banner-top12

Алыстағы ағайын 19929fc0937bd9958607ff9b090e7fc9-big

Қосқан уақыты Қараша 18, 2016 | 3  259 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ауғанстан қазақтары

Ислам Жеменей, Ф.ғ.д. Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры:

4

Ауғанстан 650000 шаршы шақырым жер көлемімен Азия құрлығының аласапыран тағдырын бастан кешіріп келе жатқан таулы аймақтағы мемлекет.Астанасы-Кабул қаласы. Солтүстігінде Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, солтүстік шығысында Қытай, батысында Иран Ислам Республикасы, оңтүстігінде Пәкістан елдерімен шектеседі. Қолданыстағы негізгі тілдер парсы мен пәшту. Халқының басым көпшілігі мұсылман сұнни- ханафи мәзһабты ұстанады. Ауғанстанды мекендеген ұлт-ұлыстардың сандық көрсеткішіне қарай: Пәштун, Тәжік,Өзбек, Һәзаре, Фарсы,  Аймақ, Түрікмен, Қызылбас, Нұрыстани, Моңғұл, Бәраһуи, Қырғыз, тағы басқалар. Мыңдаған қазақтар ауған елінде тіршілік еткен. Бірақта олар ел тәуесіздігін жариялаған бастапқы жылдары елге оралды. Олар туралы төменде кеңірек оқи аласыз.

Қазақтар ата мекендерінен Ауғаныстанға үш кезеңде көшуге мәжбүр болыпты.

Ауған еліне бірінші кезеңнің көш тарихын Саламат Адай ақсақал әңгімелеп берген. Ол өте бай және ауқатты болғаны үшін ел ішінде Саламатбай деп аталып кеткен. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарында қоныстанды. Сонда дүние салды. Ұрпақтары сонда тіршілік етуде. Оның  мәліметіне қарағанда,  Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тәжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Аталған топ  Тәжікстанның Гүлаб деген жеріне барып, сондағы таулы аймағындағы бір тесіктен өтуді ұйғарып, ойын іске асырыпты.  Оларды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырық көрінеді. Олар  Ауғаныстан топырағына қадам басқанда  Апқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендерге қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді.(Саламат ақсақалдың «Шерхан»,-деп отырғаны тарихта 1868-1879- жылдар аралығында Ауғанстанды билеген «Шир Әли »    ( شیر علی) патша.)

Сол кезде Ауғаныстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалихан деген кісі қазақтардың қонысына барып, оларға қыр көрсетіп, үстемдік жасағысы келіп,  үйінен кілем алдырып, үстіне қазық қағып, атын сол қазыққа арқандап, қазақтарға қаратып: «мен қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер» деп қиқарлық мінез танытады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел қайта кері көшіп Тәжік аумағында Амударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні бүгінге дейін «Қазақ гүзәр»(گذر قزاق) яғни «Қазақ асуы» деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сәтте Сұлтан Ғалихан қарулы әскермен соңдарынан қуа шығады. Қазақтар көшті Амудариядан өткізіп қоныстандырып, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен аңдып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сәтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де Сұлтан Ғалиханды ұстап алады.

Ауғаныстан өкіметі қазақтарға қалған дүние-мүліктеріңді қайтарайық, Сұлтан Ғалиханды тірідей қайтарыңдар деп талап етеді. «Өліспей берісетін» халықпыз ба деп, Сұлтан Ғалиханды тірідей жерге көміп, азаптап өлтіреді.

Сонымен, Ауған жерінен кері қайтқан  ел Тәжікстанның Гүлапстан(گلابستان)деген жеріне орналасады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай күндерде, бұларға көз алартқан ешкім болмайды. Олар – Тәжікстан өкіметіне талап қойып Гулапстанның шүйгінді де құнарлы мекені болып саналатын 32 бұлағының бойын иеленіп, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады. Аталған аймақтың топырағы өте құнарлы болғандығынан табиғи түрде жабайы пісте қисапсыз өседі екен. Қазақтар сол пістелерді жинап, жылына бір рет арбалап базарға апарып саудаға салады. Соның арқасында көп табысқа кенеліп, мейлінше  байып алады. Осылай «тамағы тоқ, көйлегі көк» бейбіт тірлікпен жарты ғасырды артқа тастайды. Тәжікстанда тыныш өмірге дағдыланып, тілі бөлек болса да діні бір, ділі бір тәжік халқымен етене-жақын бейбіт тіршілік етіп жатқан қазақтардың басына большевиктердің қара бұлты үйіріле бастайды.

1917- жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ел басына нәубет келіп, қайта босып Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды Адай-қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Нұмар молда, Мұңалдан Жарған қажы, Қырықмылтықтан Қожахмет бай, Табынан Тілеужан молда, Төлеу, Қоңыраттан Смайыл, Нұрақыл, Досан би қатарлы ел бастап алып шығады. Бірақ, Ауғанстан жерін жерсінбеген мал түгелдей қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылып, ел тонауға кіріседі.

