banner-top12

Жаңа кітап no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2013 | 1  126 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

         Атан түйенің жүгін көтерген «Көк түйме»

              

     

«Қазақ әдебиеті» газетінің (№46, 09.11.2012 ж.) санын ақтарып отырып, проза бетіндегі Ділдә Мамырбаеваның «Көк түйме», «Ала жіп» және «Ине» атты алақандай-алақандай әңгімелері көзіме ыстық көрінді. Оқуға асықтым. Үмітім селге кеткен жоқ. Автордың әңгімелері бірінен бірі озып тұр. Кейіпкері де көп емес, немересі Алуа мен әжесінің арасындағы сұхбат түрінде құрылған. Қазақтың ырым-жырымы мен салт-дәстүріне жан бітірген. Оқиғасы қарапайым, тілі жатық, ойы терең, тағылымы мол көркем шығармалар. Жазушы ұсақ детальмен үлкен дүниені қотара, жеткізе жазған. Әңгімелерді жанрлық жақтан балалар әдебиетіне жатқызуға болады. Кенезесі кеуіп, арып-шаршап, жүрелеп отырып қалған бүгінгі балалар әдебиетіне бұл шығармалар тамшы болып тамғанына қуанып отырмын. Әңгімелерді оқып отрырсаңыз, балаларды ғана емес, кез-келген ересек адамды өзіне тартып, ойландырып толғандырарына күмәнім жоқ.

«Көк түйме» деп аты айтып тұрғандай, Д.Мамырбаеваның әңгімесі әжесіне немересі Алуаның: «Әже, мектепке сахналық қойылым қоятын болдық, соған әдемі көйлек тігіп беріңізші» – деген өтінішімен басталады. Оның әжесіне қолқа салуының да жөні бар еді. Себебі әжесі шебер тігінші. Алуаның мектепке киіп баратын сәнді киімдерінің бәрі осы әженің қолынан шыққан. Әжесі немересінің айтқан талабы бойынша киім тігіп, түйме қадауға келгенде әже мен немеренің  арасында бір келіспестік басталады. «Балам, түймеде кие бар. Бұрынғылар оны көз тимеу, сөз тимеу үшін де таққан. Кейіндеп ол сәнге айналып, қолында барлар қоңыраулы алтын, меруерт түймелерді байлығын байқату үшін таққан», – деген әжесіннің ойын онша түсіне қоймаған Алуа, ақыры әжесінің қобдишадағы түймелерін ақ матаның үстіне төктіреді. «Бірі – қар ұшқынындай, бірі – бүлдірген секілді, бірі раушан гүлінің өзіндей» түймелерге «қандай әдемі, қандай керемет!» деп таңғалған Алуа «сия түстес, жұқа, жылтыр түймені көргенде көңілі пәсейіп қалады». Осы жерге келгенде оқырман «қандай әдемі, қандай керемет!» деп алақайлаған Алуаның оттай көңілі неге пәсейді екен, көк түйменің қандай сыры бар? деген секілді сан сұрақтың жауабын табу үшін ары қарай әңгімені оқи түсері сөзсіз.

Алуа бұл сия түстес түймені неге сақтап жүргенін әжесінен сұрайды, «Әр түйменің өз тарихы бар, тиіспе», – деп келте жауап береді әжесі. Осы сөзді айтып отырған кездегі әженің келбетін автор «Әжесі көк түймелерді алақанына салып, аялай сипалады. Жүзі жылып, әжімдері тегістеліп кетті» деп суреттейді. Бұл суреттеуден әженің біркездегі естен кетпес қуанышқа толы, қызықты шақтарын есіне салғанын сезіну қиын емес. Адам жанын елжірететін осы көркем образды автор өте шеберлікпен орынды қолданған. Шынымен де бұл көк түйме Алуаның атасы әжесіне жаз кезінде сыйлаған көйлегінің түймесі болатын. Әруақ сыйлаған әженің көк түймені шалының көзіндей көріп бүгінге дейін сақтап келуінің сырын автор осылай жеткізеді. Сол себептен де көк түйме әжеге бір сәт болса да қуаныш сыйлайды, демеу болады. Одан айырылса не болмақ?..

