banner-top12

Шетелдегі қазақ диаспорасы Бауыржан

Қосқан уақыты Шілде 3, 2010 | 814 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Австриядағы кездесу

DSCF7647

DSCF7613

DSCF7584

DSCF7555

DSCF7549

DSCF7492
Бауыржан
DSCF7376

DSCF7757МАМЫР, 2010     АВСТРИЯ САПАРЫ

Бауыржан Елімізден жырақта,шартарапта ғұмыр кешіп жатқан қандастар өміріне етене араласып, олардың өмір тарихын, тұрмыс тіршілігін талмай жазып келе жатқан «Шалқар» басылымындағы журналистер үшін әр елдердегі қандастарымыз бүгінде туыс бауырдай болып кеткен жайы бар. 2010 жылы оныншы рет алыстағы қандасатарымызды Австрияның Вена қаласында тоғыстырған торқалы тойдың куәсі болып, қандастармен қауышпақ ниетте қолымызға қаламды көлбей ұстап, мамыражай мамырдың жайма шуақ күніне дөп келген кезекті сапардың бағыты етіп, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынытамақтастық ұйымының бас штабы орналасқан мәдени қаланы бетке алып жүре бердік… Вена әуежайынан 8 адамнан құралған Қазақстандық делегаттарды қарсы алуға шыққан Қазақстанның Австриядағы елшілігінің қызметкерлері Алтай Әбибуллаев пен Дәулет Жуасов бізді «Австрия тренд» қонақ үйіне бастап келді. Тілі, түрі басқа-тілегі бір, өзіміз алғаш табалдырығын аттаған бейтаныс елдің қонақүй ауласынан бізді Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы Абдұлқайым Кесежи, Норвегия қазақ қоғамының басшысы Махмұд Башташ пен Лондон қазақ қоғамының жетекшісі Исмайл Кесежилер зор ілтипатпен құшақ жая қарсы алды. Бақсақ, біз іздеген қазақылық, бауырға деген меймандос жылылық осы қонақүй ішінде болып шықты. Еуропаның әр елінде әшейінде торқалы той, топырақты өлімде аз-аздан ғана бас қосатын қандастарымыздың енді төрт көзі түгел, бәрі осында. «Австрия Тренд» деген аты болмаса, даңғазадай қонақүй ішін әп сәтте қазақ ұлтының көрінісі жайлады. Сағыныштан айқасқан құшақтар, бауырластық меймандос ашық көңіл, жылы шырай татулық, риясыз шаттық… Әдемі көрініс… Құрылтай өтетін аз күнде бауырлас қандастар бір-бірлерімен етене аралассын дегенді алға тартқан шара ұйымдастырушылары шартараптан жиналған қандастардың басын бір жерге тоқайластырып, бір қонақүйде жайғасуына жағдай жасапты. Не жазам? дегенді ойлап, қолына қалам ұстай барған баспасөз, теле-радио тілшілері қауымына да қажетті сұхбатшысын шарқ ұрып алыстан іздемей, бір жерден табуына оңтайлы жағдай жасалған-ақ екен… Алыстағы ағайын өмірі Альпі тауларының бөктерінде, Дунай өзенінің жағасында орналасқан Вена қаласында атағы әлемге жайылған 19 ғасырдың ұлы композиторлары Моцарт, Бетховен, Штраусс, Шуберттер жарық дүние есігін ашқан. Қаланың атақты жерлерін аралағанда сол композиторлардың шығармалары салтанатты сарайлардың қабырғаларынан, демалыс саябақтары мен мейрамханалардан естіліп тұрғандай әсер береді… Ұлт мерейін үстем ететін еліміздің сүбелі табыстарына Отанымыздан алыста жүрсе де ниет-тілегі ортақ мұнда тұрып жатқан қандастарымыз бізбен бірдей қуанады. Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен табысты жылы, ұйымның бас штаб пәтері мен тұрақты өкілдігі орналасқан Вена қаласында Отандастарымыздың басын қосқан дәстүрлі кіші құрылтайдың өтуі, сабақты иненің сәтімен келуі іспеттес. Қазақстанның Венадағы Елшілігі мен Австриядағы қазақ қоғамы бірігіп өткізген кіші құрылтайдың алғашқы күні Еуропа қазақтары федерациясының жиналысымен басталды. Батыс Еуропадағы барлық қазақтың басын біріктіріп, ұлттық мәдениет пен тілді дамыту, Қазақстанмен тығыз байланыста болуды көздейтін Еуропаның 10 қаласында орналасқан қазақ қоғамдарының басшылары, Қазақстанның Австриядағы елшілігі өкілдері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері, тілшілер мен жоғары оқу орындарында үздік оқитын қазақ жастары қатысқан бұл жиында өзге елде білім алып, өзге елде тұрып жатқан қазақ жастарының мәселелері, олардың проблемалық жағдайлары туралы баса айтылды. Осыдан басталған 3 күндік жиын барысының жоспары толассыз еңбек, қызу пікірталас пен қызықты шараларға толы болды. Олардың ішіндегі ең игілікті іс – жастардың футбол турнирі. Жалпы, Еуропа қазақтарының соңғы жылдардағы ұйымдастырылатын кіші құрылтайлары сондағы ақсақалдардың келелі кеңесінің арқасында дәстүрге айналған футбол турнирінсіз өтпейді. Мақсат, Еуропаның бірнеше қалаларынан жиналатын жастардың басын біріктіріп, етене араластыру. Биылғы футбол турниріне Мюнхен, Париж, Кельн, Лондон, Норвегия, Швеция, Голландия