Ол кезде Түркиядан Әнуар паша (Әнуар паша-1862 жылы  Стамбулда дүниеге келіп, әскери оқу орындарын бітірген соң  екінші Әбділхамид билік құрған заманында соғысқа қатысты. Сол кездері мемлекетте реформа жасау үшін бір неше пікірлестерімен «Бірлік және даму» атты партия құрды. Бірінші дүниежүзілік соғыста османлы әскерінің даңқты қолбасшысы болды. Герман мен Османлылар жеңіліске ұшыраған соң Түрік азаттық қозғалысы қатарында мемлекеттің тәуелсіздігіне орай большевиктермен одақтасты. Әнуар пашаның негізгі идеясы- бүкіл түркілермен бірігу болғандықтан,большевиктердің қарсылығына тап болып, олармен соғысқа кірді. Сол мақсатта 1921- жылында Түркістанда басталған Басмашылар қозғалысына «1918-1930» қатысып, Кеңес өкіметінің өктемдігіне қарсы түркі халықтарының азаттық күресіне атсалысты. Соңында  1922 – жылы шығыс Бұхара маңындағы Балжуан мекенінде қызыл әскерлерімен шайқас кезінде ерлікпен шәһид болды.) Түркістанға барғанда бүкіл түркілерді өздерінің діни және ұлттық мүдделерін жаудан қорғап қалу жолында біріктірді. Солардың қатарында Ауғанстандағы қазақтарда оның үніне үн қосып, коммунистерге қарсы шайқасқа кірісті. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тәнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Надыр шаһ(1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға  жер бөліп беріп, орналастырды.

Сол кезде Кеңес өкіметі Надыр шаһқа: «Басмашыларыңды тый, немесе бізге ерік бер» деп талап қояды. Надыр шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын» деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Надыр шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес өкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. «Қорғансыз елге қатын би» дегендей, қызыл әскер емін-еркін сайран салып, екі  айдай елді қойша қырып аттанады. Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көмуге де мұрша бермегендіктен жылауды да ұмытқан екен.

Қазақтар:

– Біз Ауғанстанды «мұсылман ел» деп паналап келсек, бізді қорғамай кәпірге қырғызды, – деп Ауған елімен соғысады. Бұл қырғын ұрыс бес жылға созылады. Екі жақ та  мейлінше шығынға батады.

Бұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір  адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мәжбүр болады. Тағы да зұлмат түнекке аяқ басты. Жүректері оны сезіп тұрса да амалсыз тәуекелге барғандай сыңай танытты. Кеңес өкіметі қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, «қалғандарды да шақырыңдар!» деп кең пейілдік көрсеткен болады. Арып-ашып жүрген сорлылар «ұзын арқан, кең тұсауға» арқаланып, келе бастайды. Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Осы кезде Кеңес Одағында бір зор мереке тойланады. «Ауғаныстаннан келгендерге «ерекше ілтипат көрсетіледі» деп елді емексітеді. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» дегендей бұл аста-төк «жақсылыққа» алданған елдің бас-аяғы осында жиналады. Бұларды тарпа бас салып, көбін ату жазасына бұйырып, ит өлген жерге айдайды. Сондықтан, басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айырылған 2000дай отбасы Ауғанстанға қайта ауып барады. Олар 1935 – жылы  өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, Сал жасап түнде Амудариядан өтеді. Дарияның бойын күзеткен шекара күзетшілеріне дымдарын сездірмеген Қазақ босқындары жаудың қолына түсіп қалмау үшін бір-біріне белгі бергенде жолбарысша ырылдасып тіл қатысқан екен. Баланы жылатпауға амалсыздан суға да батырып жіберген жәйттар да болғаны айтылады. Сөйтіп, үрейден булыға көшкен ел төрт сағат мөлшерінде Амударияның арғы жағасына өтіп үлгеріпті.

«Бірде артын, бірде алдын берген» мың құбылған сол заманда қазақтардың бағына қарай Надыр шаһ қайтыс болып, орнына таққа отырған Заһир шаһ(1933-1973) жалпы елге бейбітшілік орнату мақсатында ел арасындағы бұрынғы бүлікшілікті тоқтатып, ауыр қылмыскерлердің күнәсін кешіріп, кеңшілік танытты. Соның салдарынан Заһир шаһтың либералды саясаты азып-тозған қазақтарға да игі әсерін тигізді. Өйткені оларға да ешкім соқтықпай, баяғы мамыражай тірлікке қайта оралып, ғұмыр кешуге мүмкіндік туды. Осылайша Ауған елінде мал бағып, егін егіп күн көруге кіріскен қазақтардың  бірінші көші сан құбылыстан кейін  тарих жадында қала бермек.  Бұл қазақтардың басым көпшілігі Ауғаныстанның «Құндыз» төңірегіндегі қыстақтарда тұрып, өмір сүріп келді. Еліміздің тәуелсіздігі жолында сыртта жүріп қызыл әскерлерімен түркі мұсылман сапында аянбай шайқасып, мыңдаған шәһид берген олардың ұрпағы тәуелсіз ел болғанымызға куә болды. Қазіргі уақытта ұрпақтарының басым көпшілігі ата мекенге оралып, ел қатарында тіршілік етіп келеді.

Қазақтардың Ауған еліне екінші бір көшін Қанағат молда әңгімелеп берген. Ол: «Орал облысын мекендейтін елдің басым көпшілігі – Кіші жүздің Байұлы руынан. Ресей патшасы Николай* «балаларынды оқуға беріңдер» дегені көңілдеріне секем ұялатқан ел бұдан құтылудың жолы ауа көшу деп тауып, Ауғанстанды бетке алды. Олардың ұзын-ырғасы 3000дай үй еді.

Әбдіраһман хан (1880-1901)Ауғаныстанда таққа отырған жыл. Бұл елді бастап шыққан Қалмұхамед пен Беркін Ауғанстанға жетпей қайтыс болады. Олардан кейін елді бастаған; 1. Байбақтының Естерек биі. 2. Мұңал руының Жарған қажысы. 3. Адайдың Тоқтамысы еді. Бұлардың әрқайсысына Әбдіраһман хан «мың басы» деген атақ береді.