Алуа көйлегіне көк түймеден басқа қызыл, жасыл, сары, жылтырақ түймелерді талдап алып, көйлегінің өңіріне қадап, мектебіне киіп барады.Түймелер асыл тастай жарқырап, киіміне өзгеше сән береді. Қыз гүлдей құлпырады. Мұғалімдер мен оқушыларға да бұл көйлек өте ұнайды. Құрбылары да осындай көйлек тіккізіп кигілері келетінін Алуаға жапатармағай айтады. Ал Алуа болса әжесінің шеберлігіне мақтанады, масайрайды. Қойылым біткен соң үйге тез жеткен Алуа бәрін жіпке тізгендей әжесіне түгел айтып береді. Бірақ оны әжесі өзінің шеберлігінен емес, қайта түймелердің киесінен екенін мына аңыз арқылы Алуаға айтады:

«Балам, ол өңіріңе қадалған түймелердің қасиетінен шығар. Атақты Мұхтар Әуезов атаң көптің алдына шығып сөйлерде Құнанбайдың шапанының түймесін алақанына қысып тұрып сөйлейтін болыпты. Сонда жаңылыспай, ағыл-тегіл әңгіме айтады екен. Кейін оны қызы Ләйлаға «атаңның әруағы сені қолдап жүрсін» деп беріпті. Ол кісі де ғылыми атағын қорғағанда уысына тас қылып ұстап тұрыпты. Сөз өзінен-өзі құйылып жатқандай әсерде болыпты. Кейіннен осы түймеге көз салдырып, алқа жасатып, өмірінің соңына дейін мойнынан тастамаған екен», – дейді әжесі. Мұны оқып отырсаңыз, өмірбақи отбасы-ошақ қасында отырған тігінші әже емес, керісінше оқыған, тоқыған, білімді, парасатты 21-ғасырдың әжесін елестету қиын емес. Әуезов туралы аңызды кейіпкерінің аузына салған автордың шеберлігіне және тәнті болмасқа шарамыз жоқ. Қалай десек те, бұл аңыз әруақ сыйлаған қазақ халқына жат емес. «Әуезовтің өзі әруақты пір тұтқанда, басқамыз қайда барамыз» деген ой санамызға сап ете түсері сөзсіз. Данышпан ақын Абайдың өзі: «Тәтемдей болу қайда маған!» (Абай әкесі Құнанбайды «тәте» деп айтқан екен) деген сөзін еске салады.

Осы уақытқа дейін түймелерге мән беріп, олар туралы ойланып көрмеген, тіпті қажетті зат деп те қарамаған Алуа бұл аңызды естігеннен кейін керексіз бұйымдай шашылып, қараусыз жатқан түймелерге жанашырлықпен қарап, олар туралы ойланатын болады. Өткен жолы әжесінің қобдишасынан шыққан көк түймені жек көргені есіне түсіп қатты ұялған ол, көк түймені кәдеге жаратқысы келіп әжесінен сұрайды. Бірақ автор Алуаның әжесін және бір қолайсыз жағдайға ұшыратып, әңгіменің өзекті ойын одан армен тереңдете түседі. «Ол кісі көңілсіз ойға беріліп кеткен бе, қабағы шытылып, жүзіндегі әжім тереңдеп, қайта-қайта күрсініп қойып, үнсіз отыр» деп әженің келбеті мен көңіл күйін суреттейді. Шынымен де бұл кісініні ауыр ойға салған не екен. Әлде көк түймесін жоғалтып алған жоқ па? деген сұрақ немересі Алуаны ғана емес, оқырманын да мазалайтыны ақиқат. Сөйтсек, әженің жас кезінде жігіті сыйға тартқан жүзіктің лағыл көзі түсіп қалыпты. Жігіті сыйлаған көйлектің көк түймесін қиып алып, әлі сақтап жүрген әжеге саусағындағы жүзігінің лағылын жоғалтып алудан  ауыр, қиын нәрсе бар ма?! Автор әже үшін сүйген жарынан қалған заттың уақыт өткен сайын қадір-қасиетінің, құнының арта түсетінін бейнелеу арқылы, бүгін үйленіп ертең ажырасатын бүгінгі жастардың тұрақсыз махаббатын сын тезіне алады.