және Венадағы қазақ жастарын қоса санағанда 8 елден келген жастар 11 командалық құрама бойынша аяқдоп теуіп, ойын көрсетті. Қазақстанның ірі футбол командаларынан кем өнер көрсетпейтін алыстағы қандас жастардың ойыны, кімді болса да таңдай қақтырмай қоймады. Құрылтайдың екінші күні жазық алаңда өткен футбол турниріне халық көп жиналды. Қазақтың халық әуендері әуелеген кең алқаптағы көрініс көз сүйсіндіреді. Әлемнің әр тарабынан келген қазақ жастары жан тәнімен беріле көрсеткен қызу ойын шырқын төпелеп жауған ақ жауын да бұза алмады. Футбол турнирі, концерт, көрмені айтпағанда жастардың бір-бірімен танысып аралассын, достассын деген ниеттен туған арнайы би кеші де бар. Мұндай би кешіндегі таныстықтың соңы достыққа, махаббатқа ұласып, шаңырақ көтеріп жатқан жастар да жоқ емес. Еуропаның әр елдерінде өткен кіші құрылтайлардың би алаңында танысып, құрылтайдың арқасында шаңырақ көтерген жанұялардың саны бүгінде алты отбасына жетіпті. Келелі басқосудың үшінші күні Вена мэриясының салтанат залында өткен шараға Алмания, Ұлыбритания, Швейцария, Швеция, Дания, Франция, Норвегия, Белгия, Нидерланды және Түркия, Моңғолия елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері, сол елдерден осы басқосу үшін арнайы ат терлетіп жеткен қандастар, сондай-ақ Австрияның түрлі қалаларынан келген қаракөз қандастарымыз бен Венаның ресми тұлғалары, Қазақстанның Венадағы елшілігінің өкілдері түгелімен жиналды. Қиыр қонып, шет жайлаған ағайындарымыз жылына бір болатын басқосуда тек келелі мәселелерді шешудің жолдарын іздестіріп қана қоймай, туған жердің әуезді саздарын құмары қана тыңдауға да осы жиында мүмкіндік болды. Әлемде жоқ өте жоғары мәдени орта қалыптасқан Венаның сахнасында өнер көрсету оңай емес. Қазақстаннан арнайы барып мың бұрала билеген «Қара жорға» биінің майталманы Арыстан Тосын ағамыздың буын биі, «Көк тудың желбірегенін» асқақтата шырқаған Құрманбек Әлімғазы, ондағы қазақ жастарының көңілін бір сергіткен Қазақстандық «ДеНАР» тобы әншілерінің өнерін тамашалаған алыстағы туыстарымыз бір жасап қалды. Ғылым мен өнер, әдебиет пен білім дамыған заманда замандастарымыз да көштен кеш қалмай, шет елдерге барып, жарыса білім алып жатыр. Біз табан тіреген мемлекеттің Зальсбург қаласындағы Парис Ладрон атындағы «Зальсбург» университетінде білім алып жатқан Ақторғын, Әсемгүл, Нүрия есімді үш бойжеткеннен құралған «Үш ару» би тобы да құрылтайға 4 сағаттық жолдан арнайы келіп, би билеп, өз өнерін қалың жұртшылыққа паш етті. Сондай-ақ, жергілікті ағайындарымыздың өнерлі ұландары бір топ бүлдіршіндердің мың бұрала билеген әдемі биі, шет жерде өсіп-өнгенімен, ұлттық болмыс-бітімін бойына дарытқан, қасиетті қара домбырада нәшіне келтіре отырып күй орындаған өрелі жастардың өнері қалың жұршылыққа шабыт сыйлады. Венада өткен кіші құрылтай қорытындыланған осы кеште, Футбол турнирінен 11 команда бойынша бас жүлдені қанжығасына байлаған жергілікті Вена қазақ жастары 2-ші орынды иеленген Алманияның Мюньхен қаласынан және үшінші орынды олжалаған Кельн қаласынан келген бір топ қазақ жастарын марапаттау рәсімі болды. Сонау Австрия өлкесінде отырса да, санаулы күнде қазақ мәдениетіне еніп, қазақ екенін сезініп, өзін атажұртта жүргендей сезімге бөленген қандастардың жүзі бал-бұл жайнайды. Кеш соңында осы келелі шараға бастан аяқ қатысып, басқосудың осындай ымырамен өтуіне барын салған Қазақстанның Австриядағы елшісі Ержан Қазыханов, елшілік атынан Еуропадағы қазақ диаспорасының ардагерлері Әкбар Қыран, Абдірахман Шетін, Мехмет Зеңгін және дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы Абдұлқайым Кесежи, Вена ландстагының (мәслихаты) депутаты Волькмар Халванег, Австриядағы қазақ қоғамының жетекшісі Қызырхан Шолпандарға арнайы сыйлықтар тағайындап, шапан жапты. 2010 жылы Еуропаның төбе биі атанған еліміздің ЕҚЫҰ-ның бас штабы орналасқан Австрия даласында 10-шы рет тоғысып жатқан қазақ ағайындарымыздың барлық игі шараларынан Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ытымақтастығы Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Әбдірахманов Қайрат Құдайбергенұлыда шет қалмай қатысып жүрді. Болашаққа күдікпен емес, үмітпен қарайтын жырақтағы қандастарымыздың баршасының, күннен-күнге дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстан арқа сүйер асқар тауы саналатынын осы басқосуда анық көз жеткіздік…