Ауғанстан өкіметі Бағлан, Гори деген жерлерден жер-су беріп, шыбындық жерлерге орналастырып, шаруалыққа бейімдейді. Сол жерді игеру үшін 3 жылдан кейін өтеңдер деп қарызға ақша берген. Ірге теуіп, арқалары кеңи бастаған ел үш жылдан кейін өзара жауласа бастайды. Осы алалықтың салдарынан  Жарған қажы Тоқтамысқа өкпелеп, 1500 үймен қайтып кетеді. Тоқтамыс жергілікті өкіметке: «Берілген қарызды қайтқан ел өтемей кетті, бізге кешірім етіңіздер» деп арызданады. Ауғанстанның өкімет басшалары оларға кешірім жасайды. «Патша береді, құлы қызғанады» демекші, кіші шенеуніктер  «қарызды өтеңдер, немесе жоғарғы орыннан кешірім етілген анықтама әкеліңдер» деп талаппен мазаларын алады. Әбден мазасызданған қазақтар Тоқтамысқа үкіметтен кішірім хат алып келуді сұрайды. Тоқтамыс та жұрттың дегендерін орындайды. Бірақта алған кешірім хатын  жоғалтып алады. Соның кесірінен «қотыр үстіне шиқан» болғандай қазақтардің бір бөлегін өзіне  ертіп алып, «ауыл қайда, су қайда»,-деп кеңес еліне қашып кетеді.

Сонымен, Ауғанстанда Есентемір руынан 200дей отбасы қалады. Оларды жергілікті өкімет 3 айдай қамап, ақыры өз беттеріне жібереді. Олардан да өсіп-өрбіген ел бүгінгі күні тәуелсіз елдің азаматтары  болып, ұрпақтарының келешегіне ата-баба топырағында ірге қалап жатыр. Ұрпақтарымен сырласып қалғанымызда Алла Тағаланың сыйлаған осыншама бақытына сенерін де сенбесінде білмей қуаныштан Аллаға шүкір етіп. Еліміздің амандығын, баянды болуын тілеп жатады. Жүрек жарды қуанышының мөлдір жасы тамшылап тұра беруіне ерік береді. Алла көзімізге жас берсе тек қана бағымыздың қуанышына бере берсінші дегендей сыңай танытады.

Қазақтардың Ауған еліне үшінші рет көші- екі топта бөлініп, екі кезеңде жүзеге асты. Бұл жәйітті Аһмет Торбай бауырымыз ақсақалдардан естіп, жазып алған екен. Оның қойын дәптер жазбаларында бір шама мәліметтер болғанын ғанибет деп қуандық. Мен үшінші көш бөлімінде Аһмет бауырымыздың дәптерінен тиісті мәліметті алып пайдаландым. Алла бұйырып, ниетім  һәм ізденістегі тақырыптарым толықса  «Ауған қазақтары»  атты кітап жазылып, жарық көрер болса Аһмет бауырымның жинақтары қариялардың жаднамалары, Абдолла Әскери сияқты   оқымыстының танымы, өзімнің 1978 жылғы қойын дәптерімдегі сапарнамаммен пайдалы болар деп ойлаймын.

Көштің бірінші тобы 1928 – жылы Ақмешіттен жолға шығып, Қызылқұм арқылы Қарақалпақстанға барып, одан Түрікменстан жетіп, Амудария суына «Амат»(ешкі терісін тұтастай бұзбай сиырып алады. Сосын оны сол күйі тігіп үрлеп, желдеп ауамен толтырады. Сонымен бірге төрт ағашты бір-біріне қатарластыра байлайды. Үрленген ешкі терісінің төртеуін құрастырылған ағаштың төрт бұрышына байлап қояды. Ол су үстіне жүзетін Амат болып шығады. Оның Салдан айырмасы төрт бұрышындағы төрт ешкінің үрленген терілері.) салып, Ауған жеріне өткен. Бұл көш жол бойында аштыққа да ұшырады. Ауа райының өзгеруінен де қиналды. Сөйтіп, бір талай жаннан да айырылды.

Екінші топ 1931 – жылдары көшті бастап Өзбекстанның Талдымаржан станциясына бір тоқтайды. Сосын Қаршы мен Шөпауыз елді мекендеріне қадам басып, сонда бір жыл тұрады. Сөйтіп, келесі  1932-  жылында Тәжік елінің Қорғантөбе мен Сим ауылдарында тағы бір жыл аялдайды. Өкініштіcі, Тәжікстанның сол өңіріне де аштық тажалы жеткен екен. Соның салдарынан жергілікті халықпен бірге көптеген қазақтар да қырылады. Талай тауқымет көрген қазақтар сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып Ауған жеріне кірді. Олар ауған топырағына қадам басқанда үкіметтің нұсқауымен Андхой деген қала маңына жиналды. Сол кездегі Ауғанстанды билеп тұрған патша қазақтарға жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ақшалай да жәрдемін аямай мейлінше көмектесті. Ау  Мұсылман елдің адами қасиеті мол деп сенген қазақтар ауғандардың кең пейілдік танытқанына риза. Өйткені дәл сол кезеңде Ауғаныстан саяси тартыстың ортасында ішкі жағдайы әбден шиеленісіп тұрған заманда тұр еді. Соған қарамастан мемлекттік саясаты аясында қазақтарды Фарайаб(Маймене-مایمنه), Гарат (هرات), Шұбарған( شوبارغان) , Сәнгчарак( سنگ چارک) , Чақнасыр (چاق ناصر) , Құндыз( قوندوز) , Мазар Шәріп (مزار شریف)сынды қалаларға тарата отырып қоныстандырды. Өкініштісі, Чақнасырдағы қазақтарға сол аймақтың суы жоқпай, ауа райына үйренісе алмай, сексен пайыз адамдары өлім құшты. Өлімдері көптеп, бір мезгілде болуы салдарынан тірілер өлгендерді жерлеуге үлгермей жатты. Әрбір отбасында бірден,екіден, үштен өліктердің болуынан олар бір-біріне көңіл айтып, бірін-бірі жұбатуға да мұршалары болмай жатты. Енді есімізді жинадық-ау дегенде, 1943 жылдың жұқпалы ауруы Оба мен Малерия кең таралып, қазақ бауырларды да жалмап кеткенінен көптеген қазақтарды ажал шалды. Тірі қалғандары тіршілік етуге тура келгендіктен әр түрлі қара жұмыстармен айналысып жүрді. Көпшілігі мақта теру, масақ теру, жем-шөп шабу, мәсі мен кебіс тігу, кілем тоқу, шапан тігуді тіршілік көзі еткен еді. Қазақтар кейбір шеберліктерін сол жергілікті тұрғындардан үйреніп алғанды. Тіршілікке бейімделе бастаған кезде тағы бір тосынан келген жайсыздық елде үрей тудырды. Ол екі қабат әйелдердің сәбилері тұрмай шетінеп кете беруі еді. Бұл апатта қазақтардың бойы жергілікті табиғатпен үндесе алғанша мазаларын алып, әжептәуір әбігерге салды.