Алуа енді әжесінің лағыл тасын қалай тауып берер екен?- деген сан сұрақ көз алдыңа көлбеңдейді. Әжесінің көңілін көтеру үшін Алуа әжесінің: «Түгел қарап шықтым, әуре болмай-ақ қой, шаңсорғыштың өңешіне түсіп кетті-ау, шамасы» дегеніне  қарамай, үйдің бұрыш-бұрышынан іздеуге кіріседі. Алуа түймелер салынған қобдишаны ала беріп, ішіндегісін байқаусызда шашып алады. Автор түйменің шашылғанын былай суреттейді:

«Түймеден нөсер жауғандай болды, Қызыл, жасыл, сары, ақ көбелектер үйге толып кеткендей. Бірақ бәрі көңілсіз секілді. Жылтырақ сары түймелер де жарқырамайды. Жылтыр сия көк түйме ұнжырғасы түскен адамдай секеңдеп төсектің астына кіріп барады. Көз жазбау керек, әйтпесе ол да бір қалтарысқа кіріп кетіп табылмай қалуы мүмкін. Ол жоғалса әжесі ауырып қалады. Атасы сыйлаған көйлектің түймесі ғой. Алуа жата қалып төсектің астына қарады. Сия көк түйме әлдебір затқа тіреліп, қырынан жатыр. Қол жетер жерде емес. Алуа етпеттеп жатып, қолын созды. Түймені қатқыл затпен бірге алып шықты. Алақанын ашып еді, әлгі зат көзін қысып, ойнақылана жалт-жұлт етті. Тағы секіріп кеткісі келгендей алақанының бір шетінен екінші жағына домалай кетеді. Біреу қытықтап жатқандай жарқырай күлетін секілді. Алуаның жүрегі дүрсілдеп кетті. Әжесінің қасына жеткенше асықты».

Жазушының түймелердің төгілгенін, сол сәттегі Алуаның көңіл күйі мен қимылын суреттеу арқылы, шығарманың тартымдылығын одан ары арттыра түскен. «Енді не болар екен?» деп алаңдап отырасың. «Жылтыр сия көк түйме ұнжырғасы түскен адамдай секеңдеп төсектің астына кіріп барады» деген суреттен көк түймеге жан бітіп, бір денеде бірге болған лағылдың жоғалғаны оған да ауыр тиген секілді. Алуаға болысып, өзі іздеуге кіріскендей… «Көз жазбау керек, әйтпесе ол да бір қалтарысқа кіріп кетіп табылмай қалуы мүмкін» деген Алуаның көңіліндегі күдік пен қорқынышын өте әдемі берген. Өйткені, көк түйме жоғалса әжесі ауырып, төсек тартып жатып қалуы ғажап емес. «Алақанын ашып еді, әлгі зат көзін қысып, ойнақылана жалт-жұлт етті». Бұл суреттен Алуадан бұрын лағылдың қуанышында шек жоқ секілді. Әрине, лағылдың емес, Алуаның қуанышында шек жоқ еді. «Тағы секіріп кеткісі келгендей алақанының бір шетінен екінші жағына домалай кетеді. Біреу қытықтап жатқандай жарқырай күлетін секілді. Алуаның жүрегі дүрсілдеп кетті. Әжесінің қасына жеткенше асықты». Алуаның не күлерін, не жыларын білмеген көңіл күйін автор лағылды суреттеу арқылы өте әдемі, жанды сурет салған. Көркем әдебиеттің өмірден бір саты жоғары тұратынын осыдан көруге болады.  Әңгіменің тақырыбын «қара түйме», «ақ түйме», «қызыл түйме» деп қоюға да болар еді ғой. Бірақ автор қазақ халқының көк түсті «көк тәңірі» ретінде аса қадір тұтатынын ұмыт қалдырмаған.

