтар біріне-бірі қосылып, ірілендірілген колхозға айналды. Соның нәтижесінде аудандағы жиырмадан аса колхоздың есебінен он колхоз құрылды. Ал Өзгент ауылдық кеңесі территориясындағы «Жаңа жол», «Мәдениет» пен «Еңбек» бірігіп жаңадан «Октябрь» колхозы болып шаңырақ көтерді. Сол жылдары аудан бойынша 370 гектардай жаздық бидай, 440 гектар арпа, 260 гектар сұлы, 185 гектар тары, 105 гектар жүгері, 1800 гектар күріш, 700 гектар мақта, 800 гектарға жуық көкөніс-бақша егілген екен. Солардың ішінде «Октябрь» колхозы 150 гектар күріш, 200 гектар бидай, 150 гектар жүгері, 55 гектар овощ бақша ексе, 5480 бас қой-ешкі, 510 бас ірі қара, 700 бас жылқы болды. Сонымен қатар колхоз есебіне бұрындары 1000-нан аса үй болған екен. Ашаршылық жылдарында жан-жаққа тарап, кейін толыға түсті.

1960 жылы колхоздар қайтадан совхоздарға айналдырылды. Аудан бойынша төрт-ақ совхоз жасақталды. «Октябрь» колхозы «Талап» совхозына қосылып, шаруашылықтың бір бөлімшесі болып қалды.

КПСС Орталық Комитетінің бас хатшысы Никита Сергеевич Хрущевтың ұйғарымымен 1961 жылдың аяғында аудандар да біріктірілді. Соған дейін сегіз ауданнан құралған Қызылорда облысы төрт-ақ ауданға бөлінді. Жаңақорған ауданы Шиелімен қосылып, Шиелі өндірістік басқармасы атанды. Аудан орталығы Шиелі болды. Бұл Жаңақорғандықтар үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан барынша тиімсіз еді. Өйткені аудан территориясының бір жағы Шымкент, Қарағанды облыстарымен, түстік батысы Өзбекстанның Новайы облысымен шектесіп, ұзын-көлденеңі 250-450 километрдей келетін ұлан байтақ даланы алып жатты. Мұның өзі жер көлемі жағынан Еуропалық мемлекеттердің кейбірімен тең деуге келетін еді. Бірақ жымысқы саясат пен қулығына найза бойламайтын қитұрқы заманда көптің көз жасын көру, тілектерін орындау үшін үлкен ерлік керек еді. Оның үстіне ет, сүт, май, астық, басқа да өндірістік табыстар әлденеше есеге артығымен орындалып жатса да, халыққа қажетті тұтыну заттары: ұн, нан жетіспеді. «Олардың бәрі шетелдерге жіберіліп жатыр екен», – деген ресми емес сөздер де өрши түсті. Төзгісіз қиындықтардың аяғы КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Н.С.Хрущевтің 1964 жылдың күзінде қызметінен еріксіз кетуіне әкеліп соқтырды. Аудандарды бір-біріне қосуды жанын сала жүзеге асырған Қазақстан басшысы И.Юсупов те орнынан алынды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Д.А.Қонаев қайта сайланды. Орын алған қателіктер де жөнделе бастады.

1964 жылдың аяғында Шиелі өндіріс басқармасы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығының орын тағына соғыста да, еңбекте де шыңдалған жергілікті кадр Ғафур Мұхамеджанов отырды. Аудан тізгінін ұстаған қос майданның жауынгері алғашқы аптадан-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономикасын көтерудің мүмкіндіктерін қарастыра бастады. Ол үшін бұрыннан таныс жайылымдық жерлер мен егістік алқаптарды қайта-қайта аралап тарихымен кеңірек танысты. Мыңдаған шаршы километр жері, 150 мыңдай халқы бар қомақты аймақты қысқа мерзімде абаттандырудың оңай емес екеніне көз жеткізді. Жаңадан шаңырақ көтерген «Келінтөбе» совхозы, одан арман «Ескі құмиян» қорғанына дейін созылып су сұрап, тусырап жатқан ұлан байтақ даланы ел игілігіне жарату керек-ақ, қалайша? Көне көз қария, ақсақалдар мен су мамандарымен қатар тәжірибелі диқандармен де кеңесті. Жаңадан ірге көтерген жас шаруашылық – Келінтөбеден төмен қарай атақты Қызылқұмның бергі етегінен сонау Балапантөбе, Байкенже өңіріне дейін алпыс мың гектардан астам суармалы жер пайдаланусыз жатыр екен. Жаңа хатшыға осы жайлармен хабардар еткендер Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Раушан Әбенқожаев, – деген азаматтың құлазыған даланы суландыру үшін қол күшімен канал қаздырғанын, бірақ оның әртүрлі себептермен тоқтап қалғанын жеткізді де: – Бұл туралы көп жыл басшылық қызметте болған Зұлпыхар Мұсаханұлынан мол мағлұматтар алуға болады, – деді. Зұлпыхар хатшыға таныс. Соғысқа дейін екеуі де Өзгент өңірінде өскен, қазір Қармақшы ауданы ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары еді, телефон арқылы жедел сөйлесті. – Түгіскен даласы қашаннан тың жатқан құнарлы алқап, оны игеру менің талай жылдан бергі арманым болып келді, – деген Зәкең, сәлемдескен соң құлазыған далаға су әкелуді алғаш қолға алған жерлесіміз Раушан екенін, оның дегеніне жете алмай көз жұмғанын, әз ағаның қасиетті ісін жалғастырудың қажеттігін, қазір облысымыздың алдына астық, оның ішінде күріш дақылын көбейту міндетінің қойылып отырғанын әңгімелей келіп, Түгіскен даласын игерудің реті келіп тұр. Раушан арығын одан әрі жалғастырған дұрыс, – деді.