Сол кездегі Құндыз, Ханабад, Бағланда  үкімет басшылары босқын қазақтарға барынша жәрдемдесіп жүрді. Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отырды.  Қариялардың соңғы легінің есінде қалғаны Құндыз аймағының Ғолам Хайдар деген әкімі қазақтарға көп көмек көрсеткен екен. Кейін аталған әкім көмек көлемін кеңейтіп, мемлекеттік деңгейге жеткізіп, ресми түрде көмек беруді қолға алып, ақсақалдарды шақырып алып, құжат дайындауға тапсырма бергенде, қазақтар үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағанда олар: «Біз қайыршы емеспіз. Біздің алған көмектеріміз құжаттанса ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады» деп жауап беріпті. Қазақтардың бұл әрекеті үкімет басшыларын таң қалдырыпты. Бұл «не деген қанағатшыл, өр көкірек ел» десіпті.

Осы жайында Құндыз бен Ханабадта бір қызық оқиға болыпты. Оны айтқан қарияның атына балап көпшілік «Шортан қажы Көтібардың хикаясы» депті. Шортан қажының хикаясы: «Мұхаммед Заһир шаһ(1914-1974) 1933- жылынан1973-  жылына дейін билік еткен заманда, Құндыз қаласының әкімі Шерхан мырза қазақтарды кеңсесіне шақырып алып, алдап-арбап, қояр-қоймас бірсыпыра құжаттарға аттарын жазып, бармақ бастырып алыпты. Қол қойғандар аң-таң, күдік пен үрейге булығып кете беріпті. Бұл оқиғадан жылдар өтеді. Оларда таңдана жүріп, бір жамандығын күте жүріп бірте-бірте ұмытып кетеді. Күндердің күнінде бірнеше ауған азаматтары сол кісілерді іздеп келеді. Олар бұл жағдайға қайран болып, қорқа бастайды. Енді не бәле бізді күтіп тұр екен деп олардан өздерін іздеп келгендерінің себебін сұрайды. Олар болса біз пәлен адрестегі жерді сіздерден сатып алуға келдік дейді. Бұны естіген қазақтар бәлеңнен аулақ бізде ондай жер жоқ дейді. Ауғандар таңдана: «Бұл қалай? Біздің білуімізше әкімдікте ол жерлер сіздің атыңызға тіркеулі тұр» деп жауап қайырады. Екі жақ бір-бірімен тіл табыса алмаған соң әкімдікке барады. Әкімдікке барған соң әлгі әкім қазақтарға бұдан бірнеше жыл бұрын олар қол қойған құжаттарды көрсетіп, естеріне салады. Сөйтіп жер сіздердікі деп түсіндіреді. «Енді қаласаңыз сата аласыз, қаламасаңыз өздеріңіз пайдаға жаратасыз. Ол жағын өздеріңіз шешерсіз» деп оларды шығарып салады. Содан қазақтар күтпеген жерден байлыққа кенелген екен» дейді.

Қазақтар биологиялық және психологиялық тұрғыдан табиғатпен үйренісуі, қоғамдық ортаға бейімделуі қалыптаса бастаған 1954- жылдардан кейінгі кезеңде әртарапқа тарап кеткен ағайындар бір-бірін іздей бастады. Ыңғайы келгенде қоныстарын ауыстырып бір жерге шоғырлана берді. Одан бұрынғы кезде үйренген түрлі қол өнер бұйымдарын өздері саудаға сала бастағандары тағы бар. Мәселен Герат қаласында жергілікті тұрғындардан кілем тоқуды үйренген қазақтардың өнімін қазақтардың өзі сауда тауарына айналдырды. Солардың бірі Бұхарбай Болат. Соның арқасында әлеуметтік ахуалы көтеріліп Ауғанстанның өзінде бай деген атақпен танымал тұлғаға айналды. 1974- жылы қажылыққа барып, қажы деген атауына да лайықты өмір сүрді. Оған айғақ Қазақстан тәуелсіз ел болып, әлем қауымдастығына кірген соң қажы Бұхарбай 1994-1997 – жылдары Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Қаскелен қаласында үш жүз адам сыйымдылығы бар  үш қабатты мешіт салып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Аталған мешіттегі құран курстары да ұрпақтың иманды болып тәрбие алуына  қазір кезге дейін нәтижелі жұмыс істеп келеді.  Мешіттің имамы ауған елінде танымал діндар адам болған молда Аймақан Жолайдың ұлы қары Хабиболла деген кісі.  Бұхарбай қажының әкесі Айтмұхаммед, анасы Бибіқадиша. Ол  Қызылорда, Сыр бойында  1928- жылында дүниеге келіп, 2009-жылы  дүние салды.(жаны жаннатта болғай).