БАЛА БОЛАШАҚ ИЕСІ…

Ein…. zwei… drei… vier… funf… Алыстан талып естілген дауыс саңқылдай түсіп жақындай берді.Ұзын сонар баспалдақтан төменнен жоғары көтеріліп келе жатқан 5-6 жасар сәби. Жаныма тақап қалғанда кішкетайдың жүзіне үңілдім. Бір, екі, үш, төрт, бес,- дегенді неміс тілінде бар дауысымен айтып, қонақүй тыныштығын бұзып, жаңғыртып келе жатқан бұл қаракөз қазақтың баласы екен. – Балақан, бері келе ғой, сенің тегің кім? – деп сөзге тартпақ болған ниетімнен түк шықпады. «Ben sizi anlamaiym» (Мен Сізді түсінбеймін…. ) Төрткүл дүниенің бұрышына тарыдай шашылған қазақтардың үш мыңнан астамы мамыражай ғұмыр кешіп жатқан Алманиядағы қандастарымыздың бүгінгі мұндай жас буыны қазақшаны ана тілім деп санағанымен, қазақ отбасыларының дені түрік тілінде сөйлеседі. – Жастардың санасында атажұрт ұғымы көмескіленбесін, ұрпақтарымыз ата-баба тамырынан ажырамасын деген мақсатта ұйымдастыралатын кіші құрылтайдың дәл осындай жас буын үшін орны орасан деп Швеция қазақтары қоғамының басшысы Ыбырахым Құсшы әңгімесін бастады. – 2009 жылдың желтоқсан айында Швецияның Вестерос қаласында Еуропадағы қазақ жастары үлкен жиналыс өткізген болатын. Ең алғаш Алманияның Мюньхен қаласында Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы Абдұлқайым Кесежидің бастамасымен «Неміс тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында жұмысын бастаған қазақ жастарының ана тіл мәселесін сөз ететін мұндай келелі басқосуын өткізу көп қажырлықты талап етеді. Реті келгенде сұхбатымызды Ыбырахым ағадан «Славян тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында өткен екінші жиналыстың өту барысы турасында бастадық. – Ең әуелі Еуропадағы қазақ жастарының тіл мәселесіне байланысты мұндай жиналысты өткізуге идея қосқан Еуропадағы 10 қазақ қоғамы басшыларының ерен еңбегі бар екендігін айтып өткен ләзім. Біз қазір болашағымызға қазақ тілін қайткенде бойына сіңіреміз дегенді көп ойлап, кейде тіпті қазақ тілі туралы түс көреміз. Не болса да алғашқы нұсқасын жасап көру керек. Оның әрі қарай өмір сүру барысы сәтті бола ма, жоқ па оны уақыт өзі көрсетеді. Міне, сол жағын ойлаған біз әуелі, не де болса жастардың бір басын біріктірейік және олар не айтқысы келеді, ойында не бар соны білуді мақсат тұттық. Қазақ жастарының өмірінде не кедергілері бар сонымен қатар қандай жақсылығы бар. Біз барлық уақытта тек жамандықты, қиындықты ғана қозғай бермей, жақсы дүниелерді де ескерейік дегенді алға тарттық. Егер Еуропадағы жастарға Еуропаның қай қаласы білім алуға оңтайлы болса сол қалада оқуына жағдай жасайық. Қайткенде қазақ жастарына жақсы болады дегенді ойластырдық. Міне, сондай ойлардың арқасында балалардың басын біріктіріп Еуропаның екі қаласында жастардың жиналысын өткізуге себеп болды. Оның бәрі біздің болашағымыз үшін жасалып жатқан игілікті істер. – Дұрыс екен, жалпы өздеріңіз осы жолғы кіші құрылтайға қандай дайындықпен келдіңіздер? – Бүгін өзім 2800 шақырым жерден жеке көлігіммен 3 баламды алып жеттім. Жалпы Швециядан 25 адам осы құрылтай үшін келді. Оның арасындағы 15 жігіт футбол турнирінде доп ойнау үшін келді. Еуропа қазақ Федерациясының атынан 15 баламыз үнемі доп ойнайтын болып ресми түрде шешілген. Олар 1 жылда әр аптаның соңында бір елге барып доп додасына түседі. Заңды түрде тіркелгендіктен, оларға медициналық жағынан көмек қолын ұсынып, қажет жарақтарын сатып алып беріп, әлеуметтік қамсыздандыру жағын өз мойнымызға алғанбыз. Ал, Швецияның Вестерос қаласында қазақ мәдениет қоғамының жанында жастар