Келер 1965 жылдың жазында Сыр өңіріне келген Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Д.А.Қонаев ақсақал атақты диқан Ыбырай Жақаевқа сәлем беріп, Шиелі, Жаңақорған аймағын асықпай аралады. Республика басшысы бірде 1954 жылы өзінің Қазақ ССР ғылым академиясының президенті кезінде Қызылорда облысы округінен СССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа ұсынылғанын, сайлаушылармен кездесу үшін Жаңақорған жеріне алғаш келіп, халқының әлеуметтік жағдайымен танысқанын, көпшілікке қандай аманат тапсырсаңыздар да орындаймын, – дегенін арада он жылдан аса уақыт өтсе де жағдайдың сол күйінше өзгермегенін әңгімелей келіп, хатшыға қарап: – Жолдас Мұхамеджанов, халық қажетін өтеуден тартынуға болмайды. Өкіметтен қандай көмек қажет, – деді. – Реті келді, – деп іштей қуанған Ғафекең аудан көлемінің үлкендігін, игерілмей жатқан Түгіскен даласы жайлы ойларын жайып салды. Хатшыны бөлмей тыңдаған ақсақал «қолдан келген жәрдемді береміз. Алпыс мың гектар тыңды өзің игер, жарияға жар сала берме, жоғарыдағылар «жерден жеті қоян тапқандай» аққұлақтарды жіберіп мазамызды алар», – деп күлді. Артынша, Түгіскен алқабын, игеру қолға алынды. Мұны Республика басшысы қолдады. Каналдың сағасы, Үшқайық, – деген жерден басталып, бұрынғы канал отыз бес километрге созылды. Жергілікті халық құнарлы даланы ел игілігіне беру жөніндегі үкіметтің шешіміне ризалықтарын білдіріп, қуана құптады. Ал келер 1966 жылы аудан үшін үлкен тарихи оқиға болды. Осы жылдың ақпан айының екінші жартысында Жаңақорған Шиеліден бөлініп, өз алдына енші алып, шаңырақ көтерді. Ұйымдастыру комиссиясы құрылып, жеделдете өткізілген конференцияда аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына су маманы Шаймерден Бәкіров, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына Балтабай Ыбыраев бекітілді, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасау Жаңақорған өңірін жете білетін тәжірибелі кадр Зұлпыхар Мұсахановқа тапсырылды.

-Раушан Әбенқожаев ағамыз бастаған жұмысты жалғастыруға мүмкіндік туғанына қатты қуанып, оны жүзеге асыруға белсене кірістім, – дейді Зәкең бұл жөнінде риза көңілмен, ол үшін қажетті қаржы да бөлінді. Соған сәйкес қысқа мерзім ішінде ПМК-29, ПМК-34, ПМК-8 құрылыс мекемелерінің техникалары мен күш көліктері жедел жеткізіліп, іске кірісіп те кетті. Ұзындығы жүз километрге созылған каналдың жұмысы аяқталғанша басы-қасында Зәкеңнің болғанын, екінің бірі біледі. Иә, Түгіскен массивін астықты берекелі аймаққа айналдыруда Зұлпыхар Мұсахановтың еңбегі мәңгі ұмытылмауы тиіс. Асыл азаматтың еңбегін мәңгі есте сақтау үшін елі, халқы Келінтөбе каналын Зұлпыхар Мұсахановтың есімімен атауға ұйғарым жасап, оны құзіретті орындар арқылы бекітіп те берді. Ақсақал ғұмыр бойғы арманының орындалып, жемісті болғанын көзімен көріп жетпіс төрт жасында 1988 жылы дүниеден өтті.

“Құтты қоныс – Қожакент” кітабынан үзінді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