Сауда жұмысын қазақтар арасында жолға қойғандардың тағы бірі Сыр бойының тумасы, Герат қаласында тұрған. Тәуелсіздіктен  кейін елге оралып Түркістан шаһарында қайтыс болған (1916-2003) Жұмахмет Құлшан, Аспан руының азаматы.

Ауғанстаннан елге оралып, Түркияда тері саудасымен байыған соң қоғамдық жұмыстарға араласып, ел игілігін ойлап жүрген қажы Бектұр Дәуітұлы, кете руынан шыққан қандасымыз. Ол Қалам атты әке, Жұпар атты анадан 1940- жылы Мазар шәріп қаласында туған. 2010 – жылы қайтыс болды. 1988- жылы қажылық парызын өтеген. 2002-2004-жылдар аралығында Қаскелен қаласында жүз елу адам бір мезетте намаз оқи алатын мешіт салдырды. Бұндай діни бағыттағы игі шаралар Ауғаннан келген ағайындар арасында жиі кездеседі.  Бұндай істері – олардың үнемі бұ дүниемен бірге о дүниесін де ойланып жүреді деген ұғымды білдіреді. Ауғанстанда кәсіпкерлікте айтулы деңгейге көтеріліп, тұрғылықты азаматтардың құрметіне ие болған азаматтар Кабул, Мазар Шәріп қалаларынан 1970-1975- жылдардан көріне бастады. Олардың көш басында қажы Мәден Болат, қажы Имам Болат, қажы Ғолам Хайдар сынды азаматтар зауыт салып, халықаралық сауда ісіне араласа бастады. Олардың ауқатты болуы елге де жақсы болды. Мәселен Кабул қаласына жұмыс бабымен бара қалған қазақтың тұрағы қажы Имам Болаттың бес қабат зәулім үйінің бір қабаты қонақтарға арналған еді. Оның рахатын талай қазақтар көрді. Онда мезгілінде таңғы шәй, түскі тамақ, кешкі ауқат жайылған дастарқанға келіп тұратын берекелі шаңырақ болғаны қазақтың қай жерде жүрсе де бауырмал жан, қонақ жай ел екенін көрсетеді. Қажы Имам 1980 – жылынан кейін Стамбул қаласына қоныс аударып, үлкен експорттық тері фирмасының қожайыны болды. Қазіргі кезде  ата мекеніне оралып, Қаскеленде тұрады.

Ондай үлгілі шаңырақтың бірі Мазар шәріп шаһарының тұрғыны қажы Ғолам Хайдар еді.

Ауғанстанның жергілікті халқы мен үкіметі қазақтарға бек риза. Оның себебі қазақтар бауырмал, қанағатшыл. Сонымен қатар бизнес саласында ешқашан  алкоголь, наша саудасымен айналысып, жаман атағын шығарған ел еместі. Сондай-ақ жезөкшелікті кәсіп етпеген халық. Ұрлықта да аты шықпаған қауым. Қазірге дейін ауған елі қазақтарды аңсап: «Зиянсыз, момын қазақ деген ел бар еді, олар қайда кетті» деп жоқтап жүреді екен. Ауғандардың бұндай көзқараста болулары да жайдан-жай емес. Өйткені өздері қиналып жүрген бір кезеңде Мазар шәріп қаласында қала әкімі Тұрмаш мырза қазақтарға егістікке жер берген. Сонда қазақтар біз егінмен айналыспаймыз деп алмаған. Әкім егін салмасаңыз сатып, бір кәдеңізге жаратарсыз деген. Оны да мақұл көрмеген қазақтарға таң қалған ауғандар олардың тоқпейіл көңіліне қарап «Қазақтар құдай берген қанағатшыл ел» деп бағалап келген.

Қазақтар сауда-саттық саласында ауғандар алдында сенімді саудагерлер ретінде жақсы абыройға ие болды. Сондай-ақ шебер тігінші, етікші болғандары үшін де ел арасында зор беделге ие болған. Оған мысал ауғандар қазақтың қолымен тігілген тондарды күткізбей сатып алатын. Сол себептен қазақтарды нағыз тон тігудің шебері деп атайтын.

Ең қызығы қазақтар жергілікті елмен тату-тәтті өмір кешіп жүрсе де оларға қыз бермеген. Ата мекеннен жырақ жүріп, аңсары бір болғандықтан, олар бір-біріне қолдау көрсетіп, қуаныш пен өкінішін де бірге бөлісіп жүрді.

Кеңес үкіметінің ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың жалғыз күнкөріріс көзі төрт түлік малын тәркілеп қолдан жасаған жасанды ашаршылық қасіреті қазақ халқына орны толмас зиян келтірді. Соның себеп-салдарынан бүкіл Қазақ халқының тағдыры зұлматпен беттелді. Ауғанстанға қазақтардың үшінші көші Қызылорда облысы, Қармашқы ауданының аумағы нан кеткендер. Олар  қиын тағдырдың жетегінде ұзақ жылдар азапты өмірден құтыла алмады. Көрер тауқымет пен азабын көрді. Тек қана елден тысқары жерде ұзақ уақытқа  тұрақтап қалса да бір Алладан үміт жібін үзбеді.

Зейнал Рүстемұлының айтуына қарағанда, Ауған қазақтары Кете, Шөмекей, Қожалар. 1980 – жылы Ауғанстанда болған аласапыран кезеңде осы Зейнал Рүстемұлы, Қажы Ғолам Хайдар елдің Түркияға көшуіне көп еңбек етті. Қазіргі кезде екеуі де Алматыда тұрады. Қажы Ғолам Хайдар қоныстанған Қаскеленде жетпіс төрт жасқа келген шағында 2011- жылдың наурыз айының жиырма жетісі күнінде дүние салды(жаны жаннатта болғай). Бала-шағалары, үрім-бұтағы әкелері армандаған ата жұртта өмір сүріп жатыр. Мархұм қажы Ғолам Хайдар қазақтар Ауғаннан Түркияға, Түркиядан ата мекенге көшкен кездерінде ондаған шаңыраққа материалдық әрі рухани демеуші болғаны талайларға өнегелі жұмыс болып жан дүниелерінен орын алып қалды.