қоғамы мен әйелдер қоғамы да жұмыс жасайды. Жастар қоғамын қазір Гүлбаршын есімді қызымыз басқарады. Бүгінгі күні жастар қоғамының жемісі аз емес деп айтар едім. Себебі, қазіргі жастар ғаламторда көп отырады, жаңа технологияны терең меңгерген. Сол жағын ескеріп Еуропадағы қазақ жастары үшін арнайы интернет сайты ашылған. Еуропаның түрлі қалаларында отырған жастар сол ғаламтор арқылы бір-бірімен байланысып, өзара жұмыс жасап жатыр. Біз мәңгілік отырмаймыз, болашақта ісімізді жалғастыратын да сол жастар. Сондықтан да, келешегімізге қазірден бастап қызмет етуіміз керек. Біздің көбінде ұстанымымыз осылай. 2009 жылғы жастар жиналысынан кейін биыл да Вестероста жастар үшін наурыз мерекесін ұйымдастырдық. Оған Еуропаның түрлі қалаларынан 35 жас арнайы келіп қатысты. Ол үшін елшілікте бізге көп демеу болып отырған Қайрат Әбусейітов ағамызға зор алғысымызды білдіреміз. – Келесі жылы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы Швецияда өтеді деп белгіленіпті. Оған дайындықтарыңыз қалай болып жатыр? – Мұндай құрылтай өткізу үшін қалған бір жыл көп уақыт емес. Сондықтан да құрылтайға қазірден бастап әзірлік үстіндеміз. Мысалы дәл қазірдің өзінде, бос отырмай концерт, футбол турнирі өтетін алаңдарды реттеп жатырмыз. Іске асыруға тиіс жоспарларымыз шаш етектен. Тек құрылтай деп қана емес, бір апта бойы «Қазақстан апталығы» деген атпен әртүрлі шараларды қамтысақ дейміз. Бір ғана Вестерос қаласы емес, Стокгольм, Мальмада қазақ гала концертін дүркіретіп өткізіп, оның жабылуын Весторос қаласында жасасақ деген жоспарымыз бар. Алматы мен Вестерос бауыр қала деген достықты байланыс жүргізгіміз келеді.Бұл үшін әрине біраз күш, демеуші қажет.Сондықтан да Қазақстаннан осы құрылтайды өткізуге қол ұшын беретін тиісті орындармен келіссөздерді жақын күндерде бастасақ деп отырмыз. Барлығы да уақыт еншісіндегі жұмыстар. Өзге елде бірнеше күнге футбол алаңдарын, концерт залын жалға алу, тамақтандыру жиналған 600 дей адамға қонақүйден жай бөлу дегеніңіз оңай шаруа емес. «Елдестірмек – елшіден» демекші, осындай құрылтайды өткізуге мұрындық болып, онда отырған қандастарымызбен күнделікті хабарласып, бағыт-бағдар көрсететін Австрия Республикасындағы ҚР ЕлшілісіЕржан Қазыхановтың орынбасары, кеңесші-уәкіл Алтай Әбибуллаевпен ұйымдастыру жұмыстарынан қолы қалт еткенде пікірлестік. Австрия жерінде 120 дан астам қазақ отбасы бар. Олардың көбі бір кезде Түркия арқылы келген қазақтар. Ол қазақтардан бөлек Австрияда тұратын қазақ азаматтары да бар. Мұның сыртында, Венада білім алып жатқан студенттер мен БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да жұмыс істейтін азаматтар тағы бар. Солардың бастарын қосып, Қазақстанға деген, қазақ тіліне деген құрметі мен білімін арттыру жолында елшілік тарапынан біраз іс-шаралар атқарылуда. Жалпы, осы Құрылтайдың Вена қаласында өтуінің өзі тарихи мәселе. Ұйымға төрағалығымызға тұспа-тұс келіп отыр. Бұл өте сәтті өткен сыңайлы. Әрбір жырақта тұратын қандасымыздың басын біріктіруге, қазақи ой-пікірін дәл осылай мақтанышпен бөлісуге жағдай жасап, барша іс-шараның басында тұрып, бағыт-бағдар беріп отырған Елбасының көреген саясатының бір көрінісі осы. Сол саясатты қолдап, қазақтардың басын жиып, қазақшылық дәстүрін, дастарханын, биін, болмысын ұмытпасын деген ойдан туған осындай үлкен іс шараны Австрия жерінде жалғастырып жатырмыз. Елшілігіміздің жанында қазақ тілінің курстары ашылған. Әрбір жұма сайын қызмет істейді. Онда Елшілікте қызмет ететін қызметкерлердің балаларымен