Д. Мамырбаева екінші «Ала жіп» әңгімесін Алуаның әжесінің ұршық иіріп отырған жерін суреттеуден бастайды. «Ала жіпті аттауға болмайды» дегенді кім білмейді, бәріміз білеміз. Бірақ көркемдік деңгейге жеткізіп кім жазды? Бүгінге дейін ешкім жазған жоқ, оны бүгін жазушы Д.Мамырбаева жазып отыр. Ол жазып қана қоймай, балалар әдебиетіне жаңа форма, жаңа стиль енгізген шеберлігімен ерекшеленеді. Не жазса да, неден бастаса да басынан аяғына дейін қиюластырып, тігісін жатқызып, жұп-жұмыр да көркем дүниені көз алдыңа жайып салғаны көзге ұрып тұр. Автордың бұл әңгімелері бақылауынан, қиялдауынан туған емес, қайта өзі көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген өмір шындығын көркем кестелегені анық. Өйткені жазушы кешегі ана, бүгінгі әже (газеттегі суретіне қарап айтып отырмын, – автор) екеніне дау жоқ.

«Ала жіп» әңгімесінің әженің ұршық иіріп, жүнді шүйкелеуден басталуының өзі «ала жіптің» шикізаты қалай дайындалып, қалай есілуінен дерек беріп тұрған жоқ па?! Бір кереметі, әже мойнындағы иір-қиыр тыртығына немересі Алуаның көзінің түсуінің өзі жазушы қиялынан туды ма, әлде өмірде болған ба? деген сан ойға жетелейді. Әрине, әңгіменің тақырыбы «Ала жіп» болған соң солай жазуға тура келген шығар. Қалай болғанда да жазушы бұл жерде өте тапқырлық, шеберлік  көрсеткен. Әже мойнындағы тыртықтың да ала жіпке қатысы барын автор өте әдемі келтіреді. Алдымен жазушы ұршық иірген әжені қалай суреттегенін оқып көрелік:

«Әжесі ұршығының ұшын етегіне сүйкеп кеп қалғанда, от алған машинадай зыр қақты. Шүйкелеп, саусағына іліп алған жүні баланың басындай изеңдеп, иірілген жіпке қарап үңіледі. Әжесінің мойнындағы иір-қиыр тыртығы қалтақ-құлтақ етіп қозғалған сайын бүлкілдеп, шандыр болып қалған теріні тартқылайды. Кәрі ағаштың бұтағындай болған тамырлары адырайып-адырайып тозғанын аңғартады. Бір көрген, көзі үйренбеген бөтен бала әжесінен «бөжей ме» деп қорқар еді. Алуа болса осы кірпігі кіржиіп жүретін әжесінің ішіне кіріп кете жаздайды. Бар еркелігін, бар тентектігін қыңқ демей көтеретін әжесін жақсы көрмегенде кімді жақсы көрсін».

Жазушының бұл суреттеуін оқып отырып, шыны керек, өзімнің әжем есіме түсіп кетті. Балалық шағыма сапар шегіп келгендей көңіл күйде болдым. Тіпті, немерелерінің бірін көтеріп, бірін жетектеп жүрген ауылдағы шешемді бір түрлі аяп кеттім. Бірақ әжелер немересі үшін «шаршадым, шалдықтым» деп өмірі айтқанын көрмейсің. «Осылар аман болсын, алдыларынан ақ күн тусын, өмірде таршылық көрмесін, бақытты болсын!…» деген секілді тілектерін жатса-тұрса айтып, Құдайға жалбарынып жүретінін қайтесің. Бейне әжелер немерелері үшін көп жасағысы келетін сияқты. «Адам – ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бұрыннан айтылған жоқ па?! Сондықтан бұл «Ала жіптегі» «әже» жалғыз Алуаның әжесі емес, барлық қазақ балаларына ортақ әже. Өйткені жазушы «әжені» сондай көркемдік биіктікке шығара алған.