Ауған қазақтары заманауи білімге онша көп көңіл бөлген жоқ. Сондықтан мектеп пен университеттерде оқыған азаматтары санаулы. Мен әлем елдерінде тұратын қазақтарды зерттеу ниеттеніп 1979-жылы Ауғанстанға барып, Герат, Кабул, Мазар Шәріп, Пол құмыр деген жерлеріне барып қазақтардың тіршілігімен жақын таныстым. Олардан көрген мейір, бауылмалдық, мәрттік, қонақжайлылық жүрегім мен санамда қазақылық болмыстың табиғи бейнесін суреттеп берді. Мен сол жылдардан бері олардан ажыраған емеспін. Бұның өзі үлкен әңгіменің өзегі. Өткен мен бүгінге қарағанда орта адамды өз ыңғайына қарай бейімдейді. Орта мен ортаның берер тәрбиесі мәні зор фактілер адамның қалай болуында. Қысқасы сол сапарда байқағаным– 1980- жылдары Кабул университетінде бар-жоғы екі қазақ жоғары білім алып жүрді. Олардың бірі- Нұрмұхаммед  молда Серікбайұлы 1978-1980- жылдар аралығында коммунисттік идеологияның құрсауында жүрген (نور محمد ترکی) Нұрмұхаммед Тәрәки (1978-1979), (حفیظ الله امین)Әфизолла Әмин (1979-1980), (ببرک کارمل)Бәбрәк Кармәл(1980-1986) арасында болған тартыстарында сол  жылдары Кабулда қаза тапты. Екіншісі- Мұхаммед Рафиһ БҰҰ-  ының босқындар бөлімшесінің тізіміне ілініп, өзінің алған жағрафия мамандығы бойынша Дания елінде тұрақтады.  Қазіргі кезде отбасы мүшелерімен сонда тұрады. Қазақстанмен де байланысып тұрады.   Аталған екі оқымыстыдан кейін Ауғаныстанда жоғарғы оқу бітірген Абдолла Әскери бауырымыз. Абдолла 1981-жылы Балх облысы, Мазар Шәріп қаласында дүниеге келді. 1988-1995- жылдары туған қаласында бастауыш мектепті бітірді. 1996-2001- жылдарда Ауған-түрік лицейін үздік тамамдады. Сосын  2003-2006- жылдар аралығында Кабул университетін оқып диплом алды. 2007-2010 – жылдары тәуелсіздіктің жемісі ретінде Алматы қаласындағы халықаралық Сүлеймен Демирел университетінің экономика факультетін «Бизнес менеджменті» мамандығы бойынша магистурасын аяқтады. Сонымен қатар журналистика саласында тәжірибелік білімін жетілдірді. Қазіргі уақытта аталған университеттің кітапханасының меңгеушісі болып қызмет атқарады. Еліне адал қызмет етіп, ғалым болу ниеті бар. Қазақтар тіршіліктің арпалысында мектеп пен жоғары оқуларында оқуға мүмкіндік ала алмаса да есесіне Ауған елінде қазақтар діни білім алуға құштар болған. Сол үшін олардың арасынан ондаған даңқы шыққан қарилер, хафиздер, молдалар, маулана мен ишандар шыққан. Солардың бірсыпырасы мыналар:  Ешмұхаммед(Маймақ ишан) Нұрәлі Мақсұм Ешмұхаммедұлы, молда Қошым Ешмұхаммедұлы, молда Атамұхаммед Нұрәліұлы, дамолла Ескебек Торбай, маулана Сарсадық Жолай, молда Аймақан, қари Хабиболла Аймақанұлы (қазіргі кезде Қаскеленде Бұхарбай мешітінің имамы ), молда Әбділхалық Қошымұлы, дамолда  Құрбанназар Табын қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрады, Жетісайда өз қаражатымен мешіт салдырған. Сондай-ақ, имандылық пен адамгершілікке үлгі-өнеге бола алатын Қажы Сәвәр Полат сынды ағалар алыста жүріп, Ата жұртын сағынған әзиз жандар бар екенін біліп, танып қуанасыз. Тәуелсіздік Сәрвәр Полаттың да елге оралып, еліміздің дұғагөй қариялар қатарында болуға нәсіп етті. Ол қазіргі кезде Қаскеленде тұрады. Өмірінің әрбір сәтін құран оқып, намаз ғибадатымен өткізеді.  Ел тыныштығын, ұрпақ амандығын Алладан тілейді.  Салмақты, салиқалы, сабырлы, иманды да тақуалы қасиеттер оның сөзінен, іс-әрекеттерін нұр шашып тұрғандай көрінеді. Сәрвәр қажының тіршілік ұстанымы  жас ұрпаққа адами биігінде қартаюдың  айтарлықтай үлгісі бола алады..

Қазақтар үш кезеңде ауған еліне көшіп, бір ғасырдан ұзақ сонда тұрды. Саяси биліктің саяси ұстанымына олармен кейде тату, кейде қату өмір кешті. Қазақ елі тәуелсіздігін жария еткенде ақ түйенің қарны жарылып, жүздеріне бақыт нұры жауды. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркияның Стамбул қаласында шет ел қазақтарының өкілдерін қабылдаған кезде, елдің өтініші бойынша Елбасының тікелей нұсқауымен тарыдай шашылған Ауған қазақтары Түркия, Иран, Сауд Аравия елдерінен 1993 – жылы елге оралуға мүмкіндік алды. Олардың көпшілігі Жетісай, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Қаскелен қалаларында тұрады.