бірге қазақ тілін үйренемін деп қызығушылық танытқан жергілікті қазақ балалары сабақ алып отыр. Осында тұратын әр қазақ үйімен реті келгенше жақын араласуға тырысып жүрміз. Өзге елде тәрбие алып, өз елінде білімін толықтырғысы келетін қандас жастардың одан әрі білімін ұштап, рухани тәрбиелеуде жоғарғы оқу орындарының да қосар үлесі аз емес. Мәселен, осы елде орта мектеп бітірген қазақ жастары үшін үкімет тарапынан Қазақстанда оқимын деген қазақтарға арналаған жоғарғы оқу орыңдарында болсын, мектептерде болсын, орындар белгіленген. Сол орындарға ие болу үшін мұнда отырған қазақ жастарына ерте көктем басталысымен мемлекет есебінен бөлінетін орындарға барып тіркеліңдер деп жыл сайын айтамыз. Сіздер осы уақытқа дейін емтихан тапсырып, университеттерде немесе мектептерде оқуға мүмкіндіктеріңіз бар,- деп жыл сайын ол кісілерге хат жолдап та жатамыз. Ал, олардың көбісінің айтары – Қазақстанда оқу үшін міндетті түрде орыс тілін білу керек. Сол қатып қалған стереотипті бұзу үшін, елшілік тарапынан оларға қол ұшын беру, күнделікті өмір-тіршілігіне жағдай жасап, балаларын оқытуға мүмкіндік жасауда тек қазақша ғана сөйлеп қоймай, қазақ тілінде оқуға, оларға оқу нормаларын түсіндіріп беруге барынша күш салып жатырмыз. Мұндағы қазақ жастары елшілікке жиі келіп, атамекенге байланысты ақпараттар алып тұрады. Мемлекеттің кемел келешегіне жастар жауапты болғандықтан, қай елде, қай мемлекетте болмасын жастар саясаты, жастар мәселесі өзекті. Венада аз қазақ отбасы шоғырланса да сол аз қазақ жастары өздерінің арасынан басшы сайлап, бірігіп, Қазақстан туралы пікірлерін ортаға салып тұрады екен. Сол жастар сайлаған дарынды жас Саджит Али Нагвиді орайы келгенде әңгімеге тарттық. Менің жасым отызда. 15 жылдан бері осындағы қазақ қыз-жігіттерінің басын құрап, олармен байланыс жасап, әртүрлі басқосулар өткізіп отырамыз. Біздің қоғам қазір 17 жігіт және 15 қызбаланың басын біріктіріп отыр. Қыздардың 10-ы мектепте оқыса, 5 қазақ қызы Венаның әртүрлі жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Өзім «Siemens» компаниясында 10 жылдан бері компьютер инженері болып жұмыс жасаймын. Өзім құралыптас жастардың бесеуі қазір жоғары білім алып жатыр. Ал, тағы екі жас жігіт биыл жоғарғы оқу орнына түсуге қызу дайындық үстінде. – Қазақстаннан қандай ақпарат көзін алып отырсыңдар? Қазақша қандай баспасөз оқисыңдар? Ғаламтор арқылы қазақша қандай да бір телеарна қарап, радио тыңдайсыңдар ма? – Біз көбінде «Caspionet» телеарнасын қараймыз. Қазақстандағы болып жатқан саяси, мәдени, экономикалық жетістіктердің бәрінен хабардармыз. Ал баспасөз жағына келер болсақ, мұнда өзіңіз білесіз, Қазақстанның ешқандай басылымы жоқ. Ғаламтордағы баспасөз ақпараттары кирилл қарпімен жазылған. Біз мұнда латын алфавиті бойынша сауат ашқандықтан, кирилл қарпімен жазылған көп дүниені түсіне бермейміз. Атамекеніміздегі болған әрбір жетістік бізді де марқайтады. Мысалы, биылғы орны орасан оқиға еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін біз осындағы жастар қуана, мақтана айтамыз. Жырақта болсақ та жүрегіміз атамекен деп соғады. Біз қазақ жастары әр апта басында басқосу ұйымдастырамыз. Сонда қазақ жастары әрбірі өзінің Қазақстан туралы жақын арада естіп, білгені туралы ортаға салады. Оны баршамыз отырып талқылаймыз. Өз ойымызды, білгенімізді қосамыз. Еліміздің саяси, мәдени-әдеби, өнер турасындағы ақпараттарынан құр қалмай, өз уақытында біліп отыруға тырысамыз. Сол басқосу соңында қазақ қоғамының жанында орналасқан алаңда футбол