Алуаның «Әже, сенің мойныңдағы иір-қиыр жара неден болды?» деп қойған сұрағына Әжесі: «Сенің әкеңді от пен оқтың ортасындағы Ауғанстан соғысына әділетсіз жолмен бауырымыздан жұлып әкеткенде мойныма бұршақ салып тілеу тілегенмін. Қылдай есілген ала жіп қиып кеткен ғой. Тәндегі жара неғылар дейсің, жазылады ғой», – деп жауап береді. Алуаның сұрағының жөні бар, бала өзі таңқалған нәрсені білгісі келіп сұрайтыны заңды. Тіпті, бала айтпасыңа да қоймай сұрайтыны бар. Оған ерінбей жауап беруге дайын болу керек. Мойынға таққан жіптің «ала» екені өз алдына, әженің баласы аман оралғанымен, қанша жүздеген әженің немерелері Ауған жерінде оққа ұшып, қаншасы із-түзсіз жоғалып кеткенін ойласаң жүрегің қанжылайды. Отан қорғау жолында мерт болса оның жөні бір бөлек, ал бейбіт жатқан Ауған еліне барып соғысудың өзі көзге ұрып тұрған «әділетсіз, басқыншылық соғыс» екенін мойындауымыз керек. Бұл жерде әже «әділетсіз соғыс болмасын, сарбаздар бекер босқа қан төкпесін» деп әлемге жар салып жатқандай…

Ала жіптің қазақ тұрмысындағы ырымға тікелей байланысты екенін одан ары аша түсу үшін автор Алуа мен әжені тұсау кесу тойына апарады, бөпенің тұсауын әжесіне кестіреді. Есік алдындағы әдемі текемет пен көз жауын алардай болған құрақ көрпенің үстінде отырып дауыстары қатқылдау шығып, ұрсысып қалған екі ақсақалға әжесі ала жіптің екі ұшын ұстатып: «Болды, дау осымен біті, шешілді» – деп үш рет айтып, жіптің ортасынан кесіп жіберуінің өзі қандай керемет ырым. Шыны керек, мұндай ырымның бар екенін өз басым білмейді екенмін. Сөйтсек, қазақ ырымында «өкпелескен екі адам бұдан кейін тату жүрсін» деп ала жіп ұстатып, оны кесіп мәмілеге келтіреді екен ғой. Бұл да әңгіменің ажарын одан ары ашпаса, кемітіп тұрған жоқ.

Әңгіменің соңында Алуаға әжесі «Маса» ертегісін айтып береді. Маужырап ұйықтап қалған Алуа түс керіп, түсінде ақсақалды қарияның: «Екі әлемді қосып тұрсың, балам» деген сөзін естіп оянуының өзі кім-кімге де ой салары хақ.

Д.Мамырбаеваның соңғы әңгімесі «Ине» деп аталады. Тақырыпты көрген кез келген адам «ине» деп те әңгіме жаза ма екен» деген шолақ ойда болары сөзсіз. Өйткені, күнделікті тұрмыста әйелдер қолданып жүрген (бұл заманда қолданбайтындар қаншама), түкке тұрғысыз зат қой ол. Бірақ сол түкке тұрғысыз затыңызға абай болмасаңыз, не өзіңізге, не балаңызға, не үйіңіздегі мысыққа зардабын тигізіп қоятын кездері де болады екен. Егер осы әңгімені дұрыстап оқысаңыз, иненің қадір-қасиетін білетін боласыз. Оны абайлап пайдаланатын боласыз. Әңгіме былай басталады:

«Мысығының мияулағаны миын шағып жіберді. Аузын жаппай, үдемелете түсті. Түгі теңбіл, көзі жапжасыл мысығы жотасын күжірейтіп қалған. Дауысы жалынышты. Қыбырлап тыным таппайтын мысығының мына түріне Алуа шошып кетті». Шынымен де бұл мысыққа не болды екен?. Не болушы еді, кесте тігіп отырған  Алуаның ұқыпсыздығынан инесін мысығы жұтып қояды. «Ине адамның денесіне кіріп кетсе, тамырды қуалап отырып жүрекке қадалады» дегенді естігенім  бар еді. Онда ине тірі жандының бәріне кірсе де солай болары хақ. Мұны автор инені мысыққа жұтқызып нанымды қолдана білген. Мысықты өлтіре салуға да болар еді. Бірақ ол Алуаның күнде қасынан қалмайтын жан серігі ғой. Өлтіре салуға Алуаның дәті қалай барсын? Әжесінің де оған бара қоюы екіталай. Осыны автор былай бейнелейді.