Ауған қазақтары елге оралған соң ғылым мен мәдениетте үлес салмағы салмақты болмағанымен, діни ағартушылық саласында әжептәуір ықпалды болып келеді. Сонымен бірге қазақтың кәсіптік саласында өздерінің халық санына шаққанда едәуір пайдалары тиген. Оған дәлел қазақ елінде мал басы көп болғандықтан сойылған малдың терісі бұл жерде өңделмей, теріні сату тетіктерін де білмей, сапалық жағын анықтауға да тәжірибелері жеткіліксіздеу болып жүрген тәуелсіздігіміздің бастапқы кездерінде, ауған қазақтары осы салада талай жергілікті қандастардың сауатын көтеруге үлес қосты. Бүгіндері мал терісінің шет елдерге сатылуы мен өндіріс орындарының  ашылуы жолға қойылды. Осы салада қызмет жасап жүрген баптапқы топ ағайындар ауған қазақтарының тері шаруасына қосқан үлесін жақсы біліп, қадір тұтатыны күмәнсіз.

Ауғаныстанда Заһир шаһ 1973- жылы  генерал Дәуіттің (1973-1978) жасаған әскери төңкерісіне ұшырап, Ауғанстанның соңғы патшасы атымен тарих қойнауына кеткен соң,  қазақтардың тіршілігінен де береке кете бастады. Жаңа  саяси президенттік жүйе Ауғанстан мемлекетін бітпес бір дау-жанжалға айналдырып жіберді. Оның сорақы нәтижелері қазірге дейін жалғасып келеді. Өйткені, Ауғанстан стратегиялық маңызы зор ел ретінде ылғи отаршыл ұлы держава елдердің сұқ көздерінің нысанасында келе жатыр. Сол кезде өз заманының ұлы державалар қатарындағы АҚШ пен Кеңес одағының Ауғанстанға иелік ету жолындағы бәсекесінің тартысында тауқымет шегіп келген еді.  АҚШ пен Кеңес одағынан бұрын Ауғанстанның ішкі және сыртқы істеріне араласып, ықпалын жүргізіп келген ағылшындар еді. Екінші дүниежүзі соғысының 1943 – жылы Америка онда өзінің саяси өкілдік кеңсесін ашты. Содан бастап Батыс елдерінің мүддесін Англияның орнына АҚШ қорғайтын болды. Бұл жағдайды байқап қалған кеңес одағы Ауғанстанға сұқтана қарап, сұрқия саясатын іске асыру мезгілін күтіп жүрді. Генерал Дәуіт төңкеріс арқылы президент шенінде билік тағына жайғасқан соң мемлекетте жаңашыл даму мақсатында үлкен реформалар жасай алған жоқ. Ол консерваторлық саясатты ұстанып, асқан сақтықпен қимылдап, басылымдардың емін-еркін елдегі болып жатқан кемшіліктерді тереңдете жазуына шек қойды. Соның салдарынан елдің ішкі жағдайында жемқорлық пен парақорлық кеңінен қанат жая бастаса, сыртқы байланыста Батыс елдермен қатынас тартымдығы әлсірей бастап, Кеңес одағына жылы көзқарас күшейе берді.  Бұл саясаттан туындаған жаңа ауарайы  солшыл топтарға  өзара бірігіп, халықты биліктің баяу іс-қимылына қарсы біріктіруге мүмкіндік берді. Біріккен солшылдар 27 – сәуір1978 -жылы қанды төңкеріс жасап, жеңіске жеткен соң президент Дәуіт пен оның отбасы мүшелерін қырып тастады. Төңкеріс кеңесі құрылып, оның  басшылығына Нұрмұхаммед Тәрәки ауылдан шыққан, Ғәлжаи тайпасының баласы билік тізгінін қолға алды.   Сосын Демократикалық Ауғанстан Республикасының құрылғанын жариялады. Нұрмұхаммед Тәрәки билікке жету жолдарын алдын-ала тиянақтап келді. Халық арасында беделге ие болуға газет беттеріне мақалалар жариялап, «Ауғаныстан демократиялық-халық» партиясын құрып, оған төрағалық жасап келді. Саяси билікке қол жеткізген соң Кеңес одағымен достық келісімге қол қойды (5- желтоқсан 1978-ж). Жер мәселелеріне, әйелдердің қоғамдық қатынастар мен азаматтық құқықтарын түбегейлі өзгертуге реформалар  жасауға да бұйрығы жарияланды. Соған қарамастан солшыл топтардың арасындағы келіспеушілік жауыздық дау-дамайға ұласты. Соның кесірінен мемлекеттің ішкі істері тоқтап қалды. Сондай жағдайда Нұрмхаммед Тәрәкидің оң қолы болып жүрген  Әфизолла Әмин билікті қолға алып, қыркүйек айы 1979-  жылы Тәрәкиді өлім жазасына бұйырды. Содан кейін елдің саяси жағдай тұрақсызданып, қатты шиеленісіп кетті. Осындай жағдайды күткен Кеңес одағы ел тыныштығын қамтамасыз етпек болып 27- желтоқсан 1979- жылы қызыл әскерін Ауғаныстан жеріне кіргізді.  Содан Әфизолла Әмин үкіметін құлатып, «Пәрчәм-پرچم – ту» партиясының басшысы Бәбрәк Кармәлді билік басына отырғызды. Ауған халқы елдің ішкі қанды оқиғаларынан, әсіресе дінсіз коммунисттердің Ислам дініне қарсы көзқарасы мұсылман ауғандықтарды әбден қажытқаннан кейін, ауғандар  амалсыз 1980- жылдардан бастап әлемнің өзгеде елдеріне босып тарай бастады. Осылайша Ауғанстанның қарапайым жұрты қатты зардап шекті.