ойнап, бірі-бірімізбен сол кездескен аз уақытта реті келгенше қазақша сөйлесеміз. Білмеген, түсінбеген дүниелерімізді елшіліктегі қандастарымыздан сұрап алуға да дағдыланғанбыз. Өз кезегінде онда отырған ел жанашырлары, қазақ ағаларымыз бізге атамекен туралы ақпаратты мейлінше молынан беруге тырысады. – Жалпы, мұндағы қазақ жастарының проблемасы не? – Біріншіден, жастар ана тілін білмейді. Біз әуелі мектепте неміс тілімен сауат ашамыз, онан кейінгі меңгеретініміз ағылшын тілі, ал үшінші тіл – француз тілі болады. Міне, сондықтан да күнделікті қажеттілік болмаған соң мұндағы жастар қазақшаны меңгермеген. Қазір 25-30 аралығындағы жастар қазақшаны жаңа-жаңа үйреніп жатыр. – Өзің Қазақстанға барып көрдің бе? – 2005 жылы Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барып қатысқанмын. алғаш барғандағы әсерімді сізге ауызбен айтып жеткізе алмас едім. – Қазақстандағы өзің қатарлас замандастарға айтар сәлемің де бар шығар? – Ана Отанымызға ыстық сәлем жолдаймыз. Атажұртта отырған замандастарымыз Еуропадағы қазақ жастарын қазақ тіліне шорқақ деп сөкпесін. Жарқын болашақта қазақ тілін әбден меңгеретін боламыз деп уәде еткім келеді. Біз қашанда атажұрттағы замандастарымызбен біргеміз. Олардың амандығын тілеймін! Тағы айтқым келетіні, Қазақстандағы замандастар, біз Венадағы қазақ жастары Сіздерге мақтанышпен хабарлаймыз. Біз биылғы футбол турнирінде бірінші орындамыз! Қазақ жастары Австрияда да алда! Құрылтайдағы басты шара доп додасы – футбол турниріне әр елден аға буын өздері бастап жастарды алып келіп, зор үміттерін үкілеп сайысқа қосып жатты. Солардың ішінде Франция астанасы Парижден келген Әбдусәмет Алтай ағамыз да бар. – Биылғы кіші құрылтайға бір автобус, яғни 50 адам болып келіп отырмыз. Жыл сайынғы құрылтайға біз 2 футбол командасымен барамыз. Биыл да сол үрдісімізден айнығын жоқпыз. Францияда осы күнде 250-ге жақын қазақ отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың алды Францияға сонау 1971 жылы барған қазақтар. Атам қазақтан келе жатқан салт-дәстүрлерімізді қаймағын бұзбай жалғастырып келеміз. Торқалы той, топырақты өлім болсын қазақ жоралғысымен болады. – Ал, Францияда отырған қазақ жастарының бүгінгі келбеті қалай? – Шынын айту керек, Еуропада тұратын қазақ жастары қайда кетіп барады, болашақта қандай болады дегенді үнемі ойлап, алаңдап жүретінбіз. Аллаға тәуба, қазір шетелде тұратын қазақ жастарының ұлттық санасы қарыштап өсіп келеді. Осы күні Парижде тұратын көп қазақ жігіттерінің көліктеріне қарасаңыз, артына Қазақстанның туын жапсырып алған. Әрдайым көліктерінде қазақтың күйі күмбірлеп, қазақ әні орындалып жатады. Мұның барлығы еліміз тәуелсіздігінің арқасында. Түрік азаматтығымен жүрсе де олардың қаны, түрі қазақ қой… Олардан өзгелер қай ұлтсыңдар?- деп сұраса, қасқиып тұрып Қазақпыз,- деп мақтана жауап береді. Қазақстан бүгін әлемге танылды. Қазір біздің біраз балалар Қазақстанда өтетін тіл олимпиадаларына да барып қатысып тұрады. Биыл үш жігітіміз атажұртта білім алып жатыр. Бұрын мұның бәрі мүмкін бе еді? Қазір Қазақстанмен байланысымыз, барыс-келісіміз жақсы. Франциядағы қазақ жастарының проблемасы не? – Тіл мәселесі. Олардың балабақшадан бастап, үйренгені француз тілі ғой. Болашақта Қазақстан бір жерсерігін жіберіп, Париждегі қазақ жастары үшін қазақ телеарнасын ашып берсе екен деп күні-түні армандаймыз. Қазір балалар Қазақстанның жаңалығын тек «Сaspionet» телеарнасы арқылы қарайды. Өздеріңіз білесіздер, ол телеарна таңнан кешке дейін қазақ тілінде