«Мал дәрігері алдымен мысығын рентгенге түсірді. Ине бүйрегіне қадалыпты. «Келіссеңіздер ота жасап алып тастау түк емес», – деді. Мысығының түгі жығылып, дауысы әлсіреп қалған. Көзі сондай жалынышты. Қатты қиналғаны аңғарылады. Дәрігер ағай отаны жылдам жасады. Инені әжесінің қолына ұстатты». Мұны оқып отырып мысық екеш мысық та өмір сүруді қалайды екен ғой. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайдың құдыретіне шек келтіре алмайсың. Осыны ойлағанда мысық тұрмақ, құрт-құмырсқаны да аяп кетесің.

Дәрігерге келудің алдында Алуа жылауға шақ тұрып әжесіне: «Иненің осындай жамандық әкелетінін білмеппін», – деп кесте тіккен жіңішке инесі енді қолына түссе сындырып тастау ниетіне келген. Бірақ әжесі Алуаның ол ойынан қайтарады. Сонда қалай қайтарған? Автор бұған да өте нанымды, өте қызықты ине туралы оқиғаны әженің аузына салады. Оған нанбай көріңіз?!

Әжесі кезінде Американың президенті Линкольн таққа отырып, сенат алдында ант берер кезінде ақ сүектер табынан шыққан бір депутаттың оны мұқалтпақшы болған әңгімені айтады. Диалогтың ұзын ырғағы төмендегідей:

«– Линкольн мырза, сіз әкеңіз екеуіңіз біздің отбасына аяқ киім тігіп беру үшін

келгеніңізде инелеріңізді ұмыт қалдырып кетіпсіздер. Бүгін сіздің президент

болуға ант беретін күні соны әдейі әкеліп тұрмын. Шыққан тегіңізді ұмытпаңыз,»

– деп әкесі аяқ киім тіккен инені Линкольнге ұстатады. Ол осы сөзімен, бір кезде ұмыт қалдырған инесі арқылы көптің алдында кемсіткісі келген. Авраам Линкольн оған:

– Ант берудің алдында әкем туралы айтқаныңыз өте орынды болды. Әкемнің жаны көркем, қолы шебер еді. Ол тіккен аяқ киімді ешкім де тіге алмайтын. Оның шеберлігіне жете алмайтын. Дегенмен, әкем тіккен туфли аяқтарыңызды қысса ине дайын, қайта тігіп бере аламын, – деп әкесінің инесін әкеліп берген депутатқа рахметін айтады».

Кейбір оқырман Америка президенті Линкольннің бұл әңгімеге не қатысы бар? деуді ғажап емес, әрине, инеге қатысты болғаны үшін осы детальды қолдануға тура келгені де анық. Екіншіден, етікші болсын, кім болсын қарапайым отбасынан ел басқаратын ұлы тұлғалар шығатыны табиғи заңдылық дегенді балалар санасына сіңіруді мақсат еткен. «Не істесең де керегіңе жарап, өмір сүруіңе қолайлылық тудырып отырған затыңды аяла, ұқыпты ұста, оның қадір-қасиетін біл, абай болмасаң өзіңе зардабын тигізіп қоюы да әбден мүмкін» деген жазушылық парызын орындап отырған жоқ па? Әдебиеттің өзі адам тәрбиелейтінін ұмытпағанымыз жөн. Қаламыңыз мұқалмасын, Ділдәр әпке! Осындай сап алтындай шығармаларды сізден күтеміз.
Әлімжан ӘШІМ ҰЛЫ

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