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап, жұмыссыздық жайлағаны – халықтың психологиялық дағдарысқа ұшырауына, қоғамдық күйзелістің өршіп кетуіне негіз болды. Босқын  миллиондаған ауған азаматтары көрші Иран мен Пәкістан елдерімен қатар Араб, Еуропа мемлекеттерін   паналап, мекендеуге мәжбүр болды. Солардың қатарында мыңдаған қазақтар да болды. Қазақтар көбінесе қазақ диаспорасы тұратын Сауд Аравиясы, Сирия, Иран, Түркия сынды елдерге қоныс аударды. Оның ішінде Түркия елі қазақтарды түбі бір түркі болғанын ескере отырып, азаматтық беруде көп кедергі жасамай, азаматтық алу жұмыстарын оңайлатты. Сондай-ақ, Түркия олардың емін-еркін сауда жасауларына да мол мүмкіндік берді. Мәселен салық төлеуге жеңілдіктер берді, немесе тиісті жерінде көптеген отбасын пәтермен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, 1980 жылдардың бірінде Түркия президенті Кенан Евреннің Пәкістанға сапарында босқын қазақтардың өкілінің берген өтініші бойынша қонақ иесі, Пәкістан үкіметінің келісімі бойынша 65 босқын қазақ отбасын Қайсари қаласына жеткізіп, сондағы жергілікті тұрғындардың қолдауымен оларға кезектен тыс пәтер берілді. Ал, Иран, Сауд Аравияға барған қазақтар сонда босқын мәртебесімен тіршілік етті. Шынын айтсақ Ирандағы қазақтар Иранды паналап келген ағайындарына барынша көмектесті. Олар босқын қазақтарға  мемлекеттің тиісті мекемелеріне тіркеуге алынуларына кепілдік беріп, көмектесті. Сонымен бірге бастапқы жылдары өз шаңырақтарынан  бөлме беріп, нанын да бөлісті. Сөйтіп, өз бауырларына деген ағайындық-қандастық міндетін барынша атқара білді. Оған дәлел, Ауған-Иран қазақтары күні бүгінге дейін туыстық-достық қарым-қатынастарын үзген емес.

Иран, Ауған, Түркия қазақтарының жақын қарым-қатынас жасаудағы екінші себебі – 1979 – жылы Иран Ислам төңкерісінен кейін 1980- жылы басталған Ирак пен Иран елдерінің сегіз жылға (1980-1988) созылған шайқасының  салдарынан туындаған экономикалық- әлеуметтік дағдарыс еді. Сол жылдары  Иранда көптеген индустриалдық, өндірістік орындардың жабылып, құрылыс саласының тоқтап қалуынан елді жұмыссыздық жайлады. Сол үшін жаппай ел сауда-саттықпен айнлысуларына тура келді. Коммерциялық тауарлардың басым бөлігі Түркия елінен тасымалданатын болды. Сондықтан Түркиядан Иранға тауар тасымалдау елдің күнделікті жұмысына айналды. Сауда қаптарын арқалап шекарадан әрлі-берлі өтіп жүрген сатушылардың бір кішкене тобы да қазақтар болды. Соғыстың зардабынан миллиондаған адам осылай күн көрді. Қазақтардың тағдыры да ирандықтардың тағдырынан  бөлек емес-ті. Міне, Ауғанстан, Иран елдерінің саяси-экономикалық ахуалына байланысты үш елдің қазақтары бір-бірімен әбден жақындасып кетті. Сол дәуірде  Түркияның бағы болар, 1980- жылы әскери төңкеріс болып, Кенен Еврен президенттік шентағына отырды. Артынша Түргұт Озал премьер-министр болды. Оның ұлттық-экономикалық саясатының арқасында Түркия қысқа мерзімде, яғни екі-үш жыл көлемінде шағын орта өндірістік әрі сапалы қызмет беру елдер қатарына қосылды. Көрші елдердің киім-кешек, азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етті. Өйткені Иран елін батыс елдері қысымға алып, онымен сауда жасауға тыйым салғанда,Түркия Иранның сұранысына сәйкес тиімді коммерциялық жүйесін жасап, экономикалық қатынасын өз пайдасына шеше білді. Сонда  түрік саудагерлері Иранға қажетті сайман-құралды Еуропа елдерінен алғызып, делдалдық пайызынан қомақты пайда түсірді. Сонымен қатар сауда орындарын көршілердің нарықтық сұранысына орай дамытып отырды. Экономикалық дамудағы қоғамдық-психологиялық бағыттарда туризм саласына қатты мән берді. Мемлекеттік емес ұйымдар мемлекеттік қолдау әрі таза бақылау арқасында сапалы қызмет беруді жоғары деңгейде орындауды көздеп, үлкен жобаларды  жүзеге асырды. Сол себептен көрші елдердің орта буын әрі қалталы азаматтары Түркияда дем алуды тиімді көріп, демалыс күндерін Түркияның көрікті де әсем табиғаты аясында жылы шырайлы қызмет көрсететін, әрі сыпайы қарсы алушылармен өткізуді жөн көрді. Сондай жүйелі шаруа мен салиқалы саясаттың арқасында Түркияның Стамбул қаласы қазақтардың да басқосу орталық қаласына айналды. Ауған қазақтары түрік елінде тұрып, әжептәуір тыныстана білді, сауданың талай қырын үйренді. Олардың 1980-1993- жылдар аралығында Түркияда тұрған жылдары өзіндік орны бар бөлек әңгіменің өзегі десек артық емес.

Ауғанстан қазақтарының тарихы, этнографиясы, тілі мен діні, жалпы тыныс-тіршілігі жүйелі түрде  зерттелмей келеді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