хабар таратып жатқан жоқ қой. Осы жағына көп көңіл бөлінсе екен деген тілегіміз бар. Бүгінде Қазақстанға барып келген балалардың көрінісі көз сүйсіндіреді. Олардың құлағына әбден қазақша сіңген, сондықтан да Парижге қайта келгенде қазақша тәп-тәуір сөйлейді. Ол басқа балаларға да үлкен үлгі болып отыр. Ал, балалар Қазақстаннан келгеннен кейін туған мекеннен алған әсерін бір жыл бойына жыр ғып айтып жүреді. Болашақта балаларды Қазақстанға жиі жіберіп отыруды да дер кезінде қолға алған жөн деп ойлаймын. – «Адамның басы –Алланың добы» деп бекер айтпаса керек. Кеше ғана көз көрген ел ағаларының бүгінде көзі жоқ. «Неміс тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында Алманияның Мюнхен қаласында өткен шетелдердегі қазақ жастарының алғашқы жиналысына барған сапарымда алыстағы алып бәйтерек, жазушы ағамыз Хасен Оралтаймен сұхбаттас болып едім. Сол сұхбатында ел болашағы жастардың келешегіне жиі алаңдайтынын айтқан Хасен ағамыз биыл міне, арамызда жоқ. Сол сапарымда ел ағалары Ахмет ата, Найман Шәріп және «Азаттық радиосының» ардагері Талғат Қосжігіт ағаларымыз өздерінің пайымды ойларымен бөлісіп, туған мекенге деген жүрекжарды лебізін сәлемдеген болатын. Бұл басқосуда да Талғат Қосжігіт ағамызбен сапарлас болдық. Талғат аға Қазақстанға өз қаржысын төлеп, қазақша үйренсін деп баласын бағыттаған алғашқылардың бірі. Айжан есімді Талғат ағаның сұлу қызы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алып, қазақша толық меңгерген болатын. Атамекеннің жаңалықтарын күнделікті ғаламтордан бақылап отырамын дейді,-Талғат Қосжігіт. Бұрындары өзіміз сүйіп оқитын басылымдарыңыз қазір бізге келіп жатқан жоқ. Десе де, басылымдарыңызды Қазақстанға іс-сапармен барған бауырларымыз там-тұмдап болса да жеткізіп береді. «Шалқарды» қолымыз жеткенде оқып, бір марқайып қаламыз,-дейді. Өз сөзінің дәлелі болғандай сол кездесуімізде де Талғат ағаның қолындағы газетіміздің сәуірдегі 15-16 сандары көзіме оттай басылды. Талғат аға елдегі барша қандастарымызға тағы да ыстық ықыласы мен шексіз лебізін жеткізуімді аманаттауды ұмытпады. Алыстағы асылдың сынығы, ендігі жас буынға жол көрсетер ел ағаларының аманатына қиянат жасамай өздеріңізге жеткізуді парызыма санадым. Қиыр қонып шет жайлаған, елімізден жырақта күн өткеріп жатқан үлкен жүректі кішкене адамдардың үкілеген үміттері де бүгінгі жас, жаңа толқын. Аға буын үмітін үкілеген ондай жастардың да ойы орамды, пікірі пайымды. Сондай жастардың арасында өзін мен «Бред Питпін» деп таныстырған қазақ баласы Хасан Инанның пікірі де санаға ой салғандай. – Менің жасым 22-де. Қазір Лондонда тұрамын, сонда оқимын. Қазақ жастарымен бірге болу үшін Венаға арнайы ат терлетіп келіп отырмыз. Осыдан жыл бұрын Қазақстанда бір жыл болдым. Атамекен маған өте қатты ұнады. Бірақ түсінбегенім, ондағы қазақ жастары бір бірімен орысша сөйлеседі. Біз ғой алыста аңсарымыз ауып, сол елге барсақ, тілін меңгерсек екен деп талаптанамыз. Ал, сол елдің өзінде жүріп, суын ішіп, нанын жеген біраз замандастарымыз «қолда бар алтынның» қадірін бағамдай алмай жүргені мені қынжылтты. Тағы да ондағы біраз жастың пікірі мені өзінен алшақтатқандай күйге бөледі. Бір замандасым маған, – сендер бір кезде Қазақстаннан қашқан сатқынсыңдар! -деген ойын айтты. Ол тарихты дұрыс оқымағандығының салдарынан болған қате пікірі деп қана қабылдадым. Сіздің басылымыңызды пайдалана отырып, – Шетелдегі қандастар қашқындар емес, олар туған мекенін аңсаған сенің бауырларың,- дегенді өз замандастарыма айтқым келеді.

– Өзің Қазақстанға қандай үлес қосқың келеді?

– Лондонда оқуды бітіргеннен кейін, менің Қазақстанға барып жұмыс істегім келеді. Қазақстанды жақсы көреміз. Онда барып қазақшаны әбден үйреніп алып, сондағы қазақша білмейтін қазақ балаларына қазақшаны үйреткім келеді.

– Осы құрылтайға сонау Лондоннан арнайы келіп қатысудағы мақсатың не?

– Мақсатым, осы құрылтайда қазақ бауырларыммен бірге болу. Ең бастысы, көрікті қазақ қызымен танысып, сонымен үйлену. Тағы айтарым, туған Отанамызда өтетін Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында бұрынғыдай емес, шетелдердегі қазақ жастарын көптеп қатыстыру туралы жақсы бастама көтеріп жатыр екен. Алла амандығын берсе, Сізбен сол кездесуде басқа да жаңалықтарыммен кеңінен бөлісетін боламын деген уәде берем…

PS: Венада өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайының барысында Дүниежүзінің қазақтары 2010 жылдың қыркүйек айының 22-26 жұлдызында Елордамыз Астанада басқосатындығы хабарланды. Алыстағы ағайын, қандастарымыз жайында көп айтуға болады. Әйтсе де, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың тағы бір рет туған жер топырағында тоқайласқан сәтінен үзілген әңгіме қайта жалғасын табады…

Мәдениетте шекара жоқ. Венадан туған мекенге қайта аттанарда жолға салған ҚР Венадағы елшілігінің консулы Тауболды Үмбетбаев ағамыз жол бойы Венадағы Қазақстан Республикасының елшілігінің іс қағаздары түгелдей қазақ тіліне аударылып, басқа елді айтпағанда, Австрия елшілігінің ана тілге деген құрметі орасан екендігін сөз етті. Сонымен қатар, шетелдерге жиі ат басын бұратын қазақ тілшілеріне дамыған елдерден үйренуге тұрарлық мәдениет туралы баса айтуды сұрады. Әсіресе, біздің күнделікті жұмыс күнінен соң кептелісті тудыратын жүргізушілер мәдениеті мен тас жол салудың үлгісін осы неміс халқынан үйрену керектігін тілге тиек етті. Елшілік қызметкерлері үшін Қазақстанға аттанып бара жатқан бұл соңғы делегаттар емес, алда оларды тағы осындай шаралар өткізудің таудай жұмысы күтіп тұрды. Еліміздің басты оқиғаларына куә болған бұл мекенмен екі ортадағы алтын көпір одан әріге нығая берері де күмәнсіз еді….

Жазира Амантайқызы,

АЛМАТЫ-ВЕНА-АЛМАТЫ




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